Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сәбит Баймолдин: Ақын сөзі ірі болса......

07.11.2017 7574

Сәбит Баймолдин: Ақын сөзі ірі болса...

Сәбит Баймолдин: Ақын сөзі ірі болса... - adebiportal.kz

(1942-2000)

Көбеюдеміз, көбеюдеміз

Мәз боп қабылдап, әр күн лебін,

Күз бақтарында, жаз бақтарында.

Көбеюде халқым менің,

Көбеюде қазақтарым да.

Азайған екенбіз індеттерден де,

Ұзын-шұбақ ұрыстардан да.

Жылқы жылғы қанды өткелден де,

Жылан жылғы жылыстардан да.

Айта берем жаз-ойларымызды.

Көлеңке, күнгейлерімізді.

Неден азайғанымызды,

Неден көбейгенімізді?!

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Ауасы таза ауыл бағымен.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Бабамыздың бауырмалдығымен.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Ауып түсіп арқадан сан ауырлық.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Халықтардың одағын жалауым ғып.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Әділеттен әмір ап, ем көргесін де.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Азат еңбек патшалығы дем бергесін де.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Бақытқа тоймағандықтан да.

Біз көбейгенбіз, біз көбейгенбіз,

Тағдырымызды ойлағандықтан да.

Айта берем жаз-ойларымызды.

Көлеңке, күнгейлерімізді.

Неден азайғанымызды,

Неден көбейгенімізді?!

* * *

Қазақтың қысы басталды,

Желтоқсанымыз желдетіп.

Балауса қарды, жас қарды,

Себелей берді селдетіп.

Өзендер қалды әйнек боп,

Жағалауға сүйеп иегін.

Тұратын кеше қайнап кеп,

Суытты үйі дүниенің.

Жер де есен, қалың ел де есен,

Бабым деп жатыр бақ далам.

Суырылып сөйлеп жел шешен,

Ойнақтап кетті ақ боран.

Тәуекел айтып, алған дем,

Қасқая қарап бұл маңда:

Киінбеген жолдармен,

Шешініп алған ормандар.

Ақтарып ақ қар мырза көк,

Жазып отырмын суық кеште өлең.

Жаратылғанымызға ырза боп,

Отыз алты градустық пешпенен.

* * *

Ақын сөзі ірі болса, о, сені,

Қорғай алады, барлық өсек өшеді.

Тоғышарлар таусылады да, ақындар –

Уақыттың төрешілігіне өседі.

Ақын сөзі ірі болса, кей жұлдыз,

Одан кіші, одан кіші дейді ұл-қыз.

Дейді олар! Өлеңдері ақынның

Өз халқының күзетшісі дейміз Біз.

Ақын сөзі ірі болса, дала шат,

Әр сөзінен аңғарылар болашақ.

Әр өлеңі шаруа боп кәдімгі, –

Жүреді ғой бидай егіп, қала сап.

Ақын сөзі ірі болса, жат – қайғы,

Ұсақтықты жоғалтады, таптайды.

Зұлымдық та қыз болады ұялып, –

Бомбалар да жарылуға батпайды.

Ақын сөзі ірі болса, бата ап,

Адам аты патша атындай аталад.

Халықтардың достығы да мәңгі боп,

Махаббат та болады ғой махаббат.

Айтар сөзін айта алмаса, оқталып,

Нақ жетімдей қалады ел тоқталып.

Жетім әке – баласы жоқ әке де,

Жетім халық – ақындары жоқ халық.

Жапан түзде көбейсе егер жар мұңы,

Естілмесе әділеттің жарлығы.

Ұсақтығынан емес, ия, халықтың –

Ақындарының ұсақтығынан барлығы.

Ақын сөзі ірі болса, о, сені,

Өсіре алады, барлық өсек өшеді.

Тоғышарлар таусылады да, ақындар –

Уақыттың төрешілігіне өседі.

Еркін елдің, азат елдің ақыны,

Дәл осылай айта алады әр күні.

Өлеңіміз – туған елдің бақыты,

Өлеңіміз – келешектің жарқылы.

* * *

Өз тағдырым өзіме ыстық біртүрлі,

Мен өзгеге қимаймын өз бұлтымды.

Бейнетімді мен өзгеге қимаймын,

Сүймесем де, алдым ғой ол шіркінді!

Сол тағдырмен таныды ғой ел мені,

Не де болса, өмірімнің бергені.

Баяғымнан қиын бола қоймассың,

Бала күндер, шала күндер, кел, бері.

Мен үйрендім ауырға да, өзгеге,

О, ауырлық өзгелерді көздеме.

Басқалардың төзе алмауы мүмкін ғой,

Төзген едің, одан әрі төз, дене.

Төзермін де, барармын да әргерек,

Жоғалмас-ақ дарыным да, бар дерек.

Не болды бұл? Біздің мынау уақытқа да,

Махамбеттің өлеңіндегідей нар керек?!

Деп те сөйлеп, күбір-күбір кейде мен,

Ұшырармын бұлтқа да өлең, желге өлең.

Мазасызданғандай, келе жатып бір тойға –

Сөйлеп қалармын осы қалпымда сөйлеген.

Өз тағдырым өзіме ыстық біртүрлі,

Мен өзгеге қимаймын өз бұлтымды.

Бейнетімді мен өзгеге қимаймын,

Сүймесем де, алдым ғой ол шіркінді!

Құстар бізге сеніп жүр

Өте береді өріп жыл,

Айқайлап алам: төгіп жыр.

Дүние бізге қарап тұр,

Құстар да бізге сеніп жүр.

Сенеді құстар біздерге,

Жүреді елде, түздерде.

Қия алмай қаңқылдасады,

Қара суық күздерде.

Ақ боран жайса қанатын,

Жер үстін түгел алатын.

Сонда да бір елшідей –

Ел ішінде торғай қалатын.

Көктемде әнін айтатын,

Сағына сөйлеп қайта тым?

Құстарым менің, құстарым, –

Көк толтыра қайтатын.

Жігітім, сені көріп мен,

Тоқтатқым келді желіктен.

Оқ арқалап едің қашаннан, –

Сенім арқалап көріп пе ең?!

Мен шығып тұрмын Еліңнен,

«Шпалдарыңды» шешем беліңнен.

Жұрдай еткің кеп жүр ме, әлде

Жер-ананы сенімнен?!

Өте береді өріп жыл,

Айқайлап алам төгіп жыр.

Дүние бізге қарап тұр,

Құстар да бізге сеніп жүр...

Нөсер

Су аяғы бұлт теңдеп,

Дайын жатыр дамылдап.

Жел үрікті селтеңдеп,

Аспан тиіп ауырлап.

Шұбатылған шудасы

Қара нарлар қаптады.

Түсіп қалған бұйдасы,

Буыршындар саптағы.

Жаз базарын сағынып,

Қатар желіп келеді.

Тұяқтары шағылып,

Жарқ ете қап сөнеді.

Желіп келіп желдеумен

Ыңыранып аунайды.

Тап осыған тең деуден,

Көк құшағы аумайды.

Бұлт айдаған қамшының,

Бұқтырады шартылы.

Зәресі жоқ тамшының,

Тие-тие шарпуы.

Бақалары бақылдап,

Бұтақтарға жал шығып.

Көк сойқанды мақұлдап,

Жер жымиды малшынып.

Аман қалған бұлтымен,

Аспан тұрды есінеп.

Шыға келді жұлқынып,

Ақ жирен жел кісінеп.

Ақтөбе әні

Мақтаныш қанат болып поэзияма,

Мен жетем қияндағы ақ таңдарға.

Ақтөбем – жап-жас қала, жап-жас ұя,

Жүрегімде салынып жатқан қала.

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бір ақыны едім,

Көшелері созылған қол ұшындай,

Жаныма жақын менің.

Кем болады көктемі, неге кеші,

Ақтөбедей ақ сарай, отау үйдің.

Нұрпейістің осы біз немересі,

Осы біз інісіміз Тахауидың.

Құдіреті – кісілігі бұ халықтың,

Құдіреті – кеңдігі бұ алаптың.

Саусағымыз осы біз Жұбановтың,

Осы біз кетпеніміз Шығанақтың.

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бір ақыны едім.

Көшелері созылған қол ұшындай,

Жаныма жақын менің.

* * *

Далам менің – маңдайымда тұрған Ай,

Бұ да сәуле, бұ да ауа, бұ да арай.

Жарық күнім, жалғызым да және өзі,

Толғанбайын, ойланбайын мен қалай?!

Бәрі жақсы-ау, «дала» деп жазар жігітке

Өзім қаламсап болғым келіп тұрғаны-ай!

Мен даланы қалай тұрам жырламай,

Ғұмыр ғұмыр ма, өте алмасам гүл қадай?!

Дала ғой бұл алып Ілияс ап қалған,

Дала ғой бұл беріп кеткен мұңлы Абай.

Бәрі жақсы-ау, сойдақ тісті соқаға

Өзім түрен болғым келіп тұрғаны-ай!

Анау теңіз! Махаббатым бұрқанған,

Талқысынан ешқашан да бұлтарман.

Бір көрмесем, қоғасы – арман, сағыныш,

Бір көрмесем, жұрты – сағыныш, бұлты – арман.

Қарай гөр! – деп балаңа өз балаңдай –

Мен қол жайып тұрғаным-ай диқанға.

Өзен болдық, мақтана біз тасқаннан,

Дастандарға құйылатын дастаннан.

Қиялымды өсіретін қиян бұл –

Ұяң да бұл! Дала есігін ашқан жан.

Сұрағандай шайыма сүт, дала үшін

Жаңбыр сұрап тұрғаным-ай аспаннан...

Ескі теңеулер

Ай жатыр... қора-қора бұлт ішінде,

Қара бұлттар... ылғи бір ұрты ісінген.

Көрпесінен сығалаған сәбидейін –

Сәулесін бұлттан Айдың көрдім дейін.

Бұлт оған жапырағы мол қайыңдайын,

Қайыңның тасасында жатыр Айым.

Қаша жөнеледі, немесе жүзе жөнеледі, –

Көк мөлдірден көрінген жайындайын.

Ай қадірлі! Қашанда бағасын Ай,

Күй боп алған домбыра сағасында!

Көк аспан – ат аунатқан көк мұздайын,

Алтын Ай – түсіп қалған тағасындай.

Қызыл Ай – қарағанда қанымыздай,

Немесе жасырулы жанымыздай.

Диханның орағындай іле салған,

Немесе көкке қойған нанымыздай.

* * *

Ең соңында маған бөлген өмірдің,

Кімі боламын деп жүргем жоқ, көңілдім?

Ойламаймын: өмірімді жырлаймын,

Ашықтығын жырлаймын мен көгімнің.

Тазалығын мен жырлаймын жерімнің,

Мен қорғаймын денсаулығын өмірдің.

Кім боламын ақырында? – дегем жоқ,

Өлеңіме күн-түнімді бөлем көп.

Бар болғаны: өлең берем дүниеге,

Қуанамын, ренжимін өлең боп.

Маған өлең: замандастың шаттығы,

Жақындығы, бір-біріне жаттығы.

Мен ащыны айта аламын жасырмай,

Айта аламын еш жасырмай тәттіні.

Кім болдым, деп жәбірлену жоқ менде,

Бір қосылып, бір айрылам көппен де.

Мына қауым қорқақ екен, тәйірі, –

Деп те күліп қала берем өткенге.

Өлең ғана бұ тірлікте қол маған,

Басқа нәрсе ойымда еш болмаған.

Шыншыл кісі кім болады тірісінде,

Өлгесін ше? Иә, мен де сол болам.

* * *

«Таланттыға өлгеннен соң жеңілдеу», –

Деген сөзді айтып-ақ жүр тегіндеу.

Тоғышардың айтқан сөзі емес пе:

«Таланттыны бақытты етеді өлім», – деу.

Жоқ, жігітім, қорғалық біз уақытты,

Осы күнді аға күтті, жар күтті.

Тоғышарлар тірісінде бақытсыз –

Нағыз талант тірісінде бақытты.

Қажып ойлап, отыратын шағына,

Күңгірт тартып жүретұғын шағына.

Тең түспейді, тең түспейді, әлеумет, –

Тоғышардың басындағы бағы да.

Тоғышарлар бара жатыр азайып,

«О, тәңір-ай, жоғалды» деп жазайық.

Осылардан биік жүрер ақ, әділ, –

Таланттының әр минуты ғажайып.

* * *

Мен қайдан алды десе сөз ағынын,

Бар менің өз асқарым, өз алыбым.

Мұхиттарға шығатын кемелердей,

Өз атым бар, Ақтөбе қазағымын.

Туған төбе! Жоқ саған кеудемде арыз,

Бар менде саған қарыз, елге қарыз,

Көк тамырым да басқа емес! Елек-Қобда,

Ырғыз бен Ор, Ойыл-Қиыл, Жем мен Сағыз.

Солардың буы ұшып ұласқанда,

Аймаласады қазақы бір аспанда.

Қазақтың гүлі болып аталады,

Ақтөбенің гүлі де бүр ашқанда.

Ойға шомса, ой-тереңге бата бала,

Өз жотасы тәрізді жота-дала.

Ақтөбе дегеніңіз – ояулар мен

Әр төбеде ұйықтап жатқан ата-баба.

Ойында – жаңа теңіз, қырында – кен,

Жүгіреді; жүгірген бұрын да жел.

Бұ жерде жыр жазамын отырып ап,

Нұрпейіс сақалының ығында мен.

Туған елді сүйіңдер

Атамекен. Көз алдымда барлығы,

Өзен-тауы, әні-жыры, тағдыры.

Кім болсақ та, перзентіміз бұл елдің,

Бізді туған ел дейді ғой, ал мұны.

Атамекен. Кеудемдегі жырым бұл,

Айтылатын әнім де бұл, сырым бұл.

Қаным да бұл шулап аққан бой қуып,

Атамекен, таңдайдағы тілім бұл.

Атамекен. Ой ғып ойлап күнін әр,

Жыр ғып тербеп, тебіренеді тұрып Ар.

Бізде кім бар, туған елден басқа осы,

Туған елдің бізден басқа кімі бар?

Жылдар келер жыл артынан тиеліп,

Үй тігілер үй артынан үй еріп.

Үйретейік сүюді де балаға,

Өзіміз де келістіріп сүйелік!

Жүрегіңнің жалынын бер, күйін бер,

Алшы! – деші азырқанбай сыйымды Ел.

Келеді ғой менен бұрын да айтылып, –

Мен де айтайын! Туған елді сүйіңдер.

Сүю, сүю! – емес бірақ, оңай да,

Тар жерлерде тап қылады талайға.

Сүю деген бейнет болып басталып,

Бақыт болып аяқталады, алайда.

Әсемірек боп шығатын өлеңмен,

Үкідейін бұлғақтайтын төбемде.

«Туған елді сүйем» деген үш сөзге,

Құдіреттей сыйынам да. Сенем мен.

Өз елімді – «әкем» деп те, «анам» – деп,

Басқа елді жақтырмау да – маған жат.

Әрбір халық бақытты болмай, меніңше,

Еш бақытты бола алмайды Адамзат!

Дөңгеленіп өте берер толған Ай,

Отыра алман абызы боп толғамай.

Меніңше де, қорғалмайды Адамзат,

Әрбір халық өзін-өзі қорғамай.

Жүрегіңнің жалынын бер, күйін бер,

Алшы, – деші, – азырқанбай сыйымды ел.

Келеді ғой бұрын да айтылып,

Мен де айтайын: туған елді сүйіңдер!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар