Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Қанат Тілеухан прозасындағы динамика...

14.09.2017 9112

Қанат Тілеухан прозасындағы динамика

Қанат Тілеухан прозасындағы динамика - adebiportal.kz

Қанат қандай жазушы?

Оқырмандарға ұсынылған Қанат Тілеуханның «Қараштың әңгімелері» деп аталтын кітабымен танысып шықтым. Автор уақыт пен кеңістік мәселесін үнемі назарында ұстап отырады. Ол бір оқиғаны баяндайды да, оны қоя тұрып, осы кеңістікте өткен бұрнағы оқиғаларды баяндауға көшеді. Өз кезегінде осы тәсіл арқылы оқырмандарын сергітіп отырады. Кеңістіктен қайта айналып келіп, қазіргі уақытты ары қарай іліп алып кетіп баяндау әдісінен жазушының композицияны құру шеберлігін байқаймыз. Ол Қараш деп аталатын кейіпкері арқылы «Жаназа» повестін І жақта баяндайды. Одан кейінгі «Қайтқан қыз», «Менің шешелерім», «Құдайдың үйі» деп аталатын әңгімелерінде де осы кейіпкердің төбесі көрініп, оқиға І жақта баяндала береді. Демек, кітаптың неліктен «Қараштың әңгімерері» деп аталғанын түсіну қиын емес. Тек бұл үрдіс соңғы үш әңгімеге келгенде бұзылады да, оқиға ІІІ жақтан баяндала бастайды. Әңгімелердің Қараш арқылы баяндалғанына үйреніп қалған оқырман соңғы жағына келгенде үйреншікті кейіпкерін іздей түседі. Бәлки, бұл жазушының әдейі жасаған, оқырманды тосындыққа негіздеген амал-тәсілі де болар.

Автор кейіпкерлеріне арнайы тоқталып, портрет жасап жатпайды. Пейзажға қанық шығармалар қатарына да Қанаттың әңгімелерін жатқызбас едім. Есесіне проза динамикаға бай. Оқырманды жалықтырмай, бір деммен оқып шығуға итермелейтін негізгі фактор да осы - динамика. Бір қызығы динамика бар жерде агрессия да қатар жүретіні бар емес пе? Ал қазақы динамикада артық агрессия болмайтынын байқау қиын емес. Оқиғаға кірісіп, оқырман психикасын дайындап алуға арналған шегіністер де аса көп байқала бермейді. Тіпті шығармалардың ішіндегі ең қоңдысы - «Жаназа» екенін ескерсек, автор оны кульминациядан бірақ бастайды. Расында, алдымен оқиғаның шарықтау шегі болады да, содан кейін осы оқиға неліктен сондай жағдайға дейін жетті, яғни нақты терминмен сөйлейтін болсақ, конфликт қалай басталғандығын түсіндіре бастайды. Әдебиеттанушы ретінде бүгінгі қазақ прозасынан кейіпкерлердің ішкі психологизмін іздеуге тырысамын. Алайда автордан кейіпкердің жан дүниесіне дендеп, қаһарман психологизмін шебер түрде берген тұстарын байқай алмадым. Ол оны мақсат тұтпайды да. Есесіне ол осы қоғамның ортақ психикасына жақсы үңіле білген.

Қоғам және кейіпкер

"Бүгінгі заман кейіпкерлері қандай?" деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, сөз жоқ оны Қанат Тілеуханның «Жаназа» повесінен кезіктіруге болады. Әдетте біз биліктегі «күрекпен көсіп-көсіп» алатын жемқорлар туралы әдемі сөз сабақтаймыз. Жегіштің барлығы билікте жүргендей көреміз. Бірақ мүмкіндік туа қалған жағдайда жемқорлықпен қазан ұстап жүрген қатын-қалаштың да айналысатынын ескермейміз. Билік - халықтың айнасы ғана. Автордың мына диологтары той-жиын болған қазақтың әр үйіндегі оқиғаны жиынтықтап берген:

- Клеттегі шкафта тұрған жарты пакет кәмпитті таппай қойдық. Іздемеген жеріміз жоқ.

- Мына көрші Халима қатын ұры иттей тіміскіленіп жүреді, сол алған шығар.

- Масқара, кісі өлген үйден ұрлап не көрініпті?

Автор кейіпкерлеріне бүгінгі қазақ қоғамындағы әрбір жанұяда болатын оқиғаларды ұсынып, аузына бүгінгі қоғамның сөздерін салған. Сөзімді нығырлай түсу үшін тағы бір диологқа тоқталсам:

- Апа, Аққыз тәтем жарты қазы сұрап тұр. Көңіл айтып келетін көрші-қолаң бар дейді.

- Піскен қазы қалмаған ба?

- Түк те қалмады. Келген жұрт жегенін жеп, жемегенін сыпырып сиырып алып кетті.

- Балам-ау клеттің кілті менде емес қой. Зылиқа тәтеңнен алып бер.

- Тәтемнің бергісі жоқ. Ағамның әл жетісі, қырқы бар. Беретін қазым жоқ деді.

- Зылиқаның онысы жөн екен. Ертең де келімді-кетімді кісілер бар. Бірнәрсе қылып ренжітпей шығарып салыңдар..... Айтпақшы, қатындар бауырсақты аямай пісіріпті ғой. Бекер қатып қалады. Аққызға молырақ етіп салып бер.

Типтік образ

Автор оқиға желісі бойынша кейіпкерлердің мінезі мен портретін там-тұмдап қана беріп отырады. Біз өзімізді заңдық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз деп есептейміз. Алайда ауылдағы қара домалақтың барлығы істі болған адамның қорадағы малын сатып, бостандыққа шыға алатынын көріп өседі. Енді өзіңіз логикалық тұрғыда барлығын орын-орнына қойып шығыңызшы. Өлімді жерден сөмкесін томпитып шыққан анасын, бұзықтықпен қолына кісен түссе, қайта сытылып шығуға болатынын көріп өскен бала қапелімде билікке бара қалса, көргенін іске асырмайды деп ойлайсыз ба?

Қараштың әңгімелеп отырған оқиғасынан мен осындай заманның запыранын көрдім. «Қорадағы екі сиырдың ноқтасы бос қалып, бес-алты қой бауырымның бостандық жолында пышаққа түсті. Бұнымен әжесінің баласының тентектігі басылған жоқ. Ауылдың «стомотологы» атанды. Той-томалақ болған сайын төбелестің арасында жүріп, бір тіс қағып келеді. Әкем бір тіске бір қой беріп, шешем мен әжем болса, әлгі тісі түскен бейбақтың алдынан кешірім сұрап өтеді.». Міне, бұл біздің уақыт пен кеңістік. Тосын ештеңе де жоқ. Өзімізді жазбай танып отырамыз. Барлық үйде бір Ыбаш, бір Қамар, бір Алдаш һәм бір Әсем бар.

Шығармадағы кейіпкерлердің әрекетіне езу де тартасың. Әсіресе , автор бір әулиеттің енелік дәрежеге жеткен әйелінің образын жақсы аша білген. «Әйбат киініп келіңдер. Назеркені өзіңмен алып кел, қалған балаларың байыңмен үйде қалсын... Айтпақшы Бәтимашқа айт, балаларынсыз келсін. Ұлы аумаған наркоман күйеуі сияқты. Қызының көзі сықсиған, тура алқаш енесіне тартқан». Міне, егде тартқан әйелдің осындай сөздері мен қызы ажырасып үйге келген кездегі «ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деген сөздері арқылы кейіпкер типтік бейне деңгейіне көтеріле алған.

Жазушының өз шығармаларындағы ұтқан тұсы, біздің жаңалық ретінде сүйіншілейтін жайымыз да осы-типтік образда болып тұр. Демек, Қанат Тілеухан - типтік образ жасай алған жазушы. Әлбетте мифолог болған соң, шығармадан кейіпкерлер танымындағы культтердің берілуіне де мән бердім. Жазушы оны зираттың төбесіне қадалған жарты ай арқылы береді. «... енді біздің шалдың көк қойнауындағы айға қарап бет сипамайтынын еске салады»,- деп айға қатысты қазақы қос танымды автор ойнақы әрі жинақы етіп береді. Қос таным дегенім: көне түркілік (тәңірлік) айға сәлем беретін таным мен қайтыс болған кісінің бейітіне ай қадайтын үрдіс. Қос бірдей таным бірін-бірі жатырқамай, қазақтың санасына жымдаса сіңгенін кейіпкердің ішкі монологынан айқын аңғардым. Алайда жазушы кейіпкердің ойына «Дүние ойлап тұрсам шолақ екен, Адамдар бұл өмірге қонақ» екен деген халық әнін салуы- орнысыз, әрі нанымсыз деп есептедім. Қарашты бұл фразалармен ақылды етіп көрсетудің қажеті жоқ секілді. Оның анасының қылықтары мен кішкене кезін әңгімелеп беріп отырғанын-ақ оқырман есті жігіт екенін ұғынған болатын. Ал мына деталь «майдың үсіне жағылған май» сынды әсер қалдырады.

Дәстүр және образ

Біз болмысымызды өзгерту үстіндегі ұлтпыз. Оны күнделікті өмірден байқап, әлде байқамай да жүрген болармыз. Тронсформацияға ұшыраған кейпімізді автор дастархан үсіндегі әйелдердің әрекетімен әдемі беріп өткен. «Құран оқылып біткесін әйелдер жағы орамалдарын шешсе, алдына табақ келген еркектер ет турауға көшті». Әрине, журналистикадағы секілді автор әйелдер ормалды құран оқитын кезде ғана тағады деп ақыл айтып жатпайды. Оны байқап, парықтау біздің еншімізде болатын.

Прозаиктің «Жаназа», «Жерлеу» «Менің шешелерім» деген шығармалары мәдениеттанушыларға қазақтың өлім жөнелту салтына материал бола алады.

Қорытынды

Араққа құштар әке, енесін сыйламайтын келін, қайтып келген қыз, қазалы кеңістікте де құлқынын ойлап тұратын екіжүзділік, дін және иман, оң жақта отырып бала табу, бауырмал әкпе, достың алдындағы қарым-қатынас, ата-ана үмітін ақтай алмаған бала, үміт артқан әке, Кеңес кезеңінің тәрбиесін көрген қарт пен осы біздің уақыттағы идеологиялық айқастар, екі кезеңнің қойырпақталған танымын Қанат Тілеухан жатық тіл, жағымды юмормен жеткізеді. Сіз оның шығармасын оқып кейіпкерлерімен таныса бастайсыз. Танысқаны несі, бұрыннан танитыныңызға қайран қаласыз. Бірде танысыңызды көріп қуанасыз, бірде сол танысыңыздың әрекеттерінің күлкілі екеніне көзіңіз жете түседі, ызалануңыз да, бәлки ұялыңқырауыңызда мүмкін.

Қысқасы, өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғамнан бір сәтке ғана бөлініп, бейтарап адам болып тыстан үңілгіңіз келсе, Қанат Тілеуханды оқыңыз. Қайнаған қазанның ішінде бұрқыраған будың қаншалықты екенін аңдау мүмкін емес. Ал сырттай бақылаушы болу - қызықты әрі, таным кеңістігіне тигізер әсері болуы мүмкін. Одан кейін, конфликтсіз өнер тумайды ғой. Ал бүгінгі қазақ прозасында конфликттің пайда болуына ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру жүйесінің жаһандық бағытқа ауыса бастауы тікелей әсер етіп жатқанын автор шығармасынан байқаймыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар