Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Тұрсын жұртбай: Кімде? (Бейнет сусыны кітабынан)...

22.11.2017 4974

Тұрсын жұртбай: Кімде? (Бейнет сусыны кітабынан)

Тұрсын жұртбай: Кімде? (Бейнет сусыны кітабынан) - adebiportal.kz

Бесінші тарау. ЖАТЫС: КІЛТИПАН «КІМДЕ?»

Бұл өзі жатыс септігіне кеп жантайғанымен де, суреткер мен шығарманың арасын іліктіретін, қазақша айтқанда, жеңгетайлық жасайтын нағыз «іліктің» міндеті. Себебі, көркем кеңістікке жетелейтін сюжеттің тууына себеп немесе ілік керек? Ол шырғалаң – «іліктен», яғни, себептен немесе себепсіз себептен басталуы да мүмкін. Себебі, шығармашылық ой қашанда тосын келеді. Болмашы ұсақ әсерден романға айналып кетуі мүмкін.

Әлемде қанша шығарма дүниеге келсе, сонша себеп бар. Ой ілігі кімде? Сол себепті тудырушы да ма, жоқ, қараптан-қарап жүріп іліктен – шатыс, ебептен – себеп іздеушіде ме? Әлгі: көбелекті түсімде мен көрдім бе, жоқ, көбелек ұйықтап жатқан мені көрді ме – дейтіннің кері осы тұс.

Мысалы: кермиық пен кербездер, сұлулар мен сылқымдар сылаң қаққан сауық кеші – балл өтіп жатыр. Әйелге өтімді ақсүйек пен (Толстой) қарасүйек (Пушкин) қырыпсалдар да сонда. Бірақ сондағылардың бір де біреуінің қиығы Толстой мен Пушкиннің көз отына жетпейді. Ол екеуі сылаңкерлерді көзден жай өткізіп жүрген жоқ, жанарымен жанарын жұтып, көйлегін шешіндіріп, келіншектердің кеудесін жарып жіберіп, жандүниесіне сұғын қадап жүр.

Кенет ... екеуінің де сұғы мына керімсалдардың арасынан еріп кетейін деп үлбіреп тұрған, ұяң, перінің өзіне қимайтын жас бүлдіршін аруға түсті. Сол арада екеуінің де санасы астан-кестен аударылып, ұмытылмас әлгі бейне ұмытылып, ойды – ой, елесті – елес, қиялды – қиял жетелей жөнелді. Енді олардың саналары ілгеріде біз айтқан «ой азабының» бәрін басынан кешіп, «Евгений Онегиндегі» – Татьянаға, «Соғыс және бейбітшіліктегі» – Наташа Ростоваға махаббатың азабы мен сазайын тартқызбай тынып таппайды. Әр жылдары, өзге бір би кештерінде көрген күнәсіз бикештердің екеуін де өздеріне лайықты сүйгендеріне қоспай, кәртамыстарға қызылдатып барып, өкіндіріп тынады.

Мұның мәтібі неде? Мәтібі: қиялдан туған көркем шындықтың шылауын кәдімгі етекбасты өмірдің батпағына батырып алып, содан кейін тіршіліктің шылапшынына шылап, кірін езіп-тазарту, яғни, «өтірік шындықты» өмірлік шындықтың өзіндей шынайы көрсету. Сыншылар «жасанды кейіпкер», «жасанды оқиға», «оқиға сендірмейді», «өмірге жанасымы аз» деп сын таққанда, олар бүкіл шығарманың «жасанды шындықтан» тұратынын білмейді емес, біледі. Бірақ, көркемдік шындықтың, яғни, жасанды шындықтың бойынан өмірлік шындық үйлесімін тауып тұр ма, жоқ па, соны айтады.

Өтірік екенін біліп тұрып – сенгің келетін, шындық екенін біліп тұрып – сенгің келмейтін шындық болады. Көркем шығарма да сондай әсер тудырады. Мысалы, В.Ключевский: «Разница между Толстым и Мопассаном: второй потерял ум, не подозревая его в себе: первый вечно искал своего ума и не мог найти его» – «Толстой мен Мопассанның арасындағы айырмашылық мынау: екіншісі (Мопассан– Т.Ж.)) – өзінің ақылының бар екеніне еш күмәнданбастан есінен адасты, ал біріншісІ (Толстой – Т.Ж.) үнемі өзінің миындағы ақылын іздумен өтті, бірақ таба алмады» – дегенде екі дегдардың жеке басын айтып отырған жоқ, олардың шығармаларының табиғатын айтып отыр.

Толстойдың барлық кейіпкерлері (Анна, Нина, Наташа, Безухов, Болконский, Қажымұрат) үнемі ақыл мен ожданның азабын тартып, әлдебір мәңгілік мағынаны іздеумен жанталасып жүреді. Ал Мопассанның кейіпкерлері еш алаңсыз шешім қабылдап, іс-қимылға араласа береді. Мысалы, тұңғыш әңгімесінің кейіпкері Томпыш «қажет» деп санағандықтан да көп қиналмастан неміс офицерінің көңілін табады.

Қайсысының таңдауы дұрыс? Екеуінікі де. Өйткені екеуінің суреттеп отырған өмір шындығы сондай мінезді қажет етті. Екеуінен де бұрын туған Гете мен Шиллердің кейінгі қаламдастарына: ««Представляй себе их такими, какими они должны быть, если ты желаешь на них влиять, но представляй себе их такими, какие они есть, если тебе придеться действовать за них» – «Егер сен оларға (кейіпкерлерге – Т.Ж.) ықпалыңды жүргізгің келсе, онда олар қандай болуды қаласа, сен де өзіңді солардың бірімін деп есепте, ал егерде олар үшін сенің әрекеттенуіңе (шешім қабылдауыңа – Т.Ж.) тура келсе, онда сен өзің олардың қалай істегенін қаласаң, тура сондай етіп суретте» – деп кеңес беріп кетуі де сондықтан.

Сонда «Евгений Онегин» мен «Соғыс және бейбітшіліктің» жазылуына себепкер «кім», немесе «не» болды өзі?

Өмірден махаббат қызығын дәметкен, тазалығын бойында сақтаған бейкүнә сұлулар ма, жоқ, олардың тағдырын көрген бетте шешіп қойған суреткерлер ме? Абайдың да сол сұлудың біріне сүйінгені сондай, ол да күйіп-жанып, Тәтіштің тағдырына араша іздеп, қыз мұңын жеткізіп қана қоймай, Пушкиннің щешімімен келіспей, Онегнин екеуін үйлендіріп тынуға бекініп, романды өзінше аяқтауға ұмтылыпты. «Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем» – деген ән шығарып, бүкіл сақараны күңірентті.

Сонда Абайдың ән шығаруына кім, не себепкер болды? Бұл аздай, Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясының бір тарауын «Татьянаның қырдағы әніне» арнады. Қысқы би кешіне келген, ауызынан емшек сүті кеппеген уыздай қыздың әлегінен бүкіл әлемнің жүрегі жараланды.

Ол үшін жазғыруға бола ма? Жазғыруға да, жазалауға да болады екен.

Наташаның Пьер Безуховқа күйеуге тигенінен, ақыры оның да «кәдімгі қатын» («обыкновенная баба») болып шыққандығына «көңілі қалған» Толстой «әйелдерді» жазаламақ болады (жүйкесіне өзінің әйелі Софьяның да қыжыры тисе керек). Содан тура жаңағыдай бір би кешінде «сылаң қағып сылқылдап, бұраң қағып былқылдап» жүрген, махаббаттың тоятын ашық тілеген келіншекті көріп, әйел махаббатының тұрақсыздығын әшкерелеу үшін «Сылаң сылқым» атты роман жазуға кірісіп те кетеді. Күзгі бақта серуендеп жүргенде иесіз саяжайдағы ағаш шапқан балтаның дауысын естігенде ойына «Бақытты жанұялардың тағдыры бір-біріне ұқсас, ал әр бақытсыз жанұяның бақытсыз тағдыры бір-біріне еш ұқсамайды» – деген сөйлем оралып, асыға романды бастап кеткен.

Алайда көркем шындықтың ырқы еркіне бағынбай, Аннаны әшкерелеудің орнына, ақтап шыққан. Бұл реттен алғанда, «Анна Каренинадағы» Анна мен «Абай жолындағы» Айгерім тағдырлас кейіпкерлер. Мұхтар Әуезовтің әуелде бейнелегІсі келген Айгерімнің кескіні – кейінгі Айгерімнің бейнесі емес еді.

Сонда, «кілтипан», «ілік», «түрткі», яғни, көркем ойдың құпиясын ашатын кілттің кімде болғаны?

Атақты Жан-Жак Руссо Париждің маңындағы бір бақта серуендеп жүріп, жолай кездейсоқ қолына түскен жарнамадан «Техникалық прогресс және өнер, оның ұлтқа пайдасы» деген әдеби конкурстың жарияланғанын оқып қалады. Оның шартымен танысқан соң қатты толқиды, тіпті көзінен аққан жас омырауын жуған. Жылайтын да себебі бар. Өйткені өзінің жаза алатынын сол сәтте анық сезінген. Асыға қолына қаламұш алып, атақты «Арылу» («Исповедь») романын бастай жөнелген.

Бірде Оноре де Бальзак театрдан шыққан ерлі-зайыпты жұмысшыларды көріп, солардың артынан еріп отырыпты. Сөйтсе, олар көрген спекткльдерін талдап бара жатыр екен. Іле оның бәрін естен шығарып, айлықтарын қалай үнемді жұмсау туралы таласа жөнеліп, қайтадан тіршіліктің тауқыметіне ауысқан. Ерлі-зайыптылардың соңынан қалмай, айтқандарын асығыс қатираға түсіріп, кейін сол көріністі романының бастау желісі еткен. Сөйтіп, қарапайым жұмысшылар ұлы жазушының қиялына қанат бітірген.

«Сырлы махаббат пен сынық тағдырлы сұлулардың жыршысы» Иван Тургенев бірде Алманияда Рейннің жағасында серуендеп жүреді. Кенет жардың жағасында өзенге төне қарап тұрған жас келіншекті көреді. Көреді де:

- Неге бұл әйел жалғыз тұр, неге жардан жағаға төніп тұр, құлап өлмек пе, олай болса оған қандай тағдыр тәлкегі себепкер болуы мүмкін? – деген ойға қалып, өзінше себептерін іздейді. Соның нәтижесінде белгісіз әйелдің өзіне белгісіз тағдырын «Ася» хикаятына арқау етеді. Ал, ол әйел тағдыр тәлкегінен емес, еріккеннен жар басына көтеріліп, өзенге жәй ғана қызыға қарап тұруы да мүмкін ғой. Мүмкін. Бірақ, суреткер үшін мүмкін емес. Суреткер қашанда өмір құбылыстарынан тағдырлы себеп пен қасірет кілтін іздейді.

Сонымен, жоғарыдағы аты аталған адамдар көркем шығарманың тууына себепкер ме, әлде прототип пе? «Адам көбелекті түсінде көрді ме, әлде ұшып жүрген көбелек ұйықтап жатқан адамды көрді ме?».

Қайдан білейік, әйтеуір мұны әдебиеттануда «ілік – зацепка» дейді. Тіпті, «түрткі» десе де жарасады.

Түрткі демекші, осы «түрткі» де ғашықтық лирикасының әлемдегі ең үздік үлгісінің бірі Александар Пушкиннің «Я помню чудное мгновение», Абайша айтсақ, «Есімде қайран сол жылдар» атты өлеңінің дүниеге келуіне себепкер болыпты. Пушкин осы лириканың ырғағын, «Гений чистой красоты» деген теңеуін өзінің қарт ұстазы, батагөйі В.Жуковскийдің «Лалла Рун» атты өлеңінен алыпты.

Біз де осы екі өлеңді салыстырдық. Ашығын айтайық, мазмұны мен сөздік теңеулері, ырғағы тұрғысынан алғанда, алған әсердің аясынан шыға алмаған жас ақынның еліктеуінен туған сияқты. Бірақ та бұл өлеңді жазған кезде Пушкиннің атақ-даңқы дәуірлеп тұрған. Ендеше, бұл лириканы саналы түрде жаңғыртып жазған. Сонда, шәкірт ұстазына жиендік жасағаны ма, еліктеген бе, әлде бәсекемен дамытушы, әлде, ұстазының дәстүрін жалғастырушы ма?

Ал ұстазының жазғанымен шәкіртінің өңдеп жазғанын салыстыруға келмейді. Алғашқысы қатардағы жақсы өлең, ал соңғысы әлемдік маржан. Соған қарағанда ««Гений чистой красоты» деген теңеудің бағын ашу үшін, соған лайық ғажайып ғашықтық сезімге толы жыр жазғысы келді ме. Әлде, Анна Кернге деген ессіз махаббатына «Гений чистой красоты» деген жалғыз теңеу лайық болды ма? Қалай дегенмен де, бұл өлеңнің жазылуына себепкер болған түпкі түрткі – Анна Керн емес, «Лалла Рун». Ол теңеудің авторы – ессіз ғашық, махаббатың буына елтіген Александр Сергеевич емес, сезімі суыған қарт ақын Владимир Жуковский.

Мұндай оқиғалар әр суреткердің басынан өткен. Оған дәйек те жеткілікті.

Сюжет атаулының бәрі осылай оқыс әсерленуден туып, құрғақ әрі ұшқыр қиялдан «бас құрай бере ме? Жоқ, ж-оо-қ, ағайын. Бір ғана қас-қағым сәт үшін шын суреткер өмір бойы дайындалып жүреді. Тек, бұлттан ашылған күн сияқты, «ойдың ашылған» (Абай) сәтін күтіп өмір сүреді.

Ал ол үмітке нәр беретін тамыр – өмір. Кәдімгі өмір. Ол тамырдың топырағы – сол суреткер тап болған заман, бойлап өсіретін қозғалыс – сол заманның ағымы, ойды ұйытатын тұтқыр шырын – адамдардың тағдыры, жемісі – шығарма.

Әлгі әсер тек ілік қана. Енді соған ілінетін күршек керек.

Алысқа құлаш сермемей-ақ, тура отыз жеті жыл бұрын қатираға түсіп, жадымыздан мүлдем шығып кеткен, дәл қазір тасқа басылып отырған осы «Бейнет сусыны» қалай жазылды дейсіз бе?

Тосыннан. Екі кештің арасында өткен күндер еске оралып, Алматыдағы үйде қалған ескі «Күнделіктерді» ақтарыстырып отырдық. Кенет сарғыш қатираны ашып қалғанымызда: «Кез-келген қартайған адам – король Лир. В.Шкловский» – деген сөзге көз қиығымыз қадалды.

Іштей: «Иә, Құнанбай да король Лир. Абайға қарап – сүйініп, Әмірге қарап – күйініп өмір сүрді», – деген ой шалт ете қалуы мұң екен, ұмытылған ескі ойдың пердесі ашылып, бір ойды бір ой қуып алды да кетті.

Суреткер психологиясы туралы «түртінділерді» түре оқып отырып: «Бұл да бір Абай айтқандай «бейнет сусыны» екен» – дегенімізше болмады, бір қарасақ жазбаның аты қойылып, «Бейнет сусынының» «Шабыт» атты алғашқы тарауын көшіріп отыр екенбіз.

Содан, міне, әлі бас көтере алмай отырмыз.

Кездейсоқтық па? Солай да, олай емес те. Кездейсоқ басталуы кездейсоқ басталғанымен, отыз жеті жыл бойы іштей дайындалып, анда-санда шығармашылық психологиясы, жазушылық психологиясы, жазушы шеберханасы деген тақырыпта арнайы дәріс оқып қойып жүрдік. Енді, ескі күнделіктен басқа қағазға қарамай, «не жазып кетсе – жайы сол» – деп сүркектетіп отырмыз.

Тарау аттарының қойылуына бала-шаға түрткі болды. Мұны мақтан үшін емес, өзіміз түсіндіруге ұмтылып отырған тақырыбымыздың қитұрқы мінезін өзіміз де толық түсіне алмай отырғанымызды жеткізу.

Ал ең бастысы, бұл менің жанымның жансары болған шығармашылық әлемге, сол шығармашылық әлемді өмірге әкелген, кейі дана, кейі әумесір, кейі жеңілтек, кейі можантопай, кейі ессіз махаббат үшін жаратылған, кейі қасіреттен арылмаған, кейі мұқтаждықтан көзі ашпаған, кейі туа қамтамасыз етілген, олардың тағдырына тамсанудан жалықпаған, жұмбақ жаратылған жазушы деген ұлы адамға көзқарасым.

Сәл реті сақталмаған осынау баянды солардың көңіл-күйін күйттей отырып, ерекше бір еркін әрі жан сырын қозғайтын жайларды жазып отырмын. Бұған түрткі болған – «Қартайған адамның бәрі – король Лир», немесе «Құнанбай да король Лир сияқты, біресе мейіріммен, біресе қаталдықпен өмір сүрді», – деген ұшқыр ой және жазушының жан досы – қатира.

Ілгектің күршегі – алғашқы сәтсіз, есейген кездегі жасырын махаббат. Одан басқа түк те емес. Ол әйелге – анаңа, әпке-қарындасыңа, тұлымшағы желбіреген қызға, төсі енді бүршік жарып келе жатқан жас аруға, кексе келіншекке арналған махаббабт па, немесе, балалық шағыңа, бозөкпе бозбалалығыңа, жастық кешуіңе, жігіттік дәуреніңе, өмір құштарлығыңа деген өкініш-сағынышы аралас қимастық па, немесе, көресіні көріп өмір сүрген жеке адамның тағдырына аяныш пен тебіреніс пе, әлде, сорлы еліңнің бақытсыз тағдырына деген қасіретті сүйіспеншілік пе, бәрібір, пенде атаулыны ойға қалдыратындай бір сәтсіз әрі сенен басқа ешкім де жеткізе алмайтындай жасырын сезімнің шығармашылыққа жетелейтіні анық.

Шығармашылық психология осындай бір жүрек жарасынан, көңіл ауанынан шүйкелеген жүйке талшықтарының тозаңдануынан басталады.

Жапон ғалымдарының анықтауы бойынша, теңіз інжуі су түбіндегі өсімдік балдырына түскен сызаттан пайда болады екен-мыс. Сызатты емдеу үшін барлық асыл нәрді бойына жинайды екен. Жазушы да сол теңіз інжуі сияқты, көңіліндегі сызаттың дауасын табу үшін өмірдегі тағдырлы құбылыстарды сана талшығына тоқи жүріп, ойша будандастырып, айы-күні жеткенде толғатады.

Марк Твеннің: «Жазушы болу үшін бақытсыз балалықты басыңнан кешуің керек», – дейтіні сонда. Өйткені оның перзентінің аты «Том Сойер» ғой!

Толстой да «Балалық», «Жастық», «Жігіттік» шағы арқылы әдебиеттің табалдырығын аттады. Мұхтар Әуезов те, аянышты өлімі арқылы өзін жиырма жасында тітіркендірген жиен қарындасы, Қаптағай әпкесінің немересі Ғазизаның (өмірдегі аты белгісіз) «Қорғансыз күнінен» бастады емес пе. Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым – Қожасы» да өзінің балалық шағының «көшірмесі».

Өткен ғасырдың екінші жартысында қолына қалам алған қаламгерлердің барлығы да, соның ішінде біз де бармыз, сол балалық шақтың және «Бердібектің шапанынан» шықтық. «Қар астындағы көбелек» роман-эссесі де – өмірі жаңа басталған баланың өмірге деген кіршіксіз махаббатын айықпайтын мұңға айналдырған бақытсыз балалықтың трагедиясы.

Қысқасы, «бақытты-бақытсыз» балалық шағыңдағы шімкендірген бір құбылыс – белге ұйыған перзенттің тұңғыш тамшысы. Сол әсеріңді жазып, бойыңнан арылтып алмасаң, өмір бойы жүкті боп жүрген әйел сияқты, күпті боп өмір сүресің.

Содан кейін барып өмірден өзің нәр жиып, жанторсығыңды – ой омартасын толтырасың. Әрине, екінші қадам, әдетте, әйелге деген сәтсіз махаббаттан, әйелге деген жағымды-жағыссыз көзқарастан басталады. Бұған да мысал көп. Соның ішінде, суреткерлердің өзара мойындауларына қарағанда, алғашқы жағымсыз әйел кейіпкерлерінің прототипінің барлығына өздері жасырын ғашық болған. Сезімін айта алмаған, не қабылдамаған әйелдің өзгеге еркелеп жүргеніне қызғанышпен қарап, сол қызғанышын ақ қағаздың бетіне түсірген.

Мысалы, Антон Чеховтың «Попырыгуньясы» – «Тұштақайы» атақты суретші Левитанның көңілдесі, сүйкімді суретші әйел Кувашникова екен. Чеховтың өзі де ұрлана көз тастап жүрген келіншек екен. Ақыры қызғанышын жасыра беруге шыдамы жетпей Дуня-Душечканы шайтан көбелек кейпінде бейнелеген. Кімді емеуірін еткенін сезе қойған Левитан сол үшін А.Чеховты өмір бойы жек көріпті. Өмірден кешпеген күйі өткен. Сөйтіп, Кувашникова мен Левитанды ғана емес, өзін де күршекке ілген.

Мопассанның «Томпышы» да сондай бір оғаш оқиғаға тап болған провинциальдік біртоға келіншек көрінеді. Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Оқыған азамат», «Кінәмшіл бойжеткен» атты алғашқы әңгімелерінің прототиптері де «көзге түрткі болған» қандай келіншектер екенін біздің «Бесігіңді түзе!..» атты әфсанамыздан біле аласыздар. «Кінәмшіл бойжеткендегі» Ғазизаның тағдыры «Бесқарагер» атты хикаятымыздың «Жанарыма тұнған жасым ең...» атты жеке тарауына желі тартқанынын да есекрте кетеміз.

Иә, бұлар да «сәтсіз махаббатың сәтсіз желісі» болып табылады. Ал «сәтсіз аяқталған» шынайы махаббаттың әсері барлық суреткердің мәңгілік шабыт көзі, мәңгілік аңсары, мәңгілік шығарманың туу себепкері болып табылады. Ол мектептен кез-келген жазушы өтеді. Бұл да, шығармашылық психологияны қалыптастыратын орта мектептің міндетін атқарады.

Сайып келгенде, шығармашылық жолдың басында тұрған суреткерлердің барлығы (суретші, композитор, мүсінші, тіпті, сәулетшілер де) қашан өзіндік көркем әлемі толысқанша осындай тәжірибені бастан кешіреді.

Жоғарыда алғашқы көркем ойға ұшқын беретін шоқ – «жасырын махаббат» деп қалдық қой. Бұл да долбар. Суреткерлердің өздерінің мойындауына ғана сүйеніп баяндалған жайлар. Әйтпесе, еш құпиясын жасырмай ашық айтып, көптің талқысынан өткен соң ғана соны қағазға түсіретін жазушылар да жеткілікті.

Тасқа басатын қосымша құралдар (машинка, компьютер, интернет) шықпаған, жазғаныңды тек қолжазба күйінде талқыға ұсынатын өткен ғасырларда әр жазушы өзінің әңгімелерін, хикаят, романдарының тарауларын әдеби салонда оқып беріп, пікірлесетін дәстүр болған. Бұл үрдіс кеңес тұсында жойылды.

Алайда сол дәстүрдің таза қазақы тәсілдерін ұстанған Жекен Жұмаханов пен Әзілхан Нұршайықов сияқты қаламгерлерді көзімізбен көріп, көңілінің көкжиегінде қарауытқанымыз да бар. Мысалы, Жекен марқұмның ауызекі әңгімесін тыңдағанда шыбынның ызыңы естілмейтін. Шіркей екеш шіркейдің өзі сол әңгімені тыңдап отырғандай ызыңын баса қоятын. Біз сияқты бозөкпелер, әсіресе, тартымды бір-екі келіншек тыңдап отырса, махаббат хикаясына қарай ауысатын. Сонда Мейіз бен Ғалия сияқты жас келіншектердің көзіне жас үйіріліп, бір орынында отыра алмай, қыбжыңдап кетуші еді.

Сөйтсек, бұл Жекен ағамыздың шығарма жазар алдындағы дайындығы екен. Әр оқиғаны әр отырыстағы адамдардың жасына қарай өңдеп, жалыға бастаса іле басқа арнаға түсіп, құбылта баяндайды екен. Сөйтіп, жазатын шығармасының сюжетін құрап алады екен. Тіпті, Әзілхан екеуінің бір оқиғаны жеріне жеткізгені сондай, екеуі де егіздің сыңарындай екі хикаят жазғаны бар. Ақыры өздерінің осы тәсілдерін баспасөз арқылы түсіндіріп барып, барқадам тапқаны бар.

Сол Жекен ағамыз дүниеден озардан 14 күн бұрын: «Мен «Үш бәйтерек» атты хикаятымды өз басымнан кешірген өмір шындығынан алып жаздым. Қиыстыруынан басқаның бәрі де кәдімгі шындық. Оқиға үш шеше, бір әкенің баласын немересіндей еркелетіп отырған егде әйелге ерлі-зайыптылардың келуінен, олардың балалары мосқал әйелді: бірі апалап, бірі әжелеп аймалап, өзара таласа құшақтағанынан басталады. Оқиғаның соңында әлгі «апа» – апа емес, ана мосқал еркектің бәйбішесі болып шығады. Бұл шығарманың өмірлік шындығын білмей баспасөзде сынағандар да ұшырасты. Уәж қайтарғаным жоқ. Өйткені, ондағы оқиға менің өз басымнан кешкен тірішілік сыбағасы еді. Бірінші әйелімді жеңгедей алғамын. Шау тартқан соң қалыңдықты өзі айттырып берді. Ол әйелім екінші баладан қайтты. Үшіншісін өзім таңдап алдым. Ана опыр-топыр үймелеген балалар сол үш әйелдің төлі. Бірінші әйелімді сыртқа қақпадым, жағдай қиын кезде бір үйде тұрдық. Кейін бөліндік. «Феодализмнің сарқынын тірілтті» деп арыз жазып, жұмыстан да шығарды: «Федализмнің соңғы сарқыны мен болайын», – деп алғашқы некемнен ажырағамын жоқ. «Үш бәйтерек» солай туған, – деп сюжеттің тууы туралы бір өмір шындығын сыр ғып шертіп еді.

Аяғын жерге сүйрете, тырпылдата басып жүріп, түсте бәйбішесінің қолынан дәм татып, кешке Клара жеңгейдің жанына жантаятын Жекең 14 күннен кейін тып-тыныш күйінде өмірден оза беріпті. Қатираның осы арасында Жекең марқұмға араналған «Эпитафия» жазылыпты. Сызып тастауға жүрегім дауаламай, сол қалпында қалдыруды жөн көрдім.

Эпитафия (Жекен Жұмаханов қайтыс болғанда):

Топырақ – көрпе құндақтап,

Қымтанып жатыр сан ірі.

Бетіңді жаптық шым қаптап,

Шерменде ердің қабірі.

Жүрегің көктеп, өнер ме,

Басыңа қояр темір Ай.

Тепсініп келіп өнерге,

Тебінде өткен өмір-ай.

Сағ.4.45-5.00.10.ІІ.Х.79 жыл. Баспахананың алды».

Соңына: «Өмірінде жазушылық бағасын ала алмай кетті ғой. Бұл арадағы реніш – сол», – деп түсініктеме беріліпті.

Әдебиетке ауызекі әңгіме арқылы келген қарабайырдың ішіндегі текті қаракөк, Солтабай төренің бір тармағынан тараған тұқымдары болып келуші еді, марқұм.

Міне, үш жүректің бір жүректе жарасым тапқан махаббат хикаясының бірі және әлемдік әдебиетте Жекен Жұмаханов қана қолданған 39-сюжет желісі осы «Үш бәйтерек» атты тағдырлы және шынайы махаббат хикаясы болса керек-ті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар