Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлия Дәулетбаева: «Қиналып, құрастырып жазған өлеңдер көрініп тұрады»

17.08.2015 453

Әлия Дәулетбаева: «Қиналып, құрастырып жазған өлеңдер көрініп тұрады»



«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  бірнеше республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы, ақын Гүлжайнар Қалдинаның өлеңдеріне ақын, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты Әлия Дәулетбаеваның  жазған пікірін ұсынамыз. 


www.adebiportal.kz



калдина.jpg


Түзу жол


 

Сен менің тағдырыма айналғансың,

Жолыма ақ тілегін жайған жансың.

Бақыттың бесігінде тербеп мені,

Жүрегімнің көзіне байланғансың.

 

Сен менің арқа сүйер ардақтымсың,

Қосқандай қос тағдырды таңдап тылсым.

Кіршіксіз сезімімді, сенімімді,

Жүрегіңнің үнімен  жалғап тұрсың.

 

Сен менің биігімсің,

шыңым асқақ,

Қалайша екеумізге бұрылмас бақ?

Шексіз сүю – осы ғой...

Тұрғандаймыз,

Махаббаттың дастанын бүгін бастап.

 

Бізге қалай әлем ән арнамасын?

Тағдырымыз тапқанда тең жарасым.

Мен сенің, білем, қисық Қабырғаңмын,

Ал, менің түзу Жолым – Сен ғанасың.


 

* * *


Сенің Жаның – менің Жаным емес пе?

Сенің Бағың – менің Таңым емес пе?

Екі тағдыр бірімізді біріміз,

Жетелейік Бақыт атты белеске.

 

Сенің қайғың – менің мұздай жүрегім,

Сенің күлкің – менің көркем гүл өңім.

Ғажабыма өзің ғана тәнті бол,

Азабыңа мен көнейін – тілегім.

 

Өмірімді өксітумен өт мейлі,

Бұл ғаламда мұң мен шаттық көп дейді.

Тағдырласым тарту еткен азапқа

Күллі әлемнің күміс үні жетпейді.

 

Біздер жайлы не деп кетті ел осы?

Бізге арналар көп әңгіме келесі.

Айта берсін!

Тербетеді тек сені,

Менің қою түндерімнің төресі. 

 

Маған азап сыйлаған да сен едің,

Маған бақыт сыйлаған да сен едің.

Өзіңменен бірге өткен мың бір түн,

Жұлдыздарға жолдап жатқан дерегім.

 

Титтей қыздың табынғаны сен едің,

Алқа қылып тағынғаны сен едің.

Ғұмырым  боп бірге тудың – сенерім,

Мен өзімнің аспанымда сөнемін.

 

Сен мен болып ғұмыр кеше бересің,

Мен бұл туыс топыраққа енемін.

Ал, әзірше жүрегімде түнетіп,

Тербетейін, тағдырласым, Өлеңім!

Ұйықтай ғой, Өлеңім...

 

 

Көз жасымнан тамып кетті бір түйін...

 


Жайсыз хабар неге жақын Жерге тым?

Босағама түнемепті бекер мұң.

Көрікті еді,

Көркем еді келбетім,

Күн нұрындай күлкісімен Әкемнің.

 

Ерте күннен ерке қылық – серігім,

Ал, бүгінде көңіл – қапа,

жанар – мұң.

Сұлу еді,

Сәнді еді өмірім,

Сабыр тұнған жанарымен Анамның.

 

Келбетімді ұрлап алды күндерім,

Сұлу өмір суық тартып барады.

Алтын тірек жан әкемдей кім менің?

Алтын жүрек анамдай кім болады?

 

Көкейімде кіреукесіз күн қалған,

Бала ниет жел тиместен жетілген.

Бүгін енді «жетімсің» деп сұм жалған,

Бедерімді тартып алды бетімнен.

 

Көз жасымнан тамып кетті бір түйін:

Қайғы маған көрсетсе де қылышын

Көңілімнің көзәйнегін сүртейін,

Күлкіме кеп қонақташы күміс үн!

 

Маңдайыма, мейлі, шаттық айналса,

Тағдырыма қонсын, мейлі, мұң - күйші.

Сұлу өлең, ой – санамда сайран сал, 

Сұлу өмір, маңдайымнан бір сүйші.




* * *

 


Төңіректің тани алмай түр түсін,

Отырамын...

Көңілімді күл етіп...

Түн – Қыздардың күмбірлеген күлкісін,

Жұлдыздардың жанарына түнетіп.

 

...Көрейінші...

Көктен түскен жай болсаң,

Сойқан ба едің соқтығуға сай келген.

Жапырақтың жанарына айналсам,

Топырақтың тозаңы боп сөйлер ме ең?

 

Қылышсың ба?

Қанжардайын кектесем,

Дұрыссың ба?: сені сүйген жанармен

қайың болып

көкірегіңде көктесем,

Айым болып аспаныма қонар ма ең?

 

Қапияда Қанжар - тілден жеңіліп,

Қайратыңды танытпасаң, саған мін.

Тұмар қыздың тағдыры боп өріліп,

Бір аңыздың кейіпкері болармын...

 

Сен -  Сенім мен алынбас Ой қамалы,

Мен - керілген кең даланың Құланы...

Ерліктің де,

елдіктің де Жанары - 

селкеуі жоқ сезімдердің тұрағы.

 

...Өмір – парақ,

Өкінішті ұмытып, 

Өлең болып оятайын таңдағы.

Қабағыңда қатқан қарды

Жібітіп,

Жанарыңда қалғып кетсем болғаны...  

 


* * *


 

Бұл белгісіз мекенге қалай келгем?..

...Жүректерден жасанды арай көргем,

Аспансыған пенделер жерде жүріп,

Аспандаған атағын қолай көрген.

 

Тағдырлар ұстай алмай түзу Басын,

Туыс қып Жалғандықтың

Зымиянын

Бақыттарын байқасам

қызыл – жасыл,

құрап алған дәнегі дүнияның.

 

Күз сайын көлкілдеген күнәлармен,

Қыс келсе

Қар жасырып бетін әрең.

Жаз көше алмай кешіксе,

Ұға алар ма ең?

...қозыдай маңырар да, отығар ең...

 

Әр ізім – жарықтағы Жарылысым,

Парызым – Таңға айналып тұрақ табам.

...Бір Жанның жүректегі Әні үшін.

Бұл мекен  Жұмақ маған...

Жұмақ маған...

 

 

Қар және Мен...

 


Қар және Мен...

Екеуміз...

Екі әлем...Бір  өмір...

Бір жаралған екенбіз,

Тағдырымыз –

Біле жүр!

 

Көктен айтып көп Сәлем,

Кірпігіме қонады.

Мен де қонақ...

Жоқ дәрмен –

Ол да Жердің қонағы.

 

Жалғыз тұрмын...

Қар аппақ,

Ұлпа...

Мамық...

Бордай – ақ.

Қолыма бір қонақтап,

Еріп кеткен қарды аяп...

 

Жапырақсыз...

Желексіз...

Жауса –

орманды Ол бояп...

...Таусылмаңыз, Терек, Сіз,

Тек көңілім қардай Ақ...

 

Қар және Мен – Жарасым!

Тоғыстырар  Таңдар көп.

Алақаныңда, Алашым,

еріп кетсем – Арман жоқ!

 


* * *

 


Ұйқының жайын ұқпаппын - 

Сездім...

Арайланып таң атқанда.

Күйсандығы сенсің – көңілдегі көздің.

...Таң жылдам соғар сағаттан да...

 

Сен – ормансың.

Ешкім кіре алмайтын,

Менің де батылым жетпеген.

Келеді деп күнде Күн алдайтын,

Түнде Ай...

Түсімнен кетпеген.

 

Мен сені қырдан да тосамын,

Самал боп, бетімнен өбеді ме деп.

Әуезді әніме қосамын,

Сіңіп кеткен соң өлеңіме кеп.

 

Алла сені жібергенде маған -

Жан дүниеме жарық қонсын деген шығар.

Мүмкін, ол сәуле – мәңгілік ғалам -

Бір жол ғана өлең шығар...

 


 

Мен  Намыспын

 


Жүрегі – жұмсақ, білегі – құрыш,

Жетімге қорған, дұшпанға  қылыш.

Жақсыға   серік, адалға туыс –

Қазаққа біткен Намыспын.

 

Ақ найзасына Батырларымның,

Ақ жүрегіне Ақындарымның.

Ақ маңдайына мәрт Ұлдарымның,

Жазылып туған Намыспын.

 

Ақ жаулығына Аналарымның,

Бал тілегіне Балаларымның,

Дара ісіне Даналарымның –

Дала дарытқан Намыспын.

 

Һас Сақтың дарқан даласындағы,

Тарихтың жүрек жарасындағы,

Атырау – Алтай арасындағы –

Айбыны асқақ Намыспын.

 

Би төрелігі теріс болмайтын,

Жұлқынған жауды кешіре алмайтын,

Өлтіре алмайтын,

Өшіре алмайтын,

Мен –  Намыс деген Қазақпын! 




«Қиналып, құрастырып жазған өлеңдер көрініп тұрады»

3cf00141c2b42ef3ff9e51d21f4d6806.jpg


Бұл қыздың ақынжандылығы мен жанының тазалығына шүбәм жоқ. Өлеңдеріне пікір білдіру керек болған соң, мұқият оқып шықтым. Қанша жерден шаттанып, шалықтасақ та, не жазып отырғанымызды тым құрығанда өзіміз білуіміз керек шығар.

«Мен сенің, білем, қисық Қабырғаңмын,

Ал, менің түзу Жолым – Сен ғанасың»,


«Көз жасымнан тамып кетті бір түйін:

Қайғы маған көрсетсе де қылышын»,


«Қылышсың ба? 

Қанжардайын кектесем,

Дұрыссың ба?: сені сүйген жанармен 

қайың болып көкірегіңде көктесем, 

Айым болып аспаныма қонар ма ең?», 


«Күз сайын көлкілдеген күнәлармен,

Қыс келсе Қар жасырып бетін әрең. 

Жаз көше алмай кешіксе,Ұға алар ма ең?

...қозыдай маңырар да, отығар ең...», 


«Ұйқының жайын ұқпаппын – Сездім...

Арайланып таң атқанда. 

Күйсандығы сенсің – көңілдегі көздің....

Таң жылдам соғар сағаттан да...»,


«Біздер жайлы не деп кетті ел осы?

Бізге арналар көп әңгіме келесі.

Айта берсін!

Тербетеді тек сені, 

Менің қою түндерімнің төресі», 


«Сен мен болып ғұмыр кеше бересің,

Мен бұл туыс топыраққа енемін.» – секілді тұтас шумақтарды оқығанда қиналып кеттім. Жеке тіркестерді айтып отырғам жоқ. Ұйқас мінін де теріп отырғам жоқ.


Мені кешіріңіздерші... «Өлең деген таудың басынан сарқырап ағып жатқан бұлақтай таза, кедергісіз, мінсіз құйылуы керек», –дейтін менің ұлы ұстазым... Дұрыс түсініңіз, бұл өлеңді техникамен жазу деген сөз емес. Жақсы өлеңді оқып келе жатқанда көз де, көңіл де сүрінбеуі керек қой. Қиналып, құрастырып жазған өлеңдер көрініп тұрады. Сүйініш, күйінішіңді əлекей-жүлекей сөздермен əспеттемей жай ғана жүрегіңмен жеткізіп көрші... Сол сенімді, сол көркем болатын шығар.

Бір разы болғаным – азаматтық позициясы дұрыс, сезімтал, дүниені тануға ұмтылысы барлығы. Талапты жасқа тәңірім түйсік пен талғам сыйласын. Ізденуден кенде қылмасын. Жақсы жырлар күтемін және сенемін!


Әлия Дәулетбаева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар