Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Нұргүл Оқашева: Фариза апайдың ақ батасы мені қана...

03.10.2017 5436

Нұргүл Оқашева: Фариза апайдың ақ батасы мені қанаттандырды...

Нұргүл Оқашева: Фариза апайдың ақ батасы мені қанаттандырды... - adebiportal.kz

Есімдері әдебиетсүйер қауымға етене танылып келе жатқан жас ақындардың қатарында Нұргүл Оқашеваның да аты ерекше ілтипатпен аталады. Жуырда онымен кездесіп, қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйі, шығармашылығы, болашақтағы жоспарлары жайлы әңгіме тиегін ағытқан едік. Оқырман аназарына сұхбатымызбен бірге жас ақынның шығармашылығына аға буынның берген бағасын қоса ұсынғанды жөн көрдік.

НҰРГҮЛДІҢ ШУАҚТЫ ЖЫРЛАРЫ

Оңайгүл ТҰРЖАН,

ақын, Төлеген Айбергенов

атындағы сыйлықтың лауреаты

Бұған дейін жұртшылыққа тұңғыш жыр жинағын ұсынып үлгерген Нұргүл Оқашеваның өлеңдерін оқып отырып, «шіркін-ай, оқырманыңды таба алар ма екенсің?» деген ойдың жетегіне ересің. Өйткені, оқырман дегеніміз – рухани байлық іздеген, сөздің қадірін түсінетін, тіршіліктің жауабынан да сұрағы көп бұралаң жолдарында бір жығылып, бір тұрып келе жатқан жандар. Олар заман қанша салқындап кетсе де, оның бойында сақталған бір жылылық сәулесінің бар екендігіне сенеді. Міне, солар Нұргүлдің осы әдемі жырларына кезіксе, іздегінін тауып, бір жасап қалар еді-ау. Өйткені, ол – «Қайран менің өлеңім тізбекте бір, Сенен солай мың үміт үзбек көңіл. Жалғандықтың жарысқан жолдарымен, Ақиқаттың ауылын іздетті өмір» дейтін мұңдасы мен тілеулесі.

Ал егер ол махаббаттың мұңын бастан кешіп жүрген жан болса, Нұргүлдің «…Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес, Саған ғашық болғаным үшін ғана» деген жолдарын оқып, өзінің де не үшін көктемді немесе не үшін күзді немесе не үшін түзді, не үшін ақ қар мен күміс жаңбырды сағынып жүргенін түсінеді. Тіпті «Жүз күнімнен дайынмын безінуге, Өзіңменен өткізер бір күн үшін» деген ақиқатын ақтара жазған ақын қыздың сезімінің сүйсе құлай сүйетін жүз қыздың сезімін екі жолға сыйғызған шеберлігіне қуанып, тіпті жүз күрсініп отырып, осы жыр жолдарының шуағында рахат сезіміне батары да анық. «Моншақ тізіп мұңайғанда мен үнсіз, Өлең оқып жұбатқан да едің сіз. Мені қатты сүйем дейсіз, сенемін, Сенімім де сенімсіз...» деген өлең жолдарын оқыса, жанына жұбаныш табар еді. Неге? Өйткені, адам өзінің жандүниесіндегі айта алмай жүрген сырын екінші бір адамның дөп басып айтып тұрғанын естісе, өзінің жалғыз еместігін сезініп, көңілі көшке ілескендей күй кешеді.

Қазіргі заман әр адамның жандүниесінің керек-жарағына көңіл бөліп отыратын заман емес. Қазіргі заман – Нұргүлдің «Көңілімнің көкпеңбек хошы налып, Жан-тәнімді жанардың жасы қарып. Маңдайыма ақ өлең түзу түскен, Қисық жолмен келеді көшін алып» деп төгілткеніндей, «қисық жолды» күрделілеу заман. Күрделілеу заманның күрсінісінің ішіне түсіп кетпей, өзіңді асқақ ұстап жүру де ерлік. Бірақ сондай ерлік жасап жүргеніңді кімге айтарсың? Кімге мұңыңды шағасың? Ең қиыны да осы. Сосын сенің сол ерлігіңді өзің айтпасаң да, сені танымаса да, алыстан сезініп отырған ақын деген құдырет барын білген кезде, ақындықты мойындамауға шамаң келмей қалады.

Жәудіреген жанардың жасы күліп,

Күйзелісті мендегі тосып үміт.

Кірпігімнің үстінде жалған күлкім,

Ал астында мұңым тұр жасырынып.

«Кірпігінің астына мұң жасырудың» салмағын оны бастан өткергендер ғана түсінеді. Шынында да, айналаң түгел шаттанып жүргендей сыңай танытып тұрғанда, жалғыз өзің қалай мұңайып отырарсың. Айналаң түгел мұңсыз ғаламның ішінде шалқып жүргендей болып тұрса, «жалған күлкінің» өзін құтқарушыңдай көріп, соған жармаса кетпегенде не істейсің?! Бірақ, сөйтіп жасырып жүргенің бір күні өлең жолдарына төгіле қалғанда, ақынның енді оны айтпауға мүмкіндігі болмай қалады. Бұл әр ақынның басында болатын жағдай. Өлең осылай туады. Шынайы бейнесін көрсетіп туады.

Күмілжіген күлкіні,

Қолдан жасап алудан-ақ шаршадым.

Ойларымды күндерім жүр ойқастай,

Мысықтілеу неге бәрі қас маған?

Менің жаным жақпар-жақпар жартастай,

Толқын ұрып тастаған, - деген жолдарға қалай қарар едіңіз?

Әрине, «жап-жас болып, не болды сонша түңіліп!» деп қабылдамайтыныңды білтелемей бүкпесіз білдіруге де болар еді. Жас кезімде бір үлкен ақыннан сондай сөз естігенім есімде. Сонда ол кісіге поэзия жас-жасамыс дегенге қарамайтындығын түсіндіргім келген. Оның «жақпар-жақпар жартастай, толқын ұрып тастаған» жағдайын қарабайыр, дәл сол қалпында алмаңыз. Оған сөз өнері, ой өрнегі, сезім тереңдігі тұрғысынан қарасаңыз, ерекше күйге бөленесіз. Және суреттеу, ішкі сезімнің дәл осы шақтағы толғанысын сол қалпынша жеткізудің өзіндік шебер көрінісін тауып алар едіңіз.

Шарасыз шердің шарлап шартарабын,

Өкпелеп кімге кінә арта аламын.

Сүйсініп ессіз сүйіп сізді ғана,

Ғаламның ғазал мұңын арқаладым, -

дегендегісі, шынында да «ғаламның мұңы» екен деп қалмаңыз. Бірақ ақынның ішкі әлемі күллі ғаламды сыйғыза алғандай сезімді бастан кешіріп тұрған соң, ақынның дәл осылай сөйлеуі өте орынды.

Жалпы ақындыққа бәлен-түген деп баға беріп жатудың өзі артық. Өйткені, біреуге ұнаған өлең біреуге ұнамауы мүмкін. Біреу терең ұғынып, енді бір оқырман тереңдей алмауы да ғажап емес. Солай бола тұрса да, заманның қиғаш қарап тұрған мінезінен жасқанбай, өзінің табиғи болмысы бар екендігін айғақтап, ішкі сезім бұлқыныстарын өлең жолдарына жап-жарық етіп ұсынуының өзі – ақындық мінездің айғағы.

Кезінде қазақтың ақберен ақын қызы Фариза Оңғарсынова да Нұргүлдің өлеңдеріне ерекше бағасын беріп, талдап тұрып, тілек айтқаны бар еді. Нұргүл сол айтылған тілектен қанат байлап ұшқан қарлығаштай шеберлігін шыңдаумен келеді.

Сезіміміз ентігумен ескірген,

Көңіліміз мерзімінен кеш күлген.

Біздің өмір дауылпаздың дыбысы,

Тек алыстан әдемілеу естілген, -

деген жолдардан жас ақынның ішкі қарымы ап-айқын көрініп тұр. Нұргүлдің қарымды да шуақты жырлары әлі де жазылу үстінде. Жазыла бергей!

НҰРГҮЛ ОҚАШЕВА, АҚЫН: «ФАРИЗА АПАЙДЫҢ АҚ БАТАСЫ МЕНІ ҚАНАТТАНДЫРДЫ...»

-Нұргүл, жақын арада жыр жинағыңыздың жарыққа шығатыны жайлы ақжолтай жаңалығыңызбен бөлісіп отырсыз. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ... Кітабыңыздың атын «Күз бен Қыз» деп атауыңыздың себебін оқырмандарға айта отырсаңыз?..

-Өз басым кітап шығаруды атаққа құмартуға, танымал болуға ұмтылу деп есептемеймін. Кітап шығару өзіңнің жүрегіңді жарып шыққан жырларыңа , өлеңдеріңе жарық дүние сыйлау, оларды құрметтеу, бағалау. Міне, осылай ойлаймын. Сондықтан да көптеп бері көкейімде жүрген ойымды биыл жүзеге асыру мүмкін болып отыр. Жаңа жыр жинағымның «Күз бен Қыз» аталуы да кездейсоқ жағдай емес. Күз - сағыныш, аңсар, арман, көз жазы, көңіл сыры. Өлеңдерімнің негізі тақырыбы да осылар. Күз сияқты шынайы сағынамын, аңсаймын. Жан дүниемнің мөлдір толқынысы сол күйінде қағаз бетіне түседі. Кітапқа негізінен осы мезгілде жазылған өлеңдерім еніп отыр. «Күз бен Қыздың» ішкі үндестігі де осында жатыр.

-Қазіргі уақытта ақын қыздардың лирикалық кейіпкерлерін «Сіз» деп атауына көп сын айтылып жатады. Оның төркіні Гүлнар Салықбайды қайталамау керек еді дегеннен шыққан ғой. Бұл жайында сіздің пікіріңіз қандай?

-Сіздің бұл ойыңызбен бір жағдайда ғана келісуге болады. Әрине, Гүлнәр Салықбай қазақ поэзиясындағы, оның ішінде ақын қыздардың арасындағы қайталанбас құбылыс. Мен де көп ақындардай Гүлнәр апамыздың жырларын жата-жастана оқып өстім. Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбалары қалыптасқан, қалыптасып келе жатқан ақын қыздардың «Сіз» деп жырлауы сырт көзге бір бірлерін қайталау сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда, мен үшін олай емес. Әр жүрек өзінің «Сізін» жырлайды, өлеңдерінің арқауы етеді. Мәселен, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Танагөз Толқынқызы сияқты ақын әпкелеріміздің өлеңдерін алып қарайық. Үшеуінде де лирикалық кейіпкер – сіз. Осы орайда мәселе кімнің қалай жазуында. Кейде ақындардың өлеңдеріндегі шумақта айтылған ой екінші бір ақынның жүрегінен туып жатады. Мұның өзі Жер мен Көктің арасындағы ақын деген пенденің жандарының бір бірімен үйлесуінде деп түсіну қажет.

Өзіңіз де мойындайтын шығарсыз, қазіргі ақын қыздардың тағдырлары бір бірлеріне ұқсас. Содан да болар олардың қаламдарынан осындай өлеңдер дүниеге келеді. Біз бәр сәт қазіргі әдебиетте, өлең мен отбасының тізгінен қатар алып жүрген қыздардың тағдырына үңіліп көргеніміз дұрыс. Ақын Бақытгүл Бабаш бір өлеңінде «Ақын мен әйел болып өмір сүру, азап пен қайғы тоғыспас жолдар торабы» деп айтқандай барлық ақын қыздың өмірлері, тағдыр талайлары сыйып тұрған осы екі шумаққа тереңірек үңіліп көрген дұрыс болар еді.

-Біраз уақыт көрінбей кеттіңіз. Әдеби ортадан алыс жүргеніңізде шығармашылығыңыз тасада қалып қойған жоқ па?

-Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің филология факультетінде оқып жүргенде әдеби шаралардан қалыс қалмайтын едік. Елордада, еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жатқан мерейлі шараларда үнемі төбе көрсетуші едік. Ақын Бауыржан Қарағызұлының жетекшілігімен құрылған «Топжарған» ақындар студиясының, ақын Серікзат Дүйсенғазин ашқан жас қаламгерлер үйірмелерінің тұрақты қатысушысы болдық. Осылайша әдебиетте өздерінің орындарын алған бірегей тұлғалармен кездестік. «Қыз баланың мұраты - кету» ғой. Тұрмысқа шыққаннан кейін әдеби ортадан біраз алыстап кеткенім жасырын емес. Оның үстіне екі перзентімді бірінен соң бірін дүниеге әкеліп, бірнеше жылдар бойы балалардың күтімімен үйде отырдым. Сол сәттерде өзімді жегідей жейтін кездерім де кездесті. Жұбайым әдебиетпен қабыспайтын салада қызмет атқарса да, өлеңді, өнерді түсінеді, қадірлейді, құрметтейді. Сондай кездерде кітапханадан біраз кітаптар әкеліп беретін. Менің әдеби ортам кітаптар болды. Үйде отырып, журналистиканы меңгеруге ден қойдым.

-Студент кезіңізде әдебиеттгі алдыңғы толқын буынмен бірге Фариза апамызға арналған мүшәйраға қатысып, бірінші орын алғаныңыз бар. Фариза апамыздың аузынан өлеңдеріңіз туралы пікір естідіңіз бе?

-Фариза апай қазіргі әдебиетте жүрген ақын қыздардың денінің өсулеріне, танылуларына ықпал еткен бірден бір тұлға ғой. Осындай қазақтың қайсар қызының аузынан жылы лебіз бен ақ бата естуім мені одан сайын қанаттандырды. Үшінші курста оқимын. Ақын Оңайгүл Тұржан Атырауда Фариза Оңғарсыноваға арналған «Өлең, мен сені аялап өтем!» атты қазақ қыздарының республикалық мүшайрасының өтетіні, оған қатысуымды айтты. Қуана-қуана келісе кеттім. Содан Атырауға аттандық. Атырауға аттанар күні Фариза апам түсіме енді. Аппақ бұлттардың арасында аппақ көйлек киген аруға «Қарсы аласыз ба мені» деп айқайлап тұрмын. Содан келесі күні жүрегімнен «Қарсы аласыз ба?» деген өлең төгілді.

«Бозамық таң мен серігім болып барақ түн,
Жауқазын жырдың жұлдызға жүзін қараттым.
Содан соң...
Түнекті түртіп сәуле боп тұрған бейнеңе,
Дауасы болып талай да талай дерттердің,
Жалыны өшкен жандарға сөнбес от бердің.
Бір жырыңызбен құм жігерлерді қамшылап,
Бір жырыңызбен көктемнің құсы боп келдің.
Бір жырыңыздан түзелді қанша ағатық,
Бір жырыңызды оқыдық, сүйдік, жараттық.
Мүләйімсу мен көлгірсулердің барлығын,
Қанша адам кетті талақ қып.
Түсіме кіріп тыныштық бермей өлеңің,
Құлын жырымның тұлымын сипап, демедің.
Бозамық таңда бір өлең жазып бітіріп,
Мен сізге беттеп келемін.
Мүбәрәк жырмен...
Қарсы аласыз ба? (Қысқартылып алынды). Осылай деп өрілген өлеңді апамыздың алдында оқу оңай шаруа емес қой. Өлеңімді тыңдаған алдыңғы қатарда отырған апамның басын шайқап, мақұлдап отырғанын көргенімде бойымда бір қуат пайда болды. Осылайша ол кісі маған жүлделі бірінші орыды табыс етті. Жүлдені тапсырар сәтте қолымнан қысып, бетімнен сүйіп тұрып «Сен өзі қайда жүрсің. Бұрын көрмедім ғой. Хабарласып тұр» дегені бар. Содан апайымыз қатысқан біраз жиындарда болдым. Ол кісі шығаратын Тұмар журналына жаңа өлеңдерім жиі шығатын еді. Фариза апамның өмірден өткенін естігеміде қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі ғана емес, күллі ақын қыздардың тірегі құлағандай күй кештім.

-Қазір қайда, қандай қызметте жүрсіз?

-Бүгінде Петропавл қалалық «Қызылжар нұры» газетінің редакторымын. Еңбек жолымды облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде аға тілші болып бастадым. Газеттің сол кездегі директоры (Бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты) Кәрібай Мұсырман ағамның қолдауының арқасында журналистика саласында да үйренгенім орасан. Содан кейін басылымның мәдениет бөлімінің меңгерушісі болдым. Бүгінде қаладағы қазақ тіліндегі жалғыз басылым «Қызылжар нұры» газетін басқарып отырмын.

-Журналистика мен ақындық бір-біріне керағар дүние емес пе?

-Кейде мен де солай ойлап қаламын. Журналистика мен поэзия бір-біріне мүлдем қабыспайтын дүние екені рас. Журналистика, күнделікті көз алдыңда болып жатқан ақпарттар тасқыны сенің ақындық қабілеіңді, көркемдік мәнеріңді, қиялыңды тұсап тастайды. Екеуі де үнемі ізденіс үстінде болуыңды талап етеді. Алайда, екеуінің де табиғаты бөлек. Көп жағдайда ақындық табиғатқа төзу қиын. Ақын журналист болса, тіпті, қиын.

-Жуықта Қызылжар өңірінде өздеріңіздің бастамаларыңызбен ақындар мектебі ашылғанын естідік. Бұл мектептің мақсат мүддесі жайлы тарқатып айтып берсең?

-Иә. Ақжолтай жаңалығымызды әлеуметтік желілерде бөлістік, баспасөз беттерінде жарияладық. Ақындар орталығын ашу осыдан бірнеше жыл бұрын ойға алған жоспарымыз болатын. Сол сәтін салып, биыл жүзеге асып отыр. Ақындар орталығы әзірге қала бойынша жұмыс істеп тұр. Орталық бес бағыт бойынша жұмыс жасайды. Жазба ақындық, шешендік өнер, суырыпсалмалық, дәстүрлі ән және мәнерлеп оқу бағыттары бойынша есімдері өңірімізге жақсы таныс бірнеше тәлімгер жетекшілік етеді. Қазіргі уақытта орталықта қырықтан астам талантты балалар дәріс алуда. Мен жазба ақындық бөліміне жетекшілік етемін. Ақын Төлеген Айбергенов «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында жүру сыздаған әрбір жараның» деп айтқандай жастарды ақындыққа баулуға бола ма деген сұрақ та мазалайды кейде. Жасап жатқан жұмыстарымыздың бәрі елдің игілігі, қазақ әдебиетінің ертеңі. Алдағы уақытта орталықтың өрісін кеңейтуді қолға алмақпыз.

-Солтүстік өңірдегі әдеби ортаның хал-ахуалы қалай?

-Өздерііңз де жақсы білесіздер, қасиетті Қызылжар өңірі солақай саясаттың сойқанын көп көрді. Оның салқыны еліміз тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде де әлі де байқалып отыр. Соған қарамай мұндағы жүректері «қазақ», «елім» деп соққан әдебиетке, әдебиетке ғана емес руханиятқа жанашыр азаматтардың нәтижелі жұмыстарының арқасында бәрі сәтті жүзеге асып келеді. Олай болуы заңдылық та. Сайдың тасындай небір сайыпқырандарды, бер жағын айтқанда, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановты, сафуан шаймерденовты дүниеге әкелген өңірде әдеби орта мүлдем жоқ десек қателескен болармыз. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы жұмыс істейді. Оны есімі елімізге жақсы таныс жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов ағамыз басқарады. Филиал жанынан «Мағжан» әдеби бірлесігі жұмыс істейді. Бірлестіктің жұмысы да бір жолға қойылған. Өңіріміздегі әдебиетке әуес, ақындыққа құмар қаламгерлер жиі кездесіп, жаңа өлеңдерімізді оқып отырамыз. Облыстағы мәдени шаралардың алдығңы легінде жүреміз. Сонымен қатар біздің облысымыздан «мағжан» республикалық әдеби көркем журналдың жарық көретіні де сүйініш. Ақындар орталығы да әдеби ортаны қалыптастыруда таптырмас мүмкіндік болып отыр.

-Қазіргі жастардың арасында кітап оқуға қызығушылық күн өткен сайын азайып келеді. Жазған-сызғаным өз оқырманын таба ала ма деген сұрақ мазаламай ма?

–Жоқ. Бұл сұраққа бас қатырып, ойланбаймын да. Өйткені, мен мақаланы, жалпы публицистиканы оқырман үшін жазуым мүмкін. Ал өлеңді оқырман үшін жазайын деп дайындалған емеспін. Өзімнің сол сәттегі көңіл күйімді, мұңымды не сағынышымды жазамын. Өлең жазу өзіңмен өзің сырласу., өмірден, өзіңнен жасыратын сырыңды ақтару. Менің ойымша, жанын жегідей жеген мұңын ақ өлеңге ақтарған адам шынтуайтына келгенде көпшілікке жариялауға , біреуге оқытуға да асықпайды. Жасырын ұстайды, сақтайды. Егер менің өлеңімді оқырман оқып, дақсы пікірін білдіріп жатса қуанышымды шек болмайды. Өлеңдерімді аялаймын.

-Нұргүл, жаңадан жарық көріп жатқан кітабыңыздан оқырмандарға бір өлең ұсынсақ?

Бәрін неден бастадық бәрін неден,
Бір ауыз сөз құртты ма "жаным" деген?
Неге, неге үндесе кеттің екен,
Жалғыздықтан жабыққан жанымменен.

Сүйіп қалған жүректе бар ма кінә?
Сізсіз жол жоқ жететін арманыма.
Бейуақытта кездескен бір тағдырдың,
Бір тағдырға байланып қалғаны ма?

Тұйықталған жолыңа қарай-қарай,
Солғын тартып кетпей жүр жанар қалай?
Жақындаудан жасқанып жаныңызға,
Алыстаудан қорқамын қалай ғана-ай!?

Азаптаған тағдырды көтермедім,
"Жетер!" дегім келеді "жетер!" дегім.
Шарпып жатқан сезімге күйіп өліп,
Күлге айналып, шіркін-ай, кетер ме едім?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар