Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Құлтөлеу МҰҚАШ. ЖҰМАТАЙДЫҢ ӘУЕСТІГІ...

30.01.2018 4914

Құлтөлеу МҰҚАШ. ЖҰМАТАЙДЫҢ ӘУЕСТІГІ

Құлтөлеу МҰҚАШ.  ЖҰМАТАЙДЫҢ ӘУЕСТІГІ - adebiportal.kz

Жұматай зеріккен сәттерінде үнемі өткірлеп ұстайтын кездігімен түрлі аң-құстардың мүсіндерін ойып, өз-өзімен ыңылдап ән салып отырады екен.

Зайдаға бөлмесінде бұрқырап шышылып жататын қағаздарына, қаламына тигізбеген.

Өмірде өз қатарластарынан гөрі жастармен араласуды ұнатқан. Тазалыққа.. жастыққа іңкәрлігінен шығар...

Қайтыс болардан біраз бұрын зайыбына: «Мен үшін де... бәрі үшін кешір. Сені шаршаттым ғой. Бірақ бәрін өзіңнің мықтылығыңа сеніп жасадым!» десе керек.

Сол тұстарда ет те турап, ағаш та жонып, қарындаш та ұштап жүрген кездігін жоғалтып алғанда Зәкеңнің: «Кішкентай пышаққа да бола ренжисің бе! Басқасын сатып ал!» дегеніне қарамай қатты қапаланған. Сезімтал ақын оны үлкен сәтсіздікке жорыған-ау...

ЗЕҢГІР КӨКТЕН ЗЕР ТӨККЕН...

Жить просто – нелзья!

Жить – надо с увлечением.

С.П.Королев.

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем.

Бізге өлімнің, сірә, қолы жетер ме,

Мұқағали,

Төлегенге жетпеген?!.

Жұматай.

Ғарыш «пайғамбары» Королев пен поэзия жұлдызы Жұматай Жақыпбаевтың арасында ешбір байланыс жоқ секілденеді. Дегенмен, нақтылап қарасаңыз, нәсілдері де жас деңгейлері де, мамандықтары да әр түрлі осынау екі құбылыстың ұқсастығы бар!

Екеуі де жан-тәндерімен түпсіз кеңістікке, заңғар биіктікке құмартқан. Екеуі де даусыз дарын.

Кезінде ғалым Михаил Ребров Сергей Королев туралы: «...Табиғат оған даналық пен талант сыйлады. Алайда, талантты адам қиындыққа жиі кезігеді. Өйткені, дарын дегеніміз – мінез. Ал, бұл әркімге ығайлы бола бермейді. Осы өмірден-ақ көрініп тұр – өз ісіне неғұрлым қабілетті кісі келісімпаздыққа соғұрлым икемсіз және министрлік дәлізінде дәрменсіз» депті. Баяғыда сол Жұмағаңның үйіндегі Зайда жеңгеміз де: «Поэзияда асқақ, шоқтығы биік Жұмекең қарабайыр күйбең тіршілікпен бетпе-бет келгенде жеңіліс табатын. Онсыз да мұңы басым ақын жүрегі тез шайлығып, өктем тіршілік оған ешқашан да оң шырай бермейтін» деп жазған.

Әрине: «...Қайғы-мұң мойытпайды әсте мені, – дейтұғын ұлың да бір хас төре еді» деген Жұматай тірлігінде өз бағасын... зор дарынының бағасын білді. Сонда да былайша қарапайым, ашық көрінгенімен, алтын сарайдай жан әлеміне әркім-біркімнің сұғына еніп кетуіне жол бермеген күрделі... нағыз өнер адамдарына ғана тән кінәз мінезді жігіт еді...

Одан соң, әдетінше, сүреңсіз тірліктен тез жалыққанда түрлі ермек түрлерін ойлап тауып, бір мезгіл өзімен-өзі, оңаша қылап отыруды қалаған. Тек өзінің патша көңіліне ғана құл болған ол, жүген-құрық тимеген асаудайын, еркіндігіне де қылау шалдырмаған.

Әсілі, бұл туралы Жұматай ақынмен жиырма жылдай отасқан Зәкең жақсы айтады.

***

– Жастайынан салқын тау, самал бел ішінде ат жаратып, аламан бәйге қияпат көкпарға қатысып, баяғының сал-серілеріндей еркін жүріп-тұрған Жұмекең бұл әдетін өмірінің соңғы жылдарына дейін қоя алған жоқ.

Сөйткен Жұматайдың басты әуестігі – күй еді деуге болады. Таң атпай тұрып жеке бөлмеде домбырасын ақырын ғана күмбірлетіп отыратын сәттері жиі еді. Төрт күйі бар – «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай», «Жұматайдың жұпбасары»...

Тамақты өте дәмді пісіретін. Ақын-жазушы іні-қарындастары келгенде мейлінше ыждаһаттана қуырдақ қуырып беретін. Оны өзі әзілдеп «Әле Жұматай» деп атады. Сатыбалды Нарымбетовтен үйрендім дейтін аты «Дәмләма» ма... өзбектің бір тағамы бар еді. Оны да керемет жасайды. Менің: «Ер-азамат басыңмен қазан-ошаққа араласып жүргенің ұят емес пе? Мен-ақ пісіремін ғой...» дегеніме қарамайды. Бәрін өз қолымен атқаруды ұнататын.

***

Талантты адам ат баптаса да, тамақ пісірсе де, домбыраның тиегін жасаса да... барлығын аса жоғары деңгейде орындайды. Сонда оның басты дарыны болмыс үйлесімінде сияқты. Бірақ, ол Құдайдың берген жан-жақты қабілетін Әдебиет төңірегіне шоғарландырған. Сөз құдіретін өзінің терең жүрек тебіренісін шығарумен қатар, айналасындағы надан күштерден нәзік жанын қорғауға, емін-еркіндігін сақтауға пайдаланған.

Сұлулыққа, әсемдікке іңкәр ақын еркіндігінің бір көрінісі оның балалы-шағалы бола тұра көптеген аруларды аялауынан байқалады. Бұл да бір ерекше әуестік пе екен...

Осындайда еске түседі, сонау бір ертеректе Тайыр Жароковты қыздарға көз салды деп жиналысқа салып, партия қатарынан шығарғалы жатыр екен дейді. Осының үстінен шығып қалған Сәкен Сейфуллин: «Сендер қызықсыңдар ма! Бұл өзі Тайыр болса... өзі жас, өзі ақын болса, сонда қызбен жүрмегенде сайтанмен жүре ме бұл?!» деп құтқарып қалыпты. Сол айтқандай, ақынның ғашық жүрек сырын асыл жары, ақын Зайда Елғондинованың да жіті түсінгені іш жылытады.

***

– Әрине, Жұматайды сұлу қыз-келіншектерден қызғанбадым деп өтірік айта алмаймын. Бірақ жүрегім жырым-жырым бола жүре, онымды байқатпауға тырыстым. Біздің отбасылық ара-қатынасымыздың өзі қызық еді – бәлен жыл отасқан ерлі-зайыптылардай емес... көбіне сырлас, туысқан адамдардай болдық-ау деймін. Еркіндігіне бұғау салдырмаған, қысымды, қақпайлауды көтере алмайтын Жұмекең мамыр айы туа ел кезіп кететін еді. Содан алты ай жаз оралмайды. Анда-санда амандығын білдіріп хабарын беріп тұрады. Соған ризамыз...

Қыздардан қызғанбағаным – оның ғашық болуы да айрықша-тын. Сонша нәзік, тартымды... Әсер алу үшін, шабыттануға ғана керек ететін болар, өз көңіл-хошымен жүрсін, өмірін ұзағырақ сүрсін деген тілекпен жағдайын ұғуға ұмтылатынмын. Жұмекеңнің Ләйләға ғашық болуы баршаға белгілі...

Ләйлә да Жұматайды біршама күткендей...

Жұмекең еркіндігін қызғыштай қорығаны соншалықты, балалары ес білгенше үйдегі кабинетінің де есігіне ілгек салып жүрді. Кейде менен да оңашалықты қалайтын. Маған: «Зәке, сен жай әйел емессің ғой, түсінесің, керек емес кезде сөйлеспесем ренжіме, өз ойларыммен оңаша бола тұрайын» деуші еді.

Ал, алты ай қыста үйде болады. Шарапты да кілт тияды. Рахаттанып қаламыз ондайда... Үкіметтің де, кеңсенің де қыспағы мен тәртібіне көнбеген адам ғой, өмірінің ақырғы кездерінде ғана Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Қалдарбек Найманбаев ағалары Жазушылар одағынан кеңесшілік қызмет берді. Соны ғана «үлкен кісілерден ұят болар» деп бір жылдай тұрақтап істеді ғой.

Әлгіндей қыз-келіншектер, орыс-қазағы бар, Жұматай қайтыс болғанда қаптап келді. Олардың жылағанды менен де асырып жібергенін көргенде: «Япырай, мыналар менен де жақсы көрген-ау Жұмекеңді!» деп таңырқадым.

***

Жұматай зеріккен сәттерінде үнемі өткірлеп ұстайтын кездігімен түрлі аң-құстардың мүсіндерін ойып, өз-өзімен ыңылдап ән салып отырады екен.

Зайдаға бөлмесінде бұрқырап шышылып жататын қағаздарына, қаламына тигізбеген.

Өмірде өз қатарластарынан гөрі жастармен араласуды ұнатқан. Тазалыққа.. жастыққа іңкәрлігінен шығар...

Қайтыс болардан біраз бұрын зайыбына: «Мен үшін де... бәрі үшін кешір. Сені шаршаттым ғой. Бірақ бәрін өзіңнің мықтылығыңа сеніп жасадым!» десе керек.

Сол тұстарда ет те турап, ағаш та жонып, қарындаш та ұштап жүрген кездігін жоғалтып алғанда Зәкеңнің: «Кішкентай пышаққа да бола ренжисің бе! Басқасын сатып ал!» дегеніне қарамай қатты қапаланған. Сезімтал ақын оны үлкен сәтсіздікке жорыған-ау...

Қазір асқақ ақын рухы ғарышта жүр. Кейде ол жырсүйер қауымның жүрегіне нұр сеуіп тұрғандай сезіледі...

"Қазақ әдебиеті" газеті, 2001 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар