Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АЛТЫ АЙДЫ ЖОҒАЛТЫП АЛҒАН ЕЛ

18.11.2017 1001

АЛТЫ АЙДЫ ЖОҒАЛТЫП АЛҒАН ЕЛ

1989 жыл. 25 ақпан. Ақ сақалын салалап отырған қариядай қартайған қыстың күш–қуаты азайып, қолындағы билігі сүйріктей саусақтарымен сүмбіл шаштарын сипап келе жатқан, жанарында кемел келешекке деген зор сенімі бар жас көктемге ауып бара жатқан шағы еді. Бірақ кешегі жарты әлемге әмірін жүргізген патшадайын паң қалпында ауық–ауық мінезін көрсетіп қояды. Амал не? Бірі кетіп билікке, бірі келген заман ғой. Табиғаттың жазылмаған заңдарының алғашқы бөлімдері деп құтылып кетуден басқа шарамыз жоқ.

Қазақ даласы. Тау қойнынан шашы тікірейіп оянған бозбаладай күн күнделікті әдетімен аспанның жартысынан көбін кесіп өткен болатын. Сағат: кешкі 17.45. Қазақстан орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды тоқтатсын һәм бүтін елді «Невада» антиядролық қозғалысын құруға шақырған ашық мәлімдеме басталды. Дәл осы күні Алматыдағы бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай болып жиналған митингте ақын, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат, қоғам қайреткері Олжас Сүлейменов еліміздегі барлық комитеттер мен ұйымдарға, «Невада» қозғалысын жақтаушыларға Үндеу оқып, қазақ еліндегі ядролық сынақтарды тоқтатуды талап етті. Міне, осылайша ақын Олжас ағамыздың жетекшілігімен «Невада–Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Дереу халықтың қолдауына ие болған қозғалыстың сіңірген еңбегі мен жеткен жетістігін сіздер жақсы білесіздер. Сонымен, қазақ даласында ярдолық сынақтар өткізілмейтін болды, мемлекетіміз әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып аты жаман қарудан бас тартты. Әрине, қырық жыл бойы зарбадын тартып келген сынақтарды жапқаннан кейін қырық күн ойын қырық түн тойын жасамасақ та, еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін қалпағын аспанға атып қуанғаны рас. Елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп, маңдай терін төккен ата–апаларымызға алғысымыз шексіз. Ендігі жол біздікі, сенімдеріңізді ақтау үшін ұлтымызға қызмет етеміз деп сөз береміз!

Қош, Құрметті оқырман, әу баста айтылуға тиісті дүниені енді айтқалы отырғаныма айып етпессіз. Сонымен үзілген сөйлемдерімізді әрмен қарай жалғайық. «Невада –Семей» антиядролық қозғалыс жайлы оқыдық, көрдік, тыңдадық, бірақ бір сәтке болсын оның эмблемасына назар аударып көрдіңіз бе? Көрмесеңіз дәл қазір іздеп тауып қарауыңызды өтінеміз. Ал қараған болсаңыз келесі әңгіме осы эмблемадағы қос адамның бейнесіне байланысты өрбиді. Ең бірінші сәл ғана артқа шегініс жасап Невада штаты жайлы аз-кем сөз қозғасақ деген ойымыз бар.

Невада штаты басында Мексиканың иелігінде болады. Тек 1848 жылы ғана АҚШ күштеп тартып алады. Қазіргі таңда Орегон, Юта, Калифорния және Айдахо штаттарымен шектесіп жатыр. Ал саяси жағдайы я болмаса экономикасы жайлы аузымызды құрғатып сөйлемей-ақ қояйық деп шештік. Себебі, бізге керегі ол емес, басқа дүние. Егер сіз келіссеңіз әрмен қарай жылжиық. Сонымен, Еуропа елдерінің бертінде ғана Америкаға қоныс аударғанын ескерсек, бұл жердің байырғы тұрғындары кім екені айпаса да белгілі шығар. Ал осы топыраққа алғаш табанын тіреген испандықтар жайлы өткен мақаламызда жазғанбыз.

Бұл мекеннен табылған көне жәдігерлер мен тасқа қашалған жазбаларына қарап ойларымызды құшақтап алып, қиял әлеміне сапар шегетініміз айдан-анық. Мысалы, Грэйпвайн каньонындағы жазбалар, аңғардағы алтынмұрынды тас (Битти, Невада штаты) т.б. бар екенін оқығанда өзіңізді бейне бір түркілердің тарихын оқып отырғандай сезінесіз. Жалғыз бұл мекен ғана емес айналасындағы штаттардың да байырғы тарихы осы іспеттес. Қолдағы болар–болмас деректер мен Джеймс Черчвард – «Древний континент му. Прародина человечества» атты еңбегі Невада штатының байырғы тұрғындары юкатандық майя тілінде сөйлеген дейді. Майя тілі дегеніміз... Жә, ол жайында сәл кейінірек. Ал Юкатан штатындағы Ташице қаласының «Тас іші» деген сөз екенін жай ғана оқып қоя салыңыз. Әзірге сөз «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының эмблемасындағы қос адам бейнесі жайында болып жатыр. Сонымен, аталған штаттың байырғы тұрғындары үндістер және олардың тілі жайлы аз-кем мағлұмат алдық. Ендігі кезекте осы өлкедегі ярдолық полиган туралы не білеміз?

Жаһанжайға пайдасынан гөрі зияны көп орталық 1950 жылы іргетасын қалайды. Алғашқы сынағын 1951 жылы 27 қаңтарда өткізеді. Араға қырық жылдан астам уақыт салып ол да жабылады. Міне, енді келіп эмблемадағы қос кісінің бірі полигоннан зардап шеккен осы елдің тұрғыны екені анықталады. Байырғы тұрғыны. Екіншісі Семей қазағы екені біздің құрметті оқырманымыздың іші сезіп отырғанын біліп отырмыз. Ия, сонымен эмблемадағы екі бейне –бірі үндіс, бірі қазақ. Бәлкім, бұл «кемедегінің жаны бір» дегенге саятын шығар, алайда біз мынаны аңғаруымыз керек: үндіс деп отырғанымыз өзіміздің туысымыз. Алтай аймағынан Америка жеріне ауып кеткен түркі халқының бір тармағы. Қанымыз бір бауырларымызбен бірдей зардап шеккеніміз тағдырдың жазуы шығар дегеннен басқа шарамыз жоқ. Қош, ылайым, Тәңірдің түбі бір Түркі халқына назары оң болғай деп бетімізді сипап қояйық. Құрметті оқырман, сіз «Ешқандай дәлелсіз неге сонша сенімді сөйлейді?» деп ойлап отырған шығарсыз. Және «шынымен бе» деп ой түбіне сүңгіп кеткеніңізді де сезіп отырмыз. Онда көп күттірмей әңгіме ауанын Америкадағы үндістерге аударайық.

ИІС ПЕН ҮН

Жарайды, Америкалық үндістер өзіміздің туыстас халық екенін мойындайық, бірақ олар арамыздағы алып мұхитты кешіп ол мекенге қалай жетіп жүр және қай уақытта? Міне, осы сұрақтың иісі шыға қалса болды екі –үш топқа бөлініп алып жаға жыртыса кететін ғалымдар легі баршылық. Шығыстың ұлы шайыры Мәулана Румидың «Фәһи Мә-фиһінде» «Ізденіс жолдары әртүрлі, бірақ іздейтін нәрсе –біреу» деген сөз бар. Әрине, бұл сөздің астары өте тереңде жатыр, ол жайында сәл кейінірек. Бірақ түм дүние ғалымдарының да іздеген шындығы мен талпынған мақсат да осы сөздің саясында жатыр емес пе?

Сонымен, үндістер Америка құрлығында қалай тап болды? Кей ғалымдардың айтуынша, б.з.д 47 000-14 000жыл бұрын Беринг көпірі арқылы Азиядан жетті десе, кей білгіштер б.з.д 70 000 -12 000 жыл бұрын қоныстанған дейді. Және осылай тізіліп кете береді... Мұрад Аджидің «Еуропа. Түркілер. Ұлы дала» атты кітабында «күндердің бір күнінде Алтай аймағынан тұрғындар басқа жерлерге қоныс аударуы керек болды. Дүниенің төрт бұрышына тараған түркілердің бір тобы оңтүстікке, бір тобы солтүстікке, бірі батысқа кетсе, енді бірі шығысқа бет түзеген. Осылардың ішінде шығысқа кеткен түркілердің жолы болған жоқ. Себебі, алдыларында қалың орман мен саз-балшыққа тап болды» дейді. Қош. Бұған да келістік дейік. Алайда мендегі ішкі дауыс осы шығысқа кеткен түркілердің ұрпақтары үндістер екені әбден мүмкін дейді. Және бір ескеретін жәйт Америка құрлығына адамдар тек бір-ақ рет қана қоныс аударған жоқ. Екінші қоныстанушылар солтүстікке бет алған түркілер болатын. Қоныс аударушылар осылайша бірнеше кезеңге бөлінген. Себебі, арктиканы мекендеген эскимос, алеуттер нағыз үндістерге жатпайды, бұларда монғолоидтық белгілер басым, ал Гавай аралдарында тұратындар полинезиялықтарға жақын, тіпті кейбір үндістер қазақтан аумайды. Сол себепті, Америкаға халықтар бірнеше толқынмен барған болуы керек. Және бір нәрсені аңғаруға тиістіміз; жер бетінде мұз басу дәуірі тек бір рет қана болған жоқ... Бізге қарағанда, бұл іспен тарихшы ғалымдар едәуір қызмет етіп жатқан шығар. Дегенменде, барлық ғалымдардың пікірі бір арнаға саяды. Ол – Америкаға үндістердің Азиядан, дәлірек айтсақ Алтай аймағынан барды дегенді растайды. Демек, олар шыныменде бізге туыстас халық болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал олардың нақты қай уақыттан бастап қоныс аударғанын анықтауды болашақтың еншісіне қалдырдық.

***

Жә, қолына қалам ұстаған Дж. Досселин есімді қаламгер үндістер мен түркілердің тілдері ұқсас екенін алғаш байқаған адам екен-міс. Себебі, 1638 жылы «Жаңа Англияның ерекшеліктері» атты кітабында үндістердің сиу тайпасы жайлы сөз қозғап, түркілермен сөз қолданыстары өте ұқсас екенін жазған дейді кей деректер. Өкінішке орай бұл кітап таба алмадық. Сол үшін ол жайында ештеңе айта алмаймыз.

Дегенменде мыңдаған әріптер мекен еткен миыңызда «Сиу кімдер»? деген сұрақ туу мүмкін. Жауап –Солтүстікамерикада өмір сүрген үндістер. Кей жерлерде Сиу–Дакота деп те аталады. Дакота –қазіргі Америка штаттарының бірі. Олар атақоныстарындағы америкалық бизондары аулап күн көргендіктен кей жазбаларда олардың аты «бизондар елі» деп те келеді. Бизонның артынан аңдып бір орыннан екінші орынға көшіп отырған. Көшпелі түркілер сынды. Енді бір қызық дерек; сиу тайпасы өздерін ешқашан сиу деп атамапты-мыс. Бұл атауды оларға XVII ғасырда келген француздар берген деседі. Түп сөзі француз тіліндегі «nadewesioux -кішкентай жылан» деген мағына береді. Осы атаудан кейін барып сиу деген сөзі ғана қолданыста қалыпты-мыс. Бірақ бұл қаншалықты шындыққа жанасады,жанаспайды ол жағы бізге белгісіз. Дәл осы жерде тайпа атауы, яғни «сиу» сөзінің шығу тарихы жайында бізде өзіміздің субъективті пікірімізді түйген едік. Алайда «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» кебін кимей, бәрін жүйелі түрде баяндайық деп шештік.

Сонымен, үндістердің іздерін Шумерлердің бұлыңғыр әлемінен іздеп көрелік. Не дегенменде ең бірінші өркениеттің негізі Шумерлер болып табылатынына ешкім қарсы шыға алмас. Мәдениет, жазу, ғылым...– Шумерде бастау алып, қанатынын кеңге жайған. Ол аз десеңіз М.А. Кастрен Орталық Азиядағы, яғни Алтай өлкесіндегі тайпалардың ежелгі Шумер жеріне қоныс аударғаны туралы жазады. Бұл бір. (Сонымен қатар үндістерге Алтайдың қандай қатысы бар екенін жоғарыда көзіңіз шалып қалған шығар Ф. Т). Кейін осы сарындас пікірлерден кейін әлемнің біршама ғалымдары Алтай тілдер тобы, нақтырақ түркі тілдерімен салыстыра бастағаны белгілі. ХХ ғасырдың екінші жартысында неміс ғалымы Курт Вальтер Керам: «Шумерлер тілі көне түркі тіліне ұқсас» деп нақты айтқан болатын. Алыстан арбалай осы мақалада есімі алғаш болып аталған Невада-Семей антиядролық қозғалысының жетекшісі, ақын Олжас ағамыздың «АЗиЯ» кітабына бір сәтке болсын көз жүгіріп көрейік. Шумер атауының шығу тегіне көп көңіл аударғандардың бірі осы ағамыз емес пе еді?! Ағамыз олардың жазуындағы таңбаларды талдауға алып, «Қосөзендегі батпақты сулы, нулы ел – Суб-йер» дей келе, «Таңба мен атаудың түркілерден шыққандығының ең нанымды дәлелі – түркілер иероглиф пен таңбаның шын мағынасын білді, сондықтан олар Суб-йер тіркесімен байланысты қияли аңыз шығармады. Демек тіркес құпия сырға толы әлдене болып көрінбейді» дегенді тілге тиек етеді. Сонымен Олжас Сүлейменов Шумер атауын «Су-жер» сулы жер атауынан таратады. Ал Г. Қосымованың «Шумерлер мен түркілер параллелі» атты мақаласындағы пікірі бойынша; «бұл сөздің мәнін Ши-жер, «Шилі жер» дегеннен іздеген жөн шығар, өйткені «GI» - ши Шумер тілінде «қамыс, ши» (gi «қурай, қамыс» (тростник) – ежелгі түркілік ï «өсімдік; қоға») деген мағына береді» дейді. Себебі, Қосөзен бойынын ағашы, тау-тасы жоқ қамыс-қоғаның көптігіне орай олар «Қамыс-ши иелігіндегі жер» деп атаған. Сол жерден бастап Шилі жердің иесі –Шумерлер деген қорытынды шығады. Қош. Дегенмен сіз, «Сиу тайпасы жайлы айтып келе жатып Шумерлер жайлы неге айтып кетті» деп ойыңызбен алысып отырған шығарсыз. Мәселе мынада: Олжас ағамыздың пікірінше Шумер сөзі –Суй-йер сөзінен шықты десе, сөздердің уақыт өте келе қысқартылу заңдылығына байланысты «суй» деген бөлігі ғана қалды деген пікір түйеміз. Және осы қысқартылған сөз солтүстікамерикадағы тайпа атауы екенін айтқымыз келеді. Егер Шумерлердің Алтай аймағындағы түркілермен байланысын ескерсек, бұған қоса Американың байырғы тұрғындарының Алтай аймағынан қоныс аударғанын айтатын болсақ, демек, «Суй-Йердің» , яғни Шумерлердің бір тармағы осы суй тайпасы болып шығады. Әрине ол жаққа қоныс аударушылар легі бірнеше кезенген бөлінген еске ала отырып, Шумерлердің қашан, қай уақытта Америка құрлығына көшіп кеткенін анықтай алмай отырмыз. Өкінішті, әрине... Осы жерде Г. Қосымова апамыздың пікіріне де назар аударып көрейікші. Шилі жердің Иесі, яғни қамысты жер. Естеріңде болса өткен мақаламызда Кецалькоатльдің қамысты жылы көз жұмғаны айтылады. Демек, олар сенген құдайдың ешқандай Америка жерінде емес, Қосөзен маңайында көз жұмды немесе көкке көтерілген сәтте Алтай аймағына кетті деген субъективті пікір түйеміз. Не де болса осы бір құдайдың оқиғасы Қозөзен мен Алтай жерінде болғаны шындық. Неге дейсіз ғой? Себебі, бір жылды 260 күнге бөліп, 13 күннен 20 период жасаған майя күнтізбесіне назар аударатын болсақ, Кецалькоатль 13-інші периодта яғни қамыс жылында (тростник) көз жұмған. Енді осы жерде логикаға салып көрсек, дәл осы периодта қамыстың шамадан тыс көп өсетіні белгілі. Олай болмаса неліктен қамыс атауын берді деген де сұрағым бар. Ал қамыс, шилі жер қай жер? Әрине, Қосөзен маңы. Демек Кецалькоатль Қосөзен бойында көз жұмды немесе Алтай жеріне қайта оралды деп өз ойымызды жұбата аламыз.

***

Міне, осылайша сиу сөзінің шығу тарихы және Кецалькоатль жайында болжам жасауға талпындық. Дұрыс-бұрысына біз жауапты. Енді бұл тайпаның тілдік ерекшеліктеріне қолымыздағы кішкентай майшамды жақындатып көрейікші. Не бар екен?

Сиу тайпасының сөздері үлкен бір Сиу-хоко деген тілдік топқа кіреді. Демек, сиу тілі де оны топтың ішінде. Сонымен қатар бұл топта хока, керес, кэддо, юки, вапло, туника, мускочи, черокезы жәнә т.б. тайпа тілдері енеді. Осы аталғандардың ішінде ең беделдісі де сиу тілі. XVII-XVIII ғасырларда Миссури өзенінің бойын, Миссисипиден бастап Скалис тауына дейін, Калифорниядан Арканзасқа дейін ұлан-ғайыр жерді мекендеген екен. Колонизатормен елінің еркіндігі үшін үздіксіз ұрыс жүргізген жауынгер тайпа. 1862, 1872, 1890 жылдардағы жойқын соққылардың салдарынан миллиондаған үндістер көз жұмды. 1963 жылғы деректер бойынша олардың саны 77мыңды ғана құраған. Сиу тайпасының мифтері, фольклорлары, ұлттық музыкалары жайлы кітаптар болғанымен тілдері, сөздік қолданыстары жайлы еңбектер жоқтың қасы. Әлде біз таба алмадық.

Қолымыздан келгені Фредерих Льюис Отто Реригтің ескі парақтарын иіскегеніміз болмаса басқа ештемеміз жоқ. Және ішінен таныс иістерді де сезіп қалғанымызды жасырмаймыз. Алтай тілдері мен сиу тілінің екеуі де бірдей сингорманизм заңына бағынатынына дәлел келтірген кітаптың негізінде сиу тілімен қазақ тілінің ұқсастығын жасап көрген едік.

Сиу: Біздің тіл:
Wakan қаған (хан)
Tani тану
Yudek yutak –түрікшесі. Қазақшасы –жұтқыншақ.
Yuhep yutmak –түрікше. Қазақша –жұту
Icu ішу
Yasu, yaco жасау
Kuwa, ozuye қуу, озу
Kapsun қабу, тістеу
Kan қан
Mi мен
Bagana бағана
Sue сүт
Canke шаңғы
Baha баба

Шама-шарқымыз жеткенше аталған сөздерді Олжас ағамыздың АЗиЯ кітабынан да іздеп көрдік. Және олжасыз қайтпадық. Әрине, олжа дейтін болсақ мұны. Сонымен, сиу тіліндегі «Мі», яғни «Мен» шумер тілінде «Ме», «Ваһа», шумер тілінде «ада» деп келеді екен.

Енді тағы бір қызығы; әлемге танымал саяхатты Фритьоф Нансеннің «На лыжах Гренландию» атты кітабында этнографиялық зерттеу жасап алғашқы шаңғылар Алтай мен Байқал маңында пайда болды деген қорытынды жасайды. Демек, Алтай аймағынан қоныс аударған сиу тайпасының «саnke» сөзі, біздің «шаңғы» сөзімен ұқсас болуы орынды дегіміз келеді.

Отто Реригтің сиу –дакота тілі жайлы еңбегімен танысқан сәтте айналамыздағы бірнеше мәліметтер советтік кезеңде өмір сүрген тарих маманы және майя тайпасының тілдерін зерттеген Ю. В. Кнорозованың «Майя үндістерінің жазулары» атты қолжазбасына алып келді. АЗиЯ еңбегінде (майя–ош, шумер–уш, қазақ–үш саны немесе майя–кош, шумер –гаш, қазақ–құс) майя тайпасынның кей сөздерімен ұқсастығын байқағаннан соң, бұл тайпасының да қазақ тілімен байланысы бар деген ойға қалдық. Сосын, орыс тілінде жазылған еңбекті басшылыққа ала отырып майя тілімен де қазақ тілінің ұқсастығын салыстыруға тырыстық.

Майя

К'ун

Ич

Ош

Куч

К’улл

Чаб

Ах-чы

Кош

Имиш яшче

Ичин

Яшь к’ин

Аак

Мооль

Цик

Бин

Чалан

Ооч

Біздің тіл

Күн

іш

үш

күш

қол

шабу

аңшы

құс

жеміс-жидек

құдық

жас күн(жаңа күн)

ақ

мол

шет

мен

жылан

ас

Орыс тілі

День

пить

три

сила

рука

рубить

охотник

птица

фрукты

колодец

новое солнце

белый

много

край

я

змея

пища

Осы салыстырудан кейін біз мынаны байқадық: «ич» сөзі қазақша «ішу» деген мағына берсе, «құдық» деген сөздің кірме сөз екенін ескере отырып, «ичин» деген сөз – су ішетін жер деген мағынада қолданылған. Демек, « -ин» етістіктен зат есім жасайтын жұрнақ болып табылады.

Қолымыздағы кішкентай ғана майшаммен белгісіз әлемнің тереңіне сүңгіп кеткеннен соң, жолымызда тағы бір кітапты кездестірдік. Ол –Исмаил Доған есімді Түркиялық ғалымның «Майялар және Түркілік» атты кітабы. Бұл кітапта майя тайпасының тілі жайлы және түрік тілімен қаншалықты деңгейде жақын екені жөнінде жан-жақты әрі толыққанды мағлұмат беріледі. Әттең осындай құнды кітаптар қазақ тіліне аударылмағаны ішімізді қынжылтады. Мұның орнына саны бар, сапасы жоқ кітаптардың көмегімен, әжем айтпақшы «үй» салып алатын болдық қой. Әрине, сөз тегін, қалам-қағаз арзан. Бұдан артық не керек...Жә, ол бөлек әңгіме.

Құрметші оқырман, әрине, кіл үндістердің тілі жайлы мағлұмат табу біздің қолдан келмеді. Ниетіміз –бағыт пен бағдар сілтеу ғана. Сонымен, Сиу –хока тілдік тобымен шығу тегі байланысты тағы бір тіл бар. Ол жайында өткен мақаламызда аз-кем мағлұмат беріп кеткен едік. Ол –кечуа тілі. Қазіргі таңда Перу, Эквадоре, Боливии, Аргентинаның бірнеше аудандарында, Чили де өмір сүреді. Ал енді осы тілдің түркілерге қандай қатысы бар? Қандай еңбектер бар? Қолымыздың қысқалығына қынжылдық, өкіндік, бірақ басқа не амал бар?! Тапқанымызды аз да болса да көптей көрсін деп сіздердің алдарыңызға ұсынып отырмыз.

1935 жылы Римде өткен шығыстанушылардың халықаралық конгресінде уругвайлық профессор Б. Феррарио кечуа тілі мен алтай тілдерінің байланысы жөнінде баяндама оқыған екен. Баяндамаға қолымыз жетпесе де екі тілді салыстырған схемасын көгерген парақтардың ішінен тауып алдық.

Кечуа

Kok

Wage

Tata, tayta

Misi

As

Ari

Qo

Біздің тіл

көк, аспан

әке жағыңнан ағалар, көке, аға

әке

мысық

аз

арық

қуу

Осы бір жеті сөздің ішінен ерекше назарымызға іліккен сөз –tayta. Себебі, қазақ тіліндегі «тәте» сөзіне ұқсас болып көрінді. Бір қызығы тәте сөзін әр аймақта әр қалай қолданатыны тағы бар. Мысалы Жамбыл өңірінде «тәте» деп ер кісіне айтса, Алматы өңірінде әйел адамға қатысты қолданылады. Қайсысы дұрыс? Әрине, орыс тіліндегі «тетя» сөзін қазақша баламалап әйел адамға айтылады деуіңізге болады. Бірақ, олай емес. Кечуа тайпасының тілі қазақ тіліне өте жақын болғанын ескеретін болсақ, асылында тәте/ tayta деп ер кісіге қолданылған. Демек, орыс тіліне «тетя» сөзі Алтай тілдер тобынан кірген деген қорытындыға келеміз. Тек мағынасы өзгеріп кетіпті. Оның неге олай болғаны бізге белгісіз.

Енді бұл мәліметтер аздық еткен соң Исмаил Доған ағамыздың еңбегіне қайтадан көз салдық. Таныс жұпар мүңк ете қалды. Ағамыздың еңбегіне сүйене отырып кечуа тілі мен қазақ тілін салыстырып көрдік.

Кечуа

kaçun

kali

karwın

kasa

khipu

kuşa

oğri

pulut

sunga

Түрік тілі

katun

kalın

karın

kesmek

ip (біздің нұсқа: dıkmek)

kuş

hırsız

bulut

son

Біздің тіл

қатын

қалың

қарын.

Кесу

Жіп (қазақша; тігу)

құс

ұры

бұлт

соңғы

Орыс тілі демекші, осы схемадағы «kasa» сөзіне зер салайықшы. Орыс тілде коса (шалғы) деген сөз бар. Ал бұл жерде кесуге арналған құрал ретінде берілген. Демек, орыс тіліне де коса сөзі Алтай тілдер тобынан кірді деген пікір түйеміз. Және бір қызығы орыстарда «Смерть с косой» деген сөз бар. Жә, ол жайында сәл кейінірек...

Міне, Америка құрлығындағы байырғы тұрғындардың бір-екі тайпасындағы тілдік ұқсастықтарды шамамыз жеткенше оқыдық, көрдік. Қалғанын осы салада қызмет етіп жүрген ғалымдардың еншісіне қалдырдық. Мархабат!

СЕНІМ МЕН СЕЗІМ

Өткен мақаламызда ацтектердің Корнестен қалай жеңілгені һәм не себепті жеңілгені жөнінде Әмірхан ағамыздың «Қағанатты кітап құлатты» атты мақаласының негізінде толыққанды мағлұмат берілген еді. Дүйім жұрт болып ақтар келгенде, құдайымыз Кецалькоатль келді деп қуанған ацтектер ақыр аяғында жермен жексен болды. Мақаламызда Кецалькоатль жайлы аңыздан үзінді аударып, кецаль сөзінің мағынасын ашқан болатынбыз. Алайда коатль сөзі елеусіз қалғанын да жасырмаймыз. Сәл кешіктіріп осы сөз жайында жазып отырғанымызды айып етпеңіз, құрметті оқырман. Дегенменде бұл сөзге толталмай тұрып айтылатын басқа да әңгімелер бар екенін ұмытпағанымыз жөн.

Алдымен ацтек сөзінің өзіне назар аударайықшы. Алғашында бұл сөз ацтек емес, «акцилан» (ағылш. white snake) деп аталған көрінеді. Кейіннен Еуропалықтар «ацтек» деп атап кеткен дейді. Енді бір деректерде ацтектер өздерін «мешика», «мехика» деп атаған, бұл есімді осы аттас қалада мекен еткендіктен Еуропалықтар қысқартып «ацтек» деп атаған деген де деректер бар. Қош, тайпа өзін бұлай атамады деген күннің өзінде де осы аттас қаланың болғаны рас. Ал енді, құрметті оқырман, осы бір сөзді ішіңізден бір қайталап оқып көріңізші. Қандай сөзге ұқсайды? Әрине, ақ жылан деген сөз емес пе?! Ия, Еуропалықтар «ақ жыландар елін» ацтектер деп атаған. Жоғарыда бірнеше сөздердің ұқсастығын анықтағанымызды ескеретін болсақ, бұл сөз шыныменде «ақ жылан» деген мағынада. Есіңізге сала кететін тағы бір жайт, сиу тайпасында Француздар «кішкентай жылан» деп атады емес пе?! Демек, бұл мекендерде жыланға деген құрмет ерекше болғаны біз айтпасақ та, көзі қарақты оқырманымызға айдан-анық екені сөзсіз. Онымен қоса «коатль» сөзінің де осы жыланға қатысы бар ма деп ойланып отырғаныңызды сезіп отырмыз. Ал біз сізге «Ия, бар!» деп жауап береміз. Себебі, «коатль» дегеніміз жылан деген мағына береді. Сонда Кецалькоатль –көгершін-жылан немесе қарлығаш-жылан яғни қанатты жылан деген сөз болып шыға келеді.

Осы жерде үндістердің Алтай аймағынан келді деген пікірге сүйенсек, ол аз десеңіз тілдерінің Алтай тілдер тобына жатқызғанын ескеретін болсақ, Алтай аймағында жыланға қатысты қандай аңыздар бар деген сұрақ туындайды. Бірақ алдымен жыландар жайлы осы тайпалардың фольклорында не бар?! Соған назар аударайық.

СИУАКОАТЛЬ ЖЫЛАН-ӘЙЕЛ ЖАЙЛЫ ӘН

«Ұябасар бүркітім өрнегің сенің

Боялған қанымен жыланның

Қауырсының жарқырайды, керім,

Асыраушысыдай Чальманың.»

О, өмірдің негізі,

Жүгері құдіретті жырым!

Қоңыраулы асатаяқ қолыңда оның.

Ал кетпен қолымда менің.

Ал кеткен қолымда менің.

Киелі егістік жерінде

Қоңыраулы асатаяқ қолында оның.

Асыраушысы Чальманың,

Бүркіт құдай –он үшінші күнінде

Жерін жыртып, маңдай терін төгеді

Тікенекті кактус еккен егінге.

Саған, жауынгер ана, құдай-ана

Қауынсынмен безендіріп алдыңа

Құрбандыққа алып келдік бұғыны.

Міне, күн оянды көк жүзінде

Әскери ұранды айтыла бастады.

Міне, күн оянды көк жүзінде

Әскери ұрандар айтыла бастады.

Тұтқында өлген батырлардың денесі

Көкжиекке сіңіп кетсін, мәңгілік.

Мына бұғы –қауырсынмен сәнделіп

алдыңда тұр.

Ал қауырсын -әшекейің емес пе?

Батырлар да –әшекейің емес пе?

КӨКТЕГІ ЖЫЛАНДАРДЫҢ ӘНІ

Жеті Үңгірдің ішінен пайда болды.

Құпиялы Жеті Көлеңкенің ішінен.

Көрсетеді бет- бейнесін өзінің

Тікенекті өсімдіктер еліне.

Жеті Үңгірдің көтерілді қойнынан

Ең тұңғиық әлем жаққа көгілдір.

Жеті Үңгірден күш кеткендей бойынан

Оған қарап адасты енді есім бір.

Мен шықтым, мен шықтым

Қолымда ең үшкір найза.

Тікенекті өсімдіктен тіктім

Ең үшкір, ең үшкір найза.

Мен шықтым, мен шықтым.

Мен шықтым, мен шықтым,

Ал соңымда ау-торым

Мен оны көркемдеп тіктім

Торымда біреудің жаны

түсіп қалардай, тіктім.

Мен шықтым, мен шықтым.

Мен жармасып, ұстаймын

Ұстаймын, рас, аламын.

Жетіден Могил келді енді

Ойын үшін ұстап қаламын.

Мен жармасып, ұстаймын.

Міне, алғашқы өлеңде Жылан-анасына бұғыны құрбандыққа шалғандағы арналып айтылатын ән болса, екіншісі Жеті үңгірден шыққан жыланның құдіретті әні болып есептелген. Біздің еріншектігіміздің кесірінен ауыз әдебиетіндегі жыландар жайлы тек қана екі өлеңін аударып отырмыз. Әйтпесе фольклорында сақталған қаншама жырлар бар десеңші...

Құрметті оқырман, Адам ата мен Хауа анамызды Жұмақтан қуылуына себепкер болған Шайтаннан бастап, Бабыл мифіндегі әлемнің құрылуына негіз болған Тиамат та, емшілік жасаушы Эскулап та, бертіндегі Пушкиннің «Жәбірейілнамасы да», барлығы жылан образымен тығыз байланысты. Және осыған Бодлердің өлеңдерін тағы қосыңыз. Осылай тізімге тізе берсек тағы бірталай шығармалар бар екенін біздің құрметті оқырман жақсы біледі деп ойлаймыз. Осы орайда жылан образы һәм мифтері жөнінде сөз бола қалса, Серікбай Қоңдыбай көкеміздің еңбектеріне тоқталмай өтуге болмайды. Ол кісінің айтуынша; жылан:

  • Ілкі Төрдің жануарлық келбеттенуі.
  • Ілкі Төрдің еркін (доктринасын) адамдарға жеткізуші.
  • Ілкі Төрдің ақиқатын сақтаушы, күзетуші, қорушы.
  • Ілкі Төрдің нәрінің тұлғалануы немесе нәрінің иесі.

Және Жылан культі, жылан тотемі, жыландық символ, қазақ аңыздарындағы Жылан-баба, Бапыхан, Шахимардан, Мар-ата т.б. есімдері жайлы, осы жылан жайлы ертегілер турасында толық мәлімет беріп кетеді. Біз оны қайталап жатуды жөн көрмедік. «Аяғы жоқ» жануар жайлы, тіпті түм мифология турасында толық мағлұмат алғыңыз келсе Серікбай ағамыздың еңбектеріне сілтеме жасап кеткіміз келді. Енді осы бір дүниеге, өздерінің айтуынша бес мың жылдық әдебиет тарихы бар қытайлардың Алтай аймағындағы айдаһар жайлы аңыздарын қосып қойыңыз. Ол аз десеңіз Алтай аймағында мекен еткен қазақтардың жылан (айдаһар) жайлы ешқандай параққа түспеген, ешқандай қаламның ұшына байланбаған әфсаналары мен аңыздарын алыңыз. Күні бүгінге дейін қайыңның шыбығын ат қылып мінген баладан бастап, қазақылықтың іргетасын ұстап отырған қарияларға дейін жылан (айдаһар) жайлы аңыздарды жыр қылып айтады. Жоғарыда айтқан қытай елінің (ханзулардың) аңыздарындағы Алтайдан келетін алып жыланды сол жерде мекен ететін адамдар өз көзімен көрді дегенде деректер бар. Және ол деректер бұрындары емес, бертінде Алтай аймағындағы Аңсаты жайлауының қариясы жуан қарағайға оралып тұрған тек қана ертегілер мен аңыздарда ғана кездесетін алып үлкен жыланды өз көзімен көргендігі және сол қарияның өз аузынан айтылған әңгіме.

Пентильвани Университетінің профессоры Теодор Шурр «Алтай –күллі цивилизацияның қайнар бұлағы деп атасақ болады» деген пікір қалдырады. Ал Алтай дегеніміз шынтуайтына келгенде кіл түркінің атажұрты, ертеден мекендеген өңірі екенін ешкім жасыра алмайды. Бар құпияны қойнына тыққан Алтай жерінің, ауасының, табиғатының тілін түсінетін болсақ, біраз сырдың беті ашылайын тұр, құрметті оқырман. Осының барлығын қорытындылай келе, «қанатты жылан» культі Америка аймағына Алтай жерінен кеткен деген пікір түйеміз.

Кезінде Сталиннің алдында Жамбылдың қандай жыр айтқаны есіңізде ме? Ешқандай киелі кітаптардың бірінде кездеспейтін аңызды тілге тиек етеді емес пе? Ол Абылдан қалған ұрпақ жайлы айтады:

...сол жерде Абыл ұлы Түрік туды,

Бөрідей көкке қарап, –

Ұлып туды.

Абылдың кіндігінен нәсіп барын,

Сұм Қабыл адамзатқа ұмыттырды!

Көк бөрі Түрікпенен егіз еді,

Көз жасы ішіндегі теңіз еді.

Шырылдап жатқан шерлі шарананы,

Еміреніп Құртқа келіп емізеді.

Баланың арқасында шалық көп-ті,

Көзінен қанды жасы тамып кетті.

Алып ап қасқыр да оны арқасына,

Алтайдың қиясына алып кетті... [Қазақ әдебиеті. 30.09.2016]

Құрметті оқырман, енді маған не деу қалды? Барлығы тайға таңба басқандай анық айтылып тұр емес пе? Ия, Абылдан қалған жалғыз ұл –түрік дейді. Осы бір абыз ақынның сөзіне иланатын болсақ түбі түркі елдер –Абылдың ұрпақтары болып шығады. Ол аз десеңіз ол ұрпақтың атақонысы алғаш бауырына басқан жері Алтай екендігіне айтылады және оған Көк бөріні қосыңыз. Демек, Қабыл мен Абыл жанжалы әлі жалғасып жатыр деген сөз. Жоғары да айтып кеткеніміздей ««Ізденіс жолдары әртүрлі, бірақ іздейтін нәрсе –біреу» дегенімізбен Іздейтініміз –Тәңір, ізденіс жолымыз да –Тәңірді табу емес пе еді?! Америкалық үндістердің де іздеген ақиқаты осы болатын. Біріміз Ресейдің, біріміз АҚШ-тың қысымын көріп, өткен ғасырда Невада-Семей қозғалысында бір табан жақындай түскеніміз, Тәңірдің қалауы, тағдырдың жазғаны-тын. Мұхит асып кеткен туыстас халықтың қаны бір, жаны бір бауырымыз екенін Олжас ағамыз сол уақытта білді ме екен. Әрине, білген. Ендігі кезек біздікі, әр түркінің табаны тиген жер – Менің Отаным деп қабылдайтын болсақ, бүтін дүниенің басында түркілердің абыройы үстем болатыны анық. Осы орайды Екатерина II «Қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алатын еді» деген сөзін, мен былай өзгерткім келіп отыр «түркілер өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алатын еді». Осы орайда есіңізге салатын дүниеміз «Смерть с косой» сөзі. Құрметті оқырман, орыстардың айтуынша, Өмір жерге егін егуші, ал Өлім егінді жинап алушы, яғни шалғымен егін жинап алушы дегенді айтады. Бұл дегеніміз Өлім шалғысымен өмірдің жемісі адамдарды шалғысымен орып алып кету үшін солай келеді дейді. Бірақ бұл өте қате ұғым. Шындығында «Смерть с косой» деп отырғаны біздер, түркілер. Тек біздерді болашақ санасына жағымсыз кейіпкер қылып көрсету үшін бет-әлбетін адам шошырлықтай қылып, халық санасына қара шәлісін жамылған образ ретінде қалдырған амалдары. Асылында түркілерден өлердей сескенген орыстар өз ажалдарының түркілерден келеді деп ойлаған. Және сол үшін халық санасына қорқынышты һәм жаналғыш түрінде сіңіріпті. Амал не? Жә, біз осы сөздерімізбен ешқандай жанжал не ұрыс қалап отырғанымыз жоқ. Бұл біздің субъективті пікіріміз. Тек Алтайдан басталған құпиялар легі Алтайда ғана ашылары ақиқат. Және оның да ауылы алыс емес. Бір күндері түбі бір түркі жұртының баба қонысына үндістер келіп тағзым етіп жатса таңғалудың қажеті жоқ. Себебі, туған жермен адамды байланыстыратын тек қана –бейіттер.

Ендігі соңғы сөз: күніертең Батыстан Тажал (Антихрист) шығып, қара қытайлар ішінен Әжүж-Мәжүж басын көтерген уақытта Абылдың ұрпақтары Иса (а.ғ) пайғамбарымызға жәрдемші ретінде жұдырықтай жұмыла білсе болғаны. Ылайым, солай болғай, Тәңірім. Әумин.

Файзулла ТӨЛТАЙ

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Қаңбақ шал

11.01.2018
662