Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ТӨР
«ТӨР»-ден репортаж...

14.02.2018 7683

«ТӨР»-ден репортаж

 «ТӨР»-ден репортаж - adebiportal.kz

Астанада әдеби орта енді қалыптасып келе жатыр. Әдебиетсүйер қауымның ортақ пікір алмасатын, жаңа әдеби туындыларды талқылайтын «Егемен Қазақстан» газеті мен «Әдебиет» порталының бірлескен жобасы – «Төр» әдеби клубының алғашқы отырысында түрлі мәселелер көтерілді.

Әдебиеттегі түйткілді мәселелерді көтеріп, аға буын мен жас қаламгерлердің ортасына көпір болуды мақсат тұтқан «Төрдің» тұсаукесеріндегі алғашқы сөзді «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан ҚЫДЫРӘЛІ алды:

– Бүгінгі күнді Түркі әлемінде «поэзия күні» деп айтуға болады екен. 1441 жылы осы күні Әлішер Науаи дүниеге келген екен. Араға тура 500 жыл салып дәл осы күні қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали туған. Сондықтан ұлы ақындар дүниеге келген күнді әдейі таңдап, біздің азаматтардың «Төр» деген клуб ұйымдастырғалы жатқанын естігенде қуандым. «Төр» деген сөздің өзі де әдемі сөз. Өткенде бір мақаламда «түрік сөзінің өзі төрден шығады» деп жазып едім. «Төрелік айту», «төрге қосу», «төрткүл», «төрт» дегеніміздің бәрі осы «төрге» байланысты. Құрылып отырған клуб біздің сөзімізді, әдебиетімізді, поэзиямыз бен прозамызды, жалпы қазақтың сөзін төрге оздырады, төрге шығарады деп үміттеміз. Бұдан бұрын да «Егемен Қазақстан» қазақ әдебиетіне қалай қызмет етсе болады деп ойлап жүрген едік. Қазақ әдебиетінің небір классиктері осы газетте жұмыс істеген. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин бастаған қазақ қаламгерлері өз қолтаңбаларын қалдырған. Алаш арыстарынан бастап кешегі Шер-ағаңдар, Әбіш ағаларымыз істеген. «Егемен» – шығармашылық орта. Бұл тек қана журналистер қызмет ететін емес, қазақ қаламгерлері шоғырланған жер. Қазір де ортамызда Қорғанбек аға отыр, жақында Алаш сыйлығын алды. Қатарымыз Бағашар, Мирас, Бақытгүл, Хамит секілді жас қаламгерлермен толықты. Алмасты алып едік, ол «Әдебиет порталына» қызметке тұрды. Басқа да жас толқын «Егеменге» келіп жатыр. Сондықтан «Талап оң болсын!» дейміз. Әдеби бірлестіктің ғұмыры ұзақ болсын. «Егемен Қазақстан» әрқашан қолдау көрсетеді. Мұнда талқыланған материалдар мен осы ұйымға мүше жастардың шығармашылығын «Егемен» арқылы насихаттауға күш саламыз. Бір-бірімен байланысы үзіліп қалған шығармашылық ортаның арасына көпір болып, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттасақ деген ойымыз бар. «Егеменнің» өз жүлдесі де тағайындалады. Тағы да құтты болсын деймін.

«ҚҰЛДЫҚ САНА, РУЛЫҚ САНАДАН АРЫЛУ КЕРЕК"

Келесі сөзді белгілі жазушы Төлен ӘБДІК айтты:

– Жалпы адамдардың дүниетанымы, өмірге, әдебиетке көзқарасы бірте-бірте қалыптасады ғой. Бәрімізде де солай болды. Осыдан жиырма жылдай бұрын басқаша ойлаушы едік. Қазір сәл басқаша ойлаймыз. Өйткені, адам да дамиды, өседі, қалыптасады. Ал осы қалыптасу – пікір алысудан басталады. Кейде дауласу болады, тек жауласпау керек. Пікірталасты жауластыққа айналдыру – мәдениетсіздіктің белгісі. Әркімнің әртүрлі көзқарасы болады. Әлемге танылған ұлы тұлғалардың өзіне баға әртүрлі. Мысалы, орыстың әрі орысша, әрі ағылшынша жазған әйгілі жазушыларының бірі Набоков Достоевскийді жазушы емес дейді. Чеховтарды оқып отырсаңыз, Достоевскийді аузына да алмайды. Ал шын мәнінде, Достоевскийдің бүкіл әлемдік әдебиеттің дамуына ықпал еткен адам екені белгілі. Сондықтан, талғам деген әртүрлі болады. Ол адамның дүниетанымына, әрбірден соң тәрбиесіне байланысты. Ортақ шындыққа, ортақ ақиқатқа бірте-бірте жақындауы керек. Ол үшін осындай пікір алысқан өте пайдалы деп есептеймін.

Біз де сіздердей жас болдық, біздің тұсымызда да бас қосып жүрген кездер болды. Үлкен жазушылармен де аздап араласымыз болды. Бірақ ол кезде идеология деген жаман нәрсе болды. Советтік идеология сенің ойыңды тұмшалап, ары қарай жібермейтін, белгілі бір шеңберден асырмайтын. Бірақ алпысыншы жылдардың соңына қарай, біздің тұсымызда бір жылымық – еркін ойлауға тырысу пайда болды (ол бізден емес, Мәскеу жақтан басталды). Анау Е.Евтушенко, М.Вознесенскийлер, Юрий Казаков, Аксенов дегендерде қарсылықты көңіл-күй болған еді. Осы бүгінгі болып отырған оқиғаға наразылық, іштей келіспеушілік – соның бәрі олардың шығармаларынан көрініп тұратын. Сондықтан бұл бастамаларыңыз өте жақсы. Әдебиетте ақыл айту деген болмау керек. Ақыл айту деген – өркениетті елдерде адамды қорлау болып есептеледі. Ақыл айту деген сөз – анау адамды өзіңнен төмен санағаның. Бұл енді өткен дәуірлерде болған шығар, қазіргі, мынау ХХІ ғасырға келмейді. Өзіңіз байқасаңыз, тіке ақыл айтсаң – балаң да жүре тыңдайды. Ақылдың орнына өз пікіріңді айтсаң, анау адамға балама қалдырсаң, сол кезде ғана жеріне жетуі ғажап емес. Оның үстіне менің ұғымымда әдебиетте жас-кәрі, әйел-еркек деген ұғымдар болмайды. Әдебиетте талантты-талантсыз, жақсы-жаман деген ғана бар. Біздің жігіттердің өзі, осы Қажығали, Дулаттар алғашқы шығармаларын отызға жетпей жазған. Дулат кесек туындылары – «Сүйекші», «Тіршілік», «Дермене» секілді үш әңгімесін отызға жетпей жазды. Оның өзін осы күні жаза алмауы мүмкін. Сондықтан да жас-кәрі деген ұғымдар шынымен де салыстырмалы нәрсе. Мысалы, мен де «Тозақ оттары жымыңдайды» деген шығармамды 28 жасымда жаздым. Ол кезде атақты болайық деген ой жоқ. Қазір: «Тозақ оттарын қалай жаздыңыз? Қалай дайындалдыңыз?» – деп журналистер сұхбат алған сайын сұрайды. Яғни жақсы шығарма жас кезде де, кейде қартайған уақытта да жазылуы мүмкін. Сондықтан әдебиеттің алдында жұрттың барлығы: үлкен де, кіші де бірдей. Мен өзім солай қараймын.

Екіншіден, кез келген ұлттың, халықтың өз проблемалары болады. Меніңше, біздің халқымыздың бүгінгі дамуына сәл-пәл кедергі болып жатқан жағдай бар. Ол – ең алдымен, кеңестік сана. Кеңестік сана – қарапайым тілмен айтсақ, құлдық сана. Өйткені, ол бағыныштылық, жоғарыға қарсы келмеу, менің тағдырымды біреу шешеді деген түсінік. Осының халқымыздың бойынан әлі кетпей жатыр. Қарапайым халықпен сөйлессең, олар өздерін өз тағдырының қожасы сезінбейді. Жоғарыда бастары істейтін үлкен басшылар бар, солар менің тағдырымды шешеді деп есептейді. Бұдан арылу үшін де уақыт керек. Екіншісі – рулық сана. Рулық сана қалыптасып қалған дүние болуы керек, ол да кетпейді. Тіпті тәп-тәуір, өте талантты, білімді деген жігіттердің өзінің бойында да осы сана бар. Оны бәлкім, үлкен бір саясатқа айналдырмауы да мүмкін, бірақ ол жүрген жерде ұлттық санаға жете алмаймыз. Региондық сана деген Еуропада да болған, басқа елдердің бәрінде де болған. Бірақ олар бұдан баяғыда өтіп кеткен. Мысалы біз қазір «Абай атам айтқандай» деп жаза береміз. Ал мына орыстар ешқашан «Мой дед Толстой» деп айтпайды. Оларда ондай ұғым жоқ. Олар бұдан кетіп қалған. Ал біз «Абай атам», «Жамбыл атам», «тағы бір аталарым» деп айта береміз. Бұдан үлкен бір трагедия жасайын деп отырған жоқпын. Бірақ бұл біздің эволюциялық даму деңгейіміздің қай жерде жүргенін көрсетеді.

Келесі бір мәселе, өмірде қалай дегенмен де ізгілік, зұлымдық деген ұғымдар бар. Біз осының бір жағына шығуымыз керек. Не ізгілік, не зұлымдық. Контрабандист болып екі ортада жүре алмаймыз. Бір кездері адамды адам дұшпан көрген заман болды. Сол кездерде адам өлтіргіштер, басқыншылар батыр атанды. Басқа бір елдің жерін жаулап алғандар керемет данышпан болды. Сол замандардың инерциясы әлі келе жатыр. Менің ұғымымда Шыңғыс ханды көкке көтеру, Шыңғыс ханды өзмізге кереметтей қылу – сол инерцияның бір түрі, фактісі деп есептеймін. Себебі, қалай десең де, адам өлтіру – жақсы қасиет емес. Біз бір үлкен ақиқатқа жетерде жер бетінен жүгінетін ештеңе таппағанда, Аллаға, Құдайға жүгінеміз. Мысалы, бір адам өлтірсең, сені соттайды. Ол – заңдылық. Ал мыңдаған, миллиондаған адамды өлтірген кезде не істеу керек? Оны көкке көтеріп мақтайтындар табылады. Ау, ол да пенде, ертең о дүниеге барғанда Құдайдың алдына бармай ма? Сол кезде одан Құдай: «Ал, шырағым, сен осыншама елді қанға бөктіріп, неге өлтірдің?» – деп сұрайтын болады. Сол кезде анау: «Мен қаған едім», – дей ме? Сонда Құдай: «Онда сенікі дұрыс екен!» – дей ме? Олай болмайды. Алланың алдында жасаған қылмысың үшін жауап беруің керек. Ол сені кешірмейді. Өйткені Оған сенің жер бетіндегі пенделік ұғымдарың, әңгімең бес тиынға керегі жоқ. Ол тек әділдікке, ақиқатқа ғана қарайды. Сондықтан біздегі басқыншыларға бас ұру, мықтыларға табыну дегеніміз – құлдық сана. Менің ұғымымда Цезарь да, Наполоеон да, Македонский де, Шыңғыс хан да, Ақсақ Темір де – бәрі бір құбылыс. Кезінде бәлкім, «Егер сен оны басып алмасаң, сені ол басып алады» деген ұғым болған шығар. Сол себепті де басып алған шығар. Бірақ ХХІ ғасырда отырып мұндайды дәріптей алмаймыз. Ол болмайды, сол секілді, осындай ұғымдар кейде ақындардың өлеңдерінде де кездеседі. Мысалы, осындай әңгімені көп айтатын – анау Серік Ақсұңқарұлы деген ақын. «Мен өртпін, сені күйдіремін, өртеймін» деген сөздерді көп қолданады. Ал бірақ жақсы ақын екендігіне дау жоқ.

Сондықтан осындай түсінікте бір қалыпқа келу керек. Түсініктер дұрыс болмағаннан кейін әртүрлі ұғымдар болады. Әр жазушы өзі үшін емес, елдің, оқырманның алдында жауапты. Сондықтан, осындай құбылыстарға пікірлесіп отырсақ. Өзіміздің ойымызды түзетіп отырсақ. Бәлкім менікі қате болуы мүмкін. Ақиқаттың ең соңы деп есептемеймін. Сосын бұл біздің шығармашылығымызға да әсер етеді. Алғашқы кездесуіміз құтты болсын! Тәжірибемізге қатысты ойымызды айтып тұрайық. Бір шығарманың төңірегінде пікірімізді айтайық. Шын айтайық. Мен ешқашан біреуге кітабымды: «Оқы!» деп жазып берген емеспін. Ондайда ол адам сен туралы шынайы жаза алмайды. Кітабыңда «Әдебиетіміздің асқар тауы, бәленше ағама», – деп жазып, «Осы жайлы өз пікіріңізді жазып беріңізші!» – деп тұрған соң ол сен туралы қалай жаман пікір айтады? Амал жоқ, сені мақтауға мәжбүр болады. Сен соған сенесің бе? Оған ешқашан сенуге болмайды. Ол адам сенің шығармаңды өзі тауып алып оқуы керек. Өзі тауып алып, өзі ықыластанып оқуы керек. Әйтпесе одан шынайы жақсы пікір тумайды. Сондықтан, айтсақ та, шындықты айтайық.

«СЫН ТЕК МАҚТАУДАН ТҰРМАУ КЕРЕК»

Ал «Жастардың шығармашылығын оқи алып жүрсіз бе?» деген сұраққа жазушы Қажығали МҰХАМБЕТҚАЛИ былай деп жауап берді:

– Жеке өз басым жастарды қадағалап, зерттеп оқып жүрмін деп айта алмаймын. Кейде қолға кітап тие бермейді, ал тиген күннің өзінде кейбір жастардың кітап деп шығарғаны шағын дәптердің көлеміндей ғана әңгімелері болады, одан толық мағлұмат ала алмайсың. Жазып отырған адамның қандай мүмкіндігі бар екенін толық тани алмайсың. Сондықтан бәрін бірдей оқып жүрмін деп айта алмаймын.

Ал енді бүгінгі шараға келер болсақ, өте жақсы бастама екен. Кезінде университеттің жанындағы әдеби бірлестікте көптеген шығармалар талқыланатын. Қазіргі сіздер айтып жүрген 60-жылдардағы буынның барлығы сол кездегі айтыс-тартыстардың ішінен шыққан азаматтар. Ол айтыс-тартыстар ақиқатқа жетуге мүмкіндік берді. Әркім әртүрлі пікір айтады. Қанша адам бар – сонша пікір бар. Бірақ солардың ішінен өзің дұрыс деп тапқан, ақиқатқа жақыны осы-ау деген пікірді таңдап аласың да, содан кейін сол бағытты ұстайсың. Ол сенің бақытың ба, сорың ба, оны бір Құдай біледі. Бірақ өзің солай қалыптасасың.

Жалпы кім-кімнің шығармасын талқылаған кезде де өте қатты талқылау керек. Барынша мықты сындар айтылу керек. Бәрі тек мақтаудан тұрмау керек. Тіпті керек болса, белгілі жазушыларды шақырып алып, солардың шығармаларын талқылау қажет. Әрі өздеріңе сабақ болады, әрі жаңағы ағаларыңның өздеріне де ойлануға тура келеді. Кезінде солай болған. Иммануэль Канттың «Бәріне де күмәнмен қарау керек» деген жақсы сөзі бар. Сондықтан бір Алладан басқаның бәріне күмәнмен қарау керек! Керемет жақсы деген шығармалардың өзіне әркімнің әртүрлі көзқарасы болады. Бұрын керемет деп мақталған жазушылардың өздерін бүгін сыни көзбен оқысаң, солардың кейбіреулерінің үлкен әдеби талаптарға жауап бермейтін кездері көп. Соны ойлау керек. Сіздер ойланбағанда, жастар ойланбағанда, кім ойланады?

Сіздер өздеріңіздің алдарыңызда тұрған үлкендердің иығынан секіріп, одан арғыны көре білулеріңіз керек. Үлкен секірістер жасауларыңыз қажет. Сіздерге дейінгілер де солай жасаған, келесі ұрпақтар да солай жасайды. Сондықтан, әр нәрсеге сын көзімен, үлкен күмәнмен қарап, ақиқатқа өз көзің жеткенше талмау керек.

Талаптарың оң болсын. Кейде пікірлеріміз келісер, кейде келіспес, біздің де қисық-қисық пікірлеріміз бар. Белгілі бір шығармашылық тұлғалар туралы да көзқарастар әртүрлі болады. Классик деп жүрген адамдар туралы да кейде көңіл толмас сөздер айтып қаламыз. Оның бәрі тек жақсы болса екен, кейінгі жұрт соны дұрыс түсінсе екен деген көзқараспен айтылады. Сол сияқты, соңғы кездері «Әдебиет порталында», басқа да интервьюларымда ащы-ащы айтқан нәрселерім бар. Ол менің жеке көзқарасым. Сіздердің де көзқарастарыңыз осындай пікірталастардан кейін қалыптасады. Сенің пікіріңді теріске шығаратын пікірлер болады. Өзіңнің «осы шындық-ау» деп жүрген шындығыңды одан гөрі тереңдеу ақиқатпен миыңа сіңіріп айтса, пікіріңнен қайтуға болады. Оны қабылдамай, кесірленіп, тоңмойынданып, қисайып отырып алуға болмайды. Егер көзіңді жеткізіп тұрса, өзіңнің көзқарасыңды өзгертуге бейім боп тұру керек адам. Себебі ой дамып жатыр, қоғам дамып жатыр. Бәлкім сенің ойың ескіріп қалған ойлар шығар. Немесе бұрынғы ескіріп қалған ойлардың негізінде қалыптасқан шығар. Ал саған жаңа толқын келіп ой айтып жатыр, ол жаңа дәлелдерін келтіріп жатыр, міне, осының бәріне де жақсы көзбен, түсінікпен қарау керек. Тіпті ең қате айтты деген адамның сөзіне де сыйластықпен қарау керек. Осыны бұл тегін айтып тұрған жоқ, не себеппен айтып тұр деген сұрақ көкіректе тұру керек. Тек сонда ғана клубтың жұмысы жанданады. Әрі-беріден кейін сендер бір-біріңді емін-еркін сынайтын, емін-еркін пікір айтатын боласыңдар. Сосын бір күні өздерің де әдебиеттің үлкен сыншысына айналасыңдар. Әдебиеттің не жақсы, не жаман екенін кез келген адамға талдап айтып бере алатындай жағдайда боласыңдар.

«БАҚЫЛАП ОҚЫП ОТЫРАЙЫН ДЕСЕҢ, ЖАСТАРДЫҢ ЖУРНАЛЫ ДА ЖОҚ»

Ағалардан кейін сөз кезегі тиген сыншы Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ қазіргі сынның жай-күйі мен әдебиеттегі жас жазушылардың шығармашылығы туралы сөйледі:

– Пікір алмасып тұратын осындай клубтың ашылып жатқанына қуаныштымын. Жалпы өз басым 1960 жылдары әдебиетке келген Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Төлен т.б. ақын-жазушылардың әдеби мұрасын зерттеп, біраз дүние жаздым. Жалпы дұрыс айтасың, қаламгердің оқырман алдында тұлға болып танылуы үшін, оның 40 жасқа дейін жұртқа ұялмай көрсете алатындай кесек дүниелері болуы керек.

Әлі есімде. Ұмытпасам, 8-9 сыныпта оқып жүрген кезімде Төлен Әбдікұлының “Оң қол” әңгімесін оқып шығып, шалқамнан түсе жаздадым. Енді қарап отырсам, сол кездегі осы әңгімені жазған Төлен ағамның жасы отыздан енді ғана асқан екен. Одан кейін “Әке” повесін оқыдық. Сол жылдары әдебиетке келген Сайын, Оралхан сияқты ағаларамыз әдебиет үшін үлкен жаңалық болған керемет дүниелерін қырыққа толмай тұрған кездері-ақ жазды. Ол заманда бәрі рет-ретімен осылай бола беретіндей болып көрініп еді, біздің көзімізге. Бірақ, уақыт көп дүниені өзгертіп жіберді.

Мүмкін, бір жағынан бүгінгі жастарды ірі дүниелер туғыза алмағаны үшін кінәлау артық та шығар. Мысалы, біздің буын әдебиетке енді араласып, өз потенциалын көрсетуге енді ұмтылғанда алай-дүлей бір аласапыран заман басталды. Тоқсаныншы жылдары дүниенің астаң-кестеңі шығып, “Балапан басына, тұрымтай тұсына” кетті. Қазір нарық заманында адам әдебиетпен ғана айналысып, өмір сүре алмайды. Өз басым шығармашылыққа толықтай беріліп өмір сүре алмаған қаламгердің үлкен дүниелер туғыза алатынына күмәнмен қараймын. Сондықтан, қазіргі жастардың қаншалықта талантты екенін байқау үшін оларды өз шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндіктер беру керек.

Қолымнан келгенше, уақыт тауып, әдебиетке келіп жатқан жастардың шығармаларын жібермей оқуға тырысамын. Көркемдік тұрғыдан шығарманың шартына жауап беретін жақсы әңгімелер де жазылып жатады. Бірақ асығыс жазыланы, жастардың өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыра алмағаны да байқалып тұрады. Жақында Қанат Тілеухан деген талантты жігіттің “Қараштың әңгімелері” деген кітабын оқып шықтым. “Менің шешелерім” деген әңгімесі қатты ұнады. Қалған дүниелері аса тартпады. Публицистиканың тілі, журналистиканың стилі араласып кеткен. Идеясы жақсы, айтқысы келген ойы да мықты. Бірақ шеберлігі жетіспей, ойлаған дүниелерін өз деңгейінде алып шыға алмаған. Бір әңгімелескенде өзінен «Мына әңгімең «Ертөстігім бір төбе» дегендей бөлек те, қалған әңгімелерің неге олай шықпаған?» – деп сұрадым. «Ой аға, мұны маған Жұмабай ағам бес рет қайта-қайта жазғызды ғой. Содан кейін барып қалыпқа түсті», – деді.

Қазір әлеуметтік желі деген пайда болды. Жастардың көбі соған қатты әуестеніп, жіпсіз байланып қалды. Жазған дүниесін, сиясы кеппей жатып, әлеуметтік желіге тезірек жариялауға ұмтылады. Ал көп жағдайда шығарма автордың тартпасында біраз уақыт жатуы тиіс. Көңіліңді суытып, біраз уақыттан кейін қайта қарағанда, сен оған автордың емес, сыншының көзімен баға беретін боласың. Мысалы, мен Төлен аға туралы жазған “Парасат майданы” деген эссемді ешқайда бермей, 2-3 ай тартпамда ұстадым. Өзіме жақсы сияқты болып көрінді. Бір күні күмәнданып, біреулерге оқыттым. Содан кейін ғана газетке берейін деп, тағы да күманданып «осы дүниеме сын көзбен қараңызшы» деп өтініп, Төлен ағаның өзіне оқуға бердім. Оған да ұнады. Жазылған дүниелерді аса жақтыра бермейтін Әбдәжіміл Нүрпейісов ақсақалға да оқытып көріп, ол кісінің көңілінен шыққаннан кейін ғана баспасөзге беруге тәуекел еттім.

Енді бүгінгі сынның жайына да тоқтала кетейін. Сыншы болғаннан кейін ішкі «меніңді» жеңіп, кез-келген дүниені обьективті бағалай білу керек. Жақсы дүниені сынап, түкке тұрғысыз етіп тастау – қиянат. Жалпы, ақын-жазушылардың сын айтуы көп жағдайда объективті бола бермейді. Ешқандай дәлелсіз “Бейімбет Майлин – жазушы емес” деген әңгімелер де айтылуда. Бейімбет Майлин жазушы болмаса, онда кімді жазушы деп тануға болады? Өз заманының шындығын Бейімбеттен арттық суреттей алған, қандай суреткер бар?

Көп жағдайда біздің талантты жазушыларымыз өзінің ішкі “менімен” арпалысып, оны жеңе алмай, ірі суреткерлерімізді түкке тұрғысыз етіп жатады. Мұндай кемшіліктер жалпы әлем мойындаған ұлы тұлғалардың бойында да болған. Мысалы, ұлы Толстой адамзаттың бәрі мойындаған Шекспирді жоққа шығарады. Сондықтан ұлы тұлғалардың да көп пікірлеріне күмәнмен қараған абзал. Объективті сөзді көп жағдайда бәрін де оқып, бәрін де түсінуге тырысатын ірі сыншылар айтады.

Сосын, қазір жұрт сынды дұрыс қабылдай алмайды. Сын да объективті болмай барады. Мысалы, ақын Несіпбек Айтұлының өз замандасы Аманхан Әлімнің өлеңдерінен «ай» деген сөздердің бәрін теріп алып, оны жоққа шығарған сыны күлкіңді келтіреді. Айды Аманхан ғана жырлап па? Әлем әдебиетінің поэзиясына зер салсаңыз, айды жырламаған ақынды табу қиын. Тіпті, бұл тақырыпты лирикалық туындыларының құлақкүйі етіп, рухани азық қылған шайырлардың шығармалары мыңдаған жылдар өтсе де, күні кеше ғана жазылғандай миллиондардың көңілін толқытып, жүрегін тебірентіп келеді. Дүние жаратылғаннан бері күн мен ай адамзат баласының ой-санасын жұмбақ сиқырымен арбаған мәңгілік поэзияның - символдық белгісіне айналды. Күн мен ай, алтын бастауын діни жоралғылар мен халықтық әндерден алатын ұлы мәртебелі поэзияның басты предметі болып кеткеніне, қай заман. Ежелгі ақындардың ішінде бұл сөзді көп қолданатын Гомердің жырларында ай сұлулық пен ұлылықтың символдық белгісі болып сипатталады. Бұл тақырыпты ең көп жырлаған біздің дәуірімізге дейінгі 630-572 жылдары өмір сүрген Сафодан кейін де айды өз өнерінің тақырыбы етіп алған ақындар аз емес. Сафоның поэзиясы мыңдаған жылдар өткеннен кейін қайта жаңғырып, неміс романтизмінің дүниеге келуіне қатты ықпалын тигізді. Ағылшын романтиктері Скот, Китс, Байрон, Шелли және әсіресе, Вордсворт, Кольридж бен Саути жырларындағы ай сөзінен тіпті, аяқ алып жүре алмайсыз. Шекспир мен Пушкин де ай сөзін көп қолданған. Ай – француздардың романтик-ақындарының да басты тақырыбы. Мюссе айға тұтас бір баллада арнады. Бұл сөзді ең көп қолданған орыстың ұлы ақындары Лермонтов пен Есенинді нағыз айдың ақындары деп айтуға әбден болады. Есенин ай сөзін 160 рет қолданады.

Сонымен бірге ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамның Аманхан ағамызды сынап жазып жатқаны да, сондай-ақ, Аманхан ағамыздың Серік Ақсұңқарұлын сынап жатқаны да олардың шығармашылығындағы кемшіліктер емес, дүниетанымдарындағы кемшіліктер. Ақындар өлең осылай жазуы керек деген ойдан арылай алмай, көп дүниеге тереңірек үңіле алмай жатады. Эмоцияға қатты беріліп кетеді. Әділ сөзді айтатындар болмағаннан кейін, әрине, сын ақсайды. Әдебиет даму үшін міндетті түрде оның сыны болуы керек. Тек қана мақтаумен әдебиет дамымайды. Жастарымыздың көбісі «мені бір көкем мақтаса, маған сұмдық жанашырлық жасап отыр» деп түсінеді. Содан соң «анау көкем мені Шекспирге, мына көкем мені Пушкинге теңеді» деп өзіне толық риза болып жүргендер көп. Бұл – керісінше қиянат. Ағаларымыздың жастарымызды осылай адастыруын мен оларға жасалған жанашырлыққа жатқыза алмаймын.

Қазір жұрт сынды қабылдай алмайды. Жастарға сын айтсаң жау көріп шыға келеді. Біз әдебиеттің жауы емеспіз. Сыналғанда тұрған ештеңе жоқ. Сынды барлығы естіген. Сонау 1960 жылдардың басында Төлен, Әбіш, Асқар Сүлейменов ағаларымыз да алғы буыннан қатты сындар естіген. Содан кейін мықты екендерін дәлелдеу үшін “Әдебиет былай болуы тиіс” деп өздері сын жазған. Мәселен, Тұрсынжан Шапай ағамыз 1980 жылдардың басында “Алыс пен жақынның арасы” деген керемет үлкен сын жазды. Қазақтың сол кездегі дүркіреп тұрған ақындары Жарасқан Әбдірәшев, Темірхан Медетбек т.б. және ішінде марқұм менің әкем де бар, барлығын тас-талқанын шығарып қатты сынады. Бірақ солардың ешқайсысы өре түрегелген жоқ. Таяуда Тұрсынжан ағамен сөйлескен кезімде «Сыныңыз сол кезде бомба болып, көп адам өкпелеген шығар», – деп сұрасам, ол кісі: «Жоға, ондай ештеңе де болған жоқ. Кең-ағам келді де: «Бала, сен осы өлеңнің ішіне кіріп кетіп талдайсың, соған қарағанда өлең жазасың-ау деймін», – деп таңырқады. Ал Тұмағаң: «Бала сен сынағаннан бері мен өлеңді жақсы жазатын болып кеттім ғой, соны байқайсың ба?» деген. Қатты сынылған ағалары талантты інісімен жауласудың орнына, оған осылай қошемет көрсеткен. Мұндай ірі мінезді жұлдыз ауруына шалдыққан бүгінгі ақындарымыз түсіне алмайтын шығар.

Меніңше, қазіргі әдебиетті өсіру, көркейту үшін міндетті түрде осындай пікір алмасулар болып тұруы тиіс. Орыс әдебиетін алар болсақ, олар Одақтың төңірегінде емес, газет-журналдың төңірегінде қалыптасқан. Жастар дейміз, бақылап оқып отырайын десең, бірақ сол жастардың журналы да жоқ. «Жалын» журналын таза жастардікі деп айту алмаймын. Сондықтан, айына бір рет шығатын, жастарға беретін қаламақысы жолға қойылған бір журнал ауадай қажет. Бүгінгі талантты жастар сол журналдың төңірегінде топтасса дұрыс болар еді.

Портал портал ғой, бірақ ондағы көлемді дүниелерді адам оқи алмайды. Интернетті көп қарасаң көзің ауырады. Әлеуметтік желіден әрі кетсе ақпаратты оқисың, үлкен әңгімелерді, повестерді оқуға журнал ыңғайлы. Сондықтан «Егемен Қазақстанның» жанынан ба, жоқ бөлек пе, журнал ашылса, мықты-мықты дүниелерді сонда беріп, талқылап отырсақ, сең қозғалады деп ойлаймын.

Енді қазақ әдебиетнің әлемге танылуы деген мәселеге келер болсақ, шет тілдерге кімнің мүмкіндігі бар, кімнің қолы ұзын солар аударылып кетіп жатыр. Оған қазір ешкім тиым да сала алмайды. Бірақ ол дұрыс емес. Жақсы, ең мықты деген дүниелер аударылуы керек. Жақында испан тіліне біраз ақындардың өлеңдері аударылды. Қарап шықтым. Ішінде қазақтың көптеген классик ақындары жоқ. Есесіне керемет деп айтуға келмейтін ақындар соның ішінде жүр. Осындай дүниелер аударылған кезде ақылдастар алқасы құрылып, елеп-екшеп, сүзгіден өткізіп отыру керек сияқты. Өйткені, не болса соны шет тілдеріне аудара беретін болсақ, оны өзге жұрт оқиды да «сендердің әдебиеттегі жеткен биіктерің осы ма?» деп күлуі мүмкін. Прозада да қазір солай. Бір жазушылар «Еңбегім пәленбай тілге аударылды, кітабым пәленбай елде шығып жатыр» деп дүниені шулатуда. Мен соны түсінбеймін. Халық мойындаған жазушыларымыздың шығармалары сонша тілге аударылмаған шығар. Сондықтан осындай нәрселерді реттеп отыру қажет. Шыны керек, Әуезовті де Батыс түгіл мына тұрған Ресейдің өзі дұрыс біле бермейді. Біз мақтап, мақтанып, өз қазанымызда өзіміз қайнап жатқандаймыз. Ресейдің мықты-мықты сыншыларының еңбегін оқып отырсаңыз – Айтматовты, Быковты айтады, Абайды да, Әуезовті аузына алмайды. Соған қарағанда бізді әлем мойындап жатыр деп босқа даурығып жатырмыз-ау, шамасы. Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін бәрін жаппай аударта бермей, бір үлкен тұлғаны таңдап алып, тек шығармаларын аударып қоймай, ол туралы жазылған мақалаларды да аударып беріп, сол арқылы әлем оқырмандарының ұлттық әдебиетімізге деген қызығушылығын туғызған абзал.

Ары қарай жастардың әдебиетке қызығушылығы, жастар шығармашылығының жай-күйі туралы жастардың өздері пікір алмасты. Бір айдан кейінгі клубтың келесі отырысында Талғат Ешенұлы мен Қалқаман Сариннің шығармашылығын талқылайтын болып тарқасты.

Суреттерді түсірген Ерлан Омаров

Жиында айтылған өзге де пікірлерді «Төр» әдеби клубы отырысының видеонұсқасынан көре аласыздар:


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар