Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мәди Айымбетов: Жазушы кредосы – оның рухани болмысы

15.02.2018 1049

Мәди Айымбетов: Жазушы кредосы – оның рухани болмысы

Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, жаңа леппен бір буын келді. Солардың арасында таңғы шықтай мөлдіреген әңгімелерімен әдеби қауымды елең еткізген Мәди Айымбетов та болды. Бүгінде Мәди аға жиырмаға жуық прозалық кітаптың авторы. Қаламгер өз шығармаларында өмір шындығын шынайы өрнектеп, кейіпкерлерінің жан-дүниесін нәзік иірімдермен аша білген. Көпшілікке көп сыр аша қоймайтын жазушымен жолығып әдебиет туралы әңгіме өрбіткен едік.

- Мәди Айтбенбетұлы, әдебиетке қаламгерлер әр түрлі жолмен келеді...

- Университеттің соңғы курсында жүргенде ойламаған жерден «Қазақстан пионері» газетіне жұмысқа шақырылдым. Ойламаған жерден дейтінім, журналистік қызметті балалар баспасөзінен бастаймын деген ой менде болған емес. Мақалаларым, очерк, суреттемелерім «Лениншіл жас» газетінде жиі-жиі жарияланып, өзімше әжептәуір болып жүрген кезім. Пионер газетіне бас редактор болып келген Фариза Оңғарсынова шығармаларын баспасөзден оқып жүргенім болмаса мүлдем көрмеген, білмейтінмін, апай да мені өзі меншікті тілші болып істеген жастар газеті арқылы сырттай біліп жүреді екен. «Ауылға, облысқа бөліп қойды», «ЦКа-ның жолдама-молдамасы бар» дегеніңді білмеймін, газетке жұмысқа аламын, келесің», – деп, әлгіндей сылтауыма, тіпті өмірі балаларға арнап, қалам түртіп көрмеген менің қобалжуыма қолын бір сілтеп, мәселемді өзінің өр де батыл мінезімен бір-ақ шешіп тынды. Міне, журналистік қадамым өткен ғасырдың 70-ші жылдарының бас жағында осылайша басталды да, әдебиетке, оның ішінде балалар әдебиеті атты таңғажайып әлемнің есігін ашуға деген алғашқы талабым осы кезден басталды. Журналистика әдебиеттің ірге тасы ғой. Бұл мектептен өтпеген жазушы кемде-кем, мүйізі қарағайдай талай-талай классиктердің өзі қаламгерлікті газеттің ыстық-суық тезінен өтіп барып бастаған.

- Жасөспірімдер өмірінен сыр шерткен әңгіме-хикаяттар жаздыңыз. Бүгінгі балалар әдебиеті жайлы айтыңызшы.

- Алғашқы «Тәтті мұң» деген әңгімемді 1972 жылы «Жұлдыз» журналы жариялады, демек, мен өзімнің қаламгерлік алғашқы қадамымды балалар жазушысы ретінде бастаған жоқпын десем де болады. Алайда өз басым әдебиетті адамның жас ерекшелігіне қарай ажырату шартты нәрсе деп білемін. Үлкендерге, жастарға, жасөспірім мен балаларға арналған әдебиет деп бөлу әдебиет пен өнерде социалистік реализмді ту еткен кезеңнің идеологиялық ұстанымы, меніңше. Ұғынуына жеңіл келетін тақпақтар мен дидактикалық әңгіме, ертегілерді балақайлар бастауыш сыныптарда ғана оқып, адам тәрбиесінің эстетикалық негізін қалайтын, көркем оймен сусындататын әдебиетті ең аз дегенде 12 жастан бастап оқи бастауы керек. Максим Горькийше айтқанда, «үлкендерге арналған шығарама қалай жазылса, балаларға да солай жазу керек, бірақ әлдеқайда жақсырақ жазу қажет». Міне, ересектер мен балалар үшін жазылатын шығармалардың ара-қатынасына қатысты нақты өлшем дегеніміз осы. Осы пайымнан келгенде бұлардың арасын бөліп, ара-жігін ажырату қаншалық тиімді?! Әрине, тиімсіз. Айталық, әдебиеттің іргетасы, негізі – ұлттық фольклорды балалардікі немесе ересектердікі деп бөлмейміз ғой. Өз басым жарықтық Тұрағал әжемнің тамылжыта айтатын ертегілерін кішкентайымнан естіп өстім, бастауыш сыныпта қазақ эпосын – батырлар жырын кеш бойы үйдегі үлкендерге дауыстап оқып отыратыным есімде. Мұхтар Әуезовтың әңгімелерін, Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», «Ботагөз», «Сырдария» романдарын, Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдатын» 6-сыныпта оқысам, «Абай жолын» алғаш рет 13-14 жасымда қолыма алдым. Әрине, қазақ классиктерінің осы аталған шығармаларын толықтай ұғынып, көркемдігінің тұңғиық әлеміне сол кезден қанықтым десем, артық болар. Бірақ балалық ынтазарлық әдебиеттің алғашқы кәусар әліппесін осылайша аздап болса да көңіл сарайымда түйсіктеуге мүмкіндік бергені рас.

Балалар өмірі туралы жазылған шығармалардың жақсы озық үлгілері әдебиетімізде болған, бұл Сапарғали Бегалин, Сейтжан Омаров, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Сайлаубай Жұбатыровтың және т.б. есімдерімен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда да балалар мен жасөспірімдер тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгерлер бар, жас ақын-жазушылардың қатары да өсіп келеді. Жазушылар одағының меценаттармен бірлесіп жыл сайынғы ұйымдастырып келе жатқан «Дарабоз» конкурсы, республикалық «Шабыт» фестивалі әдебиеттің осы бағытын дамытуға белгілі бір деңгейде үлес қосып отыр десек, артық айтқанымыз болмас. Солай болғанымен де, бүгінгі оқырмандарға мейлінше танымал болған шығармалар көп емес-ау, сірә. Мұның бір объективті себебі қазақ кітабының таралымы аз және жас оқырмандардың виртуальды ақпаратқа жаппай көше бастауы дер едім. Қысқасы, балалар әдебиетінің алтын кезеңі меніңше өткен ғасырдың еншісінде, ал жақұт кезеңі қашан туады, мұны келешек көрсетер...

- Шығармаларыңызда өзіңіз туып-өскен Құмөзек ауылының адамдарын, солардың болмысын түрлі психологиялық штрихтармен өріп, қоғамға, өмірге деген ойларыңызды астарлап жеткіздіңіз. Жалпы, шағын жанр оң жамбасыңызға келеді деп ойлайсыз ба?

- Құмөзек – балалық шағым өткен ауылдың образдық атауы. Өркеш-өркеш аппақ құмдардың жиегі – неше алуан балауса шөп өскен көкмайса шабындық, көкорай шалғын... Кейіпкерлерімнің көпшілігі де осы мекеннің тұрғындары, өзім көрген, өзім білетін адамдар. Жалпы, әңгіме – кейіпкер характерін мейлінше ұтымды әрі қысқа штрихтармен ашуға, образды типтендіруге, оқиғаны оймақтай қалыпқа сала қоюға өте ыңғайлы әрі қиын жанр. Көпсөзділікті көтермейтін, егер сәтті шықса, оқырманды жалықтырмайтын жанр. Хикаяттар да, роман да жазылды, бірақ әңгіме жазуға қашанда бүйрегім бұрады да тұрады. Іріктеп, екшеп, саралап дегендей, 5 томға жинақтаған шығармаларымның үш томына – әңгімелерімді енгізгенмін. Мұның екі томы 2016 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді де, қалған үш томы әлі баспада жатыр...

- Кейінгі жылдары жазылған көркем дүниелеріңізде адамның жалғыздығын терең бойлап жазып жүрсіз...

- Адамның жалғыздығы деген проблема – адам болмысынан туындайтын мәселе, сол жалғыздықтың астарындағы өмірдің әрқилы құбылысын, шындығын беру арқылы образды ашу. Көркем шығармада бұл тәсіл психологизиммен де астасып жатады. Адам психологиясын дәл біліп, тап басу – шығармашылықтағы өте күрделі процесс. Еуропа, Латын Америкасы, Шығыс (Жапония, Қытай), орыс әдебиетінің, өзіміздің қазақ әдебиетінің әргі-бергі кезеңдеріндегі классикалық шығармаларында осы жалғыздық образын жасаудың не бір керемет үлгілері бар, оны санамалаудың қажеті болмас. Менің ұғымымдағы адами жалғыздықтың философиясы – әрбір адам өмірге, бүкіл жан-дүниелік болмысымен дара, жалғыз болып келеді де, дара қалпында өз өмірін кешеді, сол күйінде дүниеден өтеді. Бұл арадағы басты мәселе, адамның белгілі бір ортада өзімен-өзі жападан-жалғыз болып жүруі туралы емес, адамның рухани жағынан, өз мұңы, өзіндік ой-санасымен өзінше дара болмысты болуы жөнінде болса керек. Көркем шығармада бұл өзекті де шынайы тәсіл, кейіпкер арқылы жазушының өмірлік кредосын айқындайтын тәсіл.

- Бала күнімде «Бөтен адамдар» атты радиопьесаңызды тыңдап едім. Бірақ сіздің одан басқа драматургиялық туындыларыңызды көзім шалмады...

- Осы сұрақты оқырмандар арагідік болса да қойып жүреді. Бірақ драматургиялық шығарма жазумен шындап айналысқам жоқ. Қолжазба күйінде сақталған бір-жар пьесаларым бар, театрларға ұсынған жоқпын, өйткені сахналақ шығарманың прозаға қарағанда өзіндік ерекшелігі – өмір көрінісін тартысымен, шиеленісімен, динамикасымен, түйін-шешімімен сахнаға сыйғыза білу, сахналық сөз арқылы адам жүрегіне жеткізіп, бейнелей білуде. «Бөтен адамдар» – Қазақ радиосында кезінде «Қазақстан радиотеатры» деген бір сағаттық бағдарламаның арнайы тапсырысымен жазылған дүние болатын, алтын қорда сақталғандықтан қазіргі анда-санда эфирге жіберіп тұрады. Басты рөлде Бикен апай Римова ойнаған еді, апай кейіннен маған театр сахнасына арнап, ауылдың осындай бір кемпірінің, өмір тауқыметін көп көрген ананың образын ашатын драма жазып берсейші деп өтініш те айтқан. Шынымды айтсам, жүрексіндім. Жазушы, әрине, белгілі бір дәрежеде драматург те қой. Прозалық шығармада өмір драмасы да, немесе өмір комедиясы мен трагедиясы да болады, алайда, ол сахналық туындыға айналуы үшін сахнадағы көріністік сипатқа тән өлшеммен өзгешелеу жазылуы тиіс.

- Ұзақ жылдар бойы ҚР Парламент Сенатында Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі болдыңыз. Біздегі заңдардың дені (бәрі десе де болады) орыс тілінде жазылады. Осы саланың маманы, кәсіби аудамашы ретінде айтыңызшы, заңды қазақша жазуға қандай кедергі бар?

- Басты және жалғыз кедергі – бұл мәселеде әлі күнге шейін «көз – қорқақ, қол – батыр» деген қағиданы ұстана алмай отырғанымыз, заңды ана тілімізде жазуға жүрексінетініміз. Әйтпесе, бүгінгі таңда заңнама терминдерінің қоры бар, ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде қабылданған заңдардың қазақша мәтіндерінде ұлттық заңнамамыздың өзіндік стилі, заңнама лексикасының қалыптасқанын жоққа шығара алмаймыз. Басқа тілдермен қатар, ана тілін жетік меңгерген, жаза алатын заңгерлерді де, лингвистерді де табуға болады. Қазақша аудармасы жасалатын орысша заңның өзі негізінен ағылшын тілінен аударылатыны белгілі, сол орыстілді стильдік мәнері кедір-бұдыр мәтінді қазақшалағаннан гөрі, өз тілімізде тұпнұсқалық заң жазу – ұлттық мүддемізді сақтап қалудың да бірден-бір шарты. Содан кейін оны орыс, ағылшын, басқа тілдерге аудара беріңіз. Енді таяу болашақта латын алфавитіне көшеміз деген үлкен мақсат тұр алда, заңнамамызды өз тілімізде жазудың қажеттілігі өзекті бола түсетін кез сонда туатынын бүгіннен бастап есте мықтап ұстап, әрекеттенген жөн...

- Қоғамдағы қандай мәселелерге жаныңыз ауырады?

- Бұл біріншіден, жазушы ретінде ойлансам, тілімізге қатысты мәселе. Қазіргі жас буын, әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген, халыққа әртүрлі әлеуметтік, мәдени, медициналық қызмет көрсету саласындағы жұмыс істеп жатқан жастардың, мамандардың өз тілін, мемлекеттік тілді өз деңгейінде қолданбайтыны, нақты айтқанда, қастерлей білмейтіндігі, әрі-беріден соң менсінбетіні жанды ауыртады. Қызметте былай тұрсын, күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімен өз тілінде сөйлеспейді. Ойланатын мәселе көп, бұл осы шетін мәселенің бір ғана парасы. Бұлар енді рухани жағынан қалайша жаңғырмақ деп ойланасың. Рухани жаңғыру үшін алдымен адам ұлттық мәселенің қай-қайсында да рухани жағынан таза да биік болуы тиісті емес пе?!

- Елордаға алғашқы лекпен келген жазышының бірісіз. Бас қаланың шығармашылығыңызға ықпалы болды ма?

- Сөз жоқ, әсерін тигізді деп айта аламын. Астанадағы жиырма жылдың ішінде бірқатар жаңа шығармалар жазылды, 10-нан астам кітабым жарық көрді, оның біразы орыс тіліне де аударылды. Жаңа астанада жаңа орта қалыптасты, талай адамдармен танысып, жүздесудің сәті түсті. Жалпы адам өмірінде болатын өзгеріс атаулының бәрі оның танымына, айналадағы тіршілікке деген көзқарасына әсерін тигізбей қоймайды. Астанаға қатысты өзімнің жеке ой-пікірімді кезінде «Есілдің арғы беті, бергі беті» деген тақырыппен жарық көрген көсемсөзімде жазғанмын...

– Көбінесе бұйығы, жеке жүресіз. Ырду-дырдуың ортасынан көріне бермейсіз. Табиғатыңыз сондай ма, әлде көп алға ұмтылуды ұнатпайсыз ба?

- Әр адамның өзіне ғана тән табиғаты, жаратылысы, мінез-құлқы болатыны дәлелді керек етпейтін ақиқат, менің де болмысым өзгеге ұқсамай жатса, адами өзгешелігім болар. Ал жалпы бар ғой, өзіме қажетсіз деп танитын дабырасы көп жиыннан алыс жүруге тырысатыным рас, бірақ бұл бұйығылыққа, жеке басын күйттеушілікке жатпаса керек-ті. Екі жүзділер, мақтангөйлер, мансапқойлар жүретін «ырду-дырду» орта тынысымды тарылтады. Ал алға ұмтылуды ұнатамын, онсыз тіршіліктің мәні қайсы!? Бірақ баса-көктейтін, «өзім, өзім ғана» дейтін пендешілігім де, марапат құмарлығым да, дарақылығым да жоқ. Тура айтатын, керек жерінде ойымдағыны бүге алмай қалатын кемшілігім де бар шығар, пендеміз ғой. Өзім туралы өз аузыммен айтқаным, бәлкім, онша дұрыс та емес, әрине, бірақ бойымдағы бар қасиетім осы...

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Азамат ЕСЕНЖОЛ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мәди, Айымбетов, қазақәдебиеті, сұхбат
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар