Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ҚазҰУ-да сыншы, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығы аталып өтті

25.10.2017 1033

ҚазҰУ-да сыншы, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығы аталып өтті

Қарашаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да көрнекті əдебиетші ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, "Парасат" орденінің иегері, Қазақ елінің еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығы аталып өтті.

Белгілі ғалымды еске алуға арналған шара филология және әлем тілдері факультетінде Тұрсынбек Кәкішев атындағы дәрісхананың ашылуынан басталды. Салтанатты рәсімде алғашқы болып сөз алған Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Бүгінгі 90 жылдықтың ұлы жиыны студенттердің дәріс алатын, болашағын анықтайтын, халықтың, елдің тарихын таразыға салатын ең алғашқы дәрісхана дейтін киелі бөлме болатын. Сол бөлменің бірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрсекеңнін атына берілуі біздер үшін, замандастары үшін, шәкірттері үшін ерекше қуанышты, тарихи жағдай болып отыр», - деп жүрекжарды ниетін жеткізді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдісаттар Дербісәлі ғалымның азаматтық және қайраткерлік қызметіне деген ерекше құрметін жеткізіп, ақжарма тілегін айтты.

Әдебиетші ғалымдар, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан айтулы шара «Профессор Т.Кәкішұлы және әдебиет тарихының өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Алқалы жиынды ашқан ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев университет өмірінде ұлттың ұлы перзентінің алар орнын айшықтап өтті. Сөйлеген сөзінде Мұхамбетқали Мырзабайұлы «Ғалымның сексен бес жасқа толу мерейтойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Өнегелі өмір» сериясымен кітап жарық көрген. Университетіміздің осы сериясына арқау болатын тұлғалар қатарына ғылыми жұртшылық тарапынан мойындалған, іргелі ғылыми жетістіктерге жеткен ірі ғалымдар ғана іріктелініп алынатынын ескерсек, Тұрсынбек Кәкішұлы осы топтың алдыңғы легінде тұр», - деді.

Ғалым ҚазҰУ қабырғасында өмірінің соңына дейін табан аудармай қызмет етіп, қаншама шәкірт тәрбиеледі, ғылыми нәтижелерін қолданысқа енгізді. 1990 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасын ұйымдастырып, оған өзі жетекшілік етті. Филология факультетіне ол енгізген «Қазақ әдебиеті сыны» пәні еліміздің бүкіл жоғары оқу орындарының тіл-әдебиет мамандығы бойынша барша студенттерің оқитын пәніне айналды. Ұлттық сын өнерінің жанрлық қалыптасуында Т. Кәкішевтің орны биік, классикалық деңгейге көтерілуінде төккен тері, еткен еңбегі мол. Қазақ әдебиетінде өзінше өрнек салған ғалымның ғылымдағы ғұмыры да өнегелі өмірмен өрілген. Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлдың баяндауынша, қазақ қоғамының әдеби-мәдени даму үдерісінде әдебиетшінің болмысы бөлек.

Т. Кәкішев аз ғана жыл ішінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасы жанынан «Қазақ фольклоры және әдебиет тарихы» ғылыми лабораториясын құрып, оның құрамды бір бөлігі «Қазақ диаспорасының рухани әлемі» тобы шет елдегі қазақтардың фольклорлық, этнографиялық, музыкалық, материалдық байлықтарын зерттей бастады. Ол Монғолия мен Ирандағы қазақ диаспораларына барған экспедицияларды басқарып, «Монғолия қазақтары» деген жинақты Дүниежүзілік қазақ қауымдастығына басып шығаруға ұсынған бірден-бір адам. Әдебиетшінің шетел қазақтарына деген ерекше ілтипаты пен қамқорлығын Түркиядан арнайы келген түркі жұртына белгілі ғалым Әбдіуақап Қара тілге тиек етті. Оның айтуы бойынша Т. Кәкішевтің адамгершілігі мен кісілігі, адалдығы мен адамдығы бір төбе болса, ұлтын сүйер ұрпақ, саналы шәкірт тәрбиелеудегі жолы өзгеше.

Әбдуақап Қара ғалым жайлы естеліктен сыр шертіп, «Оның «сіз шәкірттеріңізді қалай таңдайсыз?» деген сұрағына, «мен 60-70-ке оқыған тентек балаларды ұнатамын» деп жауап бергендігін жеткізді. «Өйткені, олар өмірдің қиындықтарын көрген, өмірге бейімделген болады. Ғылым зеректілікпен қатар сабырлылықты, төзімділікті де қажет етеді», -деп айтқан екен Тұрсынбек Кәкішев.

Талантты тұлғаның ұстаздығы-шәкірттерінде қалды. Ол кісінің тәрбиелеп өсірген шәкірттерінің біразы – ғалым, ұстаз, алды Алаш ақсақалдары атанып отыр. Әйтсе де, Тұрсынбек Кәкішевтің адамдық тұлғасының орны толмайды! Ал оның «Ізгілік, дархандық, адамдық асыл қасиеттері − бір кітап» деседі жиналған қауым.

ҚазҰУ баспасөз қызметі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Тұрсынбек, Кәкішев, ҚазҰУ
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар