Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сағыныштан жаралған ақын...

18.09.2017 79293

Сағыныштан жаралған ақын

 Сағыныштан жаралған ақын - adebiportal.kz

Өмірге ғашық болмаған адамнан ақын шықпайды. Шайыр болу үшін мына шексіз дүниені бар жан-тәніңмен құлай сүю керек. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақындық жүректе гүлдеп, бүршік ататындықтан, әлемді адал махаббатымен сүйген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Сөз патшасы өлең өнердің босағасынан келін болып именіп аттағанда мына айдай әлемге сүйіспеншіліктің көзімен қараған. Өлеңді айтасыз-ау, сол құдіретті өнердің өзін де өмірді сүйген адамдық сезімнің сүйіспеншілігі туғызған жоқ па еді?!

Дүниені сүйген адамның бойында Аллаға деген шексіз сағынышы оянды, жүрегінде өлең оты тұтанып ұлы Жаратушымен ойша сырласып, мұңын шағып оны тереңірек тануға мүмкіндік алды. Міне, осылайша мәртебелі поэзия адамның Алладан кейінгі ең жақын сырласына айналды. Жалғыздықтан жалығып, мына бес күндік жалғаннан түңіліп, имандылықтың мейірімді шуағын сағынған адамның шөлін тек өлеңнің мөлдір бұлағы ғана қандыра алатыны сондықтан болса керек.

Қазақ әдебиетіндегі сондай таза бұлақтардың бірі – Төлеген Айбергеновтің поэзиясы. Отызға да толмай опат болған ақынды қыршын кетті деп айтуға да обалсынады екенсің. Алайда, дәм-тұзының тым ерте таусылғанына қарамастан Төлеген өлеңдері жастыққа тән албырттығымен және соған қарамастан өмір туралы танымының тереңдігімен һәм сыршылдығымен, тұнығы лайланбаған тазалығымен дараланатын, әдебиетіміздегі ерекше құбылыс болған, ғасырдан-ғасырға жасай беретін –жасампаз поэзия; адамды өмірге ғашық қылдырып, іңкәр сезіміне енін таққан – сыршыл поэзия және сонымен қатар жырларында дауыл күнгі дарияның асау толқынындай алапат күші бар – қуатты поэзия. Оның өлеңдерінде басқа ақындардың ешқайсысында да кездеспейтін дүниеге деген ерекше бір сағыныш бар. Жаныңызды жұмбақ сиқырымен арбайтын сағыныш құдіреті ақынның барлық өлеңдерінде кездеседі.

Өтті ғой, сәулем-ай талай,

Көрмедім қанша өзіңді,

Қайталай берем, қайталай,

Сүйемін деген сөзіңді.

Қайтейін жаным аңсады,

Сабыр да керек десек те.

Сағынған көздің моншағы,

Шашылып жатыр төсекте.

Төлеген өлеңдеріндегі сағыныштың жалыны тұла-бойыңды балқытып, ақынның жыр шанағынан төгілген жібек әуеннің ырғағы Құранның мақамындай, жүрегіңді елжіретіп жібереді. Оның жыр әлемімен сырласқан сайын адамдардың жүрегін жылытатын армандардың, Жер мен Аспанды аймалаған махаббат сәулесінің, бүршік атқан бақыт пен көктеген мұраттардың, қызғалдақтай құлпырған тіршіліктің сағыныш құдіретінен жаратылғанына шәк келтіре алмайсың. Поэзия төресі бұл шындыққа сізді жалаң ұран, жадағай пафоспен емес, жүрегінің отымен, көкірегі ыстық дүниені еміреніп сүйген махаббатының пәктігімен, тасқа тұнған теңіздің тамшысындай әдемі тазалығымен, асқар таудай арманының биіктігімен сендіртеді. Ол біздің бәрімізге таныс ұғымдарға ғажайып сыр бітіреді. (Айтпақшы, Дидроның «Искусствоның мәні – көзтаныс, дағдылы нәрсеге табан асты ғажайып сыр беруінде, екінші жағынан сол ғажайыпты көзтаныс, дағдылы сырмен көмкеруінде деп айтатыны бар).

Ақырғы демі қалғанша адамдардың бәрін сүйіп өтуге ант берген Төлеген поэзиясы сағыныш сезімін ғажайып сырмен көмкеріп, оны жыр әлемінің асқар шыңына көтере алған ұлылығымен құдіретті. «Ақжүректі Адам! Мәрттік пен ардан жасалған, Мен сендер үшін көз жұмбай барам құрбанға» деп сөзімен емес, дүниеге ынтызар жүрегінің адалдығымен серт берген ақын өлеңінен Рух жанартауынан жаралған батырдың мінезін көресің.

Жолдар, жолдар, мені алыс апарыңдар,

Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар.

Қаламдаймын мен әлі ұшталмаған,

Өткізіңдер шөлдерден құс қонбаған,

Сын тақпасын дос түгіл, дұшпан маған.

Қайғың болса тартайын тақсыретін,

Ғұмыр болса көрейін пәк суретін.

Пәк сүретін ғұмырға кез болайын,

Әйтеуір мен тынымсыз қозғалайын.

Өмірдің қиындықтарымен алысып, Уақытқа да бағынғысы келмей, тағдырымен де арпалысқан Төлеген поэзиясында жаудың бетін қайтару үшін қиқу салып, ахахаулап аттанған баһадүрлердің бойындағыдай жігер мен қайраттың тасқыны мол. Түн отындай жүйіткіген ақын өмір жолында кездескен кедергілердің бірде-біреуіне мойымай, қайта оны мазақ қылғандай етіп, «кәне, менімен алысып көріңдер» деп сақ-сақ күлгендей болады. Қорқып-үрку түгіл, егер қиянатқа бастасаң теңізді әкеліп, сен жаққан отқа құямын деп жалғанға сес көрсетіп, басын июдің орнына оған мінез көрсетіп, тәкаппарлана қарайды. Міне, сондықтан да табиғатпен бетпе-бет келгенде сырласқан кездегі оның ағынан ақтарылып айтқан мына бір жыр жолдарынан Төлегенге ғана жарасатын батылдық пен ақындық шабаттың самалы соғады.

Лапылдаған менің ыстық лебізім,

Тас тәніңді тұрған сенің жұмсартып.

Мен болмасам теңіз де емес, теңізің,

Даңқың сенің кете де алмас, мұнша артып.

Мен болмасам аспан да емес аспаның,

Жұлдызыңа қарайды кім қызығып.

Орманыңа менің көзім сүзіліп,

Жапырағынан сорғалайды жүз үміт.

Тек менімен бақыты бар далаңның,

Менің қолым ертеңіңді қамшылар.

Тек ұшымен мен ұстаған қаламның

Сатыр-сұтыр ұйқасады тамшылар.

Жоқ, бұл Төлегеннің артық кетіп, астамсып сөйлегені емес. Бұл ақынның болмысынан жаралған - сезім найзағайы, Табиғат-Анаға еркелеген, тұлымы жалбыраған сағынышының көрінісі.

***

Төлеген Айбергенов өз өлеңдеріне адамды сүюді арқау еткен және оның ұлылық қасиетін айырықша шабытпен жырлаған шайыр. Ол ылғи да адамдардың бәрімен сырласып, қайғысын бірге бөлісіп, қуанышына ортақтасқысы келіп тұрады. Жыр сүлейінің жырларын оқығанда адамгершіліктің аялы алақанын сезгендей болып, ұзақ жылдар бойы көрмеген досымызбен қауышып, мауқымызды басқандай әсердің бесігіне бөленетініміз де сондықтан. Ақын жан сырып ақтарып, күнделігіне мынандай бір ойларын жазып кетіпті: «Жұрт не десе, о десін, мен адамға бір берілгенді құптар едім. Менің ойымша құлау берілу, ессіз сүю – шексіз адалдықтың белгісі. Өмірде өзінен басқаға құлай берілмейтіндер, достықта, жолдастықта, махаббатта қателеспеуі мүмкін, бірақ оның шын адал достарының аз екендігіне, тіпті жоқ та екендігіне сенімім кәміл». Адамды шын ықыласыңмен жақсы көру Төлеген поэзиясы мұрат қылып көтерген биік мақсат болып табылатынына ақын күнделігінде жазылған осы сөздер дәлел бола алады. Жаны нәзік лирик ақынның кез келген өлеңінен жұрттың бәрін бауырына басып, құшағына қысып, аялағысы келетін адамгершіліктің шуағы жарқырайды.

О, адамдар - перзенті ұлылықтың,

Ұлылықтың көзінен тілін ұқтым.

Өздеріңнен көрдім мен көп ізгілік,

Көкірегімді тербеген теңіз қылып.

Лапылдатып жанымның әр талабын,

Оттан ыстық сендердің орталарың.

Алыс жүрсем сағынып хат алыстым,

Жақын жүрсем қасыңнан қатар ұштым.

Көкірегімді толтырып ән-күйменен,

О, аяулы аналар әлдилеген.

Аталы сөз аузынан ақтарылар,

Бабаларым шашында ақ қары бар.

Ағаларым, арманды алға астырған,

Інілерім, жолымды жалғастырған.

Әпкелерім, жүрекке сезім берген,

Әкелерім, әкемнің көзін көрген,

Ормандарым, гүл жапқан атырабын,

Мен сендердің жалғыз тал жапырағың,

Мен сендердің жалғыз тал қауырсының,

Көп тағдырдың көтерген ауыр сынын.

Шын сырын айтып ақтарылған ақын жырында адамға деген қаншама көкірегі күйге толған сағыныш жатыр. Өлеңнің әр жолынан аналарын, аталарын, әкелерін, аға-інілерін, апа-қарындастарын емешегі үзіле жаздап сағынған ақын жүрегінің соққан лүпілін естігендей боласың.

Тіпті ақын ақ самалдармен де, ақ жаңбырлармен де, ақ қайыңдармен де жүрегіндегі бүкіл сағынышын төгіп сырласады. Оқып көріңізші.

Ақ самалдар, аңқыған ақ самалдар,

Ақ самалдар, ақ бұлақ ақша қарлар.

Тырна дауысын шақырып,

Омырауымнан

Ойнақ салып барасың пәтшағарлар.

Ақ самалдар, аңқыған ақ жаңбырлар,

Ақ жаңбырлар, толқыған тоғжан қырлар

Менің қара сабаудай кірпігімнен,

Сатырлатып сапырдың маржан қыруар.

Ей, ақ жаңбырлар.

Төлеген өлеңдерінің құлақ күйі сағыныш болғандықтан ол адамның ұлылығын, ойының даналығын, махаббатының баяндылығын осы бір сезімнің ақыл-таразысына салып өлшейді. Оның барлық арман-мұраты сағыныш сезімінің бесігіне құндақталған.

«Сағыныш» атты өлеңдер топтамасында бұл алапат сезім буырқанып, теңіздей толқып, таулардай асқақтап кетеді. Дүниеге деген ынтызарлығыңызды тірілтіп, өмірге деген құштарлығыңды оятатын ақын жырларындағы лапылдап жанған сағыныштың оты жүрегіңді шарпиды. Өлеңінің біссімілләсін «Сағындым жаным мен сені!» деп бастап, жан сырып айтып, алдыңда ақтарылып сала берген ақ жүректі ақын бірден сенің сырласыңа, мұңдасыңа айналып қоя береді.

Үмітке толы, армандай толы әр жерде бір түп қарағай,

Сағынбай жүрсе, қалуы мүмкін жамырасуға жарамай.

Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған.

Сені мен менің ғасырлар күткен сағынышымнан оянған.

Балалар бізді сағынған жаным, арманның аңсап биігін,

Әжелер бізді сағынған, жаным, талдырып асқар иығын.

Көкірегінде сағыныш барда мұрат та сенде бар, жаным,

Алдыңда тұрған қыраттың саған көрінбей жатқан ар жағын.

Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,

Алдыңнан орман кес-кестеп шықса сағынышыңмен көктеп өт.

Мен мұны саған жазып отырмын арманымды орап сезімге,

Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

Орыс ақыны Марина Цветаева «Пушкин мені махаббатымен баурап алды» десе, Төлеген Айбергеновтің поэзиясы оқырманын сағынышымен жаулайды. Сағыныш жоқ жерде махаббаттың да, бақтың да, адалдықтың да болмайтынына ақын жырларын оқып шыққан соң иланбасқа амалың кем. Ақын жырларындағы сағыныштың ізгі дірілі өлең мазмұнын байытып қана қоймай, оның пәлсапалық иірімін тереңдетіп жібереді. Өлеңнің формасы мен жазылу техникасында бір тал мін жоқ. Ақынның жүрегінен үзілген сағыныш моншақтары, ақ параққа өңдеусіз, жонусыз сол табиғи қалпында шашылып түскен.

Адамдардың бәрімен сағынып көріс, туған жеріңді, Отаныңды әр кез сағынып жүр, армандарыңның орындалуын сағына күт. Сағынбай барсаң теңіз де сенің жастық шағыңдай тебіренбейді, таулар да алдыңнан асқақтап шықпайды, бауларға кіргенмен бұлбұлдың дауысын есіте алмайсың. Әлемнің жұмбағы тек қана сағыныштың кілтімен ашылады. Айбергенов шығармашылығының формуласы – осы. Төлеген ақын оқушымен сырласқан сайын сезімін сағыныштың мөлдір бұлағына бір батырып алады. Оның сағынышында шек жоқ. Апырмай, даладай шексіз сағыныш ақынның жұдырықтай жүрегіне қалайша емін-еркін сиып кеткен:

Ей, адамдар, айналайын туғандар!

Жалғыз минут тыңдаңдар!

Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,

Қазір түгел көкірегім өрт менің!

Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,

Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.

Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,

Қазір мені жұлып алды төсектен.

Өлеңнің әр шумағынан сағыныштың сазы есетін ақын поэзиясында ерекше бір қуат бар. Ол басқа түскен қайғыға мойымайтын, қайта онымен тірескенде бел омыртқасын морт сындырып жіберетін – күрескерлік қуат. Ол адамды жеңіп, жігерін құм қылғысы келетін қасіретпен арпалысып, қолын қайырып мойнын бұрап тастайтын – батырлық қуат. Мысалы, «Апаларым» атты өлеңінде Төлегеннің күрескерлік және батырлық қуатының табиғаты жан-жақты ашылып, мейлінше шынайы кестеленген.

Мен ұл ем. Сендер ең үш тамаша елік,

Төртеуміз бір әкенің баласы едік.

Төрт тағдыр қайғысы мен қуанышын

Өстік біз бір омыраудан таласа еміп.

Есейткен жетті күндер сыр ақтарып,

Қалдым мен қоштасарда бір-ақ танып.

Таралып шартарапқа жолдар шықты,

Сендердің бұрымдарың сияқтанып.

Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,

Қатыгез қимастықты қыз аты қып.

Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,

Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.

Қазақ әдебиетіндегі жауһар жырлардың бірі болып саналатын бұл лирикалық шығармада қайғыға мүжілмейтін, қайта тағдырдың тепкісін көрген сайын жігерлене түсетін Төлегеннің ақындық рухы мен мінезі ғана емес, сәбидің кіршіксіз жүрегіндей тазалығының өрнегі де шынайы, әрі табиғи суреттелген. Махаббаттың сәулесіне шомылған лирикалық шығарманың әр жолынан ақынның апаларын күтіп алқынған жүрегінен үзіліп түскен сағынышының көз жасы тамшылайды. Шартарапқа шыққан жолдарды апаларының бұрымына теңеуі өлеңнің ішкі стихиялық қуатын одан сайын күшейтіп, ақын сезімінің сағыныш бояуын бұрынғыдан да бетер құлпырта түскен.

Жалғыздық дерті өзегін өртеп, сағыныштың ауыр салмағы жанын жаншыса да мергендердің қосына тастап кеткен қарауылдай күйге түскен лирикалық қаһарман апаларының бақытын жеке басының қуанышынан артық санап, артық бағалайды.

Кейде мен көлінде қап Қосабаның

Сендердің саулығыңа тост аламын.

Бүгінде мені ұмытып кетсеңдер де,

Бақытын ойлап басқа босағаның.

Үзілмейтін үміт-дүниенің сағынышынан жаралған ақын ғана дәл солай жырлай алса керек. Адамдардың бәрін сағынышымен аялағысы келіп тұратын және соған қалтқысыз сендіре алатын құдірет пен қасиет қазақ поэзиясында тек Төлегенде ғана бар. Қайғыдан басын мұнар шалған өлеңдерді Төлегеннен кездестіре алмайсың. Ол тіпті, өлімнің өзіне қасқая қарап, онымен алысқысы, күш сынасқысы келген палуандай қайраттана түседі. Орыс ақыны Кольцов Пушкинге арнаған өлеңінде оны батырға теңепті. Төлеген Айбергенов те ажалы жетуі мүмкін найзағай оттары мен сатқандардың оқтарына пысқырып та қарамаған қазақтың батыры. Сондықтан да ол күн сайын теңіз боп ақтарылып, семсердей жарқылдап, ақ түтек ақпанда омырауын ашып тастап, Ажалдан қашудың орнына қайта оған қарай алшаң-алшаң басып, қарсы жүреді. Сондықтан да ол:

Өле берсін күншілдер күйігінде

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау секілді,

Мен өлемін өзімнің биігімде, –

деп өлімді мойындамай, өмірді асқақтата жырлайды. Ақынның шығармашылық сарайына өлім аяғын аттап баса алмайды. Өйткені, әр өлеңінен сағыныш сазы күмбірлеген Төлеген поэзиясы – жасампаздықтың жыры, өлімді жеңіп келген өмірдің музасы. Оның жырларынан жауды жеңіп келген батырдың көңіл-күйіндей шаттық пен қуаныштың самалы соғады. Алайда, жазушы Әбіш Кекілбайұлы дәл байқағанындай, «...бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы» (Әбіш Кекілбайұлы. Он екі томдық шығармалар жинағы. 10-том, 145-бет. «Өлке» баспасы, 1999 жыл).

Мойындауымыз керек! Төлеген Айбергенов қазақ поэзиясындағы батырлық рухты қайта тірілткен ақын. Сағыныштың шұғыласынан жаралған оның өлеңдеріндегі батырлық мінез басыңдағы қайғының бұлтын серпіп-серпіп тастап, рухтандыра түседі. Ақынның поэзиясындағы нағыз батырға тән мәрттік пен кеңдіктің бояуын тілмен жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, бұл бояу оның «Бір тойым бар» атты лирикалық шығармасында айырықша құлпырып, жалт-жұлт етіп ерекше жарқырайды.

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ..бірақ...

Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай:

Қайта алмайды қартың да бәрі бір ән салмай.

Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,

Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам.

Сәбилерге ағаны үлгі етемін.

Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.

Осы бір өлеңнің жан шыңырауында отызын да тойлай алмай кеткен ақынның қаншама асыл арманы мен адамдардың бәріне сағыныш отының жылуын сыйлағысы келген қаншама биік мақсаты қалды десеңізші! Алысқа ұшып, биікте самғағысы келген ақынның мөп-мөлдір сезімі табиғи қалпында ақ параққа төгіліп түскен. Өмірге табиғи қалпында құйылып түскен бұл өлең әр жүректің есігін қағып, адамзат баласының бәрін Алланың нұрынан жаралған сағыныштың сәулесіне шомылдырғысы келеді. Мұндай сәбидің көз жасындай мөлтілдеген таза сезім Абай айтатын «адамзаттың бәрін бауырым» деп сүйетін жүректе ғана туады. Тыңдап көріңізші:

Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,

Ақ көңілімен ақ қайың бүртігіндей.

Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,

Ажырасқанды жүреді қайта қосып,

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша?

Бәйгі берем жығылған палуанға да,

Адалдығы сезіліп тұрар болса.

«Жанамын» деген жүректердің бәріне от бергісі келіп, шуағын шашқан ақынның арманы қандай асқақ! Бар жиған-тергенін бір тойға шашып жіберіп, Алладан қазанында бір асым ет қалмауын жылап сұраған ақын жаны қандай кең, әрі дархан.

Құйттай жүрегінде даланың шексіздігіндей армандар сығылысқан қайран ақын отызын да тойлай алмай қыршынан қиылды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Біргемін мен сендермен» атты жинақтан Төлегеннің қалай қайтыс болғаны туралы достарының естеліктерін оқып шыққанымда, менің көз алдыма жаудың бетін қайтару үшін алысқа аттанып, сол жерде қаза тапқан жас батырдың бейнесі елестеді. Ұлы Байронның мерт болған батырға арнап «Сен қаза таптың, бірақ сенің төгілген қаның жерде емес, енді біздің бойымызда ағып жатыр» деп айтқан сөздерін, Төлегеннің рухына да бағыштауға әбден болады. Өйткені, Төлеген Айбергеновті қара жердің қойнына тапсырғанымызға жарты ғасырға жуықтап қалса да, оның рухы мен сағыныштан жаралған жырлары бізбен бірге мәңгі жасап келеді. Әрине, ақынның қыршын кеткені өкінішті-ақ! Алайда, сағыныш құдіретінің қандай болатынын адамдардың бәріне сездірту үшін, ол дәл осылай жасындай жарқ ете қалып, дүниеден өте шығуы тиіс болатын. Ақын өлген жоқ. Ол біздің қолымыз жете алмайтын, өзі аңсаған сағынышының биігінде мәңгілікке қалып қойды. Төлегеннің өлеңдерін оқыған сайын біздің бәріміз де алыстан қол бұлғап шақырғанымен, ешкім таба алмай жүрген, ақынның жүрегіндей кең, әрі таза бір жұмбақ әлемге кетіп қалғымыз келеді. Ол жұмбақ әлемнің аты – Сағыныш.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар