Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Бейбіт Сарыбай. Арқасүйер...

09.02.2018 7223

Бейбіт Сарыбай. Арқасүйер

Бейбіт Сарыбай. Арқасүйер - adebiportal.kz

Ақын Ғалым Жайлыбай – 60 жаста!

Алматы – Астана бағытымен басып өткеніміз болмаса, Қарағанды – аялдаған, ат шалдырған жеріміз емес екен. Сол себепті болса керек, Қарағанды дегенде маған төбесінде «Қазақстан темір жолы», «Қарағанды вокзалы» деген жазуы бар, Шудың, Тараздың вокзалдарынан еш айырмасы жоқ темір жол вокзалы елестейтін.

Бірақ, Жаңаарқа ауданын, ондағы Жеңіс деген ауылды білемін, сол Жеңіс ауылының әртүрлі тағдырлы, әрқилы мінезді тұрғындарымен таныспын. Барып көрмеген жерді, онда тұратын елді қайдан білесің дерсіз. Ғалым ағамыздың әңгімелері арқылы білемін. Ғалым Жайлыбайды жалпы жұртшылық ақын, азамат ретінде таниды. Ал мен үшін ол кісі шебер әңгімеші. Прозашы емес, әңгімеші. Кәдімгі ауызекі әңгіменің шебері. Ол кісі әңгімені жырдан қызық қылып, майын тамызып айтқанда, жарты сағатыңыз былай тұрсын, жарты күніңіздің қалай өтіп кеткенін байқамай қаласыз. Және сол зыр ете қалған уақытыңызға ішіңіз ашымайды. Керісінше, сергіп, серпіліп қаласыз. Өткен жылдар еншісінде қалған, бұл күнде елесі ғана сақталған сол бір оқиғаларға ойынан ештеңе қоспайды. Қалай бар, солай айтады. Бір қызығы, Ғалағадан естіген сол қызық әңгімелерді тура сол қалпында сен де біреуге айтып бересің. Бірақ түк те қызық емес болып шығады. Өйткені әңгіме дегенді айта білу керек. Ағамыздың айтатын әңгімелеріндегі кейіпкерлерінің бәрі өзінің айналасындағы қарапайым адамдар. Жылқы баққан жылдарындағы әңгімелері ертегіге бергісіз. Ол әңгімелерді тыңдап отырғаныңда бетпақ даланың ақ қар-көк мұзында боранмен алысып, жылқы бағып кеткің келеді. Кейде ойлаймын, шіркін осының бәрін жазса ғой деп.

Одан кейінгі жылдар, сол жылдарда кезіккен әрқилы адамдар, ақындар, жазушылар... Әрқайсысы туралы таусылмас қызық хикаялар бар. Ғибратты ғұмыр деген осы шығар, бәлкім. Не деген зерде деп таңқаласың. Зерде демекші, Ғалым аға өзіне дейінгі және өзінен кейінгі көптеген ақындардың өлеңдерін жатқа біледі. Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбековтарды айтпағанда, ұмытыла бастаған ақындардың да талайының өлеңін жатқа айтып отырады. Қай ақынның аты аталып қалса да, оның мынандай тамаша өлеңі бар деп, оқи жөнеледі. Ол кісінің жады қазақ өлеңінің антологиясы сияқты елестейді. Адам жаны мен жүрегін, ой-санасын жырға толтырып тастаса, басқа нәрсеге орын жоқ болап қалатын сияқты. Иә, Ғалым ағаның болмысында ұсақ-түйек, кәкір-шүкірге орын жоқ. Сол себепті де азаматтығы аласармай келеді.

Ғалым аға екеуіміздің ағалы-інілі сыйластығымызға он жыл болыпты. Алғашқы бес жылда көп інісінің бірі болып жүрдім. Ал соңғы он жылда жанынан жырақ кеткен кезім жоқ. Ғалым ағамен танысуыма да, табысуыма да Бауыржан Жақып ағамыздың ықпалы болған. Әйгілі журфактың бірінші курсын аяқтайтын көтемде, сол кездегі кафедра меңгерушісі, кейінгі деканым Бауыржан Өміржанұлы өмірінде бір рет «қызметін асыра пайдаланды». Осындай да осындай Ғалым деген ағаларыңның дачасына барып, көмек қылыңдар деді. Түк те қарсы болмадық. Сабақтан көрі сауыққа жақын төрт студент өз еркімізбен бардық. Барғанымызға түк өкінбедік. Сол күн өте керемет болды. Бақшадағы қураған жапырақтарды тырмалап, тазарған жерді аударып, топырағын қопсыттық. Үй иелері қазан көтеріп, ет асты. Тындырғанымыздан тауысқанымыз, жеккенімізден жегеніміз көп болып, сол күні тоғайып қайттық. Майонез жағылған бөлке нан мен қара шайға үйреніп қалған асқазанымызға майлы ас барып бір жұбанып қалдық. Ал естіген әңгімелеріміз ше? Несін айтасыз, қай жағынан да шала байып қалдық.

Сол таныстықтан кейін алыстан араласатын ағайындардай болып кеттік. Жазушылар одағына барып, ағаның әңгімелерін тыңдап қайтып жүрдім. Арада төрт-бес жыл өткен. Со кезде бұл күнде жабылып қалған «Дала мен қала» газетінде істейтін едім. Басқа бір шаруалармен Қазақ радиосына барып қалдым. Есіктің алдында Ғалағам тұр екен.

- Бұл жақта қайдан адасып жүрсіз? – дедім, аз-кем амандықтан соң.

- Адасып келіп қалдық,– деді.

- А-а-а, – дедім, самарқау ғана. Сұқбат беруге келген шығар деп ойладым. Ғалым аға қалтасынан ақша шығарды да:

- Жақын жерде магазин болса, темекі әкеп берші, – деді.

Барғанымнан келгенім тез болды. Темекіні қолына ұстаттым. Ғалым аға бір тал шылымды тұтатты да:

- Бас редактор болып келіп қалдым, – деді.

- О-о-о, құтты болсын, он бірде жұмыстан шығып қалсам, он екіде жұмыс тауып алады екенмін ғой, – дедім.

- Келем десең бір орын табылар, штат көп екен, – деді.

Сол сөздерді Құдай аузымызға салды-ау деймін. Арада бірер күн өткенде газет басшылығы тұтасымен ауысты. Жаңа басшылықтың «командасындағы» мың болғыр жігіттері мені қалдырғысы келмеді... Кет дегенде ит те кетеді. Салып ұрып Қазақ радиосына тартым. Өткен жолғы айтқанымыздай түскі он бірдің кезінде жұмыстан босап едім, Ғалым ағамның арқасында, арада бір сағат өткенде, он екінің кезінде Қазақ радиосының руханият бөлімінің қатардағы редакторы болып шыға келдім.

Сол кіргеннен жеті-сегіз ай жап-жақсы істедім. Бірақ, үйлену тойын несие алып жасаған адамға 45 000 теңгелік айлық аздық етті. Несиенің ай сайынғы төлемінің өзі 43 000 теңге. Екі мың теңге ғана артылады екен. Ал, ай сайынғы келіп-кеткен жолың мен, түскі асыңды есептесең, тіпті қиын. Бір күні пысық группаласымның азғыруымен бизнеске кететін болып шештім. Бірден байып кетсем дегем ғой. Бір жерден қарызға екі мың доллар алып, беретін кісіге беріп қойдым. Ол енді маған он бес күннің ішінде 100 мың доллар кредит шығарып бермек. Бизнес жоспар жоқ болғанымен, қиял періп тұр. Айналасы екі-үш жылда жырғап-ақ кететін түрім бар.

Ғалым ағаға кіріп мән-жайды айттым. Ғалым аға менен екі дүниеде бизнесмен шықпайтынын біліп-ақ отырған болу керек: «Жұмысың жылжып кеткенге дейін жүре тұрсаңшы», – деді. Мен шыдай алмадым. Әлі қолға түспеген ақшаның буы шыдатпай бара жатыр. Шығамын дедім. «Өзің көр, енді» – деді де, өтінішіме қолын қойып берді. Шықтым да кеттім.

Арада он бес күн емес, бір ай өтті. 100 мың доллар жоқ. Екі ай өтті, жоқ. Үш ай өтті, жоқ. Жүз мың долларың құрысын, берген екі мың долларымды алу мұңға айналды. Жұмыссыз қалғаның өз алдына. Сол кезде ит болдым, күшік болдым, жаздым, жаңылыстым деп Ғалым ағаға баруыма болатын еді. Ұялдым. Кеудеме нан пісіп кетіп едім, енді итиіп барудың еш реті жоқ еді. Сол кездерде арамыз кішкене алыстады. Бірақ, ортақ таныстарымнан жағдайымды сұрастырып отырыпты. Олар менің ешқандайда байып кетпегенімді, развилканың маңында той басқарып жүргенімді айтыпты.

Бір күні Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезінде Ғалым ағамыз осы одақтың басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып сайланыпты. Сайланғаннан кейін арада бірер уақыт өткенде мені сұрастырыпты. Сені іздеп жатыр дегесін бардым.

- Сен ана тамадалығыңды қой, айналасы төрт жылда рухани тозып кетесің, қоймасаң да жұмыс істе, саған орта керек, – деді.

Мен бірден келістім. Содан бері он жылдан аса уақыт өтті. Біз біргеміз. Алтындай ағаммен бірге он жыл бойы бірге қызмет істеп келе жатқаныма қуанамын. Бұл кісімен бірге жұмыс істеу өте жеңіл. Үйіңде жүргендей шаршамай жүресің. Өзге бастықтарға ұқсап қол астындағы қызметкерге тапсырма бергендей бұйрық райда сөйлемейді. Әкенің баланы, ағаның ініні жұмсағанындай айтады. Кейде тым-тым еркінсіп кеткен кезімде қабақ шытып ұрысқан болады. Соның өзінде мейірім төгіліп тұрады. Қабақ шытқанының өтірік екенін бірден сеземін. Артынша жүзіне шуақ ұялап:

- Түнде бір өлең жазып едім, – дейді.

- Оқыңызшы, - деймін.

Оқиды. Шын мәнінде ағылып-төгіліп тұрған мөлдір өлең. Бір жасап қаламыз.

Кейде іссапарға кетіп бара жатқанында үйіп-төгіп тапсырма беріп кетеді. Оның бірін орындап үлгерсем, енді бірін атқармаған боламын. Аға келісімен шақырады. Тапсырмаларды сұрағанында орындап үлгергендерімді баяндап, үлгермегендеріме келгенімде:

- Өзіңіз қалай барып келдіңіз? – деймін.

Бітті. Ағам сапарын баяндай жөнеледі. Алматыдан ұшқанын, Атырауға қонғанын, ондағы ақеділ халықтың ақжарма көңілін, сыйы мен құрметін айта келіп, сағатаныа қарайды. Қарайды да:

- Жүр түскі асқа барайық, – дейді.

Жұмыстың өзінде үйде жүргендей рахаттанып жүремін дегенімнің мәнісі осы. Айтпақшы, Ғалым аға екеуміздің кабинетіміз қатар орналасқан. Ортамызды елу сантиметрге жетер-жетпес кереге ғана бөліп тұр. Сол ортадағы керегенің бір жағына Ғалым ағаның креслосы тіреліп тұрса, екінші жағына менің орындығымның арқалығы тіреліп тұрады. Соны байқаған Маралтай аға:

- Осы сен ылғи Ғалым ағаңа арқа сүйеп отырасың, иә? – дейді.

- Қай мағынасында да! – деймін мен, күле жауап беріп.

Сөйткен арқасүйер ағам бүгін алпыс жасқа толды. Күні кеше ғана үлкен сахнада Танакөз әпкем екеуміз осы Ғалым ағаның елу жасқа толған мерейтойын жүргізіп тұр едік. Әне-міне дегенше он жыл өте шығыпты. Уақыт не деген жүйрік. Осы бір жүйрік уақыт сүрініп кетпей, енді бір отыз жыл зу ете қалса. Сол кезде ғалым ағаның тоқсан жасқа толған тойында алпыс беске толған Бейбіт ес тоқтатып, тереңінен толғап отырса.

Менің бұл айтып отырғанымның барлығы тойға дайындық үстіндегі достық рәуіштегі пендауи әңгімелер ғой. Әйтпесе,

Ақпандағы ақ қайың – дара қайың,

Әппақ нұрға шомылған баладайын.

Аламанға қосқаным – Ардакүрең,

Қала көрме, көз жазып ал, ағайын! – деп жырлаған ағамның Ардакүреңінен көз жазған кезім жоқ. Ылғи назарымда. Шашасына шаң жұқтырмайтын шабысына қараймын, қараған сайын көзім тойып, көңілім сүйінеді.

Алдыңда биікке бет алған ағаларыңның болғаны қандай жақсы. Қайда бара жатқаныңды біле жүресің.

Осынау болмашы әңгімемді Ғалым ағамның туған жері, өскен өлкесі жайлы айтатын қызықты әңгімелерінен бастап едім, ауылын бір сәт есінен шығармайтын ақынның сол қасиетті топырағының қасіреті бейнеленген мына бір өлеңімен түйіндейін.

САРЫАРҚА. «ПРОТОН» ҚҰЛАҒАН ЖЫЛ

Еспейді самал таңменен

Шалдыққан шартарабымда.

Жазира Жаңаарқам менен

Қара орман Қарқаралымда.

Мұң емес – мұқалмас қайғы,

Ғасырдың қауіпті өткелі.

Жусаны жұпар шашпайды

Ақбөкен ауып кеткелі.

Келгендей Арқаға құрдым,

Тажалға лағынет, мейлі

Жаңаарқа, Қарқаралының

Базарда малы да өтпейді.

Кигенде алаңсыз кепті,

Қартым-ай, ретің сынар:

«Гептилді залалсыз депті,

Өкімет білетін шығар...

Қайтейін, асығыс бәрі,

Жөн еді қашық ұшқаны.

Ресейдің құламаса екен

Зымыран тасығыштары».

Арқам-ай, арқаға батты,

Ауыл тұр шайқала... жүдеп.

Құрдасым тартады арақты:

– Уды у қайтарады, – деп...

Әлгі жазушылар мен ақындардың шығармаларынан бүгінгі заманның суретін таппай жүретіндер Ғалым ағаның поэзиясына зер салса, «жоқ-жоқ» деп күңіренбес еді-ау. Ғалым ағаның суреткерлігі мен биік поэзиясы жайлы әңгімені парасат биігіндегі ағалардың еншісіне қалдырып, өзімізге тиесілі тақырыпта осылайынан бір қайырдық. Кеңінен толғар күн туғай.

Ағамыздың тойындағы аз-кем толғанысымызды мұңы басым жырмен түйіндеген біртүрлі көрінеді екен деп, аяқтап қойған дүниемізге бір абзац қосып, мына жырымен түйіндегенді жөн көрдім.

Шөлейттеу жердің шөбі едім,

Шөліркеп әлі келемін.

Ақжаңбыр мінез өлеңім

Кезертпей еріндерімді

Құйып бір өтсе деп едім.

Сүбіле соңы – сары тамыз,

Сары тамыз, тілден бал тамыз.

Сарғайған шығар алқаңыз,

Сарғайтып мені сәуірде

Сағым боп кеткен қалқа қыз.

Ботадай жырым боздап жүр,

Боталы мұңын қозғап жүр.

Мазала мені, Мағжан – жыр,

Айнамкөз армандарымдай,

Арқаға жауған ақ жаңбыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар