Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Сендей ақын тумас енді адамнан...»

03.09.2015 161

«Сендей ақын тумас енді адамнан...»



  

11101252_673749879396070_6350135731248357373_n.jpg

Ол бұл дүниенің есігін ақын болып ашты. Арзан атақ қумады, дүние-мүлік жимады, санаулы ғұмырын салтанатпен өткізді, қағанат құрып, қаған атанды.


Жұматайдың өлеңі әдемі сөздердің қызылды-жазылды керуені емес, ол көркем ойлардың, ғажайып суреттердің, мөлдір махаббаттың мыңжылдыққа ұласқан көші.


Жұматай – сұлулықтың ақыны, серіліктің алтын тұяғы. Алаш қайраткерлерінің алтын сынығы сынды. Кезінде Мағжан мен Міржақыптар өлең де жазды, әңгіме де жазды, оқулық та құрастырды, публицистика жанрына да қалам тербеді.  Жұматай да бір басына сан өнер тоғысқан дарын иесі. Ол – ақын, күйші, суретші, әнші, аудармашы, былғары қолғап шебері, атбегі, термеші, тарихшы.


Жұматай Жақыпбаев жарық жұлдыздай жарқ етіп,  өмірден ерте кеткен ақындар қатарынан. Жұматай десе бірден ойға сүйікті Ләйләсі мен оның жыр қағанаты оралады. Орта ғасырда шығыстың 49 ақыны Ләйлі-Мәжнүнді жырлады. Ал, қазақ поэзиясында Ләйліні жырға қосқан Жұматай ғана. Жұматай Ләйләні жырлауымен, әдебиет тарихында Лаура бейнесін қалдырған итальян ақыны Петраркаға ұқсайтын еді. Бір бейнені мұнша беріле, үздіксіз, өле-өлгенше жырлау әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс. Сол меңді қыз расымен-ақ Жұматайдың жүрегінде, қиялында ғана өмір сүрді. Ләйлә – қазақ қыздарының жиынтық болмысы еді. Тәкаппар, сұлу, керім Ләйләны жырлау арқылы Жұматай қазақ қыздарының барлығын солай көргісі келді. Қазақ қыздарының тәкаппар болғанын қалады.  


Жұматай – жыр қағаны. Қазақ поэзиясына 80 жылдардың басында Есенқұл Жақыпбек, Әбубәкір Қайран, Нұрлан Мәукенұлы, Бауыржан Жақып, Темірғали Көкбай, Гүлнәр Салықбай секілді бір шоғыр таланттардың барлығы да Жұматай Жақыпбаев құрған «поэзия қағанатының» құрамында болған. Бұл қағанат қазіргі әдеби ұйымдар секілді өзгелерге әмір жүргізуді емес, поэзияны ұлықтауды мақсат тұтты.


Ақын Әбубәкір Қайран: «Ол кісінің қағанатқа қабылдауы қиын еді. Алдымен, өлеңін оқытатын. Сосын оны жақсы, жаман деп бөлмей, ұнаса бірден қабылдап, тіпті лауазымына дейін сол жерде айтып беретін. Ұнамаса, әлі де шыңдалу керек, келесіде тағы келерсің, деп жіберетін»,  – деп есіне алады. Мысалы, ақын, сатирик Қажытай Ілиясов ақынның «оң қолы», ақын Мейірхан Ақдәулетұлы «илһам», Әуезхан Қодар «гоан» деген шеңде болған екен.


Қарап отырсаңыз, сол шыңдалу мектебінен өткен қаламгерлер қазір қазақ поэзиясының ең белді өкілдеріне айналды. Аты аңызға айналған жыр қағанаты тек таланттылардың басын біріктіріп, оларды қазақ әдебиетіне қанаттандырып ұшырды. Жұматайдың басты мақсаты орындалды, қағанаттан қанаттанып ұшқандарды қазіргі әдебиет еріксіз мойындап, оларға еліктейтін жағдайға жетті.


Ғарыш жақтан бұйырмаған маған дәм,

Қағанатың қалды қирап төменде.

Сендей ақын тумас енді адамнан,

Сендей аға бола алмайды өлеңде, – деп жырлайды ақын Гүлнар Салықбай. 


Рас. Енді Жұматайдай ақын туылмайтыны да рас. Жұматайдың қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыс екендігі әлдеқашан айтылған. Ол – жалғыз. Ол басқа ақындарға ұқсағысы келген жоқ. Ұқсамайды да. Сұлулықты сүйген ақын қара өлеңнің көшіне Кенежиренімен дара шауып келді. Жұматайды оқыған әрбір оқырманның ақын туралы сөзі қашан да биіктен айтылады. Ақынның алдыңғы толқын ағалары Қуандық Шаңғытбаев, Олжас Сүлейменов, Өтежан Нұрғалиев, Асқар Сүлейменов, қамқорлық жасаған Тұманбай Молдағалиев Жұматайдың жырлары мен талантына өте жоғары бағасын беріп кеткен еді. Қазір де ақын есімін асқақтата естеліктер айтып, арнау жырлар жазғандар қатары көп. Міне, ақын бақыты деген осы!


Кейінгі кезде таланттың көзін көрмеген жас толқынның өзі ақын рухына қаншама жырларын арнады. Жыл сайын өткізілетін «Жұматай – жыр қағаны» республикалық жыр мүшәйрасында жырға жаны құмар өлең-сөздің зергерлері ақынға арнауларын оқып, ақын рухымен сырласады. Міне, биылғы жыр қағанының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын жыр додасында болашақ Мұқағалилар мен болашақ Жұмекендер ақынмен өлең арқылы сырласатын болады. Қазақтың барлық ақыны жыр арнаса да Жұматайдың тым биіктегі бекзада болмысының сырын аша алмас еді. Ол ғарыш жаққа кетерінде жылап емес, күліп кеткен жұмбақ ақын...

 


Салтанат Қожа

 



«Жұматай – жыр қағаны» республикалық жыр мүшәйрасының ережесі


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар