Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Құлтөлеу Мұқаш. Жібек жел

09.09.2015 181

Құлтөлеу Мұқаш. Жібек жел


 

Хикаят



Култолеу Мукаш_2 (1).jpg

1


Көкжиек алаулаған нұрға малшынды. Самаладай аппақ, сап-сары, қып-қызыл, күлгін түсті шұғыла өзара сапырылысып, қауызына сыймай, бұлқына буырқанып, атойлап тұр.

Жиегін күміспен әдіптегендей іркес-тіркес қоңыр бұлт арасынан шаншыла шашыраған кешкі шапақ ірілі-ұсақты мың-сан семсерді елестетеді. 

Зеңгір аспан – көкпеңбек. Ал күннің маңайын ылғи шуаққа бөктіріп, шоқтай жайнап, жалындап барып еңкейетіні қалай, ә...    


Өзек тұс алтынмен аптағандай жарқылдап, өрттей лапылдаған арай алты қанат үй сыртында батқан күнге аңтарыла қараған қарт адамның кескін-келбетін молынан шарпыды. Атан түйедей алып денелі жанның бет-бедері де кесек екен; үлкен дөңес мұрны қоңқиып, осынау тартымды құбылысты алғаш көргендей, аңырып қалыпты.

Кенет мына долыға шапшыған айқыш-ұйқыш, сан қатпарлы бояу өз көкейіне қотарылып түскендей әсер биледі ме, бір мезет, жүзі алабұртып, қозғалақтап, жөткірініп те қойды.


Бұл аты аңызға айналған кәдімгі Ағыбай батыр еді.

Тумысынан ірі, сүйекті, сіңірлі кісі жетпісті орталап, шөгел тартса да, қайраты қайтпағаны аңғарылады. Баяғы жастау шағында малдас құрып жайғаса кеткен сәтінде төбесі киіз үйдің керегесімен деңгейлесіп, өңкиіп, жағалай отырған жұртты атпал тұрқымен қатты таңырқататын ер бүгінде ұлғайып, біршама арығанымен, бәлендей бүгіле қоймағаны байқалып тұр.


Жан-жағына шүңет көздерінен от шаша, түксиіп, сұстана қарайтын әдеті. Түсінің суықтығы сонша, оңаша ұшырасса, анау-мынау бейсауат біреу зәре-құты қалмасы анық...

Әлден мезгілде ернін жымырып, сабаудай саусақтарымен ағарған селдір сақалын ұйпалақтатып, иегінің астын қасыды. Өңі ескілеу, шошақ, сұр тақиясының астына тырнақ жүгіртті.


Төңіректі айнала қоршаған ұлы көлдің салқын лебі көкірек сарайын ашып, тыныс кеңейтеді. Теріскей тұстан лекілдей ескен ақ самал сайын даланың боз жусанын да көк теңіздей толқытты.

Маңай тып-тыныш. Малдың жайы түкпірде. Тек Майлыаяқ төбеттің анда-санда әуп-әуп етіп еріне үрген дыбысы мен сонадайдан саңқыл қаққан шағалалар үні ғана құлақ қытықтайды.


Батыр кей күндері өстіп қияға көз тігіп, маңайын шолып, өз-өзімен ойға батып, тебіреніп отыратыны бар.



2


 

Ағекеңнің талай жылдардан бергі таңдап қонған мекені Тасарал. Таңғажайып қоныс. Небір заманалардан бері шөлейттеу өлкеге нәр беріп, жергілікті жұрттың таңдайын жібітіп, маңдайын жіпсіткен қарт Балқаштың қойнауындағы оймақтай ғана тұрақ. 

Бірақ ана шеті мен мен мына шетін ерсілі-қарсылы екі-үш-ақ сағат аралығында шарлап шығуға болатын зор су құрсауындағы осынау шағын ғана тұйық мүйісті жер жұмағы десе артық емес. «Боташығы бұзаудай,
боз сазаны тоқтыдай» дейтіндей-ақ, өте құтты орын.  

Бір бүйірінде бұйра толқындар ақ көбігін бұрқыратып жартасқа ұрып, бусанып жататын жасыл қорық мал-жанға аса қолайлы. Осындағы батыр жайымен қоңсылас төрт-бес үй қолдарындағы бір үйір қылқұйрық пен оншақты сиырды, әм алпысқа тарта ұсақ малды бірге қосып, қалың тал-дарағы тораңғылы-жыңғылды шоқ тоғайларға ұштасып жататын алқапқа айдап тастайды да, кешке қарай алдынан шығып күтіп алады.

Бұларға, тіпті, бақташының да қажеті шамалы. Шығандап ұзап кетеді немесе қолды болады деп те қорықпайды. Арал түлкі, борсық, қоян секілді хайуанатқа бай болса да, қасқырдан ада.


Мал қанша шарықтағанымен, барып, жайқын су алабына тіреліп, ақырындап кері қайтады. Қақпайлап жатқан да ешкім жоқ, қызғалдағы мен бәйшешегі, қоғасы мен құрағы, андызы мен миясы сыңсыған нулы жайылымда армансыз оттайды.

Біреулер «Ақ теңіз», «Жұмбақ көл» деп те атайтын шалқар айдынның шығыс етегін жолбарыс жайлайтынынан хабардар. Бірақ ол сонау шығыс етектегі Іле бойында бітік қамыс арасын сағаласа керек.


Әсілі, осы көл төңірегінде түрлі аңыз көп.

Баяғы есте жоқ ерте замандарда Балқаш деген бір сиқыршы Іле есімді сұлу қызын ұзататынын мәлімдепті. Тек оны ең келбетті, әрі аса дәулетті және керемет күшті күйеуге беретіні туралы хабарлайды. Сол-ақ екен, бір керуен түйеге тең-тең жібек пен теңіз маржанын, женьшенін артып қытай императорының тұңғышы жетеді. Қисапсыз кілемі мен піл сүйегінен жасаған жиһаздарын, Византияда шыққан фарфорын тиеп Үндістан падишаһының ұлы келеді. Құндыз терілер мен сан алуан теңге; садақ-жебе, қылыш пен найзасын өңгеріп моңғол ханының баласы табалдырықтан аттайды. Үйір-үйір жылқы мен алтын-күміс бұйымдарын алып, Бұқара көпестері келіп жүгінеді. Жас арудан үміткерлердің арасында қойшы Қаратал да бар еді. Жергілікті жігіт. Алайда сіңірі шыққан кедейдің баласы. Ең ғажабы, Іле әлгі байлардың ешқайсысын місе тұтпай, осы бір қарапайым қатарласына құлай жығылады. Тартыста да Қаратал жеңіп шығыпты. Бірақ Балқаш оны жолатпайды. Іле сүйгенімен қашуды ұйғарады. Сөйтіп бақытына асыққан екі ғашық қатыгез әкенің қарғысына ұшырапты. Табан астында таудан сарқыраған екі дарияға айналып кетеді. Бұл өзендер бір-біріне қосылып кетер деген қауіппен Балқаштың өзі екеуінің арасына құлайды. Осылайша көпіршіген кәрі көл пайда болған екен дейді...


Міне, Тасарал осы шалқар айдынның шет тұсында елеусіз ғана жатқан алақандай аумақ еді.

Әсіресе, қазіргідей дүние дүрліккен алмағайып кезеңде достан да, дұшпаннан да ірге бөле тұратындай тас қамалы да осы болып тұр. Жағадан алты-жеті шақырымға жуық аралықты кешіп келе қою әркім-біркімге оңайға соқпайды. Ал білмейтін ел бұл тұста жан-жағы теңіз қамау арал бар деп ойламайды да.


Жанында кейінгі балалары Дуана мен Сопы бар.

Бұл ұлдардың отауы жеке болғанымен, бәрінің шағын шаруашылығы ортақ. Ұсақ-түйек істі осылардың өзі-ақ шыр айналдырады.

Үлкендері Аманжол мен Аманбайдың жайлары сәл шалғайда. Есентеректе.


Қарап отырса, Аманжол да елуге таяпты. Он бес жасында атқа мініп, өзімен бірге Кенесары жасағына қосылған өрен-ді. Жастайынан айрықша жігерлілігімен, жаужүректігімен тамсантқан. Қазір ол да ата болды. Немерелері бар. Шіркін, өмір, деген осы-ау!.. 

Тасаралдықтар үлкен жерге қайықпен қатынайды. Ағайын-туыстың өлім-жітімі секілді тосын оқиғалар туындап қалмаса әрі-бері қозғала беруге аса құштар емес. Хал-жайды қадағалап, қант-шай жеткізіп беріп тұратын адамдар баршылық.


Кейінде өзі де оңашалықты көбірек қалайтынын аңдап жүр.

Ес білгеннен найза ұстап, ғұмыр бойы шапқыншылықпен жүрген адам егде тартқанда бастан өткерген әрбір қияпат сәтті ой елегінен өткізуге бейім секілді. Кейде, тіпті, күні-түні талмай жортқан кезеңдер, алапат шайқастар түсіне кіреді. Сол бір сұрапыл уақыттарда от пен суға қатар түскен замандастарың туралы толғанады екенсің. Қандыкөйлек жолдастар ойға оралады. Басығара, Иман, Жәнібек, Бұқарбай, Шәкір, Бұғыбай, Қошқарбай, Құрман, Жәуке, Қабан, Саурық, Төлебай, Төлепбердi, Жанайдар, Құдайберген, Бәйет, Аңғал, Жоламан, өзінің немере інісі Дулат... дегендей көптеген баһадүрлердің кескіндері көз алдынан дөңгелейді. Басқыншы, отаршыл күшпен аянбай арпалысқан ерлер еді. Ел азаттығы жолында жанды ортаға салған сайыпқырандар еді. Әм, қас дұшпанмен өмір бойы айқасқан. Қас батырлық үлгісін көрсеткен.


Бертінде сол серіктерін еске алмаған күні жоқ.

Қазір көбінің тағдырынан бейхабар. Қайсыбірі майдан даласында мерт болды; ұрыс үстінде алған жарақаттан көз жұмғандары бар.

Өскелең жас ел азаттығы жолында шейіт болған осылардың қадіріне жете ала ма деп қиялданады. 

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, әлгіндей ерлердің Құдай берген ғұмырды жасап, бала-шаға арасында тірлік кешіп жатқандарын да біледі. Әрқайсы әр жақта. Бәрі де қу тірліктің қамы. Ұрпақ өсіріп, жеткізудің әрекеті.


Дегенмен, өз қатары біртіндеп сиреп, бітіп барады...

Кенехан мен Наурызбай ердің ажалымен аяқталған сонау он жылғы арпалыстан кейін арада бірталай өткен соң ат арытып іздеп келушілер жиілегені де есінде. Әлі де тыйылған жоқ. Өзімен жүздесуге ынтығады. Келіп амандасады. Жата-жастанып, әңгіме сұрайды. Шындықты білуге құмартады.

Сонда байқағаны, кей жамағат: «майданда серіктері өлді. Бұл болса жан сауғалап қашып келді. Қиын сәтте сатқындық жасады» дегісі келетіндей. Мұндай пиғыл қалай тіксінтпесін.

Әлбетте, әлгі сөзді көзін бақырайтып ашық айтпайды-ау; бірақ іштей болсын, мән-жайды білмей тұрып-ақ, бас салып кінәлауға, жазғыруға бейім. Неге өйтеді?!


Ешкімнің алдында ақталуға тырыспапты. Әйткенмен, өзінің де жаны ауырған сәттер бар. Бармақ шайнататын тұстар жетерлік-ті. Жауабы табылмаған сұрақ көп. 

Іштей тұншығады. Жүрегі сыздайды. Ондайда қатты тістеніп, жақ сүйегі бұлтылдап, жұдырығы түйіліп, ызаға булығатынын өзі де аңдамайды.

Соғыстан кейін патша үкіметінің қызметкерлері көп төңіректеді. Айласын тауып, түрлі қыспаққа салды. Өз кіндігінінен тараған ұл-қызын былай қойып, бүкіл рулы елді түртпектеуге кірісті. Қуғынға түсірді. Әлі де қысып келеді. Кейіннен «қателігінің» бәрін кешірген де болды. Енді белгілі талапқа көнсең кеңшілік жасаймыз, жарылқаймыз деген ишара білдіреді. Сондағы нысайлары – қалайда өздеріне икемдеу; илікпесең, сындырып, айдағанға жүргізу. Жоғары лауазым мен шен-шекпен де ұсынып көрген. Империяға құлдық ұрғызуға, мұның ыңғайына қарап, ығына жығылып отырған бұқара-көпшілікті патша ағзамның құзырына бағынайық, шексіз берілейік деп азғыртуға күш салады...


Әйтеуір, ауыл-елі «ағекелеп» қалтқысыз күтеді. Қай-қайсы да хан көтеріп, қызмет көрсетеді. Көңілдерінде бұған деген зәредей кіршік жоқ. Қас-қабағына қарап, жолында құрбан болуға әзір. Кейбірі алыста отырса да, жаны қалмай, өткен-кеткеннен сәлем айтып жатады. Соның өзі дәтке қуат.

Тоқырауын өзенінің жағасын жайлаған Жетімшоқыдағы Жұмағұлдың баласы өткенде келіп амандасып қайтты. Өзі қауқары жоғын айтып арнайы жіберіпті. Бір қонып аттанған. Әкесі кішкентайдан қатар өскен ескі досы еді. Байғұс сал болып қалған көрінеді. Талайдан төсек тартып жатқандай. Аттан жығылғанда омыртқаға зақым тисе керек. Мән бермей жүре берген-ау. Суық та оңдыра ма. Ақ қар, көк мұзда ер жастанған талай кезеңдер өтті ғой. Қайран құрдас! Көзкөрген...


Тұрғыласының ұлы қошайтып аттанарда: «Әкеңе үш қайтара сәлем де! Амандықпен жолығуға жазсын!» деп жаутаңдап қалды.

Кәрі серік емес пе. Қимайды екен. Енді көрісеміз бе, жоқ па деп көңілі қамырықты.

Мұны аңдаған бәйбішесі Шөкежанның да көз жасы мөлт етті. Дәурені озған шалын аяды ма екен. Әлде өзінің көлеңдеген келіншек күні еске түсті ме.

Құлындай ойнақтап, сылаң қаққан шақтары кешелері ғана сияқты еді...

 


3


 

Кейде батар күнді ғана емес, рауандап атқан таңды да тамашалап қалады. Көз қарықтырып, жалт-жұлт ойнаған қызғылт-сары жалқынның  оттай нұры су бетіне шашылған маржандай ақтарылып түскен сәтте лықсыған толқыннан көлдің жүзі, бейне, лаулап жана бастағандай әсер туады. Бұлт-бұлт етіп аунақшыған қисапсыз түс жылт-жылт, лап-лап етіп, сиқырлай баурайды.

Су жиегін жанай қалқыған түйдек-түйдек шарбы бұлттардың бауыры да тоты құстың құйрығындай тарамдала құлпырып, шудалана желкілдейді.


Теңіздің майда лебі лүпілдей лекіп, бет аймалағанда бір мезет баяу ұйытқыған қоңыр самал емес, сонау сапырылысқан арайлы толқынға тиіп-қашып, шаңқылдаған ақ шағалалар қанатының сусылы желпігендей сергисің. 


Ақсақал осынау көріністі жүзі албырап, сығырайған шүңірек көзін күректей алақанымен қалқалай, недәуір қадағалап тұрады.  

Ағекең, жалпы, өңі суық дегенмен, жүрегі жылы адам еді. Қулық-сұмдықты білмейтін бірбеткей жанның тік мінездеу келуі қисынды да шығар. Алайда, бұл төңіректе батырдың ожарлығын көрген кім бар екен?!


Тек, маңайдағылар, ақ алмастың жүзіндей шалт қимылды батыр әлдебір шикілігімізді байқап қалып, жекіп тастап жүре ме деп өз-өзінен қуыстанатындай. Әйтпесе, қаншалықты сұмдықты кешкенімен, Ақжолтай ердің пейілі кең, мейірімі шексіз-ді.

Табиғат та түрлі мезгілден құралмақшы. Өмір күнде жаз емес. Анда-санда түсі күреңітіп, томаға-тұйық күйге түсіп, ой тереңіне батып қоятын батырдың да күндей ашылып, көктемдей жадырайтын сәттері бар. Әсіресе, кезекті ызғардан кейінгі мизамшуақ сәтіне тура келсең, көл-көсір мейірге шомылар ең...


Түсі айбарлы кісінің езу тартып күлгені де бір мейрам екен.

Жетпістің алтауына келсе де шеті кетілмеген сары тістерін ақситып жымиятыны болады. Мұндайда айналаны шуақ кернеп, төңірек шырайланып жүре береді-ау. 

Әсілі, жаратылысы жайдары жан. Көп сөзге әуестігі аз, әйткенмен, сұңғыла шешендігі, қыршаңқы әзілі де жоқ емес. 


Баяғыда және бір шапқыншылық аяқталып, үргін-сүргін енді саябырлады-ау деп, үй ішімен оңаша қалып, арқаны кең сала берген тұсында екі жаушы жігіт салып ұрып келіп тұрар еді.

Өзі, қай тұстан сап ете түскенін де аңдамайсың. Күн демей, түн демей-ақ:


Ассалаумағалайкүм, Ағеке! – деп ескен желмен жарыса заулап, құстай ұшып жетеді. 


Сондайда батыр: 

– Уағалейкүмассалам! Иә, жайшылық па, жігіттер? Енді қай дауыл айдап әкелді сендерді? – дейді қуақыланып.


Хан шұғыл жетсін деп жатыр, аға! Тығыз шаруа шығып қалған сияқты...


Ай, оның кім еді тағы?!


 – Кенекең де...


Мені не қылмақшы ол? Астынан су шыққаннан сау ма өзінің екі кештің арасында?!.


Деп қыжыртады. Сөйте жүріп, қолма-қол жинақталып та үлгереді.


О заманда бұтына құлын терісінен тігілген жарғақ шалбар киер еді. Кеудесіне қырпулы қара шидем шекпен іледі. Түйе жүнінен тоқылған бұйым. Мұның сыртынан кейде торғауыт, кейде көзе сауыт қабатталады. Кеуденің сол жақ тұсына шағын ғана шарайна тағылады.


Дөңгелек қола қалқанын әдетте арқасына іліп алатын.


Аяқта – былғары саптама етік.


Жалпақ күдері белдігінде алмас қанжары ілулі тұрады. Көп қолданатын қаруы – тоғыз буынды, жез сақиналы найза. Сабы – қайыңнан. Мұнысы жортуылға аттанып бара жатқанда қанжығада байлаулы жүреді. Былайша, қолынан түспейді. Бір елі ажыраған емес. Түнде, тіпті, басына жастанып жатады...

Хабаршы жігіттер бір-бір тостаған бесті қымыздан тартып алып, ағаларын ертіп, осы үйдегі жеңгелерінің:


– Жортқанда жолдарың болсын, жарқындарым! Алла жар болсын! Аруақ қолдасын! – деп желкем күні үй сыртынан ақ жаулығы желбіреп ұзатып салатын тілегінен соң құба жондарды бөктерлеп, тау қойнауында отырған хан ордасына қарай заулап бара жатады.

Жасы отыз бестердегі Ағыбай ұшы-қиырсыз кең далада шашақты найза өңгеріп, астындағы аттарын ор қояндай орғытқан осынау жас өренге бір сәт қызыға қарар еді. 


Ханның ең таңдаулы сарбаздарының қатарындағы нөкерлер. Жиырмаларда ғана. Ұрыс әдістерін жетік меңгерген аса шапшаң, алғыр; кез келген шешімді мезетте қабылдап, жасын отындай жарқылдайтын әбжіл, батыл ұландар. Мұңы басым қазақтың бір бақыты осындай ұрпағында-ау деп көңіл марқаяды.

Бірақ бұл сезімін білдіруге асықпайды. Қайта, інілерін қалжыңға тартып, қажауға құмартады. Әмбе, өзара ұшыраса қалғанда қай қазақ бір-бірін қағытпай жүруші еді.


Ағыбай да кенет жас серіктерінің біріне:


– Құлағыңды ұрайын, мына астыңа мінгенің немене ат-ей?! Мынандай талтаңдаған жаман торымен қалай шауып жүрсің жауға?! – деп тиісе бастайды.


Ә дегенде әлгі жігіт Ағекесіне жалт етіп, үрпиіп аңтарыла қарап, аузы бұртия қалады.


Сөйтсе, бұл ат сынына жетік Ақжолтай ағасының мақтағаны екен ғой сәйгүлігін. Бұттың талтақтау келетіні – еңіске салсаң төске озған шабысты, серпінді ат сипатының басты шарттарының бірі. Жүйрік жылқының жамбас сүйегі шығыңқы, артқы сирақтары арыстанның аяғындай маймақтау бітеді дейді.


Ер қанаты – тұлпарын жамандағанды кім жақтырсын; итің нашар десе намыстанатын қайран қазақ баласы әуелгіде абдырап, сасыңқырап қалып барып, әзіл астары санасына жеткен кезде ғана күліп жібереді:


– Ой, Ағеке-ай, айтасыз ау сіз де!..


Әлден уақытта әлгіндей тосын «сын» естігенде атынан ауып түсе жаздаған жолдастарының дәрменсіз халіне бәрі қосыла қарқылдап , шат күлкі кең даланы басқа көтеріп, тау арасын жаңғырықтырады.


Кенесарының өз жасағына жаман ат мінгізбейтіні туралы аңыз тараған. Өйткені, жаугершілік жағдайындағы көп жәйттің сәттілік сыры тікелей астыңдағы атыңа байланысты. Соны жақсы білетін сұлтан әр түкпірдегі тәуір атты арнайы қадағалап, оны қайткенде қолға түсіруге ұмтылатын-ды. Және жылқы тұқымын сұрыптап, өсіру ісіне ертеден-ақ ден қойған.


Хан мұнымен бірге мақсатына қарай жеңіл және ауыр атты әскер сапын ұтқыр саралауға ерекше мән беретін.


Әлбетте, мұндай істі бастаған Кенехан еді деуге келмес; көшпенділер жылқы күшін ұтқыр қолдануды әлімсақтан бері біледі.


Қазақтың тұрықты келетін қазанаты көбіне ұзақ жорықтарға салынатыны да мәлім. «Ертеден салса кешке озған» демекші, қазақ аттары бір түн ішінде екі жүз шақырымға дейін талмай шаба беретінін көрсетіп, көршілес елдер сардарларын талай тамсантқан. 


Қазанаттың тағы бір керемет қасиеті – ұрыста қазақтардың жау жасағы қатарын кез келген бүйірден қатарласып келіп найзамен жаппай соғатын әдісінде таптырмайды. Қаптап, бір мезгілде күйрете берілген алғашқы алапат соққының сәттілігі майдан нәтижесін ә дегеннен шешіп те тастайды. Бұлардан соң өз кезегімен арттағылар дереу қылышпен шауып, шоқпармен ұрып өткен соң жау әскері лезде күйреп, жайрап қалады.


Бұдан соң қоршап алып тас-талқанын шығарасың. Қажет деп тапқан жағдайда топ-топқа бөлінген күйде қайырыла айналып келіп жаңағыдай амалды және бір қайталап өтсе де артық емес... 


Шебер найзагерлер аттың жылдамдығы мен күшін жекпе-жек шайқастарда да лайықты қолданады. Қатты екпінінмен келіп көздеген нысанаңды мейлінше дәл соға алсаң, қарсыласың кейде астындағы көлігімен қоса шоңқая құлап, майып болып жатады.


Кейбір сарбаздар ер-тоқым қасына найзаның түп-сабын тіреп алатын ойық жасап қояды.


Ал жеңіл, жүрдек аттар тез ытқып, тұтқиылдан тиіп, жаудың ту-талақайын шығарған соң бет-бетімен бышырап кетуге ыңғайлы.


Тегінде, осы амал көшпелілердің жиі қолданатын әдісі-ау.


Мәселен, жазық далада күтпеген жерден дұспан жасағының бір тұсынан сап ете түседі де, дереу өз-өзінен, жауды көрген бойда иманы ұшып безе жөнелген түр танытады.


Ал «қорқаққа» кім қоқаңдамасын – қарсылас жақ бұлардың белгілі қулықпен, қасақана зытатынын ескермей, соңнан өкшелей салмақшы.


Көбінде бұл әрекет – жауды тау арасында немесе қалың қамыс, тал-дарақ, шілік ішінде күнібұрын бұғып, даяр отырған негізгі күштің тұзағына апарып түсіру үшін жасалатын айла.


Екілене ілескен аңғал қуғыншыларды кенет қарсы алдыдан бір мезгілде мың-мыңдап ататын садақ оғы баудай түсірері белгілі. Кейде тасадан ажал сеуіп сансыз жебе ғана емес, зәрлі зеңбірек пен тарсылдаған пілте мылтық күтіп тұрады.


Базбірде «қашқындардың» ерге бәрі бірдей теріс мініп шабатын тәсілі де кездеседі. Бұл да қапелімде есті шығаратын өте тосын, қорқынышты көрініс. Жүздеген ат құлақтарын жымырып алдыға қарай қарыштай сілтеп барады, ал сарбаздың бәрі екі аяқты үзеңгіге сырттан салып артқа қарап отыр; қос қолында бір-бір садақ – нетке үрейлі нәрсе! Ізден түсушілер аңырып, а дегенде мұның да сырын ұға алмай қалады. 


«Қашқақтарға» да керегі осы. Бәсекелес жақ абыржып, сасқалақтаған қауқарсыз сәтте көбебұзар жебені үздіксіз жаудырып, дұшпан қатарын жусатып өтесің.


Жер жағдайын жақсы білетін көшпелілердің соңнан ілескен әскердің көз алдынан мезетте ғайып болуы, енді бір уақытта бұлт етіп өзге бүйірден шыға келіп көз арбауы; одан аяқ астынан жер жұтқандай және жоғалуы да әбден діңкелететін суреттер. Сөйтіп, анда-санда белгілі ара-қашықтықта ақ сағымдай бұлдырап, ана тұстан бір төбе көрсетіп, мына тұстан бір жылт ете түсіп, ақыры қаша-қаша, қастасқан қолды иен дала түкпіріне апарып,  тығырыққа тіреп титықтатып құртатын жағдайлар жиі ұшырасқан.


Орыстың тұрақты әскерін талай әбігерге салған Кенесары жасағының «қара құйын» атануының бір себебі осындай әрекеттер әсерінен туындап жататын еді.


Ат көмегі, міне, осындайда да өте қажет.


Әсілі, жеңіл де, ауыр атты әскерге ортақ сипаттар бірдей ұштасса тіптен ғажап. Әйтеуір, астыңдағы атыңның қандай қысылтаяңда көңілден шығып, нағыз сенімді серігіңе айналғанына не жетсін. 

Жылқының да естісі мен есері бар. Көзі алашақпақ ойнап, еліріп, жынданып тұратын аттан қайыр аз. Мұндайдың мінезінің нашарлығы өз алдына, алысқа жүгіріп те жарытпайды.

Ақылды ат кез келген жағдайда да қалыптан айнымай, иесінің ниетін тақымнан-ақ сезіп, лыпылдап, икеміңе көніп тұрмақшы.


Мәселен, Наурызбайдың Ақауызы, әне, дәл сондай өте есті еді.


Науан да осы атымен жау ортасында небір сойқанды салды-ау!


Нағыз нарқызыл-ды. Арасында қызғылт түгі аралас сұлу ақбоз ат болатын. Өзі батырдың сырықтай алып тұлғасына сай, есік пен төрдей, ірі тұрпатты жылқы.


Тегінде, қазақ мал иесіне тартады деп бекер айтпайды әшейінде мінезі жібектей Наурызбайдың да жауға шапқанда мүлде өзгеріп, албастыдай құтырынып, қаһарланып кететінін көрген ел қайран қалатын.


Сол секілді ұрыс үстінде әбден қызынып, құлшына, ұмсына жүйткитін, желдей ұшқыр Ақауыздың да жайшылықта монтиған ғана жануар екені таңырқатушы еді.


Тәрізі, бұл да бой жасыратын хас тұлпарға тән мінез шығар; жусаған уақытта иесіне үйірсектеп, сүйкеніп, еркелегісі келіп тұратын жұп-жуас,  тартымды атты. 


Жас батыр да тұлпарын қалт еткенде адамша аялап, құйрық-жалын сүзіп, мәпелеуге асығатын.


Бастапқыда Ақауызды Кенесары ханның тапсырмасы бойынша Наурызбайға ұзақ іздеп, таңдап, тауып берген осы Ағыбай еді.


Бұл жөніндегі әңгімені қаузай бастасаң, талайға созылары анық. Жалғыз-ақ, кейін Ақауыз хикаясы небір ән-жырға арқау болған. Осылардың бірінде Науан атының сипаты:


                  

                  – Төрт елі қабырғасы енді, жалпақ,

                  Шіріген шақпақ өті, бұты талтақ.

                  Үстіне кісі мінсе қоразданып,

                  Қарайды жан-жағына, жалтақ-жалтақ.

                  Шапқанда қанды көбік алдын жауып,

                  Қояды басын тартсаң, шайқап-шайқап.

                  Шапқанда құс секілді көрінеді,

                  Алдынан анық қарап тұрсаң байқап.

                  Өзге аттан жүріп кетсе адымы алыс,

                  Қанаты қабырғада кере-қарыс,

                  Екпіні пысқырғанда үй жыққандай

                  Танауын десең болар бейне талыс, –

деп кестеленеді...


Ағыбайдың өзінің де ұзақ жылғы сарбаздық-сардарлық ғұмырында Қарабесті, Бөпекүрең, Қызылауыз, Күзеулікер... Қарашолақ, Ақлақ деген аттары болды.

Тарата берсе, бұлар туралы сөз де біразға барады-ау...

Әрине, түпкілікті шаруаны тек атыңның мықтылығы мен білегіңнің күші ғана шешпейтіні де түсінікті.

Қазақ әрбір ұлын әуел бастан бес қаруды игеруге бекер баулымайды екен. Осыны ескермесең, күні ертең өзің сорлайсың. Сенің мал-жан, бала-шаға, туған-туыс, қала берді, бүкіл бір рулы еліңді кім қорғап береді? Қыстау, күзеуіңді, жаз жайлауыңды да бөтен ешкім қорып, сақтап беріп отыра алмайды. 

Демек, барлық құрылымы мен рухы жағынан алғанда, қазақтың аса жауынгер елге айналуына күнделікті өмірдің өзі, әлгіндей тіршілік жағдайының өзі итермелеп отыратын көрінеді. 

Көшпенді қазақтың өзге елден басты айырмашылығы да сол шығар – бұл, өзі, шынында да, әскери халық екен. Сондықтан, алымдылық, шалымдылық әдеттің бәрі салт-сана, әдет-ғұрпына етене араласып, біте қайнасып кетеді.

Шапқыншылық, жаугершілік, барымташылық жәйттер әшейін бір үйреншікті нәрсеге айналған. Мысалы, қасына жеткіншек баласын ертіп алып, жапан далада тезек теріп жүрген әйелдің де, қажет жағдайда, қолма-қол жауынгерге айналып шыға келетіні сондықтан  екен.


Ақындар:

                                – Момын елге тимегін,

                                Кеуілінде мұңлы шер болар.

                                Ерегісіп қоймасаң,

                                Ызалы ел бірігіп,

                                Қылыш алып қолына,

                                Қатыны да ер болар,

                                Сеніменен тең болар,

 

деп бекер жырламапты...


Найзасы мен семсерін жалақтатып күнде машықтанып жатпаса да, ұлттық ойындарының өзін үздіксіз түрде жауынгерлік жаттығуларға бейімдеген елдің мұндай айрықша әскери мектебі ертеден қалыптасып, ғасырдан-ғасырға жалғасып отырған. Осылайша сарбаздық іс өз-өзінен ата кәсібіне айналып кетеді. Мынау ұлы далада туып-өскен әрбір ұлан бұл жүйенің қыр-сырын ерте жастан меңгеріп шығуға мүдделі. Айнала анталаған жау. Сондықтан да шығар, өз жаныңды сақтататын әлдебір тылсым түйсік сәт сайын тырс еткен қауіп-қатерді сезіп-біліп отыруға мәжбүр етеді.  Мәселен, сонау әйелдің жанында жүрген жасөспірім бала әлдебір дүбір сырын білу үшін жерге құлақ төсей қойып, тасырлатып келе жатқан дос па, жоқ, дұшпан ба – бірден ажыратып берер еді. Және қолдың дәл қай тұсқа жеткенін, ат санының қанша екенін жаңылмай болжайды...

Ал, қарашысы мұншалықты сұңғыла елдің билеушісінің деңгейі айтпаса да түсінікті-ау.


Қасым сұлтан өз ұрпағының тәрбиесіне ерекше ден қойған. Мұны хан жайлауы – Ұлытау мен Кішітау қойнауында туып, Кенесарымен қатар өскен Ағыбай жақсы біледі.

Төре балалары болашақ ел иелері ретінде басқару ісі мен әскери өнердің әліппесімен ерте таныспақшы. Осындай салтқа сәйкес Кенесары да өз ағалары Саржан, Есенгелдімен бірге садақ ату, қылыш саю, найза шаншу сияқты машықты ең шебер ұстаздардың қолында жүріп игерген.

Қарап отырса, жағаласа жаттыға жүріп, тіпті, қарындастары Бопай да ағаларынан ешбір қалыспапты-ау. (Кененің бұлардан басқа, бір анадан туған Көшек, Ағатай, Үсен, Мұса, Әбілғазы деген де бауырлары бар еді). 


Хан балаларының сабақтары оңашада, ел көзінен тасада, өз іштерінде жүргізілгенімен, Қасым сұлтан ұл-қыздарының қараша халықтан мүлде ірге үзіп кетпеуін де ескеретін болуы керек, оларды анда-санда атқа мінгізіп, ілестіре шығып, елдің өздері қатарлы балаларымен таныстыратын. Жұртпен дидарластыратын.

Сұлтан сондай серуендерінің бірінде Ағыбайды байқап, іш тартып қалғандай. Немесе осынау бойы серейген, алпауыт денелі жеткіншектің айрықша қозғалыс мәнерінен бұрын да хабардар болып жүруі ғажап емес; әйтеуір, бір күні арнайы кісі жіберіп, шатырына шақыртып қонақ етті.


– Кел, Аған, балам! Жоғары шық! Төрлет! – ықыластана қарсы алған.

Қоныс-жайын бірталай аралатты.

Одан балаларының ойындарын тамашалатқан. 

Екі жаттықтырушының өңіне қараса, кәдімгі қазақ секілденеді.

Қараторы. Түрлері қату. Сұсты. Үнемі үнсіз. Соған қарап басқа шет жұрттардың бірінен жалдаған ұлт өкілі ме деп күдіктенеді екенсің.


Дене-тұлғалары да құрыштан құйғандай жинақы, бір кесім артық ет жоқ. Сарт-сұрт етіп, тез қозғалады. Ып-ықшам киім үлгісі мен жүріс-тұрыс дағдысы сырттан шақырылғанын айғақтайтындай. Әйтеуір, бір өзгешелік бар. Әрекеттің де бәрін көбіне ыммен көрсетеді. Өте шапшаң, аса дәл, батыл қимылдарына қарап, сайыскерліктің асқан майталмандары екені байқалды.


О жолы найза, қылышпен атқарылатын қолма-қол айқастың алуан тәсілдерін көрсеткен. Бір-бір атқа мінген өзге де үш-төрт жігіт сарбаздықтың қырырын үйренуші шәкірттермен қапталдаса шауып, іске қолғабыс тигізумен жүр.


Жан аямай машықтанады екен. Тіпті, небір, санаға сыймастай, аса тосын, өте қауіпті әдістерге де куә болды. Алайда әбден қызынып алған оғландар анау-мынау ауыртпалықты елейтін емес, көрсетілген айланы өлген-тірілгеніне қарамай, тез меңгеруге ұмтылатыны ұнады. Топырақты бұрқ-бұрқ еткізіп, омақаса жығылып, жарақаттанып қалған тұстар да ұшырасқан; бәрібір, қыңқ етпей, атып тұрып, қара терге түскен күйде жаттығуды жалғастыра берді.  


Сұлтанның өзі қасына жас Ағыбайды қосып алып, шөп арасында жантайып жатып, осы қызықтың бәрін анадайдан ырзалық кейіппен ұзақ бақылаған.


Сабақтың қанша уақытқа созылғанын нақты айта алмайды. Кемі, үш жарым сағаттай жұмсалғаны анық. Соңырақ білгеніндей, бір жетінің екі күні осылай әдістенуге арналады екен.


Тағы бір таңырқатқан нәрсе он екі қанат ақбоз үй еді. Мұндай жайларды сыртынан байқағаны болмаса, бас сұғып көрмепті. Сонша алып шаңырақ пен есік-төрі атшаптырым дерлік ауқымды үйдегі жағалай тұтылған қалы кілем, мол жиһаз, қаттаулы көрпе-жастық, әшекей тастары жылтылдап, көз жауын алған көп кебежені де алғаш көруі.


Жарқыраған жез самауырыннан ізетпен, шәй құйып, иіліп қызмет еткен екі-үш қыз-келіншектің ибасы да іш жылытты. «Е-е, хан сарайы деген осы екен-ау, шіркін!» деп тамсанған. 

Кейінірек білсе, сұлтан ордасында бұдан да зор, бұдан да әсем үйлер бар дейді...


Қасым төре, сөйтіп, бозбала Ағыбайды бір дөнен қойды сойып, қонақ қылып аттандырды. Дәм үстінде де бірталай жағдайды сұрап-біліп, өзі де кейбір нәрсені баппен баяндап, тегінде, көптен қоңсылас, көршілес отырған соң келешекте осы үйдің балаларымен қоян-қолтық араласып, қанаттасып, тату жүрудің дұрыстығын айтып отырды. 

Көңілі тоғайып, недәуір өсіп, есейіп шықандай сезімге бөленген.


Алайда, жас түлекті көбірек әсерлендірген жәйт хан жайының ерекше сән-салтанаты мен осы отбасының сый-құрметі де емес, сонау жанкешті жаттығулар еді. Есінен кетпеді. Қатты екпінмен үйдей биік атпен дүрсілдете шауып келіп, төбеден төнген дию-перідей найза түйрегеніңше жердегі қорғалақтаған қауқарсыз пенденің жаны жаһаннамға кетіп те қалатын шығар деп қиялдаған. Бетпе-бет келіп, маңдай түйістіріп тұрып-ақ көз ілеспес жылдамдықпен беліңдегі қылышты жарқ еткізіп суырып, тамақ астынан орып, жауыңның қылша мойнын қиып түсіруге болатын қимылдар бар екен. Әрине, мұндай тәсілді игеру үшін қолдың ептілігі ғана емес, ересен күш пен ойдың да ғаламат ұшқырлығы қажет-ау деп түйген.


Найзаның сабын қос қолдың көмегімен бел, тіпті, мойын арқылы да шыр айналдырып, бір емес, әлденеше қарсыласты жалпасынан түсіруге болатынын көрді. Бұл әдіс көбіне жаяу шайқаста қолайлы сияқтанады. Керек кезде ат үстінде отырып та жасап көрер ме еді? Ебін білсең, кез келген ауыр қаруды таяқша ойнату амалы бар екен. Сол секілді, қылышты да ойыншықша иіру мүмкіндігін аңғарды.


Тек енді осыларды оңашада жатпай-тұрмай қайталап үйренуі керек...

Және бір ұмытылмайтын сәті Кенесарымен танысуы.

Өзге ағайындарынан түр-тұлғасының сәл басқашалығынан ба, әлде құрдасы болып шыққандықтан шығар, айрықша ықпал еткендей.


Бұл да он үш жасқа енді қарапты. Қанша дегенмен, хан баласы, киіну мәнері де бірден көз тартты. Ақ манаттан тігілген шалбары мен жейдесi, сыртындағы жұқа, кәмшат тоны, аяқтағы жасыл былғары етігі... бәрі-бәрі бойына қона кетіп, өте жарасып тұр.

Теректей Ағыбаймен теңесу де оңай ма – бойы мұның иығынан сәл ғана асады. Дегенмен, дене бітімі сом. Балғын да болса, бұлқынған бұла күшін аңғару қиын емес еді.


Бекзаттықтың белгісі шығар, айналасына жуан мойынның жалғасындай сопақша басын азырақ шалқайта, қабағын кіржитіңкіреп, кірпік астынан тұнжырай қарайтыны бар сияқты. Маңайға маңғаз ғана көз тастап қойып тұрды.

Бидай өңді. Маңдайы ашық. Жирен-қоңыр шашын тықырлатыңқырап алдырыпты.


Тағы бір ғажабы, көздері бүркіттікіндей қып-қызыл... Жоқ, бір көзі қызыл да, екінші көзі жасыл екен!

Алла-ай, мұндай да жаратылыс болады екен-ау деп қайран қалды.


Дегенмен, осынша тосын көріністің бәріне біртіндеп бой үйреніп, қалыпты нәрседей қабылдай бастайды екенсің.

Әкелері ұлдарының сайыскерлік өнерді ойдағыдай меңгеруімен қатар алғырлық, батылдық, төзімділік қасиеттерін бәйге, көкпар, аң қуу сияқты әуестік арқылы ұдайы шыңдап отыруын да қатаң қадағалайтындай.


Одан соң, әрине, бұлардың бәрі де жастайынан ат құлағында ойнайды.

Және биліктен үміті бар әр ханзада жеті жұрттың тілін білуі шарт дейді. Әмбе тілді жай жаттап алумен шектемей, игерген сабақты жан-жақты біліммен ұштастыру талап етіледі. 


Балаларды оқытатын мұғалімдер Бұқара мен Ташкеннен шақыртылатын көрінеді.

Кенесары құрдасының түрік, араб, татар, өзбек, орыс тілдерін бірдей игеріп жүргенін естігенде, аузын ашып, көзін жұмбасқа лажы қалмайды. Мұның ішінде, әсіресе, орысша мен өзбекшені және татаршаны әжептәуір еркін меңгеріпті. Тіпті, осы тілдерде хат жазатын деңгейге көтерілген.


Құрдасы кейінірек мұның қатты ошарылғанын аңдап: «Қаласаң, саған да үйретейін, сен де меңгеріп алсайшы» деп қойды.

Хан балалары бұған да қоса дін дәрістерін де алатын болып шықты. Молла Қазаннан алдырылған...


Әуелгіде Ағыбайдың Кенесарыны бірталай тосырқағаны рас. Екеуі де өр мінез жеткіншек алғаш бір-біріне тіктеу келіңкіреп, одырая қарасып, жал күжірейтіскен сәттері де кездесті. 

Әйткенмен, таныса келе, білісе келе сұлтан баласының ғаламат мемлекетшіл ой иесі екенін аңдаған. Саясатшылдық, қолбасшылық қасиеттері нышанын байқаған.


Сонда кенеттен көкірек көзі оянып, әлдебір таңғажайып әлем есігі ашылғандай бақырайғаны бар. Көкейдегі көп сауалдың жауабы енді ғана табыла бастағандай елеңдеді. Күтпеген жерден әлдебір асыл қазынаға кезіккендей таңырқады.

Осыдан соң-ақ жаңадан табысқан жас қатарласына басқаша қарауға көшкен. Бұған деген құрметі артты. Тіпті, біртіндеп, құрдасының сұңғыла сясатшылдығын лайықты мақтан тұта бастағанын аңдайтын.


Қалай дегенмен, айбарлы Абылайханның немересі. Ел азаттығы мұраты ана сүтімен дарып, қанына жастай сіңген оғлан. Әкесі Қасым төре де патшалық отарлау саясатына сұлтандар арасында бірінші болып қасқая қарсы шыққан адам еді. Ағыбай бала да осы ортаға етене жақындаған сайын биік халықтық мүдделер бағытындағы үлкен күрес жолына қалай түсіп кеткенін өзі де аңдамай қалыпты.


Әне... Солай еді бұл әңгіме...

Бір күні Қасым сұлтан Ағыбайға ортаншы ұлы Кенесарыны: «мына досыңа әрдайым қорғаушы бол, қолдаушы бол!» деп өзі аманаттады.


Осы жайттан кейін арада, шамамен, жиырма жылдан аса уақыт өткенде Кенесары да кіші шешеден туған інісі Наурызбайды тапсырып тұрып: «мені де талай от пен судан аман алып шығып едің, ақжолтайым! Енді мынау Науан бауырыма бас-көз бол! Еті – сенікі, сүйегі менікі!» деді. Бұл да Ағыбай досына шүбәсіз сенгендігінің белгісі, әрине. Өзің тәрбиеле,  білгеніңді үйрет, кемшілігін түзе, қолыңынан қақпаймын дегені-тін.

Кешікпей Наурызбай мұның қасына көшіп те алған. Сөйтіп, Кенесарының немере ағасы Ержанның қызы Қарашаш екеуі Ағыбай үйінің адамына айналып кетті. Бәйбішесі мен өзін апалап, ағалап жандары қалмайды. Балаларындай ғой. Көп кіші...


Ойлап көрсе, Наурызбайдың керемет найзагер болып шығуына тікелей ықпал еткен де өзі сияқты. Қалт етсе, қасына ертіп алып, баяғы Қасекең шатырындағыдай жаттығудан жалықпайтын.

Бұл әрекеттері, тіпті, Қарашашқа да жұғысты болды. О қыздың да қатты шауып келіп, найза ұшымен аттың тезегін түйреп әкететін ептілігін көрген ел күні бүгінге дейін аңыз қылады...


Наурызбайдың бір артықшылығы – соғыста денесі астындағы атымен тұтасып кеткендей жымдаса қимылдайтындығында шығар. Расында да, Ақауыз ат Науанның қанаты іспеттес еді. Батырдың ыңғайын сезінуі ғаламат.


Әдетте, Науан, найзаны бір қолмен ұстайды. Үзеңгіге аяқ тіреп, түрегеліп шабу да соның мәнері-ау. Екпіні ересен. Айналасын әп сәтте алапат дауыл тұрғандай опырып, жапырып жіберетін сұрапыл күш иесі. Қан майданға кірген сәтінде ұйтқып соққандай құйындай, шыр айнала келіп ұрғанда , жауының апыр-топырын шығарып, лезде тұралатып, күйретіп жіберер-ді. Ағып келіп, қарсыласын сүңгі ұшымен іліп лақтыру да тек Наурызбайдың ғана қолынан келетін тәсіл болар. Және алдынан гүрсілдтіп мылтық атып жатса да нысанасын тайсалмай келіп түйрейтін көзсіз ерге оқ дарымайтын қасиеті бар. Білетін дұшпаны бір өзі он жігітке татитын Наурызбай қарасы көрінсе-ақ, жан сауғалап, анадайдан қашады...


Ағыбайды жайшылықта «ағеке» деп атайтын. Кейде «ағатай» деп қайрылатыны бар. Дағдыда, Наурызбайдың ұрыс даласында анадайдан «ағатай» деп дауыстағаны: «Аға, сен өзің жаққа ие бол, мен мына жақты жапырайын!» немесе «менің қапталыма тезірек ауысыңыз. Қосыла күйрету керек!» деген белгісіндей естілетін. Ағыбай мәселе мәнін інісінің дауыс ырғағынан-ақ аңдайды.


Үлкен, қой көздері нұр шашқан, аққұба, сұлу жігіт. Жаңа тебіндеген түбіт мұрты астынан тісі ақсиып, күле қарап тұрады. Мұндай бір сажындық сұңғақ бой екі қазақтың біріне біте қоймас-ау. Үстінде – қызыл манат тыстаған жеңіл құндыз ішігі бар; ұзын қара шашына маржан тағып қояды. Онысы сонадайдан жарқырап, кескін-келбетіне ерекше салтанат дарытады. Жай жүргенде қой аузынан шөп алмайтын ізеттілігі сонша, танымайтын адам жаулары мұнымен ұшырасса жын көргендей безе қашатын қаһарман батыр дегенге сенбес те еді.


Наурызбай да өте сауатты-тын.

Ендеше Ағыбайдың: «Шіркін, қазақтың екі жігітінің бірі Науандай болса!» деп арманауы әбден орынды емес пе...


Аманжол да жасынан Наурызбайға еліктеп, керемет найзагер болуға ұмтылды. Бұл да жорыққа шыққанда шекпенінің оң жақ жеңін кимей, бір иығын ашық ұстайды. Сайыста қозғалуға ыңғайлы дегені.

Әмбе, он үш-он төрттегі ұлан қандай еліккіш, тіпті, Науан ағасынша ұзын шаш жіберген кездері де бар. Бұл да хан баласы болмағанмен, биік талғаммен қымбат киінгісі келер-ді. 


Батыр ағасына ұқсағысы келетіндей ниеті де орынды; сымбаты жағынан да Наурызбайдан кем емес еді. Ұзынтұра. Тұлғасы сайдауыттай. 

Әжесі Қойсана кезінде Абылайдың туын ұстаған әйгілі Байғозы батырдың қызы ғой, он бес жасар немересі жиырма мыңдық Кенесары жасағына қосылуға аттанатын сәтте қолына ұлы нағашысының ақ семсерін ұстатып, батасын берген.


Ағыбай өзінің, баласы емес, інісіндей болып өскен тұңғышының жүріс-тұрысын мақтан тұтып, іштей масаттанып қоятын.

Қайран қазақ елдік мұраттарға келгенде мынау – әкем, ал мынау ұлым мен қызым еді деп міндет бөлісіп жатпай-ақ бір кісідей жұмылып, аянбай күресіпті-ау!


Шынында да, қазақ өмірінде жауларыңның өзі қызығатындай небір тәуір қасиеттер баршылық екен. Бірақ дұшпан, әлбетте, сенің озық салтыңды, ерлігіңді, өрлігіңді, жақсылығыңды көре тұра көзге ілмеген болады. Менсінбеген болады. Жоққа шығарады. Тіпті, халық қатарына қосқысы жоқ. Сөйтеді де, сенің асыл ғұрпыңның барлығын ұялмастан өзіне теліп, иемденіп алуға асығады. Мысалы, ат құлағында ойнайтын шабандоздық өнер алғаш бізден шыққан дейтін көрінеді. Ал онысын «джигитовка» деп атайды. Баһадүрді «богатырь» деп алған сияқты. 


Бұл ұғымдардың кімдікі екені осынау атаулардың өзінен-ақ ап-анық байқалып тұрған жоқ па. Мұндайда «Ой, Алла-ай!» дегеннен өзге шараң кәне.

Қайтерсің, біртіндеп тықсырып, ел мен жерді ту-талақай қылып, тәуір нәрсенің бәрін тартып әкетіп жатыр...

 


4

 


Жаушы жігіттер батыр ағаларымен бірге, осылайша, күдері белдердің сай-сала, беткей-беткейімен саржеліп отырып, заулатып келеді де, хан станының тура төбесінен топ ете түседі.

Әйтпесе, бөгде жанға сұлтан ордасының аумағына кіру, кейбіреу ойлағандай, аса оңай шаруа емес-ті. Төлеңгіттер хан қонысын жорық кезінде де, тоқтаған сәтте де үш қабат шеңбермен қоршай ториды. Әдетте, сақшылар көзге едірейіп түсе де қоймауы мүмкін; алайда хан шатырына бейсауат пенде тұрмақ, жорғалаған тышқан өте алмас еді.


Орынбор билігінің бір мың сегіз жүз адамнан құралған арнайы жасағы қыр соңынан қалмай, Кенесарыны не тірідей, не өлідей қолға түсіру мақсатымен қаншама сабылған. Бірақ хан құйрық ұстатпады.  

Қазақтар арасындағы орыс үкіметінің салпаңқұлақ тыңшылары, тіпті, өз ішінде жүргеніне де қарамастан, хан ордасының нақты қай аймақта отырғанын хабарлап үлгеру мүмкін болмайтын. Кенесарының тұтас ауылы, әм жақсы қаруланған он мыңдық әскері ылғи иек астынан жер сипатады да кетеді. (Сарбаздар саны қажетіне қарай жиырма мыңнан он, бес, тіпті, екі мыңға дейін кейде төмендеп, кейде қайтадан арттырылып отыратын).


Станның сынаптай сырғып, қолды-аяққа тұрмау себебі, хан сапар межесі туралы үнемі жалған ақпар таратады және көшу бағытын күніне мың құбылтады. Тіпті, аяқ астынан, түн ортасында бүгін кешке ғана келіп орналасқан үйлерді дереу жығып, қоныс өзгертуге бұйрық берілетін. Мұндайға әбден дағдыланған жұрт шырт ұйқыда жатса да, дереу атып тұрып, шұғыл жиналып, жолға түседі. Және қимыл өте жылдам. Ырғалып-жырғалмай, аса шапшаң жүруге үйренген көш таң атқанша отыз-қырық шақырымға дейін ұзап кетеді.

Жорықта негізгі күштің алдына, әдетте, барлаушы есебінде жүз-екі жүз салт атты салынады. Одан соң қос қанаттан халықты ортаға алып, белгілі батырлар бастаған қалың қол ілеседі. Көш соңын алдына қой отары мен жылқы үйірін салған малшылар тұйықтайды.


Ал арнайы ұлан қорғауындағы хан шатырының бұл тізбектің қай бөлігінде отыратынын ешкім айта алмас еді.  

Жер жағдайын керемет пайдаланатын көшшілер зеңбіректерін сүйретіп, тасбақаша қыбырлаған қуғыншылардың көз алдынан ә дегенше тағы да ғайып болып, тұңғиық сырын тереңіне бүккен ұлы дала түкпіріне сіңеді.

«Қара құйын» деген, шынында да, бәлкім, осы шығар...


Кенесары жасағы өсти жүріп-ақ күтпеген жерден дүркін-дүркін қайырыла оралып соғып, патша үкіметінің нешеме бекінісін талқандады. Қиратты. Өртеді. Керуендерге шабуылдады. Отаршыларға құлдық ұрған қазақ сұлтандарының ауылдарын шапты. Орыстың тұрақты әскерінің есін шығарды. Урядниктер мен есаулдарды тұтқындады. Қару-жарағын олжалады.

Үнемі түнделетіп жортатын қол, мұнда да, ылғи тұтқиылдан, таң бозында шабуылдайтын-ды. 


Кей суреттер, осылайша, көкжиекке сүзіліп, ой теңізіне шомған Ағыбайдың көз алдынан зуылдап өтер еді. Әр оқиға күні кеше ғана болғандай мөлдірей елестейтін кездер де бар. Ең жауапты деген шаралар бас сардар ретінде тікелей өзі арқылы атқарылыпты...


Кене бұл кезеңде Сібір мен Оралдан Орта Азия арасындағы сауда жолдардың бәрін қатаң бақылауда ұстады. Күні-түні тынбай арпалысқан хандықтың ақшалай да, заттай қазынасы, негізінен, Орынбор, Троицк, Қызылжар мен Ташкент арасында жүрген орыс көпестерінің, әм Бұқара мен Хиуаның сауда керуендерінен алынатын салықтан, сондай-ақ патша әкімшілігінің сойылын соққан жерігілікті бай-шонжарлардың мал-мүлкі есебінен толтырылып отыратын.


Мәселен, бұларды бір шапқанда он екі, он бес мың бас жылқы барымталаған сәттер кездескен екен. Ал, өстіп, көмейге көлденең тұрып қалған қақ сүйектей «пәлекетті» бұлардың қайсы тыныш отырғызып қойсын, жан-жақтан қысып, тыныштық бермеуге айналды.

Кенесарыны қатты ашындыратын жәйт – ең алдымен өзге емес, өз ағайынының ата жауға айналуы еді. Иә, Абылайханның он екi әйелiнен туған отыз ұлдың жиырма тоғызының ұрпағы түгелдей патшаның шен-шекпеніне сатылып, туған елдің тұтастығын сақтауға ұмтылған жалғыз мұны итше талады. Өлімге қиды...


Ағыбай ойлап отырса, «болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» демекші, Қасым төренің баяғыда қаршадай мұны жассынбай төріне шығарып, мейман қылуы керемет кісілік, тіпті, асқан даналық екен-ау. Ертеден-ақ өзі үміт күткен бағыландарды ел азаттығы жолында жанын жалдаған өз ұларының маңайына шоғырландыруға ұмтылыпты.

Бұл да Кенесары құрдасымен бірге қарулы күреске албырт жас кезiнен қатысып, әуелi Қасым сұлтанның тәрбиесінде, кейiннен оның үлкен ұлы Саржан бастаған серкелер қатарында есейіпті.


Ел мен жердің азаттығы бағытындағы арпалыс жолына он үш жасынан қосылған бұл да кілең бір қатерлі бәйгелерге ерте бас тіккен екен. Дегенмен, «оққағары» бар секілді, небір қанды қырғыннан аман-сау шығушы еді. Тегі, «Ақжолтай» атануы да содан-ау.

Қасым балаларына, оның ішінде Саржан мен Есенгелді, Кенесарыға жуық жүргендігінен орыс саясатшыларының қазақ даласына қатысты пиғылын да бұрынырақ түйсінген.


Бұл, өзі, жер таласында біртіндеп көз алайтысып, тақымдаса түскен екі алпауыт – ағылшын мен орыс бәсекелестігінің әбден щирыққан тұсы сияқты. Екеуінің де ойы – жалпы кіндік Азияны, оның ішінде, алдымен қазақ жерін тұтастай игемденіп, одан Хиуа мен Бұқараны уысқа сыйғызып, одан ақырындап Таяу Шығысты «май шелпекке» айналдыру. Қысқасы, Үнді Мұхитына дейінгі кеңістікті түгелдей жайлау. Емін-еркін...

Қазақ жері, боса-болмаса, иен дәулеттің ордасы, қазба байлығы шаш-етектен. Әм Құлжаға, одан ішкі Қытайға өтетін таптырмас кең дәліз. Сайраған сауда жолы. Мұндағы бұратана халықты ығыстырып, тіпті, біртіндеп жойып, топырақтың құйқалысы, шөптің шүйгіні, судың мөлдіріне өз жұртын әкеп қоныстандырады.


Әрине, бұ жағынан, ежелден іргелес отырған орыстың мүмкіндігі басым еді. Енді, қалайда, қан шеңгелді бұрынырақ салмаса опық жейтінін білді. Сөйтіп, қорқау жыртқышша бірден андағайлап, бас сала қоймағанмен, солтүстік пен шығыс бүйірден мысықтабандап кіріп, жайлап қана тықсыра түскен кезі еді. Нақтырақ айтса, алдымен орта жүз бен кіші жүз рулары арасындағы хандық билікті епсектеп жойып, кезек-кезегімен дуандық басқару жүйесін енгізуге кіріскен.  


Әй, дегенмен, істі баппен бастады деуге де келе қоймайды-ау; 1824-тен бері айналасы он жылдың ішінде Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл , Үшбұлақ және Аманқарағай округтерін құрып, әскери бекіністерін салып та үлгеріпті. Бұлардың бәріне желілік орыс-казак жасағы орналастырылғаны түсінікті. Әлбетте, әрбір әскери бас-басына жермен, сумен қамтамасыз етіледі. Мәселен, сол жиырмасыншы жылдардың ішінде-ақ қатардағы казактан бастап, есаул, урядник, қоржынай, атамандарына дейін Көкшетау мен Қарқаралының, Баянауылдың ең шұрайлы орындарына түгелдей жайғастырылды.


Рас, ел мүддесінен гөрі қара басы мен өз үрім-бұтағының мүддесін биік қойып, аға сұлтан, болыс, старшын дегендей лауазымға малданған ат төбеліндей бай-шонжар мен кейбір ру басылары құйқалы орыннан құр қалдырыла қойған жоқ. Бірақ тұрғылықты бұқара-көпшілік шөлейт аймақтарға қаңғуға мәжбүр еді.


Бұл аз дегендей, олар қолындағы әр жүз малдан бір бас жасақ салығын төлеуге міндеттелді. Оған да қоса, әр шаңырақ бір жарым теңге көлемінде түтін салығын беріп отыруға тиісті болды. 

Салық үшін мал санағын үш жылда бір өткізу тәртіпке енгізілді.


Үкіметтің халықты тәлкекке салғаны сонша, осындай ауыр алым-салықтың үстіне орманды пайдаланғаны немесе тұз тасып алғаны үшін дегендей қосымша ақылар тағы талап етілді. Әмбе жергілікті жұрт орыс шабармандарына көлік жағынан да үнемі көмек көрсетуге міндетті еді.

Ауылдарды, әсіресе, әскери тексеру дейтін шаралар әбден зәразап қылатын-ды. Онда казактардың қарулы отрядтары ел ішіндегі тәртіп бұзғандарды іздеген желеумен, дала кезіп, үй-үйді тіміскілеп, көрінген нәрсені сылтауратып, ақыры, елді тонап тынатын. Сондай «тексерулер» сайын бейшара халықты зар жылатып, жылқы демей, сиыр, қой немесе түйе демей, мың-мыңдап мал тартып әкетуді әдетке айналдырды.


Ал он үш пен жиырма бестің арасындағы қыз-келіншектер сол әскердің ат тұяғының дүбірі естілсе-ақ сай-сала, бұта-бұта, тау-тастың арасын паналап, қаша безіп, жан ұшырып жүретін...

Қысқасы, қойшы, бейбіт елді мал құрлы көрмей, тоз-тоз қылды. Алқымнан алды. Аузы-мұрнын қан жалатты. Қорлады. Зорлады...

Патша үкіметінің мұндай әрекеті, әрине, Саржан сынды ерлерді қатты ашындырады. Сонда осылардың соңына еріп, «Абылай атамның елі мен жерін бұлай басындырып қоймаймын!» деп тістенетін Кенесары мен оның серігі Ағыбайлар жиырма жасқа енді толған балаң жігіттер екен. 


Бұлар сол сәт кеше ғана мөлдірей жарқырап тұрған қазақ аспанына қара түнек төнгенін жан-жүрегімен сезінді.

Толқу күшейді. Ашу-ыза арнасынан асты. Кәріне мініп, басқыншы үкіметтің қолында өлуге бекінген ел-жұрттың Көкшетауда басталған ереуілдері дауылы Ұлытауға дейін жетті.

Намысты ту еткен сайыпқыран ұлдар боз даланы буырқантып атқа қонды. Жер-жерде қайқы қылыш жарқылдаған қақтығыстар көбейді.

Ағыбайдың өзі қалың жасағын соңынан ертіп, сол кездегі патша үкіметінің берік тірегі саналған Қарқаралы бекінісін алты жыл ішінде төрт мәрте барып шауыпты.


Көзің қызарып, ширығады екенсің. Бүйтіп қор болғанша басқыншы жаудың қасық қанын ішіп өлейін деп тастай түйіледі екенсің.

Аруаққа сыйынып, атойлап майданға кірген жігіттер казак отрядтарын ұрымтал тұстан талай ұрды. Талай бас допша домалап, тұрақты әскер сең соққандай есеңгіреді.

Бірақ қаншалықты қаһарға мінгенмен, мұздай қаруларған қисапсыз дұшпанмен күш сынасу мүмкін болмады. Өшіккен дұшпан қаптап келіп, қайта айналып соғып, гүрсілдетіп зеңбірек астына алды. Бір ғана Ағыбай ауылының елу-алпыс адамына дейін жайратып, қан қасап қылып, қырып кеткен кездері бар. Ондай оқиға өзге де елдімекендерде қайталанды. Бірақ мұндай сұмдықтың есебін кім шығарып отырсын...


Саржан бір күні Ресейге қарсы күш бiрiктiрiп күресуден үмiттенiп, Қоқанға сөз салған. Сөйтсе, зұлымдығына найза бойламайтын қоқандық бектер соншалықты қорқақ, әрі топас бейбақтар екен; әй, мына қазақтар бізді бекер айналдырып отырған жоқ, түбі, ертең өзімізді арандатып, жерімізді басып алуы мүмкін деп Саржан мен Есенгелдiнi алдап шақыртып алып, қасына еріп барған жиырма нөкерiмен қосып қырды да салды.

Батыр аңғал деген осы екен – Ағыбай кейін ойлайды ғой, соларды ағайын тұтып, қандас санап, адам қатарына қосып жүрген Саржан аға да соншама қорғансыз, аңқау екен-ау деп...


О сапар қоқандық билеушілерге жол тартқан топтың ішінде Кенесары мен Ағыбай да бар-тын. Бірақ бұлар ерекше жаужүректіктің арқасында ғана әлгі залымдармен кескілесе соғысып, зорға құтылып шықты.

Көп ұзамай Қасым төре де Түркістандағы Әзiрет-Әлiге зиярат ете барған сәтінде қапыда қолға түсiп, ажал құшты. Ташкенттік Бегдербек деген шауып өлтiріпті.  


Сөйтіп сән-салтанаты жарасқан Қасым шаңырағының бір бұрышы өстіп күйреп тынды.

Мұны ойласа, осы күнге дейін жүрегі мұздап кетеді.

Кеудесіне кек қатқан Кенесары сұлтан осыдан кейiн барып қозғалыс тiзгiнiн өз қолына алған-ды. Ағыбайды да белді бекем буынтып майдан жолына бастаған осындай жағдайлар болатын.


Саржан, Есенгелді ағаларым мен Қасым төренің кегін қайтармай тыншымаймын деп, ең алғашқы ірі шайқасын Шу жағасындағы Бесқұлан деген жерде өзбек жасағын талқандаудан бастаған екен. Әлекедей жаланған бір топ серігімен қанына қарайып барды да, дұшпаның апыр-топырын шығарды. Тәрізі, сол сәт арнайы күзетпен жүрген қоқандық бектер ес жиып үлгермеген де секілді. Кейін ішіндегі тірі қалып, мән-жайды ұққандары, екінші Ағыбай аты естілсе, сонадайдан безетін күйге жетіпті.


Бұдан беріректе Жаңқожа батырмен тізе қосып Қоқан хандығының бекіністерін талқандалды. Жергілікті қазақтарды езгіден құтқарды. Кенесарының бұйрығы бойынша қалың әскердің бір бөлігі Ташкент пен Түркістанға жөнелтілді де, өздері негізгі күшпен Ақмешітті босатты.

Бұдан соң біраз уақыт Балқаш пен Іле жағасында дамылдап, күш жинап, тоғаю ұйғарылған. Себебі, Қоқан мен Бұқара хандықтары одақтасып, қазаққа қарсы соғыс әрекеттерін ойластырған көрінеді. Оның үстіне сарбаздар арасында әлдебір түсініксіз дерт шығып, береке кетті.

Осы жағдайдың бәрі аздап аялдап, ес жиып, кір-қоңды жуып, емделіп, сорпа-су ішіп дегендей... өз-өзінен, тынығу қажеттігін ескерткендей-ді.

Алдыда патша үкіметінің тұрақты әскерімен арадағы шайқастар күтіп тұрды..


Бірінен кейін бірі жалғасқан Ақтау, Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы шайқастарында қарсыласты сан мәрте қанға бөктіріп, қару-жарағын тастай қашуға мәжбүр еткен сәттер көп.

Кенесары осы Көкшетау шайқасынан кейін мұны арнайы қонақ қылып, Абылайхан атасының күмістелген қанжарын тарту еткен. Естен кетпейтін сәт-ау. Әсілі, бұл ханның бас сардарының ерлігіне деген дән ризалығының белгісі болса керек...

Жалпы, патша үкіметі күндердің күнінде Кенесарыны әскер күшімен жеңе алмайтынына көз жеткізді-ау. Кештеу болса да...

Сөйтіп, тайталастың басқа жолдарын қарастыру қажеттігін түсінгендей. Анау Ырғыз өзені жағасы мен Торғай даласындағы екі бірдей бекініс сондай мәжбүрліктен салынған еді.


Бұл қамалдар қазақ жасағына недәуір қиындық әкелгені рас. Тіпті, ханның Түркістан мен Жетісуға қарай жылжуына ықпал еткен де, негізінен, осынау жәйттер-тін.

Әйткенмен, әуелгіде Кенесарыны лайықты бағалай алмай, әшейін даланың жабайы қара күшімен арпалысып жүрміз; ертең оп-оңай қалпақпен ұрып аламыз деп ойлаған Ресей генералдары өте әккі, аса айлакер, дана қолбасшымен, сұңғыла саясаткермен тәжікеге түскенін де соңыра бір-ақ аңдады.  


Бармақ шайнайтындай бар ғой; мысалы, казак-орыс офицерлері әумесер санаған Кенесарының жау арасындағы жансыздары мен барлаушылары патша әскерінің саны, қару-жарақ есебі мен әрбір қимыл-әрекетін күнібұрын біліп, жеткізіп отыратын. Оларды өзінің жол бағытын өтірік сілтеп, ылғи адастырып жіберіп, әуреге салып қою Кенесары үшін түкке тұрмайтын-ды. Ханның шағын ғана жылжымалы атты әскері шапшаң қимылдап, соққы беру, қорғаныс жасау сияқты міндеттерді қажетіне қарай бірдей атқарды. Бетпе-бет ұрыстан қашқақтайтын Кенесары үнемі күтпеген тұстан және жаудың ең осал жерінен тиіп, қатардың таса-талқанын шығаруға аса шебер еді.


Ойда жоқта бықпырт тигендей болған тұрақты әскер күйреп, зор шығынға ұшыраған соң қансырап, әбден титықтап, Орынбор мен Омскіге қайта оралудан өзге шарасы қалмайтын.  


Сардарлары да, сарбаздары да сайма-сай мұндай адаммен қалай санаспассың. 

Міне, Сібір үкімет басшыларын тәубесіне түсірген ханның осындай әрекетттері еді. Олардың мұны мәмілеге шақырып, хаттар жазатыны да сол себептен. 

Кенесарымен алғаш болып тіл табысуға ұмтылғандардың бірі – генерал-губернатор Василий Перовский.


Бұл, өзі, әйгілі Пушкинмен, Жуковскийлермен тең дәрежеде пікірлесетін, парасат-білігі жоғары, өте білімді жан екен.

Осы жандарал Кенеханға түрлі ұсыныстарын айтып, көп хабарласты. Мұндай кісінің қазақ ханын мойындап, жоғары бағалай бастауы талай жәйтті аңғартпай ма. Сұлтан да оған ел азаттығына қатысты нақты талаптарын қойып, хат жіберіп жататын.


Соның бірталайына Ағыбай өзі де куә.

Жазбаларды әдетте Әбілғазыға дайындататын еді. Інісі ғой. Орысшаға өте жүйрік.

Кенекең айтар ойын алдымен қазақша түзіп, соңынан тәптіштеп тәржімалатуға кірісетін. Кей хаттар татарша да дайындалады. Әрбір жазбаның сауатты, нақты және әсерлі жазылуын қатаң қадағалайды.


Перовскийге жолдаған сәлемінің бірінде: «Ұлы патшамыздың әкесi Ақ патша марқұм (Павел Бiрiншiнi айтады) атамыз Абылай ханға зор кеңшiлiк көрсетiп, әркiм өз жерiне ие, орыс пен қазақ арасында сауда ашылып, керуен жүрсiн, әркiм өз кәсiбiмен шұғылдансын деп уәде берген едi; сөйтiп патша ағзамның қанатының астында бiраз жыл тыныш тұрған едiк. Қазiргi патша ағзамның тұсында атамыз Абылайдан бiзге мирас болып қалған Есiл, Нұра, Ұлытау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоғызақ төңiрегiнен түу сонау Жайыққа дейiнгi жерлердiң бәрi бiзден тартылып алынып, оларға бекiнiстер салынды. Бұрынғы патшалардың бiздiң жерiмiздi алайын десе, өлшеуге арқаны, бекiнiс салайын десе ағашы, зорлық қылайын десе күшi жетпедi дейсiз бе? Күшi де, мүмкiншiлiгi де бар едi, бiрақ олар әдiлеттi болды! Ендi бiздiң жерiмiздi күн құрғатпай басып алып, бекiнiстер орнатып жатыр, сөйтiп халықты ашындырып барады. Бұл бiздiң болашағымызға ғана емес, тiптi, қазiргi өмiрiмiзге де зор қауiп төндiрiп отыр!» депті.


Осындай хаттарға: «Иә, айтқаныңыздың бәрі орынды... Тілегіңізді сөзсіз ескереміз... Тек сіз өйтіңіз... бүйтіңіз. Ал біз қалайда сіздің талаптарыңызды есепке аламыз» дегендей мағынада жауаптар келетіні де Ағыбайдың есінде.

Әйткенмен, қайран не, көп уәде бос сөз күйінде қалды ғой.


 

5

 


Кей күндері бір мұзбалақ қыран Тасаралдың ту төбесінде ұзақ қалықтайды. Олай-бұлай ойқастап, недәуір шарықтаған соң, кенет, жеті қат көкті тесіп өткісі келгендей тік көтеріліп, ауа толқындарымен тайталаса, зеңгір биікке өршелене ұмтылады. Сөйтеді де, лездің арасында көз ұшындағы титтей ғана нүктеге айналады.

Бір мезгілде қайтадан құлдырай сорғалайды да, түндіктей жалпақ қанаттарын керіп, жұлқына соққан дауылға кеуде тосады. Ең сүйікті ермегі де осы сияқты – қауырсындары жалбырап, алапат жел ағынымен талмай тіреседі. 


Бұл да өзінше бір сайыс-ау. Әрбір күш иесі өзінен де мықты біреулермен қалайда тартысып көруге құмартатындай...

Бүркіттің жас екені қимылынан-ақ, еркелігінен-ақ аңғарылып тұр.

Ағекең осыны байқап, шіркін, жастық-ай, әр нәрсенің дәурені өз уақытымен-ау; ұясын бұлтқа салған мына көк серісінде не арман бар қазір деп, сәл қиялға да беріле бастайды.


Расында да, «жетпіс деген жасыңыз қайғылы-мұңлы күн екен» демекші, қайрат қашып, шау тартқан сайын қуаныш пен шаттық та сонша алыстап, тұрлаусыз бір торғын мұң жолдас болып алатын көрінеді. Әй, дегенмен, осы жасымды ешбір елуің мен алпысыңа айырбастығым да жоқ-ау деп өз-өзін және жұбатады...   

Мынау көкшегір құстың қырағы көздері, әлбетте, жердегі қыбырлаған жәндікке дейін қалт жібермеуі мүмкін. Дәл қазір бұл киіз үй түбінде бүкшиіп ойға шомған Ағыбайды ғана емес, Тасарал төсіндегі әрбір құбылысты қалт жібермей, сүзіп жүр-ау.


Батыр осыны түйсінгенде, бір мезет кең дүниеге бүркіт көзімен қарағысы келгендей әуестік билеп, асқар биікке елегзи қарайды.

Әлден мезгілде қыран құс жарқ ете бұрылып, қайқайған күйде тағы шырқады. Сол сәт Ағыбайдың көзіне, неге екенін, Абылайхан атасының күміс қанжары елестеп өтті. Одан Кенесарының алмас қылышын ойлағаны...


Сұлтанның бір қызық әдеті, анда-санда шатырынан жалғыз шығып, өз бетінше дала кезіп кетуші еді. Жеке. Ешбір күзетсіз.

(Ондай дағдысын жақсы білетін төлеңгіттері ханды оңаша қалдыруға тырысатын. Әрине, мүлде бақылаусыз жібермейді. Арнайы жасақ белгілі ара-қашықтықты сақтай отырып, сыртынан қарағыштап қойып отырады).


Тәуліктің жартысынан көбін ат үтінде өткізетін Кенеханның ертоқымы да айрықша – шеберлер ертұрманды хан тапсырысы бойынша ағашының арасына алтын кесектерін салып жасаған. Хан мұның ерекше шипа екенін, әм жақсы тынықтыратын қасиетін білген...

Кей-кейде бір аяғын алдына өгеріп алады. Өзі мұндайда «мамық тақ үстінде отырғандай рахаттанамын» деп қояр еді. Жол үстінде ыңылдап ән салып, тебіреніп, мұңданатын кездері ұшырасады...


Жапа-жалғыз серуенге кетуге құмарлық, сөз жоқ, өз-өзіне бекем сенімділіктің белгісі шығар. Әлде жастайынан бес қаруды еркін меңгерген батыр адам бір мезгіл бой жазып, кезінде игерген шеберлік әдістерін қолданып көруді аңсай ма екен?!.

Бірде, қырғыз елінде жүрген кезде де осылай жеке шығандап кеткені бар.


Былай қарасаң, үлкен қауіп қой!

Сөйтсе, бұл лездің арасында барған да, қырғыздың Қалпақ батырының туыстарының бірі Сыбанбекті жайратып үлгеріпті.

Иә, өз қолымен өлтірген. Көбіне бөгде ешкімге сыр аша қоймай, томаға-тұйық отыратын ханның бұл әрекетінің нақты себептері болған сынды. Әмбе, мұндай қимылды күнібұрын ойластырып, тек өзі атқаруды жөн санаған. Әбден ызасы өткендей.


...Сыбанбектің інісі Орманбек үйіне келсе көген жанында қанға боялып өліп жатқан ағасын көреді. Дереу төңіректегілерге шапқылап, мына жағдайды кім көрді, Сыбанбек батырдың біреумен шабысып жатқанына куә жан бар ма сұраса, әлдекім: «Көрдік. Оны жайғаған Кенесары ханның өзі!» дейді.


Күн тұман екен. Кәріне мінген Орманбек атып шығып, Тастанбек дегеннің әйгілі қылышын ала сала, Найзақызыл атына мініп Кенесарының соңынан жөнейді. Жолда ерсілі-қарсылы жөңкілген қазақтың біріне де қарамай, жауына жеткенше тоқтамайды.


Тек Шудың тау жақ етегінде қалың біткен Ырғайты қамысының іргесінде аяңдап өз бетімен кетіп бара жатқан Кенені қуып жетіп:

– Әй-и! Қара болсаң жүре бер, хан болсаң тоқта! – деп ақырады.


Кенесары Көкбурыл атының тізгінін тартып, ақырын бұрылып артына қарағанша Орманбек атын тебініп, ұмтылып барып қолындағы қылышты жауының қақ маңдайынан ала ышқына сілтеді.


Сол екі ортада қарсылас жақ тарапынан жай отындай жарқ-жұрқ еткен қимыл жасалған. Мезетте, жан дауысы шыға ауырсынып, қанға шомылған Орманбек ат жалын құшып, бүк түседі.   

Қас пен көз арасында жау соққысынан жалтарып қалған Кене өз қаруын қарсы сермепті. Қылыштың ұшы Орманбектің бір шекесін жұлып түскен екен. Ал оның алдаспанды қынаптан қалай суырып, қалай жұмсап үлгергені бір Аллаға ғана аян.


Орманбек байғұс қамыс ішіне барып, атынан құлап түскен бойда жантәсілім еткен.

Ал Кене жайына кетеді. Көзге түспей хан соңынан ілесіп келе жатқан нөкерлері Найзақызыл ат пен Тастанбектің қылышын алып, сұлтан ордасына бет алады.


Кейін қырғыздар осы оқиғаны ұзақ жырларына қосыпты:

 

– Ормонбектин колунда,

Таштанбектин болоту.


                                          Кенесары кезиккен,

                                          Ыргайтынын колоту.

                                          Кар асуунун боюнан,                 

                                          Баатыр Калпак чабылды.          

                                          Аламанды көп алып,

                                          Төкөлдөшкө туу жабылды,

 


деп баяндалар еді онда.


Айта берсе, қырғыз ағайын шағындағы дұшпандығына да қарамастан, олар жалғыз Кенесарының ғана емес, оның Ағыбай, Наурызбай сынды батырларының да ерліктеріне тәнті болып, талай жыр-қиссаларына қосса керек.


Осы жағдайдан біршама өткенде Жантай манап Кенесарыға қасына екі-үш серігін қосып, інісі Қалығұлды елшілікке аттандырыпты. 

Қалығұл жолдастарымен барса, Кенесары жүз шамалы адамымен ауылдан оңаша шығып, төбе басында отыр екен. Жалпақ сай түбінде мың қаралы сарбаз әскери жаттығуға кіріскен. Анадай жерде бес жүздей қылыш үюлі жатыр. Сонадайда – осыншалықты мылтық пен найза...


Жігіттер қаруларын тастап, бір мезгіл қолма-қол ұрыс түрлерін игеруге жұмылған-ды. 

Ханды таныған Қалығұл көлігінен түсіп, атын жолдастарының біріне ұстата сала, бір тізерлеп отыра қалып:

– Ассалаумағалейкүм, алдияр тақсыр! – қол қусыра есендеседі. 


Маңғаз хан «мұның қайсы еді, тағы?!» дегендей, аса жақтырыңқырамай, үндеместен, қабағын түйіп, көз қиығын бір салады да қояды. Еңгезердей қарауыл жігіттердің бірі жетіп келіп:


– Ей, сен кімсің?! Неғып жүрген адамсың мұнда?! – деп ежірейген. (Әлбетте, олар мұның кім екенін бес саусақтай біліп тұр. Әйтпесе төңірекке жолата ма).


– Мен қырғыздан келген елші едім!


– Ә-ә, елші болсаңдар ана жатқан қаруларды көрдіңдер ме? Осының бәрі сендердің жандарыңды жәһаннамға жіберуге арналған дүниелер...


Қыршаңқы қырғыздан да сөз қалған ба, Қалығұл сонда жұлып алғандай:


– О-о, жөн екен! Бірақ әнегүні қырғызға барғандарыңда бұларыңды ұмытып, үйлеріңе тастап кеткенсіңдер ме? Немене?! – деп кекетті.


– Әй, мақау, надан қырғыз, алдыңда хан отырғанын көріп тұрсың ба? Кішкене, көзіңді ашыңқырап, сөзіңді басыңқырап сөйлесеңші!


 – Қырғыз мені мұнда елшілікке жөнелткенде қазақтың етін жеп, қымызын ішіп бекер қайтып кел деген жоқ. Тосылмай, кезекті сөзіңді айтып, қоятын талабыңды жеткізіп кел деген!..


Осылай сөз таласы бастала берген сәтте Наурызбай жетіп келіп:


– Жүріңдер, үйге кіріңдер. Асықпай, сөйлесейік! – деп қонақтарды өз жайына бастап кетті.  


Қысқасы, сол сапар елшілер хан ордасында бір-екі күн мейман болып, қақтығысты тоқтатып, қазақ пен қырғыздың елдігі туралы мәмілеге келіп аттанған. Кенесары бұлар қолқа салып сұраған Найзақызыл сәйгүлік пен Тастанбектің қылышын да қайтарып берді.


Тек, әттең, сол сәт осы қылыштың күндердің күнінде алдыдан қайта шығатынын ешкім білген жоқ еді...


6


 

Кешке қарай күздің қара сұр бұлты не жауарын, не жаумасын білмей ұзақ түнерді. Салқын лебі өкпе-қолқаны қарыған шалқар көлдің ақ көбік толқыны жағаға лықсып, көпіре шапшыған аппақ қар секілденеді. Су бетін қаймақша үйіріп, долдана жүйткіген көк дауыл қаптаған көп шағаланы да қаңғалақ қақтырды. О байғұстар да сонша шаңқылдап, бір-біріне мұң шағып, зар қаққандай ма...  


Ағекең де кейде бір сәт зілмауыр ауыр ойлардан арыла алмай, кеудесі күмбір қағып, түйіліп отырар-ау.

Баяғыда Сыздық төренің алыстан ат арытып келіп, Тасаралға екі қонып аттағананы есіне түседі. Қасында екі ғана нөкері бар екен. Күнібұрын хабар беріп келгені де жақсы бопты, балалар алдынан шығып, қол қусырып күтіп алған.


Өзі де ойлаушы еді, аман болса, Сыздық бала да түбі бір келіп есендесер деп.

Кенехан мерт болған кезде он жаста шығар. «Менің Сыздығым» деп отыратын-ды қайран ер.  


Сол келгенінде отызға таяған сақа жігіт. Құшақтасып, төс түйістіріп амандасты. Бұғының пәйкесіндей кеуделі, тығыншықтай-ақ азамат. Бойы ортадан биік. Айналасына состиыңқырап, тіктене қарап, баппен, нығыздап сөйлейтін мәнері бар. Ә дегеннен аңғарылады – тым сесті.

Бір ғажабы, бұл да «Ағке» деп қайырылған. Иә... Әке, көке, яки аға... тіпті, Ағеке де деген жоқ, «Ағке» деді. Бұл, бір жағынан, өзімсінгендіктің белгісі сияқты. Екіншіден, жас болса да аса төмендегісі келмегені, тең дәрежеде сөйлесуді құп көргені. Қанша дегенмен, хан тұқымы. Әмбе, адуын Кенесарының тұяғы. Ірі турап, кесек сөйлеп, өзін үнемі үстем ұстап үйренген асқақ мінездің адамы. Мұнысын бұл да сөкет көрмеді.


Әңгімені жантайып жатып тыңдаған. От шашқан көздерін жарқыратып, жан-жағына шола қарап қояды.

Білгісі келеді. Мән-жайды. Не? Қалай?!.


Бас қатыратын сауал көп. Әсіресе, тікелей сұрамаса да, қырғыз пәтшағармен соғыс қалай басталып жүр... Әкем боқ басында неге өлді ... Неге тастап кеттіңдер оны ажал тырнағына... деп тұспалдамай ма.

Нешеқилы күмән көп. Көкейде сыз бар. Сұстаныңқырап, тістеніңкіреп, алған.

Бұл да бірден лоқ ете түспегенмен, түсі бозарып, недәуір кібіртіктеп отырып, ақырындап шешіледі. Барлық жағдайды қысқа уақыт арасында ақтарып, түсіндіріп тастау да оңай емес. Дегенмен, біраз жағдайды сабырмен, қысқаша ғана ұқтыруға талпынды. Ұрпақ, қаншалықты ауыр болса-дағы, істің шындығын, аздап болсын, қалайда білуі керек-ау деп ойлайтын.


Расында, қалай басталып еді, өзі...


Кенесары екеуі орта жүздің бір топ сардары мен сарбазын ертіп патша үкіметі әскерімен он жылға жуық арпалысқан соң әбден қалжырап, осы қарт Балқаштың жағасына келіп бірталай тыныстады ғой. Мыңаралдың бойына. Одан Қарақұмға қарай жылжыды. Басқыншылар мұнда да тыныштық бермеген. Артынан зеңбіректерін сүйреттіріп, қалың жасағын соңынан тағы салды. Отырғызбады. Орасан күш шыдатпады; қалың қолдың тең жартысын Сарыарқада қалдырып, Iленiң оң жағасына өткен соң қырғыз аумағына қарай бет түзеуге тура келген. Шудың арғы бетінде қырғызбен жапсарлас Жиренайғыр, Күртi, Ырғайты, Ұзынағаш, Қарғалы деген мекендер бар екен. Сонда барып орналасты. Осы жерден қырғыз манаптары мен Әулиеата жақтағы дулаттардың ру басыларына кісі жiбердi. Бекбатыр деген бастаған елшілер еді. Хат берді солар арқылы. Жағдайды түсіндіріп. Баяғыда осында Абылай атасы мекен еткен орындардан уақытша қоныс сұраған. Ал негізгі ой – қырғыз манаптарын Қоқанға бiрлесе қарсы тұрып, Ресей озбырлығына тiзе қоса көтерілуге үндеу. Сөйтіп, ұлы жүз бен қырғызды қосып алып, Шу бойын қыстап, Алматыны жайлап, Қытаймен де тату болу; біртіндеп, осы жағдай арқылы қоқандықтардан ағалары мен әкесiнің құнын сұрау.


Жазылған хаттың мазмұны мынандай: «Солтүстiктен орыстар қысып барады. Ертең бұлар сені де жайбарақат жатқызып қоймайды. Егер оған жерiң мен мал-мүлкiңдi таратып, балаларыңды соның әскерiне берсең «тату-тәттi» тұра бересiң. Шығыстан шүршiт те бүре түстi. Бұл да ешкiмдi аямайды. Оңтүстiктен тиген Қоқан да бала-шағаңа күн көрсете қоймас. Қарсылық жасасаң өзiңдi дарға асады. Менiң келу мақсұтым – сендермен жауласып, қан төгу емес, қазақ пен қырғыздың күшiн бiрiктiру. Сөйтiп, тізе қосып, орыс пен қоқанның қысымынан құтылу. Бүгін біздің басымызға туған күн ертең сенің де басыңа түседі. Бірлесіп әрекет қылайық»...


Орман манап бұл қолқаға пысқырмады да. Сол сәт оның да басына қонған бағы түйенің көтеніндей бір батпан екен. Патша үкіметі бұларды да қамқорлығына алып үлгеріпті. Орыстарға арқа сүйеп, әбден шалқайып, ісіп-кеуіп, көзге шел бітіп алған кезі. Сосын кімнен қорықсын, елші болып барған оншақты кісіні қойдай үйіріп апарып бірден қамап тастапты. Кейін кейбірін өлтіріп те жібергені мәлім боп қалды... 


Бұдан соң сондағы Байқара тауының бергі бауырында орта жүз – Арғын, қаракесек Аңдас әулиенің зор күмбезі тұратын еді. Соны да дереу, қасақана талқандап, жермен жексен етті. Мұндағы пиғыл біреуге қоныс беру былай тұрсын – қазіргі халі мүшкіл қазақтың Шудың теріскей бетіндегі жерін тұтастай басып алу... 

Бұл қорлыққа кім шыдасын, әсіресе, Наурызбай сынды қызуқанды жас батырларды жындандырып, дүрліктіріп жіберді. 


Қақтығыстың тез тұтануына екінші себеп: қырғыздың орыспен  әмпейлесіп, қазақ жасағын тез арада талқандап тастау жоспары да әшкере болып қалған еді. Әй-шәйға қаратпай қолма-қол быт-шыт қылып тастаймыз депті. Сөйтсе, казак отрядтары бұлардың арттарынан ғана өкшелемей, Жетісу жеріне бет алғанын күнібұрын біліп, тура қарсы алдыдан жалақтап күтіп отыр екен ғой. Бірақ олар бетпе-бет шығып, көзге түсуге асықпады.

«Ерегіс басы  боқ жеме» дегендей, ондайда күштің ара-салмағын  екшеп жататын жағдай жоқ, ашулы жігіттер түре тиіп, қан майданды бастады да жіберді.


Міне, осылай еді екі жылға созылған үргін-сүргіннің жалпы мәнісі.


Не айта беретіні бар, қазақ тарапынан да бейбіт елге тізе батырған жағдайлар кездесті. Екi жақ та қатыгездікті көрсетіп баққан. Орыс генералдары көлденең сызса тұрып, ұзын сызса жүріп, айтқанын екі етпей, патша үкіметінің сый-сияпатына құныққан Жантай манап соларға жағынып жазған бiр хатында: «Мен былтыр Кенесарының жеті мың адамын жайраттым. Біз жақтан да шығын аз болған жоқ. Екінші мәрте беттескенімізде оларды екі күн бойы тырп еткізбей қалың қамыс ішінде қамап ұстадым» деп мақтаныпты. Ептеп қосыңқырап та жіберген шығар; дегенмен, кескілескен сәттер аз болған жоқ-ты.  


Шынын айтқанда, сайын далада көсіле шауып, сүңгіні екпіндете сұғып, қылышты құйындай жүйіткіп, шыр айналып келіп, шалқая сілтеуге дағдыланған қазаққа тау-тас ішіндегі қақтығыс оңай тимеді. Құлашты кең жаза алмады. Тар жерде Қарасу деген дарияны атпен жүзіп жүріп шайқасқан кездер ұшырсқан. Мұндайды кім көріпті. Әрі, төңіректі тұман басатын сәттер жиі. Одан соң қарсылас сан жағынан әлдеқайда көп еді. Жаңағыдай, жасырын күштер және бар.


Жағдай осылай қиындай түскен соң күндердің күнінде Ағыбай Кенесарыға: «Осы қияпатты доғарсақ қайтеді. Мына митыңмен абырой табатын түріміз жоқ. Топалаң тиген қойдай қырылып барамыз. Біздің сазбаздар да мынандай ахуалға дағдыланбаған ғой!» демей ме. Сонда хан: «Ай, Ағыбайым-ай! Қартаяйын депсің-ау. Балуанға оң мен солы бірдей деген қайда. Сайыстың ебі мен айласын таппасақ, өз осалдығымыздан көрмейміз бе. Ал ұрысты тоқтатып, бұғып кетсек, нақ абыройсыздық сонда болмай ма!» деп жауап қатты.


Сөйтті де, Ағыбайды бас сардарлықтан түсіріп, орнына Бұғыбай батырды тағайындады.    


Әйткенмен, кетеуі кеткен істің қиюласпағаны белгілі. Опасыздық, сатқындық деген де болмай тұрмайды екен. Қыспақ күшейген сайын жан сауғалаушылар саны көбейді. Тіпті, өзімен бірге он екі мың жігітті ертіп ұрыс даласын тастай қашқан сардарлар бар. Хан ақыры маңайындағы тоғыз жүз шамасындағы ғана сенімді серігімен қоршауда қалғанын бір-ақ білді. 


Қан жұтып, қатты опынды. Мына жақтан шеңгелдеген патша үкіметі, екiншi бүйiрден тиген Қоқан, үшiншi тұстан тықсырған қырғыз ғана емес, өз жолдастарының опасыздығынан тұйыққа тiрелген ол бiр сәт қанқұйлы қарақшылар тұзағындағы дәрменсіз жолбарысқа ұқсаған еді. Екі өкпе қысылды. Дегенмен, есіл ер ақыл-естен ажыраған жоқ.


Талай жыл от пен судан бірге өткен құрдасы Ағыбай мен жан бауыры Наурызбайды дереу шақырып алып: 

Нағыз сын сағаты енді жетті, Ағыбай! Өзің де жағдайдың бәрін көріп, біліп тұрсың. Сен енді осындағы бала-шағаны ал да, тезірек елге қарай жылжы. Ұрпақты аман алып қалудан асқан ерлiк жоқ. Біздің ұзақ жылғы бүкіл арпалысымыздың мәні де сол еді. Мен осында қалуға бекіндім. Қашпауды ұйғардым. Ал сендер аттаныңдар! Ер Науаным, сен де жөнел! Ақбөкен екеуің жігіттерді ертіңдер де, жолға түсіңдер. Қазір батырлардың да бәріне осыны айтамын. Бейілмін бәріңе. Халық үшін жандарыңды оқ өтіне төседіңдер. Ризамын. Енді Арқа жақты бетке алыңдар. Мені сұраған ағайын-жұртқа кешікпей соңымыздан қуып жетеді дерсіңдер. Артта сендерге сенген қалың ел жатыр. Ар-намысын шенге сатқан арам құлқын құзғындар мен қорқаулар көп. Киіз туырлықты қазақты солардан қорғаңдар. Қайыр, қош! деді... 

 

Қарт Ағыбай Сыздық баласына Кенесары ханмен қалай қоштасқанын тәптіштей баяндап жатпады. Жалғыз-ақ, сол мезет ажал сәтінің жеткенін өзінің де жан-тәнімен сезінгенін, бірақ құрдасына бірге кетейік, басқа салған теперішті бірге көтерейік, жөнімізді табайық дей алмағанын жасырған жоқ. Көптен қалт-құлт еткен соңғы үміті де өшкенін, басқа тірліктің мәні біткенін жіті түйсініп, белін бекем буып алған қайсар жанды азғырып, бір алған бетінен қайтару мүмкін де емес-ті. Кенехан ата-жұртта өзін құшақ жайып күтіп отырған ешкім жоқ екенін де жақсы білді. Тордағы арыстандай аласұрған қайран ер енді шегінер жер қалмағанын лажсыз мойындады. Алланың жазғанына көнді. Жеткен ажалды қасқайып қарсы алуға дайындалды.   


Әрине, қара бастың қамын ойласа, сағалайтын орын жоқ емес-ті. Содан бір жылдай бұрын ғана екi жүз адамын жасақтап, Құлжа қаласына елшiлерiн аттандырған. Шығыс Түркістанның да билеушілерінен кезінде Абылай атасы көшiп-қонған жерлерден мекен-тұрақ өтінген. Қытайлықтар қазақ ханының өкiлдерiн iлтипатпен қабылдап, қоныстану мәселесiн Бейжің үкiметi шешетінін, жалпы, бұның орындалатын жәйт екенін, тек бірталай күту қажеттігін ескерткен. Сөйтіп, елшілерді бағалы сыйлықтар тарту етіп, зор құрметпен аттандырған.


Кене, бірақ, онда баруды да намыс көргендей...


Ал Ағыбай Орман мен Жантай Кенесарыны өлімге қия қоймас деп үміттеніп еді. Қайта, ханның жалғыз қалып бара жатқаны ақыл ма деп пайымдаған. Оның осы ерлігін ескерген дұшпандары біраз мәжіліске салған соң босатар, қанша дегенмен, ағайын халық; даналық танытар, ертеңгі күнді ескерер, елдіктің қамын ойластырар деп жобалаған.


Кенесары інісіне:


– Бар. Сен де жөнел! Тарт! деп саңқ етіп, маңдайынан иіскегенде Наурызбайдың жылап жібергенін көрді.


Жоқ, кетпеймін, аға! Кетпеймін! деді ол жасқа булығып. Бірге өлеміз. Жастығымды ала өлем...


Ал Кенеханның өзі, бәрібір, өлімге бел буып алған сияқты. Алатаудың асқарында нағыз қырандарша өлуді қалағандай. Талай арман іште кетіп бара жатса да, халқының рухын асқақтатып, ел жадында мәңгі қалып қоюды мұрат тұтқандай...


Және ол сол ой орындалды да.


Ал енді қазір...


Ал қазір сол әңгімені сан-саққа жүгіртіп, әркім-біркімді кінәлап... Анау сатып кетті, мынау аярлық жасады дей беру, шынында, бекер дүниедей екен. Қашанғы кіжінесің.


Мәңгілік ғұмырына асыққан Кенесары халық көңілінің шырқау биігінде... Ұрпақ жүрегінде жарқырап тұрып қалды...


Одан соң, біле білгенге, бәрінен бұрын, оны өлтірген өз қазағы мен орыс орман еді. Әрине, сұм саясат арқылы қырғыздың қолымен жетті түбіне...

Ағекең толғана отырып, осыны айтты Сыздыққа.


Әйткенмен, неге екенін, Кенесары мен Наурызбайдың кегі деп өзінің талай мәрте дұшпандары ортасына қайта айналып соғып, қаншама сойқан салған сәттерін де ежіктеп отырмады.

Бір есептен, ол сөзің бірталайын Сыздықтың өзі де білетін-ді.


Кенесарымен қоштасқан соң қас қарая шұбырған аттылы әйел, бала-шағаны ертіп, таң ата Итжон белге жетіп жығылайын деп, Кекіліктау кезеңдерінен асқан сәтінде тау арасынан ышқына шыққан «Аға-тай-й-й-й!» деген дауысын естиді. 

Науан еді. Кененің кет дегеніне қарамастан, ағасын қимай маңайды төңіректеп біраз жүріп, қоршаған жау ортасына қайта айналып барып киліккен болды.


Аға-тай-й-й-й! – деген үн аспан астын күңірентті.

Жағдайды бірден түсінген. Наурызбай жау тырнағына іліккен екен. Олар да жас батырдың құлын даусын шырқыратып, қылбұрауды салып үлгеріпті.


Тұра шабуға шақ қалды. Бірақ тым кеш еді. Әбден ұзап кеткен-ді. Көмек қолын соза алуы неғайбіл-тін.

Кезекті бір сұмдыққа куә болған асқар шыңдар да қатты тіксініп,түршігіп қалғандай...

Науанның сол дауысы өмiр бойы құлағымнан кетпедi, – деді Ағекең ауыр күрсініп.

Кейінірек білсе, қырғыздар Наурызбайды әбден қорлапты.  


Бірақ алдымен не көксегенің бар еді, тірлікте орындалмаған тілегің қандай деп кәдімгіше сұраса керек.

Ғұмыры ештеңеден беті қайтып көрмеген батыр неден тартынады, көкейіндегі ниетті ақтарып-ақ тастайды:

– Апам тұрмысқа шыққан жоқ еді. Арманымның үлкені сол-тын. Одан соң перзентсіз өтіп барамын. Тағы бір арманым – алты алаштың баласын соңыма ертіп Еділ-Жайық, Сарыарқада орыспенен беттесе алмадым,– дейді.


Безбүйрек баскесерлер қаныпезерлік қимылдарына осыдан кейін ғана кіріседі. 

– Біздің сарбаздарды найзамен шаншып лақтырған осы қолың ба еді?! – депті содырлардың бірі оның оң қолын қылышпен түртіп.

Наурызбай да тайсалмастан:

– Иә, Жаманқараңды жайлаған, Орманбегіңді ойрандаған, Сыбанбегіңді сұлатқан қолым осы! – деген.

Сөйткенде есер біреу:

– А-а, бұл енді ештеңеге жарамайды! – деп қолды иықтан төмен шауып түседі.

– Сенi жүрек жұтқан батыр дейдi ғой! – деп жүрегiн суырып алыпты...

Әйтеуiр, денесiнен сау-тамтық қалдырмаған.

Әлгі жауыздар батырдың дәрменсіз күйін пайдаланып басынған кезінде әдетінше көмекке шақырған екені-ау ағасын...

Ағыбай осыны айтқанда түсі бұзылып, тісі шықырлап кетті.

Едәуір отырған соң ғана байсалды қалпына көшіп айтқаны:


– Бастапқыда Науан не себепті перзентсізбін деді екен, – деп ұзақ толғандым. Себебі, ол келіншегі Абөкен екеуі алты айлық ұлдары Ілебайды титтей білегіне қол басындай ғана шағын Құран кітабын байлап, елдегі ағайындарына жөнелткенін білетін ем. Қазір аман болса, ол бала да жиырмаларға келіп қалды...


Осыны естігенде бір шынтақтап жатқан Сыздық селт етіп, төсектен басын жұлып алған. Жүзінде керемет таңдану бар. Әлде қуаныш табы ма екен? Әйтеуір, бір үміт, бір күдік аралас кейіпте екі жағына кезек жалтақтап, күлім қағып қалды. Наурызбайдың тұяғы жөнінде тұңғыш рет естіп отырған сияқты.


– Апырай, ә?! Рас айтсыз ба, Ағке?!..

– Иә, рас.

– Қазір қайда сонда...   

– Алматы жақтағы бір туыстарыңның қолында өссе керек.

– Апырай, қалай білмегенбіз...

Алла-оу, күтпеген сүйініш адамды қалай өзгертеді. Шіркін бауыр. Наурызбайдың тағдыры қатты күйзелткен екен де.

Сыздық төре өз-өзіне келе алмай, ұзақ тамсанды.   

– Сонда Науан батыр, шынында, не үшін ұрпақсызбын деді екен, а...

– Сәбиін таса ұстауды құп көрген-ау. Әйтпесе есті ердің мынадай жауыздар күні ертең түп-тұқияныма дейін құртады деп қауіптенуі қисынды емес пе. Соған қарағанда, ол ағайындарына да балбөбегін көз қарашығындай сақтап, ол туралы жан баласына тіс жармауды қатты тапсырған...


Бұдан кейінгі сөз Ілебайдың анасы Ақбөкен жайына ауысты.


Ақбөкен десе ақбөкен... Атына заты сай ару еді, айналайын... Кiшi жүздiң қызы екен. Ақылдылығымен бiрге, асқан жауынгерлiгiмен де құрметке бөленген жарын Наурызбай қасынан тастамай ылғи бірге алып жүретiн-ді. Бірақ, байғұс, ол да сол Майтөбеде жер жастанды...

Сыздық біраз жайға қанығып, Тасаралдан хош көңілмен аттанған.

– Ризамын, Ағке! Ризамын. Жақсылықпен жүздесейік! – деді.

Кетерінде құрдасыңыздың көзіндей көріп ұстаңыз деп, әкесінің күмістелген тапаншасын сыйлады.

Меймандар мен қонақ шығарып салушылар екі қайыққа мініп үлкен жағаны бетке алған мезгілде көк нөсердің, ой бір, шелектеп төккені-ай!

Ағыбай шал да мұны жақсылыққа жорып, кең тыныстап, рахаттанып тұрды.

 


7

 


Әлгі бүркіт зеңгір көкте әлі ойқастап жүр. Тағы да тастай құлап төмен сорғалады да, қайқайып қайта көтеріліп, құрттай ғана қара ноқатқа және айналады.


Осылар биікке неге неге құмар екен сонша. Ай, бірақ, парлап самғауға жаратылған шіркіндер бір мезгіл қияндап шырқамаса тұра да алмайды-ау, ә...


Есентеректен Аманбай келіпті. Әкесіне Жұмағұл досының қайтыс болғанын жеткізді. Жетімшоқыдан хабаршы жіберген екен. Сол айтып келді деді. Қонақасы ертең кешке көрінеді.


Ағыбай недәуір уақыт үн-түнсіз, алайып отырып қалды. Одан соң іштей дұға қайырған. Иннә лилләһи. Уә иннә иләйһи ражигун. – Бәрімізді де бір Алла жаратқан. Дәм біткен күні бәрімізді де өзі қайта шақырып алады. Иманы жолдас болсын жарықтықтың деді. 

Бірталай өкінді. Өткенде Жұмағұлдың баласы келіп кеткен соң қалайда кәрі досының көңілін сұрап барып қайтуды түйіп қойған-ды. Қап! Үлгермегенін қарашы. Кейде, осы, ойлаған дүниенің қиюы келе қалмайтыны-ай.

Әйткенмен, енді опындың не, опынбадың не. Кеше ғана тірі жүрген адам бүгін өтіп кете қояды деп кім ойлайды.


Бүйір тұсынан өрекпіп жел соқты. Лек-лек етіп, желкілдей ескен аңызақ ара-арасында ызың қағып, жүйткіп-жүйткіп қояды. Сол ызылдың түкпірінде әлдебір өксік бар секілденді. Біртүрлі, қайғырғандай ма,  күрсінгендей ме. Апырм-ай, жел де мұңая ма деп таңырқады.

Бұл – 1878-дің күзі еді. Патша үкіметі ұлы қазақ даласын Түркістан, Орынбор және Батыс-Сібір деп үш генерал-губернаторлыққа бөліп үлгерген кез. Бұлардың алғашқысына Жетісу мен Сырдария, екіншісіне Орал мен Торғай, соңғысына  Ақмола мен Семей аймақтары енгізілген. Осылайша, отаршыл әкімшілік қан тырнағын молынан матыра түскен тұс-тын. Дегенмен, атамандары бастықтарына: мынау қазақ деген айтқанға көнбейтін өте асау, бір пәле халық екен; өздері үйлерінде қару-жарақ ұстайды, қосымша көмек жібермесеңіздер болатын емес деп ылғи арызданып жататын-ды.


Жұмағұл да жастайындан осыларға дес бермейміз деп алапат майданға қатар түскен қандыкөйлек серіктің бірі. Батыр аты шықпағанымен, біртоға, сетке берік, адал азамат еді. Керемет жолдас еді. Міне, енді ол да кетті бейшара...


– Е-е, біз де өтерміз мезгілі жеткенде, – деп ойлаған. – Бірақ өскелең ұрпақ күресті жалғастырар. Қалай болғанда да, желдей еркін қазақты тізгіндеу қиындау шығар. Аңқылдап соққан ақ самалды ауыздықтау мүмкін бе? Жоқ, ол болмайтын шаруа ғой...

Сөйткенше, ту сыртынан бәйбішесі Шөкежан келіп тұр екен. Қызылшырайлы жүзі албырап, жадырай қарайды. Мәз.

– Сүйінші, ақкесі! Аманжол тағы бір немерелі болыпты...

– Ә-ә, бауы берік болсын! Жаңа туған нәресте ғұмырлы болсын! Бұл жаңалықты қайдан білдің?

– Көршілері келген екен... Тасаралға... Солар айтты. Жаңа ғана...

Ағекең шұғыл серпілді. Қиялы лездің арасында шартарапты шарлап, өзінің қайткенде жолдасының жаназасына үлгеріп жетіп, топырақ салып қайтуы қажеттігін ойлап үлгерді. Ал шілдеханаға Шөкежандар өздері бара берер. Мен балаларға қайтар жолда соқсам да кешікпеспін.   


Өзі, дүниеге келген сәби ұл ма, қыз ба деп сұрамапты да-ау...

Бәйбішесінің соңынан жалт етіп қарағанында, сонау қыран бүркіттің шымқай көк аспанның заңғар биігіне қайта шырқап бара жатқанын көрді. Жебедей атылып, шаншыла көтеріліп барады.

– Шырқа, шырқа, қыраным! – деді іштей. – Самғау үшін жаралған соң самғамағанда неғыласың....

Сусыл қаққан жібек жел зуылдай лекілдеп, қойын-қонышын желпіді. Ұлы көлдің асау толқындары ақ көбігін бұрқыратып, жағаға ыршыды.

 


Құлтөлеу МҰҚАШ

 

 

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар