Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ұлықбек Есдәулет. Тентек Тоқаш (эссе)...

14.02.2018 7591

Ұлықбек Есдәулет. Тентек Тоқаш (эссе)

Ұлықбек Есдәулет. Тентек Тоқаш (эссе) - adebiportal.kz

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі қаламгер Ұлықбек Есдәулеттің эсселер топтамасынан кезекті жарияланымды ұсынып отырмыз. Қазақтың талантты ақыны Тоқаш Бердияров туралы "Тентек Тоқаш" эссесі.

ШЕШЕДЕН БОҚТАУ

Тоқаш Бердияровты алғаш көргенімде, ол өзінің шапаты денесіне өзі сыймай, əлденеге, əлдекімге зығырданы қайнап жүргендей көрінді. Жазушылар одағының бірінші қабатында қарадан-қарап тісін шықырлатып, қара тері биялайлы екі жұдырығын біріне-бірін сарт-сарт ұрып, арлы-берлі теңселіп жүр екен. Шүңіректеу көздері мағынасыз тесірейіп, ұрынарға қара таппай тұрғандай.

Содан болар, сыртынан «бұзық, төбелескіш, тентек» деген сияқты арқалы ақынға «жарасатын» жамау-теңеулер жиі айтылатын Тоқаш ағаның жаңа кітабына редактор болып белгіленгенімде аса қуана қойғаным шамалы. Бірақ оның қолжазбасын екеулеп қолға алғанымызда мен бұрынғы өзім үстірт білетін Тоқаңды танымай қалғандай болдым.

Алдымда шалбарының қыры сынбаған, мұнтаздай, барынша сыпайы, ұстамды кісі отырды. Өлеңдерін мақтағанымда мұздай көзі жібіп, кəдімгідей марқайып, жадырап, арқа-басы кеңіп сала берді. Шындығында да Тоқаш Бердияровтың жырлары ерекше, кедір-бұдыр ойларға толы болғанымен, жазылысы жағынан қамшы салдырмайтындай жорға еді. Менің редактор ретіндегі айтқан талап-тілектеріме екі сөзге келмей келісіп, кейбір өзі байқамай қалған оғаштау тұстарын тап-тұйнақтай түзеп берді. Қолжазбасын тездетіп баспаға жөнелттік.

- Өлеңдерімнің қырқылмай өндіріске кеткені өмірімде тұңғыш рет. Осы жолы ғана. Сенің арқаңда. Əйтпесе маған бұлар не көрсетпеді дейсің... Өзім не көрмедім, өлеңім не көрмеді?.. Бұл жолы бірінші рет. Ризамын, – деді ол. Мұнысына мен де риза болдым. Содан бері Тоқаш аға мені көрсе бұрылып амандасып, іштарта сөйлесіп жүрді.

Айлар жылжып өтіп жатты. Алайда аман-есен аттандырған қолжазбадан хабар болмай кетті. Тоқаңның ендігі сұрақтары:

- Бала, кітап кешікті ғой, версткасы келген жоқ па? – дегеннен басталатын болды. Жаңа келген жас редактормын, жауабым келте.

- Сен иығыңды қиқаңдатқанды қой. Барып, өндіріс бөлімінен сұрап біл. Мен кірсем, бəрі кірпідей жиырылады. Гранка неге кешігіп жатқанын анықта, – деді ол бірде даусын суытып.

Бардым, сұрадым. «Жақында келіп қалар, баспаханада кезек күтіп жатыр», - дегеннен өзге жарытымды жауап ала алмадым. Тоқаштың кітабы туралы бастығым Сағи Жиенбаев та мандытып ештеңе айта қоймады.

Күн артынан күн жылжып жатқан. Баспаның митың жұмысы. Өндіріс. График. Қаптаған қолжазба бас көтертпейді. Ол кезде баспаның тақырыптық жоспарына енген қолжазба, саяси кемшілігі болмаса болды, сөзсіз жарыққа шығуы керек. Көркемдік деңгейі төмен болса автордан бұрын редактор жауапкер. Сондықтан ақындығы шамалы талай автордың талай-талай шалағай өлеңін қайта жазып берген кезіміз болды. Ол замандағы баспаның формуласы: «Кітаптың осалдығы – редактордың кемшілігі». Мұндайда қайтіп бас көтерерсің?

Сондай күйбең-митың күндердің бірінде «Жазушы» баспасы поэзия редакциясының ауыр емен есігі сарт етіп шалқасынан ашылып, ішке иегіндегі бес тал шоқша сақалы шошайып, Тоқаш Бердияров кіріп келді. Босағада тісін шықырлатып, ызғарлана қарап тұрып, табанын жерге қадай-қадай басып, төрге озды. Шетте отыратын менің ұшып тұрып берген сəлеміме пысқырып та қараған жоқ. Бара, төрдегі Сағи Жиенбаевқа шаншыла қарап тұрып, сұқ саусағын шошайтып, бас-көз жоқ: «Өй, шешеңді!..» – деп сіміртіп сыбай жөнелді. Боқтығының аяғын орысшаға ұластырды. Сағи аға сілейіп отырып қалды. Оған қарама-қарсы отыратын ақын Əбдікəрім Ахметов:

- Тоқашжан, саған не болды? – деп қозғала бастап еді, саусағының сұғын тапаншадай бұрып, оған да тарпа бас салды: «Оттамай отыр! Сенің де шешеңді!..»

Енді менен жоғары отыратын Шона Смаханұлы ағамыз қашанғыдай шаңқылдаған ащы даусымен:

- Əй, Тоқаш, тарт тіліңді! Тападай тал түсте жұртты сыпыра боқтап саған не көрінген?! – дей бастап еді, Тоқаң енді оған да бар денесімен шалт бұрылып: «Тап сенің де шешеңді!..» – деп ауыз толтыра сыбады да, ештеңені елең қылмастан, қалай келсе солай тісін шықырлатып, нығарлай басып, сыртқа шығып жүре берді. Бізде үн жоқ, отырып қалдық. Есіктен шыға беріп қайта кірді де, маған да əлгі саусағын шошайтып: «Сенің де шешеңді!..», – деп ауыз толтыра бір боқтап, есікті сарт еткізіп жауып кетті.

Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Біздің ауылда шешеден боқтамайтын еді. Өмірімде мұндай боқтық естіп көрмеген менің бірден қаным басыма шапшып, соңынан сыртқа қалай жүгіріп шыққанымды өзім де байқамай қалдым. Тоқаш аға ұзай қоймаған екен, жетіп барып, ай-шайға келтірмей, ту сыртынан бас салып, құшақтап көтеріп алдым да, дəліздің бұрышына қарай сүйрей жөнелдім. Біздің редакциямыз Жазушылар одағының бірінші қабатындағы ең шеткі бөлмеде болатын. Дəл қапталында, бұрышта, дəліз біткен жерде – подвал басталатын. Шағын денелі Тоқаңды баспалдақпен дырылдатып сүйреген күйі төменге түсіріп, алакөлеңке подвалдың қабырғасына жаныштай, қылқындыра қысып жіберіп: «Неге боқтайсың?! Кітабыңа көмектескеннен басқа менің не жазығым бар?! Сақалыңды жұлып қолыңа берейін бе?!» – дедім ашудан қалшылдап. Тоқаш аға қырылдап: «Əй, əлгілердің бəрін боқтап, кетіп бара жатсам, сен қалып бара жатыр екенсің. Сосын сені де боқтай салып едім», – деді. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Қапсыра қысқан саусақтарым жазылып қоя берді. «Мінезің бар екен. Маған өзің ұнап тұрсың. Жүрші, коньяк əперейін... «Қаламгерден»... – деді Тоқаң түк болмағандай. Енді тіпті не айтарымды білмей қалдым. Жаңағы ашуымның бəрі тарқап жүре берді, қалай күліп жібергенімді өзім байқамай қалдым.

Сөйтіп екеуміз жоғары көтеріліп, «Қаламгердің» барына бардық. Тоқаң екі жүз грамм коньяк пен қара кофе алдырды. Жайласып отырдық.

- Боқтаған себебімді айтайын, – деді ол ашыла сөйлеп, – менің өзің дайындаған, «əне-міне шығады» деп күтіп жүрген кітабымды графиктен келесі жылға ысырып жіберіпті. «Версткасы неге кешікті?» деп сұрай-сұрай, «Кітап фабрикасына» барсам, ондағылар маған баспа бастықтары қол қойған графикті көрсетеді. Сен одан бейхабарсың. Аузыңды ашып жүрсің. Түк білмейсің. Бəрін ана Сағи біледі. Бірақ бəрі ішінде, жасырып, айтпайды. Оның қасындағы менің достарым, сенің ағаларың Əбдікəрім мен Шона да мұны білуі керек. Бірақ олар да баспаның құпиясын авторға ашпайды. Тісқаққан, кəнігі. Оларды боқтаған себебім сол. Ал маған осы жайды сен де білетін сияқты көрініп кеттің. Соны менен жасырып айтпай жүр ме деп, сені де боқтап салдым. Өмірімде қиқаланбаған, ойдағыдай бір дұрыс кітабым шығатын болды ғой деп үміттеніп жүр едім. Өз арқаңда. Авансы неше ай бұрын жұмсалып кеткен. Кітабым биыл шықса, қалған қаламақысы да қолыма биыл тимек еді. Алпыс проценті. Əжептəуір ақша. Айлығы жоқ адамға қаламақыдан басқа не керек? Биыл шығуға тиісті кітабымды келесі жылға ысыратындай мен кімге не жаздым? Мен еш рахат дегенді білмеген адаммын. Жастай соғысқа кірдім. Одан беріде жөні түзу отбасым болған емес. Бар өмірімді осы өлеңге арнадым. Міне, бірақ менің өмір бақи көргенім осындай қорлық. Қайтіп ашынбайын? Қайтіп боқтамайын? Айып етпе, айналайын. Жазығың жоқ екен. «Ер шекіспей бекіспейді». Осылай ағалы-інілі болып жүрейік. Бір сұрайтыным – өліп кетсең де өтірік айтпа. Өмірде де, өлеңде де...

- Тоқа, Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергеновтер туралы айтып беріңізші. Жас кездерінде қандай еді? Солармен де талай бірге жүрген шығарсыз? – дедім мен сəлден кейін.

- Нағыз ақындар еді ғой. Жанып тұрған от болатын. Төлеужан, Төлеген, Мұқағали, Құдаш – бəрі шетінен мықты еді. Ол ұзақ əңгіме. Солардың бəрін араққа үйреткен мен едім. Бəрі өліп қалды. Мен əлі тірі жүрмін.

Даусында тірі жүргеніне масат емес, мұң бар еді. Жалғызсыраудан туған мұң болар. Əлде сағыныш па екен?..

Дастарқанымызға басқалар келіп қалып, əңгімеміз аяқсыз қалды.

ПЫШАҚ ПЕН ҚАМШЫ

Жұмыста отырғанмын. Аяқ астынан қайта-қайта айғайлаған бір ащы дауыс шықты. Баспаны басына көтеріп барады.

«Не болып қалды?!» – деп бөлмеден атып шықтым. Ащы дауыс директордың бөлмесінен естіліп жатыр. Жүгіріп кірсем, ат шаптырым кабинеттің ортасында Шона Смаханұлы ағамыз біреуді жерге алып ұрып, үстіне атша мініп, алқынып отыр екен. Ауық-ауық:

- Тұрсынзада! Адам! Дүйсенбек! – деп өзі ышқына айғайлап қояды. Даусы құлақты кесердей тым өткір-ақ. Қос қолымен аттың жалына жабысқандай желкесінен қатып ұстап алған. Жерге жаныштап, тізерлей мініп отыр. Астындағы иленіп жатқан кісіде тырс еткен үн жоқ. Баспамыздың бастығы Əбілмəжін Жұмабаев ағамыз боп-боз болып, креслосының жанында сілейіп тұр. Əлденеден тілі байланып қалған сыңайлы. Аса мəдениетті, сезімтал кісі мұндай оқыс оқиғадан есі ауып қалған болуы керек.

- Тұрсынзада! Адам! Дүйсенбек! – деп қоймай айғайлайды Шона ағамыз. Ентіксе де даусы əлемге жетіп жатыр.

- Шөке, олар жоқ, мен келдім, – дедім мен.

- Сенің керегің жоқ. Шамаң келмейді. Мынау жатқан ит тұрып кетуі мүмкін. Шақыр ана дəу ағаларыңды! Дүйсенбек! Тұрсынзада! Тез жетіңдер!

- Шөке-ау, не істеу керек? Айтсаңызшы! – дедім мен оның астында етпетінен жатқан кісіге үңіле қарап.

- Шөке, босат, қоя бер... Мен қойдым... – деді астындағы кісі. Даусынан таныдым – жерде жатқан ақын Тоқаш Бердия- ров екен.

- Сен қоймайсың! «Қойдым» дегенің өтірік! Ұлықбек, шақыр деймін Тұрсынзаданы. Шақыр бір-екеуін. Дəулерді шақыр. Сенің əлің келмейді. Бұл қанішер тұрып кетсе, екеумізді де ұрып кетеді. Мен басып отыра тұрамын. Тез жүгір! Осы кезде Шөкеңнің ащы даусына қараң-құраң кісі жиналып қалды. Іштерінде ол шақырған Тұрсынзада Есімжанов, Адам Мекебаев, Дүйсенбек Қанатбаев та бар. Кілең денелі жігіттер.

- Шөке, тұрсаңшы, болды ғой... – дейді əбден жуасыған Тоқаш аға үні құмыға шығып.

- Шона ағамыз орнынан тұра қоймай, Бердияровтың белінде отырған күйі жиналғандарға өз қылығын түсіндіріп əлек:

- Əлгінде директордың кабинетіне қолжазба көтеріп кіріп келсем... Мынау оңбаған... Əбекеңе пышақ салайын деп... жалаңдатып... пышағын кезеп тұр екен. Кəдімгі үлкен пышақ! Қолында! Енді болмағанда Əбекеңді жарып тастамақ! Бастықты пышақтатып қарап тұрайын ба? Жүгіріп келдім де, бас салып, қолын қайырып, пышағын тартып алдым... Өзін жерге алып соғып, содан бері басып отырмын. Құдай қолдап, күш қосты. Қалай алып соққанымды өзім де білмеймін. Енді қоя берейін десем, тұрып кетсе, əл бермей, сабап кете ме деп, қорыққанымнан жібермей басып отырмын.

- Шөке, болды ғой, қоя бер, саған тиіспеймін, – дейді Тоқаш аға тұқырып жатып. Бəріміз жабылып алдымен Шонаны, соңынан Тоқашты орнынан тұрғызып, ажыратып қоя бердік. Тоқаң бойын жазып, үстін қаққыштап тұрып, онсыз да өзіне-өзі келе алмай аңтарылып тұрған баспа бастығына:

- Кітабымды биыл шығармасаң бəрібір бір күні бауыздап кетемін! – деп доқ көрсете шығып кетті.

- Айттым ғой қанішер деп... Өздерің естідіңдер. Көрдіңдер ғой! Міне, мен болмағанда... Нақақ қан төгілетін еді. Құдай айдап кіре қалмаймын ба? Қолында мынадай үлкен пышақ (Шөкең білегін созып көрсетті)! Қайда кетті өзі? Осы жерде жатқан шығар... Қанжар болуы керек! Осы жерде, ешқайда кеткен жоқ.

- Мынау ма? – деп мен үстел астында жатқан бір бəкіге көзім түсіп, жерден көтеріп алып шықтым. Кішкентай ғана бəкі. Ұшы тұтамдай ғана. Қарындаш ұштауға жараса жақсы. Шөкеңнің көзіне зорайып көрінген сияқты. – Тіпті титтей ғой, – дедім мен.

- Жоқ, оның пышағы бұдан үлкенірек болатын, – деді Шона ағамыз бəкіні танымай.

...Бірер апта өтті. Бір күні ойда-жоқта бөлмеге тағы да Тоқаш аға кіріп келді. Өткен жолғыдай емес, түсі жылы, кіреберістегі менің сəлемімді алып, адамша төрге оза беріп еді, Шона ағамыз орнынан қарғып тұрып:

- Кет, оңбаған, кет! Жақындама! – деп даусы шаңқылдап, үстелінің суырмасынан мен көрмеген бір дырау қамшыны суырып алып, төбесінде үйіріп-үйіріп жіберді. Ауаны тіліп ысылдаған қамшыдан лажсыз ыққан Тоқаш аға:

- Ау, Шөке, сəлемдесуге болмай ма? – деп қауіпсіздеу жерге шегініп тұрды.

- Шық деген соң шық, қанішер! Сенің сəлемің де, өлеңің де керегі жоқ! Ендігəрі бұл бөлмеге аттап басушы болма! Шық! – деп Шона ағамыз бұрынғыдан бетер айбат шегіп, қамшысын одан əрмен үйіре түсті. Тоқаң мырс етіп күліп, сыртқа шыға жөнелді.

Кейін осы оқиға тағы бірнеше мəрте қайталанды. Тоқаш кіріп келсе болғаны, Шөкеңнің шаңқ еткен ащы даусы шығып, қамшысы ысылдап қоя береді. Тоқаңның сəлемдесуге шамасы келмей шыға жөнелетін болды.

Бірде Шона аға екеуміз жұмыстан бірге қайттық. Алыстан Тоқаш ағаны көріп қалған мен:

- Шөке, алдымызда, əнеу бұрышта біреулермен Тоқаш Бердияров тұр. Ішіп алған сияқты. Қазір келіп ұрынса қайтесіз? Қорықпайсыз ба? – дедім.

- Несіне қорқам? Жақындап көрсін! Қамшымен тартып-тартып жіберейін! – деді ол.

- Қамшыңыз кабинетте қалған жоқ па?

- Тоқаш сыртта жүргенде қамшымды бөлмеде қалдырып мен жынды болыппын ба? Қамшым өзімде. Қайда жүрсем де алып жүремін, – деп Шона ағамыз жеңінің ішінен дырау қамшысын суырып алып, төбесінде үйіріп-үйіріп қойды. Бұзау тіс қамшы ауаны осқылап, жыланша ысқырды.

ЖҰМБАҚ ТӨБЕЛЕС

Бірде ақын Əнуарбек Дүйсенбиев баспаға келіп: «Мына балдызымды бүгін маған бер», – деп Сағи ағадан мені сұрап алды. Ол кісінің зайыбы, «Қазақ əдебиеті» газетінде корректор болып істейтін Рабиға апай – біздің зайсандық. Əнекең екеуміз «Қаламгердің» барына барып, тауықша қонақтап, аздап кофе ішіп отыр едік, Тоқаш аға кіріп келіп, қарап тұрды. Аздап қызулау көрінді. Екпіні қатты. Мен орнымнан ұшып тұрып сəлемдеспек едім, Əнуарбек аға:

- Сен қозғалмай отыр! – деп мені иығымнан басып, орныма қайта отырғызып қойды. Тоқаң да отыруға ыңғай танытпай, бізге де жоламай, бардың ішінде екі қолын артына ұстап алып, арлы-берлі кезді де жүрді. Ешкіммен сөйлеспейді, еш үстелге отырмайды. Бір кезде белгілі бір жас ақын-сыншының жанынан өтіп бара жатып, отырған орындығының арқалығынан бар күшімен тартып қалып, шалқасынан құлатты да: «Егеуқұйрық!» – деп, қайырылмай ары-бері өтіп кете берді. Мұндай тосын қылықты күтпеген əдепті жігітіміз орындығымен құлағанына қып-қызыл болып ұялып, жерден түрегеп жатты. Бұған күлісіп алдық.

Бір мезгілде Тоқаш аға шөккен түйедей болып отырған Əнуарбек Дүйсенбиевтің қасына келді де арқасынан бір- екі түртті. Құдды есік қаққандай. Əнекең жерге түсіп, екеуі əлдене деп сөйлесіп тұрды. Мен дəл осы кезде назарым басқаға ауып кетіп, екеуінің сөздерін ести алмай қалдым. Байқағаным: топыдай ғана Тоқаш аға өзінен əлденеше есе биік, таудай денелі Əнекеңнің жағасынан сол қолымен бойы жеткенше жымқыра ұстап, оң қолымен əлі жеткенше бірнеше қайтара ұрып-ұрып жіберді. Қимылы өте шапшаң екен, Əнекеңнің шықшытына бес-алты соққы бірінен соң бірі жауып кетті. Бірақ оған алпамсадай Əнекең былқ еткен жоқ. Тіпті шыбын шаққан құрлы көрмей, жоғарыдан маңқия қарап тұрды да, оң қолының жұдырығымен Тоқаңның иек тұсынан бір көміп жіберді. Тоқаң анадай жерге ұшып барып, тəлтіректеп, құламай қалды. Тісін шықырлатып, мойнын ішіне тығып тағы келе жатыр еді, арашаға ұмтылдық; жұрт жабыла жүгіріп, қаумалап, сыртқа алып кетпегенде ақыры не болары белгісіз еді...

- Əнеке, не боп қалды? – дедім мен у-шу басылғасын.

- Итім біліп пе? – деді Əнуарбек аға. Екеуінің неге төбелескендері қасында отырған маған жұмбақ болып қалды.

КІТАП ЖУУ

Тоқаш Бердияровтың сол кітабы ақыры келесі 1980 жылы жарық көрді. Тоқаң көптен күткен бұл жинағына айрықша қуанып, қаламақы алғанда поэзия редакциясындағы редактор інілерін түгел ресторанға отырғызып, жуып беріпті. Ригаға сапарлап кеткен мен бұл қызықтан құр қалдым. Ол кезде «Жазушы» баспасы Жазушылар одағынан «Баспалар үйінің» бесінші қабатына, қазіргі орнына көшкен болатын.

Бірде жұмыстан кейін «Салют» кафесінде Тоқаш ағамен кездесіп қалдық. Бірігіп біраз сыра сыздықтатқан соң ол маған:

- Кітабымды жуғанда қатыса алмадың. «Ештен кеш жақсы» деген. Бір жыл кешіксе де туралмай, күзелмей шыққанына шүкір. Сенің еңбегің сіңді. Бірақ сыбағаңды Бақыткерей Ысқақов ішіп кетті. Жүр, мен саған үйді көрсетейін, – деді. Талантты жас ақын Мəди Қайыңбаев ініміз екеуміз Тоқаш Бердияровқа еріп жөнелдік.

Үйі қазіргі «Атакентке» жақын, Əуезов пен Ботаника бульварының қиылысында екен. Бір қабатты, бірнеше бөлмелі жеке үй. Жеңгеміз басын ақ орамалмен таңып алып, ортаңғы бөлмедегі диванда бүркеніп жатыр екен. Нешінші, қай жеңгеміз екенін білмедік. Бізді көре сала, дыбысын шығара ыңқылдай бастады. Ара-арасында:

- Басымның сақинасы ұстап жатыр. Уһ... Басым-ай, басым-ай! – деп қояды. Мəди екеуміз:

- Алтын жеңеше, қайныларыңыз іздеп келгенде бұл неғылған ауру? Басыңызды көтеріңіз, қазір-ақ емдеп жібереміз, – деп жақындап келіп, бізбен амандасуға басын көтергенде екі бетінен сүйіп едік, жеңгеміз əп-сəтте сауығып, ұшып тұрып, көңілдене шай қамдауға кірісті. Симуляция. Шамасы, Тоқаң қонақтарымен мас болып келіп, мазамды ала ма деген қаупі болса керек. Бойжетіп қалған қызы бар екен. Мəди соған қырындап қояды.

Отырысымыз жақсы болды. Тауып-тауып тост айтып, суырып салып өлең шығарып отырдық. Əңгімеміздің ұзын-ырғасы мынадай:

- Сіздің Қажытай Ілиясовқа «Мен Сəбеңді боқтап кеткен күні сен Сəкенді ұрып кетіпсің» дегеніңізді естіп едік. Сəбеңе неге тиіскеніңізді жөнді білмейміз. Сəбең: «Жазушылар одағын кілең жүліктер қаптап кетіпті. Жүліктер! Милиция шақырыңдар!» – деп қырылдай айқайлапты дейді. Сол қалай болды өзі?

- Басқа пəле тілден. Бəрі өзімнен болды. Сəбең менің қалжыңымды түсінбей қалып, шу шығарды. Əйтпесе боқтап нем бар?

- Не қалжың айтып едіңіз?

- Дəретханада қатар тұрып қалдық. Мен: «Сəбе, кімнің мүшесі үлкен екен, салыстырайық...» – дедім. Сəбең соған шамданып... Шудың соңы мені одақтан мүшеліктен шығару туралы мəселе қозғауға ұласып кетті. Мүшені айтам деп мүшеліктен айырылып қала жаздадым.

- Əнуар Əлімжановпен төбелесіпсіз ғой?

- Төбелес деуге келмес. Алдымен мен оны бір ерегескенде күтпеген жерден шықшыттан соғып нокдаунға жібергенмін. Оның бойы ұзын. Мендей екеу. Сонда да дəл тигіздім. Ал екінші жолы мен баспалдақпен көтеріліп келе жатсам, ол төмен түсіп келеді екен. Бұл жолы ол ұрды. Бірінші хатшымын деген жоқ. Маладес екен. Детдомда төбелесіп өскен бала ғой. Өзі менен жас. Жоғарыдан соқты. Сонда да жығылмадым. Жоғарғы жақтан соғудың преимуществосы болады. Соны пайдалана білмеді. Дұрыс тигізе алмады. Ел айырып жіберді. Əйтпесе... Əнуарға: «Бар соққың осы-ақ па?» – деп күлдім, – деді Тоқаш аға.

Осы тұста ішімдік таусылып қалды. Тоқаң əйелінен ақша сұрап еді, ол аузын қу шөппен сүртті. Мен Мəдиді дүкенге жұмсап едім, «адасып кетемін» деген сылтаумен ол сол үйдің қызын қоса ерте кетіп, бір шөлмек шарап алып келді.

Əңгімеміздің жалғасы:

- Жазушылар одағының соғысқұмарлыққа қарсы бір жиналысында сіз сөз сұрап мінбеге шығып: «Сол соғыстарың болса болсыншы. Ататын бірер адамдарым бар еді», – деген көрінесіз.

- Айтуын айттық қой. Құдай біледі, ондай адамдарым əлі бар, – деді Тоқаң.

- Соғыс біткен кезде немістің Ильменау қаласының гауптвахтасында жатқан жеріңізден сізді Қалмұқан Исабаев шығарып алыпты дейді ғой?

- Ол рас. Қалмұқан сол қаланың əскери коменданты екен. Оның кейін жазушы боларын кім білген?

...Осындай қысыр əңгімемен сол домбай бөтелкені орталаған кезімізде өзімізбен қосыла сілтеп отырған жеңгемізге кенеттен жал бітіп:

- Болды! Бітті! Осы жетеді! Енді ішсеңдер мас болып қаласыңдар! Сондықтан қалғанын мен тығып қоямын! – деп айдынданып, «билікті» өз қолына алып, біздің тостағандарымызға тамызып-тамызып қана құйып, қалғанын тығындап, басқа бөлмеге алып кетті. Тоқаш аға ыңғайсызданып:

- Балалардың өз шарабын өздеріне бұйыртпайсың ба? Өз ақшасына алған жоқ па?.. Менің кітабымды жуып жатыр ғой. Ұят болады. Қой, қайтып əкеліп құй, – деп еді, құлағына да қыстырмады. Уақыт біраз жерге барып қалған екен.

Біз рахмет айтып, қайтуға жиналдық. Тоқаң жалаңаш етіне қой терісінен иленген, жүні ішіне қаратылған жеңсіз бешпент киіп, есік алдына ере шықты. Жеңгеміз де бірге шықты. Тоқаң əлгі шараптан əлі үмітін үзбей:

- Жолаяқ деген болмай ма? Əлгі қалғанын əкеп құйып жібер, – деп қалды. Сол-ақ екен жеңгеміз шаптығып:

- Атауыңды ішкір, атауыңды ішіп болған жоқсың ба?! Енді түк те татырмаймын! Ештеңе де жоқ! Сен де кет осы балалармен бірге! Қараңды батыр! Бар, құры! – деп бар күшімен Тоқаш ағаның желкесінен жұдырығымен түйіп-түйіп жіберді. Қағілез денелі Тоқаң шатқаяқтап барып тоқтады. Көкжелкеден аңдаусыз тиген соққы оңай ма, ауырсынып қалғаны байқалды. Бірақ əйеліне бұрылып, бір ауыз сөз қатқан жоқ. Бізді құшақтап:

- Ал, бауырларым, осыған риза болыңдар! – деп қоштасты. Əншейінде арыстандай айбатты болып жүретін Тоқаш ағаның аяқ астынан сүтке тиген мысықтай болған мына түріне қарап, аяп кеттім. Жол бойы көз алдымда жеңгеміз оны желкесінен түйгіштеумен болды.

Сол сурет əлі күнге дейін көз алдымда...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар