Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Баба рухына тағзым етті...

24.08.2017 4989

Баба рухына тағзым етті

Баба рухына тағзым етті - adebiportal.kz

Алаш Көсемі Әлихан Бөкейхан: «Абай - өз Отанының сом алтыны!», деген екен. Өлең сөздің патшасы болған Ұлы Абай ескерткіштің алдында Астанада ақынның туған күніне орай «Абай әлемі және рухани жаңғыру» атты әдеби-сазды мерекелік іс-шара өтті. «Абай әлемі және рухани жаңғыру» атты іс-шараға ҚР Парламенті және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, аудан әкімдіктерінің өкілдері, мемлекеттік орган, мекемелер мен кәсіпорын басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қарттар, жас ақындар және қызығушылық танытқан барша елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Шара баба рухына тағзым етуден басталып, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және өзге де астаналық тұрғындар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астанада 200 мәдени-бұқаралық шара өткізілуде екен. Сонымен қатар, Абайдың туған күні орай елордада Абай апталық оқулары басталмақ. Қалалық алаңдарда, жастар орталықтарында және студенттік ұйымдарда түрлі әдеби шаралар өтеді екен.

Шарада Астана қаласының мемлекеттік филормониясының фольклорлық тобы Абайдың әуезді әндерін орындаса, айтыскер ақын Аманжол Әлтайұлы бабаға деген арнауын жеткізді.

«Білімнің сарқылмаған бұлағы – Абай,

Ғылымның жарқыраған шырағы – Абай.

Киіз үйден әлемге есік ашқан,

Халыққа ой жіберген қырағы Абай», -деп келетін арнауын жұрт ықылас қойып тыңдады.

Белгілі ақын Қонысбай Әбілов ұлы бабаның рухани жан дүниесін жан-жақты қырынан ашатын мағыналы ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы, термеші Елмұра Жаңабергенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали сынды ән өнерінің туын аспандатып жүрген әншілер Абайдың әндерін орындаса, «Серпер» домбырашылар тобы Абайдың күйін шертті. Ал Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Қасымхан Бұғыбай «Абай монологын» оқыса жас ақындар Арман Шеризат, Жұлдызай Ысқақ, Мерей Қартов Ұлы Абайға арнау өлеңдерімен көпшіліктің зор қошеметіне ие болды

Сонымен қатар, астаналық көрермендерге Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Абайдың мұрасы – қазақтың ең асыл қазынасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырды.

-Әдеби-сазды шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа тағылым ретінде Абайдың рухына тағзым ету, Абайдың рухани құндылықтарын аша отырып, ұлы ақынның мұрасын жастардың санасына сіңіру.

Елбасының «Рухани жаңғыру тікелей Абайдан бастау алады» деген сөзі бар. Осы Абайдың туған күнінен бастап, қыркүйекте тіл фестивалін өткіземіз. 1 ай бойы жекелеген орындар, қоғамдық орындарда тілге бағыттау шараларын өткізбекшіміз», -деді Астана қ. тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ержан Еңсебаев.

Наурыз САРША


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар