Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мұқағали МАҚАТАЕВ. Таныс сарын, таныс ырғақ, таныс...

11.12.2017 14458

Мұқағали МАҚАТАЕВ. Таныс сарын, таныс ырғақ, таныс үн...

Мұқағали МАҚАТАЕВ. Таныс сарын, таныс ырғақ, таныс үн... - adebiportal.kz

(«Қазақ жырының бір жылы» мақаласынан үзінді)

...Алдымызда ақынның бір ғана өлеңдері емес, бірнеше өлеңдері, бүкіл бір жыр жинағы жатыр ғой, оқиық, үңілейік. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» ойнақы жырдан гөрі сыдыртып оқып шығуға көне қоймайтын ойлы жыр іздеп, сарсаңға түскен пақырың осы болмасын.

Ұзарып туған көлеңке,

Шыққан күнге бір ерке.

Шуақ қуған жас балғын,

Оны да артқа тастар күн.

Желпілдеген тұстары,

Шаңқай түсте қысқарды.

Жазда шайса батқан күн,

Күткен таңның атқанын!

Шағы қайтты гүлдеген,

Қызығы өтті шілдемен,

Өзге бүгі-жігі жоқ,

Таңданатын түгі жоқ.

Тәңірім-ау, мынау таныс сарын, таныс ырғақ, таныс үн ғой! Көңілге қайдағыны салатын өзіміздің көне де көрікті мақамымыз ғой. Тосырқап қалған құлағымыздың дабылын қаққан тосын үн ғой мынау. Арғысы – Бұхар, бергісі – Махамбеттен қалған қазақ жырының жұртына қалдырған асылының сынығы, ақығының көзі ғой бұл. Халықтың өзі боп ойлап, халықтың өз тілінде жазатын пақырдың өзі сөйлей түссінші, ерікті өзіне берейікші.

Фәни

Сүмбіледен сөнген шоқтардан,

Аспаным орын босатсын.

Шайтандар атқан оқтардан,

Өмірзаялар қоса ақсын.

Бауырын көлдің қаз тіліп,

Рахат дәурен салдырсын.

Балапан талды мәз қылып,

Жел тербетіп қандырсын.

Нажағайлардың қылышын,

Шабыттар алып тағынсын.

Кәриялардың қылығын

Өлеңнің жолы сағынсын.

Жағаңда жатып жаз арман,

Қаныңа сенің өрт толсын.

Маған да көзеу ажалдан,

Перінің қызы мерт болсын.

Дария – жеңгей кең етек,

Он екі құрсақ көтергей.

Асықпа, Фәни, және тек,

Жанар таулар өт өрмей.

Дүрсілдеп ағып өр теңіз,

Алуан шашсын жас қиял.

Жасара берсін қайтеміз,

Махаббат деген естияр.

Ән тіреп тұр ғой қолқамды,

Емес пе ғажап, дариға, ән.

Төсімде шапқан тұлпарды,

Үркіте көрме, фәни-жан.

Ой тұңғиығы мен сезім тұнықтығынан туған осындай жырға біз ешқандай да аннотация бере алмаймыз. Мұндай жыр ешқашан да жанашырға зәру емес, өзіне-өзі адвокат...

Ал, Сәбиттің өзі болашағына, өзінен кейінгі келер ұрпаққа үлкен сеніммен қарап, үлкен міндет артады.

Келген соң дүниеге тілекпенен,

Кең шалқар – кесірі жоқ жүрекпенен.

Қорған бол, алдамшыны атарым бол,

Атаңнан алып қалған бір оқпенен.

Сөз дейтін сүңгіменен, білекпенен.

Тілім бол, бұл да мейлі қиындасын,

Ащы сөз ақымаққа тыйылмасын.

Түнерген көкірегіңе әулиеден.

Өзге әулие айтқанға сиынбасын.

Бас солай қиылсыншы қиылғасын.

Сен келдің тоғыз айлық шеру шалып,

Енді-енді мол қонарсың еру салып.

Кесейін кіндігіңді арманменен,

Ана менен арманға телу салық.

Мә, көрімдік, кетсінші көруші алып.

Сәбит – ешкімге ұқсамайын деп, есі кете ізденгіштігімен ақын, іздену жолындағы артық я кем айтуымен де ақын. Жырының салмақтылығы; тілінің ащылығымен де ақын. Тіл өнеріндегі дертімен де, орнының оқшаулығымен де Сәбитті қабылдауға болады. Өткен жылғы жарық көрген оның «Қызыліңірі» – осының айғағы...

1972 жыл.

(«Қош, махаббат!» кітабы, 1988 жыл. «Жазушы» баспасы).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар