Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Ақын Есенғали Раушановқа әкім Ақтау қаласынан пәте...

22.10.2017 7768

Ақын Есенғали Раушановқа әкім Ақтау қаласынан пәтер сыйлады

Ақын Есенғали Раушановқа әкім Ақтау қаласынан пәтер сыйлады - adebiportal.kz

Маңғыстау облысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алаштың айбоз ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Есенғали Раушановтың 60 жасқа толуына байланысты әдеби кеш өтті. «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз бар. Бұған дейін де Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың ұйымдастыруымен Астанадағы Маңғыстау күндері кезінде де ақынның жыр кеші өткен еді. Бұл сол рухани кештің жалғасы іспетті.

Ақынның мерейтойы 19-қазан күні Ақтау әуежайынан маңғыстаулық бір топ зиялы қауым өкілінің қарсы алуынан басталды. Түстен кейін Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенттерімен «Менің атамекенім – менің жаным» атты кездесу кеші өтті. Есенғали Раушанов бұрыннан осы университеттің құрметті профессоры болатын. Кеш барысы ақын мен студент жастардың еркін әңгімесі түрінде өрбіді. Жастар ақын шығармашылығынан, сондай-ақ өздерін толғандырған елдік мәселелер туралы да көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, кеш иесінен тұщымды жауаптар алды. Студент жастар ақын өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Одан кейін ақынның өзі де жақында жарық көрген «Амал деген айыңыз...» атты кітабынан өлеңдер оқып, аталмыш жинақты қолтаңбасымен университет кітапханасына сыйлады. Бұл кешке жастар ғана емес, өңірдегі ұстаздар қауымы да, өлкеге танымал ел ағалары да қатысқан еді. Кеш соңында университет басшылығы ақынға сый-құрмет көрсетіп, алғыс білдірді.

20-қазан күнгі шара Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың Есенғали Раушановты қабылдауынан басталды. Сондай-ақ өңір басшысы құрметті қонақтар Әбіш Кекілбаевтың жұбайы Клара Жұмабаева, Әнес Сарай, Төлен Әбдікұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Мереке Құлкенов, Сауытбек Абдрахманов сынды белгілі қоғам қайраткерлерін, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Халиолла сынды танымал ақындарды да қабылдыды. Бұл жүздесуге маңғыстаулық ақын-жазушылар мен жастар да қатысты. Облыс әкімі құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға сый-құрмет көрсетті.

Басты шара ретінде кешке таман Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрында мерейтой иесі Есенғали Раушановтың «Біздің елдің жылқысы – кіл көкмойнақ» атты шығармашылық кеші өтті. Үлкен зал өлең сүйер қауымға лық толды.

Ақынын ардақтаған ел қошеметін аямады. Бұл жолы да кешті жүргізуді адуын ақын Светқали Нұржан өз тізгініне алды. Көрермен назарына ақынның «Ғайша Бибі» поэмасының желісі бойынша театрландырылған қойылым ұсынылды. Кештің де, көріністің де режиссері – Гүлсина Мерғалиева. Мерекелік кеште Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өзінің құттықтау лебізін білдіріп, ризашылығын жеткізді. Ақынға Ақтау қаласынан пәтер сыйлап, кілтін табыстады. Үстіне шапан шапты.

Ақынын құрметтеген әкім осындай болса керек. Кеш соңында Есенғали Раушанов Әбіш ағасы мен Фариза апасын еске ала отырып, тебірене сөз сөйледі. Елге және ел азаматтарына алғыс айтты. Біз де классик ақынымызға ұзақ ғұмыр тілей отырып, әлі де жазары таусылмауын қалаймыз.

Жайдар Әли


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар