25 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қайрат Зекенұлы. «Мәңгелия» – жасампаз шығарма»

04.09.2015 255

Қайрат Зекенұлы. «Мәңгелия» – жасампаз шығарма»

 

 



шллл.jpg

Жасыратыны жоқ, қазіргі қазақ қаламгерлерінде жасампаз тақырыптың дөп үстінен түсу немесе ол тақырыпты індетіп жазу некен-саяқ. Кеңестік кезеңдегі идеологиялық үрдістің сүйекке дейін сіңіп кеткендігінен бе, әйтеуір, Тәуелсіздік алғаннан бері естіп келе жатқан сылтаудың бірі – «жазатын тақырып жоқ».


Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин бастаған 20 ғасыр басындағы қаламгерлеріміз шығармаларын өздері өмір сүрген ортада сомдады емес пе?.. Ал, Егемен ел болып еңсе көтеріп, ес дүзеген шақта күрт өзгеріп салған қоғамнан тақырып кездестіре алмасақ кімді кіналаймыз? Тақырып таппаудың соңы қалың оқырманнан көзжазып қалуға алып келгендей.


Әңгіме бүгінгі заманның көркем әдебиеттегі көрінісі жайында. «Өз ғасырым өзімнің иінімде» (Төлеген) деп, қабілетіне сенген адам ғана өз дәуірінің тұнып тұрған тақырыбына түрен сала алады екен. Әділбек Ыбырайымұлының «Мәңгелия» хикаяты мемлекетіміздің негізгі идеологиясын тамырландыруды көксеген шығарма. «Ел ертеңі жастардың қолында» дегенді жалпылама ұрандағанымызбен, болашағымыз қандай жастардың еншісінде екенін екшеп жатқандар шамалы. Міне, «Мәңгелияның» бас кейіпкері бірдің емес, мыңның үмітін арқалап миллиондардың назарын өзіне аударып отыр. Айналасының үмітін арқалаған әр жеткіншек Жасыннан үлгі алып, табанды еңбекке бейімделсе – алдағы шығар биігіне, асар асуына мейлінше қол жеткізбек. Хикаят барысындағы оқиғалар бүгінгі әр ортаға, әр мектепке, әр отбасына тән көріністер желісі арқылы өрбігендіктен шығарма өте шынайы әрі өміршең сипатта жазылған.


Қоғамның өзгеруі, жаңаруы, жаңғыруы балалар әлемін де әртараптандырып бара жатқандай. Балаға бала деп қарағанымызбен олардың ішкі қызығушылығына, қиял-өрісіне, періште-мақсатына ықпал етерлік факторлар көлемі тым көбейіп кетті.  Нәтижесінде, бала мен ата-ана, үлкендер мен жастар арасындағы әңгімелер көбінесе қысқа қайырылып жүр. Олай болатыны, бірінші жақ – қазіргі заманауи технологияның тілі мен тетігіне еркін, екінші жақ – кемшін. Буын арасындағы ұғым екіге жарылған сайын  оларадың бір-бірін түсінуі де қиындай түспек. Ал, балаларды баурап алған «шым-шытырық әлем» көбімізге беймәлім. Сол «бөлек дүниеге» қаншалықты бас сұғып жатырмыз? Яғни, балалар әдебиеті, балалар тақырыбы өте өзекті. Бірақ, осы өзекті жайдың өзегіне нәр беретін, ұлттық болмыстың бояуын сіңіретін, мемлекеттік мұратты астастыратын туындылар жазылып жатыр ма? Жазылып жатса оны дәріптеуге, оқырманына қауыштыруға, үздік үзінділерін үлгі тұта алып жүрміз бе? Әркім өз мүмкіндігіне қарай атсалысса керемет дүниелер көпшіліктің көзіне түсер еді. Кейде біз атсалысқанды қойып, бар дүниенің өзін бағалай алмай жатамыз. Бағалай алмау – байыбына бармаудан туып жатады көбінесе.


Дәл осы пікірді Әділбек Ыбырайымұлының «Мәңгелия» хикаятына қатысты белгілі жазушы Роза Мұханованың көзқарасына қаратып айтуға толық негіз бар. Еліміздің мақтаулы жазушысы «Мәңгелияның» мазмұн-мақсатына үстірт баға бергеніне таңырқап қалдық. Топшылуымызша Роза ханым хикаятты атүсті оқи салған. Мазмұнын танымады дегенге ауыз бармайды. Сынаушы тарап туындының тақырыбына тосырқай қарап, ұнатпаған және сол «қабылдағамаған» қалпы көз жүгіртіп, сол көңіл-күйде пікір жазса керек. Оны өзі де «Мәңгелия» не қазақша, орысша емес» деп ашық мойындайды. Сәл салқынқандылық танытса, «Мәңгелияның» тіл тазалығына еш қатысы жоқ, қайта кез-келген ұлттың ауызекі қолданысына жатық екенін аңғарар еді. Өзге де сын-пікірлеріне рационалды көзқарас жетіспей қалған секілді. Әлде сыналуы міндетті нысана ретінде кірісті ме екен. Ілкімді дүниеден іліпалар нәрсе таппау біржақты ұстанымды байқатады. Мәселен, «сөз кесетелеуінің өзі оқырманды тарта алмайды» депті. Дәл осы шығарманың негізгі оқырманы жасөспірімдер және солардың айналасы болса, өз өмірлерін суреттеп тұрған кескіндер оларды неге баурамасын. Бәлкім, қасаң (оның ішінде жасанды) қағида шеңберінде қалып қойғандар үшін қызықсыз болуы мүмкін. 


Өзіміз қызыға оқыған, құмарта қараған кейіпкер Жасынның образы көмескі дегенге келісу тіптен қиын. Халықаралық ғылыми байқаудың биігінен көрінген, Отанының мәңгілік елге айналуын көксеген, соған балалық махаббат – періштелік көңілмен үлес қосуды мұрат тұтқан бар-жоғы 9 сынып оқушысын одан асыра сомдау орынсыз болар. Жасынның ағылшын тілін үйренуге деген ұмтылысы ана тіліне деген адалдығын аласартпаған. Өзіне жүктелген сынып сағатының тақырыбын «Бүгінгі Қазақстан және жас өркен» деп атай отырып, мемлекеттік тіл төңірегінде топтасқан қоғамды құруды – Тәуелсіздік мұраты ретінде қарастырады. Ұлттық тәрбиенің үстем тұруын, қыздарымыздың қазақша сөйлуді қағида тұтуы – тіл мәселесіндегі түйткілдердің өздігінен шешім табуына ықпалын құрбыластар арасында кең талқылайды. Жеке ғылыми жұмысының сыртында сыныптастарының тілегі мен талабына ортақтасуға да уақыт табады. «Білгілрлер клубының» мүшелерімен ой бөлісіп үлгереді. Дидардың «Ақылды датчигінің» сәтті шығуына үлес қосады. Осы және өзге де детальдар 15 жасар кейіпкер образын қалай көмескі қылмақ?! Р.Мұханованың «Автор Жасынның жан-дүниесіне ене алмаған, Жасынның кескін-келбетін суреткер ретінде өзі көріп отырған жоқ. Сол себепті оқырман Жасынның әрекетіне де, сөзіне де, қаһарман деп қарай алмайды» дегені «9 сынып оқушысынан неге қаһарман жасамайсың?» деп жазығырумен бірдей.


Ал, оқиға құрылымы да (композициясы) керісінше әлеуетті. Хикаят бастан-аяқ қазіргі жас өрендеріміздің басынан кешіп жатқан қайшылықтарға толы. Иә, біз көбінесе балаларымыздың ішкі иірімдерінен хабарсызбыз. Бүгінгі таңда атам қазақтың «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дегенімен жылап көріскендейміз. Ол жақта не күтіп тұрғанын білмесе де қолдарынан келсе бәрі «шетел асып» кеткісі келеді. Бүгінгі жеткіншектеріміздің киімі – күйігіне, бұйымы – «билігіне» айналып тұрғаны жасырын емес. Мектепке көлікпен келу, бәсекелестік пен әлеуметтік айырмашылыққа әрқайсының тұлғалық көзқарасы, опасыздыққа жандарының ауруы, байлықты бақыт деп таныған Жауһардың жазым болуы, ұнатқанының ұстамсыздығына ұнжырғасын түсірмей ұштала түсу, Жауһардың қазасынан Жасын жүрегі соққы алса да оны ғылымға деген ынтаға жеңдіру секілді штрихтар шығарма құрылымын құрғақ қылып тұрған жоқ. Ата-ана мен бала арасындағы диалогтардың өзі буын арасындағы ұғым қайшылықтарынан хабар береді. Автор да жасөспірімдердің дүниетанымы өзгеретін (переходный возрост) кезеңін меңзеп, 15 жастағы өрендердің өміріне үңіліп отырғаны тегін емес. Тағы бір ерекшелік, басқа емес физика пәніне ден қоюында терең астар бар. 


Қараңыз, төменгі сыныптан Жасынның талантына тәнті Жауһардың періште көңілін әке табысына малынған Мырзанның мәрттігі жаулап үлгерді. Сұлулыққа сын түсірмей алып жүру Жауһардың қолынан келмеді. Достарының ішкі наразы-теріс энергиясын арқалады. Апатқа ұшыраған көліктің ішінде Жауһардың ғана мерт болуы оқырманды ойға жетелейтін жағдай.


Хикаят барысында бір емес бірнеше оқиға әдемі жымдасып кеткен. Сол арқылы оқырманын бүгінгі қоғамды, оның ішінде жас өрендер әлемін тануға тарта түседі. Мұнда Отанға да, отбасына да өзекті мәселелер мөлтілдеп тұр. Жастарды болашаққа дайындауда тиісті тұлғаларға түрлі ой салатын тұстар баршылық. Хикаят мектеп өмірінен алынып отырғандықтан «Мәңгелия» жастармен қатар мұғалімдерге, ата-аналарға ортақ тақырыпты көтерген заманауи туынды ретінде бағасын ала беретіні шүбәсіз.


Себебі, қазіргі қоғамға керегі жастардың тұлғалық сипатын қалыптастыруға ықпалы бар шығармалар. «Мәңгелия» сол зәруліктің зарын естіген, көкірегіне тоғытқан автордың толғағы. Қазіргі қазақ қоғамына қат болып тұрған осындай шығармалар. Мұндай туындылар бірінші кезекте мектеп балаларын шыңдауға мұрындық бола алады. Ата-ана мен оқушы арасындағы байланыстың олқы тұстарын толықтыруға да сеп.


«Мәңгелияны» мұқият оқыған оқырман оның  жасампаз шығарма екендігімен келісер. Хикаятты оқи отырып кешкен қиялымды да айта кетсем деймін. Дәл осы және осы тектес туындылар сахналық қойылымдарға, киноларға айналып жатса қатып-ақ кетер еді. «Мәңгелия» қабілетті кино режиссерінің қолына түссін деп тілейік. Өйткені, бізге керегі бүгінгі жасөспірімдер санасына бәсекеге қабілетті болу идеологиясын сіңіру. Білім. Білік. Бірлік. Бұл үшеуі бәсекеге қабілетті болудың да формуласы бола алады. Әркім өз ортасының бәсекесіне қабілетті болмай Мәңгіліңк Ел идеологиясына мардымды үлес қоса алмайды. Осы «Б» үштігін ұлттық құндылық деп қарастырған жан қателеспейді.

 

 

Қайрат Зекенұлы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар