Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылы Осман. Қазақ халқына мәңгі қарыздармын!

22.02.2018 879

Асылы Осман. Қазақ халқына мәңгі қарыздармын!

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1 наурызды «Алғыс айту» күні деп жариялауы көреген көсемдікпен, өмірлік тәжірибемен жасалған заңды шешім. Өйткені бүгінде елімізде қаншама ұлт пен ұлыс тату-тәтті, бақуатты өмір сүріп жатыр. Қаншама діни сенімнің адамдары бір-бірімен түсіністікте, ынтымақ-ымырада тұрып жатыр. Осының барлығы қазақ халқының кеңпейіл мейірбандығының және қиын-қыстау заманда осынау киелі жерге еріксіз табан тіреп, еркін өсіп-өнген барлық этностардың риясыз ризашылығының арқасында деп білемін!

Біз Қазақстанға Грузиядағы Түркиямен шекаралас жатқан Ахалкалак деген қаласынан жер аударылғанбыз. 1944 жыл болатын. Ол кезде мен ес біле қоймаған небары 3 жасар бала екенмін. Сол бір зұлмат заманда тып-тыныш өмір сүріп отырған елді бір түннің ішінде мал таситын вагондарға күштеп тиеп, осылай қарай жөнелтіп жіберген.

Мұсылман дінін берік ұстанатын халық үшін үлкені мен кішісі, атасы мен келіні бір вагонда бірнеше ай бойы өмір сүру, қақаған қыста ас-сусыз, от-жылусыз мыңдаған шақырым жол жүру қандай қиямет-қайым болғанын елестетудің өзі қиын. Сондай ауыр жағдайдан жол бойы қырылған адамдар қаншама, олардың барлығы көмусіз қалды...

Осылайша бізді Оңтүстік Қазақстан облысына әкеп тастады. Ол кезде Қазақстанда да жағдай өте нашар, қаншама қиындық көрген халықтың әбден тұралаған шағы еді. Бірақ өзінің даласындай дархандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты құшақ жая қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, бала-шағасының аузынан жырып беріп, аман-есен осы күнге жеткізді.

Алтайдан Атырауға дейін, Алатаудан Арқаға дейін созылып жатқан, ұшы-қиыры жоқ, ұшан-теңіз байтақ жерге ие болуының өзі – қазақтың пейіліне қарай біткен бағы деп ойлаймын. Қазақ қашан да адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қиянаттан шет, өзі дара, жүрегі бала халық қой, шіркін!

Менің анам ерте қайтыс болып, үйелмелі-сүйелмелі 5-6 бала әпкем Гүлсара мен көршіміз Айтбике жеңеше дейтін әйелдің арқасында адам қатарына қосылдық. Соншалықты қиын заманда қынадай қырылған адамдардың арасынан аман қалғанымыз үшін мен Құдайдан бір жас кіші қазақ деген халыққа мәңгі қарыздармын!

Адам баласының бойында бір кесім таза ет бар, ол — жүрек, осы бір кесім ет таза болса, әлем таза болады деп түйдім мен. Сырттан келгендердің панасызына пана, анасызына ана бола білген қазақ халқы әлемдегі ең мейірімді халық!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар