Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
24 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ....

24.07.2017 4483

24 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.

24 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ. - adebiportal.kz

Дүниеге келгендер

Ақындар

1858 - Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы Семей облысының Абай ауданынының Шыңғыстау бөктерінде туған. Әкесінен жеті жасынан жетім қалғанмен, Құнанбай қажының немересі, Абайдай дана ағасы бар Шәкәрім жоқшылық пен жетімдікті аса сезінбей өседі.

Жеті жасынан өлең жазып бастап, ғылым жолына ден қояды. Түрік, араб, парсы, шағатай және орыс тілдерін жетік меңгереді.

Оның алғашқы жинағы «Қазақ айнасы» деп аталды. «Өзіме», «Өмір», «Талап пен ақыл», «Адамшылық», «Адам немен» сынды өлеңдері өмір философиясын, жан мен тәнді, адам болмысы ақындық таныммен терең жазылған шығармалар болып есептеледі.

Ол әлемнің Аристотель, Ибн-Сина, Ұлықбек, Кант, Платон, Сократ, Әбунасыр сияқты философтарының еңбектерін оқып, қанып өседі.

1908 жылы А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» шығармаларын өлең түрінде, Лев Толстой шығармаларындағы әділет пен ар жолы туралы ойларына ықыласы ауа аударады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы поэма жанрында да жемісті еңбек етті. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» атты поэмалары қазақ әдебиетіндегі үлкен туындылар қатарына жатады. Құдайбердіұлы көркем проза саласында да елеулі мұра қалдырған ақынның «Әділ-Мәрия» атты романында ғасыр басында қазақ аулында еткен оқиға баяндалады.

Шәкәрімнің «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбектері философ, тарихшы, ойшыл ретінде танылуына себепкер болды.

Құдайбердіұлы өз өлеңдеріне арнап ән жазған компoзитор ретінде танымал. Оның сөзімді жүрегінен жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туды. Әсіресе оның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» атты әндері нәзік сыршылдығымен, сөзімге байлығымен, компoзициялық тұтастығымен есте қалады.

1864 — Франк Ведекинд, неміс ақыны, драматург.

Экспрессионист ақын Ганноверде дүниеге келген еді. Ол драмалық шығармаларымен де әдебиетке ентелей кірген болатын. Оның «Пандора жәшігі» атты пьесасы кезінде үлкен дау туғызды. «Көктемнің тууы» атты драмасы да оны әдебиетте танымал болуына үлкен әсерін тигізген болатын.

1940 — Михаил Борисович Крепс, орыс ақыны, әдебиеттанушы.

Ленинградта дүниеге келген ақын сол қаладағы университеттің филология факультетін тәмамдайды. Одан соң Михаил Ленинградта ағылшын әдебиетінен сабақ береді. 1974 жылы АҚШ-қа көшкен соң сонда орыс тілі мен әдебиетінен ұстаздық жолын жалғастырады. 1976 жылдан бастап өлеңін жариялай бастаған ақынның жырлары дәстүрден алшақ жатпағанымен әуезі мен ырғақ тұрғысынан жаңашылдыққа жақын болатын. Ол, әсіресе, палиндромдық өлеңдері арқылы танылған еді.

Жазушылар

1802 — Дюма Александр, француз жазушысы

Александр көптеген тарихи роман, пьесалардың авторы ретінде танымал. Әсіресе, «Үш ноян» (Три мушкетера) трилогиясы, «20 жылдан соң» (Двадцать лет спустя), «Виконт де Бражелон», «Марго ханшайым», «Граф Монте-Кристо» сынды романдары оның әлемге танымал болуына әсер етті.

1857 — Хенрик Понтоппидан, Дания жазушысы, 1917 жылдың Нобель сыйлығының лауреаты.

Көп балалы отбасыдан шыққан жазушының «Өмір соңы» деген қысқа әңгімесі әдебиетке басқан алғашқы баспалдағы еді. Одан соң «Уәде етілген жер» романы эпикалық сарынмен жазылған ірі туындының бірі ретінде есте қалды. Оны ауыл адамдарының өмірі қатты қызықтырды. Сондықтан болар, жазушы қаламынан «Ауыл суреттері», «Үйлер», «Бұлттар» сынды туынды тууы. Ол өмірінің соңғы жылдарында өз өмірі туралы бестомдық автобиографиялық кітап жазды. Кітап «Жастық жылдары», «Есею», «Мұрагерлік пен қарыз», «Отбасылық өмір», «Өзіме оралу» деген бес бөлімнен тұрады.

1829 - Николай Гаврилович Чернышевский, орыс жазушысы.

Оның көзқарасының қалыптасуына орыс әдебиетшілері А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Гоголь, тағы басқалар үлкен ықпал етті. Белгілі бір саяси көзқарастары үшін тұтқындалып, Петропавл қамауында «Не істеу керек?» романын жазды. Жиырма жылдан астам айдауда жүргенімен Н.Чернышевскийдің «Бір қыздың тарихы», «Барбарустардың ұрпағы», тағы басқа повестері мен әңгімелері, «Шешусіз драма», «Жаны ғажап күйеу» пьесаларын дүниеге әкеледі.

Дүниеден озғандар

1906 — Фердинанд фон Заар, австриялық ақын, жазушы.

Вена қаласында дүниеге келген талантты ақын, жазушы өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын 1859 жылы бастайды. Оның «Венадағы элегия», «Өлеңдер», «Өмір трагедия» сынды жинақтары әлем әдебиетінде зор беделге ие.

1927 — Акутагава Рюноскэ, Жапония жазушысы.

Токио императорлық университетінің ағылшын факультетін бітірген жазушының алғашқы әңгімелері студент кезінде жарық көріп, жапон әдебиетінің классигі Нацумэ-Соэкидің назарын аударған болатын. «Маймыл», «Мұғалім Мори», «Мандариндер», «Күз», «Тастанды», «Бақ», «А-ба-ба-ба», «Суық» тағы баса туындылары арқылы психологиялық, философиялық тақырыптарды қаузай білді. Акутагава жүз елуге тарта новелла, көптеген миниатюралар, лирикалық-философия жазбалар топтамасын, бірнеше сценарий, өлеңдер, бірқатар әдеби-сын мақалалар жазып қалдырды. Акутагава жапон әдебиетінде новелланың үздік шебері саналады. Шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған. Жапонияда жас жазушыларға Акутагава атындағы әдеби сыйлық тағайындалған.

Қазақ тілінде Б. Қожабековтің аудармасымен “Мұғалім Мори” деген атпен әңгімелер жинағы жарық көрген.

1991 — Исаак Башевис-Зингер, американдық жазушы, 1978 жылдың Нобель сыйлығының лауреаты.

Америкалық жазушы шығармаларын идиш тілінде жазатын болған. 1978 жылы өнердегі сыршыл шығармаларымен, адам өміріндегі мәңгілік сауалдарды көтере білген ізденімпаздығы үшін Нобель сыйлығы беріледі.

Айтулы оқиғалар

1901 — О. Генри түрмеден босатылды.

1939 — Михаил Булгаков «Батум» пьесасын аяқтап, баспаға ұсынды.

2001 - Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы «Еменді бақта» жазушы Мұхтар Әуезов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

2007 - Қытай астанасы Пекинде ҚХР ұлттардың iстерi жөніндегі комитеттің баспаханасында белгілі жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» атты әңгімелер жинағы қазақ (төте жазуымен) және қытай тілінде жарық көрді.

Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар