26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. ИНТЕРНҚАЗАҚҚА ХАТ

20.08.2015 253

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. ИНТЕРНҚАЗАҚҚА ХАТ

 


 

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы


Осы желіге қосылғаныма екі айдай уақыт болыпты. 2497 "интерндос" бар екен. Көңілдеріне келмесін, солардың жартысы "селпи-мелпимен", "әкәку-сәкәкумен" ғана шұғылданушылар. Көбі дұрыс жазып-сызуды да білмейді. Өзімнің байқауымша, қалған бөлігінің жартысы, ол да бір - "қырық рулы ел". Таратып айтып жатпаймын. Олардан былайғылардың ішінде түрлі өнер салаларындағы адамдар бар, мықты ақындар бар... Жалпы, осы соңғы топтағылар, өзім үшін, нағыз интернәріптес деуге келетін әдемі жандар! Өзіме таныс осы "селпи-мелпи", "интерндос" һәм интернәріптес топтардың сыртында қаншама мың жергілікті һәм әлемдік интернқазақ және бар! Солардың "тоқсантоғыздық" қарасының ұлттық Жаны бір деп ойлаймын.


Мұны неге айтып отыр дерсіздер. Қысқаша бір-екі сөз. Коммуникациялық технологиясы ерен дамып бара жатқан қазіргі заман - ымырасыз жаһандық идеологиялар мен тілдер майданының заманы. Оны бәрі де біледі, бірақ, түптеп ұқпайды. Демек, алдағы елу жылдың шамасында талай-талай "халықтар тұқымының тұздай құртылатындығы" Айдан анық. Жиһанмен салыстырсақ, біз ат төбеліндей ғана аз жұртпыз. Жеріміз - кең-байтақ, мінезіміз - кеңқолтық. Өзгелерді де өзіміздей көріп, жай-барақат жүрміз. Бірақ, өздерін ұлтпыз деп есептейтін одыраң-қодыраң диаспоралар жеткілікті. "Әлемдік Айдаһар" мен "әлемдік Аю" екі өкпемізді екі жақтан барған сайын ол тұншықтыра түсуде. Ұлттық идеологиямыз - нөл. Тіліміздің "мемлекеттік қауқары" - кісі жылатады. Шетелдік жындысүрей экспансиялар жойқындығынан сайтан да шошып кетерліктей. Діни ахуалымыздың да оңып тұрғаны шамалы. Ел іші - мың сан дұшпан секталар. "Өз дініміз" деп есептелетін исламның жәдігөй тармақтарының "сарбаздары" да бізді өзара қырықпышақ қыларға бастап бара жатыр.


Уай, енді не қайран бар? "Мәңгілік Ел" идеясының тағдыры қалай болмақ?..

 



І


 

Әрине, Достоевский жарықтықтың "Әлемді сұлулық құтқарады!" дегенін бәріміз де білеміз. Сірә, ол кісі "сұлулық" деп ЖАН СҰЛУЛЫҒЫН айтқан болар? Ал, ол ғажапқа қалай жетеміз? Әлем боп ойланатын мәселе сол! Алайда, біз әуелі Қазақ болып ойланып алайықшы! Яғни, осы біздің Ата Дүниетанымымызда Жан Сұлулығы хақындағы ілім бар ма? Бар болғанда қандай! Ол нендей ілім? Оны айтпас бұрын, әуелі біздің Ұлттық Дүниетанымның өзі нендей Дүниетаным, соны ептеп болса да, түсініп алуымыз керек. Бір-екі сөз. Біз, Қазақ деген Ел - мыңдаған жылдар бойы, негізінен алғанда, көшпелі өмір сүру (КӨС) салтын берік ұстанған, жауынгерлік жағынан да, парасат жағынан да, айнала жалғас құрлықтарда мыңдаған жылдар бойы ешкімге дес бермеген, барған-барған жерлеріндегі жұрттарға өркениет құрып берген құдыретті салтатты садақшы Елдердің түп Мирасқорымыз. Ал, тарихи тұрғыдан жалпы алып қарасақ, сол салтатты садақшы Елдердің қадым замандарда жаһанға тараған тармақтары, кейін, жер-жерде отырықшы тірлік ету (ОТЕ) салтын ұстанып, мыңдаған жылдар барысында басқатілді, басқаділді бөтен жұрттарға айналып кетті. Яғни, әлемдегі барша жұрттар - қадымдағы сол айбынды баба Елдеріміздің тікелей ұрпақтары. Мейлі, олар шумерліктер болсын, мысырлықтар болсын, грекиялықтар болсын, ебірей болсын, араб болсын, басқа болсын, бәрі - солай. Оның мәнісін біз кезінде, баспасөз бетінде "БАБЫЛ МҰНАРАСЫ" жайындағы философиялық баянымызда айтқанбыз. Сол баянның басты формуласы: "Бас-басыңа Бій болсаң, Манар-Тауға сыймассың; Бас Алқаңыз бар болса, жанған Отқа күймессің".


Жә, КӨС салтына адалдықтан айнымаған, қалған салтатты садақшы еуразиялық баба Елдеріміз әлемдік әлгі отырықшы бауыр-жұрттардың бәріне мыңдаған жылдар бойы парасатты патшалық әмір жүргізіп тұрды. Әне, солардан бізге мирас қалған қасиетті КӨС салтын ақпатшалық орыс империясы тоқтатпақ болып, қанымызды судай шашты; қызылпатшалық орыс империясы, түрлі қырғындар мен геноцид сұмдығы арқылы, ақыры тоқтатып тынды (олар неге соншалықты жанталасты; оның мәнісіне де тоқталамыз). Бірақ, біздің елдік Ес-Ақылымызда, ұлттық Жадымызда КӨС салты әлі тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да! Яғни, біздің Ұлттық Дүниетанымымыз - салтатты садақшы Көшпелілер Дүниетанымы. Міне, нөмірі бірінші мәселе - осы Ұлттық Дүниетанымның нендей Дүниетаным екендігін түсініп-ұғып алу. Ол үшін, әуелі КӨС салты дегеніміз нендей салт, оның ОТЕ салтынан айырмашылығы, артықшылығы неде, соны анықтап алуымыз керек.


 

 

ІІ


 

Бұл "хатта" КӨС салтын бастан аяқ талдап айтып жату мүмкін емес. Ол - өте ұзақ әңгіме. Сондықтан, "көкірегі - сезімді, көңілі ойлыға бәрі де анық тұрмай ма, ойлағанда?" (Абай) дей отырып, философиялық һәм логикалық аспект тұрғысынан қарастырылатын әңгімені төмендегідей жалғастырайық.


КӨС құбылысының аңқымалық көптеген рухани формулаларының бірі - "ағын су арам болмайды, ақылды сараң болмайды". Интерпретациясы: "КӨС - "ағын су", Көшпелі - "ақылды". ОТЕ құбылысының аңқымалық бір формуласы: "Ойнамаған (ақпаған) су - сасық, ойланбаған Мый - сасық". Интерпретациясы: "ӨТЕ - "ақпайтын сасық су", Отырықшылар дүниетанымы - "сасық". "Сасық" дегеніңіз - "Мүңкір" (сасық ұрғашы Сайтан). Яғни, отырықшылар өркениетінің философиялық тұрғыдағы басты сипаты - Мүңкір". Ал, "ағын су" түріндегі Ақыл - таза яки "Аңқыл" (жұпарлы еркек Періште). Яғни, Көшпелілер өркениетінің философиялық тұрғыдағы басты сипаты - "Аңқыр". Өркениеттің осы екі түрі әлемдік Рух пен Есті құрап тұрады. Аңқымалық "Аңқыр+ (РУХ; ЕС) +Мүңкір" формуласы негізіндегі біртұтастығы: "аңқырлық КӨС өркениеті+ (әлемдік РУХ-ЕС) + "мүңкірлік ОТЕ өркениеті". Мұны "аңқырлық КӨС дүниетанымы+ (әлемдік РУХ-ЕС) +мүңкірлік ОТЕ дүниетанымы" түрінде де түсінуге болады.


Осы айтылғандардан Көшпелілер дүниетанымының - "АҢҚЫМА" (тәңірлік-періштелік аңқыр Ілім), Отырықшылар дүниетанымының "МҮҢКІМЕ" (сасық Религия) екендігі де - тайға таңба басқандай анық көрініп тұрады. Мүңкіме - соқыр с е н і м ілімі, Аңқыма - нұрлы т а н ы м Ілімі. ТАНЫМСЫЗ СЕНІМ БОЛМАЙДЫ. Ал, біз бұрынғы жазбамызда ("Бес Күндік Жалған"; сегізінші бөлім-ІІ) "Аңқымадан" қалайша "Мүңкіме" туындайтындығы жөнінде де айтып өткенбіз. Еске түсірейік.


"АҢҚЫМА Ғажабының керітрансформациялық "КҮН - Күн Нұры - Ауа - Су - Топырақ (ЖЕР)" түріндегі бес Күндік Жалған Бестігі негізіндегі керітрансформациялық Бестігі:

"ЖҰПАР ШЫНДЫҚ - Аңыз - Миф - Ертек - Мүңкіме".

Яғни, осындағы Религия құбылысының "МҮҢКІМЕ" (сасықсайтандық жалған ілім) болатындығының мәнісі де - оның әу-бастағы АҢҚЫМА (жұпартәңірлік-жұпарперіштелік Ілім) Ғажабынан керітрансформациялануында жатыр. Аңқымалық бағзы заманалардан бергі мыңдағанжылдық керкеткен заманалардың кесірі сондай!"


"Көкірегінде оты бар ойлы адамға бұл Сөзімнің суреті тұрар дайын" (Абай).

 

 


ІІІ


 

Қош. Біздің оппоненттеріміздің (олардың ішіндегі ең белсенділері - әсіредіншіл-әсіреарабшыл өз ағайындарымыз) бізге мынадай сұрақ қоюлары заңды: "Егер, Аңқыма дегеніңіз "Нұрлы Таным Ілімі" болса, онда ол Ілімнің Жәбірейіл Періште диктовка жасап жаздырған Құран Кітабы ("аспаннан түскен кітап" дегендері: бейне бір аспаннан түсе қалатын кітап болатындай) секілді қасиетті Кітабы қайда? Оның қағидаттары, ережелері қайда? Храмдары қайда? Салт-дәстүрлері мен атрибуттары қайда?.."


Біріншіден, біз өткен жазбаларымызда (олар парақшамызда сақтаулы; қажеттісін әркім өзі іздеп тауып алады) "Құран Кәрім диктовкасын жасаушы Жәбірейіл Періште" дегеніміздің аңқымалық қандай ұғым екендігін бүге-шіге талдап айтқанбыз. "Расул" ұғымы туралы да айтылды. "Аспаннан түскен кітаптар" - жазу-сызуға құлданған отырықшылардың жазбалары. Ал, "жазуға сенген - ұмытшақ, оқуға сенген - жаңылшақ" (қате үлгісі: "жазуға сенген - жаңылшақ, оқуға сенген - ұмытшақ"). Міне, бұл нақыл - жазу-сызуға құлданған отырықшылардың психологиялық портретінің басты формуласы. Оның үстіне, қамалдарға қамалып отыратын отырықшыларды айнала қоршап алып, талқандап жіберу - қаны қарайып келген қарсыласқа оп-оңай. Әне, солайша, отырықшылардың кітап түріндегі өркениеті әр соғыс сайын түбірімен жойылып кетіп отырады. Олардың орнына қырықөтірігі басым басқа кітаптар пайда болады. Отырықшылардың дүниетанымы мен бұқаралық жады солайша, әр нәубат сайын жалғандана береді. Отырықшылардың заманалар бойғы сол керкеткендік сұмдығы - олардың діни кітаптары мен діни идеяларына да қатысты.

Ал, Көшпелілерде ше?

 


IV


 

Отырықшылардың дүниетанымы мен бұқаралық жады солайша, әр нәубат сайын жалғандана береді. Отырықшылардың заманалар бойғы сол керкеткендік сұмдығы - олардың діни кітаптары мен діни идеяларына да қатысты.


Ал, Көшпелілерде ше?


Көшпелілер жазу-сызуға құлданбаған. Өйткені, оған КӨС салтының өзі де жібермейді. Мысалы, "мыңдаған жылдардағы жазу-сызулық барша қазынасын кітап түрінде мындаған керуендерге теңдеп алып, мыңдаған шақырымдарға ұдайы көшіп жүретін Көшпелілер болған" дегенге сену мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Олай болмайды да. "Храмдары" өз Ақыл-Есі һәм Кійіз Үйі болып табылатын Көшпелілердің обсерваториялық, консерваториялық, кітапханалық, т.с.с. толып жатқан академиялық байлығының бәрі де - олардың Жадына "жазылып" отырған. Олар жазуға сенбеген, Жадына сенген. Жазуды жыртып-өртеп-құртып жібере аласыз. Ал, Жадтағы қазына ешқашан жылтылмайды да, өртенбейді де, құртылмайды да. Оның үстіне, ол Жад КӨС салтының "т а з а а ғ ы н д ы қ" қасиетіне орай, ұдайы жаңғырып-жасара береді. Отырықшыларға қарағанда, Көшпелілердің мый қыртыстарының өте күрделі, ойға сақтау қабылеттерінің феномендік жағдайда болуы да содан. Бір-екі мысал. Мәселен, өткен ғасыр күйшілерінің, домбырашыларының немесе таңды таңға ұрып жырлай беретін жыршыларының теңдессіз құймақұлақтығының сыры да Көшпелілер Жадының ерекше қабылеттілігінде жатыр. Сол сияқты, халқымызға тікелей қатысты тарихы, ең аз дегенде, үш мың жылға кететін (қазір оны, шамамен, мың жарым жыл деп отырмыз) "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" Жырының мыңдаған жылдар бойы онша өзгеріске түспей, бүгінгі күнге аман-есен жетуінің бір сыры да - Көшпелілердің сондай өте қуатты халықтық Жадының, текті Ата Тілінің ұдайы дамып-жаңғырып отыратын ерекше қасиетіне байланысты. Әлем халықтары ішінде, тек көшпелі "түркі" жұрттары тілдерінің ғана мыңдағанжылдық ерекше "консерватизмінің" тілтану ғалымдарын таң қалдырған тәңірлік сыры да - сонда. Сол жұрттардың ішіндегі ең кемел, ең таза тілдің - осы өзіміздің Қазақ Тілі екендігін туысқан жұрттар ғалымдарының бәрі де әлдеқашан мойындаған. Яғни, АҢҚЫМА "Кітабы" да - мыңдағанжылдық қазынасы Жадымызда жайнап тұрған Ата Тілімізде (мінез-құлқымызда, дүниетанымымызда, фольклорымызда, салт-дәстүрімізде, шаруашылығымызда, т.т.). Әулие Мәшһүр Жүсіптің мына өсиеті де сол ғажапты айтады:

 

"Егер, Қазақ Тілін білсе еді: дін де осында, ғылым-білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті".


(жалғасы бар...)



Тыныштықбек Әбдікәкімұлы


 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар