Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Гамлеттік сауал һәм даудың басы «баспана елесі»...

10.08.2017 4151

Гамлеттік сауал һәм даудың басы «баспана елесі»

Гамлеттік сауал һәм даудың басы «баспана елесі» - adebiportal.kz

Тыныш күнде «мылтық атылды». Ел-жұрт селт етісті. Бірақ, бұл Табылды ақын айтпақшы, өзінің атылуын күткен «оқтаулы мылтық» болатын. «Шүріппені» ол баспаса, басқа біреу басар еді. Кім басса да, әңгіме шүріппенің басылғанында емес пе?! Бұл мәселе бүгін ғана туындаған мәселе ме? Жоқ, бұл ұзақ жылдар бойы сыздап, пісіп, жарылуға шақ қалған «жара» болатын. «Жараның» аузы ашылды. Бұл тақырып мінбелерде айтылып, дөңгелек үстел басында талқыланбағанымен әр қаламгер жанымен сезініп, санасымен түйсініп, кей-кейде кафелер мен барларда қызу талқыланатын. «Қаламгерге мемлекет қолдау көрсету керек пе» дегенде пікір екіге жарылады. Бірі құптайды, екіншісі қарсы. Ақын-жазушы ешкімге жалтақтамай, жарбақтамай, жалынбай өз «қотырын» өзі қасу керек, жазары мен жасарын ешкімге міндет қылмау керек деп, ешкімнен ештеңе сұрамай өз бетімен шығармашылықпен айналысып жүрген ақын-жазушыларды мысал етіседі. Дұрыс-ақ. Екінші тарап – ұлттың руханиятына елеулі үлес қосып жүрген жазушылардың басын баспанамен қатырмай, тұрмыстың илеуіне салмай, тіршіліктің ауыр қамытына мойнын қажатпай, тек шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру керек деп, дамыған елдердің қаламгерлеріне жасап отырған қамқорлығы мен қолдауын мысал етеді. Дұрыс қой, «Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықпақ?»(А.Б). Қарап тұрсақ, Қожанасыр айтпақшы, ананікі де дұрыс, мынанікі де дұрыс. Ендігі мәселе, «оқ атылғаннан» кейінгі жағдайда. Мәселе көтерілді. Ортаға «серке» тасталды», көкпар басталды. Талдықорғанда жатқан жазушының бастамасын біреу қолдап, біреу қарсы шапты. Олардың уәжіне қайыра жауап берілді. Әркім үн қосты. Не десек те, бұл мәселенің көтерілгені, оның қызу талқыға түскені бізді қуантты. Кешегі белгілі экономист Рахым Ошақбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тікелей эфирден «Міндетті медициналық сақтандыру» тақырыбында өткізген дебаты сынды ашық алаңдағы кездесулер мен бүгінгі қыз-қыз қайнаған әдеби полемикадан қоғамдық пікір қалыптасары сөзсіз. Одан нәтиже шығып жатса нұр үстіне нұр.

Порталдың қызметкері ретінде қос тараптың жазғандарын жариялап, пікір алуандығын оқығаннан кейін біз де аз-маз өз сөзімізді айталық.

Айдос Сарымның алаңы

Алдымен Айдос Сарым ағамызды алаңдатып отырған мәселеге тоқталар болсақ, «Бізге социалистік дәуірде қалыптасқан жазушыларды қолдау жүйесі түкке де керегі жоқ», дейді ағамыз. Ол заманда қалай болып еді? Осы сауалға келгенде бізге журналист Жұлдыз Әбілдаға берген Адам Мекебаевтің бір сұхбаты жадымызға орала берді. Түсінікті болуы үшін, жауаптың толық нұсқасын беруді жөн санадық.

«Сіз біраз жыл баспада редактор болып істеген адамсыз. Баяғыда «мен Пәленшенің редакторы болғанмын», «Пәленше менің пәлен кітабымның редакторы еді» деген әңгіменің әжептәуір салмағы болатын. Осы редакторлық мектептің үзіліп қалуына немесе құлдырауына не себеп деп ойлайсыз?

-Себебі, жалпы жүйе құрыды. Кешегі жүйе мен бүгінгі жүйе салыстыруға келмейді. Ол заманның жазушылары дайын ақшаға жазды. Мәселен, егер мен 20 баспа табақтық кітап жазатын болсам, тиражына 500 сом қоятын. Ол кезде 500 сом деген көп ақша. Жұрттың жылдық табысы 2000 сомға жетпейтін. Аудан әкімдерінің айлығы 200 сом ғана болатын. Облыс басқаратын адам 260 сом алатын, кейіннен 400 сомға көтерілді. Ал менің баспадағы айлығым 130 сом-тұғын. Сыйақымызбен 150 сомға баратын. Бұған қаламақыны қосыңыз. Екі жылда бір кітап шығарамыз. Отыз мың данамен шығатын болса, яғни облыстардан сондай тираж жинай алса, әлгі 500 сомның үстіне тағы 500 сом қосады. Сонда мен кейбір адамдардың он жыл жұмыс істеп табатын ақшасын бір кітап жазсам, бір жылда табатынмын. Салыстыру үшін айтсақ, 20 мың сомға, яғни жаңағы бір кітаптан алатын ақшама 2 «Волга», 2 жақсы гарнитур келетін. «Волгаңыз» – машинаның төресі. Ал сол кезде 1200 сомға сатып алған гарнитурды күні бүгінге дейін пайдаланып отырмыз. Мұндайды кім жек көрсін?! Жазушыларымыз жаппай жазуға отырды. Мұндайда шығарманың көркемдік жағына аса қатты мән беріле қойған жоқ, көпшілік ақша үшін жазды. Ақша үшін бұрқыратып жазған ақындар да болды. 6-7 айда 30 баспа табақтық роман жазып тастаған адамды білемін. Салыстыру үшін айтсақ, Достоевский «Идиот» деген романын 7 жыл жазған. Тоқсанға таяғанда дүниеден өткен Толстойдың бар жазғаны он томның айналасында. Ал біздің жазушылар жылына бір кітап жазып, онысына 30 мың сомнан қаламақы алып тұрды. Осыдан келіп халтура туды. Ол жазушылардың талантына ешқандай талас жоқ, шетінен талантты болатын. Бірақ, қоғамның өзі оларды халтураға баруға итермеледі. Ұяты бар адамдар халтураға барған жоқ. Атап айтсақ, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты жазушылар халтураға бармады. Тез жазады деген Сәбит Мұқановтың өзі де аяғын аңдап басты. Тахауилардың да жауапкершілігі жоғары болды. Кейінгілер құртты». Міне, Айдос ағамыз айтқан соцреализм дегеніміз – осы. Ағамызды алаңдатып отырған мәселе, жоғарыдағы айтылған халтураның көбеюі һәм шығармашылық адамның мемлекеттің қолдауын көрген соң «шеңберден» шыға алмай қала ма деген қауіп секілді. Сонымен қатар, ағамыздың: «Оның үстіне адам ретінде ақын мен жазушы басқа да кез-келген кәсіп иесінен еш артық емес. Егер бір топқа жағдай жасалса, басқа да топтардың барлығына дәл сондай жағдай жасап шығу қажет. Бұл – утопия!» дегеніндегі басқа бір топ дегенде біздің ойымызға қаламгерлердің хәлін кешіп жүрген суретшілер мен театр әртістері секілді өнердегі жанкештілер келді. Расында суретшілердің де шекесі шылқып тұрған жоқ. Баспана күйі мен тұрмыс тауқіметі олар да да бар. Олар да көз майын тауысып, бояу жұққан қолын талдырып салған дүниесін ақшаға сатып бала-шағасын асырап отыр. Егер, Айдос ағамыз айтқан басқа топқа осылар жататын болса, неге мемлекет қаламгерлер мен қоса оларға да жағдай жасамасқа? Онсызда кезінде бар назар экономикаға ауып, руханият жұтаң тартып қалған жоқ па еді? Енді етек-жеңімізді түзеген соң, «той-томалаққа» шашқан ақша мен шет елден келген кірме легионерлерге құйған қаржыны неге өзіміздің мәдениетіміз бен әдебиетіміздің туын құлатпай жүрген жандарға бермеске, деген ой қылаң береді.

Ағамыздың «қаламгерлерді аймақ-аймаққа таратудан гөрі Арқаның зиялы қауымын күшейту керек» дегені әдебиет аулақтағы мимырт үнсіздікте емес нағыз қызған ортада, шоғыр ішінде қарқын алады дегені деп ұқтық. Иә, жалыны сөнбеген жастарды Арқаға алдырып, басын қосып, баспанамен қамтамасыз етіп жатса, жастар өз кезегінде аянып қалмас деп ойлаймыз.

Ескі дерт һәм есті сөз

Жалпы, Есболат ағамыз көтерген баспана мәселесі қай буынның да басынан өткен. Адуынды ақын Қасымнан бергі үзілмей келе жатқан қоғамның «бас» ауруы. «Берсең бер, бермесең қой, баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды...» деген мәтелге айналған өлең жолын бүгінгі күні біраз жастар іштей қайталап та жүрген болар. Әрине, қалаға наласын айтып, базынасын ақтару әдебиетте «мода» емес екені белгілі. Бірақ, неге баспана тақырыбында жазылған жырда есеп жоқ? Сексенінші жылдары төңкеріс жасай келген Тыныштықбек ағамыздың «Транс» деген өлеңiнде:

«Тәндi қайтем,

Ертең шiрiп қалар тән.

Жанды қайтем,

Жанымды ұғар жоқ ортам.

Мына қала өгейлiгiн танытты-ау,

Өлмей тұрып, көзiмдi ендi жоғалтам»,-дей келе «...Үйім жоғы үрей болды-ау басыма, Дүмбілездер дүлей болды-ау, кім белген» және «...Бұл жалғанның ауыр екен басыңнан, Баспананың елесiмен ұрғаны!”, «...Үй түгiлi үйшiгiн де сатпайды, Саудагерлер бiз жинаған тиынға», «Баспана үшiн құл қылатын қоғамға, Қаңғып өлген жақсы шығар онан да!» сынды жолдары, одан бертіндегі Тараздың тағдырлы ақыны Серік Томановтың қала тақырыбына бірнеше өлең арнап, оның дені баспана мәселесімен: «Қанішер қала, қанып іш менің қанымды, ішуге ілік, соруға сүлік табылды» немесе баспана қожайынына арнаған өлеңінде «...өйткені үйін жалға алдым. Талтаңдап келіп қағады арқамнан, қалтамды қағып алған күн» деген циклді жырлары қазақ қаламгерлері қашаннан «баспана елесімен» өмір сүргендігіне дәлел болса керек. Сол ақын Серік Томанов Алматыға да келіп, күйі болмай қайтадан Таразға кетіп, онда да жөнді жағдайы болмаған соң ауылына кетуі талай өзекті өртегені рас. «Егер де қоғамның ондай соққысын алмағанда қандай құнды дүниелер қалдыратын еді» деген орны толмас өкініштің әлі күнге кеудені тоқпапқтайтыны бар.

Ақынның көз жасы

Әлеуметтiк қиындықтың құрсауынан шыға алмай арманда кеткен ақын аз ба? Бірде әлеуметтік желіде Қаныбек Абдуов есімді ағамыз өзінің дара таланат Әмірхан Балқыбек жайлы естелігімен бөлісіпті. Назар аударайықшы:

«Алматыға барған бір сапарымда Әмірхан інім кезіге кетті. Кәдімгі қаламгер, арқалы ақын Әмірхан Балқыбек. Екеуміз біраз сырластық, өткенге ой жібердік. Ол пәтерге қалай қол жеткізгенін тамылжытып айтып берді.

Ол кезде Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов еді. Имекең ағамыз, ақын Ұлықбек Есдәулетовке баспанадан қиналып жүрген 10 жас қаламгердің тізімін жаса деп тапсырады. Содан елге белгілі деген жастарды жинақтай бастайды. Сол тізімге Әмірхан да ілегеді. Енді қалалық әкімшіліктің тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық бөліміне құжат тапсыру керек. Уақыт қысқа, жедел қозғалуы тиіс. Үй дегесін жан бар ма, бәрі шапқылап құжат дайындауға кірісті. Ал, Әмірхан үнсіз, әрі дымсыз. Себеп – төлқұжаты жоқ. Жоғалтқан. Шарқ ұрып іздеді, таппады, жасата қоюға уақыт көтермей тұр. Амал, жоқ, санын сабалап, өкініп отыр.

Ордер тапсыратын да күн таяды. Қала әкімінің қабинетіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы тоғыз азаматтың құжаты дайын екенін ескертуге кірді. Сол сол-ақ екен, Имекең оны жерден алып, жерге салды.

– Мен саған құжат жина дегенім жоқ. Ордер бер дегенмін. Маған шұғыл оныншы адамды шақыр, – деп пәрмен берді.

Жұмыста бей-жай отырған Әмірханның қалта телефоны зыр қаға безілдеді. Көтере қойып еді, арғы жақтан орыс әйелдің даусы шықты: –Балқыбеков, срочно приежай горакимат. Тебя аким ждет, –деп тұр.

Жаппарқұлда жан бар ма, екі өкпесін қолына алып акиматқа жетіп барды. Имекең Әмірханды жылы шыраймен қарсы алып: –Қазір аты-жөнінді айтып, ордеріңді ал. Қоныс құтты болсын, бауырым! – деп қолын қысты. Көзден жас парлап кетті. Туғаны жасамаған жақсылықты танымайтын Тасмағамбетов жасады. Тіпті құжатын керек етпей, бетіне қарап бере салды. Оның осы мәрт қасиеті көңіліне сыймай, жүрегін толқытып жіберді.

Ол ордерді алып, үйді көруге шықты. Әлі өзіне сенбей келеді. Қуанышын бөлісейін деп жұбайына жеткізгісі келген. Бірақ өзін тежеді. Мархабат: « алда-жалда үй алып жатсаң, маған бірден жайып салма, жүрегім әлсіз, астарлап жеткізерсің» деп ескертіп қойған. Қайтсын байғұс, пәтерден пәтерге көшіп, баспана тауқыметін бір кісідей тартты ғой. Тауық күркедей болса да құжыраға кірсек деген үмітпен жүргелі қашан. Сол үміт бір сәтте орындала кетсе көлкөсір қуанышты қөтере алмай кетермін деген күдігі ғой.

Әмірхан пәтерге кірді. Көңілі орнықты. Демін басты. Сөйтіп мекен жайды айтып, әйеліне телефон соқты. –Мархабат, мен қонақта отырмын. Сені келмесе болмайды деп жатыр мұндағылар. Жедел жет! – деді де нүктесін баса қойды.

Ол айтылған «адрестен» адаспай, үйді лезде тапты. Есігін ашты. Іші бос, қаңырап тұр. Тек алдынан Әмірхан шықты күлімдеп.

–Мұнда нағып жүрсін?

–Бұл енді біздің үй, – деді Әмірхан.

–Шының ба, әзілің ба?

–Шын сөзім, Мархабат!

Олардың қуанышында шек жоқ. Қиындық атаулыны тартып алып, орнына мына баспананы бергендей тәңірге ризашылығын білдірді. Осылай бақытты ғұмыр жалғасып жатты...

...Әмірхан осы әңгімесін айтып отырып, тағы да көзіне жас алды: «Иманғали ағамның жақсылығын енді қалай қайтарам» дейді. Ия, ол солай деген. Қатты қуанып кетті ме, оның ғұмыры ұзақ болмады. Бірақ кеудесінде бір үміт тұтанса, оған Имекеңнен артық жарылқаушы қажет емес. Әмірхан үшін Имекең қайталанбас тұлға болып қалды».

Енді осыны жаныңыз тебіренбей, өзегіңіз өртенбей, тамағыңызға ащы өксік кептелмей оқу мүмкін бе?! Бір Әмірхан ағамыздың бұл күйі қазір қаншама қаламгердің басында жүр? Жұматай Жақыпбаев “Ақын өлтiру ойыны” деген өлеңiнде: «Жас бала демей қарбытып, Баспана бермей қаңғытып», – дейдi.

Шығармашылық үйі керек пе?

Есболат Айдабосын мен талантты ақын Ерлан Жүністің Талдықорған қаласынан әкімнің қолдауымен баспаналы болғаны бәрімізге белгілі. Есболат ағаның шығармашылығымен болмаса, өмірімен жіті таныс емеспіз, бірақ ақын Ерлан Жүністің де баспана зарын тартып, біресе Таразға, біресе Алматыға, біресе Астанаға қоныс аударып, «көшпелі» болғанынан хабардармыз. Енді үйлі-күйлі болған жазушының осы шарапатты басқалар да көрсін деген ниетін аңғарып отырмыз. Мүмкін жазушының көтерген мәселесін эксперимент ретінде жасап көру қажет шығар? Онсыз да елімізде білім саласында, басқа салаларда да түрлі тәжірбиелер жасалынып жатқан жоқ па? Мүмкін, қаламгерлерге шығармашылық үйі деген ашып, жылына екі мәрте сонда шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасау қажет болар? Бұл ойға Есенғали ағамыздың мына бір сөзі себеп болғанын айтып өткеніміз абзал: «Мен таяуда Өзбекстан Жазушылар Одағының Ташкенттегі Дүрмен шығармашылық үйінде болдым. Жазамын деп жүрген бір нәрселерім бар еді... Бірсыпыра қағаздарымды реттестіріп дегендей... Өзбектер Жазушылар Одағының шығармашылық үйін сол күйінде сақтап қалған. Барлық мүшелерге қолжетімді. Тап-таза. Одан тысқары Дүрмен бағында атақты қаламгерлерге арнап коттедждер де тұрғызған. Әркім өз орнын біледі. Әр нәрсе өз орнында. Қалыптасқан тәртіп (ал тәртіп Өзбекстанда қатаң сақталады) бойынша, әр жазушы сол коттедждерді жалдап тұруға құқылы. Жазып жатқан дүниең аяқталмаса, мерзімін әрі қарай создырасың. Жазып болсаң үйді босат, басқа жазушы келеді. Үш аптаға мен біздің ақшамен он сегіз мың теңге ғана төледім. Өзбек қаламгерлерінің өз президенті Ислам Каримовқа деген сыйластығы керемет. Оның көркем әдебиет туралы, руханият туралы қанатты сөздерін Дүрмен бағының ең көрнекті жерлеріне жазып қойған. Және бұл көпе-көрінеу жағымпаздық емес, шын қамқорлық танытып отырған жұртбасына деген ағеден ықылас». Бұл да бір есте болатын жайт екен. Біздікі – ұсыныс.

Таласбек Әсемқұловтың «Шырғалаңы қиын шеңбер» атты мақаласында: «Баспана – бүгінгі қазақ үшін Гамлеттік сауал, ол аз десеңіз баспана – философиялық, онтологиялық проблема» дегені бар. Сол мақалада бір ағамыздың өмір бойы үйсіз өтіп, баспана зарын тартып, зейнетке шығар алдында үйлі болғаны айтылады. Сол кезде әлгі ағамыз аса қуана қоймапты. «Себебі, оған баспана алаулаған жастық шағында, тұрғыластарымен сыйласатын азамат кезінде қажет болатын. Өмірі төрт қабырғаны аңсаумен өтіпті» деп аяқтайды сөзін автор. (Осы мақалада біраз дүние айтылады. Оқығандарға қайта оқуға, оқымағандарға міндетті түрде оқуға кеңес берер едім).

P.S. Азамат ретінде аздаған ой айттық. Ел айтқан соң, үнсіз қалмайық деген кеп емес. Әдеби полемикаға ұласқан тақырыптың әр буын үшін де маңызды екендігіне назар аударсақ дедік. Ақын Ғалым Жайлыбайдың: «Ұлтым қайғы кешкенде, жұртым қайғы,

Сарыуайым сағаты сыртылдайды.

Ақындары алақан жайған елдің,

Қатындары қол бастар ұл тумайды», - дегенінде шындық жатқан шығар...

Наурыз САРША


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар