Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Алмас жырау әңгімелері: Төркін сыбаға

21.11.2017 1722

Алмас жырау әңгімелері: Төркін сыбаға

1973 жылдың қыркүйек айы. Мектеп бітірген жылым. Оқуға түсе алмай ауылға қайта оралдық... Ендігі бұйырған жұмыс механик Машараптың (Машарап Әлиев, 1916-1987) көмекшісі болып, Жаңақала совхозының №4-ші фермасындағы шопандарының құдығына мотор құруға тапсырма алып, жолға шықтық... Таңертең гараждан мотор тиеп жатсақ жұрт бізге:

- Бірің молда, бірің қожа, құдай қосқан екен екеуіңді! - деп, күліп жатыр. «Дін – апиын», - деп, қожа мен молданы құбыжық қылып қойған заман... Жұртқа арзан сөз, мазақ керек... Машекеңнің бір әдеті, ондай сөздерді естімеген жандай кейіп танытады. «Тәуекел!», -деп, біз өз шаруамызға шықтық. Астымызда Машекеңнің совхоздың өтелінен құрастырып алған қорапты, құрама қашыр мәшинесі бар. Үстімізде 10 «ЗИД» моторы мен қосымша бөлшектері тиеулі, шығысқа қараған ауылдың шетіндегі аққұмақ төбеден асып жолға түстік. Қыркүйек айы кірсе де, күн әлі ыстық. Таңертең ерте, күнге қарсы жүрдік. Біздің Қызылдың жолы – қияметтің жолындай ауыр. Өзім бұрын көрмеген, жүрмеген қырық тарау жолмен қия құмды кеселеп, ілбіп келеміз. Я «тегі», я «зауыты» жоқ ескі темірден жинаған машина қарсы қабақ, биік төбеге келгенде ышқына зарланып, өзін құрастырған Машекең молладан медет тілеп, Қызылқұмның құмын маңдайымен бір өзі итеріп келе жатқандай қалш-қалш етіп, азу тісі сақылдап ала жөнеледі. Шаң мен түтін араласып, кабинаның іші алай-түлей. «Батып қаламыз-ау!», - деп ойланып, көз қиығымды Машекеңе салсам, ол кісі тап солай болуы керек секілді, иегіндегі сақал-мұрты шошайып, балуан білегімен машинаның рөлін орай ұстап, қаннен-қаперсіз, жайсын келе жатыр. Жылдамдық – 40-50 км. Әр төбеден әупірімдеп өткенде: «Басады біздің Қара айғыр!», - деп, мұртын таулап, өз-өзіне риза болып, жымиып қояды... Ойға қарай отыз алмайтын мәшинесін бала секілді мақтайтыны бар-ау?!...

Қалай болғанда бұл кісінің жұртқа ұқсамайтын мінез-құлқы мен іс-әрекетіне шәкірт болып ізіне ерген бала жасымнан қанықпын... Қайда бара жатқанымыз Машекең мен құдайға ғана аян. Естігенім «Генерал тамы» деген жерде ферманың орталығы болуы керек. Үй жыңғылдың үстімен, сексеуілді, жыңғылды қалың жынысты аралап, біраздан соң тақыр жолға түстік. Әшейінде әңгімеден жалықпайтын молдекең әзір үнсіз келе жатыр...

Әңгіме кез-келген уақытта, кез-келген тақырыпта басталады. Күн тас-төбеге келгенде, бір бұлақтың басына келіп тоқтадық. Ол кісі дәрет алып, намаз оқуға кірісті. Бұлақтың суы жылы екен, - өзім де шешініп жуынып-шәйініп, үстімнің шаңын қағынып алдым. Ол кісі киініп алуыма қарамай, машинаны қоттап, шаңын бұрқ еткізіп, айдалаға тастап кете барды. «Бұнысы несі?!», -деп, тұрғанымда, әу дейтін жердегі биік төбенің басына барып тоқтады. Жаяулап ізінен келдім. Тоқтаған жері – ескі бейіттің басы екен. Ортасында түйе өркештеніп құландысы қалған үлкен қорым. Айналасында екі-үш сыпа түріндегі қорымдардың жауынмен мүжіліп жерге сіңіп кеткен сұлбасы көрінеді. Үстіне дарақ сексеуіл шыққан, жон төбе. Келуімді күтіп тұрғандай Машекең басына тақиясын киіп, сыртынан жиектеп орамалын орап, жерге жүрелеп отырып құран оқыды. Өзім де жанына жүрелеп отырдым.

Құран ұза-а-ақ оқылды. Үп еткен жел сезілмейді. Жер менен көк біздің (қожа мен молданың) еншімізге тигендей үнсіз тыныштық орнады. Айдала. Құран аятымен өріліп, қалықтай көтерілген қоңыр үнді, көңілім құдырет иесінің көктен жеткен дыбысындай сезінді. Бұл кісінің аят оқығандағы қырағаты өзіме айрықша ұнайтын еді. Бұл жолы баябан даладағы мына әрекеті жүрегімді қозғап, көзіме жас үйірілді. Қоңыр, әуезді бір қалыпты махам ирімі, аяттың әрбір әрпі мен буынын көмейімен күмбездеп, күмбірлетіп құйылатын қырағаты, еріксіз жан-жүрегімді қозғап жіберді. Машекеңнің жанының жалғызсырап отырғанын түсіндім...Ауыл-үйдің адамдары: «Әй, сол Машарабыңның сөзін қойшы!», «Құдайдың қасында болып келгендей сөйлейді», «Құдай, пайғамбардан басқа айтар сөзі жоқ», - деп, «хан сыртынан жұдырық» айтпайтындары болсайшы... Машекең қол жайып әулие-әмбиелер мен Сыр бойындағы өзі білетін жандардың аты-жөнін ұзақ тізбектеп дұғасына қосып бет сипап орнымыздан тұрдық. Содан соң маған маңыздана қарап:

- Қожа, бұл кімнің бейіті екенін білдің бе? - деп, сұрады.

- Білмедім. Бірінші келіп тұрмын.

- Ә-ә-ә!

Өлген соң ердің орны төлене ме,

Қу мола сау күнгідей елене ме?

Орнына мың тал шыбық шыққанменен,

Бұрынғы гүжімшілік көгере ме!?

-деп, Тұрмағамбет ақын айтқан гә-ә-п.

Бұл – нардай шөгіп, опырылып жатқан Кете Ешнияз салдың үйтамы. Алпыс жасында Алпыс қараға Айтжан деген шешемізді қыздай ұзатып алып, "Айтжан-ай" деген ән қалдырған гөзәліңнің жатысы осы-е-е. Бұл кісі, атақты Кете Жүсіптің әкесі. Одан Мұзарап жырау туады.Соңына «Балымша-ай» әнін қалдырған. Оның баласы, кешегі Нартаймен бірге ән салып, концерттік бригадасында болған Сабыт жырау. Кешегі, 41-45 жылғы қан майданға осы Қармақшыдан бес жүзден аса жігіттер аттандық. Содан аман келген аз адамның бірі. Ол, қазір Қармақшыда. Дауысы қарлығып қалып ол кәсіпті қойды. Болмаса Ібаш пен Сабыттан ән оздырған адам жоқ... Бұл, біздің бала уақытымызда күмбезді, көрнекті кесене еді. Ендігі қалған жұрнағы осы ғана. Осындағы атқа мініп жүрген бірталай азаматтарға неше қайтара айттым. Ел сыйлаған адам еді, басын көтеріп, белгі қойыңдар?!- деп. Бәрі жалған белсенді...

Қожа мен молда, үйтам мен мола десе ат-тонынын ала қашады. Сірә өздерін өлмейтіндей біледі-ау!?... Ой, Алла-ай! Бұл заманның адамы бұзау секілді, алдыға тартсаң, төрт аяқтап артқа шегінеді. Анау сексеуіл, жыңғылдың түбіндегі шашылып жатқан арақтың бөтелкесін көрдің бе?! Соның бәрі бағанағы гаражда екеуімізді мазақ қылып тұрған біздің ауылдың жігіттерінің жұмысы. Олар үшін бұл төбе, арағын ішіп, бұтаның түбіне тышып кететін жер! Құдайдан безіп, азғындап болды ғой жұрт, - дегенде, намыстан бетім дуылдап кетті. Алқымыма өксік тіреліп, екі қайтара жұтынып, зорға тоқтадым. Шындықтың мұншама ащы боларын сонда сезіндім... Бұл кісіні осындай үкіметтің саясатына «қарсы қайраты» үшін де жұрт жақтырмай қалады. «Жаңақалада төрт-ақ үй мұсылман бармыз», - деп жүрген де осы кісі... Әр сөзінің астары кекесін, шындықтың найза ұшын тіреп айтады. Одан әрі:

- Қожа сен, Тағайға, №2-ші фермаға барамын деген екенсің. Замдиректор Жалмағамбетов Нәбиге айтып: «өзіме көмекші болады» деп, бөліп алдым. Бірге бара жатқан адамдарыңды білдім. Оларға ерсең, «құсығыңа тайғанап жүріп», арақ ішуді үйреніп қайтасың! Маған бұл совхоздың адамы мен итінің күшігіне дейін белгілі ғой... Сен – қожаның баласысың. Біз өлмей тұрғанда, ізімізге еріп көретініңді көріп, үйренетініңді алып қал. Ертең біз де өлгесін құмға араласып қаламыз, - деп, машинаға қарай жүрді. Мына сөз сүйегіме өтіп кетті... «Оқуға бардым-келдім» деп, көптен қолына түспей жүр едім, оның үстіне бозбала, жігіт болған уақытымыз... Ал енді, құтылып көр. Өзіме де дауа болды. Машинаның көлеңкесіне жайғасып, түскі ас-суымызға отырдық. Бұл кісінің жолға шыққанда бес қаруы сай болады. Машинаның арқалығының артында ыдыс-аяқ, текемет, көрпеше, ас-суы т.б. өзімен бірге жүреді. Айтқандай-ақ, әйдік қара күләбі қауынды алып шықты:

- Ал, қожа. Алла, екеумізге жұмақтың дәмін татқызамын дегенше, бұйырған дәмнен ауыз тиіп, мына төбенің басында жатқан мұсылмандарға дұға оқиық! - деп, қынынан өзі соққан күміс мойнақ, мүйіз сапты пышағын шығарды...

Бұл кісінің ұсташылығы, жыраулық-ақындығы елге мәлім, өз алдына бір сала әңгіме... Сонымен барлығы молдекең айтқандай болып, қайтадан жолға шықтық. Көп кешікпей егістік алқапқа түстіп, жол да тегістеліп, машинаның жүрісі де өне бастады. Күн арқаға ауып, жел алдымыздан тұрды. Машекең ыңылдап, махамға салып Шегебайдың ғазал, мінәжәттарын бірінен соң-бірін, айтып келе жатыр... Құдай берді! Бірден құлақ күйімді келтіріп, бар зейінімді аударып, іштей жаттауды бастадым. Әуенге салып айтылған сөзді есте сақтау, өзіме оңай еді. Бұл кісі, заматында қайта сұрайды... Жаттай алмасаң, қайтып бұл кісіден сөз алудан үміт үзе бер... Сыр бойының ақын-шайырларының бар сөзі осы кісінің басында. Совхоздың есепшілері күлге тастаған жазу машинасының екеуінен біреуін құрастырып алып, қолжазбаларын арабшадан қазақшаға аударып басып жатыр. Оның қазақша әріптерін Қызылорданың баспаханасынан құйдырып әкелдім деп, отырады. Орысша, арабша, парсыша, шағатайша толық сауатты жан. «Біз, Шораның мешітінде оқыдық», - деп отырады... 1934 жылы Ресейдің «Тангорский сельхоз техникумында» білім алып, «ауыл шаруашылығы техникаларының механигі, 3-ші класты шофер» мамандығын игерген. Одан әрі Қарағандыға жіберіліп, сол жерден 1938 жылы Армия қатарына шақырылады. 1939 жылғы Фин соғысына, 1941-45 жылғы Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, Германияда тағы бір жыл әскери қызметте болып, елге 1946 жылы келген адам... Бұл кісінің бойындағы сан-алуан мүмкіндіктерін көріп, өзіңнен-өзің түңілесің... Бір саусағы, біздің екі саусағымыздай. Домбыра тартқанда тыңдаған жанның алпыс екі тамырын иітеді... 1943 жылы, әйгілі «Курск доғасының» қанды қырғынына қатысқан, танк командирі, аға сержант Машарап Әлиев. Бас Қолбасшы И. В. Сталиннен, жасаған ерлігі үшін он қайтара алғыс алған қанды өзек, қайсар жан.

-Сендер осы, мектепте не оқып жатсыңдар? Қане, бүгін қандай тақырыпта сабақ өттіңдер? - деп, бізді бала мысық ойнатқандай тергейтіні тағы бар...

Машекең машинамен тай шаптырым ақбасты табанды кесіп өтіп қарсы қабаққа қарай көтеріліп, жал төбенің үстіне шығып тоқтады. Күн де еңкейіп, екіндіге* барып қалды. Машинаның маңдайын желге қаратып ашып, суытып қойды. Сосын маған қарап:

- Ал, қожа, от жағып шәй қой. Жоғарыда флягте су бар, - деп, өзі дәрет алып намаз оқуға қамданды... Бәрін айтқанындай дайындап, көлеңкеге төсеніштерді жайып, дастарханға апамның жолға деп пісіріп, майлыққа орап берген қойдың сүр жамбасы мен сүбесін қойдым. Әсіресе, апамның шоққа көміп пісірген тапананы, айрықша дәмді болатын... Машекең мәшинеден белінен тоғалап тастаған тұтқалы сары сөмкесін ала отырды. Соғыстан өзімен келген мүлік-ау. Екі құлағын ағытып ашып еді, оның іші бүтін магазин болып шықты:

- Мә, мынау сүт. Төретамнан алдырып қоямын. Оларды Мәскеу қамтамасыз етіп тұрады. Мынау үнді шәй – деп, т.б. беріп жатыр. Дастархан тәуір жасауланды. Пышағын салқын сумен үш қайтара шәйіп, алдына көлденең қойды. Әңгімесін жалғап:

- «Жолға шықсаң жолдасыңды тауып шық, үйіңнің ішін шауып шық», -деп, атаң қазақ айтқан. Не қажетіңнің бәрі, өзіңмен бірге жүруі керек. Қапелімде ғаріп болып қаласың, - деп, мұқият оралған екі кесе берді:

- Шәйді осыған құй! Ана темір күрешкіңді алып қой. Кешегі үлкен соғыста: «Елге аман жетіп, ағайынның ортасында, кеседен шәй ішіп отырар күн болар ма?!», - деп, елді сағынғанда, көз жасымыз қалайы күрешкедегі қайнаған қара суға тамшылап отырған заман болды... Алла, жеткерді ғой! Қаншама жан шейіт болып майданда қалды, - деп, әңгіменің сүрлеуіне түсті:

- Ал, қожа мен әдейі сені біраз нәрсені біліп қалсын деп, сыртқы жолмен келе жатырмын. Болмаса табан жол, бағанағы «Ешнияздың жолымен» әрі кетеді ғой... Мына біз отырған жердің ескілікті атауы Ақбастының табаны деп аталады. Менің, туған жерім. Ескілікті Аққыр, Жаман сыр, Түпбөгет болысына жапсарлас жатқан, қалың ел едік. Бізді Шораяқ аулы дейтін. Шораяқ – Омардың әкесі. Батыр, би кісі болған. Қарабазар Кете аталығының өзі, толық бес ауыл ел едік... Кешегі «байталаудан» кейін, үкімет 28-30 жылдары бұл табанда әуелде «ТОЗ» болып, кейін «Молотов», «Каганович», «Сталин»" деген үш колхозға адамды зорға жинады. Әр колхоз 30-40 отбасынан тұрды. Сыр мен Қуаңның арасындағы қалың елдің қуғын-сүргін, босқыншылықтан тірі қалған жұрнағын белсенділер күшпен айдап келіп, осы жерде егін ектірді. Ол заманда ес білген баламыз. Бар сұмдықты көзімізбен көрдік. Елдің ішінен шыққан кедей қосшы белсенділер елді аш қасқырдай тонады. Адамнан мейірім-шапағат жойылғанда, хайуаннан айырмасы болмай қалады. Әсіресе, өзіміздің ішімізден шыққан ағайындарымыз белсенді болып, білегіне жарты кез қызыл мата байлап алып ағайын-тума, әйел-бала демей білгенін істеді... Елдің мал-мүлкін, азық-түлігін, киім-кешегіне дейін тартып алып, босқыншылыққа ұшыратты. Соңы 32-жылы ашаршылыққа ұласты. Аштан қырылған адамның сүйегі шашылып қалды... Обал-сауапты ұмытып, жанын үрей билегенде талай жандар қатын-балаға қарамай, қара басын сауғалап, босып кетті. Құдай белсенділердің де жазасын берді!? Көбі тұқымсыз кетті. Халықтың қарғысына ұшырағандарын көрдік... Ой, бала айтпа, айтпа! - деп, Машекең ернін тістеп, күйзеліп кетті... Сәлден соң, Ақбас табанға қарап отырып:

- Әй, қожа мен мынаны-ақ айтайын?!... Кешегі, 32 жылы ашаршылық басталғанда «ТОЗ»-да, колхоз да далада қалды. «Үкімет асырайды», - деп, шапқылап жүрген белсенділер мен әкім-қаралар елде тігерге тұяқ қалдырмай тонап болып, күз келгенде қарасын көрсетпей кетті. Ел жаппай қырылды. Аштық бір басталса, індеттей тарайды екен. «Аштық бір үйге келсе, бүкіл ауыл ашығады», - деп, отыратын еді үлкендер. Әуелі бір-екі адамның ісіп жүргенін көрдік. Соңы сол нәубет бәрімізге тарады. Ел босып, шұбырыншылыққа ұшырады. Әкеміз Әлі деген кісі, егін еккен бірбет қайратты, шаруа адам болды. Өзімізге қараған Әжібай, Алтай тұқымынан бес-алты үйінің адам-қарасын қасына жинап, осы отырған төбеге айналдыра жеркепе қазып беріп:

- Көктемнің шығуына дейін амалдап шыдайық. Күш-көлік жоқ болғанымен, аздаған құрал-сайманымыз бар. Көктемге жетсек өлмеспіз. Егін егерміз... Қара орыннан қозғалдым дегенше шығынға ұшырайсыңдар, - деп, қоғамшылық жасады. Көнгені көнді, көнбегені кетті... Біз осы жерде қалдық. Ортамызда Сарыөзен қожа деген, қожамыз қалды. Елге сыйлы, еңбекқор, қарапайым барынша адал жан еді. Жасы сол кездерде алпыстың ішінде болатын. Жас шағында Құлыс Бекет би Бұхарадан алдырған, арғы түбі Мағзаман әулиеден тараған, пірдің тұқымы. Ол, білген адамға... Болмаса кәсібі егіншілік, шаруа адам болды. Кешегі «бай талауға» дейін Бекеттің құмы дейтін жерден, Ешниязға дейінгі аралықта Аман болыстың қарауындағы елді, Құлыс Бекет ауылы деп, отыратын едік... Кешегі «бай талаудан» кейін белсенділер Қызылқұмнан тозған жұрттың жұрнағын Ақбас табанға атпен өкшесін бастырып, жаяу шұбыртып айдап әкелгенде, Шөмекей Аспан* аталығынан Ұлғасбай, Жалғасбай, Жексенбай, Нұрбай, Тоқсанбай, Шәртімбай деген кісілермен бірге Сарөзен қожа да, жалғыз баласы Мәлікті жетектеп кемпірі мен екеуі бізге қосылды. Қаншама қырғын, қуғында жүріп бес уақыт намазын үзбеген шын мұсылман, сол адамды көрдім. Шапанының ұзын жеңінің ішіне таспиғын тігіп алған екен...

Адам ашыққанда ештеңеге қарамайды. Ақбасты табандағы қоғаның түбін қопарып жедік. Құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеп кетті жұрт. Қыстың түсуі, бар күн-көрісімізден айырды... Көктемге көктырна болып зорға іліктік. Әр үйдегі тұқымға деп сақтаған дәнін, жұрт жеп қойды. Біздің қостың да жағдайы солай. Өзіміз қарындасыммен төрт жанбыз. Көктем созылмалы кеш шықты. Қар суы жылғалап босап жатқан мезгіл. Әкем мен шешемнің беті қалқып жылтырап, ісе бастады. Тұзақ құрып, шыр айналып жүгіріп жүрмін. Аштың аңы жүрмейді деген сөзді сонда түсіндім. Қыс бойына алғаным – екі қоян... Қоста жарты қапқа жақын арпа араласқан, тарының дәні болуы керек еді. Сол жоғалды... Әкемнің тұқымға сақтап жүрген соңғы қоры еді. Ендігі жағдай бізге де белгілі болды... Көзі қарауытқан жұрт, бір-бірін талап жеуге келді. Әр қосшы, колхоздың ізінде қалған он-онбес үйдің қарасы, оған шұбырынды жұрт қосылған. Өлген жанның есебі жоқ. Көктемнің ашөзек айы, жаннан күдер үзгізе жаздады...

Бір күні анам таң алдында оятып:

- Балам, қар кетіп жер аршылып жатыр. Құбыла беттегі жыңғылды ойда балықкөзді табан бар. Тұзағыңды сонда құр. Құдай берсе, бірдеңе ілігер. Қайтарыңда дорбаңа балықкөзден толтырып ала кел, - деді. Таң қараңғысында тұрып тұзақ құруға кеттім. Анамның әкесі аңшы адам болған еді, оны да жақсылыққа жорып үміттеніп келемін. Айтқандай-ақ, сілтеген жеріне келсем, қардың ойдым-ойдым ашылған жерінен қырғауылдар балықкөзге жайылып шашып тастаған екен. Айналдыра тұзақтарымды құра бастадым. Күн көтеріле екі төбенің астына барып, үйжыңғылды* күнгей бетінен орын дайындап, астыма сексеуілдің шырпысынан төсеп, әкемнің шекпенін оранып жатып алдым. Көзім ілініп бара жатса түсімде әлде-нелер елестеп, оянып кетіп отырмын. Ашқұрсақпын, қалай да ұйқтап кетіппін. Оянсам, күн төбеге келген екен. Аяздаған денемді зорға жаздым. Дереу тұзақ құрған «балықкөз табанға» қарай асықтым. Аш адамда, тамақтан басқа қайғы болмайды. Қанша адымдап жүрсем де, жүрісім өнбейді, ойымнан шықпайды. Сол жерде, «Өзім де әлсірегенмін-ау», -деген, ой келді. Жыңғылдың қураған таяғын алып таяу қылып, алдыға қарай асығып келемін. Төбеге шыққаным сол, құдай берді! Ойдағы тұзаққа түскен қырғауылдың қоразын көріп, аяғым жерге тимей кетті. Жүгірген беті, жетіп таяқпен салып өттім. Келесі тұзаққа мекиені түсіпті... Ойпырмай, сондағы «Аллаға, сансыз тәуба айтып жылағанымды көрсең?!»... «Жан бергенге – дән берем» деген Алла, жеткердің-ау!», - деп. Шешемнің айтқан «балықкөзін» жинап дорбама салып, екі қырғауылды белімді байлап қойныма тығып, қуанғаннан ауылға төтелеп тарттым. Баратын жерім үш шақырымдай жер. Көктемде өлексені жейтін тазқара мен ақсары төбемде айналып жүр. Алдымдағы ойға түссем, өлімтікке үймелеген қарға-құзғын шуылдап қоя берді. Жүрегім тартпаса да, солай қарай жақындап жүрдім. Қар астынан аршылып қалған адам мүрделерін көрдім. Жемсауын найзалап тояттап алған тазқара, орнынан мені көріп зорға көтеріліп, ұзамай төбенің басына қайта қонды. Қардың бетінде қою қара шашы бұрқырап жатқан жас әйел екен. Бір бұрымы тарқатылып, бір бұрымы өруімен қалыпты. Әйел бауырына баласын қысып, бүк түсіп қырынан жатыр. Үстінде сырма масатыдан шапаны бар. Баласымен екеуінің көзін құзғындар ойып алып тастапты. Сәл әріректе тағы бірнеше адамның өлігі көрінді... Қарға-құзғынның шуылы күшейіп, жүрегім қалтырап қоя берді. Бойымнан әл кетіп бара жатқандай сезіндім. Үрей билеп айқайламақ болдым, дыбысым шықпады. Тез кетуге асықтым. Жүрегім айнып, екі-үш қайтара лоқсыдым. Төбенің басына әзер шығып, отыра кеттім. Қарама-қарсы жыңғылдың түбіндегі үрлесін қардан басы көрініп отырған екі адамның сұлбасын байқадым... Қайта қарағанымда, жердің беті түгел өлікке толып бара жатты... Басым айналып, жер менен көк төңкеріліп түскендей күй кештім. Қайта лоқсып қара құрым запыран тастадым. Бойым жеңілдегендей болды. Бетімді қармен жуып. Қайта жүрдім. Өзіме-өзім: «өлікке жақындап нем бар еді?!» - деп, келемін... Теңселіп, жүрегім аттай шауып, көзім қарауытты. Бойымнан әл-дәрмен кетіп, көз алдыма анам елестегендей болды... Әкем бе екен, біреудің сұлбасы... Одан әрі есімде жоқ...

Есімді жисам, түн ортасы болар, төбеме төніп отырған анамды көрдім. Абырой болғанда, қостың алдына келіп құлаған екенмін. Басымды тізесіне қойып: «Жаным, құлыным!», -деп, бір ырғақпен тербетіп отыр екен. Көзінің жасы тарам-тарам болған анамды, мұншама жақын жерден көрсемші бұрын... Салалы саусақтарымен маңдайымның терін сүртіп, «әлди бөпем» деп, бесік тербеткендей ыңылдап, көзінің жасы бетіме тамшылап отыр. Қолының сыртынан қолымды қойып: «Апа, тірімін, жыламаңыз!?», - дедім, бөліп-бөліп. Анам сол кезде құшағына қапсыра қысып, өксіп-өксіп қатты жылады. «Я, Алла не жазығымыз бар еді!? Мұншама апат жіберетіндей?!», - дегенде, жүрегім езіліп кетті. Қосыла жыладым. Анамның аһ ұрған зарынан қара жер жарылғандай күй кештім. Анам өте сабырлы адам еді... Іле-шала, кәлимасын қайырып, «Алла, Алла мың қайтара шүкір!», - деп, тәубасына түсіп жатыр. Маған дейінгі бес-алты перзенттері өліп, баланы зарығып көрген жандар ғой... Тұруға талаптандым, әлім жоқ. Былауға түскендей терлеп, су болып ағып жатырмын. Сегізкөзім мен жауырын тұсым ашып бара жатыр. Анам құлағыма сыбырлап:

- Қожа атаң қоз қойдырды. Шыда құлыным! -деп, жан-жағымды қымтап жатыр. Сол кезде алакөлеңке оттың жарығынан көрдім, қостың ішінде әкем мен Сарөзен қожа отыр екен. Ол кісі жұмсақ биязы даусымен:

- Балам, Алла жар болды! Қатты аяздап қалған екенсің. Енді тұрып, жуынып-шәйініп ас-аухатыңды ішсең болады, - деді.

Қоз қойғанда – жауырын мен сегізкөздің тұсынан үлкен кесе шамасында жерді ойып, соған сексеуілдің қайту шоғын салып күлмен қоламталап, бетіне жұқалап топырақ тастап, үстіне қоғадан тоқыған мардан төсеп, соған жатқызған екен. Келесі күні денем тыстап, көрпедей қаптап кетті. Егер терлемегенде ішке түсіп, адамды өлтіретін жаман дерт екен. Ескіліктіде ол дертті «күл» деп атайтын. Әуелі құдай – сосын, Сарөзен қожаның арқасында сөйтіп, бір өлімнен қалдым. Он-онбес күн жатып, қатарға ендім. Бетімде сол дерттің дағы қалды. Ол дерттің шарты сол: «жаныңды аламын, болмаса – әріңді аламын» деп, келеді екен. Өлмеген жанға – жаннан артық олжа барма?!... Кейін анамнан:

- Апа, қалай мені «балықкөз ойға» білгендей жібердіңіз?, - деп, сұрадым.

Анам:

- Сол күні түсіме әкем кірді. Өзіңнің атыңды атап, «балықкөз табанға барсын», - деп, тірісіндегідей бір-ақ ауыз сөз айтты... Түн ортасы екен. Оянып кеттім. Қайтып көзім ілінбеді. «Ойпырмай бұл кісі түсіме кірмейтін еді. Әруақ желеп-жебеп жүрген шығар», - деп, содан өзіңді ояттым. Әкем аңшы кісі еді.

«Аң мен құс жайылған шөптің бәрінде «дән» болады, болмаса «нәр» болады», - деп айтып отыратын... Ал, анам: «Балықкөздің ортасындағы жалғыз дәні – құстың азығы. Олар да ет пен сүйектен жаралған мақұлық қой шырағым. Жоқ жерде оның дәні де, қуырып шәй орнына демдеп ішуге болады», - дегенін, бала кезімде шешемнен естіп едім. Әуелі құдай, сол екі қырғауылдың сорпасы дертіңнен сауалуыңа демеу болды ғой жаным. Болмаса сорпа-суды қайдан табамыз? - деді...

Қар кетіп, әкем тіршілік қамында жүр. Қара арықтың бойында ертелі-кеш екі адам жүреді. Бірі ақ дамбал, ақ көйлек, ақ орамалды Сарөзен қожа. Ол кісі, бес уақыт намазын жарманың басында оқиды. Бірі, кетпенін арқалаған әкем. Арыққа әлі су түскен жоқ. Жер дегдіп, күн жылына бастаған мезгіл.

Бір күні ауыл сыртына бір бөлек адамдар келіп тоқтады. Өре түрегелдік. Анау қырқаға келіп орнықты. Адамдарының жүрісі тың, өздері ширақ секілді. Ол заманда бейсауыт адам қарасы көрінсе әуелі елге ақылдан бұрын, үрей келеді. Атқа мінген адам көрсе әзірейліні көргендей қорқып, халықты әбден үрей билеп, жетесі* жер болып қалған заман ғой... Жағалай қостан шығып қарап отырмыз. Келген күні сол жерге тынықты. Ертеңіне тұрып, төбенің басынан жыңғыл қос соға бастады. Сәске мезгілінде бір келіншек қасында сегіз-тоғыз жасар қыз баласы бар қабақтан түсіп, біздің ауылға қарай келе жатты. Ауылдың шетінен әр қосқа кіріп, кідірмей жағалап келе берді. Кезегі біздің қосқа жетіп, әкемді көріп:

- Сәлем бердік, аға! - деп, ішке кіріп, қызын бауырына тартып оң босағадан, мешіт молласына дәріске кірген шәкірттей жүрелеп отырды. Киім киісі, әдебі алыс жақтың адамына ұқсады. Өзі өңді, қараторы жасы 25-30-дар ішіндегі қажырлы келіншек көрінді. Біздің қосқа кіріп кідіргенге, айналадағы ауыл адамдары да жинала бастады.

Әкем:

- Саламат бол, шырағым! - деп, аңтарылып қайта қарады.

Келіншек:

- Аға, біз алыс Тауелібайдан келе жатқан ағайынбыз. Еліміз Шөмекей, Отарбай Балқы. Майдабек аулының бір үзік жұртымыз. Қызылқұм бетінде малды ауылда отыр едік. Біздің елімізде де, осы жұтшылық жайлады. Мал-жанның бәрі тәркіленді. Азаматтарымызды үкімет адамдары айдап әкетті. Өлі-тірісінен хабарымыз жоқ. Елден шыққанда көш көлігіміз бар, 40-50 жан едік. Тонаушылыққа ұшырап, осы жерге бала-шағамызды қосқанда 22 жан жеттік - деп, кідірді.

Әкем:

- Айналайын-ау! Ел біткен жан сақтауға Бұхараға шұбырып жатқанда, теріс көшкенің не?! - деп, салды. Келіншек жанарын төмен салып, сәл кідіріп сөзін жалғады:

- Әлі аға! Мен сізді енді ғана, дауысыңыздан танып отырмын. Бұдан он жыл бұрын осы Ақбас табаннан өздеріңіз ұзатқан, Құлыс Кете Бегімнің қызы Зухрамын!? - дегенде, әкем еңсесін тез көтеріп алып, келіншекке зер сала қарап:

- Ойбөй, шырағым-ай!? Айналайын-ай! Шілмахан жанның қарындасы екенсің ғой!? - деп, дауысы дірілдеп:

- Енді не істедік? Енді не істедік? - деп, жан-жағына қарап, екі тізесін уқалай берді. Анам дауыс салып:

- Жан бауырым, жан бауырым! - деп, келіншекті бауырына қысып құшақтасып көрісті. Бұл кісілер немере, туысқан болып шықты. Әкем:

- Әй, қоя тұр! Тыңдайық, - деп, шешеме зекіп тастады. Келіншек те басындағы орамалын жөндеп, әңгімесін қайта жалғады:

- Аға, жолшыбай халықтың жағдайын көріп келе жатырмын. Кей ауыл түндігі ашылмай түгел нәубетке ұшырапты... Өткен жылғы қыркүйекте, өзімді ұзатқан жолмен Сырға қарай Ақбөгеттен шығып, Қуаңның бойына жетіп, Қоян түлейді қыстап шықтық. Сол жерде тонаушылыққа ұшырап, оншақты адамымыз шығын болды... Көліктен екі түйе, екі атымыз бар еді, соны тартып алып кетті. Бұл жерге жеткен әйел бала-шағамыз. Өзімнің үш баламнан қолға ұстап қалғаным – мынау, үлкен қызым. Екі ер балам жолай шетінеді. Көктем шыға ерте қозғалып, қар суымен сіздерге жеттік. Аң екеш, аңның баласы да қиналғанда туған ініне қарай қашып, жан сақтайды екен. Бұдан әрі баратын жерім де, елім де жоқ. Менің туған жерім – осы Ақбас табан ғой, Әлі аға!? - дегенде, әкем екі иығы бүлкілдеп, жасқа булығып тебіреніп кетті:

- Айналайын-ай! Айналайын-ай! Әлім мен Шөменге сөзін өткізген Кете Бегім бидің қызысың! Қандай ел едік? Соншама жерден еліме жеттім дегенде, қаңсып өлік сасыған далаға келдің-ау, - деп, басын шайқап отырып қалды.

(жалғасы бар)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Қаңбақ шал

11.01.2018
662