Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Олег Червинский. Қазақстан бәйтерегінің поляк бұта...

23.02.2018 3632

Олег Червинский. Қазақстан бәйтерегінің поляк бұтағы

Олег Червинский. Қазақстан бәйтерегінің поляк бұтағы - adebiportal.kz

Украина жерінде Полонное атты село бар. Ондағы тұрғындардың арасында бүгіндері 1936 жылы болған сол бір оқиғаны, яғни ондаған мың адамды бір-ақ күнде жүк вагонымен алыс қиырға жер аударып жіберген қасіретті күндерді еске алатын адам қалмаған да болар. Сол жер аударылғандардың бірі - менің атам Очковский Эммануил Вицентьевич болатын.

Сол кезде село тұрғындарына: – Төрт күннен кейін барлық поляк отбасылары жаңа мекенжайға, бос жері де жұмыс-шаруасы да көп алыс қиырдағы Қазақстанға қоныс аударылатын болады - деп хабарлапты. Өздерімен бірге кимі-кешектерін, үй ішіндегі керек-жарақтарды, бір-бір жарым айлық азық-түлік қорын және бір бас сиыр алып жүруге рұқсат еткен екен.

Адамдарды НКВД әскерлерінің қатаң күзетімен теміржол станциясына жеткізіліп, эшелонға тией бастаған. Адам мен малды біркелкі ұқсас жүк вагонына тиеп алып состав жолға шығады. Ұзақ ұзақ аялдау арқылы әлденеше апта жүреді, себебі станцияларға тоқтағанда ауырып өлгендердің мәйітін түсіріп, сиырларға жем беріп сауатын. Ақыры, өлдім-талдым дегенде бір күні паровоз ұзақ гудок береді. «Жетіппіз» деген сөз вагондарды аралап кетті. Шағын ғана станция ғимаратында «Тайынша станциясы» деген жазу бар екен. Кейіннен бұл бекет бұрынғы Көкшетау облысының Красноармейск қаласы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласы болып өсіп көркейді. Станция маңы ат-көлікке толы еді, жер аударылғандарды түсіріп болғаннан кейін НКВД погонын таққан болашақ село комендантымен бірге станциядан ұшы-қиырсыз кең далаға бет алды.

Жер аударылғандар өздерін әлдебір қонысқа апара жатыр деп ойлаған еді, бірақ ешқандай тірлік белгісі де, жолды да жоқ, жусан ғана өскен айтақыр далаға барып орнығуға әмір берілген екен. Комендат «№11 нүкте» деген тақтайшасы бар қазықты жерге қақты да: «Осында тіршілік ететін боламыз», - деді. Алыста қалған гүл жайнаған мекендерінің ескерткіш белгісі ретінде жер аударылған бейбақтар жаңа тұрғылықты орнына Зеленый Гай деген ат берді. Дәл осымен бір мезгілде 50 шақырымдық аумақта Ясная Поляна, Калиновка, Вишневка, Виноградовка пайда болды. Табиғаты қатал қазақ даласында бұрын-соңды жүзім өспесе де, осылай аталды.

Иен далаға апарып түсірілген адамдардың жаңа өмір жағдайына бейімделіп өмір сүруіне тура келді. Ең алдымен құдық қазу керек болды, одан соң балшық дайындап, оны жусанмен араластырып кіріпіш соқты, олардан жел мен алда таяп қалған қыста пана боларлықтай құрқылтайдың ұясындай үйшіктер тұрғызды - себебі қазан айы болатын – баспана соғып үлгере алмағандары үсіп өлетіні сөзсіз еді. Бұл үйшіктер бір бөлмеден және сенектен тұратын еді, оны халықтық тілде «сталинка» деп атайтын. Көптеген поляк селоларында бұл сталинкалар сексенінші жылдардың ортасына дейін баспана ретінде қызмет етіп тұрған еді. Зеленый Гайдағы осындай үйлердің бірі қазіргі күні музейге айналдырылған.

Зеленый Гайдан бірнеше шақырым жерде Жарқайың деген қазақ аулы болатын, жергілікті тұрғындар жер ауғандарға сол күні-ақ танысу үшін келіп жетіпті. Ел іші ашқұрсақ кезең болса да, олар ежелгі көшпелілердің салтын сақтап, құр қол келмепті: ерулікке таба нан, құрт әкелді. Ұзақ жолда әбден арып-ашқан поляк балалары үшін бұл тамақтар құдайдың көктен түсірген асы іспетті болды. Поляктар шын мәнісінде не қазақша, не орысша білмейтін, ал жергілікті қазақтар поляк тілін түсінбейтін еді, сонда да олар жүрекпен сөйлесті және осы бір қиын-қыстау күндері бір-бірлерін құтқарып қалды.

Қазан айының соңын ала қар жауып үлгерді, қыс ерекше қатал болды, желтоқсанда долы жел қарды сталинканы шатырына дейін үрлеп үйіп тастады, үйден қарды қазып шығып, қазып кіруге ғана мүмкіндік болды. Алғашқы қыстан тек қазақ бауырлардың арқасында аман шыққан еді, бұдан соң наубайхана ашылды, әр отбасына 10-20 келіден қарабидай беріле бастады. Жақын жатқан ежелгі орыс қоныстары Дашка-Николаевка және Новобриловкаға жұмыс іздеп барып, киім-кешектер мен үй-ішілік заттарды азық-түлікке айырбастап алатын болған.

Көктемде жағдай сәл жеңілдеді, жер жыртып егін себу басталды, «Коммуна жұлдызы» ұжымшары құрылды. Пысық та іскер жас жігіт Эммануил Очковский тракторшы-комбайншылар курсын бітіріп алды, 1938 жылдың көктемінен бастап техникада жұмыс істей бастады. Көктемде жер жыртты, күзде комбайнға отырды. Поляктар адал жұмыс атқарды, шаруа өмірі олардың қолайына келетін іс еді, сөйтіп ұжымшар да жыл сайын нығайып, аяққа тұрып кетті. Соғыс басталған тұста Зеленый Гайда мектеп, ясли, аурухана, дүкен, клуб бар еді. Адамдар сталинкадан біртіндеп қам кесектен, балшықтан және сабаннан салынған тәуір үйлерге көше бастады. Жеке шаруашылықтарын құрып, бақша өсіре бастады. Жалпы алғанда, 1941 жылдың 22 маусымына дейін тіршілік өз арнасына түскен еді.

Зеленогайлықтарға соғыс басталғаны туралы хабарлады. Поляктар саяси сенімсіз деп танылса да, олардың бір бөлігі нағыз армияға алынды, ал енді бір бөлігі – майданға көмектесу үшін еңбек армиясына жіберілді. Соғыс жылдарында селодағы балалар мен қарттарды қосқандағы 1400 адамнан 92 зеленогайлық майданға аттанса, 47 адам еңбек армиясына жұмылдырылған екен. Эммануил Очковскийдің майданы ұжымшардың егістік алаңы болды – әскерлерді астықпен тамақтандыру да керек болатын. Майданнан бронь арқылы қалған оның, комбайн штурвалынан немесе трактор рулінен күні-түні қолы ажырамады. Өзі үшін де, майданның алғы шебіне кеткен жігіттер үшін де аянбай жұмыс жасады.

Әлемдегі ең бейбіт мамандық диқаншылықтан ол өз өмірінің соңғы күндеріне дейін қол үзген жоқ. Жан аямай еткен ол 1972 жылы ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен наградталды және оны өзіне үлкен мақтаныш санады.

Алайда бұл кейін болған жағдай, ал соғыс аяқтала салысымен поляктар тағы да сенімсіздер қатарына жатқызылды және Сталин өмірден өткенге дейін әкімшілік бақылауда болды – оларға село аумағын тастап шығуға тыйым салынды, комендантқа келіп тұрақты белгіленіп тұрулары тиіс болды.

Тек «хрущевтік жылымық» келуінің алғашқы қарлығашы КСРО Министрлер Кеңесінің 1954 жылғы 1 тамыздағы «арнайы қоныс аударушылардың құқықтық ережелеріндегі кейбір шектеулерді алып тастау туралы» қаулысы болды. Оларды арнайы бақылау 1956 жылдың өзінде бір жола алынып тасталғанымен, поляктардың әкімшілік органдары мен НКВД бақылауында болуы жалғаса берді. Тек 1959 жылы ғана оларға паспорт беріле бастады, сөйтіп поляктар толыққанды азаматтар атанды.

Эммануил Вицентьевич Очковский 2002 жылы өмірден өткенге дейін ұзақ та мәнді ғұмыр сүрді. Зайыбы Адель Тофильевнамен бірге олар менің анамды, Людмила Эммануиловна Червинскаяны тәрбиелеп өсірді, ол барлық кедергілерге қарамастан жақсы білім алды және ұзақ жылдар мектепте жұмыс істеді. Әкем Чеслав Францевич Червинскиймен бірге олар бауырым екеуімізді тәрбиелеп өсірді, демек көпұлтты қазақстандық бәйтеректің тағы бір поляк бұтағы өсіп келеді және жыл өткен сайын тамырдан нәрленіп қуаттана түспек.

Мақаланың орысша нұсқасын мына жерден оқыңыз

Олег Червинский


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар