Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. «Мәңгілік мұздың бір жарықшағы»

01.09.2015 227

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы. «Мәңгілік мұздың бір жарықшағы»


 


 

Туындыны бір шолғанда дүдәмәл ойға қаласың, тұщынып оқып шыққан соң тұманды ойдың арбауына түсесің. “Серт” хикаятын оқып шыққанға дейінгі, оқып шыққаннан кейінгі  әуелі бүр жарған, кейін жемісін берген ғылыми пікірді өз басым қаламгер ретінде жоғары бағалайтын Дидар Амантайдан соң жарыққа шығармақ болдым. 



Қазіргі қазақ прозасында жазушы қай әдеби әдіспен жазбасын, қай әдеби ағымның жалына жабыспасын, оған постмодернистік интерпретация жасалынып, мәдени герменевтикалануы оның постмодерндік туынды екендігін, ал, қаламгердің кейігмодернші жазушы екенін танытпайды, қайта кеңестік эстетикадан іргесін аулақ салған жаңа гуманитарлық пайымдау процесінің скриптор тарапынан жүзеге асқандығын ғана ұғындырады. Мәтінді  кеңестік эстетика аясында сөйлету – бір бөлек, сол туынды бойындағы автор бейнесін неоахметшілікпен ашу – бір бөлек. Прозалық көркем шығармашылықтың басты өлшемі – Мәдени кодқа иелік ету. Ал, кез келген прозалық мәтін мәдени кодқа ие бола бермейді. Ал, Мәтін ақпараттығына иелік ету үшін туынды автор тарапынан белгілі бір ұлттық дүниетанымды ұстанған мәдени кодқа қожалық етуі керек. Автор образы – ол қолданған мәдени код арқылы ашылады.



Бұрын біз прозашынының авторлық образына – қоғамдық қайраткерлік бейнесін қосақтай алмай келдік. Оның себебі – бұл үстем ұлт орыс авторларының еншісіндегі дүние еді. Бізге бұйырғаны автор образының – шежірешілік екінші қатардағы бейнесі болатынды. Қазақ авторы – қоғам шежіресін жалпақ жұртқа танытатын мәдени қайраткер әм милети идеолог. Осы мәдени қайраткерлік пен милети иделогтық автор образы бойында бұғып жатып, Мәтін ақпараттығымен наррацияланады. Автор образының мәдени қайраткерлігі не тамаша, не нашар ашылады. Оның себебі автордың ұстанған ұстанымын оқырманына ұқтыра алуы мен сендіре алмауында. Ал, оқырман тарапынан Мүлде ашылмай қалса, онда қаламгердің ұлты үшін өлі мәдени құндылықты өмірге әкелгені де.



Бұрын орысқа жақпағаның бәріне төбеден қараушы сыншы – элита,

Әдебиеттанушы – қазаққа жақпаған кеңестік эстетикаға құл бала болса;

Енді әдебиеттанушы – өткенге ғылыми кешірімен қараушы алаштық элита; 

Сыншы – өткенді аңсаушы неокеңестік эстетикаға қолбала болды. 

Жасық туындыда – жаһұттық, 

Жаһұт туындыда – жасықтық бар... 

Жаһұтты – жасықтандыру да, жасықты – жаһұттандыру да Жаратқанның пәрменімен әдебиеттанушының әрлеуімен жүзеге асатын үсті көрініп, асты көрінбейтін әдеби-мәдени Айсберг. 

Сыншыда – дос, әдебиеттанушыда – қас жоқ. Өйткені, сыншы тиісіп сөйлесе, әдебиеттанушы – теориясын қосып сөйлейді. 

Қазіргі әдеби процесте Сыншы – сот; 

Әдебиеттанушы – адвокат. Өйткені: әдебиеттанушы теңгелік шығарманы – долларлық туындыға; сыншы – долларлық шығарманы – долбарлық туындыға айналдырады. 


Әдебиеттануда сын бар: ол ашық емес, үсті көрініп, асты көрінбейтін әдеби-мәдени Айсберг. Әдебиеттанушы кеңестік эстетика ұстанымындағылар ойы өліп сөзі өлмеген туындыны құныттап, пысқырып қарамайтын сөзі өліп ойы өлмеген туындыны авторының дұшпандарының ішін күйдіретін мәдени-рухани бауыздау стилистикалық тәсілін қолданады. Ақаң үрдісіндегі әдебиеттанушы үшін жылтыр да, көпірме көп сөзділік емес, алаш дүниетанымның мәнін ашатын тауып айтылған ойлы сөз керек. Осыған жауап беретін туынды жарым-жан сөздері мен дімкәс сөз кестелеулеріне қарамай тамаша туынды санатына жатқызылады. Қазаққа ой емес, сөз қуғызған кеңестік дерттен әрі арылмағандар – бұған көнгісі келмейді, ал, оған әдебиеттанушы кінәлі емес...


Стильдік полисемиялығы (балалар әдебиеті мен ересектер әдебиетінің аралық жанрлығына) және де гиперреалистік ой-толғамына қарамай «Серт» жаңа тұрпаттағы әдебиеттің ішіндегі шоқтығы биіктердің санатынан болып табылмаса да, өзіндік авторлық тұжырымымен көркемдік пішіндегі олқылықтың орнын үзіктілікпен толтырып отыр. Әрі үзіктілік арқылы шағын әңгімелер шоғырын топтастырған күнделік стиліндегі новеллалық тізбектен тұрады. Хикаят пен әңгіменің аралығындағы жарлық өзгешелік. Тұрпайы тілмен айтсақ – ат пен есектің буданынан шыққан прозалық қашыр. Сол себепті автор кейін қалам қарымы өскенде осы туындысы туралы ауызға алуы да мүмкін алмауы да мүмкін. Біз бұны Елдостың балалар әдебиетінен ерсектер әдебиетіне өтуіндегі өзіндік шығармашылық ізденісі деп ұқтық.


Және жастар көбіне жүгінетін гиперреалистік стильдік қасақаналық бар. Ол әңгімені хикаятқа айналдырмай, новеллалық шоғырмен фрагменттеп келіп, шорт үзу. Бұл аралық жанрды жастар қазақ прозасына әкелді. Онымен санасу керек. Бұл өскендігіміздің белгісі дейтіндер де бар, өшкендігіміздің белгісі дейтіндер де табылады. Минихикаят – болашақта жастар шығармашылық тәжірибе жинағанда өзінің ұлт мәдениеті үшін игі нәтижесін береді. Бұл Елдос тәрізді жас прозашылардың тәжірибелік жанр шолуы, композиция қиыстырып, жаңа жанрдың бағын ашудағы гиперреалистік әдеби әдісте өз орын белгілі бір жанр аясында табуға жасаған алғашқы қадамдары. Бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Әрі жастар аға және орта буын сияқты сала құлаш роман жазуға пейілді емес. Теориялық-амаляттық жақтан оны күні өткен дүние санайды. Бұған келісуге болады, әм өре түрегелуге болады. Қазақ романы көтерген жүк енді жастар тарапынан минихикаят мойынына жүктелейін деп тұр. Жарымқаһарман мен Жарымавтор ұғымы минихикаят сюжеттік-композициялық өзегіне негіз болады. Бұл қазақ гиперреализмінің өзіндік ерекшелігі әрі оны жастар әкеліп отыр. Шығармада толық кейіпкер жоқ, бәрі жырымдалған (оқиға да, кейіпкер де): оны жарымдаушы дербес әңгімеші мен Меншіктенген хикаятшы. Олар автор қалауымен орын алмастырып отырады. Бұған әдебиеттанудың көнбестен басқа амалы қалмады. Өйткені, нарраторлық мәтін ақпараттығы осыны қазаққа таңып отыр.


Серт беруді біз батырлар жырынан, Сұлтанмахмұт поэзиясынан жолықтырамыз. Немесе бұған дейінгі қазақ прозасында штирх түрінде детальдап ұшырасатын  Мәтін ақпаратының мотивтік үзінділігіне жолығамыз. Гиперреализм қазақ прозасын адам танымастай өзгеріске ұшыратты. Соцреализм стилі, тіпті постсоцреализм стилі де – тарихи стильге айналып та үлгерді. Оның орнын мәтін ақпараттығын танытатын полистиль басты. Осы полистильді ұғындыру мәдени-әдеби табиғаты мен болмыс-бітімін ашып көрсету мәселесі ғылыми күн тәртібінде тұр. Бұрын реалистік туынды нақты уақыт пен нақты кеңістіктегі адамзат құндылығын оқиғаға өзек етсе, гиперреалистік туындыда реалды өмір шарттылықпен суреттеледі. Одан нақты уақыт пен кеңістікті іздеп әуреленудің керегі жоқ. Бұл реалистік әдебиеттің бәрін былапыстаған Батыстық жосықтағы постмодерндік туындыларына беріп отырған өздік жауабы. Оның діңі – тарих. Бірақ осы тарихи дің – христиандық па, исламдық па?! Бұл скриптор ескеретін басты қағидат. Борхес – Ислам Шығысын христианның көзімен береді. Біз бұған бас шұлғимыз. Неге!? Осы бас шұлғуды қойып, неге біз адамзаттық құндылықтардың шығу төркінін алаштық көзқараспен игерсек, Борхестің бүгінгі жастар прозасына тигізіп жатқан ықпалы кемімесе де, бұл үрдісті Батысқа жалтақтамай қалай игеруге болатынының шығармашылық  жолы мен амалы түсінікті бола түседі. 


Ең бастысы, қай жастағы, қай әлеуметтік топқа жататын, қандай саяси ұстанымдағы қаламгер өз оқырманына мәтін ақпаратығын автор образы арқылы ұсынып отырғандығы. Бұл арада жастардың өңге буыннан бұрын әдеби проблема көтеріп, авторлық қисынды прозада алға тартуы басым ба, әлде Батыстың жетегінде кетуі басым ба?! Осы мәселе әдеби ұрпақ жалғастығында басты орында тұрады. Түрлі жастағы түрлі ұстанымдағы оқырман мен автор мәдени сұхбаттастық үстінде бір-бірімен бетпе-бет келеді Осы оқырман мен автор мәдени сұхбаттастықтағы мәтін ақпараты (автор өзінше ұсынып, оқырман өзінше ұғынатын) мәселенің мәнісі үш қырынан ашылуы керек: а). мазмұндық-дәлелдік, ә). мазмұндық-концептуалдық, б). мазмұндық-астарлы. Оқырман осылайша, үш қырлы үш түрлі рухани-мәдени ақпар ала алады. Ала алмаса не өзі, не автордың кінәлі болғандығы да.


Серттегі “мазмұндық-дәлелдік”: автор ұсынған болжамдар және де өз не өзгенің өмірінде орын алған белгілі бір фактіні  не қиялдық желімен, не ақиқаттық өріммен баян етуден тұрады. Мысалы: “– Жұмаділ Әубәкіров – біздің даңқты жерлесіміз. Ол – кешегі 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан әскери капитан, – деп біздің өз ауылымыз туралы әлі ештеңе білмейтінімізге қатты налыды. – Естеріңде болсын, туған ауылының тарихын білмеген бала, болашақта  оның көркейіп, дамуына үлес қоса алмайды! – дегені сол еді, қоңырау шар ете қалды. Осы қоңырау  мені тығырықтан шығарған « құтқарушы періштем» секілді болды. Алайда мұғалімімнің соңғы сөзі  қатты әсер етті.”


Фактінің өз көркемдік шешуін табуының түрлі қисыны автор тарапынан ұсынылады. Оқырманның оны құптау немесе құптамауы өз еркінде. Қалмагердің өмірлік тәжірибесінен алынған ұлттың әлеуметтік, саяси, экономикалық һәм мәдени өмірі жайындағы әр ойы мен әр пікірі тұспалды емес, ашық айтылады.


Бұл кез келген шығармадан оқырман танып-түсіне алатын айқын да, ашық қатпар. Бұны автормен сұхбаттастық барысында емін-еркін игерген оқырман енді мәтін бойындағы мазмұндық-концептуалдыққа келгенде тұмсығын тасқа тірейді де, түпкі мәнді, яғни, соңғы қатпар: мазмұндық-астарлы жосықты аттап өте шығуы да ықтимал. Мазмұндық-концептуалдық ақпарат қаламгердің қиялындағы дүниенің шығармашлыық әлемде орын алатын ұлттың әлеуметтік, саяси, экономикалық һәм мәдени өмірі жайындағы авторлық байлам айтулар мен жеке бастық түйіндеулерінен тұрады. Оның бірде айқын, бірде бұлыңғыр ұғынуы әр оқырман тарапынан түрлінше ұғылып, түрлінше пайымдалады. Көркем мәтіндегі Мазмұндық-концептуалдық ақпарат автор ой ұшқынының ұштығын танытады. Мсыалы:


Үміткерлер мен әділқазылар тарапынан бес сұрақ қойылды. Бәріне Отан тарихы аясында толыққанды  жауап бердім. Бәрі қол соғып, қошемет көрсетті. Жүрегімдегі «менім» жеңімпаз боларыма сеніп, қуанышты жауап күтіп отыр едім. Қуанышым көпке ұзай қоймады. Апайым екеумізді тапал бойлы, бидай өңді кісі жеке шақырып алып:


– Сіздердің жұмыстарыңыз өте жақсы. Шәкіртіңіз жалындап тұр екен. Облысқа өту үшін 15 мың теңге берсеңіз, І орын сіздердікі, – дегенін құлағым шалғанда, көзім қарауытып, басым айналып, құлағым тас бітіп, жүрегім аузыма тығылып, мең-зең боп, Кербаланың шөліне қақталғандай жұтынып, безердім де қалдым. Ұстазым Қаламқас Нұрболатқызы – өте әділ, ақ сөйлеп, жақынына жақпайтын ақ адал жан. Ол кісі:


– Кешіріңіз, баланың көзінше ақша сұрап, өзіңіздің педагогтік этикаңызға нұқсан, арыңызға дақ түсірдіңіз. Мені қойыңызшы, етім үйреніп қалған, мына баладан ұялсаңыз етті. Сатып алған жүлденің көк тиындық құны жоқ. Әділқазы деген заттарыңыздың абыройын түсіріп, шәкіртімнің жүрегіне жара салдыңыз-ау!.. Жүр кеттік, Сырымжан,  – деп апайым мені қолымнан ұстап, сыртқа шыға жөнелдік. Апайым әріптесінің бейәдеп қылығы үшін қызарып, маған:


– Сырымжан, өмір болғасын жеңіс пен жеңіліс, жақсылық пен жамандық қатар жүруі - заңдылық. Адам баласы ала-құла, әр түрлі болады. Осы бастан оны да көріп, біле бергенің де артық болмас... Еңсеңді түсірмей, тік ұста! Сенің абыройың – таза. Аққа Құдай жақ! – деп, мені жұбатып жатыр. Осыдан кейін, ең қадірлі – білім саласы да көк ақшаның құлына айналып, қадір-қасиетін түсіріп алғанын,  аудандық мүшәйра, оқулар мен олимпиада, «Ақбота», «Кенгуру», «Русский медвеженок» секілді интеллектуалдық байқаулардың жүлделерінің де сатулы екендігіне көзім жетіп, көңілім құлазыды.


Бала арманы ақша билеген дүниені біліммен жеңгісі келеді. Оған баланың қол жеткізетініне автор сендіреді.


Мазмұндық-астарлы ақпараттық туындының стильдік-жанрлық ерекшелігімен байланысты белгілі бір кеңестік пен уақыттық шарттылықты иеленеді. Поэзияда дәл осы «шәкірттік АНТ» - Сұлтанмахмұтта, осы стильдік айшық прозада – Бердібекте байқалады. Енді осы екі әдебиет алыбының идеясын бойына тоғыстырған жаңа туынды өмірге келген. Автор Фуконың «Білім археологиясы» концепциясын ұстана отырып, Бодан елдің бозымдары Сұлтанмахмұт пен Бердібектің арзулы арманын Бостан жылдардың тарихи адымымен азат елдің балғынның арман-арзуының түпкіріне жасыра басқа қырынан танытады. Гиперреалистік туынды осылайша дәуір мен дәуірді ұластырып, әр қилы дәурендегі алаш баласының қилы арманын алдымызға жайып салады. Түрлі уақыттағы түрлі кезеңдегі түрлі ұстанымдағы Сұлтанмахмұт пен Бердібек және неоавтор жаңа қазақ оқырманымен жартыавтор мәдени сұхбаттастық үстінде бір-бірімен бетпе-бет келеді.  Енді....


Азат елдің ұланының өсу жолы: Қасиетті  бұлақ, Түс, Өршіл мінез, Тарихқа бастар баспалдақ, Аршалым – алтын бесігім, Жаңа оқу жылы, ғылымға табан тіреу,  құрбандыққа шалынған сезім,  ізденіс жолдары, еленбей қалған батыр, сәтті сапар, жүрек мұңы, қиянат, өкініш,  бауырмалдық, барометрім, сенім, серт фрагментарлық үзікпен беріледі. Осы 18 бөлікті үзіктілік балаң сезімнің болашақ өмір баспалдағын азамат болып атағандығын танытады. «АНТ» қасиетті ұғымы, бодандық дәуірде білмі арқылы ұлтын мәдени азат етуді ойлаған Сұлтанмахмұтқа “Олахми, Ант етемін Алла атымен” дегізсе, енді азаттық дәуірде осы сюжет-мотив мүлдем басқа қырынан: “ Менің жаным – әдебиет. Ұстанымым – Ахмет Байтұрсынның сөзі (Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін). Ұраным – Алаш. Ғылыми бағытым – ХХ ғасыр. Салам – тарих. Қызығушылығым – ұлттық журналистика. Әуестігім – кітап жинау. Сүйікті ісім – кітап оқу.


Білім – теңіз. Сол теңізде жүзгің келсе – өз кемеңнің ұзақ  та соқтықпалы, соқпақсыз жолға жүре алатынына көзіңді жеткіз. Қарсы соққан дауылдар мен толқындардан адаспай, бет алған бағытыңнан жаңылмай өте білсең – білімнің түу биігіне көтерілгенің. Иә, Жаратқан Ием, ниетіме жеткізе гөр!

Иә, Аруақ, желеп-жебеп жүр!

Қазақ  тарихы  үшін  шам  қылғым келеді  жүрек  майын!


Тарихтан өзіне лайық бағасын ала алмай, тасада қалған ерлер қаншама?! Әрқайсысын тірілту керек! Ұрпағымен қайта қауыштыру керек. Тек Жұмаділ Әубәкіров қана емес, Аршалыдан соғысқа көптеген ерлер кеткен еді... Жас өркен  соларға жоқтаушы болуы керек. Замандастарыммен  бірге осы іске білек сыбана кірісуім  шарт!


Серт бердім! Иә, сәт!!! ” деп танылады.


Адам өз балалық шағына жеке бастық шығармашылық немесе пенделік, ал, ұлт этнопсихологиясы өз милети өкілдерінің  әр дәуірінің балалық шағына мәдени-рухани саяхат жасайды. Егерде белгілі бір дәуір бүкіл бір халықты балаға айналдырса ше!? Тәуелсіздік бізді тәттіге алданған балаға айналдырды. Міне, осы кезеңде нағыз баланың жалған балалармен бірге өткізген ғұмыры танылатын туынды өмірге келіп отыр.


Орта буын да, іні буында, әрі әдебиетке енді келген кіші буын да өз туындыларының ескі мәнермен талданып, ескі жосықпен тәпсірленуге көңілі толмайды. Кеңестік және орыстық таптауырынды деңгейде емес, әлемдік деңгейде Маркес пен Борхестей талдануды қажет етеді. Осы қажет ету Неокеңесшілерге қаламгерлік көңіл толмауды туғызды. 


1991-2014 жылдары әдеби процесте милет әдебиетінде өмірге келген сюрреалистік, мистикалық, гиперреалистік, постсоцреализмдік айтулы туындылар мен жаңа тұрпаттағы сюрреализм, қазақ мистикасын, гиперреализмді өмірге әкелген айтулы тұлғаларға баға берілмей, қаламгерлердің ортасында әдеби сын мен ұлттық әдебиеттануға қатысты орынды реніш туындап, өздері әдебиет сыншысы мен әдебиеттанушысына айналып, айтылмаған талай ақиқат, талай ғылыми шындық неоахметизмнің өмірге келуінің алғышартын жасады. 


Бір ғана мысал терминге қатысты. Сюжеттік баяндауды наррация алмастырды. Осы наррациялау әңгімелеу тарихының мәтіні ұғымын өмірге әкелді. Оны әңгімелеуші енді негізгі кейіпкерлерден бөлектеніп, авторлық мақсаттағы нарратор, оқырман тарапынан ұғынылатын нарраторға айналды. Бір ғана әңгімеші қаққа жарылды. Әрі атауы өзгерді. “рассказчик” және “повествователь” деген қос ұғым панславянизммен ауырмаған ТМД әдебиеттануына енді. Енді оның қазақша қалай аталуы ғана қалып отыр. Дербес әңгімеші (личный повествователь) және Меншіктенген хикаятшы (собственный рассказчик) 1991-2014 жылдары әдеби процесте милет әдебиетінде өмірге келген сюрреалистік, мистикалық, гиперреалистік, постсоцреализмдік айтулы туындылардан арнайы қарастыруды керек етеді.


Біздің балаң қаламнан туған «Серт» туындысынан жаһұт туынды жасау ойымызда жоқ. Тек ондағы идеялық темір қазықты жіпке тізуді ғана мақсұт тұттық. Отарлық дәуірде ата жалтақ, әке жасық, бала боркемік еді. Енді бізге Тәңір сыйлаған Тәуелсіздік осы мінезден ұлтты арылтуға бағдар ұстанды боркемік бала әке атанды. Оның ұлы арманшыл да, намысқор, Бабаның жалтақ, атаның жасық, әкенің боркемік болған дәуіріне түңіле қарайтын өзге тұрпаттағы ұрпақ. Ол жас болды енді міне, балалық шағымен қоштасып, өзіне өзі серт беретін шаққа жетті. Ұлт санасындағы ұрпақ жалғастығында осы өзгеріс «жарты автор» ұғым түсінгі арқылы оқырманға ұғынылады. Бабаның жалтақ, атаның жасық, әкенің боркемік болған дәуірінің көпүнділгі сезіліп тұрады.


Бүкіл ұлт тәуелсіздік перезентіне айналып, шал да, бала да, жігіт ағасы да, ұлттық эйфория құшағына енді. Бодандық дәуірге «Қамқа мен Қодарға» алаши құнбайшылдықпен тас атылды.

Санадағы «құлдық таңбасын» кетіруге шал да, бала да, жігіт ағасы да, өзінше атсалысты. Екі дәуір екі АНТ.


Құлдықтан Бостан болу үшін рухани ұйқыдан оянған ұлттың 1986 жылдан бастау алатын азат санасы мөлдір де, күнәсіз балалық шаққа оралуға ұмытылады. Әрі бостан дәуірдегі буыны бекіп балалық шағын артта тастаған жаңа буын азаматтық кезеңінің шымылдығын түрді. Азаттық дәуірдегі өмірлік бал-шырын мен тірліктің ащы-зәрлілігі қатар араласқан балалық шақты кешкен буын әдебиетке келді. Бодандық құлдық таңбасы маңдайына басылуға тиіс өксікті балалықты емес, әлемді мойындатуға тиіс ұлт арманы жүрегінің төріне мөрленген ұрпақтың балалық шағы екі түрлі. Бірінің көрген қиындығын, екінішісіне телуге болайды.

Серт беру арқылы Қасымның «өзге емес өзім айтам өз жайында» деген зор үні санада аңғарылады.


Жеке пікірдің қоғамдану жеке бастық оқиғаның ұлт тарихымен тоғысады да, бірінсіз бірі жоқ дүниеге айналады. Бұл серт қазақты рухани бодандықтан біржола арылтатын жаңа ұрпақтың анты.


Қазақтың жүрегінде мәңгілік мұз бар – ол – АНТ. Ол ерімейді, ол – Өлместей – Гілгәмештей – ажалсыз. Серт бере алатын сөзінде тұратын ұлт тек қазақ. Ант – қазақты өзге ұлттан – жүрегіне мұз қатқан жаугер болмысымен еректейді. Ант екі түрлі бірі – қылыш сүйіп, екіншісі кітап ұстап, қылышты бізден өзгелер тартып алғанымен, кітапты ешкімде қолымыздан жұлып алған жоқ. Өйткені, біздің әрқайсымыздың жүрегімізде Алаштың ерімейтін мұзының бөлшегі бар.

Тек алаш қана “Құранды басып НАН-ды алуға болады” деп айта алады. Бұндай өрлікті – жүрек түкпірінде мұзы бар ұлт қана айта алады.

Осы бөлшектің бір мысқалы осы туынды бойында орын тепкен.  Оның мәдени құндылығыда осында.


Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар