Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Асылбек Байтанұлы: Шыңғыс хан қазақ десек......

06.02.2018 14838

Асылбек Байтанұлы: Шыңғыс хан қазақ десек...

Асылбек Байтанұлы: Шыңғыс хан қазақ десек... - adebiportal.kz

Шыңғыс хан (балалық шағындағы есімі - Тэмүүжин) – әлемдегі ең ірі құрлықтық империя құрған әйгілі жиһангер қолбасшы, қаһарлы қаған. Шыңғыс ханның Еуразияның жалпақ даласына жасаған жаулаушылық жорығы қандай ауқымды болса, ұлы әміршінің өмір соқпақтары, ата тегі, ұрпақтары турасындағы мәліметтер мен түрлі аңыздар мен дақпырттар сондай ұшан-теңіз. «Өткен мыңжылдықтың ең ұлы адамы» атағының иесі де Шыңғыс хан.

Бағзыдағы Сақ, Ғұн, Сянби, Түрік т.б. империялар мен қағанаттардың қара жұртындағы көшпелі ру-тайпалар мен одақтардың басын біріктіре отырып «атының басын бір кезеңге тіреген» Шыңғыс хан көзі тірісінде-ақ жарты әлемді жаулап үлгерді. Ұлы қаған 1227 жылы 66 жасында өмірден өткеннен кейін кейін де ұлдары мен немерелері ат тұяғы жетер жерді жаулаудан бас тартқан жоқ. Шығысында Жапон аралдарына, оңтүстігінде Ява аралы, Бирма мен Үндістан, батысында қазіргі Чехияға дейін жеткен зор жаулаушылықтың нәтижесінде бағынған, біріктірілген елдер мен жерлердің игілігін сол көшпелілердің ұрпағынан гөрі отырықшы жұрттар көбірек көріп отырғаны да бүгінгі күннің ақиқаты.

Шыңғыс ханның ұлты кім? Өлімі неден болды? Қайда жерленген? Мол қазына қосып көмілгені рас па? Осы және басқа да сұрақтармен адамзат баласы бас қатырғалы да сегіз ғасырдың жүзі өтті. Шыңғыс ханды өз ұлтының азаматы етіп шығарудың бәсі кейінгі мынау ақпараттық дәуірдің жүзінде тіпті үдеп кеткендей ме дерсің. Негізгі басым үміткер, әрине ұлы қаған көзі тірісінде ордасын қондырып туын тіккен қара орын Қарақорымның қиранды жұртына ие болып отырған қазіргі Монғолия. Сиырдың бүйрегіндей бөлшек-бөлшек бытырау-тарау күй кешкен жұртының басын біріктіріп бергені, қағанның ажалы да қазіргі өз аумағында жеткені үшін де қытайдың қос мемлекеті – Қытай Халық Республикасы мен Қытай Республикасы (Тайвань) Шыңғыс қағанды өздерінікі санауға құқылымыз деп біледі.

Шыңғыс ханның әзелгі мекені, бодан жұртына қоса, оның ұрпақтары құрған Алтын Орданың алып аумағына ие болған Ресей империясының да айтары бар.

Қағанның көзі тірісінде-ақ үлкен ұлы Жошы иелік етіп, тамырлана ұрпақ жайған Ұлы Даланың әрбір қырат-қойнауы да ұлы әмірші турасында жыр тілінде, күй тілінде ғасырлар бойы аңыз толғап, сыр шертумен келеді.

Шыңғыс қағанның өмір тарихы туралы сонау «Құпия шежіре», «Жамиғ-ат тауарихтан» бастап жүздеген, мыңдаған үлкенді-кішілі ғылыми, тарихи, әдеби еңбектер жазылмады. Солардың ішіндегі қазақтың классик жазушысы, әдебиеттанушы, тарихшы ғалым Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» атты төрт томдық нақты деректерге құрылған романының шыңғысхантанудағы сүбелі үлес болары сөзсіз. «Шыңғыс хан» қазіргі күні еліміздің кітап дүкендеріндегі ең сатылымды дүниелердің бірі болуы да халқымыздың өз тарихына деген құлшынысын, ықыласын білдірмей ме!

Әр жылдары Монғолия, Қытай, Қазақстан (бірлесіп), Ресей, Жапония т.б. мемлекеттер толық метражды фильмдер мен сериалдар түсірді. Қазақ жұрты бәрін де тамашалады. Әрқайсысы ұлы қаған өміріне қатысты өздерінің ұстанымын, идеологиясын енгізуге, өз ұрпағының, өзгенің санасына сіңіруге тырысады, әрине. Шыңғыс хан өмірінен кино түсіру эстафетасы әлі де жалғасу үстінде. Белгілі француз кинорежиссері Жан-Жак Анноның продюсерлігімен түсірілген «Шыңғыс хан» көркемфильмі үстіміздегі жылдың 28-сәуірінде Қытайда таныстырылымын жасамақ.

Режиссері – Қытайлық Хаси Чаолу. Шыңғыс хан рөлін гонконгтік әнші әрі актер Уильям Чан сомдаған фильмді түсірушілер өз өнімдерінің кассалы боларына сенімді көрінеді.

Шыңғыс ханның жары Бөртенің рөлінде Лин Юн атты әртіс ойнаған екен. Шыңғыс қаған өміріне қатысты фильмің қаншалықты табысты боларын алдағы уақыт көресетеді. "Шыңғыс хан - біздікі" деген ойдың негізгі желі болып тарытларын да күні бұрын бағамдай берсек болар.

Осындайда «Мұхтар Мағауин романының сорабымен өз «Шыңғысханымызды» түсірсек қалай болған болар еді?» деген ой басқа келеді екен, еріксіз. Кино – екі ғасыр бойы идеология мен тәрбиенің қуатты ретіндегі позициясын нығайтумен келе жатыр. Өз елінің тарихы мен дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, тамаша табиғатын терең сезініп, лайықты қамти отырып, әлемге танытарлық дүние жасауға болатынын кәрістер мен үнділер, тіпті өз бауырларымыз өзбектер мен қырғыздар да жақсы дәлелдеп отыр.

«Шыңғыс хан – біздікі», - деп өз қазанымызда бұрқ-сарқ қайнай бергеннен, «Расымен сіздердікі екен, кешіріңіздер!», - деп қайтарып бергелі жатқан ешкім жоқ. Расымен де орайы келіп тұрған болса, дәтіміз жетсе, «Шыңғыс хан қазақтыкі» деп дәлелдеп, әлем мойындайтын туынды түсіріп, алып ескерткішін тұрғызып, төл брендке неге айналдырмасқа! Бұл үшін тіпті мемлекетке де қол жаюдың қажеті жоқ. Монғолиядағы Шыңғыс ханның күміспен күптелген 40 метрлік алып мүсін-кешені жеке тұлғалардың қаражатымен тұрғызылған екен.

Елдікті, ерлікті, ертең үшін қажет құндылықтарды түгендеп, насихаттауда ең басты нәрсе – қаражатта да, бұйрық пен жарлықта да емес, азаматтық, елдік рух қой! Ал олай болмаған жағдайда, істің бәрі бос деген сөз. Елі мен жеріне жаны ашып, мұңын мұңдап, жырын жырлаудан мақрұм талай "шығайбай", "қарынбайлардың" қазақ жерінің ен байлығынан жасаған ақшасы Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың) "Қара бұлт" мысал өлеңіндегі тәрізді, қайырсыз қаңғып кетіп жатыр. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» демекші, бірер жазушы мен әуесқой зерттеушілердің даусы жетіп ықпалы қаншаға жетсін. "Шыңғысхан біздікі", -деу - айтуға ғана оңай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар