Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мақпал МЫСА. ШОҒАН АБЫЗ

18.01.2018 1708

Мақпал МЫСА. ШОҒАН АБЫЗ

(Поэма)

2017 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры ұйымдастырған

"Алтын тобылғы" әдеби жүлдесінің "Туған ел" номинанациясы бойынша Бас жүлдесін алған шығарма.

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,

Бұл үйректей болыңыз.

Судан суға шүйгумен

Көлден көлге қоныңыз.

Байлар ұғлы шоралар

Бас қосыпты десін де.

Маң маң басып жүріңіз,

Байсалды үйге түсіңіз.

Айнала алмай ат өлсін,

Айыра алмай жат өлсін.

Жат бойынан түңілсін,

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!

Бұхар жырау

Ерлігім – батыл елдікте,

Көңілім – далам, кеңдікте.

Ел болып өсіп өркендер

Сыйластық – тату бірлікте.

Шоған абыз

Қазақ тарихында қазақтар ұялатын ештеңе жоқ.

Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев

-1-

Бірі еді Бахадүрдің о да нағыз,

Байқасақ аз қалмапты одан аңыз.

Алаштың баласына аға болған,

Атыңнан айналайын,

Шоған абыз!

Тірліктің шыққан кезде сағымы алдан,

Ол дағы жаралыпты бағы бардан.

Затыңды ұмытпайды

қалың қазақ,

Атыңды ұмытпайды қалың албан.

Сақадай сапар басы сай тұрғасын,

Бұл қазақ әспеттемес қай тұлғасын?

Ежелгі хандық дәуір сөз болғанда,

Би,

шешен,

абыз неге айтылмасын?!

Өткенге ескі сүрлеу тартады алдан,

Нар едің ағайынға арқа болған.

Ұрандап әруағыңды шақырады,

Ат қосса аламанға алқалы албан.

Жырменен маржан ойдың затын тіздім,

Жаттайтын кезіміз ғой атын біздің.

Рухы Досбол,

Мөңке,

Бөлтіріктің,

Аузына сөз саларсың ақын қыздың!

Тұрғанда төбемізде

ай, күн аман,

Жыр іздеп су ішпедім қай тұмадан?

«Түбі бір түгел сөздің», – дегенменен,

Бәрінің түп атасы – Майқы бабам.

Жұт көрген сонау жылы жұтаң дала,

Пенденің мәңгі іздейтін құты – Аллада!

Салайын қара жолға қара өлеңді,

Бата бер,

Бекет ата,

Бұхар баба!

Тарихтың тұңғиығын кешем қалай,

Бұл да бір дәурен шығар десем қалай?

«Түу баста Абылайды хан көтерген –

Көсемі Қарауылдың шешен Қанай».

Мағжандай ұсынбаққа жырдың гүлін,

Тұнықтың тұмасына тұндым, Күнім!

Алқалы үш арыстың абыздары -

Баршаңмен мәслихат құрдым бүгін.

Артқандай ұрпаққа үміт,

биге сенім,

Әйтеуір күмбір-күмбір күй кешемін.

Шоғандай абыз ата жейдесінің

Үзіліп жерге түскен түймесі едім.

Көңілім көкжиекті шолады кеп,

Көктемнің көк гүлдері солады көп.

Суының тоғаны жоқ бұл заманның

Сөз бастар топ алдында Шоғаны жоқ.

Бір әуен басталады кешке мұңды,

Ойлаймын өшкенімді,

өскенімді.

Басында Алатаудың ала құйын,

Басынан Қаратаудың көш көрінді.

Атқанда Хан Тәңірдің ала таңы,

Бауырында күнге ұмтылған балапаны.

Өзегін жарып шыққан өлеңімнің

Заманның Шоған абыз - нар атаны!

Ойыммен шарлағанда даламды мың,

Сарғайтар сағыныштан санамды мұң.

Айналған рулы елге сол бабамның

Арманын ақтарайын саған бүгін.

Көңілден күн туса да қайғы кеткен,

Ұрпағың жапырағын жайды көппен.

Тамырын терең жайған Шоған абыз

Тараған әруақ қонған Бәйдібектен.

Куә бол,

күміс Күнім,

асыл Айым,

Алдыңда қай сырымды жасырайын?

Абыздың ұрпағы боп топқа түстім,

Жырымды Тәңір таудан асырайын!

-2-

Шежіресінен шер тұнған,

Бауырында ел туған,

Даладағы дара жыр,

Ерттеулі атқа ер тұрман.

Арда мекен,

ақ мекен,

Басымдағы бақ па екен?

Баһадүрлер,

батырлар

Жазып кеткен хат па екен?

Хас дұшпанға айбары,

Бабалардың байрағы.

Шоған сайды көргенде,

Көзім шоқтай жайнады.

Мұраңыз бар қанымда,

Жыр аңыз бар жанымда.

Ескірмеген ескі сөз

Жаңғырады жадымда.

***

Шоған абыз түс көріпті,

түсінде,

Құс көріпті қасиетті пішінде.

Сонау көздің ұшында,

Хантәңірдің қыран самғар тұсында,

Ұмыттырып қайғы мен құсаңды,

Алтын қанат құс әлгі

Кеңістікті бетке алғандай бір жырақ,

Самғап бара жатады да құлдырап.

Жап-жарық қып атамекен аспанын,

Иығына кеп қонады қас қағым.

Мынау дала самаладай жарқырап,

Тау өзені ағып жатты арқырап.

- Иығыма құс кие боп қонып тұр,

Ұрпағымды ұлағатқа жолықтыр!

Кәлимасын қайталады бабамыз,

Бұл Құдайдың құдіретіне қараңыз.

Қараңғыны жарып өтті осы құс,

Айналаны жарық етті осы құс.

Байлапты атам әлгі құстың мойнына

Туған жердің топырағын қос уыс.

Енді бізге осы аңыздан жай ұққыз,

Хантәңірден әрі самғап ғайып құс.

Елді тастап,

ерді тастап көшеді,

Көк аспанға сіңіп кеткен деседі.

- Бісміллә,

бісміллә,

бісміллә,

ой Аллам!

Сонда менің абыз атам оянған.

Оянғанда түсін оңға жорыпты,

- Сәтін салса қызыр бізге жолықты.

Тіршіліктің күтіп тұрып нұр таңын,

Көкке самғап ұшады екен ұрпағым.

Түс жорыпты өз-өзімен жарасып,

Мәртебесі елдің көктен әрі асып,

Қияметтен құтыламыз көп күнгі,

ҚАЗАҚ деген ел боламыз деп тұрды.

Сол бір елдің мәңгі бақи ғұмыры,

Таудан биік болады екен тұғыры.

Енді бүгін білесің,

Сол тілекке далам сай.

Сырыңды ішке бүгесің,

Қасиетті Шоған сай!

Сол бір түстен сыр ұққыр,

Ұрпақ жолды жалғады.

Шоғансайда тұнып тұр,

АБЫЗДЫҢ АҚ АРМАНЫ!

-3-

Көрген бабам жазын,

күзін,

қысын да,

Сағым күндер сонау көздің ұшында.

Данагөй би Шоған абыз өтіпті,

Елге әйгілі Есім ханның тұсында.

Сол абыздың талай тыңдап кеңесін,

Сан биліктің алған дейді белесін.

Тұрсын ханның басын алған тарихта,

Еңсегей бойлы ер Есім.

Елес күндер құс боп көкте самғап жүр,

Үмітімнің үзік жырын жалғап жүр.

Санамызға сәуле құйып кетіпті,

Марғасқадай жырауыңнан қалған жыр:

«Ей, Қатағанның хан Тұрсын,

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірісіп жатырсың.

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалы жеткен пақырсың!

Еңсегей бойлы ер Есім,

Есігіңе келіп тұр.

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды!»

Маңдайының соры болған бес елі,

Біздің халық «тар жол тайғақ кешеді».

Еңіресе жасқа толып етегі,

Ел тағдырын кімдер қалай кешеді?

Абыз Шоған бар қазақтың данасы,

Ақыл ойдың содан тарар сарасы.

Біледі оны Шыршық,

Бозсу,

Қазығұрт,

Іле менен сұлу Сырдың арасы.

Бақыт бар ма қатарыңнан озғаннан,

Заман көші ұлы ойлармен қозғалған.

Тәшкен,

Шымған,

Түркістанның жұртында,

Шоған абыз айтты деген сөз қалған:

«Елдің бірлігі – жаныңнан,

Кек қызуы – қаныңнан.

Қанымды да, жанымды да,

Өзгенің өлең жеріне тастағым жоқ.

Ерлігімді, елдігімді тапсырдым,

Кеңдігімді ұлан далама тапсырдым.

Екеуі де – туым,

Қазақ жүрген жерім – нуым.

Аңырдым деп арманымызды жоғалтпайық,

Ауырдым деп әруағымызды жоғалтпайық.

Көрген күн – түс, өтеді де кетеді,

Басқа түскен іс, түбіңе сол жетеді.»

Шоған абыз ай таңбалы ұлы есім,

Көңілінің сыйлап өткен күнесін.

Қасым ханның қасқа жолын білесің,

Есім ханның ескі жолын білесің.

Арманының оты жанып көзінде,

Арналы бір ағыс бардай сөзінде.

Тәуекел хан билік құрған кезінде,

Есім ханның хандық құрған кезінде.

Сол күндердің бізге жеткен дерегі,

Өрендері ойлар айтқан өрелі.

Дос Мұхаммед,

Жиенбет пен Монтай би

Шоған абыз кеңес құрған келелі.

Көңіліне көктем сыйлап көп елдің,

Ұрпағыңмен өркен жайып көгердің.

Өз еліңде Шоған абыз атанып,

Өзегінде қалып кеттің Өлеңнің.

Білсін ұрпақ,

атыңды айтсын,

сезінсін,

Сен дегенде көңіл қайдан көз ілсін?

Тәуекелдің тәуке түсер сақасы,

Есім ханның есті абызы өзіңсің!

Ақ күндерді болжай алған алдағы,

Жақсылардың жанындағы сардары.

Есім ханның ескі жолы – өнеге,

Шоған абыз – соның ұлы тармағы.

-4-

Мәмбетті Шоған абыз бағып өткен,

Мәмбеттен төмен қарай алжан тарап,

Жайылып құйрығы мен жалы кеткен.

Алжаннан Райымбек батыр шығып,

Қақ бөліп қара суды жарып өткен.

Атаның әруағынан айналайын,

Ұраны көңілімді жарық еткен..

Көдек Байшығанұлы

Жаугершілік заманда,

Бұхар асқан Айт,

Бозым,

Аяқ қолың аманда,

Туған елге қайт, қозым.

Ойлар келіп қамаған,

Қашырады ұйқымды.

Сүймендіден тараған,

Ұлдар еді сүйкімді.

Басқа мұндай күн келсе,

Теңдігің бар тегіңде.

«Сұлтан болып жүргенше,

Ұлтан боп өл еліңде!»

Жүрек талай ауырды,

Абыз талай шыдады.

Бұхар асқан бауырды

Іздеп жолға шығады.

Заманның тұрған кезде жұтап әні,

Көңілінің толқып бір сәт құт аралы.

Айт пенен Бозымды іздеп қайран абыз

Бетке алып шыққан дейді Бұхараны.

Жолыңа күндер емес гүл егетін,

Заманның қас қабағы түнеретін.

Өзбектен пана іздеген Айт,

Бозымды

Олардың ойлары жоқ жіберетін.

Тарихтың шардағанда толған ізін,

Шежіре баяндасым,

ол дағы ұзын.

Өзбектің өрелісін жиып алып,

Толғап бір кеткен дейді сонда абызың:

«Әркімнің туған жері – Мысыр шахары,

Ерден кетсе де, елден кетпек жоқ.

Дүниеде туысқан қымбат,

Туысқан намысын қуысқан қымбат!

Туыстың өсіп өнуі жанынан,

Бір-біріне жақындық қанынан.

Қанымды да, жанымды да

Өзгенің өлең жері мен өгейлік ортасында қалдырғым жоқ.

Сен – туысымсың, жұмсам – уысымсың.

Мал-дүние іздеп арымызды сатпайық,

Ата баба әруағын сақтайық,

Елдің тұзын ақтайық!

Қане, ағайын, ел үмітін ақтайық!»

Осылай Шоған абыз толғанады,

Әрине, ол толғанса, жол болады.

Таң қалып тасқын ойдың толқынына,

Арбалып қалған дейді сонда бәрі.

Жиылған өзбек,

қазақ күнді құшып,

Тарапты жақсылықты жыр қылысып.

Бозымның өзбек өкіл әкесіне

Жауыпты иығына бұлғын ішік.

Абыздың қабыл етсе ниетін Алла,

Жақсылық кезігеді оты барға.

Бауырының керуен көшін өзі бастап,

Жүк артып қайтқан дейді жеті нарға.

Абызды: дана,

әулие,

шешен - дейді,

Көреген көш бастаған көсем дейді.

Ойласам сан тұңғиық кешем мейлі,

Есімі ел жадында еш өлмейді.

Ол жайлы талай ақын дерек айтқан,

Бөлтірік Атанұлы бөлек айтқан.

Әжібек,

Шарғын,

Қойдым,

Албан Асан,

Және де Байшығанның Көдегі айтқан.

Сан тарих бабам жайлы сыр айтады,

Қуантады,

жаныңды мұңайтады.

Өткенге өткел төсеп өлеңіммен,

Ал, бүгін мен айтпасам,

кім айтады?

***

Өнеге өмірінің өрісінде,

Келерсің үнсіз ғана келісімге.

Арымай бізге жеткен арғы жақтан,

Аңыз көп Шоған жайлы ел ішінде.

Сол аңыз қыран құстай самғап ұшқан,

Жанының жақсылығын жалғап ұшқан.

Ниетіңді берекелі белге түзеп,

Секілді жаралғандай ар-намыстан.

Ақ таңда арғымақты жаратсаңыз,

Саусағың жетпей қалар санатсаңыз.

Бірлік пен тірлігіңді түзе дейді,

Абыздың қай ісін де қаратсаңыз.

Білгенге Шоған абыз ердің ері,

Аңыздар соған бізді сендіреді.

Кешегі Үмбет,

Мәмбет әңгімесін

Ежелден жұрт сүйсініп ел біледі.

Жау шапса жапан түздер керіс күнде,

Болмаған асу белдер өріс кімге?

Абыздың осындай бір сапарында,

Жолыққан екі бала жол үстінде.

Талайдың таусылған кез күш амалы,

Қайғыны қара жолда құшады әлі...

Біреуі ұйқтап жатыр қос баланың

Қалы бар арқасында нысаналы.

Жүзінен қос өндірдің арай көріп,

Жүргендей сөзге тартты талай көріп.

Жүр екен бұл екеуі түсінгені –

Тәшкеннің өзбегіне малай болып.

Сүйрейтін ұрпақ шығар өрге мейлі,

Абызың толғатады,

термелейді:

- Аталап алдан шықсаң екеуіңді,

Әкетем жақын күнде елге, - дейді.

Мәмбетке мәз болады Үмбет еріп,

Көңілмен ай уыстап,

күн көтеріп.

Құдайдың құдіретіне шәгің бар ма,

Жіберер осындайда бірге теліп.

Осы да Жаратқанның қоштағаны,

Дәриға ай,

көңілімде қош болады.

Араға уақыт салмай Шоған абыз

Өзбекке іздеп келді қос баланы.

Аңыздан ақиқаттар тіріледі,

Қазақтың айтып өткен ірілері.

Абызды көре сала Мәмбет бала

Аталап алдан шыға жүгіреді.

Аңыздың бізге жеткен түбі нұсқа,

Салатын ештеңе жоқ бұрылысқа.

Толғанып абыз ата: «екі ұлымды,

Жоғалтып алғам дейді бір ұрыста».

Жан дәрмен жаныңызды жаншып еді,

Ақиқат санаңызды аршып еді.

- Сөзіңіз жалған, - дейді өзбек байы, -

Бұл - менің жалшым еді,

малшым еді...

- Өзгеден бөлек туған әлеміңіз,

Сіз абыз,

жоқ емессіз,

бар едіңіз.

Билердің талқысына салып барып,

Аларсыз болса нақты дәлеліңіз.

- Куәгер бұл сөзіме төңірегім,

Таба алмай жүрген жанмын көңіл емін.

Туғанда жауырынының оң жағында,

Бармақтай қалы барын көріп едім.

Тағдырдың тақсіретін тартады адам,

Жүр екен ортаңызда қалқам аман.

Мәмбетті осы тұста өзбектердің

Билері шақырады алқалаған.

Ол күндер бұлдырайды сағым болып,

Ататын арайлаған таңым болып.

- Сөз тәмам ! - депті сонда алқалы би,

Баланың арқадағы қалын көріп.

Ақиқат жатар бізге күнде естіліп,

Батуға таянғанда күн кешкіріп,

Мәмбет пенен Үмбетті серіктердің

Атына алып қайтқан мінгестіріп.

Алашқа абыз аты ардай қазақ,

Ардай қазақ болғасын нардай қазақ!

Мәмбеттен төмен қарай Алжан тарап,

Айналған рулы елге қандай ғажап!

-5-

Қазақтың қайран байтағы,

Өткеннен дерек айтады.

Көгілдір құсы көңілдің

Қанатын қағып қайтады.

Айдыны шалқар көл көрдім,

Асу да асу бел көрдім.

Жаңғырып жетті дауысы

Атойлап шапқан ерлердің.

Тұрғанда күнім күлімдеп,

Айтатын саған сырым көп.

Ұрандап кірген ұрысқа

Алжаннан шыққан Сырымбет!

Уа!

Олар да жұрттың құты еді,

Ұрпақтан өрлік күтеді.

Батырым дейді бар қазақ

Хангелді менен Түкені!

***

Іздеген қыздан ізет,

арай ұлдан,

Бата алған алыс-жақын ағайыннан.

Райымбек әруағына басымды идім,

Іленің қара суын қақ айырған.

Қолдаса ұрпағыңды Құдайым көп,

Қасыңа тұма болып тұнайын кеп.

Жыр әні мөлдіреген ұрпағыңның,

Ұраны – Райымбек!

Райымбек!

Сен жақтың бақытымның шырағын көп,

Қабылдар есіміңді ел ұраным деп.

Тұлғасы Тәңір таудың биігіндей,

Жыр басы – Райымбек!

Райымбек!

Ғұмыры небір ғажап сырға бөккен,

Төскейін туған жердің құндақ еткен.

Ұраным менің де енді Райымбек,

Мұзбалақ Мұқағали жырлап өткен:

«Ақыныңа, серіңе, батырыңа,

Туысыңа қимаған, жақыныңа,

Тұяғымен ор қазған тұлпарларың,

Тулап кетті жауыңның тақымында.

Нәлет айтып кеш кірген ақылыңа,

Ана сүтің аузыңа татыды ма?»

Күн өткен өзегінде тұнып қайғы,

Ұрпағың ұрандайды,

ұлықтайды.

Қасиетті қазақ жұрты аман тұрса,

Есімін ерлерінің ұмытпайды.

Алаштың ақ күн тусын алдарынан,

Аққу құс көкте самғар арманынан.

Хангелді,

Түке батыр,

Райымбек

Жаралған Шоған абыз әруағынан.

Жарқырап тұрған кезде самалаңыз,

Бізден де кейінгіге қалады аңыз.

Тарихын жазған кезде ҚАЗАҚ ЕЛІ –

Алтынмен әдіптелер Шоған абыз!

Жетеді осы жырым кімге қалай,

Бауырым,

сүйіп тұрсын іргең арай.

Қазақтың қасиетті қайран жұрты

Түзесін керуенін Күнге қарай!

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікірлер

Дүйсенбай Сығаев

20.01.2018 09:43
Жақсы жазылған дүние екен. Қазіргі заманда "абыз" сөзін қалай болса солай қолданып жүрміз,бұл дұрыс емес. Абыз деген атақты тек ғана рудан жоғары тайпалық (мемлекеттік) дәрежеде еңбек сіңірген тұлғаларға ғана, халықы берген. Онда да тегіс ел-жұрт,көршілес отырған басқа да рулардың көздері жеткенде. Оның сыртында абыздардың өзі бірнеше санаттардан тұратын болған,олардың мемлекет басқарудағы схемасын, ертедегі Үйсін мемлекеті қолданған,соның нәтижесінде 1200 жыл билік құрғанын тарих куәландырады. Байырғы бабаларымыздың бұл сөзе деген құрметінің ерекше болғаны соншалық, ілеуде брді-екілі тұлға ғана ие болған.Қазіргі заманда абыз деген атаудың құндылығы төмендегені соншалық,қатындардың өзін абыз дейтін дәрежеге жеттік.Ағайындар, Абыз сөзін абайлап қолданайық !
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар