Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Есболат Айдабосын шығармасындағы колорит...

02.10.2017 7028

Есболат Айдабосын шығармасындағы колорит

Есболат Айдабосын шығармасындағы колорит - adebiportal.kz

Нысана

Қазіргі прозадағы үдеріс бағытын бірден аңғаруға болады. Прозаиктердің бір қауымы байқап, әлде байқамай аудиторияның талабына қарай илігетін болса, енді бір қатары бұрынғы салынған классикалық соқпақтан айнымау керектігін әбден ұстанымға айналдырған. Бірінен жаңашылдықтың самалының ескенін көрсек, енді бірінің бағзы мен бүгіннің ортасында өзіндік стиль қалыптастырып жатқанын байқаймыз. Олардың қайсысы ұтылып, қайсысының ұпайы артық боларын уақыттың өзі көрсетер, бірақ бір ақиқат - әдеби процесс жүріп жатыр. Осы жолы нысанаға Есболат Айдабосынның «Сүлікқара» кітабын алдық. Кез келген әдеби туынды ретінде бұл кітап та өз оқырманынан пікір күтіп тұрғаны анық. Әлбетте, туындыгерлер өз артықшылығы мен кемшілігін жақсы біледі. Бірақ соны аудитория байқай алды ма, жоқ па, бұл - екінші және басты мәселе.

Сөз колориті

Есболаттың ең басты айырмашылығы сол - оның сөзі, анығын айтқанда сөйлемі ұлттық тілдің колориттерін жақсы таңдай алғандығы. Ол тұрақты, немесе енді тұрақтанатын тіркестерді төгілтіп тастай-тастай салады: «... еркегі бата жаса деп бағланын сүйреп келеді, еркесі қолға су құямын деп құманға қарай жүгіреді», «көзі мұңлы, көкірегі зарлы», «қара шекпен тіліп алған қара жердің қарыс сүйемі», «тағасыз тұлпардай тасырқау» «ойы жүйесінен адасып, сөзі соқпағынан адасу», «көңілді күпті қылған уайым-қайғының дойыр қолы қысырақтың үйірін көрген айғырдай», «жүрегі төсін тоқпақтап тулап жатыр», «қос басы жетім қозының қарнындай тырсиып тұрған тарғыл қоржын» осылай кете береді. «Бүгінгі қазақ прозасындағы тұрақты тіркестердің пайдаланылу аясы» деген тақырып алып, арнайы осы жазушының қолданатын бояуларын зерттеп шығуға боларлықтай. Жазушыны өзгеден шоқтықты етіп көрсетіп тұратын ерекшелік болса, ол осы тілдегі ұлттық бояуларды шебер пайдалана алуында жатыр.

Пейзаж жасау артықшылығы

«Аспан шайдай ашық екен, кепсерге ілінбей қалған көбіктей болып жалғыз бұлт қалқып жүр» - мұндағы жалғыз бұлт - деталь. Ол - күйші Байсеркенің киесі. Күйшіге шығармашылық адамы ретіндегі характерді жазушы осы деталь арқылы берген. Күйші осы бұлтпен тілдеседі, медет тұтады. Соған қарап арқаланады. «Сен түйілсең су төгесің, мен түйілсем күй төгемін», - деп ішкі буырқанысын шығарып алатын тұсы бар. Бірақ кейіпкердің бұлтпен тілдесу үстіндегі ішкі монологында мынандай сөйлем бар: «Домбырамның зарлы үнін естідің бе, ақша бұлт? Сен естімесең, тау естиді, тау есімесе, тас естиді». Меніңше күйшіге осы сөзді айтқызудың қажеті жоқ еді. Себебі, ол бұлт - Байсеркенің өз бұлты. Оны қолдап, қайда барса, сонда жүретін, тіпті аспанда шөкімдей бұлт болмайтын шілдеде де тұрып алатын бұлт осы болатын. Ал оған кейіпкер "сен мені естімесең, әйтеуір тас естиді" деп айтуы бұлттың детальдық мәнін аласартып жіберіп тұр. Сондықтан бұлтпен сырластырған монологтағы әлгіндегі сөйлемді алып тастау керек деп есептеймін. Сосын бұлттың суы мен күйшінің күйін шендестіру жазушының тапқырлығы деп білемін, бірақ оны екі жерде бірей жазып өту артығырақ. Әсіресе, бір монологта осы сөзді кейіпкер 2 рет қайталайды. Пейзажға қатысты ізденісімізді ары қарай жалғастырайық. «Жердің бетін жалынымен шарпып, қылтиған көкті солдырып, қызыл мен жасылдың түсін оңдырып өткен күн..». Осылайыша ыстық күнді сипаттап отырып, даланың суретін береді. Ал «Сүлікққара» деп аталатын шығармасындағы пейзаж былайша өрбиді. «Қар жауған түннің ертеңіндегі көрініс тіпті керемет. Жаздыгүні палуанның желкесіндей тарам-тарам боп жататын күрең дала таздың басындай тегістікке айналады... Күртік қар барлық сай саланың қойны-қонышын толтырып тастаған». «Тау етегіндегі ауылдың тіршілігі қыстыкүні бұйығылана түсетін. Көк шығып, жер аяңы кеңігенше қолға қарайтын төрт түлігінің қамын күйттеген шаруақор жұрт қора-жайын айналшықтап алысқа ұзамайды.» Мұндағы пейзаждық орамда уақыт пен кеңістік мәселесі қоса алынған. Бірақ мен бүгінгі әдебиет үдеріскерлерінен ерекше пейзаж бен портрет күтіп жүрмін.

Уақыт пен кеңістік

Тарихи кейіпкерлер негізінде сюжет құру оңай емес. «Ұран» атты әңгіменің Байсерке деп аталатын кейіпкері - тарихи қаһарман. «Шу мен Іленің ортасында сапарлаған сайын осында аялдау ұстазы Есімнен қалған ескі әдет. Есім күйші ары өткен, бері өткенде міндетті түрде Қозыбасының бөктерінде сапар намазын оқитын. Сол дәстүр қабырғасы сөгілмеген күйі Байсеркенің бойына сіңді. Бірақ қарт күйшіден мұның сырын сұрамапты» - прозаиктың осы сөйлемі риторикалық меңзеу болып табылады. Себебі көзі қарақты оқырман Қозыбасы қазақтың хандық құрғандағы алғашқы территориялық аймағы екенін біледі емес пе? Демек, кейіпкер мен оның ұстазы, тағы бір жоғарғы буынның сапар намазын оқуында үлкен мән жатыр. Тәу ететін атажұртты кеңістік ретінде беруі- жазушының білімін шебер пайдалана алатындығын байқатады. Ол «Ұран» деген шығармасында кеңістікті шебер алмастырып, сонысымен оқырманды сергітіп отырады. Кеңістік демекші көптеген географиялық атауларға осы жерде тоқталады.

Портрет жасау мәселесі

Бірақ бұл әңгімеде ("Ұран") қосалқы кейіпкерлерге арналған портреттік элементтер бар да, негізгі кейіпкер Байсеркенің портреті жоқ. Тек әңгіменің басында оған қатысты мынандай сөйлем кездеседі: «Бөркін көтеріп, тершіген маңдайын таңғы самалға тосты». Ал жанама кейіпкерлердегі портреттік эелементтерге тоқталар болсақ: «Қара сақалды кісі», «кереқарыс маңдай» бұл Байсеркенің ұстазы Есімді алғаш көрген кезі. Тіпті кейіпкерідің бәйбшесінің ақ, ал астындағы атының танауы да ақ екенін де аңғаруға болады. Бердібек дейтін кейіпкердің де «балуан денелі», «қыран көзді» екенін жазған. Тұтас бір тұлға туралы ізденіп, оның бір күйінің тарихына тоқталған жағдайда, оның портретін де жасау керек еді. Оны жасауға автордың шұрайлы тілінің мүмкіндігі жететін. Олай дейтінім «Ұлыма» деп аталатын әңгімесінде автор негізгі кейіпкердің портретін жасайды. «Қалың қабақтың астындағы отты жанары қылт еткенді қағып түсер, қырандай, байқампаз. Дөңестеу келген мұрны дөңгелек жүзіне айбар беріп тұрғандай. Қарлығаштың қанатындай қап-қара мұрты ұртына жетер тұстан өрге қайрылыпты. Иегі жалаңаш деуге келмейді, бірақ ұйысып та өспеген, сирек шыққан егіндей селдір сақал». Жарайды делік, портретті таптық.

Ал енді сөзбен портрерт салуды Есболаттың жаңалығы мен артықшылығы неде? Меніңше ол портрет жасаудың бұрыннан қалыптасқан классикалық үлгісін таңдаған. Ал характер жасауына келер болсақ, кейіпкердің аңшыға тән болмысын сәтті берген: «Көп сөйлемейді, біртоға. Бірақ бір сөйлесе, есіп сөйлейтін шешен, уәдеге берік. Қолы ашық. Атқан аңын көңілі түскен адамының қанжығасына байлап кете баратын мәрт».

Кие мотиві

Есболат кейіпкерлерінің әрекеті арқылы қазақтың көнерген сөздері мен дәстүрін оқырмандарға түсіндіруге тырысады. Түсіндіргенде де, бұл былай ғой деп мораль оқып, ақыл айтып жатпайды. Оқырман кейіпкерлердің сыртынан бақылап отырады да, өзіне қажетті баба тілдің маңызын сүзіп алып отыра береді. Мысалы, мергеннің оңқа тұрғызуы қандай болатынын, қанжығаға байланып қойған аңға бөтеннің көз сүзуге хақысы жоқ екендігін мен «Ұлыма» атты хикаяттан білдім. Ұлыманың ұстазы Алтынбектің өмірде прототипі бар. Демек өмір шындығын көркемдік шындыққа ұластыра алатын прозаиктер бүгінгі буында да бар деген сөз. Сонымен қатар, қазақы танымдағы, ұлттық мәдениетіміздің өзегі болған кие мотивін де прозаик шығармаға деталь ретінде кірістіреді. «Сол аңның киесі ғой, менің көзімді алған... Асыра сілтеп жіберген кезіміз болмады емес, болған шығар... Осымен тоқтамасам, Ғайып- ереннің қарғысына қаламын, аңның киесі ұрады... Сарытышқан ұстасаң да, о дүниеде сұрауы болады».

Шығармагер аңшылық туралы жазуды мақсат тұтқан. Соған сай ізденістер жүргізген. Мергендік өнер туралы арғы-бергі жинақталған этнографиялық мұраларды зерделеп барып, осы тақырыпқа келгені аңғарылады. Ондағы Аңғарбек деген кейіпкер ашкөзденіп кеткен аңшы. «Аңғарбек те жер басып жүр дегені болмаса, адами рахаты түгесілген, тері сүйреткен тірі тұлып қазір» Аңшының да құдайға қарағаны болатынын ол осы метонимия арқылы жеткізе салған.

"Сүлікқарадағы" психологизм

Автордың кітабының аты - "Сүлікқара". Оны өзі хикаят жанрына жатқызыпты. Сәйгүлікке деген ерекше көзқарас пен ондағы шығыстық таным тұрғысынан қарағанда жанрдың атын солай қойған жөн де шығар. Дегенмен классикалық прозаның бүгінгі мұрагері ретінде Есболат прозасы кіл хикаяттан тұрады дегенге келіспеймін. Себебі прозаик композияция құруда, оқиғаны ары қарай өрбітіп алып кетіп, тартыс жасауда қазақ әдебиетінің проза жарнында қалыптасқан әдепкі әдеби тәсілдерді пайдаланады. Оның үстіне хикаят мәселесіне келгенде әдебиеттанушылар арасында бітпейтін, ұшы- қиыры жоқ тартыс бар. Ол әңгімесінде метонимияны жақсы пайдаланады. «Ауылдың жан-жағынан қоян-бөрік, қарсақ тымақтылар жапа тармағай қосылады.» Бұл әдісі оқырман көкейіне түсінікті жетеді. Қарсақ -тымақ пен қоян-бөрікті жас балалар киетінін түсіну қиян емес. Қазақ отбасының жүйесі, үлкен мен кішінің орны, сәйгүлікке деген сүйіспеншілігі әңгімеде жақсы ашлыған. Бірақ мен Сүлікқараның ішкі кеңістігіне кірген әдістерді көбірек күтіп едім. Сүлікқараға қарағанда оның «қазасына» қайғырған шабандоздардың психикалық күйзелісі жақсы берілген. Жануарларды басты кейіпкер еткен шығармада оның ішкі психикасының қалтарыс-бұлтарыстарына бара алған шоқтықты шығармалар біздің кезеңдерде де дүниеге келеді деп күтіп жүрмін. Дегенмен бүгінгі күннің интеллектуалдық прозагеріне Есболат Айдабосынды жатқызар едім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар