Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Астанада Есенғали Раушановтың жыр-кеші өтеді...

14.08.2017 8414

Астанада Есенғали Раушановтың жыр-кеші өтеді

 Астанада Есенғали Раушановтың жыр-кеші өтеді - adebiportal.kz

15-18 тамыз күндері «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Маңғыстау облысының мәдениет күндері өтпек. Бұл облыс елордалықтар үшін, оның ішінде әдебиетсүйер қауым үшін үлкен тарту жасағалы отыр. Мәдениет күндері аясында 16 тамыз күні Астана қаласында «Шабыт» шығармашылық сарайында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты кеші өтеді. Бұл кеш әрі Алаштың ардақты ақынының биыл мерейлі 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылып отыр. Кешті белгілі ақын Светқали Нұржан жүргізіп, кеш иесінің ақын інілері автордың жырларын жатқа оқиды. Қазақ әдебиетінің жыр-жампозының керемет кешінен қапы қалмайық!

Ал, бүгін біз ақынның "Амал деген айыңыз..." атты жаңа кітабынан бір топтама ұсынуды жөн көрдік. Кітап алдағы уақытта жарық көрмек.

«Жалғыз үйрек секілді жарыла ұшқан»

* * *

Шықпай-ақ қойсын ағам деп алдан,

Қалмаған көңіл бұл кімнен.

Басқасы мейлі-ау, саған не болған,

Бала күнгі дос, бүлдірген.

Айыбымды айтшы “қара, мынау “деп,

Көрмей ме мені көзің не.

Осылай жолда қаламын-ау деп,

Ойлаған жоқпын өзім де.

Тар көрінгенмен кең арнаң маған,

Ескексіз болды қайығым.

Мұхит осы ма мен армандаған,

Осы ма менің – лайығым.

Тас еді деймін жүрегім неткен,

Тас та сынбай ма кетіліп

Теңіздей тасып жүремін көппен,

Күлемін – ол да өтірік.

Дүлей толқынын кешіп ғайыптың,

Өтуде күндер, не керек,

Оңаша қалсам тесік қайықты

Жамаймын шандып шегелеп.

Қысылам тағы жүзім құбыла,

Сырымды ішке бүкпелеп.

Жыртық жамаған бізімді мына,

Көріп қалардай жұрт кенет.

* * *

Жиде гүлдеді, жиде гүлдеді,

Дүние неткен көгілдір,

Сен, бәлкім рас сүймедің мені,

Менікі – соқыр сенім-дүр.

Жапырағы ұшып жүдеген бақтың,

Кебі екен деймін бұ тірлік.

Бақытты болып күле де алмаппын,

Бақытсызбын деу – күпірлік.

Өзімді-өзім аядым-ай кеп,

Бетімді жасқа боятып,

Жиде гүлдеді баяғыдай боп,

Баяғы мұңды оятып.

Сары да сары сағым қашады,

Сары адырларды кемерлей.

Сарылтып атқан таңым да сары,

Сарғайып өл сен дегендей.

Қырқасын асқан қиыр да белдің,

Шаншыпты мизам жолға алтын.

Жиде гүлдерін биыл да көрдім,

Бақыт дегенің сол, бәлкім.

* * *

О, жазған құс, сен, бәлкім киелісің,

Қорықпашы, тимеймін.

Сен де оңаша қалғанды сүйемісің,

Мен бе?

Мен – сүймеймін.

Қамығасың қанатың малып мұңға.

Күл, жаным.

Сен де бәрі, бәрінен жалықтың ба?

Мен бе?

Мен ырзамын.

Тобырыңмен бірге ұшпай неге қалдың,

Анау сенің – аспаның.

Сен құссың ғой, жазған-ау, мен адаммын.

Мен деген басқамын.

Жүргендейсің жат жерде, бөтен елде,

Қызық мінезің.

Кетпеші алыс, сен бірақ, кете гөрме.

Мен келіп тұрайын.

Бір өзім…

* * *

Кешкі нұрға малынады тағы да,

Есік алды сыршыл бақ.

Періштелер қонып жатыр маңыма,

Қанаттары сусылдап.

Тыншиды енді тежеп жойқын қуатын,

Күллі шайтан, күллі жын.

Бір жұлдыз бар осы кезде туатын,

Сол менің жұлдызым.

Мен білмеймін ол жұлдыздың есімін,

Өзі ұяңдау, жасқаншақ.

Жарқ ететін киіз үйдің есігін,

Әжем кешке ашқан сәт.

Атты алдымнан талай құрлық таңдары,

Кезікпеді нелер шың,

Маған еріп қайда ғана бармады,

Ой, кішкентай жебеушім.

Атын білмей қиырларға жол шектім,

Жүреді алып мені аман.

Бірде Тахаң Ақтановқа көрсеттім,

“Ол қай жұлдыз? “– деді ағам.

Тағы да айтты: бір білсе оны біледі,

Соқпақбаев Бердібек.

Күлді және: “ылғи көкте жүреді,

Тарсынады ол жерді, ” – деп.

Бекең айтты: “Ахтановтан сұра сен,

“Жұлдызды” оның ұмытуы мүмкін бе?”

...Екі ағам да жерді тастап мына әсем,

Аспан жаққа көшіп кеткен бұл күнде.

Тахаңа ұқсап шалқығанмен еркелеп,

Айым туып оңымнан.

Бекеңе ұқсап жалығам да ертерек,

Сырттай берем тобырдан.

Атақ, мансап, абырой, бақ – тағы не?

Тағы не бар жетпеген?

Әй, қойшы деп қолды сілтеп бәріне,

Тартып кетем көкке мен.

Алла-ай, қашан тіл табамын осы елмен,

“Екі ағамды көргелі,

Жұлдызыма барып келдім” десем мен,

Бір мұсылман сенбеді.

Бұл өлеңді осыменен жабайын,

Тірі жүрсек жазылар-ау талай жыр.

Ауылымыз шет кетіп жатса, ағайын,

Аспан жаққа қарай жүр.

* * *

“Ал жаным-ай, дегенде ал жаным-ай,

Сендей болса арман не жан жарым-ай”.

Мен он төртте, Айнам көз он сегізде

Түйе бағып келеміз сам жамырай.

Топ үйректің бағыты құбыла бет,

Бұлтқа сіңіп барады сұғына кеп.

Кер үлектей келеден бөлек кетер,

Кербез үйрек кері ұшты бұрыла кеп.

Қара кемпір шәй ішіп, сөзге айналсын,

Сөзге айналып ештеңе сезбей қалсын.

Қара мая изенде.

Күн әлі ерте,

“Мен де кетем, – деді қыз, – көз байлансын.”

“Мен де кетем», – деді қыз. Қайда кетпек?

Самал тұра бастады сайдан ептеп.

“Он төрттесің” деп маған жел күледі.

Табан асты қара жол тайғанақ боп.

Қара мая сол күні келмей қалып,

Таңмен іздеп шығуға бел байладық.

…Айнамкөздің тойы өтті ертеңіне,

Бота қуып мен жүрдім көңді айналып.

Он сегіз бен он төрттің арасындай,

Мен ұзақ жол көрмедім, нанасың ба-ай.

Үлек тіздеп үйренген жігіт едім,

Айна қайтып келгенде бағы ашылмай.

Қайғы жейді-ау енді оны кәрі мыстан,

…Өлмейді Адам дедім де сағыныштан.

Кетім шығып ауылдан, бәрін тастап,

Жалғыз үйрек секілді жарыла ұшқан.

Сонда деймін тапқаның кәне, көңіл,

Жетпей құлап мертіккен мәреге кіл.

Он сегіз бен он төрттің арасындай,

Біздің өмір бұ да бір әлек өмір.

* * *

Арманда кеткен ағасын

еске алып сорлы інінің айтқан бір сөзі екен:

Домбыраның жазығы не?

Жоқ деймін.

Сен өлгелі бірақ, оны шертпеймін,

Күні бойы төс табанын тасқа үйкеп,

Күн батарда күлге шөккен көрттеймін.

Баурын жерден көтергенде көрт кейде,

Көретіні – қу құлпытас беткейде.

Шанақ жатыр күл-талқан боп шашылып.

Маған десе жанып, күл боп кетпей ме!

Кебірсіді кешегі айдын кең сағам,

Не айтамын, не айта аламын мен саған.

Анамызды сағындың ба?

О, бірақ,

Мен өлер ем сағыныштан өлсе адам.

Мен өлер ем сол сағыныш құрғырдан,

Өлмейді адам, майысқанмен зіл-мұңнан.

Домбырамды қайта құрап алсам ба,

Сен өлген күн өзім ұрып сындырған.

Домбыраның жазығы не?

Дайындаған: Наурыз САРША


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар