Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Майра Фазыл. P.S. CӘТТІЛІК!

25.08.2015 227

Майра Фазыл. P.S. CӘТТІЛІК!


526792_358315377544958_1667339600_n.jpg

«Әдебиетшілер не деген аянышты жандар? Өмір бойы ешкім оқымайтын кітап шығаруды қиялдап өту үшін айтарлықтай есуас болу керек шығар?!» деп кекетеді тәуелсіздіктен кейін туылған інішек. Иә, мойындаймын, басымды бұтымның арасына тықтым. Бұл бірінші емес. Олай еткенім, мүмкін жартылай, мүмкін толықтай келіскендігімнен болар онымен. Кімге керегі бар? Не тәрбие құралы емес? Не ақшаның көзі емес? Танылсаң, маңайыңдағы он адам білер. Бар жауабым мынау. Бұтымның арасынан басымды көтеріп, әлгі нан жауғырға айтамын: «Түсінбейсің сен!». Шын айтқанда, ешкім ештеңені түсінбейді. Маған солай көрінеді. Тапқан себептің неше атасы бұл сұрақтарды қанағаттандырмайды.


Өткен әдебиет тарих болып кетті. Жиырмасыншы ғасырымыздың әдебиетінде жақсы болсақ та Кеңестен, жаман болсақ та Кеңестен. Ал, қазір? Қазір дегеніміз санада жаңғырып тұратын, әлі қыр асып үлгірмеген дәл қазір мен оның сәл-пәл ғана арғысы. Сонымен, кімдер олар? Үш негізгі топ бар әдебиет деген ұғымды қалыптастыратын. Ақындар, жазушылар, сыншылар. Менің қабылдауымда басқа топтар. Әркім ыңғайына қарай қалай майыстырсада өз еркі. Қосындылар өзгерсе де, қорытынды өзгермейді бәрібір. Мәселен, бірінші топ – құрдастарын Кеңестің өзімен бірге «кең қойнауға» шығарып салған, Кеңсайға қарап, мойнын созып қоятындар. Олар өте тәкаппар, кірпияз. Соған қарамастан жандары өте нәзік. Олар «король», әдетте тек қана олар емес, адам баласы елуді еңсере бастағаннан соң «король» болып кететін сияқты. Олардың шығармашылығы... Сол баяғы «тірі көз». Тарихтың тірі көзі дегенім ғой. Сақтау керек, барынша. Басқасы артық.


Екіншісі, иә, бұл осал топ емес. Мен бірден ассосация беру үшін «имиджділер» деп айтатын едім. Немесе «имидж» қалыптастыруға тырысып жүргендер. Олар бір жылда қалыптаспайды, оның да еңбегі бар. Маған осы топ қызық. Қызықтығы - екіұдай сезімге қалдыратыны, ойымды таластырып қояды. Бас тартуға болмайды - бір заман, бір уақыт. Бас тартпасаң тағы болмайды, таңғалдырып, жұлынып кетіп бара жатқан ештеңесі жоқ. Қызғанышымды да жасыра алмаймын, жарқырап тұрған «имидж» бар. Ол не имидж дейсіз бе, қазақшалап айтқанда кәдімгі өмір салты ғой. Шығармашылық өмір салты. Жоқ, шығармашылық өнер салты десе де болады. Бас тартудың да, дүрлігудің де қажеті жоқ. Ондай «имидж» қалыптастыратын өнер иелері бүкіл дерлік өнердің тарихында болған. Әдетте олар ішімдікке, махаббатқа, басқа да құмарлықтың түр-түріне жақындығымен ерекшеленіп, мінездің, амбицияның, сенімнің, діннің, фанатизмнің ешкімге ұқсамайтын жолдарымен жүреді. Ол да бір көш сияқты, «ит үре береді, керуен көше береді». Кейбір мықтылары іш пыстырар өмірден, қолдан «тағдыр» жасай біліп, маркетингтің кейбір дәстүрлерін біледі, «иілгіш» болады. Бірақ, лапылдап жанған оттың да күлге айналар сәті болады. Соны жақсы білетіндер әдетте оттың лап етіп сөнбесі үшін отынды көбірек жинап, шоғын қыздыра біледі. Халқы оларды сүйеді, ал мен олардың «имиджін» сүйемін. Сөйтіп олар атақты, құрметті, мақтауды, өздерін, тұрмыс тепе-теңдігін белгілі бір дәрежеде сүйеді. Уақыт бүкіл пенделікті кешіреді, алуан түрлі «жындылықты» таңдаулы туындылардың көлеңкелеріне қалдырып, әулиеге айналдырып жіберген. Өнердің бір құдіреті осы ма дерсің?!


Үшінші топ бар. Олардың өз «кәйпі» өзінде. Олар сырты дүние мен ішкі дүниенің тепе-теңдігін тауып алған да, сол үйлесімділіктерін өле-өлгенше аялап өтетін жандар. Олар өздерінше даналықтың бір деңгейіне жетіп алады да, уақыттың, білімнің, ойдың қасиетін біліп, барлық нәрсеге парасаттылықпен, байыппен қарап отырады. Бірақ олардың салмағы кейде байқалып, кейде жоқ сияқты болуы мүмкін. Сұраса ғана айтуы мүмкін, қаламаса ол да жоқ.


Иә, мен әдебиеттің бағасын тым түсіріп жіберген сияқтымын. Әдетте, кез келген нәрсе туралы айтқанда бастапқы қимылсыз тұрған күйінен төмендемесе жоғарыламауы заңдылық. Нағыз шығарма да сондай, талқыланғанда шын маңызы жасырын қалады. Адам да сондай, қиялдағы көктен жерге түседі. Алайда, қорқынышты үміт бұл емес...


Тағы бір топ бар. Ол алдында айтып кеткен әдебиет жасаушы топтың ойын мазалап, ашық айтпаса да көңіл түкпірінде жататын, немесе «мас» ортада, «мас» әңгімеде ғана айтылып қалатын топ. Әрине, олар әдебиетпен дым қатысы жоқтар. Бүкіл әдебиет жасаушылардың трагедиясы осылар. Өйткені олар не оқырман емес, не жазарман емес, бірақ олар сол жүрісімен-ақ шығармашылық адамдарының үрейін алады. Көп қорқытады деген сол да. Кез келген өнерге жаны ашитын адам өмірінде бір рет болса да солардан қорқып, басын екі бұтының арасына тығып, түңілгеніне күмәнім жоқ.


Мені тағы мазалайтын сұрақ бар. Неге жазу керек? Міндетті емес қой. Айналысамын деген адамға одан да пайдалы нәрсе көп. Уақыт әдебиетсіз де өтеді, қоғам онсыз да дамиды. Кенеттен бір күнде ешкім қалам ұстамай, кітап қарамай қойса да қазақ даласында еш өзгеріс болмайтын сияқты көрінеді маған. Мүмкін қателесем. «Қазақ әдебиеті құрып бара жатыр» деген байбаламнан титтей де алға жылжитын болсақ, соңғы жиырма жылда бір деңгейге жетер едік. Білеміз, көп нәрсені жоғалттық. Қасиеттерімізді айтамын, ішкі болсын, сыртқы болсын. Мынандай бір заңдылық бар тағы, бардың қадірін білу үшін де жоғалта білу керек.


Білсе, әдебиеттің «асүйінде» жүрген аталар мен ағалар бірнәрсені білетін шығар, әдетте үнсіздіктің астарында үйдей «бәле» жатады ғой. Үндемей жүріп те адам ұрып өлтіруге болатын том том кітаптар қалдырып кетті ғой. Өлген адам да үндемейді. Ал, біз ше? Міне, парадокстың бәрі қайда жатыр. Өлі мен тірінің арасында. Есті әдебиетші ешқашан заманына көңілі толмай өткен. Ол пессимизмнің әуселесі белгілі. Бірақ қазір жазуға не кедергі? Бір-екілі жүйкеге тиетін адамдар болмаса, қалшылдап тұрған цензура жоқ. Оқуға да. Ақпарат көп. Неге сонша тұйықталдық? Неге сонша жасып қалдық? Мен бұл сұрақты аға буынға айтпаймын, олар да бұл сұрақты басқа ырғақпен қояды бізге. Келер буынға да айтпаймын, олардан әдебиет түгілі, оның көлеңкесін де көрмеймін, олар тек ентелеген бұқалар сияқты, құдай олардың артына салмаса, алдына түсіруден сақтасын. Иә, бар, жылт-жылт ететін дүние. Жұмыс жасалынып жатыр, газет ашылып, сайт жасалынып, клубтар ашылып, кітаптар басылып. Бірақ өте аз, немесе сапасыз, немесе аяғына дейін емес және баяу. Егер қарапайым ғана қарсы нәрсе айтар болсақ, қасықтап жиналған әдебиет беделін шелектеп шашуға әбден болады. Иә, мен «кітабы арағынан қымбат мемлекетте өмір сүремін» (менің сөзім емес), иә, мен не кітабында, не интернет парақтарындағы материалдарда қарапайым ғана дизайнерлік кітаби үлгі сақталмайтын дамушы мемлекетте өмір сүремін. Иә, мен дарынсыз бола тұра құр көкірекпен күн көретін жастардың мемлекетінде өмір сүремін. Иә, мен білімге үрке қарайтын, бір кітап оқыса «ауырып» қалатын, есі еріншек, ойы әлсіз, рухы еркіндіксіз замандастармен біргемін. Иә, мен дарынды бола тұра бұтының арасынан бас алмайтын жастармен бірге өмір сүремін. Және соны мақтан етемін! Және сенемін! Мағжанша. Бізді өлтірмейтін нәрсе сенім. Өмір сүруге де басты мотив сол. Құрығанда, Джойс айтпақшы, «тым таусылып бара жатсаң, екі жол бар. Бірі басыңды екі бұтыңның арасына сал, сол жерден не көресің, соны жаз. Екіншісі, жоғалып кет. Бірақ мәңгілікке емес». Екеуі де қай-қайсымызға жат емес. 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар