Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәурен Қуат. Мысық пен Маруся (әңгіме)

12.08.2015 243

Дәурен Қуат. Мысық пен Маруся (әңгіме)

Дәурен Қуат



«Жоқ болды жоқтауың асқыр. Мүләйімсіп, тәлімсіп қасымнан шықпаушы еді, қайда ғана құрыды екен, а? О, Құдай Ана, құрсағыма біткеннің мойнын теріс бұрғызып қойып едің, енді мынауың не? Не қылғаның тағы да? Апыр-ай, осынша қатыгез, осынша мейірімсіз, осынша аяр деп кім ойлаған оны? Оңбаған, нағыз найсаптың өзі екен барып тұрған!»

Маруся Агафьевна қабырғаға ілінген Полковниктің суретіне қарап отырып бұлқан-талқан болған. Полковник бірақ міз бақпады. Жақсақалы ұртына құлаған тұстан будырай көтеріліп, мұртының қылышы сынбай, қашанғы әдетінше сәнденіп, ымырт үйірілген кештің қоңыр бояулары тараған бөлме ішінен бұған тесірейе қарайды. Байқұс Маруся дерт меңдеп, ажал алқымынан қыса бастаған күндерде де осы бір тесірейген суық жанардан жанын ала қашып, қайда тығарын білмеген еді. Сол мезетте суреттегі Полковниктің кеудесін жапқан сөлкебайлардан жап-жасыл ағындар төгіле түсіп, әл үстіндегі бұны жағалай қамап алғанын да сезіп жатты.


***

Маруся Агафьевна үйінен қолшатыр ұстап шығатын. Содан кейін күн қаппаған аппақ, әжімсіз омырауын паңдана көтеріп, жырық етек юбкасын жыртып жіберердей сыртқа тепкен қос бөксесін кезек толқытып, шымқай қара «Волганың» ішіне сүңгіп кетуші еді. Ауладағы сандал сүйреткен әйелдер сол кезде әдеттегідей сүйреңдесіп қалатын.

- Осы қатын-ақ ашық аспанның астында қолшатыр жамылып жүргенін қоймады ғой.
- Байың былқылдатып ауланың қақ ортасында машинасын көлденең тосып, басыңнан құс ұшырмай тұрса, сен де сөйтер едің.
- Бұл қатын біз сияқты қара жұмыс істеп қақталып көрмеген жан ғой, күйеуі әскери адам. Полковник. Өзі статупарвлениенің шынылы кеңсесінде керіліп отыр. Бұл кердеңдемегенде енді кім кердеңдесін?

- Кердеңдесе, кердеңдесін. Сонда да пенде баласына көз салып амандасуды білмейді. Амандаспай-ақ қойсын, тіпті сәлеміңді алмайды. Сонысы батады жаныма.
- Перестань, Клавдия, угодничать, довольно! - Қойшы, Клавдия, жалпаңдауыңды қойшы, осы!
- Жалпаңдағаным емес, ізет қой менікі. Бір аулада, көрші тұрамыз. Пәтеріміздің қабырғасы жапсарлас. Қақымыз тең қатындармыз. Әуелдесең кереуетіміздің сықыры естіліп жатады. Соның бірін ескермейді кейкиіп. Мегежін!
Қатындардың сөзшеңі де, тілдісі де, алқынған ашушаңы да, сосын жылдам қайтып, жылай салатыны да Клавдия болатын. Өзі жақтырмайтын мекерлеу әйелді «мегежін» деп салған да сол.

Бірінен бірі аумайтын сұрқап үйлердің ауласынан күндер көшіп, жылдар жылжи берді. Маруся Агафьевна қолшатырының астынан со күйі көрінбей, қатындар оны күндеуден жалықпай, жамырай сөйлеп, жақтарын жаман сөздермен ауыртып жүре түсер ме еді, кім білсін... Иә, кім білсін, Полковник қазаға ұшырады да, олар аз уақыттың ішінде Марусяның мұңдастары болып шыға келді. Бұл кезде ілкідегі қымбат көйлек-көншегі олпы-солпы тартқан Маруся да шүйкедей кемпір бейнесіне еніп үлгерген-ді. Әйтсе де, әредік барын киіп, барына малынып аулада отыратын. Қатындар енді соны сөз ете бастады. Ақырында Маруся байқұс көнді. Көнтерлі тағдырына да мойынұсынды. Мойынұсынбай қайтеді: жасы ұлғайды. Шалы шалқайып о дүниеге аттанды. Қазақстанды, Алматыны қойып Мәскеуде, Ленинградта оқытқан ұлы мен қызы қазалы рәсім үстінде әкелерінен қалған дәулетке таласып, жүз шайысты да қараларын батырды.

- Әкем ақымақ жан еді. Ақымақтығынан танбай өлген екен ғой, - деді ұлы. – Анау тау бөктеріндегі коттеджді біреуіміздің атымызға жазып кетпеді ме екен, сонда дау да, дамай да болмас еді.
- Ал, папамның жұмыстан қолы босамады делік. Уақытпен жүріп-тұрды. Сен қайда қарадың, мама? – деді қызы долданып. – Банктегі миллиондарды кім қол қойып алады? Екеуміздің бірімізді соған мұрагер еткендеріңде бұлайша ырылдаспас едік.
Қыз бен ұлды қайырсыз қылып өсіріпті. Қазір бірі Канадада, бірі Австралияда. Бұның бұ жалғанда бар-жоғын білу үшін ғана әредік қоңырау шалатындары бар. Сонда құса мен қападан көкірегі қарс айырыла жаздайтын Маруся: «Қап, - дейтін, - қап, әттеген-ай!..»

Бір күні қалтылдап аулаға шыққан ол Клавдия кемпірді көрді. Жылады. Мұңын шақты. Жанашыры жоқ жалғыздығын айтып шағынды.

- Жылама, - деп жұбатты оны Клавдия. – Жылама. Жылағаннан не пайда? Бәріміз өлеміз. Бәріміз де сүлдерін сүйреткен тірі аруақтармыз. Мен де жалғызбын. Жалғыздық – біздей мұңлықтар үшін жапа емес. Бай өлген, бала... болып па еді сол менде? Білмеймін.

Маруся егіліп кетті.

- Сен ғой, Клавдия, қайғы-зар кешу үшін жаралған жан сияқтысың. Сондықтан бәрін көтересің. Сорлағанда мына мен сорладым ғой. Өмірде қиындық бар, өлім бар, жоқшылық бар, ауру, дерт бар деп еш ойламаппын.
- Енді қайтесің, сорлы-ау, - деді Клавдия да кемсеңдеп. – «Көресіні көрмей көрге түспейсің» деген – осы.

Кемсеңдескен кемпірлер сол күннің ертеңінде керісіп, оның ертеңінде өткен-кеткендерінен сыр бөлісіп, тамырласып алды. Клавдия Марусяны ауладағы кемпірлермен тегіс таныстырып шыққан. «Бұрын, сайтан алғыр, қалай байқамағанмын, бәрі де жандары жайсаң қатындар екен ғой» дейтін Маруся құрбылары туралы мысығына қарап әңгіме айтқанда.

Мысық – Клавдияның сыйы. «Жалғызбын», «жалғызбын» деп көз жасыңды көлдеткенше, мә, мынаны бауырыңа бас, жалықтырмайды» деген еді ол жонынан жолақ құлаған бала мысықты бұның қолына ұстатып. Содан бері мысық пен Маруся бірге. Бірге ішіп-жейді. Төсекке бірге құлайды. Кемпір шоқпытын жамылып қисая қалса, мысық бырылдап келіп бүйірін, суық сорып тұратын аяғын жылытып, маужырап жатады. Өзі бет-аузын сулап жуынғандай ырым жасаған соң кемпір мысығын шомылдырады. Басында тарғыл неме жылы судан қашып, кемпірдің терісі үлдіреген тарамыс саусақтарын, кең көйлегінің астарында көшіп жүрген омырауын тырнап, айғыздап тастаған. Кемпір қатты ашуланды. «Жуынуды, тазалықты білмейсің, - деп ұрысты. – Тамаққа қарының тойса бітті, ұйқыны соғасың. Кәрі шешеңді алдандырып, асыр салып ойнауды да білмейсің».

Мысық бірақ жылы суға шомылудың, шомылған соң жұмсақ сүлгіге оранып мүлгудің рахатын әбден ұғып алды. Сабалақ жүндері сорғып, құрғаған соң кемпірдің алдына көлденеңінен сұлай кетіп, денесіне тиген тарақ тісінің діттеген жерін қасып, бойынан күйі тарқайтын сәттің тәттілігін жиі тілейтін халге де жетті. Жалғызілікті кемпірдің күбірі мен күңкілі де оған қатты ұнайтын.

«Әкең, - деуші еді кемпір, - оның жаны көктен жай тапсын, мені еркелетіп бақты ғой. Қандай еркелігіме де шыдайтын. Бірде, әй, жындымын-ау, жындымын, қақаған қыста бетін мұз құрсаған көлдің суына оттай жанған тәнімді малып, құмардан шыққым келді. Әкең басын шайқап отырды да, «Жүр» деді. Сөйтті де, казармадан төрт-бес солдатты бұйырып шығарып, сүйменмен мұзды ойғызды! Қаршылдатып олар мұзды ойып жатыр. Мына жақта мен тұрмын қысыр қыңсылап. «Болыңдар!», «Болыңдар!» дейді әкең. Солдаттар жанталаса кірісуде. Кенет түймедей ойық қарс-қарс айырылды да, әлгі немелердің бірі суға күмп етті. Өзгелері оған жанұшыра ұмтылған, құтқару қолдарынан келмеді. Солдат суға кетті. Сонда сілейіп көп тұрып қалсам керек, ертеңінде ұшып түстім. Ыстығым көтеріліп жаман ауырдым. Дәрі ішіп, укол салдырып, система қойдырып әрең айықтым. Әкең бар ма, әкең мені еркелетіп бағушы еді».

«Аға-әпкең мектеп бітірісімен Москва мен Ленинградта оқыды. Әкеңнің таныстары көп еді. Мына жақтан қоңырау соқты да, балаларды оқуға түсірді. Әкеңнің сол еңбегін екеуі де ескермеді, қайтейін. Бірі ел көзінен тасада ұстап отырған, қамалы биік коттеджімізді қыруар ақшаға сатып, бірі банктегі миллиондарды жымқырып тайып тұрды. Мен еркелікпен ескермеппін, әкеңнің тыққан дүниесінде қисап жоқ екен. Марқұм, жаны көктен жай тапсын, ұра қазып, қару-жараққа дейін сықапты. Соның бәрін тұз-түгелімен екі жетпегір үптеп кетті ғой, үптеп кетті».

Мысық Марусяға жалғыздығын ұмыттырды. Әредік азық-түлікке аяқ шаршатып қайтатыны болмаса, кемпірдің қазір сыртқа есік ашқысы жоқ. Көршілері де мазаламайды. Рахат. Анда-санда әлгі екеуінің келіп, бөлмелерді жиыстырып, перделерді ысырып, еденді жалап-жұқтап, кір-қоңын жуып кететіні бар. Сол оңбағандар ғой мысығын жаман үйреткен. Әйтпесе, сүтке езген нан мен жұмсақ шұжықтан өзгені тамақ деп білмейтін мысығы бұлайша бұзыла қоймас еді.

Бірде екеуі арсалаңдап кіріп келді. Еркегі мәз. «Бабуля, - дейді жампаңдап, - бабуля, сәбіременний мысықтар қазір сүтке еріген нанның қиқымын ауызға алмайды. Міне, мысықтың асы!» Мына кеңкелестің мырзалығына кемпір тыжырынғанымен мысығы мияулап жіберіп, жеңсік асын көргендей жетіп барды да, бас салды. Содан бері шұжық пен сүтке бұқтырылған нанның кесегіне қараудан ада-күде бас тартты Ол. «Мияу-мияу». Кемпір «кис-кистеп» шақырса, мысығы «вискистеп»* мияулайды.

- Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар!

Кемпір өзі талғажау ететін тамағына қоса енді теледидардан жарнамасы жиі қайталанатын мысықтың қымбат азығын тасып, аяғынан таусылды.

- Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар! Ниеттерің қарау сендердің!
- Ниеттерінің қараулығы несі? – деді бір күні мысық кемпірге тіл қатып.
Кемпір абдырап аз тұрды да, бұрқырап сөйлей жөнелді:
- Мышым, сен білмейсің оларды. Олар мені өлсе екен деп тілейді. Мен өлсем мына пәтерді, мүкәмәл мүлікті басып қалмақ, білдің бе?
- Олай бола қоймас, мамасы.
- Саған сол екеуі ұнай ма?
- Ұнамайды! Әсіресе, әйелі.
- Неге?
- Ты не заметила, мама, его жена беременна! - Сен байқамағансың ба, мамасы, оның әйелі жүкті!
- Е-е, бәсе, неге көзінің алды көлкілдеп, кіндік тұсы шеңбірек ата айналып жүр десем. Жүкті де.
- Иә, жүкті. Ол әйел мені жек көреді. Өткенде босағадан аттай бере дәліздегі қаракөлеңкеде жатқан мені аяғымен ысырып жіберді.
- Байқұс балапаным-ай, сені аяғымен тепті ме ол салдақы?!.
- Тепкенде қандай, қабырғаларым қақырап кетті!
- Енді аттап бастырмаймын табалдырықтан.
- Мама, сен бұларды қайдан тапқансың?
- Мышым, әкеңнің қала сыртында құжырасы, он сотық жері болған. Әбден қараусыз, иен қалған еді. Өткен жылдары өртеніп кеткір құжыра есіме түсіп барсам, әлгі екеуі телмеңдеп баспана іздеп жүр екен. Содан, Клавдия кемпірдің ақылымен, пәтерші қылып алғанмын. Жамбаспұлын ай сайын төлеп тұрады. Кәрі шешеңнің қартайғанда тапқан амалы, әйтеуір өлместің қамы. Ақша сен екеумізге ауадай қажет қой, күнім.

Кемпір көп күбірлеп, күңірене күңкілдеп көзін әрең іліндірген, мысығының ащы мияуынан оянып кетті. Мысық бөлмелерді аралап безіп жүр екен. Қайта-қайта шығар есікті тырналап безек қағады.

- Мышым, саған не болды?
Мысық мүләйім кейіппен басын шайқап бырылдады:
- Білмеймін, мама, өне бойым өртеніп барады.
- Ауырып қалғаннан саусың ба өзі?
- Білмеймін, - дедім ғой, - мама, білмеймін!

Мысық құмыға мияулады да, тіл қатпады. Сөйтіп, үш-төрт күн бөлмелерді аралап әптер-тәптерін шығарған. Жанарлары жасылданып, кемпірге жат көзбен қарайды. Кемпір қорқайын деді.

- Дәрігер шақырсам қайтеді, а, мышым?
- Керек емес, мама, есікті ашыңызшы, сырттағы дүниені бір көріп келейін.

Кемпір есікті ашып үлгергенше, мысық зып берген. Міне, бір аптадан асты – жоқ!
Маруся тағы да ауладағы кемпірлерді тапты. Тағы да зар-мұңын төкті. «Сендер бұрыннан жоқшылыққа, жалғыздыққа, кемдікке бой алдырған жансыңдар ғой. Сендерге жылап-сықтау сөз емес. Мына мені айтсаңдаршы, қартайған шағымда сорладым сорлағанда» деп сорғалады кеп, сорғалады. Кемпірлер Марусяның қайғысына төзе алмай қайқаң-қайқаң етісті.

- Милиция шақырайық, - деді бір кемпір.
- Жөн сөз, шақырсақ шақырайық. Іздесін, тапсын мысығымызды. Зарлатып қоямыз ба мына байқұсты?
- «Байы өлген орыс маржасының миы жартылай істен шығады, мысығы жоғалса, мүлдем кәдеге жарамайды» деуші еді біздің мұжықтар. Милиция мысығыңды қайтеді? Менде басқасы бар, соны ал. Әйтпесе, анау пәтерші балаларың тым жақсы-ақ қой, соларды қолыңа кіргізіп алсаң болмай ма?

- Клавдия, сен алжыған қақпассың! Пәтершілер бейшара Марусямызды бір күнде мылжалап өлтіріп, пәтерін иленіп кетсе қайтеміз?.. Былай да осының үйіне жиі келгіштеп жүр. Кірін жуады, тазалайды, дүкеннен азығын сатып әпереді. Тамағын істейді жәдігөйленіп. Маруся, байқа, тамағыңа у қосып, тастай қатырмасын сен байқұсты. Ал, сен, Клавдия, айтпа әлгіндей сөзді, тісіңнен шығарма!

Кемпірлер шуласып-шұрқырасып аудандық полиция басқармасына қоңырау шалды.

- Мысық жоғалды дейсіздер ме? – Телефон тұтқасын жарқын дауысты жас жігіт көтерді.
- Иә-иә, мысық жоғалды. Бір апта өтті, көз жазып қалдық.
- Мысығыңыз ұры болды ғой, шамасы? Қашып кетті ме?
- Былайынша, иә... қашып кетті десе де болады. Бірақ ұры емес, кәдімгі мысық, үй мысығы. Қаңғыбастардың сортына жатпайды. Ақылды, бекзат мысық.

- Ақылды, бекзат мысық ұрлық жасамайды деп кім айтты сізге? Біздің елде ақылды бекзаттар жетіп артылады. Сосын да ұрлық жасайды. Ұрлық жасайды да, елден тайып тұрады. Қашады. Халықаралық деңгейдегі қашқын атанып, алыс қиянда жаймашуақ тыныш өмір сүріп, мырғамға батады. Сіздің мысығыңыз да сөйтіп бір жерде бөгіп жатыр, бәс тігемін.

Полиция қызметкерінің жауабын естіген кемпірлер жінігіп кетті. «Мынау мазақтау ғой, қорлау ғой бізді, - десті олар. – Қақымызды аяққа таптап, ашық келеке қылды. «Осылай да осылай» деп газетке жазу керек». Кемпірлер мысықтың жоғалу хикаясы мен Марусяның аянышты халін тірнектей тізіп, кезекші милицияның жауабымен атышулы «Ка-451 градус» газетіне жолдап кеп жіберді. Кемпірлердің арызы газеттің әбжіл қимылдайтын қызметкерінің қолына тисе керек, бірінші бетке «Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» деген тақырыппен жарқ ете қалды. Расында, Марусяның, Марусяның ғана емес, сұрқапталды сұрқай үйлердегі кемпірлердің күйі мүшкіл еді. Клавдияның байы жазатайым пойыздың астына түсіп өлген, баласы Сібірде. Антонинаның шалы елірме дертке ұшырап көз жұмған. Александра Ивановна әуелден жалғызбасты. Баб Зинаны құрт ауруы кеміріп бітті. Бәрі де үйлерінде мысық, ал қосымша бөлек пәтерлерінде жалдап тұратын жас отбасыларды, саудагерлерді ұстайды. Осы кейуана қарттар мекендейтін зәулім үйлердің ауласы мен өзге де аулаларда қазір ешкімнен именбейтін, ізет-құрметі кем жастар, бұзақылар, нашақорлар қаптап, өріп жүр. Қауіпті. Өте қауіпті. Газет тілшісі өз тарапынан жазған түсініктемеге аталған жайттардың бәрін қосыпты. Мақала оқырман қауым мен қоғамдық ұйымдарды дүр сілкіндірді. «Үміт аралы» дейтін қор жоғалған мысыққа іздеу жариялап, «Соңғы толқын» қозғалысы кезекші милицияның соңына шам алып түсті де, қызметінен қуып тынды. «Соңғы толқынның» күрескерлері мұнымен де шектелмей, «Нашақорлардан, бұзақылардан қаламызды азат етейік!» деген ұран тастап, әлеуметтік, ұлттық маңызы зор ұран өзге де ірі қалаларда жалғасын тауып, қуаңға тиген өрттей шалқыды. Белсенділігімен, сөзуарлығымен әріптестерінің алдын орап кете беретін бір депутат әйел Парламент мінберінде тұрып, мемлекетіміздің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаларында үйінде ит пен мысық асырайтын жандардың жайы қамтылмай қалып жатқанын айтып ашынды. «Ит пен мысық – кәрі әке-шешелеріміздің серігі. Қарттарымызға қашанда қуаныш сыйлайық» деді депутат ханым сөз соңында.


***


«Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» Қазақстанның шекарасынан асып, Ашық хат түрінде көрші мемлекет басшысының құзырына жол тартқан күндердің бірінде Маруся Агафьевна қашып жоғалған мысығын қарғап-сілеп, Құдай Анаға жалбарынып, Полковниктің қабырғадағы суретіне қарап отырған. «Мияу». Ауызғы бөлменің есігін біреу тырналап, жалынғандай дыбыс шығарды. «Мияу». Кемпір емпеңдей жөнелген. Ашса, мысығы! Жалым-жұлым, жалбыр-жұлбыр. Жолақтары құлайтын жон терісі сыпырылып бауырына түскен. Кемпір бажылдап қоя берді. Байқұс Марусяның бажылын естіп Клавдия бастаған көршілер мысықтың айналасына үйіріле қалыпты. Мысықтың көзі тарс жұмулы. Түймедақ танауынан дем тартқан тынысы да білінбейді. Кемпірлер әл үстіндегі бейшараны көріп ерін ұшымен жыбырласты.

- Өледі.
- Өлмегенде қайтеді?
- Әбден сорлаған екен, сорлы-ай!
- Ит талаған ба өзін?
- Ит пе, әлде мына аулаларды кезіп жүрген қаңғыбас бұзақылар ма, кім біледі?
- Болса болар, солар осы ит жейді, мысық жейді дейді ғой білетіндер.
- Амал кем, - деді кемпірлер Марусяны аяп, - таң атқанша күт, таң ата жантәсілім қылар. Сосын мынау балабақшаның бағына апарып жерлейміз.

Кемпірлер кетісімен құлыптанбаған есік қайта ашылды. Пәтершілер екен. «Бабуля, - дейді еркегі баяғысынша жампаңдап, - не, мысығыңыз ауырып қалған ба? Ойбууу, сау тамтығын қалдырмапты-ау, ит талаған ғой?». Әйелі қабағының қыртысын жазбай, жиіркене бас шайқап, ас бөлмеге өткен. Еркегі дабырлап, дал ұрып жүр. «Маруся апа, мен білемін, ит пен мысықтың қаламызда емханасы бар. Мен қазір ұшып отырып мысығыңызды соған апарып келейін. Көресіз, жазылады мысығыңыз. Құлан-таза айығады, апа!» Марусяның мәу дегеніне қарамастан ерлі-зайыпты пәтершілер мысықты орап алып сыртқа атылған. Түн жарымында жарасы таңылған, үстінен құмсабынның иісі аңқыған мысықты қайың қабығынан тоқып өрген себетке салып бір-ақ оралды.

Қайғылы, жүдеубас Марусяның үйіндегі электр шамдары өлеусіреген жарығын айналасына себезгілеп қана тұратын. Пәтершілер дабырласып кіріп келгенде ол да жарқ ете қалғандай болды. «Мысығыңыз міне, апа!» Марусяның қолына тиген мысық жіпсітіп көзін ашты. «О, Құдайым, О, Жарылқаушым, О, Құдайдың ұлы, мені ұмытпаған екенсің ғой! Мышым, мышым менің! Сүт ішесің бе? Нанды сүтке быламықтап берейін бе? Шұжық жеші, мә!» Маруся ұзақ толғанды, мысығына үздіксіз мейірімін төкті. Бәйек қағып жанын қоярға жер таппады. Түннің бір шамасында анасының аялы алақанында жатып аяулы мысық бір шыны сүтке тұмсығын батырды. Осы кезде-ау, шамасы, Маруся дәлізден әлдекімдердің сұлбасын аңдаған. Қараңғыда бой тасалап, ұрымтал сәтті баққандай сыбырласқандарын да анық естіді. «Ұрылар, - деп ойлады ол жүрегі атқақтап, - ұрылар, қазір мені тұншықтырып өлтіреді де, үйімді тонайды. Сорлы мысығымның да жанын жәһаннамға аттандырудан тайынбас». Сосын сыбдырсыз сақ қимылмен телефон тұтқасын көтерген. Сүт пісірім уақыт аралығында сақшы машинасының қиқуы аулаға келіп жетті. Сарт-сұрт, тарс-тұрс. Мұздай қаруланып, бастарына темір телпек киген полиция қызметкерлері Маруся Агафьевнаның пәтеріне жылдам көтерілді де, қараңғы дәлізде отырғандарды бүктеп басты.

- Біз – Маруся апайдың дачасында тұратын пәтершілерміз. Баратын жеріміз тым алыста болған соң осында түнеп қалып едік.
«Е-е, әлгі екеуі екен ғой». Маруся ойын жиғанша, алдына серейген ұзын бойлы, ат жақты подполковник шеніндегі офицер тіктеліп тұра қалды:
- Рахмет, сізге, Маруся Агафьевна. Көптен бері ізін жасырып, дәт дегізіп жүрген аса қанқұйлы қарақшыларды ұстауға көмектестіңіз. Сол үшін сізге бөлімше атынан алғыс айтамын. Сергектігіңізді, батылдығыңызды ертең газетке де жазып, өзге қарттарға үлгі етеміз.
Сібірлеп атқан таңның ақ тозаңы алакеуімдеген ауладан пәтерші еркектің шырылдаған дауысы естілді:
- Ішке теппеңізші ағай, ішке теппеңіз, әйелім ғой, жүкті еді. Ішке теппеңіз!



***


- Тарғыл мысықтың бауыры жер сызады. Маруся мәз. Күледі. «Өй, сайқал, мен сені іздеп жер-көкті шарқ ұрып жүрсем, сайранды салған екенсің-ау сен әбден. Бәсе, өне-бойы неге өртене қалды десем. Мауығың басылды ма? Твоей старой матери теперь придется няньчиться с твоими детьми. - Кәрі шешең сенің балаларыңды бағатын болды ғой енді!»


***


... Ерте көктемнің көкөзек шағында «Ка-451 градус» газеті А. қаласындағы М. аудандық полиция басқармасының мәліметіне сүйеніп, адам баласының жанын түршіктіретін хабар таратты. «Ауырып өлген жалғызілікті кемпірді аш мысықтар талап, жеп қойыпты» деп жазыпты газет.


«Whiskas» - американдық Mars компаниясы өнідіретін мысықтың асы.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар