Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кіршіксіз музейге сапар...

19.02.2018 3560

Кіршіксіз музейге сапар

Кіршіксіз музейге сапар - adebiportal.kz

(Орхан Памуктың «Кіршіксіз музей» романына арқау болған Ыстамбұлдағы шағын махаббат музейіне сапар)

2016 жылдың мамыр айында сәті түсіп, салиқалы сапарымды тылсым да сырлы тарихи қала Ыстамбұлдағы «Кіршіксіз музей» (Қазақстандағы басылымында бұл кітап «Сезім музейі» деп аударылған. Біз автордың жазбасында қолданылған «Кіршіксіз музей» атауымен беріп отырмыз. Ред.) деп аталатын қасиетті тұрақтағы екі ғашықтың тоғыз жылдық махаббат өмірінің куәсі болған орынды өз көзіммен көрсем деген көкейкесті арманның жетегінде бастағанмын.

Екі ғашықтың ғажайып махаббатпен басталып, трагедиямен аяқталатын «Кіршіксіз музей» романы Түркия халқының әйгілі жазушысы, 2006 жылғы Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың әлемге танылған шығармасының бірі еді. 2008 жылы Түркия баспасынан алғаш рет жарық көрген бұл романды Қытайдың «Шаңхай халық баспасы» мен «Ғасыр баспа тобы» 2010-2011 жылдар арасында төрт рет басқан. Осы басылым негізінде 2014 жылы алғаш рет «Шынжаң ғылым-техника» баспасынан белгілі аудармашы Нұрлан Мұқатайұлының қазақ тіліне аударған нұсқасы қолымызға тиген. Осы арқылы оқырмандарға «жүрек кез-келгенді таңдамайды. Сәті келгенде өз сыңарын тауып, егіз жүректің дүрсілін екеуара еститін, сезімдердің кейіпкерін адам емес жүрек таңдайды» дейтін пікірдің рас екенін дәлелдеген.

Жүректерін жылытысып, іңкәрлікпен көңіл жарастырған 44 реткі кездесудегі оның елесін, иісін, көлеңкесін, бақытты сәттерін көз алдына елестетіп, сол пәтерде отырып меңіреу күй кешкен Кемал Фусунға қайта кездескенше арада өткен 339 күндегі жігерінің құм болып, салы суға кетіп, өлінің күйін кешкен күндердегі өткен әрбір минут, секундтарын түгелдей жан төзгісіз азаппен өткізген болса да, онымен кездесетінін ойлағанда барлық қайғыдан арылардай қуанатын. Алайда Фусунның азаптан арылу үшін күйеуге шыққаны Кемалдың ойын құлазыған тұңғиыққа батырып, жүрегін мұздай қатырып, қара тасқа айналдырып жібереді. Тұп-тура жеті жыл, он ай Фусунның дидарын көру үшін әр күні кешкі астан кейін ол тұрған тұрақжайға бару оның әдетіне айналған. Кемалдың 1976 жылы 23 қазан сенбі күні Фусун отбасына алғаш қонаққа барған күнінен 1984 жылдың 29 тамыз жексенбі күніне дейін 2864 күн ішінде аптасына төрт рет барып, сол үйден дәм татқанын есінде сақтапты.

Ғашығының қасында жүріп, сегіз жыл күткені басқалардың мазағына қалатын сөлекет қылық, есі кеткен құштарлық емес, қайта дәл қазір арада жыл жылжып, ай аунап өткеннен кейін ойға алғаныңыздай Фусунның үйіндегі сол ас үстелінде өткен 1593 бақытты кештері еді. Кемал 4213 темекі тұқылын музейге қояды да, оның әрбірінің астына қай жылы, қай күні алғанын ескертіп жазып отырған. «Мұны көрген қонақтар музейді қоқыспен толтырды деп ойламауын үміт етемін, себебі мұндағы әрбір темекі тұқылының пішіні түгелдей Фусунның оны өшірген кезде сезінген жан сезімі мен аласапыран көңіл-күйінің айғағы және гүл ерінінің табы қалған» деп баяндапты Кемал. Оны жар етіп алатынын ойлаған Кемал 9 жыл көкірегін торлаған қайғы-ренішті ұмытып, төңірегі гүлге оранғандай шексіз бақыт құшағында тербеледі.

Кемалдың әкесі ширек ғасыр айдаған Chevrolet машинасын жүргізіп келе жатып, осы көлікпен бақытты күндерінің де соңғы аялдамасына таяп қалғанын, автокөлікті Кемалдың жан ақайына қарамастан Фусун 105 км жылдамдықпен, тарам-тарам тамырын тереңге жібергеніне 105 жыл болған қарт үйеңкіге соғылғанын, ғұмырының соңғы сапарына құлай сүйген ғашығымен бірге аттанатынын, жастық көктемі нұр жайнаған «болашақ жары» Фусунға күле қарағанын, өкініштері мен қуаныштарын баяндауы өзегіңді өртейді. Кемал бірер айдан кейін ақырындап аяққа тұра бастаған соң Фусунға деген сағынышын мәңгі есте сақтау үшін одан қалған барлық дүниелерді мұра етіп қалдырып, қалған өмірін сол елеспен өткізермін деген жоспарын жасайды да, музей құру жұмысын бастап кетеді.

ХХ ғасырдың 90-жылдарында Ыстамбұлда жеке музей атымен жоқ еді. Фусуннан айрылған 15 жылда дүниенің түкпір-түкпіріндегі 5723 музейді аралап, ондағы мұрағатшылармен пікір алмастырып, тәжірибе қабылдайды. Әлемнің әр түкпірінен Фусунның қолданғанына ұқсас заттарды сатып әкеліп, өзінің бұрынғы Перхамет сарайына жинайды. Осы заттарды және Несібе апайдың тігіншілік өнеріне қатысты ескі заттарын, тігін машиналарын, әкесінен қалған мүліктерді, бәр-бәрін сол мұражайға ретімен орналастырады.

Орхан бұл романды 10 жыл жоспарлап, 4 жыл жазады. Автордың Бас кейіпкер Кемалды махаббат тұзағына түсіріп, оның Фусун үшін құрбан еткен барлық өмірі мен музей құруға қыруар экономикасын сарп еткенін және осы жолдағы сарылған сағынышы мен жаралы жүрегінің күйін бейнелеген шеберлігіне тәнті боласың. Сондықтан да шығар, осы «Кіршіксіз музейдегі» адал махаббатқа тәнті болып, оқып, сезінген дүниелерді өз көзіммен көруді асыға армандап, аңсарым ауған оқырманның бірі – мына мен үшін мұның әсері тіпті ғажап еді.

«Бұл романның бас кейіпкері Кемал Басмажи Мырзани 2007 жылы 12 сәуірде, яғни, Фусунның тірі болса 50 жасқа толар құтты күнінде, Миландағы өзі үнемі тұрақтайтын қонақүйдің Манзони көшесіне қараған кең бөлмесінде, таң атып келе жатқан мезгілде, 62 жасында жүрек бұлшықетінің өлеттенуі науқасынан бақиға аттанды» деп романды аяқтайды да, оқырманға өкінішті ой арқалатады.

Сонымен музейге кіре салысымызбен ондағы қызметкерлер дыбыс шығарып сөйлеуге, фотоаппараттың жарқылына шектеу салды. Үнсіздік ішінде осы музейдің құрылуына себепкер болған кейіпкерлердің ең алғаш танысқаннан өмірінің соңына дейінгі сәттері махаббаттың құдіретті күшін бірден сезіндірді. Фусунға деген сарғайған сағынышты бейнелеу үшін сарғыш реңге боялған терезелер, терезе түбіндегі ай нұрына шомылған талшын ағаштар. «Қамшының сабындай келте ғұмырды мәнді де сәнді өткізген рауа, бір адамды сүйсең адалдықпен, жан-тәніңмен сүй, ешқашан өкінбестей өмір өткіз» дейтін әке мүсінін де осы музейге қойған екен.

Музейге кіреберістегі ортада 2014 жылы берілген Еуропадағы үлгілі музей атағын еншілеген сыйлық орнатылған. Бірінші қабаттың оң жақ қабырғасында Фусунның 1976 жылдан 1984 жылға дейінгі сегіз жылда тартқан, «гүл ерінінің табы қалған» 4213 темекі тұқылы түгелдей ретті тізілген. Мұны құпиясын тек өзі ғана білетін ауыр қайғы мен белгісіз бақыттың елесі сіңген қасиетті заттар ретінде бағалаған сияқты. Сонымен бірге жанындағы қабырғада Фусунның темекі тартқандағы қолының қимылы шағын ғана тоғыз экранда қойылып тұр.

4213 темекі тұқылының бәрі түгелдей Самсун (Samsun) маркалы темекі. Мен мұны қызық көріп, музейден шыққан соң базардағы азық-түлік дүкенінен әдейі сұрап, осы маркалы темекінің күні бүгінге дейін бар екенін білдім. Тіпті, бір қорабын сатып алып, ондағы никотиннің мөлшеріне назар салдым. Ол біздің елдегі әйелдер тартатын, никотин мөлшері бір пайызға да жетпейтін жіңішке темекі екен.

Ал екінші қабаттың баспалдақ сүйенішін әйнекпен қаптап, оның ішіне Фусунның әртүрлі үлгідегі қол сағаттары мен әкесі Тарк мырзаның сегіз жылда әлденеше рет алмастырған қойын сағаттары қойылған. Екінші қабатының бір қабырғасына Фусунға қатысты болған, оның қолы тиіп, көзі түскен заттар мен екеуінің әр күніне ортақ көңілді-көңілсіз сәттерінің естелігі ретінде көркем көріністі Кутакия маркалы күлсалғыш, Фусунның стаканы, әйнек рюмкасы, кейде Фусун ызаланғанда қолына алып үгіп жіберердей мытып, шерін таратқан ұлу қабыршағы, Фусунның балалық шағын елестететін шаш түйреуіштері, ұзақ аймаласқан ең бір бақытты, ләззатты сәтінде құлағынан төсекке түсіп қалған салпыншақ сырғасы және Фусунның балалық шағынан басталған суреттері, видео материалдары, киім-кешек, иіссу құмыралары мен отбасының тұтынған барлық тұмыстық бұйымдары, шешесі Несібе апайдың тігіншілік қол машинасы, жіптер, қайшы, Фусунды Мерхамет сарайында зарыға күтетін күндердегі сол он бес минутты қалай өткізгенін, Фусунның бұл араға келмейтінін бірте-бірте қабылдаған қараңғы көңіл-күйін айна қатесіз айтып бере алатын қоңыраулы сағат пен сіріңке қорабы, екеуінің алғаш кездескен күні шәй ішкен стакандары, тіпті, Фусунның тіс шөткесі де сақталған. Романда жиі қайталанатын сол кездегі әрбір басқосу мен көңілді кештерде ішілген Раки шарабының құмырасын да көре аласыз. Қазір де сол шарапты қаланың кез-келген дүкендерінен сатып алуға болады. Темекімен қоса Раки шарабының бір құмырасын сатып алып, бірге жүрген сапарластарыма ауыз тигізіп, оларға бір күндік бөгенайы бөлек саяхатымда қай жерге барып, не көргенім жайлы ұзақ әңгіме шерттім.

Қарсыдағы қабырғаның жартысы роман авторы Орхан Памук мырзаның бұл шығарманы жазу барысындағы барлық түпнұсқадағы қолжабалары мен үлкен кітап сөресі орналасқан. Бұл романның халық жүрегінен орын алғаны соншалық, кітап сөресінде «Кіршіксіз музейдің» әлемнің әр тілінде жарық көрген нұсқалары тізілген. Тек қазақ тіліндегісі ғана жоқ екенін сездім. Музейді көруге өзге елден келген үш бойжеткен мен екі жігітті кездестірдім. Махаббатты шын сезіммен, жүрегімен сезінген адамдар мейірлі болатын шығар, олардың жүзінен мейірімділік пен іңкәрлікті сезінгендей болдым. Көз – көңілдің айнасы, бір-бірімізбен тілдесе алмасақ та не мақсатпен, нені көргіміз келгенін іштей сезініп, музейдегі барлық заттарға ыждағатпен үңіле бастадық.

Үшінші қабат Фусунның жеке бөлмесі екен. Онда төсек, төсектің үстінде Фусунның ұйқы киімі мен бір киім салынған шабадан және бала кезіндегі велесипеді сол қалпында тұр. Төсектің аяқ жағында саяхатшылар тыныстайтын ұзын орындық қойылыпты. Қабырғаға «әркім бақытты өмір сүруді білсін» деген жазылған. Осы секілді Орханның өмірден қорытқан әртүрлі ой орамдарын бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейінгі баспалдақтың қапталындағы қабырғағадан көре аласыз. Бұл сөздер бізге шексіз уақыттың мезеттік қонағы болғандығымыз үшін де әр күннің қадіріне жет деп тұрғандай сезілді.

Көңілді шақтың көзайым сәттерінің тез өте шығатыны бар. Сонымен, Түркия еліндегі саяхатымыздың санаулы күндері бітіп, қайтар күні таң бозынан бұл музейге екінші рет қайталай ат басын бұрдым. Алғаш барғандағыдай емес, ондағы қызметкерлер көне таныстардай жылы шыраймен қарсы алып, бізге жол бастады. Қабырғалардағы таныс көріністерге көз салып үстіңгі қабатқа көтерілдік. Музейден Германиядан келген, жастары егде тартқан үш саяхатшыны жолықтырдық. Шетелде сізбен бір бағыттағы саяхатшылар жылы шыраймен амандасып, таныса жөнеледі екен. Қасымдағы сапарласыммен тез тіл табысты. Олардың Германиядан арнайы осы музейді көру үшін келгенін біліп, махаббаттың жер бетіндегі күллі адамзатқа ортақ құдіретті күшке ие екенін, оның ұлтқа, жасқа бөлінбейтінін, шынайы ғашықтарда болатын киелі сезім екенін тіпті де терең сезіне түстім.

Музей қызметкерлері біздің Қытайдың Шыңжаң автономиялы аймағының Үрімжі қаласында тұратын қазақ ұлты екенімізді, бұл кітаптың қазақ тілінде баспадан шыққанын, менің «Кіршіксіз музейдің» қазақ тіліндегі нұсқасын арнайы музейге табыстауға келгенімді білгенде, ризашылығын білдіріп, музейде бізбен суретке түсуді өтінді.

Әдейі ала барған қазақ тіліндегі бұл «Кіршіксіз музейге» екі тілде қолтаңба қалдырып, Ыстамбұлдағы «Кіршіксіз музейге» табыстадым да, төменгі қабаттағы Орхан Памуктың кітаптары сатылатын шағын кітап дүкеніне түсіп, «Кіршіксіз музей» романының түрік тіліндегі нұсқасын осы бір естен кетпес сәтті сапарымның естелігі ретінде, әрі сол күнгі туған күніме орай қымбатты сауға ретінде өз-өзіме сыйлық жасадым.

Сонымен бұл сапардың да көздеген көмбесінен көңілді күй кешіп, «Кіршіксіз музей» орналасқан қызыл үйді қимай әлсін-әлсін артыма қарайлай аттандым.

Майра ӘУЕЛХАНҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар