Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Елдос Тоқтарбай: «Баяндау тәсілі, тілдік көркемдігі солғындау»

25.08.2015 310

Елдос Тоқтарбай: «Баяндау тәсілі, тілдік көркемдігі солғындау»







«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  жазушы, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты Алмаз Мырзахметтің "Қуыршақ" әңгімесіне әдебиеттанушы, жазушы Елдос Тоқтарбайдың жазған пікірін ұсынамыз. 




www.adebiportal.kz




313432_101030693420725_721564643_n.jpg


 

 

ҚУЫРШАҚ

 



«Человек - игрушка бога.

Этому - то и надо следовать.

Надо жить играя.»

 

ПЛАТОН

 


 

Бүгін ол ерекше көңілді.

Оянған бетте пәтерінің терезесін айқара ашып тастап, бөлмеге еркелей енген самалға мойнын, көкірегін аймалатып, қаншама күнгі мұңнан серпіліп, арқасына қанат біткендей қолын көкке созып керілді. Мұрын астынан ыңылдап жүріп төсегін жинады. Көрпе-жастығындағы алқызыл раушан гүлдердің қанық суреті көзіне оттай басылып, кеудесін қуаныш кернегендей. Театрдан келетін әріптестеріне сақтап жүрген тәттілермен шәй ішті. Ерекше ықтиярлықпен ыдыстарды жуып, әр тәрелкені қолайна қып қарап, өз бейнесіне қайта-қайта үңілді. Актрисаның жүрегінде тосыннан оянған өмірге деген құлшыныс сәулесі терезеден төгілген күн шуағы сынды екі бөлмелі пәтерді нұрландырып жіберген.

Бірақ үңірейген қос бөлме көрер көзге соншалықты әдемі емес те еді. Бір-екі орындық, жұпыны стол, еңсеңді езетін ақшыл-қоңыр түсті қабырғалар. Төрде ілініп тұрған сағат шеті-шегі жоқ дәлізде аяғын сылтып басқан адамның жүрісі сынды «тық-тұқ» еткен дыбыс шығарып, жалғыз басты әйелдің жүрек соғысын есептеп тұрғандай. Актриса ұйқысыз түндерінде сағаттың осы үнін сәт санап жақындап келе жатқан өлім қадамдары ма деп ойлайтын, кейде өздігінен жиілеп, шауып келе жатқан ат тұяғының дүбіріне ұласып, көз алдына ажал елесін әкелуші еді. Сағаттың оң жағында актрисаның былайғы өмірін жіті қадағалап тұрған марқұм ата-анасының ескі суреті ілінген. Олар демін ішіне тартып, бір нүктеден көз алмастан жымияды.

Бұның бәрі жалғыздықтың азабын шегіп жүрген актрисаны зеріктірген декорация болғанмен, бүгін ол осыншалықты сұрықсыз пәтердің әдемілігін енді тапқандай шаттанып, көтеріңкі көңілмен жүр.

Актриса сүйікті кружкасына шай құйып ап, ашық терезенің алдына келді. Көктемнің келгеніне мадақ айтқан құстар дамылсыз сайрауда. Ол жанын жадыратқан қоңыр леппен тыныстап, мектеп жаққа көз салды. Мектеп ауласында асыр салып жүрген оқушылар да бүгінгі ерекше күнге өз үлесін қосқысы келгендей шат-шадыман. Бір кезде қоңырау соғылып, жаңбыр дабылын естіп, илеуге асыққан құмырсқалардай барлығы мектептің ішіне еніп кетті. Үлкен алаңда қолына қуыршағын ұстап, алаңсыз әткеншек тепкен кішкентай қыз және оның шашымен ойнаған жалғыздық желі ғана қалды. Неге екені белгісіз, осынау сан-алуан бояуы тамылжыған әлемнің ортасында белгісіз әнді ыңылдаған қуыршақты бүлдіршін актрисаның көзіне әрсіз, түссіз болып көрінді. «Таныс көрініс, қайдан көріп едім?» деген сұрақ көңіл көкжиегіне алай-дүлей дауыл шақырғандай, - «таныс көрініс...».

Ол қолындағы ыдысты терезе алдына қоя салды да, сең соққандай басы мең-зең боп, төсегіне келіп отырды. Жастықтың үстінде отырған қуыршағы «есіңе түспеді ме?» деп басын изегендей. Балалығының кішкене бөлшегі, осы күнге дейінгі өмірінің куәгері болған жансыз досының жанарынан «мен сияқты болған жақсы ма екен?» деген мысқыл сезіледі. Көңілсіз түске бояла бастаған бөлме ішінде актрисаға ғана көрінетін өткен өмір көріністері тізбектелуде. Әр кезеңнен бір естелік, қалғанын ұмытып қалған, уақыт өзеніне шайып жіберген. Әйтеуір балалық шағы көз алдында...

Осы пәтер...

Осы сағат...

«Тық-тұқ.»

 

* * *

 

Актрисаның бүлдіршін күнінде үлкен арманы болатын еді. Мүмкін ол арман — үйдегі еркек пен әйелдің «әке», «ана» деген рөлді ойнап жүргендерін біліп қойып, ешкімге керек еместігін түсінген туған арман болар? Есінде қалғаны бүлдіршін-актриса өзіне тиесілі бала кейіпкерін ойнауды тез үйреніп алғаны. «Менің әкем және анам» деп еркелегені, екеуінің алдында асыр-салып ойнағаны, сурет дәптеріне «Біздің отбасы» деп үшеуінің суретін салғаны, кешкісін бетінен сүйгізіп, өтірік ұйықтап қалатыны – жалған, жасанды, баланың қарапайым қиялы; кейбірі теледидардан көрген әрекеттерді қайталау ғана-тын.

Бір күні бүлдіршін актрисаға әкесі қуыршақ сыйлады. Сондай үлкен, сондай сүйкімді. Жатқызсаң көзін жұмады, тік тұрғызсаң оянады. Сөйлемейтіні болмаса, кәдімгі бала сияқты. Бірақ сөйлемегені жақсы, әйтпесе қуыршақ та жасандылыққа ұрынар еді. Қуыршақ ақымақтарға лайықты жауап үнсіздік екенін бек түсінетін, сондықтан ол актриса үшін бойжеткенге дейін ата-анасы тыңдамайтын, айтқызуға мүмкіндік бермейтін сырлардың, құлыпта тұрған құпиялардың сандығы бола білді.

Иә, қуыршақ – құпия сақтай алатындығымен бағалы...

Көбіне үйде жалғыз қалатын, жан баласымен жарытып сөйлеспейтін кішкентай қыздың сахна әлеміне осылай қуыршақ енді. Сол күннен бастап бақытсыздық ұя салған мына пәтердің табиғаты бала қиялы арқылы жаңаша сипаттағы көрінісін бастаған еді. Алғашқы таныстық сәті қандай қызық?! Қуыршақтың алғашқы спектакілі.

– Сенің атың – Белла! Анам өткенде «Белла деген қуыршағыңмен бірге құрып кеткір!..» деп әкеме ұрысты, сол Белла сенсің ғой, иә?

– ... - қуыршақ үнсіз басын изегендей еді.

 

Сәби өзімен-өзі сөйлесу мүмкіндігіне ие бола тұра, шешім қабылдайтын кездері рұқсат алу үшін қуыршақтан артық көмекші таппайтыны рас.

– Мына жер екеуміздің үйіміз. Ойыншықтарды осы жерге жинаған дұрыс па?

...

– Мен де солай ойлаймын. Мына жер жатын бөлмесі болсын, бұл ас ішетін жағымыз, айтпақшы тамақ жейсің бе? Қарның ашты ма? Кел дастарханға отыр.

–  ...

– Мынау шәй болады. Бұл – торт. Тойдың ба?

– ...

– Тойдық, иә?! Жүр мен саған ертегі айтып беремін. 

 

– Түрлі-түсті бояуы аз, қозғалыссыз бөлшектерден құралған әлсіз әлем. Төрде ілінген пәтердің жүрегі сынды дүрсілдеген сағаттан өзге дыбыс жоқ мылқау әлем. Бұл – қуыршақтар әлемі.

 

– Мен де сен сияқты қуыршақ болайыншы?

– ...

– Рахмет!

– ...

– Кеше анам сыртқы шығып кетті ғой, сонда терезеден көрдім, басқа ағаймен сүйісті. Оның мұрты бар. Хи-хи-хи!

– ...

– Қуыршақпыз, қуыршақпыз, ля-ля-ля!

– ...

 

Ол қуыршақтың өміріне қатты қызықты: ата-анасы жоқ, бар жұмысы жатқызса көзін жұму, тік тұрғызса көзін ашу. Белгілі бір рөлді ойнау, демалу, тамақ ішу деген қажеттіліктерден ада, құласаң ауырмайды, сөйлеп әуре болмайсың, ұстағанның қолында, тастағанның жолында, уайым-қайғың жоқ деп ойлайтын. Анаң ойыншықтарыңды жина деп ұрыспайды, қайдан ұрыссын, өзің ойыншық емессің бе? (Қыз сықылықтап күліп жіберді). Қуыршақ болған қандай рахат!..

 

– Кел, екеуміз өмірімізді айырбастайық!..

 

* * *

 

– Иә, содан бері олардың жұптары ажыраған жоқ...

 

* * *

 

Мектепті тәмамдаған жылы танысқан жігіт те санасында сақталып қалыпты. Құрбысы таныстырғанда көңіл аудармаған жігіт кездесейік деген батыл ұсынысқа актриса бірден келіскен. Әрине, есінде... Сол күні әдемі көйлегін киіп, махаббат иісі аңқыған саябаққа келгенде, күте-күте терісіне симай тұрған Еркебұланның ашуланғаны, «жақсы көремін!» деп айқайлағаны, бір кезде құшақтап алып, мойнынан, бетінен иіскегені бойжеткен актрисаға ерекше ұнаған еді. Жанары ұшқын атқан жігіттің «еркем, еркешім» деп келіп, ернінен сүйгісі келгені де, сүйгізбей теріс айналып кеткен қылыққа бұлқан-талқан боп, ессіздікке салынғаны да, қандай керемет! Актриса көлеңкеде өскен гүлдей нәзік кеудесінің мейірім нұрға бөленгенін қарсы көрмеді. Оған әсіресе, от пен суға қарамай, жалқы сөзі үшін жанын жалдап, өмірін қиюға дайын жігіттің бүкіл тағдыры ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрғанын сезіну ерекше ұнаған-ды.

Бірақ, бұның бәрі Қуыршаққа ұнамады...

Махаббатты театрға айналдыру – жасандылық, ал театрды махаббатқа айналдыру – өмір. Актриса сол кезде Еркебұланға шынымен ғашық болған, болмағанын енді ойлап көріп еді, білмейді екен. Мүмкін жанының жыртығы жамалып, кеудесінің бос тұрған кеңістігі толғанға қуанып жүре берді ме? Екінші кездесуде оңаша қалуға келісімін бергені де себепсіз еді. Бәлкім Еркебұланның өмір сахнасындағы қатып қалған заңдылықтарға бағынып, сызылған шеңбердің ішінде ғана ойын көрсететін кейіпкер еместігінен шығар? Ол қандай да бір шешімді асығыс қабылдай салады, соңы қайда апарып соқтырарын көп ойланбайды. Бұл актрисаның үшін шынайлықтың айқын белгісі саналатын, сондықтан болар сол түні Еркебұланға келісімін берді.

Еркебұланмен қалай араздасып, не үшін кездеспей кеткенін ұмытып қалыпты. Әйтеуір, өмір таудан аққан өзендей арқырап, көз ілестірмей кетті емес пе?

Бойжеткен актриса төртінші курста оқыған кезінде, иә, ол кезде өмір сахнасы сары шымылдығын ашқан күз мезгіл еді, жұмысқа қабылдау конкурсында облыстық театрдың төрағасы Әмір ағайдың көзіне түсу үшін барын салған еді. Ол кемпірқосақты көруді армандасаң алдымен нөсер жаңбырды өткеру керек екендігін білетін. Өз заманының беделді азаматы Әмір Әшімбаевтің «жақсы ұсынысым бар, кешкілік кездесіп талқылайық» деп шақырған ас мәзіріне қарсылық білдірмеді, білдіргісі де келмеді.

Құрбысы: «сен қандай бақыттысың!» деп еді...

Актриса айна алдында бетіне опа-далабын жағып жатты да, қуыршағына қарап:

– Сен қалай ойлайсың, Әмір Әшімбаевтің ұсынысын қабылдаған дұрыс па? Әлде қате ме? – деді.

– ...

– Мен де солай ойлаймын! Бұндай мүмкіндік құдайдың құтты күні бола бермейді.

– ...

– Иә, «бармақ басып, көз қысамын» да, ел шулап жүрген үлкен примераның басты рөлін иеленіп алам! Ха-ха-ха!

– ...

– Мен де сені сүйемін, жаным сол, ал мен кеттім! Сәттілік тіле!

– ...

 

Үлкен сахнаға шығудың қысқа жолы төсекті көпір қылу арқылы шешілгені қалыпты жағдай. Актриса шығуы оңай таудан, түсу де оңай екенін білмеді емес, білді. Бірақ та бүгінгі күнмен өмір сүретін адамдардың нақты осы сәттегі жеңісін бірінші орынға қойып, «ертеңгі күн – жоқ күн, оны уақыты келгенде көреміз» деп есептейтінін ескерсек, актриса үшін басқа жол іздеп, бас қатырудың керегі де жоқ еді. Міне, тағы бір примерадағы бас кейіпкер Беллараның рөлін ойнаудың орайы табылды. Кезекті кейіпкерді сомдау актриса үшін қиынға түскен жоқ. Тіпті өмірдің түрлі кедергілерін, сындарын өткеріп мұратқа жеткен ханшайым рөлін асқан шеберлікпен, жан-жақты ашты. Гастрольдік сапармен түрлі қалаларды аралап, көрермен көңілінен шыққан актриса иелігіндегі кейіпкерінің өмірдегі бейнесі, тірі мысалы ретінде өзін көрсетін. «Қазіргі сомдап жүрген кейіпкерім – менің шынайы бейнем...» атты сұхбат республикалық журнал беттерінде бірнеше рет басылып шықты. Актриса алғашқы махаббаты, балалық шағы туралы сұрақтарды жеңіл-желпі сипап өтіп, нағыз өмірінің театрда басталғанын қашан да алға тартатын.

« – Адамның басы Алланың добы ғой – деп жазыпты, республикалық «Сүйкімді» журналына сұхбат бергенде, - мен өмірдегі рөліммен сахнада кездескенде таңданып, сене алмай жүрдім. Бірақ кейін бұл кездейсоқтық емес – тағдыр екенін түсінгенім примераның шырқау шегіндегі оқиғаны (әрине өмірде басымнан өткеріп, өзім сезінгеннен кейін) өте жақсы сомдап шығуыма бірден-бір себеп болды.

– Сіздің театрға дейінгі өміріңіз оқырмандарға аса қызықты, бірақ сіз ол әлемді әлі де құлыпта ұстап келесіз. Мүмкін бүгін айтып берерсіз?

– Адамның мейлінше жұмбақ, құпиялы болғаны жақсы ғой. Барлық есіктерді ашып тастасам менің әлемім сізге мұншалықты қызықты болмас еді. Өткен өмірімнің жемісі, нәтижесі – бүгінгі сіздер танып отырған қалпым. Мені осылай қабылдаған дұрыс».

 

* * *

 

Өткен күн – көрген түстей-ақ екен. Актрисаның театр теңізінде саяхаттаған кезеңі біреудің ойлап тапқан шығармасы, өз иелігіндегі өмір сахнасынан тыс құбылыс сияқты жылыстап, жадынан өшіпті. Тек ұлы дүние іздеген жастар «бізге де жол беріңдер!» деп жалынымен шарпып, дүниені дүбірлетіп, актрисаны күні-түні алаңдатқаны ғана есінде қалған. Күндіз-түні алған бағыты қате, бірақ артқа қайтар жол жоқ деген күдікті ой тілегей теңіздегі ұйықтай шыр айналып, қараңғылыққа қарай тартатын еді. Ондай кездері қуыршағын құшағына қысып:

– Өмір сүру қандай қиын еді. Ескегімді суға лақтырып, ағысқа қарсы жүзбей, тағдыр дауылы адастырған қайықта көзіңді тарс жұмып жата бергің-ақ келеді, қуаршақ... Түсінемісің?.. – деуші еді. Сосын қиялға ерік беріп, естілер-естілмес күбірлейтін: - «одан да қуыршақ болып жүре бергенім, әлдеқайда жақсы еді...»

– ...

 

Сан мыңдаған толқыны тулап, шексіздіктей көрінген өнер теңізінің шетіне шығып қаламын деген қорқыныш актрисаға көкжиектен найзағайы жарқылдап әп-сәтте жетіп келген дауылдай болды. Жас иіс жаңа примераның басты рөлін алып, енді Беллара ханшайымның ешкімге керегі жоқ боп қалған сәті есінде... Иә, кешегі атақ-абыройы, биігі бір-ақ сәтте тарих қойнауындағы көп мысалдардың біріне айналды. Нәтижесіз талпыныстары мен шарасыз әрекеті үшін Әмір Әшімбаевтің бұйрығымен жұмыстан шығып қалған күнін қалай ұмытсын?!

Қуыршақтың да есінде...

Актриса күрсінді. Бір сәт көрермендердің қол шапалақтаған сәтін жадынан іздеп, жаңғыртқысы келіп еді, бос кеңістікте қалықтап, ештеңе таба алмады. Енді Еркебұланды қабылдаған түнде айтылған әңгімелерді, қиялдар мен армандарды ойлап көріп еді, ол да жоқ. Не үшін өмір сүрді? Не үшін таң атып, күн батып жатыр? Қайда келе жатырмын мен, қайда барамын? Осы күнге дейін сөйлеген сөздерім, армандарым, саналы-санасыз әрекеттерім қайда кетті? Сонда мен өмір экранына қарап, қозғалыссыз отырған көрермен болғаным ба? Әлде әлдекімнің ойлап тапқан көрінісін көрсету үшін бәзбіреудің саусақтары арқылы қозғалып тұрған, аяқ-қолына жіп байланған қуыршақпын ба?

Актриса дағдысы бойынша қуыршағын қолына ұстап тербетіліп отырды. Сырттан қараған адамға кім кімді тербетіп отырғанын айыру аса қиын еді.

– Бақыт деген не өзі? Бақытсыздық деген не?

– ...

– Пенде біткен соған жетеміз деп өмір сүріп жүр дейсің бе?! Жо-жоқ, олай емес, олар өліп қалмау үшін, иә, өлімнен қорыққандары үшін жүр. Тамақ ішпесе өледі, ендеше ақша тауып, тамақ сатып алу керек, себебі өлмеу керек. Сөйтіп жүріп өмір деген керемет дейді. Бұндай өмір маған ұнамайды, қуыршақ...

– ...



* * *


 

Шексіз мәңгіліктен үзіліп жатқан сағат тықылы актрисаның жанын жегідей жеді. Енді қайта айналып келмейтін күндер бөлменің әр тұсынан бір жарқ етіп көрініс береді де, жоғалады (Театрдағы күнде қайталанатын спектакль сынды). Актриса бос кеңістіктен көз алмастан, қалай жылау, қалай күлу керек екенін есіне түсіре алмай құр отыра берді. Өткен өмірін өзгенікіндей сезініп, меңіреу мұң бойын тұмшалап, тұңғиық ойға батырып барады.

«Жоқ, бұл өмірді сүрген менмін! Нақты Мен! Әйтпесе ештеңе есімде қалмас еді ғой!..»

Міне, сана түкпірінде жылт етіп, ат шаптырым сахнадан алақандай пәтерге қайтып келген сәті есіне түсіп, көрініс бере бастады. Бәсе, ол күндерді қалай ұмытсын? Бірінші күні өзімен-өзі шаттанып:

– Ендігі өмірінің көріністері осы екі бөлмелі пәтерге байланған. Қандай керемет сахна! Тақырыпқа сай декорация, көрерменім сенсің, құмарың қанғанша ойнайтын болдым! – деп ішкі дауылын басқысы келгендіктен, қуыршағына сыр ақтарған еді. - Әлі-ақ артымнан жалынып-жалпайып өздері-ақ келеді. Ең соңынан кімнің күлгенін сонда көреміз...

Ол тіпті Әмір Әшімбаев келгенде не дейтінін, не істейтінін нүкте-үтіріне дейін алдын-ала ойластырып, жоспарлап қойды. Қанша рет дайындық та жасады. Кейін актерлік шеберлігін шаң баспас үшін пәтер-сахнасында өзі ойлап тапқан «Екі бөлмелі пәтердегі жалғызбасты әйел», «Қуыршақпен тілдесу», «Жалғыздықпен бірге» атты моноспектаклдерді ойнауды әдетке айналдырды. Ол тіпті аталмыш примераларын жарнамалап қала көшелеріне афиша ілсем бе екен деп те ойлаған. «Сосын үйіме қаланың элитасы келіп, менің талантыма тәнті болады. Иә, оларды осы жерге отырғызу керек, жоқ, бұл жер ыңғайсыз, мына жерге, немесе мында. Билеттің құнын қанша қылсам екен? Театрдан әріптестерім де келетін шығар... Әмір Әшімбаев те келеді, сосын... Тек олар бұл әрекетімді бәсекелестік деп, тіпті одан сорлысы шарасыздық, аштан өлмеу қамы деп ойлап қалмаса екен...

Басты рөл өзімде, қосалқы актерлерді көз алдыма елестетіп ойнаймын. Өз өнерімді елге көрсетудің өзгеше үлгісі емес пе? Театрланған пәтер!»

Егер ол драматург болса жақсы туындыларымен ел аузына ілігер еді.

Қабырғадағы ескі сағат – «жалғыздықты сезінгің келсе, менің жүрек соғысымды тыңда» дегендей тырқ-тырқ күледі. Қуыршақ оны түсініп қойды. Бүгін ерекше көңілді еді, қайдағы жоқ есіне түсіп...

– Неге менен көзіңді алмайсың сен! – деп актриса қуыршаққа ашулана бастады.

– ...

– Мен — сенің сахнаңда емес, сен – менің сахнамдасың!

– Ал сен — менің кейіпкерімсің!!! – деді қуыршақ, бұдан әрі шыдай алмай.

– Түсінбедім?..

– Қалай, мен сияқты болған жақсы ма екен? – деді енді мысқылдап.

– ...

– Кім қуыршақ сонда, мен бе, сен бе?

– ... – енді үндемей жауап қайтарудың кезегі ауысқан. Сөз таба алмай қиналғандықтан қуыршақты қолына жатқызып еді, ол көзін жұмбай, тік қарап, сазарып, қырсықты. Езуінде үйірілген күлкісі актрисаның жан-дүниесін астан-кестен еткен. Актриса ызаға булығып қуыршақты шашынан ұстап, балконнан лақтырып жіберді...






11855658_413761972150885_1707491315850094792_n.jpg




«Баяндау тәсілі, тілдік көркемдігі солғындау»

 



 

«Әдебиет порталының» редакциясы  аты-жөні көрсетілмеген прозаиктың «Қуыршақ»  атты әңгімесін оқып, пікір жазуымызды сұраған еді... Бұндай белгілі бір қаламгердің бұрын-соңды баспасөз бетіне жарияланбаған шығармасын өзінің әріптесіне беріп, пікір сұрау әдісі – әлем әдебиетінде жиі болып тұрады.  Қазақ ғаламтор кеңістігінде енді ғана қолға алынған бұл әдіс – бүгінгі қазақ әдебиетінің, әсіресе, жастар шығармашылығының алдыңғы буын қаламгерлер мен замандастарының ой сүзгісінен өтіп, талданып, бағалануына жасалған қамқорлық іспетті.


Сонымен, «Қуыршақ» атты шығармаға оралайық...  Психологиялық бағытта жазылған туынды екен. Бұл бағытта Аягүл Мантаева, Эльмира Ерікқызы сынды қаламгер қыздар жазып жүретінін білуші ек... Қолымыздағы қолжазбаның авторы да, жоғарыдағы аталған жазушылардың қатарынан болуы мүмкін.


Үшінші жақтағы кейіпкердің өмір соқпағы баяндалатын шығарма желісінде актриса қыздың бақытты һәм бақытсыз өмірі –  «атақ пен мансапқа»  жету жолында ары мен ұятын  «басты рөлге» бола айырбастауы бүгінгі қоғаммен байланысып жатады. Өмірдің өзі – театр, ал адамдар – өмір сахнасында рөл ойнап жүрген әртіс екенін шығарманың басына жазылған Платонның  «Человек - игрушка бога. Этому - то и надо следовать. Надо жить играя» сөзінен аңғару қиын емес.  «Үлкен сахнаға шығудың қысқа жолы төсекті көпір қылу арқылы шешілгені қалыпты жағдай» екенін түсінген актриса қыз басты рөлді ойнау үшін барлық жағдайға көнеді. Басты рөлдерді де ойнайды, тіпті, гастрольдік сапарларға да шығады. Алайда, бұл бақыты көпке созылмай, келте қайырылады. Енді қуыршағы бар жалғызбасты актрисаның мұңлы һәм мұңды күндері басталады. Өзінің екі бөлмелі пәтерінен «театрлы пәтер» ашып, моноспектакльдерді де ойнағысы келеді, сол үшін арнайы дайындалып, әртістік шеберлігін де шыңдай түседі. Бірақ, актриса  психологиялық дағдарысқа ұшырап, қуыршыққа (яғни, өзімен өзі) сөйлесіп, моральдық соққы алады. «Жығылғанға жұдырық» болып,  күліп тұрған «тілсіз мақұлық»  актрисаның жүйке-жүйесіне кері әсер тигізгендіктен, «Актриса ызаға булығып қуыршақты шашынан ұстап, балконнан лақтырып жіберді...» Шығарманың қысқаша оқиғасы осылай. Автордың оқиғаны құруы, сюжеттері, бөлменің іші мен кейіпкердің көңіл-күйін, уақыт пен кеңістікті дәлме-дәл бейнелеуіне қуанып отырмыз.


Бірақ, бұл шығарманың кейіпкері қауқарсыз, әлсіз көрінеді. Ол неге өзінің бақыты үшін күреспейді деген заңды сұрақ туып тұр.  «Адамның басы – Алланың добы» екенін ескерсек, Тәңірі Тағала өзінің сүйікті пендесінің маңдайына ауыр тағдырды жазады. Сол пендесі тағдыр тауқыметін тара жүріп, өзіне тиесілі бақыты үшін күресетінін білеміз. Бар гәп – кейіпкердің психологиялық дағдарыстан шыға алмауы. «Тілсіз» қуыршаққа тіл қатуы, олардың арасындағы екеуара диалог – бәрі нанымды, шынайы көрінгенімен,  баяндау тәсілі, тілдік көркемдігі солғындау.  Кейбір сөйлемдердің стилистикалық бірліктері бір-бірімен үйлеспейді. Сөзіміз дәлелді болсын десек, мысал келтірейік, «Бүгін ол ерекше көңілді. Оянған бетте пәтерінің терезесін айқара ашып тастап, бөлмеге еркелей енген самалға мойнын, көкірегін аймалатып, қаншама күнгі мұңнан серпіліп, арқасына қанат біткендей қолын көкке созып керілді. Мұрын астынан ыңылдап жүріп төсегін жинады». Енді қараңыз,  ұйқысынан ерекше оянып, көкірегін самал желге аймалатып, арқасына қанат бітейін деп тұрған көңілді кейіпкеріңіз, неліктен, «мұрын астынан ыңылдап жүріп төсек жинайды. Бұндай стилистикалық қателер бір рет емес, бірнешелеп кезігеді. Сосын кейбір сөздер орфографиялық заңдылыққа сәйкес келмейді. Алдағы уақыттарда осыны ескеруіңізді сұраймыз.


Кейіпкеріміз – актриса жас қыз еді... Оның кейінгі өмір жолы бізге белгісіз. Тәп тәуір шығарманың аяқсыз қалғанымен қызықты болып тұр. Оқырманын ойландырып, толғандырады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл шығарма жанрлық сипаты жағынан әңгіме емес, новелла болуы тиіс.


Сөз соңында айтарымыз, «Қуыршақ» атты психологиялық үлгідегі шығарманың авторы – өзінің жазып отырған тақырыбын жетік меңгерген, күнделікті өзіміз көріп жүрген, алайда, көбіне ер азаматтар байқай бермейтін  қыз баласының табиғатына жақын қуыршақ ойыншығы мен қыздың  арасында болып тұратын кейбір элементтерді шығарма өзегіне айналдырып, бүгінгі күннің келбетіне сай шынайы жазып, актуальды мәселені көтеріп отыр. «Бір терінің пұшпағын илеп жүрген» қаламгер-әріптесімізге, оның алдағы уақыттарда жазылар прозалық шығармаларына  сәттілік тілейміз. Тілекшіміз. Дәл қазір бізге белгісіз болып тұрған бұл қаламгер – өзінің тақырыбын тапқан, тақырыбы шығармасының идеясы мен сюжетін ашқан,  болашағынан үлкен үміт күттіретін жас қаламгер болып тұр!

 

 

Елдос Тоқтарбай

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар