Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Игілік: «Өлеңнің мұрты енді тебіндеп келеді екен»

02.09.2015 109

Бауыржан Игілік: «Өлеңнің мұрты енді тебіндеп келеді екен»





«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жас ақын Шерхан Талаптың өлеңдеріне ақын Бауыржан Игіліктің жазған пікірін ұсынамыз. 




www.adebiportal.kz



11149394_751986468249684_216350320705265898_n.jpg




Театрға бару керек

 

Театрға бару керек... жалғызбын...

Іздеп жүрмін жүзі сұлу, жанды ізгі.

Маған қиын ұқсамаса Гүліме,

Білегінен ұстап кету әр қыздың...

 

Театрға бару керек... жүдеумін...

Қарашы енді сағыныштың үдеуін.

Жалғызыма ұқсап кетті бір ару,

Ойға мас боп отырғанда түнеу күн.

 

Театрға бару керек... мұңды арман –

Жүргімде жазылмаған жыр қалған...

Жанымызды бір тазартып алайық,

Дүниенің боқтығына былғанған.

 

Театрға бару керек ұдайы,

(Қорғансызға жар болсыншы Құдайым.)

Лас өмірде жұбанатын не қалды?

Шырмалайық басқа әлемде шынайы.

 

Театрға бару керек ұғынып,

Күрең күндер өтіп жатыр құбылып.

...Әртіс жігіт әсерлетіп сөз айтса,

Менің ішкі әлемімнің сырын ұқ.

 

Театрға бару керек... бұла шақ...

Бізде жұрттың бір қатарын құрасақ.

Тек екеуміз драмаға ду күліп,

Тек екеуміз комедияға жыласақ...

 

Театрға бару керек жұп болып,

Жанарыңа мөлдірген шық толып.

Ырыс тұңған шаңырақ қой киелі,

Кетер бәлкім басымызға құт қонып.

 

 

****

 

 

Жалған үмітке сеніп кей,

Қашанғы шыдар құр сүлде.

Жәудіркөз ару еліктей,

Жатырқап әлі жүрсің бе?

 

Керімсал мінез, керім Сен,

Тәуекелім ең бекінсем.

Кермаралдайын керілсең,

Көктемге сіңіп кетуші ем.

 

Жанымды өртеп, шарпып от,

Шері боп тұндым ғасырдың.

Тәкәппарлығыңа тәнті боп,

Менмендігіңе бас ұрдым.

 

Тірі жан ұқпас мұң ба едің?

Жетпейтін қолым биікте ең.

Асқақтығыңмен құнды едің,

Сен соныңменен сүйікті ең!

 

Сезімнен мөлдір шық тамып,

Паңдана керші қасыңды.

Сұлулығыңа сұқтанып,

Алайын сығып жасымды.

 

Кедейге біткен байлығым,

Бұралып өскен бұласың.

Қасиетін ұғып қайғының,

Жыласа жаным жыласын.

 

Кеудеме мұңды күй сіңіп,

“Тек мені қалқам күтердей”

Жүрейін сырттай сүйсініп,

Қол жетсе – қиял бітердей.

 

Жақындамай-ақ жаныңа,

Ең ұлы жырды жазамын!

Қинашы мені тағы да,

Таусылмас тәтті азабым...

 

 

****



                   “Алыстан – тым шалғайдан қыздың

                    сыңсыта салған әні келеді құлаққа...”

 

                     Оралхан Бөкей “Қар қызынан”

 

 


Алматым ластаса да таза жанын,

Бүгін-ақ мөлдір жырды жаза аламын.

Сыр қылып суық желі естіртеді,

Бір қыздың алыстағы азалы әнін.

 

Шіркіннің шымырлатар әні мұңды,

Жылатып қояр екен тағы кімді?!

Елітіп, еліктіріп, еміндіріп,

Тауысты сарқылмастай сабырымды.

 

Азапқа салып қойса ақпан – қайғы,

Көңілім көктем келмей шаттанбайды.

Алыстан сыңси салған тәтті ән жайлы,

Бір ғұмыр жырласам да жақ талмайды.

 

Сол бір ән... шақырғандай Қар қыз күліп,

(Желіккен қайран көңіл, сан қызды ұмыт.)

Мені аңсап қалқатайым ән салды ма?

Жайықтың жағасында жалғыз жүріп.

 

Ұстамай біреуінен жүз білектің,

Паңдығын танытқанда Күзгі лептің.

Төлеген – сағынышын аңсай ма екен?

Ақмаңдай сіңілісі Қыз Жібектің.

 

Апыр-ай, бар азапты шексем бе екен?

Әлқисса, аңсарыма жетсем жетем.

Сызылған сол бір әнді бағытқа алып,

Жайыққа жаяу тартып кетсем бе екен?

 


****


 

Жалған үмітке сеніп кей,

Қашанғы шыдар құр сүлде.

Жәудіркөз ару еліктей,

Жатырқап әлі жүрсің бе?

 

Керімсал мінез, керім Сен,

Тәуекелім ең бекінсем.

Кермаралдайын керілсең,

Көктемге сіңіп кетуші ем.

 

Жанымды өртеп, шарпып от,

Шері боп тұндым ғасырдың.

Тәкәппарлығыңа тәнті боп,

Менмендігіңе бас ұрдым.

 

Тірі жан ұқпас мұң ба едің?

Жетпейтін қолым биікте ең.

Асқақтығыңмен құнды едің,

Сен соныңменен сүйікті ең!

 

Сезімнен мөлдір шық тамып,

Паңдана керші қасыңды.

Сұлулығыңа сұқтанып,

Алайын сығып жасымды.

 

Кедейге біткен байлығым,

Бұралып өскен бұласың.

Қасиетін ұғып қайғының,

Жыласа жаным жыласын.

 

Кеудеме мұңды күй сіңіп,

“Тек мені қалқам күтердей”

Жүрейін сырттай сүйсініп,

Қол жетсе – қиял бітердей.

 

Жақындамай-ақ жаныңа,

Ең ұлы жырды жазамын!

Қинашы мені тағы да,

Таусылмас тәтті азабым...

 


****

 


Ақ таңнан алса мазаны дүбір,

Арманға бастар асыл мұң.

Ақындық тағдыр, азалы ғұмыр –

Ғазалы ғазиз ғасырдың!

 

Күрсінсе жаны түнекке ұйып,

Өлеңі өрге тарта алар.

Әлемнің мұңын жүрекке жиып,

Жаһанның жүгін арқалар.

 

Сермейді талмай қанатын кеңге,

Жесе де жаны кіл опық.

Қайғырар қамсыз қара түндерде,

Жалғыздығына жыр оқып.

 

Жүрегін қайғы жеуде шын келіп,

Тағдырға қалай төзесің?!

Көтерер солай кеудесін керіп,

Көз жасы толған көзесін.

 

Заманның зәрлі зарымен бастап,

Жыр оқыр…мұңын жас шайып…

“Адамша ойлап арымен асқақ,

Құдайша сөйлер қасқайып!”

 

Жанына жырды емге іздер жанша,

Құныға түсер мұңды адам.

Келмеске кеткен кербездер қанша,

Кеңсайды керек қылмаған.

 

Қашқандай жаннан едәуір маза,

Болашақ үшін бекін бір.

Ақындар үшін ең ауыр жаза,

Жоқтаусыз қалса жетім жыр!

 

 


Гүлдер әлемінің патшайымы

      

Ех, Патшайым!

Алты әлемге арай шашқан ажарың,

Жүрегімнің тыңдап көрші ғазалын,

Менен онша батылдықты күтпейді ел,

Сенен болса өкінбес ем ажалым!

 

Жанарларын сендей сұлу қыз жеген,

Есін алдың еркектердің жүздеген.

Пар аттылы Патшайымым сеніп көр,

Ақ боз атты Ханзадаңмын іздеген.

 

Жұмбақ едің жанарына сыр бүккен.

(Тыңдап едім түн күбірін түндіктен.)

Біздер түгел мәртебеңнің алдында,

Тағзым жасап, бас иеді гүл біткен.

 

Нұр сіңіріп өн бойыңа есті елден,

Ақ тәніңді жел сипамай өскен бе ең?!

Гүлге келіп, нәрін сормақ аралар,

Сенің қабақ қимылыңнан сескенген.

 

Гүл әлемнің – жыр әлемнің ханшасы,

Ең бірінші саған нұрын таң шашып,

Мың көбелек алқа болып мойныңа,

Кірпігіңе қонып жатыр қаншасы...

 

Құмар қанбай келбетіңе қадала,

Теңгермедім сұлуларды бағаңа.

Хафиз шалдан қалған із ғой, меңіңе,

Астана мен Алматы да садаға!

Тіфә-тіфә, садаға!




«Өлеңнің мұрты енді тебіндеп келеді екен»

 

 

XjhgRT4uPnA.jpg
Бірде ақын Иосиф Бродский әлдекімнің «над чем работаете?»  – деген сұрағына: «над собой»  – деп жауап берген екен. Бейнеті әрі қатты, әрі тәтті бұл өлең дейтін құдірет адамды өмір бойы өз-өзімен алыстырады да қояды. Сондай майданда жүрген бір автордың жазбалары қолымызға тиді. Өлеңнің мұрты енді тебіндеп келеді екен. Соған қарап біз автордың да әлі балғын екенін шамаладық. Қараса көздің жауын алатын асыл тастардың да толық өңделмеген түрі «тым шіркін-ай» болмайтынын білеміз.


Бірақ, асылдың аты – асыл ғой... бәрі уақыт пен талаптың еншісінде. Алғашқы өлеңнің тақырыбы –  «Театрға бару керек». «Кәртөшке қазып алу керек» деген сияқты тым тұрмыстық сөз болып естілгенмен, өлеңде жарқ-жұрқ еткен сезімдер мен ойлар ұшырасады. Жүрегі сайрап тұрса да, тілі сиқырланған бозбаланың сүйгеніне бар сырын театрдың «ауызымен» айтып алғысы келетін таныс сезімі шарпиды өне-бойды. Ара-арасында ойдың жүлгесі жоғалып, жұлыны үзіліп қалып отырған. Келесі бір өлең – шығыстық ғазалдар әліптес екен.


Сезім шарабын шайқап-төгіп ішіп, өзіне-өзі сыймай буырқанған Жұматай жүрегінің дүрсілдерін сезіп қалып отырдық.  Туынды негізінен сезімге құрылған.  Асқақ та тәкаппар арудың жолына құрбан бола салудан тайынбайтын шайырлардың мінезі бар. Кейбір нюанстарға тоқталмағанда, өлең тамаша! «Бір биеден ала да, құла да туады» демекші, ақынның көңіл күйіне байланысты сәтті-сәтсіз шығармалар бірі – мезгілінен бұрын, бірі – кейін қалып қойып шығып жатады, сондықтан, кейбір өлеңдерді аттап кетіп, автордың «Гүлдер әлемінің патшайымы» өлеңіне тоқталсақ. Автор өзі жазғандай  Хафиздік я Мұрат Шаймарандық сезімдер өлеңге өз белгісін қалдырған. Аракідік ұйқас үшін алынған тіркестер бой көрсетіп қалып жатқанмен, аталмыш өлең сүйсініп оқуға татиды екен.  


«Гүл әлемнің – жыр әлемнің ханшасы,

Ең бірінші саған нұрын таң шашып,

Мың көбелек алқа болып мойныңа,

Кірпігіңе қонып жатыр қаншасы...»


Өзі айтып отырған көбелектің қанатындай үлбір, нәзіктікті сезіну – жаны таза, жүрегі ақ, көңіл көзі қырағы ақынның қолынан ғана келсе керек.  Бұл ақынның болашақта қазақ әдебиетіне берері мол, көшелі жас екеніне сеніміміз кәміл, үмітіміз зор!

Сөз аяғында алақапшық ұстатып, алашапқынға жұмсаған сауданың заманында әдебиетті алқаған, аялаған - Әдебиет порталына рахмет айтамыз!



Бауыржан Игілік

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар