Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Жамбыл мұрасын түркі әлеміне танытқан қаламгер арн...

11.01.2018 5217

Жамбыл мұрасын түркі әлеміне танытқан қаламгер арнайы сыйлыққа ие болды

Жамбыл мұрасын түркі әлеміне танытқан қаламгер арнайы сыйлыққа ие болды - adebiportal.kz

ҚазАқпарат тілшісінің хабарлауынша, Қазақстанның Түркиядағы Елшілік қызметкері, жазушы Мәлік Отарбаев халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері атанды.

Жас дипломат Мәлік Отарбаевқа Халықаралық Жамбыл сыйлығын табыс ету туралы шешімді Жамбыл Жабаев атындағы атындағы қордың төралқасы шығарған. Өйткені, Мәлік Отарбаев шығармаларын түрік, қазақ тілдерінде жазып қана қоймай, қазақ ақын-жазушыларын түркі әлеміне танытып келеді. Аталған сыйлық пен төсбелгі Жамбыл өлеңдері мен ол туралы мақалаларды түрік тіліне аударып, танытқаны үшін беріліп отыр.

Мәлік Отарбаев 2014-2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ-дағы өкілі қызметін атқарған 2016 жылдың сәуір айынан бастап, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде дипломатиялық қызметке кірісті.

Ол түрік тіліне «Сүйінбай Аронұлы» өлеңдер мен эссе жинағын, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романын, Н.Оразалиннің «Қоздағы шоқ» жыр кітабы мен Т.Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» кітабын, Ұ.Есдәулеттің «Жырлар» өлеңдер кітабы мен Р.Отарбаевтың «Ақ көбелектер» әңгімелер жинағын, Н.Ораздың «Адасқан жұлдыз» атты пьесасы мен шығармаларын, Т.Нұрмағамбетовтың «Біз - түріктерміз» пьесасын, А.Кемелбаеваның «Мың тасбақа» пьесасы мен Ғ.Мұтановтың «Уақыттың рухымен сырласу» поэтикалық эссе жинағын түрік тіліне аударған.

Қазақ жазушыларының шығармаларын қамтыған «Хүзүн Кушағы» (Сырлас буын) атты әңгімелер антологиясын аударып, түркі тілінде бастырған.

Қазақ тіліне Юнус Әмренің 100 өлеңі кітабы, Х.Танердің «Қызғаншақ кісінің қу әйелі» шығармалар жинағы, С.Пашазаде Сезаи, О.Сейфеттин, Р.Халит Карай, Р.Нұри Гүнтекин, Р.Ылгаз, К.Кондук, Х.Танер, М.Изгю, М.Кутлуның әңгімелерін аударған. Бұдан бөлек, «Сүйінбай Аронұлы» өлеңдер және эсселер жинағын, «Хүзүн Кушағы» (Сырлас буын) атты әңгімелер антологиясын, «О.Сүлейменовтің 10 түркі тілдеріндегі жырлары» өлеңдер жинағын, «Сана сәулетшісі» мақала мен зерттеулер жинағын, «Сәулелі сөздің шуағы» мақалалар жинағын құрастырып, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романын, «Т.Әбдіктің өмірбаяны мен әңгімелер жинағын», С.Елубайдың «Ақ боз үй» романын, М.Байғұттың «Дауыстың түсі» әңгімелер жинағын, Б.Нұржекеұлының «Бір өкініш, бір үміт» романын, А.Аширидің «Идикут» романын, Н.Қапалбекұлының «Құс қанаты» әңгімелер жинағын редакциялап, баспаға ұсынды.

Түрік тілінде жазған көркем әңгімелері шетелдік және республикалық баспасөз беттерінде жарық көрді. Әзербайжан, орыс, қырғыз тілдеріне аударылды. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен жарық көрген «Казахстан-Россия: литературный альманах» атты жинаққа «Бүржарған» атты әңгімесі енді (2016 ж.). Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, басқарма мүшесі және хатшысы. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. «Ақ Жайық» журналының Ж.Нәжімеденов атындағы сыйлықтың және «Жалын» журналының Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың иегері.

Қазақ ақыны С.Аронұлының 200 жылдық мерейтойлық медалімен, қырғыз композиторы Ж.Шералиевтің 100 жылдық естелік медалімен, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойлық медалімен, «Қазақстан-Түркия достығы» медалімен марапатталған. Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Айта кетейік, 2017 жылдың 20-24 қараша күндері Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында әрі «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы Махамбет атындағы драмалық театры Түркияның Анкара, Малатия қаласында және Қахраманмараш провинциясы Афшин муниципалитетінде Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» спектаклін сахналады.

inform.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар