Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсын Жұртбай: Кімді кейіпкер, нені мәтіп етеміз?...

31.10.2017 4529

Тұрсын Жұртбай: Кімді кейіпкер, нені мәтіп етеміз?

Тұрсын Жұртбай: Кімді кейіпкер, нені мәтіп етеміз?  - adebiportal.kz

(жазушының жазу лабораториясы туралы әңгіме)

Төртініші тарау. ТАБЫС 1.«КІМДІ?» – КӨГЕНДЕЙМІЗ?

Әрине, кейіркерлерді.

Өйткені, жоғарыда аталған жүйкені шүйкелейтін қам-қаракеттің барлығы да сюжет атты арналы дарияның жағасына шоғырланып, суат сәтін – шығармаға кіретін кезегін күтіп тұрады.

Ұмытылып кеткен қазақы ұғыммен айтсақ, көгеннің моншағын шешіп, енесінің бауырындағы емшекті емін-еркін сорпылдата соруға құмартып, жамыратуға жіберуін асыға күткен қозы сияқты мазасыз тізіліп тұрады. Қайсысын бұрын ағытады, қайсысын кейінге қақпайлап қалады, қайсысын енесіне, яғни, шығарманың желісіне зорлап телиді, ол тек суреткердің еркіне байланысты шаруа. Көгеннен ажыратылмай, жағада кезегін күтіп мүлдем ұмыт қалатын, яғни, шығармадан тыс қалатын оқиғалар мен кейпкерлер де болады.

Мысалы, Гете соншама кірпияздықпен дайындалған «Вертердің» өліміне қатысты соңғы көріністерден мүлдем бас тартқан. Егер ол көріністі жазса, өзі де сондай құмығумен өлетіндей сезінген.

Әуеліде әйелдің зинақорлығын әшкерелеу үшін дайындаған «Сылқым келіншек» атты роман жазбақ болған Лев Толстойдың «көгенделген кейіпкерлерінің» барлығының моншағы ағытылмай қалған. Себебі, шығарма сюжеті өзіне бағынбай, көркем шындыққа қиянат жасай алмаған суреткер, Анна Каренинаны ақтап шыққан. Қосаққа тосыннан мүлдем басқа кейіпкерлер қосылған.

Абайдың көзқарасының қалыптасуына тікелей ықпал жасап, кітапқа ынтызарын аударып, Омбыдан батыс, орыс жазушыларының шығармаларын әкеп беріп, көркем ойға тәрбиелеген Айғыз шешесінен туған ағасы Халиолланы екінші, үшінші кітаптың сюжетіне араластыру үшін Мұхтар Әуезов оның өмірі туралы мағлұматтарды былай қойып, мұрағат деректерін де қарастырған. Шығарманың жазылу барысында Халиолла мүлдем ысырылып, Абайдың «көзін ашқан Михэлис» болып шыға келді. Ал әскери корнет Халиолла Өскенбаевтің жеке бас трагедиясын ойдан құрастырылған образ Дәрменге теліді.

Ғабит Мүсірепов «Қазақ батыры» атты алғашқы романын «Қазақ солдаты» деп өңдеп жазған тұсында кейіпкерлерінің бестен бірін «жұмыстан шығарып жіберді», яғни, қысқартып тастаған.

Шығармашылық үрдіске кәсіподақтың құқы жүрмейді. Оның құқы – суреткердің өзі сайлап алған президенті – көркем идея мен көркем шындықта. Сюжет сол президенттің бұйрығын орындаушы, ал сюжеттің құрылымы мен желісі мантыққа – логикаға бағынады.

Мінезді ұлы суреткерлердің дені: «Сюжет деген – менің өзім, менің қуатты қиялым» (Гете, Гюго, Байрон, Пушкин, Толстой, Достоевский, Абай, Мағжан, Мұқағали) – деп кеуде қағатыны да сондықтан.

Себебі, бұл суреткерлердің шығармаларының дені жеке бастарының өмірлік әсерінің көркем көрінісі болып келеді: Лермонтов жазып, Абай аударып жеткізгеніндей:

Нені сүйді, дүниеде неден күйді,

Қазысы оның – арым ен бір-ақ құдай.

Тіпті, ілгері жетелеген құпия құштарлықтың себебін олар іздеп те жатпайтын сияқты. Өйткені олардың тұла бойының өзі тұнған көркем болмыс. Өмірдің өзін көркем әсерге айналдырып жіберген. Енді сол әсерін жүйелеп беру ғана қалады.

«Мен қашанда өзім басымнан кешіргенді ғана бейнеледім, ауаны қармап жоқтан бар жасау ешқашанда маған тән мінез болған емес, мен қашанда: өмір менен гөрі данышпан – деп есептедім» – «Я всегда изображал пережитое; извлкать из воздуха никогда не было мне свойственно, я всегда считал, что жизнь более гениально, чем я...» – деп Гете данышпан айтқандай, Мұхтар Әуезов те тек өз басынан кешкен тарихи дәуірді суреттеді.

Әрине, Гете – рухын шайтанға сатқан Фаустың, Достоевский – кемпірдің басын балтамен қағып түсіретін Карамазовтың, Әуезов – Қодар-Қамқа қасіреттерін басынан кешірген жоқ. Бірақ көркем әлемді сюжетке түсіру сәтінде барынша сезінді. Сол сюжеттің барынша қисынды қиысуына байланысты шығарманың көркемдік шындығы ашылады.

2... және «НЕНІ?» МӘТІП ЕТЕМІЗ

Сол көркемдік шындықты ашу үшін құрылған сюжеттің өзі қыртыс-қыртыс, қат-қабат, қатпар-қатпар болып келеді. Оны қатпарлауға мәжбүр ететін тағы да сол көркем шындық. Ол талапты орындамаса көркем идея көмескі тартады. Көркем идеяның көмескі тартуы – шығарманы шала тудырғанмен бірдей. Ал шала шақа үшін санаңның сарасын шайқап, дүниені астан-кестен төңкеру – зая кеткен өмірмен тең.

Шығармашылық психолгияның негізгі мәтібін жүйеге түсірген Ян Парандовский арғы-бергі замандағы көркем шығармаға арқау болған мұқым сюжеттердің желісін көгендегі моншаққа тізгендей етіп санаған кезінде, барлық сюжеттің саны 35-тен аспайтынын анықтап шыққан. Гоций мен Жерар де Нерсаль сол 35 мәтібтің 24-26 мәтібін, 7 түрлі өлім ситуациясын өздерінің драматургилық туындыларына пайдаланған екен. Сақна өнері – арандатуды (интриганы) қалайды, сондықтан да пьесалар да себепті, себепсіз интригаларға құрылатыны заңды.

Еуропа әдебиетіне тән жоғарыдағы 35 мәтіпке тек қазақ өміріне тән 2 сюжеттік тартысты қосып, мәтіптің санын 37-ге жеткізуге болады. Ол – рулық тартыс пен жесір дауы (әмеңгерлік). Бұл екі мәтіпке де Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы толық жауап береді. Мұндағы оқиғалар, яғни, оқиғаның басталуы, дамуы, шиыршық атуы, шешімі, екі қазыққа қазықбау шалынып тартылған бір ғана жіптің – желінің бойымен дамиды. Қосымша көріністерге алаңдатпайды. Бәрі де түсінкті әрі қарапайым.

Мұны жалаң сюжет, жалқы сюжет, жетім сюжет деп те атауға болады.

Әдетте шытырман, қызықты хикаяларға құрылған туындылар бір ғана желінің арқауымен дамиды. Адамзаттың көркем ойлау жүйесіне өзгеріс әкелген Сервантестің «Дон Кихотынан» бастап, экзотикалық тақырып ретінде беті көлегейленген, ал астарында отарлаушы империя азаматтарының барлық қиыншылықты жеңе алады, өйткені олардың нәсілі ерекше жаратылған – деген сұғанақ идеяны желеу еткен «Робинзон Крузо», «Сүлеймен патшаның кеніші», «Могиканның соңғы тұяғы»», «Момақан америкалық», «Афанасий Никитиннің үш қиян теңіздің (Индияның) ар жағына саяхаты», «Дерсу Узала», «Санниковтің жері», «Өмір тамыры», «Қара араб», «Қарабұғаз», «Ашық кітап», «Алитет тауға бет алды» сияқты хикаттар «бір ішек» сюжетпен жазылды. Әрине, көркемдік деңгейі аса жоғары туындыларға да бұл желі таңсық емес.

Дегенмен де, ойлы шығарма тудырғысы келген суреткер «қосымша сюжетке» жүгінбей тұра алмайды. Бұл кейіпкердің өткенді еске алуына, екінші бір оқиғаның бүйірден кеп қосылуына, өмір қақтығыстарын жарыса баяндауға мүмкіндік береді.

Бұл кез-келген талантты шығарманың бойына көкбауырша жабыса жарасатын желі. «Қылмыс пен жаза», «Нақұрыс», «Жан Кристоф», «Тынық Дон», сияқты «көп дауысты полифониялық» көлемді шығармаларды, әсіресе, тарихи туындыларға тән «қосарлы сюжет» те қажет. Бұл – суреткерге өткенді, бүгінді ертеңмен жалғастыруға септігін тигізетін суыртпақтың бір ұшығы.

Ал «Соғыс және бейбітшілік» және «Абай жолы» сияқты күрделі көркем кеңістікті қамтитын эпопеяларда әлгі үш сюжетті адамның ойы арқылы байланыстырып, жаңа бір оқиғаның желісінен хабар беретін «үстеме сюжет» те көркем баяндау тәсіліне айналды. Мысалы, «Абай жолындағы» Қодар-Қамқа оқиғасы тұсында осы төрт сюжет қат-қатымен қатпарлана баяндалады. Бірінші желі – авторлық баяндау мәтіні, екіші желі – Құнанбай мен Барақ арасындағы интрига, үшінші желі – Сүйіндік пен майысқақ Қаратай қатысқан билер келесі, төртінші желі – Жорға Жұмабай мен Қодар арасындағы қақтығыс баяндалатын желі. Осы төрт сюжет бір демде, бір отырыста, бір кейіпкердің ойымен беріледі. Мұның барлығы өмірдің алғашқы кермек дәмін татқалы тұрған жас Абайды шіміркендіруден туған әдеби амал.

Әлгі нарратор, нарратология, жасырын баяндаушы деп әспеттеп, түсіндіре алмай жүрген қисынымыз осы. Егер суреткер болмаса, онда жаңағы «жасырын барлаушы», яғни, «атау кересі жоқ баяндаушы» қайдан пайда болды, қанша сиқырлы құдіретке ие болса да, сөз атаулыға өздігінен сана мен түйсік, тіл мен дауыс, ырғақ пен әуен, қимыл мен әрекет бітпейді. Оны саналы түрде дауыстап сөйлегендей дыбыс беріп, сарынды әсерге қалдырып, қимылын көз алдыңа елестетіп тұрған суреткердің көркем әлемі және жазушы, яғни, баяндаушы-нарратор қолданып отырған «үстеме сюжет».

Мұндай қатпарлы сюжеттерді некен-саяқ таланттар ғана өзінің көркем кеңістігі мен көркем уақытына кіргізе алады.

3.«ҚАЙДА?»

Көркем кеңістікті құрайтын жүйке жүйелері – бірінші, көркем уақыт, екінші суреттеліп отырған замандағы қоғам, үшінші, сол қоғамда өмір сүрген адам психологиясы. Осы үш қисынның тоғысынан барып тарихи көркем ой туындайды. Өйткені: «Тарихи көркем тұжырымның барлық саласы: текстің жазылу тарихынан бастап – өмірлік шындыққа дейінгі, әдебиет тарихы мен жалпы тарихтан бастап – сол мәселенің өзінің шешімді тарихына дейінгі тарихи ой жүйесі – біздің іліміміздің жұлын-жүйкесі, оның дәлелінің тамыры және әдебиеттану ұстыныңың тәуелсіз сұңғаты» (Д.Лихачев) болып табылады.

Көркем кеңістік – нақты тарихи уақыт, суреткер уақыты және көркем уақыт деп жіктеледі және олардың арасын «дәлсіздік пен белгісіздік» (өмірлік және көркем шындық) тылсымына толтырады. Сырттай қарағанда кеңістік пен уақыт ұғымының жігі ажырамағандай көрінгенімен, бұл өте күрделі, дүниетаным мәселесіне тікелей қатысты мәселе.

М.Әуезовтың көркем кеңістігі – көшпенділер әлемі. Ал оның көркем жобасы (Д.Лихачевте – образ) – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Көркем кеңістіктің елесі, ойлау жүйесі, бейнесі (образы), сарыны суреткердің жадынан, түйсік болмысынан, сана сәулесінен оянған.

Көркем кеңістік – кәдімгі уақытқа тәуелсіз. Сондықтан да абсолютті шындыққа жақын. Көркем уақытты бір сөзбен, бір сөйлеммен алмастыруға не белгілі бір мезетке тоқтатып қоюға да, екі дүниені жарыстыра салыстыруға да суреткердің еркі бар.

Мұхтар Әуезовтің таңдаған уақыты – «тарихи мүмкіндіктердің ауысқан кезеңі», «қазақ халқының жүз жылдық тіршілігі». Қаншама ұлы талант иесі болса да, енді осынау өзі тандап алған уақыт шеңберінен шығуға қақысы жоқ.

Міне, осы арадан бастап тарихи дәлел мен тарихи тұлға толықтай жазушының еркіне көшеді. Роман-эпопеяның ұлы сүйегін ұстап тұрған негізгі арқау да осы көркем уақыт.

Енді көркем шығарманың көркем уақытына сай сол уақыттың жетекші тұлғасы анықталуы тиіс. Кемеліне келген, ырғақ-екпін алған, ішкі рухы қуатты тұлғаланған каһармандар тіпті автордың өзіне жөн көрсетіп, оған бағынбай, бәсекеге түседі. Мысалы «Соғыс және бейбітшіліктегі» сері князь Андрей Болконский Толстойдың еркіне көнбей, Бародино майданында жаралы күйінде Наташаға көрінгісі келмей, ажалды таңдап алған. Соның нәтижесінде «Декабристер» атты романын жазудан еріксіз бас тартқан. Өйткені Болконский образын Сенат алаңына әскер бастап шығаратын жетекші тұлға ретінде дайындап келе жатқан екен. Болконскийді өлтірмеу – суреткердің құзырында. Бірақ дана Толстой көркем шындықтың заңына бағынған.

Ал «Абай» романындағы Заман мен Уақыттың кілтін Мүсірепов дәл тауып берген. Ол пікір мынау: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы. Үшінші, бұл Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы». Әрине, бұл тарихи заман мен көркем уақыттың жолы.

Міне, осыдан кейін барып уақыттық, замандық шындықтарды іріктеу, орын алмастыру, ойдан қосу, қиыстыру басталады. Алексей Толстой айтқан: «Қиялдың өзі кейде шындықтан да шынайы боп шығады, Иә, нақты шындықтың өзінен де басым тұрады, көбінесе жалаң деректің өзі сенімсіздік тудырады, өйткені – деректі жазбаның өзі – бір ғана көріністің куәсі, ол фотобейне сияқты – адамның қасқағым сәттегі бір ғана бет әлпетін білдіреді, ал оның түр-түсінің, бет-бейнесінің құбылуын тұтастай қамти алмайды. Өнердің міндеті (портрет жасаудың да) характер, типтік тұлға жасау» деген уәждің жүзеге асатын кезі осы.

Осыдан келіп тарихи уақыт пен көркем уақыттың сәйкессіздігі, яғни, тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасындағы қарама-қайшылық келіп туындайды.

Бұл туралы академик Д.Лихачев: «Көркем образды сомдау барысында қолданылған жаңсақтықтар оқырманның не көрерменнің сол образдың көркем әсерін өзінше толықтыра қабылдауы үшін аса маңызды. Көркем шығармадағы әрбір «жаңсақ деректер» терең зерттеуді қажет етеді. Әрбір суреткердің әр дәуірге қатысты қолданған жаңсақтықтарының көкейкестілігі мен сыйымды мөлшері дәл анықталуы тиіс. Өнердің құрылымы мен құнының бағасы сол зерттеудің нәтижесіне байланысты» – дейді.

Көркем уақыттың иесі – суреткер: Содан бастап суреткер «исі адамзаттың ортақ мүддесін зерттейтін сиқырлы әлемнің кілтін қолына алады. Көркем талдаудың тұжырымы тосын әрі ойлағаныңнан да терең тұңғиыққа тартады» (В.Шкловский).

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар