Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Алашым - мақтанышым...

12.12.2017 13973

Алашым - мақтанышым

Алашым - мақтанышым - adebiportal.kz

Бiз құл болып тұра алмаймыз.

Бiз ұлт-азаттығымызды аламыз.

М.Шоқай

«Алаш» сөзі көне заманнан көне түркі тіліндегі «бауырластар», «қандастар» ұғымын білдіреді. Туыс елдердің өзара жылы қарым-қатынасы мен гендерлік ерекшелігі осы «алаш» сөзінен бастау алса керек. Тіпті, ХVІ ғасырдың дүлдүлі Бұқар Қалқаманұлы да өз толғауларында «Атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алады. Ал «Алаш азаматы» деп атауы қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді.

Аталмыш атауды ту етіп, жүрегіне жалау етіп, өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қаншама тұғыры биік тұлғалар күресті. Күресіп қана қоймай, сол жолда құрбан болып кетті. Олардың өмірлік ұстанымы-қалай да қазақ елін тығырықтан шығару, дамыған шет елдері сияқты дамыған мемлекеттер қатарына енгізу болды. «Маса» болып елді оятып, «Ара» болып халықтың ұлттық намысын шағып оятуды аңсады. Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды зиялы қауым өкілдерінің есімдері «Алаш» сөзімен қоса айтылады. Өйткені бұл тұлғалардың ерен еңбегі, қайраткерлік жолы тарихтың әр беттерінде жазулы. Репрессия нәубетінен көптеген Алаш қайраткерлердің жандары қыршынынан қиылды. Ия, өз еліне деген асқан махаббатының «зардабын» олар мұздай абақтыларда тартып, шолақ саясаттың мылтығының нысанына айналып атылып кете барды...

Біз қазір дәл сол алаштықтар аңсаған өркениетті мемлекетте өмір сүріп келеміз. Тарих пен әдебиет, мәдениет саласы бұл кісілердің ұрандарын, еңбектерін өскелең ұрпақ санасына сіңіріп келеді десек артық айтқандық емес. Биыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығы үлкен көлемде аталып өтті. Алашорда үкіметінің негізін қалаған және керегесін мықтап орнатуға атсалысқан қайраткелердің әрбір ісі еске алынды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде алаш арыстарының аруақтарын еске алып, түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар өткізілді.

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы - тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. ХХ ғасырдың басында зиялы тұлғалар қазақтың тілі мен мәдениеті Кеңес Одағы саясатының салдарынан бұғауланып, тұншығып жатқанын сезген болатын. Сондықтан да олар жан-жақтан идеялары үндес адамдарды жинап, бір ортаға жинала бастады. Қазақ баласы ұлт ретінде дербес әрекет етсе, көптеген жаңашылдықты қабылдай алатын, өз қолы аузына жететіндей қауқары бар екенін ұқты. Бұл ұлы идеялар кеңестік идеялогия тарапынан қысым көргенімен, қазақ халқының осылай үлкен ойларды іске асыра алатыныны таң қалдырғаны рас. Елін сүйген нағыз елжанды азаматтар сол ғасырда өте көп болғанын аңғаруға болады.

Алаш қайраткерлерінің ұлы идеялары олардың санасында, үлкен жүрегінде сақталып келді. Тіпті бүгіндері алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде деуге болады. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты - ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі - тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек. Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп атап көрсеткен болатын.

«Дала ақсүйектері» деп Елбасы сипаттаған алашордалық тұлғалардың еліміз үшін атқарған еңбектері орасан зор. Солардың ішінде Мұстафа Шоқайдың еңбегін атап өтпеске болмайды. Алаш қозғалысының төл перзенті Мұстафа тек қазақ халқының ғана емес, өзбек және басқа да түрік халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. Білімін Ресейдің беделді оқу орындарында шыңдаған тұлғаның дүниетанымы тың, ерекше болатын. 1914 жылдың көктемінде Мұстафа Петербургте оқып жүрген түркі жастарының бастарын қосып, патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады. Аталмыш үндеу Мұстафаның саяси қозғалысқа біржолата тартылуының, ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер қатарынан берік орын алғандығын көрсетеді. Мұстафа Шоқайдың ойын ашық айта білетін қасиеті мен мықты жігері көптеген жастарға үлгі бола алатыны сөзсіз.

Елбасының «Рухани жаңғыру» идеялогиясының төл ұғымын ХХ ғасырдың басында Алаш қайраткерлері алғаш рет алып келді. Батыстық ғылым мен ілімнің, мәдениеттің бір кезеңде алдыңғы қатарға шығып, ұлттың жаңғыру дәуірі басталған еді. Өйткені қазақ халқына Ұлы Абайды таныстырған да дәл осы Алаш зиялылары болатын. Елінің тәуелсізідігі мен азаттығы жолында алаштықтар өздері іздене отырып, қазақтың тіл, әдебиет,ғылым-білім, мәдениет салаларының дамуына да сүбелі үлес қосты. Алаштың Әлиханы-фольклоршы, саясаткер, Ілиясы-қазақ тіл білімінің атасы, Мағжаны- түрікшілдігі, сыршыл ақын, Міржақыбы-тұңғыш романының авторы ретінде танымалдығы артты. Алаш қайраткерлері шығармашылығының негізінде халықты бірлікке шақыра алды, елін еркіндікке сендіре алды. Бұл нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны еді.

Әлихан Бөкейханов- «Алаш» партиясының негізін қалаушы қайраткерлердің бірегейі. Ол алғаш рет демократиялық жолмен екінші съезде сайлауға түсіп, қазақ автономиясын жариялады, халық кеңесін сайлады. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлиханның қазақ халқына жасаған еңбектері орасан. Атақты билеуші Шыңғысханның тікелей ұрпағы болып саналатын оның қанында хан-төрелік әу бастан болғанын білдіреді. Әлихан да білімін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында шыңдап, экономика факультетін аяқтап келеді. Экономист Әлихан өз білімін саяси үлкен істерге бағыттайды. Омбы қаласында мықты көсем, саясаткер атанады. Атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырған да дәл осы Әлихан Бөкейханов еді. Тұңғыш Қазақ Республикасының төрағасы (президенті) сайланды. Қазақ ауыз әдебиетінің зерттелуі мен жиналуына, хаттың бетіне түсуіне ат салысқан Әлиханды фольклортанушы ғалым ретінде бағалап жүрміз. Батырлық эпос «Қобыланды батырдың» кейпкерлерін жан-жақты талдаған алғашқы зерттеуші. Ол «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысып, тіл саласына да өз үлесін қосты.

ХХ ғасырдың басында жазба әдебиетіміздің өкілдеріне Алаш қозғалысы қатты әсер етті. Тіпті кітап, баспасөз саласы дәл осы тұста қарыштап дамып, жазба әдебиеттің дамуына негіз болды. Алаш қайраткерлерінің бастамасымен ашылған «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті сынды баспалар көркем проза, драма, әдеби сын үлгілерін қалыптастырды. Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Проза саласында М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» атты тұңғыш романды алып келсе, поэзия жанрында сыршылдығымен ерекшеленген М.Жұмабаев «Орал тауы», «Қазақ тілі», «Түркістан», «Түркістан», «Сүй, жан сәулем» туындыларын дүниеге келтірді. Дарынды лингвист А.Байтұрсынұлы «Әдебиет энциклопедиясы», «Тіл – құрал» атты ғылыми зерттеулерінде қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйеледі.

Алаш арыстарының қазақ халқы үшін жасаған, жанын пида еткен ерліктері мен еңбектерін санап жеткізу мүмкін емес. 1937-1938 жж Патша үкіметінің саясаты Алаш Орда қайраткерлерін бірінен соң бірін түрмеге тоғытып, азаппен жандарын қиды. Тек қана алашордалық Мұстафа Шоқай ғана Түркия арқылы Еуропаға эмиграция жасап, қалған ғұмырын шет мемлекеттерде өткізуге мәжбүр болды. «Бас-басына би болған» қазақтарды бір тудың астына жинау арманымен Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Дулатов, А.Байтұрсынұлы т.б. тұлғалар 1938 жылы «ұлт жауы» ретінде атылып кете барды. Ресейдің отарлау саясаты жазалау шараларынан бастап, түрлі құйтұрқы заңдар арқылы қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін іс-әрекеттерге дейін барып, ұлттық мемлекеттілік институтының кез келген көрінісін жоюға тырысты. Алаштықтардың көзін жойғанымен артынан қаншама еңбектері мен шығармалары қалды. Біз келешек ұрпаққа сол туындыларды оқыту арқылы ұлттық рухты санасында қалыптастыруымыз өте қажет. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айын­дағы оқиғаға 100 жыл толады.

Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті. Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді. Бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді.» деген құнды пікірлері біздің рухани жағынан жаңғыруымызға Алаш қозғалысы мен ұлы тұлғалардың әрбір ісі, ақтық қаны, ел үшін соққан риясыз жүрегі дәлел болады деп ойлаймын. Сондықтан да Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбеуіміз қажет.

Майра Мырзахметова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар