Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Маша мен маймақ аю (орыс халық ертегісі)

25.01.2018 1447

Маша мен маймақ аю (орыс халық ертегісі)

Ерте-ерте ертеде, атай мен әжей өмір сүріпті. Олардың Маша атты кішкентай немересі болыпты. Бір күні құрбылары орманға жидек пен саңырауқұлақ жинауға бармақшы болып, Машаны шақыра келіпті.

-Ататай, әжетай – депті Маша, – құрбыларыммен бірге мен де орманға барайыншы!

Атай мен әжей сонда:

– Барсаң бара ғой, бірақ құрбыларыңнан қалып қойып, адасып кетіп жүрме. Абай бол! – деп ескертіпті.

Қыздар орманға жеткен соң, жидек, саңырауқұлақ тере бастайды. Маша да қалыспай, жидектен жидекке, саңырауқұлақтан саңырауқұлаққа қызыға ұмтылып тере беріпті. Сөйтіп жүріп құрбыларынан қалай алыстап кеткенін аңғармай қалыпты.

Ол айғайлап қыздарды шақыра бастайды. Қыздар естімейді. Олардың дауыстары да естілмейді.

Маша орманда жүре-жүре, мүлде адасады.

Ақыры ол орманның ит тұмсығы өтпейтін нағыз ортасына жетеді. Кенет орман алаңқайынан бір үйшік көреді. Маша үйшікке келіп ескті қағады. Ешкім жауап бермейді. Есікті итеріп қалғанда, ашылып кетеді.

Маша үйшікке кіріп, терезенің алдындағы орындыққа отырады. Отырады да: «Мұнда кім тұрады екен? Ешкім көрінбегені несі?...», - деп ойлапты.

Сөйтсе, бұл үйшікте бір үлкен аю тұрады екен. Оның күндіз орман аралап кеткен кезі болса керек. Кешке қарай үйшігіне оралған аю Машаны көріп қуанып кетеді.

– Әп, бәлем, – дейді аю, – енді сені жібермеспін! Менімен бірге тұратын боласың! Пеш жағасың, ботқа пісіресің, мені тамақтандырасың.

Маша мұңайып үндемейді. Үндегенде не істесін? Осылайша ол аюмен бірге үйшікте тұра бастайды.

Аю таңертең үйден шығып, күні бойы орманда болады. Кетерінде Машаға өзінің рұқсатынсыз үйшіктен аттап басуға болмайтынын ескертеді.

– Егер де кететін болсаң, – дейді, – сені бәрі бір тауып аламын да, жеп қоямын!

Маша аюдан қалай қашып құтылудың амалын іздейді. Айнала ну орман, қай бағытқа барарын, кімнен сұрарын білмейді...

Ақыры ойлап-ойлап амалын да тапты-ау. Бір күні аю орманнан келген соң Маша оған былай дейді:

– Аю, аю, мені ауылға бір күнге жіберші, атам мен әжеме сәлемдеме апарайын деп едім.

– Болмайды, – дейді аю, – сен орманда адасып кетесің. Сәлемдемеңді маған бер, өзім жеткізіп беремін!

Машаға да керегі осы еді! Ол көп қылып дәмді күлше пісіреді. Оны бір үлкен қорапқа салады да, аюға айтады:

– Қара, мінеки: күлшені қорапқа салып қойдым, осыны атам мен әжеме жеткізіп бер. Есіңде болсын, қорапты жолда ашпа, күлшеге қолыңды тигізбе! Мен биік еменнің басына шығып алып, сені бақылайтын боламын!

– Жарайды, – депті аю, – қорапты бер!

Маша сонда аюға:

– Жаңбыр жауып тұрған жоқ па екен, есік алдына шығып қарап келші! –депті. Аю есік алдына шыға бергенде, Маша жалма-жан қорапқа кіріп, күлше толы тегешті басына көтеріп отыра қалыпты.

Үйге кері оралған аю дайын тұрған қорапты көреді. Қорапты арқалап алып ауылға тартады.

Шыршаларды шиырлап, қайыңдарды қиырлап, ойпаң жермен құлдилап, тепсең жерге өрмелеп ұзақ жүреді. Жүре-жүре шаршаған аю былай дейді:

Отырайын түбірге,

Күлшелерді мен жеуге!

Сонда қораптағы Маша:

Көріп тұрмын бәрін де!

Отырма аю түбірге,

Күлшелерді сен жеме!

Жеткізіп бер, атама,

Жеткізіп бер, әжеме!-

дейді.

– Түу, көзі неткен өткір еді, – дейді аю, – алыстан бәрін көріп тұр!

Ол қорапты арқалап ары қарай аяңдайды. Жүре-жүре, тағы бір жерге аялдап, былай дейді:

Отырайын түбірге,

Күлшелерді мен жеуге!

Ал қораптағы Маша болса тағы да:

Көріп тұрмын бәрін де!

Отырма аю, түбірге,

Күлшелерді сен жеме!

Жеткізіп бер атама,

Жеткізіп бер әжеме!-

дейді.

Аю таң қалады:

– Қуын қарай гөр өзінің! Биікке шығып алып, бәрін көріп отыр!

Ол амалсыз орнынан қозғалып, жүрісін жылдамдатып ілгері қарай маймаңдай жөнеледі. Ақыры атай мен әжей тұратын ауылға да жетеді. Атайдың үйіне келіп қақпаны сындырып жіберердей тарсылдатып қаға бастайды.

– Тоқ-тоқ-тоқ! Ашыңдар есікті! Мен сендерге немерелерің Машадан сәлемдеме әкелдім!

Аю келгенін сезіп қалған ауыл иттері оған тұс-тұсынан арсылдай тап береді. Қорқып кеткен аю қорапты тастай салып, алды-артына қарамастан орманға қарай зытады.

Бұл кезде атай мен әжей де қақпаның алдына келген еді. Қақпаның ашып қараса, бір қорап тұр.

– Бұл не қорап болды екен ә? – дейді әжей.

Атай қораптың қақпағын ашып жібергенде, өз көзіне өзі сенбейді! Мәссаған, қорапта аман-сау, томпиып немересі Машатайы отыр екен. Атай мен әжей Машаны көргенде қуанғаннан күле беріпті, «ақылыңнан айналдық!» деп кезек-кезек құшақтап, сүйе беріпті.

Аударған Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікірлер

Алма

04.02.2018 10:00
Кімнің ертегісі болса да, ең бастысы жақсы аударылған.

Болат

26.01.2018 09:43
Қазақ ертегілерін жазып болып, орысқа көштіңдер ме?
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар