Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Файзулла Төлтай: ...менің көз жасыммен Өмірдің гүлін суғаршы, еркем...

20.09.2017 779

Файзулла Төлтай: ...менің көз жасыммен Өмірдің гүлін суғаршы, еркем...

Файзулла Төлтай Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. М. Х. Д. ат. ТарМУ-дың түлегі. Қазіргі таңда Ардахан университетінде білімін жалғастыруда.

ЖАН. ТӘН. РУХ.

«Человек –бог, если он –человек»

Ф. Гельдерлин. «Гиперион»

7. СЕЗІМ ЖЫРЫ

Мен –

атқан жебемнің жетпесін біле тұра,

ақылға семсер сілтеген

ақынның жүрегіндегі Сезім болатынмын.

Кейіннен,

жүректен түлеп ұшып,

құсни қаламның құрсағына Сөз болып біттім.

Сан ғасырлық сағынышымды жеткізу үшін

түннің көзіне Жанымды жасырып қойып,

аққұштап парақтың құшағында Өлең кейпінде дүние есігін аштым.

Сол сәттен бастап,

қабырғалары қатаң қағидалармен қаланған Өмірді:

уақыттың көзімен көре бастадым –

әлдилеп отырған ғасырын.

Бақыттың көзімен көре бастадым –

үнемі жылайтын жасырын.

Шыдамның көзімен көре бастадым –

әлемнің іргесін ұстаған.

Қыранның көзімен көре бастадым –

ешқашан биікке ұшпаған.

Таулардың көзімен көре бастадым –

паң басы иіліп қартайған.

Баулардың көзімен көре бастадым –

тым ерте көктемде сарғайған.

Көктемнің көзімен көре бастадым –

көріксіз жүзінен қысылған.

Өткеннің көзімен көре бастадым –

естеліктерін ұсынған.

Түннің көзімен көре бастадым...

Жаныммен көрдім дұрысы.

Арыммен көрдім:

Өмірді мынау – баһадүрлердей тұрысы.

Атажауына есесі кетіп, кектенген дүрдей жер теуіп,

танауы кенет кеседей болып, дауыл тұрғызар тынысы.

Кеудесін соғып, атойлап шапқан уақытта Күшке жарымай

тау жоталарына тығылып қалған өзімді көрдім, а, Құдай.

Өзімді көрдім –

шарасыз күйде қарайды-ау маған тұнжырап,

Кешегі Рух пен Түйсік жоқ мұнда, бүгін бір бейбақ тұр жылап.

Өзімді–өзім аядым сонда,

құрбандық тілеп дәметкен

өмірден кетіп Жүрекке қайта оралғым келді кенеттен.

Жүрекке қайта оралғым келді.

Үрейдің иісі мүңкіген

тұрлаусыз бақ пен тұңғиық мұңға қалайша, қайтіп көндігем?!

Көндігем.

Көнем.

Себебі, Оның көрсем екен деп тек өңін

ғасырлар бойы сағынышымды арқалап әлі келемін.

Ал,

бірақ неге жаратылыстың жасырып барлық шындығын,

жанымды менің соңғы сапарға шығарып салып тұрды түн?

8. ҒАЙЫП

...менің көз жасыммен Өмірдің гүлін суғаршы, еркем.

Әйтпесе, солып қалатын болды.

Бәлкім,

сол гүлдің жұпарына балқып,

табатын шығармын

мәңгілік мекенге баратын жолды.

Онсызда сұрықсыз албарға қамалып,

күп-күрең ойларды тұтқындап көп жүріп қалдым.

Алдамшы Өткен мен Мәңгілік Өткеннің елшісін

қып-қызыл желдің өтінде өлтіріп алдым.

Енді,

...миымның ішінен бейуақта жаңғырып шығатын дауыс:

«Қалауын орындау керек Жанның!

Қалауын орындау керек Жардың»

– деп, ылғи маза бермейді маған.

Шексіздік сыртында:

«Сен –

асқар тауы жоқ самиян дала.

Бақытың –қуарған қаңбақ.

Осы қасіретіңе көн», – дейді, ғалам.

Амал не?!

Алжыған ойлар мен қадірсіз сөздер үстемдік еткен мекен –

қап–қара нүктегі барады сіңіп.

Сезбейді оны ғаріптер, бірақ.

Жеті шырақты шамдалдың түбіне жиналып алып,

Құдайдан қателік іздеп отыратыны несі,

әр сөздерінен әріптер құлап?!

“Асқар тауы жоқ самиян даланың” төсінде ,еркем,

ертең...

бүр жарып жайқалсын Өмірдің гүлі.

Бәрібір ешкімнің шырақты қолына ап тұратын түрі жоқ.

Тек менің мойнымда ең ұлы дәуірдің мұңы.

...ең ұлы күнәлар өтеуін өтейтін жандай,

бақилық жүректің шыңғырған үнін естимін

қараңғылықтың құшағында тістеніп жатып.

Соңында,

“сұрықсыз албардың қараңғы бұрышы –

уақытша тұрақ” –деп,

қажыған Рухымды әлдилеп отырған сәтте

көзімнен үзіліп түседі –уақыт.

9. АР

–Сағындым,–деп,

–Көрем, –деп, боз өңімді,

кеше тағы еңіреп, қыз егілді.

...өмір бойы арқалар өкінішім –

жүрегімді жұлмалап,

өзегімді

өртейтіні болмаса,

маған бола

(бәрі жақсы, қарындас) алаңдама.

Біз істеген баяғы қателікті

күллі ғалам ұмытқан.

Ағаң ғана –

әр түн сайын бетпе–бет өзі қалып,

көкірегін қорқыныш мұзы қарып,

–Жанымды ал! – деп, Тәңірге жалынады,

бар үмітін Өмірден үзіп алып.

Түсінде ылғи алыстан, аңсағаны

әлсін ғана әлдилеп ән салады.

Кейін оны нұрға орап көктегілер,

Қошеметтеп,

Құрметтеп,

Қарсы алады.

Сол мезетте айналам отқа айналып,

тоқтай қалып әлгі әуен,

жоқтайды анық:

–Сенің ғана кінәң, –деп, мұның бәрі,

періштелер жылайды бұлттай налып.

Теңіздей боп қан ағып білегімнен,

–Сөндірем,–деп шарһ ұрып жүремін мен.

Ақырында ысылдап Сары жылан

шағып алған уақытта жүрегімнен

–Құтқаршы, -деп оянам.

Түн ішінде

үрейі ұшып, өлі –жан, тірі –сүлде,

–бөлме ішінде бүк түскен бұл өмірді

бұдан әрі сүремін кім үшін, –деп

өз саусағын тістелеп, жылайды ағаң.

Бәрі бұлай болар деп кім ойлаған?!

Шынжырына байланып ар сотының

азабына қашаңғы шыдайды адам,

айтшы маған?!

Айта гөр, бір амалын.

Рухым мені қоймайды кінәлауын.

Қарғыстарын жаудырып қарға-күндер –

теріс оқып жатқандай дұғаларын.

Ал,

қызығы басқада бұл күн елдің.

Тек мен ғана қарындас –мұңлық өңді.

Бір тамшы көз жасыма батып кеткен

тар қапастан шыға алмай жүрмін енді.

10. ДҰҒА

Жан иесі –Тәңірім.

Тән иесі –Тәңірім.

Сапар шектім жыраққа осы болса әмірің.

Теңіз астым, тау астым:

ұлылық деп түсінген

топырақтың ілімін игеруім үшін мен.

Қош, Атажұрт!

Қош, елім!

Сен жайында ішімде неше уайым неше мұң

бар екенін білсең ғой.

Білмейсің-ау, аңқылдап

жүргеніңде қайғырып қалғаның ба қол бұлғап?!

Кетерімде, неліктен, күңіреніп әр тасың

тұрып алды «Кетпе...» деп балағыма жармасып.

Ол аз десең гүлдердің күлтелері күрсініп,

қимайтындай жәутеңдеп қарай берді-ау қымсынып.

Әлде менің білді ме тіршіліктен қаусаған

сенің кәрі санаңды жаңартуды аңсаған

арманымды бұл әлем?!

Соны ойласам кеудемде күмбірлейді бір әуен.

Сол әуенге ілесіп, аты –еркін, заты -құл

әзірейілдей артымнан қуып келе жатыр Ол.

Тәңір Ием қолдай гөр!

Құрбаныңмын жолыңда.

Тұқымымен тұсалған елім қалды соңымда.

Туған елдің жоғалтқан жоғын іздеп кетіп ем.

Енді сенен өтінем:

ғұмыр бойы «Ұлым...» деп жалбарынған сан рет

ақ жаулықты Анамның ақ тілегін қабыл ет.

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар