Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бексұлтан Нұржеке: Ерекше тағдыр иесі

22.02.2018 586

Бексұлтан Нұржеке: Ерекше тағдыр иесі

Бүгін жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлының туған күні. Жазушының "Ерекше тағдыр иесі" атты мақаласын ұсынып отырмыз.

Көзi тiрiсiнде бiр томға татитын, ал өлген соң төрт том кiтабы шыққан ақын.

Ол – Мұқағали Мақатаев. Мұқаң «дәл қырықтың бесеуiнде» «ұйқтап кетсем болғаны төсегiмде» деп өлең жазып, «дәл қырықтың бесеуiнде» ұйқтап кеттi.

Тұңғыш кiтабы «Ильич» 1964-жылы жарық көрсе, көзi тiрiсiнде жарық көрген соңғы кiтабiы «Өмiрдастанға» 1976-жылдың 2-ақпанында басуға қол қойылыпты. Осы он екi жылдың аралығында оның он бiр кiтабы жарық көрiптi: «Ильич», «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдiң бе?», «Мавр», «Шөп жапырақтары», «Сонеттер», «Құдiреттi комедия», «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйқтағанда», «Шуағым менiң», «Өмiрдастан». Бiр қарағанда, бұл оған жасалған ғажап қамқорлық секiлдi. ́Өйткенi оның кiтабы жыл сайын дерлiк шығып тұрыпты. Кеңес заманында ондай жомарттық әркiмге жасала бермегенi белгiлi. Алайда солай бола тұра неге кейбiреулер Мұқаң тiрiсiнде әркiмдерден, үлкендi-кiшiлi бастықтардан қысым көрдi, қолдау таппады дегендi қайта-қайта айта бередi? ́Өйтiп айту үшiн дәлел керек емес пе? Ал дәлел болмаса, ол не жалаға, не өсекке жатпай ма?

Жалпы, көзi тiрiсiнде Мұқағалидың аты аса шыға қоймағаны рас па? Рас болса, оған не себеп? Мұны бұрын зерттеп, екшеп айтпасақ та, ақынның сексен жылдығына орай осы сөздiң түбiне бiр ой жүгiртiп көрсек болмас па?

Ол, шынында, көзi тiрiсiнде көп ақынның бiрi болып қана жүрдi. Оның шын мәнiнде мықты ақын екенiн бiрен-саран адам бiлдi, бағалады, тiптi ептеп айтып та жүрдi, бiрақ оны жалпақ жұртқа жеткiзу, дабырайта айту тым қиын едi, өйткенi оның жыл сайын дерлiк шығып жатқан жыр жинақтары шетiнен жұп-жұқа, кiп-кiшкентай кiтапшалар болатын. Оларды оқыған кез келген адам: «Өлеңдерi жақсы екен, бiрақ аз екен, жаңа жазып жүрген бiреу шығар», – дей салуы әбден мүмкiн едi. Себебi қанша жақсы болғанмен, аз өлең адамды тұшынтпайтын, әлденесi әлi де болса жетпей жатқандай, мына жақсы өлеңдер әншейiн кездейсоқ туа қалған бiр топ сәттi өлеңге ұқсап, шынымен мықты ақын болса, неге көсiлтiп көп жазбайды, кiтабы неге кiтап құсап шықпайды деген сияқты дүдәмалдар көкейде тұратын. Осының ақ, қарасын анықтау үшiн, оның кiтаптарын қолға алып қарасақ, Мұқаңның көзi тiрiсiнде шөмiштен қағылғаны рас екен. Бiздi бұл тұжырымға келтiрген – мынандай жағдай.

1979-жылы Мұқаң қайтыс болғаннан кейiн жарық көрген бiр ғана «Өмiр-өзен» кiтабының көлемi (14 жарым баспа табақ) көзi тiрiсiнде жарық көрген мына бес кiтабының көлемiмен барабар болып шықты: «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым, келдiң бе?», «Мавр», «Дариға-жүрек», «Шөп жапырақтары». Оның көзi тiрiсiнде шығарған ауыз толтырып айтатындай ең үлкен әрi қатырқалы кiтабы «Құдiреттi комедияның» аудармасы мен таңдамалысы «Өмiрдастан» ғана екен. «Өмiрдастанның» өзi өлерiнен бiр ай бұрын ғана жарық көрдi, сондықтан оны жұрт ақын қайтыс болып кеткен соң оқыды. Соған қарағанда, «Тағдырдың бiр жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – дегендi ақын ақшаға ғана қатысты емес, пейiлге де жарымағандықтан айтқан болу керек. Өзi ғана емес, өзге де қатарлары өстiп шетiнен шөмiштен қағылып жатса, әрине, Мұқаң «жiгiтiнен қазақтың дос таба алмай» «жылай жүрiп, өтiрiк күлмес» едi. Оны ендi айттың не, айтпадың не? Бiрақ, қалай болғанда да, ақынның мұндай жағдайға қуана қоймағаны хақ. Алайда тектi ақынның осындай қысымды анадан көрдiм, мынадан көрдiм деп, атын атамай, түсiн түстемей өткенiне тек таңданасың. Бiреудi теуiп, бiреудi тiстелеп жанжалдаспай, жан жарасын өлеңiмен жалап, жарым көңiлiн өлеңiмен жамап, болашаққа арызын жазып, аманатын айтып, ардақталар күнi әлi алда екенiн өзi болжап, өзi бiлiп, өзi айтып кеттi. Ең ғажабы сол: бәрi сол айтқанындай, сол болжағанындай болып шықты. Ол кәзiр «жиырмасыншы ғасырдың құрдасы» болып қасымызда, өлең сүйген қауымның құшағында жүр. Оған ел куә, ұрпақ куә.

Көрегендiгi ғажап емес пе?!

Осыдан он жыл бұрын жетпiс жылдық тойында: «Артында мұншалық жарияланбаған мол мұрасы қалған ақынды қазақ бұрын-соңды бiлген де емес, көрген де емес», – дегем. Шынында, солайы солай ғой. Бұл жағынан Мұқаңның тағдыры – айрықша тағдыр. Егер тiрлiгiнде әлдекiмдерден қысым немесе iштарлық көрмесе, соның бәрi неге өлгеннен соң ғана жарық көредi? Өлген адам өлең жазбайды ғой? Бiрақ, өкiнiшке орай, кешегi кеңес заманында бүкiл жазғанының тек төрттен бiрi ғана кiтап болып шыққан қазақ ақыны тек Мұқағали ғана. Нанбасаңыз, қараңыз.

1979-жылы «Жазушы» баспасынан «Өмiр-өзен» атты өлгеннен кейiнгi тұңғыш қатырқалы кiтабы жарық көрдi (қатырқа мұқаба тек көлемдi кiтапқа берiледi). Оған кiлең ешбiр кiтабына енбеген өлеңдерi жинақталды; 1981-жылы елу жылдығына орай Сәрсенбi Дәуiтовтың құрастыруында «Жалын» баспасынан балаларға арналған тұңғыш кiтабы «Бәсiре» деген атпен жарық көрдi; 1982-жылы «Жазушы» баспасы екi томдығын шығарды; 1984-жылы «Жалын» баспасы бұрын еш кiтабына енбеген өлеңдерiн топтастырып «Шолпан» атты қатырқалы жыйнағын, 1991-жылы бұрын белгiсiз болып келген «Күнделiгiн» шығарды; 1991, 1993-жылы «Жазушы» баспасы үш томдығын шығарса; 1994-жылы, ақын қайтыс болғаннан кейiн 18 жылдан соң, «Жалын» баспасы бұған дейiнгi еш басылымдарына енбеген өлеңдерiн құрастырып «Жылап қайттым өмiрдiң базарынан» атты жаңа жыр кiтабын шығарды. Сөйтiп Мұқаң өзi өлгеннен кейiн 18 жылдан соң да оқырмандарына жаңа өлеңдерiн жолдап жатты. Мұндай тағдыр қай елде, қай ақынның басынан өткенiн мен бiлмеймiн. Бiлетiнiм: қазақта Мұқағалидың ғана басынан өттi. Айтатыны жоқ, таңғажайып тағдыр!

1999-жылы «Жалын» баспасы «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» атты жаңа кiтабын шығарды, оған ақынның бұрын еш жерде жарияланбаған бала күнiнде жазған балаң өлеңдерi де ендi. О дүниеге аттанып кеткенiне 23 жыл болған ақынның бұрын жарияланбаған балауса жырлары да оқырманды барынша таңдантты. «Болар бала боғынан» дегеннiң бекер айтылмағанына тағы жұртшылықтың көзi жеттi. Сонан соң ақынның 70 жылдығына орай «Жалын» баспасы Оразақын Асқар ағамыздың құрастыруымен бүкiл шығармаларын жазылу және жариялану ретi бойынша жинақталған 4 томдық толық шығармаларын шығаруды қолға алып, оны 2002-жылы аяқтаған болатын. Соның бiрiншi томы 24 баспа табақ көлемiнде жарық көрдi. Ал бұл деген Мұқаңның көзi тiрiсiнде кiтапқа енген бүкiл өлеңiнiң көлемiмен барабар екен. Сонда төрт томға сыйған бүкiл өлеңiнiң бiр томдайы, яғни төрттен бiрi ғана көзi тiрiсiнде кiтап болып шығып, қалғаны кейiнге ысырыла берген ғой. Ақынның да, поэзияның да мұндай тағдырын қазақ оқырманы бұрын да, одан кейiн де бiлген емес. Мұқаңның қайтыс болғаннан кейiн ғана нағыз атақ-даңққа ие болуының негiзгi сыры, менiңше, осында. Жарқырап туған жырлары жарқыраған кiтап болып шығып жатқан соң ғана жұртшылық оған жаппай көңiл аударды. Тұшынып оқыды да, сүйсiнген бағасын бердi.

Осы фактiнiң өзiнен-ақ Мұқаңның мұңын, кейiп жүрген күндерiн, қызғаныш пен iштарлыққа жем болған жағдайын, қорланғанын, бiрақ шыдағанын, шеккен жан азабын өлеңге ғана шағып, сан рет «өмiрдiң базарынан жылап қайтқанын» сеземiз, елестетемiз. Тiптi неге iшiп кеткенiн де түсiнемiз. Iшкендердi кiнәлай жөнелетiн әдетiмiзден де қайтып, ендi Мұқағалиды түсiнiп, әр сөзiнiң астарына үңiлiп, бiрге күрсiнiп, бiрге жылап, жанымызбен сезiнiп оқи бастаймыз. Мұның бәрiн бiлген соң, өз заманының өзiне лайық айла-шарғысына ұшыраған Мұқаңды кiнәлай ма әлде онымен бiрге күңiрене ме, оны оқырманның өзi бiледi.

Мұқағали көзi тiрiсiнде ешкiмнен қысым көрген жоқ, кiтабы өз кезегiмен жыл сайын шығып тұрды деп, кей сыншыға мiн таққан кей сыншының пiкiрiн оқығаным бар, сондықтан соған қатысты мен де өз ой-пiкiрiмдi дәлелмен жеткiзуге тырыстым. Өйткенi Мұқағалидың өлеңдерi бұл күнде ұлтымыздың мақтанышына айналды, сондықтан оның өлеңдерi мен өмiрбаяны күңгiрт жақтар мен бұлдыр нәрселердi мүмкiндiгiнше қалдырмай зерттелуi қажет деп бiлем.

Мұқағалидың тағдырына да, талантына да таңғаласың. Оның әлi зерттелетiн, анықталатын өмiрбаяны көп-ақ. Әртүрлi себеппен бiз бiразын айтпай да келемiз. Алайда айтпаған сайын оған қиянат жасап жүрмiз бе әлде адамшылық жасап жүрмiз бе, өзiмiз де бiлмеймiз. Менiңше, бiз ол қылығымызбен Мұқағалидың өзiне де, өлеңiне де емес, өзгелерге ыңғайлы жағдай жасап келе жатқан секiлдiмiз де, есесiне Мұқаң өмiрiнiң кей тұсы, соған орай кей өлеңiнiң жазылу себебi жұмбақ күйiн сақтап келедi. Ол да өнерге қиянат болуы мүмкiн.

Мына бiр өлеңдi Мұқаң он сегiз жасында жазыпты:

– Ақырында тынармын, бiтер демiм,

Жарқыраған жұлдызым сөнер менiң.

Тон iшiнде мұздаған қайран тәнiм,

Бет-дүздiгiң бес метр болар кебiн.

Оқығанда тұла бойың тiтiркенедi. Мұны он сегiздегi бала айтқан сөз деуге аузың бармайды. Ол, сiрә, өзiнiң де, өлеңiнiң де тағдыры өлiмiне қатысты боларын сол бала күнiнде-ақ сездi ме екен деп сезiктенем. Өйткенi, шынында да, тәнi өлген күнi оның өлеңдерiне қайта жан бiткендей болды ғой! Оның атын да, даңқын да өзi өлгеннен кейiн жарық көрген кiтаптары шығарды. Соны сезген, бiлген ақын өлерiнен екi жыл бұрын күнделiгiне: «Мен ХХI ғасырдың құрдасымын. Бәлкiм, одан әрiдегi ұрпақтардың туысымын да», – деп жазған екен. «Жылдар өтедi, жаңа ұрпақтар келедi, бiздiң әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды», – дептi бәрiн ап-айқын көрiп тұрған адамдай. Арғы атасы Қангелдi батыр жауырынға қарап болашақты болжаған екен, бергi атасы Райымбек әрi батыр, әрi әулие болыпты. Сондай көрiпкелдiк Мұқаңа да берiлген секiлдi. Өйткенмен оның бұл дәл айтқан көрiпкелдiгiн қойшы, өз уағында бағасын алып, өлеңдерiнiң қызығын көрiп жүрген адам бүйтiп әркiмдi «өз орнына қоятын» күннiң әлi алда екенiн қынжыла жазбайды ғой! Жанына батқан соң, қаны қатқан соң жазған ғой. Өстiп Мұқағалидың өз шындығын өз өлеңдерiнен тапқанымыз жөн секiлдi. Себебi ол өзiнiң күнделiгiне 1976-жылдың 14-ақпанында: «Менi өз өлеңдерiмнен бөлiп қарамауларыңызды өтiнем. Естерiңiзде болсын, менiң өлеңiм жеке тұрғанда түк те емес. Бiрiктiрiп қарағанда, ол поэма iспеттi. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлiмдеген, кейде түңiлген жанымның құдды дауысындай... Жанымның мұңы мен қуанышы – бәрi сонда», – деп жазбап па едi?

Мұқағалидың асқан талант екенiн «Ару ана» дастанындағы мына бiр жағдайдан да байқауға болады. Қай кезгi, қай замандағы қазақ үшiн де ең үлкен бақыт – перзент сүю. Сол бақытты сәтке өлең арнамаған ақын да аз. Алайда перзент сүйген қазақтың, қазақ болғанда да, қарақшы қазақтың жан тебiренiсiн Мұқағалидың қазақы қалыппен, қазақы жан-күймен өлең еткенi кiмдi болса да бас шайқатпай қоймайды.

- Қашан менiң тағдырым тыным көрдi,

Қан қақсатқан бөрi едiм рулы елдi.

Ұрпағым бар, дүние, ендi менiң,

Естисiң бе, ей, өмiр, ұлым келдi!

Жалғыз едiм таста өскен шыршадайын,

Жабырқаушы ем дауылда сынса қайың.

Су боп кетпей неге тұр қос шырағым,

Ну боп кетпей неге тұр қу самайым?

...Жапырақсыз, бұтақсыз қу бас едiм,

Жалғыздықпен жалғанда сырлас едiм.

Ей, дүние, неге сен қуанбайсың,

Күйiң келмей күйiгiп тұр ма сенiң?!

Сөз де, сезiм де төгiлiп тұрған бұл өлең қарақшының өзiн жақсы көргiзiп жiбередi ғой адамға. Өлеңнiң, таланттың құдiретi осы болса керек! Оның «Қашқын» атты дастанын оқып та, қашқынның дүниетанымына, адамдық ой-пиғылына қайран қаласыз, жауыздың өзiне жаныңыз аши бастайды, бiрте-бiрте оны өстiп қашқын етiп қойған жағдайға, тағдырға налисыз. Адамның ақылын, сезiмiн сөйтiп сан саққа салып қойған ақынның құдiретiне ерiксiз риза боласыз.

Бәрiн айт та, бiрiн айт, кәзiр оны ақын санатында қалай мақтап, қалай сүйсiнсек те, адам санатында Мұқағали – арманда өткен жан. Ол, менiңше, айтатынын түгел айта алмай кеттi, ауруханада жатып күнiне алты-жетi, жетi-сегiз өлең жазуы – соның айғағы. Айтып үлгiрейiн, жазып үлгiрейiн деп жанталасқаны содан да белгiлi емес пе?

Оның өмiрi, оның тағдыры – талай қазақты, бәлкiм, бүкiл қазақты ойлантатын, бәлкiм, ұялтатын тағдыр. Адамды тану мен талантты тануды, оны бағалауды бiз әлi ұзақ үйренетiн шығармыз. Өйткенi үйрену ешқашан бiтпейтiн, таусылмайтын жұмыс қой. Қазақтың классик ақыны Мұқағали Мақатаевтың сексен жылдығын сүйсiне тойлап жатқанымызбен, бiз оны әлi түбегейлi зерттей қойған жоқпыз, зерттеп те жатқан жоқпыз. Сондықтан әлi оның оқырманға құпия, жұмбақ тұсы толып жатыр. «Бүкiл менiң жазғаным – бар-жоғы бiр ғана бүтiн поэма. Адамның өмiрi мен өлiмi, қасiретi мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңiмдi жинап, бiр жинаққа топтастырып көрiңдершi. Естерiңде болсын, әрбiр өлеңiм өз орнында тұрсын», – деп жазыпты ол күнделiгiне өлерiнен бiр ай бұрын. Ақынның сол айтқанын орындау мақсатымен «Жалын» баспасы 80 жылдығына орай әр өлеңiн жазылған немесе жарияланған күнi бойынша орналастырып, ол жайлы естелiктердi қоса биыл оның алты томдығын шығаруды аяқтағалы отыр. Әр өлеңi, өлеңiнiң әр жолы халықтың қымбат өнер қазынасына айналған классигiмiздiң шығармашылық та, өмiрбаяндық та қыр-сыры күн санап халқы үшiн қымбаттай беретiнiне күмән жоқ. Оны зерттеген сайын ақынның ғана емес, халқымыздың да мәдени көкжиегi кеңи түспек.

«Егемен Қазақстан», 08.02.2011-жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар