Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ұлықбек Есдәулет. Шонаны жерлеу (эссе)...

04.04.2018 4508

Ұлықбек Есдәулет. Шонаны жерлеу (эссе)

Ұлықбек Есдәулет. Шонаны жерлеу (эссе) - adebiportal.kz

Әйгілі ақын, тіл жанашыры Шона Смаханұлы туралы эссені жариялап отырмыз.

АҚЫННЫҢ ТӨРТ ƏЙЕЛІ

- Жерлеу комиссиясына сені төраға етіп тағайындадық,– деді Сайын Мұратбеков ағамыз қайтер екен дегендей бетіме үңіле, барлай қарап. Онсыз да қатпарлы маңдайы сызық-сызық болып, жиырыла түсті. Сөзінің «төраға» деген тұсына келгенде көзін көкке бір сілкіп қойып, сұқ саусағын маңыздана тіке шошайтты, қиналған бет əлпетінен «басқа қолды-аяқты хатшы табылмағандықтан... екінің бірінің қолынан келе бермес аса жауапты міндетті... асқан зор күдікпен... сенімсіздікпен өзіне артып отырғанымызды осы пəтшағар түсіне қояр ма екен?..» дегендей күптілік сезіндім. Жазушылар одағы хатшыларының барлығынан да жасым екі есе кіші болғандықтан, шындығында да, «атқа жеңіл телпекбайы» мен едім. Кенеттен қайтыс болған əйгілі сатирик ақын Шона Смаханұлымен қоштасуға кешеден бері абыр-сабыр дайындық жүріп жатқан.

- Марқұмның сүйегін туған жеріне апарып, жерлеп қайту керек. Өзінің өсиеті солай. Сенен басқа баратын хатшы бол- май тұр. Бізде басқа да шаруалар бастан асып жатыр. Тез жолға дайындал, – деп бітірді лауазымы бірер саты жоғары Сайын аға. Мен мүдіріп қалдым. «Бұрын кісі жерлеуге ешқашан бас-көз болып көрмеп едім» деп қалай ақталып, шегінермін? Тапсырманың аты – тапсырма. Бас тартудың жөні жоқ. Сəл ойланып:

- Жерлеудің жөн-жоралғысын жақсы білетін бір ақсақал қосып берсеңіз жақсы болар еді, – дедім. Жүрексінгенім рас.

«Аты дардай ардагер ақынның мүрдесін туған жұртына соқа басым сопайып қалай жалғыз апарамын?»

- Болсын, – деді Сайын аға.

Сол күні Жазушылар одағындағы марқұммен қоштасу рəсімінен соң Шона ағамыздың туған жері Талас жаққа шұ- ғыл аттандық. Шөкеңнің отбасынан бір емес, екі əйелі, бір баласы бара жатты. Сайын ағамыз партизан-жазушы Қасым Қайсеновті көндіріп берді, фольклоршы Балтабай Адамбаев өзі белсеніп шықты. Шəкірттерінен көзін көкшитіп Көпен Əмірбековті қосып алдық. «Ауылдас ағам еді...» – деп ҚазМУ-де кино түсіруден сабақ беретін Қоянбай Ахметов ілесті. Сөйтіп қарамыз көбейіп қалды.

...Заңы қытымыр Кеңес заманының өзінде Шона Смаханұлы төрт əйел алған болатын. Бұдан бір ай бұрын шамасында ол кісіні бір тойда көргенмін. Жуық маңда қайтпасқа жүріп кете қоятындай емес еді. Соңғы үйленген жас келіншегімен сатырлатып, лезгинка билеп жүрген. Қолды-аяққа тұрмайды. Екі табаны жерге тимей, шыр көбелек айнала, зыр-зыр етеді. Алпысты орталаған адамның осыншалық ширақ қимылына, жиырма бес- отыздардағы жас тоқалын шырқ үйіріп жүрген қызу қарқыны мен екпінді күйіне бəріміз де іштей-сырттай таңырқап, тəнті болған едік. Бүгін сол кіші жеңгеміз құртақандай ұлын жетелеп келіп, Таласқа бізбен бірге барғысы келді. Жетектегі екі-үш жасар баласы танауы таңқиып, ештеңеге түсінбей айналақтап қарайды – сойып қаптап қойғандай, құдды Шона! Аузынан түсе қалған. Пайғамбар жасынан асқан басымен өзінің көшірмесін туғызып жүрген жойқынның мұндай мықтылығына қалай таңдай қақпассың?!

Шөкеңнің үлкен екі əйелі бізге ермекші болған кіші абысынын: «Мына шақалақ алыс жолды көтере алмауы мүмкін. Ауыртып аларсың. Балаларды бағып тыныш отыр. Өзіміз- ақ жерлеп қайтамыз», – деп қайтарып жіберді. Екеуі: «Ал мынау қыз – Шона ағаларыңның үшінші əйелінен туған қарындастарың», – деп Шөкеңнің енді бір қызын көрсетті. Оның да танауы тəлпиіп, көзі бақырайып, «мен де Шонадан туғанмын» деп тұрғандай. Өзі еңіреп жылап жүр екен.

«Бұларды шешесі екеуін ертпейміз, үйге қарасын. Ал енді ағаларыңның мына баласы барып топырақ салады», – деп екінші əйелінен туған ержеткен ұлын ертіп алды. Түбіт

мұрты тебіндеп, жігіт болып қалған екен, танауы таңқиып, көзі дөңгеленіп, ол да айтпай-ақ «Шонаның бел баласымын» деп тұр!

Марқұмның мəйiтiн жеке катафалкаға салып жөнелтіп, өзіміз кішігірім автобусқа отырып, жолға шықтық. Алматыдан шығып, Жамбыл жаққа апаратын кең сүреге түскен кезде манадан бері өзімен тете абысынымен шүңкілдесіп отырған бəйбіше жеңгеміз: «Қайным, жолдағы Отар стансасында ағаларыңның тағы бір баласы əскерде жүр еді, соны сұрап алыңдаршы, ертіп алайық, əкесіне топырақ салсын», – деді.

Жол-жөнекей Отардағы əлгі айтқан əскери бөлімге бұрылып, Қасым аға екеуміз кіріп, Шонаның тағы бір баласын командирінен сұрап алып, шешелеріне əкеліп қауыштырдық. Жеңгелеріміздің сөз лəміне қарағанда, Шона ағамыз оны балалар үйінен асырап алып, бəйбішенің бауырына салған көрінеді. Бірақ тумыс-бітімі басқа деуге ешбір келмейді, бұл неме де танауының екі тесігі көкті көздеп, көзі бағжиып, Шөкеңнің өз тұқымы, бел баласы екенін айтқызбай-ақ дəлелдеп тұр. Екі ұлы егіз қозыдай ұқсас. Балалар үйіне Шөкеңнің өзі өткіздіріп, өзі қайтарып алған сыңайлы.

«Ұқсамасаң тумағыр!» – дестік. Қасекең əскердегі баланың маңдайынан сүйіп, бəріміздің атымыздан көңіл айтты. Ары қарай жүріп кеттік.

Қордай асуынан асқанда, түн ішінде, көліктеріміздің жанармайы түгесілуге айналды. Май құю стансасына келіп, қаңтарылып тұрып қалдық. Бұл бір жанармай дегеннің қат кезі. «Аздаған бензин бар, бірақ оны құю үшін бастықтардың арнайы рұқсаты керек», – десті. «Сыйлы адамның сүйегін жерлеуге апара жатырмыз, ішімізде атақты батыр жазушы Қасым Қайсенов бар», – деп едім, май құюшылар жүгіре шығып, сəлем берісті. Бірақ: «Бензин құя алмаймыз, басымыз екеу емес», – деп күмілжіді. Қасекең мəн-жайды білген соң, стансаның құжырасына кіріп, қара телефонға қонжиып, қолма-қол ауданмен байланысты. Бірқыдыру мезгілде салып ұрып аудан басшысы өзі жетті. Батыр Қасым мен марқұм Шонаның атын естігесін шыдап жата алмапты. Азамат екен.

Көні кепкен көліктеріміздің көмекейін аузы-мұрнынан шығарып толтырып берді.

Автобус ары қарай найқалып-шайқалып, марқұмның туған ауылына қарай асықпай жол тартты.

ДӨКЕЙ

Қазақта қайбір сайрап жатқан жол болып еді? Көлікті қумай, тізгінді тарта жүргенде Шөкеңнің туған ауылына түн ауа əрең іліктік. Кеңшар орталығының шағын қонақ- үйіне ат басын тіреп, кіріп келсек, ат шаптырым бөлменің қақ ортасындағы қазы-қарта мен арақ-шараптан, жеміс-жидектен қайысқан ұзын үстелдің төрінде қоқайып-шошайып, «Ойықтың» үш бастығы отыр екен. Төрдегісі – алпамсадай шой желке, нағыз алпауыт, дөйдің өзі. Кеңшар директоры Ералы Дадабаев. Даусы гүр-гүр етеді. Қасындағысы партком хатшысы мен бас есепші. Үшеуі де күшейіп алған. Сөздеріне бақсақ, «бізді күте-күте», ағаларын «аза тұта-тұта», сілтей берген сыңайлы. Əжептəуір жерге барып қалысқан.

«Шақырып келтіре алмайтын, іздесек таптырмайтын, жолы түсе бермейтін аса ардақты қонақтар, аруағыңнан айналайын Шона ағамыздың арқасында қолымызға өздеріңіз келіп түсіп отырсыздар», – деп екпіндеп бастап: «Кешіккендеріңіз үшін штрафной», – деп тап-тап беріп, баса-баса құйып, бізді де суарып, өз дəрежелеріне тезірек жеткізіп алмаққа ұмтылды. Алдымен дүниеден өткен ағамыздың қадір-қасиетін айтып, «Тойлап жүрген жоқпыз, қаралы жиын, азалы жаназаға келдік», «жол соғып, шаршап қалыппыз» деген сияқты уəждерімізді құлаққа да қыстырмастан, тізеге басып, жалы күдірейген əлгі дөкейлер «алып қой», «ал, давайды» жиілете бастады.

Күні бойғы мотор даусынан екі ақсақалымыздың онсыз да мүкіс құлақтары тарс бітіп қалыпты. Дастарқандағы дəм мен ішімдікке де онша сұғына қоймады. Селқос, сүлесоқ. Қысап, зорлап ішкізбек болып, оларға қарата лақтырған бірер бұралқы сөзі өтпей, босқа шығын болған Ералы ағамыз:

Ей, Ұлықбек, мынау екі саңырау шалды қайдан əкелдің? Не əңгімеге, не ішіске жарамайды екен. Батыр дегендер, ақ- сақал дегендер басқаша болатын еді, – деп бастап, қызған адамның бірсыпыра сөзін айтты. Қасым ағамыздың бір ашылып, бір жабылып отырған құлағы дəл осы сандырақты естіп қойып, ренжіп қалғаны!.. Сонда да сыр бермей:

- Ай, дарагой, мен шаршадым, апарып жатқыз мені, – деп орнынан кіржиіп түрегелді. Қолтықтап апарып, көрші бөлмедегі салулы төсекке жайғастырдым. Əлгінде Балтабай ақсақал: «Мен де осы елдің перзентімін. Сарысуда туғаныммен Таласта тұрғанмын. Өз елім деп келдім», – деп бастап, ұзақ сөйлеп, ақ тілекті тост айтқан еді, Қасым аға оны да естіген екен, маған:

- Анау ғалым шал осы елден бірдеңе дəметіп отырған сияқты. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деген бар. Ардақты азаматы қайтыс болып жатқан елдің сый-сияпатына көп елікпеңдер. Кісі жерлеуге келгенімізді естен шығармаңдар. Конверт ұсынып жатса алмаңдар, аруақ алдында ұят болады, – деп таудай денесімен теріс қарап, бүркеніп жатып қалды.

Қожайындардың қолдарына түсіп қалған «жазған құл» Көпен екеуміз болдық. «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Көресіні əбден көрдік. Екеумізді əлдерінің келгенінше «қинап», өздері де, біз де əбден титықтағанда таң ата əрең тарқастық.

«Тарқадық» деген жай сөз, Дадабаев деген дөкей көкеміз енді: «Мен үйге қайтпаймын, сендермен əңгімелесіп жатамын», – деп қиғылық салып, біз жайғасқан бөлмедегі Көпеннің төсегіне киімшең қисая кетіп еді, əлдене деп тілі бұралып жатып, қор ете түсті. Қорылы қонақүйді басына көшірді. Өзі бір төбеге айналып, төрде түйенің жарты етіндей болып жайрап жатыр. Көпен өз төсегіне өзі қолы жетпей, басқыншы бастықты не оята, не тұрғыза алмай, көзі одан ары көгеріп, пұшайман болды. Амалы құрыған ол Ерекеңнің үстіне шығып алып, ойына келгенін істеді: біресе аяқ-қолын созып, керіліп жатты. Біресе атша мініп, қос бүйірден тебінді. Ары-бері аунап та байқады. «Өмірімде директордың үстінде ұйықтап көрмеппін. Арманыма бір жетейін», – деп көсіліп, ұйықтамақ та болды. Былқ еткен бастық болмады. Ояна ма деп, төсектің пружинасын кергілеп, ары-бері ырғатылып, тербетіп те бақты. Дадабаев ағамыз оған да миземей, талыстай болып, теңкиіп, шалжайып, қорылына баса берген соң түк шығара алмай шаршаған Көпеш басқа орын іздеуге мəжбүр болды.

Осындай «қонақжайлықтан» соң көзім əрең ілініп кеткен екен, сырттан біреу жүгіріп кіріп:

- Аупартком хатшысы келіп қалды! Тұрыңдар! – деп бізді төсектен суырып алды. Даусы да жағымсыз неме екен. Түрі өрт сөндіргендей.

Көпен екеуміз атып-атып тұрып, жуына бастадық. Дадабаев басын да көтерген жоқ. Баяғы қорыл – сол қорыл... «Баяғы жартас – бір жартас...»

Сөйткенше болған жоқ, аудан басшысы шыдамай, өзі де кіріп келді. Мұнтаздай қара киінген, жасы да үлкен, келісті келген, салиқалы адам екен. Бізбен амандасып болып, қасындағыларға:

- Бұл не жатыс? Оятыңдар! – деді. Шырғалап жүргендер «Ереке, Ерекелеп» шырылдап бақты. Дадабаевтың қорылы жоғалған, дыбысы да өшкен. Пыс-пыс мұрын. Былқ-сылқ дене. Бастық бұлардың əрекетінен түк шықпағанын көргеннен кейін білек сыбанып өзі кірісіп, Дадабаевты қос қолдап, ырғап-ырғап оятпақ болды. «Ералы, біз келдік, тұрсаңшы!» – деп қояды. Ол былқ етпеді. «Жартасымыз» – жартас-ақ... Енді хатшы барынша дауысын шығарып:

- Əй, Дадабаев, тұр! – деді. Байқаймын, шарасы бітіп, шындап ашулана бастады. Өзін елең етпей, теріс қарап теңкиіп жатқан директорды шіреніп тұрып май құйрықтан бір тепті. «Жартасымыз» ауырсынып қалған болуы керек, сол заматта жотасын бұра бері аунап:

- Неге тебесің, а?! – деп ақыра атып тұрды. Екі көзі қып-қызыл. Дəу жұдырығын түйіп, хатшыға:

- Өй, əкеңнің!.. – деп төніп келіп, кенет тани кетiп:

- Ассалаумағалейкүм, сіз екенсіз ғой, кешіріңіз, – деп шегіншектей берді.

Біз күліп жібердік.

Далада өңменнен өтер ызғырық суық бар. Ақырап айы болатын. Бір қарасақ, əлгінде ғана бас жазып алған Ерекең енді қарақұрым ауыл жұртын клуб ғимаратын айналдыра тырқырата қуып жүр екен. Өзі шалабурыл. Жарықтық Шона ағаның мəйітін жерлестерімен қоштасу үшін клуб ішіне қойған еді. Дадабаев жиналған жұртты зырқыратып кіргізіп, шырқыратып шығарып жүр. Бейне бір дүркіретіп қой қуалағандай. Біз түсінбей аңтарылып қалдық. Аупартком хатшысы шындап ашуланып, қызылкөзденген директорды қасына шақыртып, шетке алып шығып, қатты ұрысты.

- Құры! Қараңды батыр! Жоғал! Көзіме көрінбе! – деген ызалы сөздері бізге де еміс-еміс естіліп жатты. Əп-сəтте жынын алдырған бақсыдай болған Дадабаев ағамыз иіні салбырап, сыртқа сытылып шығып, жайына кетті. Қасымызда тұрғандар:

Дадабаевтың дəуірі бітті... Құритын болды. Ертең бюроға салып, партиядан айдап шығады... Құрымаған несі қалды? Өзі де есіріп кетіп еді. Ешкімді тыңдамайды. Көкірек... Кісі өліп жатқанда өстіп іше ме екен? Жай кісі өлсе бір сəрі... – десті.

Ол кеткен соң жұртшылық тыныштанып, Шона ағамен қоштасу, сөз сөйлеу, жаназа шығару, жерлеу рəсімдерінің бəрі де өз ретімен ың-шыңсыз өтті. Қабырғасы қайысқан жұрты қатты қайғырды. Марқұм туралы қимас сөздер көп айтылды. Біз де жүрекжарды лебіздерімізді ақтардық.

Шөкеңмен «Жазушы» баспасында қызметтес болған едiм. Ұлт мүддесi, ана тiлiмiз үшiн жанын салып жүрген қайтпас қайраткер ағамыз едi. Сықақ өлеңдерiн бала кезден оқып өскенмiн.

Мейiзбай жүр қарынға жари алмай,

Семiзбай жүр қарыннан арыла алмай;

Сентябрьде ВУЗ-ға түстi,

Октябрьде қызға түстi.

Ноябрьде сəлем айтты,

Декабрьде үйге қайтты;

«Мен! Мен! Мен!» – деп төсiн ұрады,

Төсi сынса несiн ұрады? –

дегендей шымшымаларын жатқа бiлетiнмiн. Ол кiсiнiң жымиып күлiп тұратын жайдары жүзi көз алдымда, Жазушылар одағының жиналыстарында ащы даусы жер жара шаңқылдап оқыған өлеңдерi мен Алматыда қазақ мектептерiн ашуға шақырған үндеулерi құлағымда.

Шөкең көзі тірісінде өзінің ескерткішін жасатып, ауылына жеткізіп қойыпты. Қабірінің басына орнатылатын болды. Ас беріліп, Құранға қол жайылды.

Қайтарда бізді аудан басшылары пойызбен қайтарды. Қасекең айтса айтқандай болды, шығарып салушылар əрқайсымызға конверт ұсынып еді, алудан бас тарттық. Жəне алмағанымызға қуандық.

Жүрдек пойыздың зіркілімен жабырқап келе жатып, біз жолда Дадабаевты сөз қылдық:

- Байғұсқа обал болды-ау... – дедік.

- Ақкөңіл азамат екен... Болмашы кінəсі үшін бекер күйіп кетті-ау... – дедік.

- Ағадан айырылған оңай ма? Аза тұтып, қайғыдан ішкен ғой... – дедік.

«Бізбен ішіп несі бар еді?» демедік. «Шона ағамыз өзінің бүкіл сатирасында бастықтармен күресіп өткен еді, мына бір бастықты да өліп жатып құлатып кетті-ау...» демедік.

Шынымен жанымыз ашыды.

Күндер өтіп жатты. Бір ай өтер-өтпесте Жамбыл жақтан Шона ағамыздың қырқына шақыру келді... Шақыру жіберген аупарткомның жаңадан тағайындалған бірінші хатшысы... Ералы Дадабаев жолдас болып шықты... Оны алып тастамақ болған бастық өзі қызметінен айырылып қалған екен.

Орнынан түседі деген адамды өсіріп жіберген айналайын Шона ағамның аруағы-ай!.. – дедік...

Шымшыма Шөкең, əзiлқой Шөкең, күлдіргі Шөкең сөйтіп о дүниеде жатып бізді тағы күлдірді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар