Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

06.04.2018 740

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

...Екінші, әлде үшінші мысал. 1982 жыл. «Дружба народов» журналының бас редакторы, белгілі жазушы, ең бастысы – ашық, адал жүрек Сергей Баруздин менің үлкен бір томдығымды аса беделді «Библиотека «Дружбы народов» сериясына ұсынып еді. Шешуші фактор. Арада тиесілі уақыт өткеннен соң, «Известия» баспасынан шығып, жария жазылым арқылы кеңінен таралуға тиіс. Бір ғана кілтипан бар екен – Қазақстан Жазушылар одағының шартты мақұлы керек. Мен сол кездегі бірінші басшы Жұбан Молдағалиевтің алдына бардым. Сондай да сондай. Мен ғана емес, ұлттық әдебиет үшін әжептәуір мерей емес пе. Ықылас орнына мүлде бейтарап, салқын тыңдады. Бірақ бетімді қайыра алмаған. Тиесілі анықтамаға қол қойып берді. Ләббай, рақмет. Сөйтсем, Жұбан ағам «Советский писатель» баспасының рәсімді мақұл сұранымына: «Мағауиннің бір кітабын «Известия» баспасы қабылдап алған, сондықтан мына «Змеиное лето» дейтін жинағы 1983 жылдың тақырыптық жоспарынан шығарылсын!» – деген қорытынды пікір жазып беріпті. Енді қараңыз, алдын кеспеген інісі, жаңа өрлеп келе жатқан қазақ жазушысының екі кітабы Москваның екі баспасынан қатарымен шықса, шекемізді жарып кете ме. Оның үстіне, «Известия» басылымы әлі толық шешілмеген, менің кітабым осы емес, алдағы да емес, арғының арғысы – 1985 жылдың жоспарына межеленген. Нәтижесінде, дайын тұрған кезекті повестер жинағым «Советский писатель» баспасының 1983 жылғы жоспарынан сызылып қалды. Ілекең ара түсе алмапты. Өздеріңіздің Одақ қарсы, келер жылы шыға жатар, депті. Шынында да келер жылы аман-есен жарыққа жетті. Ал «Дружба народов» журналының кітапханасы сериясымен таңбаланған, менің алғашқы кезеңімдегі атаулы роман, үш хикаят, он төрт әңгіме топталған «Голубое марево» дейтін көлемді кітап, айтқандай-ақ өз кезегінде, 1985 жылы 273 мың тиражбен басылып, бүткіл советтер шегінде таралған еді. Қайырып айтайын, жоспарды негіздейтін – «Дружба народов» журналының бас редакторы Баруздин, Қазақстан Жазушылар одағының қостауы – шартты рәсім; осыған керісінше, Жұбан ағам он қайтара ұсынса да, ешбір көлденең кітап «Известия» баспасына өтпес еді.

Қолапайсыз әңгіме оп-оңай рұқсат, мақұлдан емес, арнайы бөгесіннен шықты ғой. Осы ретте, қағазға сұранып тұрған тағы қаншама хикмет бар. Мәселен, Москваның бірнеше шет тілдерге қатарынан аударып, жарым дүниеге жариялайтын «Прогресс» баспасы ұнатып, мақұл көрген «Гибель борзого», «Змеиное лето» дейтін жинақтарыма өзіміздің Орталық Партия Комитеті, атап айтқанда, Имашев пен Есенәлиев тоқтау салғанын, «Аласапыран» – «Смутное время» романының Югославияда аударылып, жариялануына және тыйым жасалғанын, ал «Жыланды жаз» хикаяттар жинағын жапон тілінде шығармақ «Хокусай бунгка жуппанша» баспасының қожайыны Кагияма-санның маған жазған арнайы хаты және мен туралы «Қазақ жазушысы Мұхтар Мағауин» дейтін, әлдебір жапон журналында басылған мақала тұтас бір жылдан кейін ғана, онда да сол күйінде емес, түпнұсқа қағаздардың түбінен дыраколмен тесіліп, әлденендей қылмыстық «Делоға» тіркелген қалыбынан, ксерокөшірмелер түрінде қолыма әрең тигені, есебі, бұл ретте де жұлдызды кітабымның әлде ЦеКа, әлде КГБ арқылы құрдымға кеткені... қайсы бірін айтып тауысарсың. Ілекең – Алаштың ардагер тұлғасы Ілияс Есенберлиннің өзінің жеке шығармашылығымен қатар, төңірегіне түгел сәуле шашқан мәрт, кемеңгер, дарқан болмысы туралы әңгімеден шығып кетті. Әйтпесе, өткендегі гөй-гөйдің қайсы бірін бүгінгі жұрт түсініп жатыр. Басқа түгілі, өзің үшін де қызығы шамалы. Осындай, қиян-кескі, арам, әрі былық заманда барыңды қолда ұстап қалғаныңа тәуба айту керек екен. Және Алаштың бар жамандықтан тысқары тұрған, ізгі тұлғаларын ризашылықпен, алғыспен еске алуың парыз сияқты.

22

«Жазушы» баспасынан кеткеннен соң, жарым жыл озбай-ақ Ілияс Есенберлинге қарсы жаппай күрес ашық және ешқандай ережесіз, дүлей сыпат алды. Бұл, «Алмас қылыш» – Есенберлинге ғана емес, ежелгі қазақ тарихына қарсы қуатты науқанның алғашқы көрінісі Жазушылар одағының 1972 жылы февраль айында шақырылған кеңейтілген пленумында елес берді. Ұзақ дайындалып, бір-екі ай кешігіп барып ашылған жиын еді. Бұл кезде мен Ғылым Академиясының Әдебиет институтында аға ғылыми қызметкер болып істеймін. Жанға тыныш, айлығы да, уақыты да мол, соған орай мүмкіндігі де артықша, абат орын. Әрине, Ілекеңмен аралас, қатынасым бұрынғыдай күнделікті, тығыз болмаса да, әуелгі деңгейінде. Әредік Одақ ғимаратының екінші қабаты, кіріс баспалдақтан оң жақ қапталдағы кабинетіне барып тұрам, кейде телефонмен хабарласам. Алдағы, сөз жоқ, дау-дамайлы пленум туралы естіген едім. Екі күндік қызу жиынға бастан-аяқ қатынастым. Бірден байқағаным, жазушылар қауымы қақ жарылған екен. Жалпы, пікір талас, тәжіке, үлкенді-кішілі топшылдық – адам баласына, оның ішінде қаламгер жұртшылыққа да қатысты, кінәрат демейін, табиғи мінез. Себебі көп, астары да әрқилы. Алайда, осы, мен аңдамаған азғана уақыт ішінде Алматыдағы атаулы жазушылар, түгелге жуық, ешқашан бітіспестей екі топқа бөлінген екен. Бір жақта Одақ хатшылары – Әнуар Әлімжанов, Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов бастаған, сыңайына қарағанда өзара тым ынтымақты болмаса да, ортақ мақсат ұйыстырған Рахманқұл Бердібаев, Морис Симашко, Николай Ровенский, Тұрсынбек Кәкішев, Геннадий Толмачев қатарлы үлкендер және кейінгі, атақты, атақсыз бірталай жастар бар сияқты. Ал қарсы бетте – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Хамза Есенжановтар алға шыққан, оларға ілес, бірі ашықтан-ашық, енді бір тасадан демеген аса қомақты қауым, бұларды онша ұнатпаса да, қауіптірек көрінген Есенберлинге жандары қас Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсрепов те қолдайтыны көп ұзамай мағлұм болып еді. Әлбетте, көпшілік жұрт өзара қайшылас екі топтан да тыс, бірін жарым-жартылай ғана мақұлдаса, екіншісін жарым-жартылай ғана кінәлайды, орайына қарай дау-дамай, тартысқа араласып та кетеді, көпшілігі аңыс аңдаған, қызық баққан бейтарап кейіпте. Мен өзім әуел бастан Ілекең мен Олжасты жақтасам да, бұл қым-қуыт додаға кіру орынсыз деп білдім. Және, сыңайына қарағанда, екі жақ та екпінді күштерін майданға шығармақ сияқты, менен үлкендердің өзіне сөз тиюі неғайбыл. Ағама тілектес, ықтиятты тыңдаушы ғана болдым.

Ұлан-асыр дерлік, шын мәнісінде даулы даңғазаға айналған, өз тұрғысынан алғанда, Жазушылар одағының тарихында қалуға тиісті пленумды ұжымның бірінші басшысы Әнуар Әлімжанов ашты. Толқып, жүрексініп тұрғаны бірден аңдалған, соған орай кіріспе сөзі де берекесіз, шашыраңқы шықты. Әлбетте, азғана қазақша, содан соң орысша. Арасындағы бірді-екілі қасқа лепестер болмаса, Орталық Комитеттен Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Иванович Есенәлиев және тағы екі-үш жауапты қызметкер, және сөз жоқ, КГБ-ның ашық және жасырын тағы қаншама өкілі қатынасқан үлкен жиын бастан-аяқ орыс тілінде өтіп еді.

Әуелгі сөз – Қазақстан әдебиетінің қазіргі ахуалы туралы баяндама үшін Олжас Сүлейменовке берілген. Бағы көтеріліп, арындап тұрған кезі. Өткір, айшықты, әсерлі, дәлелді, әрі шешен, екпінді леппен сөйлеген. Әуелде біраз жан тосырқап отыр еді, көп ұзамай барлық жұртты үйіріп әкетті. Жадылап алды дер едім.

Мен Геннадий Толмачев екеуіміз қатар отырғанбыз. Кейінде, Олжас туралы кітабында жазған екен: «Олжастың пысы бар!» – деппін. Бұл «пыстың» не екенін үзілісте анықтап сұраған. Олжастың сөзінің бәрі кезеген жеріне дөп тиіп жатыр. Тек қазіргі қазақ поэзиясында ізденіс аз деген пікірі ұшқары болды. Бұдан соң: «Қазақ халқы өзінің ұмытылуға жақындаған тарихын қайта тануға хақылы», – деп барып, кейде тіпті Москвадағы Одақтық басылымдарда орын алып жүрген шовинистік сарындарға наразылық айтты. "Мұндай келеңсіз жағдаят өз ортамызда да ұшырасып қалады", - деп, Иван Шуховтың әлдебір шығармасындағы теріс суреттерді әйгіледі. Осының бәрі – тым құрса сауат ашар танымдық әдебиеттің жоқтығынан. Бүгінде біздің халқымыз тарихи туындыларға айрықша зәру болып отыр деп бастап, Әнуар Әлімжановтың повестерін сыйпай өтіп, Ілияс Есенберлин шығармаларына жоғары баға берді. Біздің ресми саясат қаншама заман бойы қаралап келген Кенесары хан туралы романды жұртшылықтың соншама ыстық ықыласпен қабылдауы – кездейсоқ емес, дегені есте қалыпты. Олжастың бұл баяндамасы сол қалпында кейінгі кітаптарына енген де шығар, бірақ менің көзіме түскен емес. Сондағы сөзінің жалпы сұлбасын ғана таңбалап отырмын.

Жарыссөзді баяндамада «азусыз сыншы» аталған Мұхаметжан Қаратаев бастаған сияқты. Не дау айтпады, не мағыналы толғамы жоқ, жеңілдің үстімен қалқыған бөстекі сөз болды. Тағы екі-үш кісіден соң мінбеге Тахауи Ахтанов шыққан. Сөзінің негізгі салмағы – қазіргі қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпты игеру мәселесіне арналды. Бұл тарапта үлкен жетістіктер болған. Жалғыз «Абай жолы» ғана емес, «Ботагөз», «Оянған өлке», «Дауылдан кейін». Яғни, Әуезовтен соң – Мұқанов, Мүсрепов, Мұстафин демек. Тарихи романның ең соңғы үздік үлгісі – «Қан мен тер». Бірақ әлі күнге жете бағаланбай жатыр. Оның есесіне бізде жалған тарихи шығармалар көктей бастады. Не тарихи шындығы жоқ, не көркем тілі жоқ, шалағай дүниелер. Есі кірмеген сәбидің қолына ұстататын әлекей шылдырмақ сияқты, қараңғы халықты осымен алдамақ, адастырмақ. Ең сұмдығы – бұл шығармаларды ұлтшылдық бар! – деп тұжырған. Бұл сөз жалпы жұртқа керісінше, өте жаман әсер қалдырды. Жаңа заман, жаңа ұрпақ, өткендегі мұндай арандатқыш, жалалы пікірді қабылдауы мүмкін емес еді. Бұдан соң, өз кезегінде шыққан Рахманқұл Бердібаев және Морис Симашко, ұлтшылдық мәселесіне тіреп айтпағанмен, Ахтановтың бар лепесін теріске сайды. Ал осы әуелгі күнгі мәжілістің соңына қарай сөйлеген Хамит Ерғалиев Олжастың бүгінгі қазақ тілді поэзияны білмейтінін, сондықтан да бұл тараптағы ізденіс пен жаңалықтар туралы жаңсақ байыптап отырғанын әйгілеп еді, бұдан әріге бармаған. Мұнысы да жөн екен. Екінші күнгі кеңесте Әбдіжәміл Нұрпейісов бірінші болып шыққан. Кешегі Тахауи досы сияқты ұрыншақтанбай, астарлы, бейнелі сөйледі. Туған әдебиетіміздің мақсаты мен мүддесі. Ақыры, айналып келіп бұлдыр сорапқа түсті. Қазіргі қазақ әдебиетінде жалған тарихшылдық, соған сәйкес жалған патриотизм өріс алып барады; халықтың қамын жеймін, тарихын таныстырам деген желеумен, өз қара басының ғана пайдасын ойлайтын теріс пиғыл, жат сарындар пайда болды деп, жалпы жұрт ортасына атаусыз айып тастаған. Сонымен қатар, Жазушылар Одағының бүгінгі басшылығына шикі, шалағай деген баға берілді.

Бұл лепеске өзінің қорытынды сөзінде баяндамашы Олжас қатқыл жауап қайырып еді. "Нұрпейісов өзінің бар ғұмырында Одақтың бірінші хатшыларына қарсы күресіп келеді. Мүсрепов отырды, оған қайшы келді, Әди Шәріпов отырды, оның үстінен жалалы арыздар ұйымдастырды, енді Әнуардың кезегі келіпті, үлкен жазушының мұнысы ұят", - деген. Әнуар Әлімжанов Тахауиға салмақ артты. Мақсат – барды мансұқ ету сияқты. Ахтанов қашанда өзін ұлтшылдыққа қарсы күрескер есебінде көрсеткісі келеді. Мен үнемі аңдап келем, осымен нешінші рет атаусыз жазушыларға ауыр айып тағып отыр. Ұлтшыл деген кінә кімге айтылды, оған қандай нақты негіз бар? Соңғы кезде жазылған тарихи шығармалар түгелдей арзан шылдырмақ дегені қалай? Біздің халқымыз өзінің тарихын танығысы келеді. Ал мұндай дәлелсіз, үстірт сөз – өз халқын сүйетін адамның аузынан шығуға тиіс емес. Ең бір ұнамсыз жағдай – әлдекімдердің ұлтшылдығы туралы ауыр айыбыңызға дәлел келтіріңіз және кімді меңзеп отырғаныңызды ашық айтыңыз! – деді.

Ахтанов жұлқынып атып тұрған. «Айтам, айтам!» – деді. Мінберге ұмтылып еді. Бүгінгі жиынды басқарып отырған Есенберлин алдын кесті. Жарыссөз әлі біткен жоқ. Анықтамалар артынан. Тахаң тоқтай қоймап еді, «Тахауи, сен мына пленумды сыйла, партиялық тәртіпті бұзба!» – деген. Бұл жиынға сол партияның өзінің үлкен өкілдері келген, осы жаңа, Олжас пен Әнуардың қорытынды сөздерінің алдында Михаил Есенәлиевтің өзі, дайындап әкелген қағазы бойынша, сыпайы сөйлеп, жазарман қауымға мағнасыз, бірақ қажетті уағызын айтқан, құдайы есіне түскен Тахаң амалсыздан, алдыңғы қатардағы бос орындардың біріне отыра кетті. Көп ұзамай, қажетті анықтамаға кезек келген. Тахауи Ахтанов өзінің сыны нақты бір кісі – Есенберлинге қарсы айтылғанын куәландырды. Жалған тарих, қарабайыр газет тілді, дүмбілез шығармалар. «Ал ешкімді ұлтшыл деп айтқам жоқ. Осындай теріс тенденциялар ақыр түбі ұлтшылдыққа апарып соғуы мүмкін дедім.» Кеше ғана нықтаған сөзінен көпе-көрнеу тайқып кетіп еді. Ілекең ыржия күлді де: «Тахауи, жарар енді, – деді. – Кімді таңдарын халықтың өзі біледі. Енді он жылдан соң жұрттың қолында «Қаһар» жүре ме, «Боран» жүре ме – көре жатармыз! – деді. – Мына өнімсіз дауды қояйық», – деді.

Сөйтсек, дау енді ғана басталып келе жатыр екен.

23

Арада бір жарым, екі айға толмас межеде, республиканың партиялық жетекші һәм бағыттаушы ақпарат көзі – «Социалистік Қазақстан» газетінде «Тарихи шындық бұрмаланбасын!» деген, қос етек, қаралы мақала шықты. 16 апрель 1972 жыл. Газеттің бас редакторы – Ұзақ Бағаев деген ортақол, бірақ партиялық ұстыны берік, құбатөбел журналист болатын. Үлкен газетті басқарып отырса да, ешқандай елеулі еңбегімен, әлдебір өнімді ісімен көрінбеген. Партиялық орган, сөз жоқ, жоғарыдағы Орталық Комитет, яғни Имашевтің тікелей нұсқауы болмаса да, риза келісімінсіз мұндай ауыр қадамға аттап баспас еді. Сондай-ақ, мақала авторы Зейнолла Серкқалиев те бұған дейін тарихпен әуестенбеген, бүгінгі әдебиет сыншысы. Кейін де осы, советтік, соңғы кезең прозасының төңірегінен ұзаған жоқ. Зілді, ұзақ мақала тек Есенберлин ғана емес, өткендегі қазақ тарихын да теріске шығару мақсатымен жазылғаны аңдағайлап тұр еді. Ең басты кінәсі – бұл романда андан-мұндан құралып, басы қосылған жекелеген тарихи мағлұмат пен бұлдыр аңыз әңгімелер және автордың қиялынан ғана туған тиянақсыз деректер – маркстік-лениндік ілім тұрғысынан сараланбаған, өткенге деген таптық көзқарас атымен жоқ. Бұрнағы хандар мен батырлар жаппай, жадағай мадақталады, үстем таптың қанаушылық, озбырлық сыпаты жабық қалған. Нәтижесінде, тарихи шындық бұрмаланып, біздің бүгінгі саналы оқырманға шын мәнісіндегі тарихи роман емес, аңыздық, ертегілік, шалағай очеркке ұқсас қойыртпақ ұсынылып отыр. Идеологиялық, саяси айыппен қатар, марксшіл, лениншіл сыншымыздың қазақтың өткендегі аса ірі тарихи тұлғаларына тілі тиіп кететін жерлері де бар. Әлбетте, «Алмас қылыштың» көркемдік сыпатына да бірталай мін айтылады. Ең жоғарғы талаппен қарағанда, кез келген тарихи, немесе заманалық романнан азды-көпті кінәрат табуға болар еді. Бұл тұрғыдан алғанда, әредік орынды пікір де жоқ емес. Алайда, негізгі мақсат – тарихи тақырыпқа, оның ішінде қазақ халқының өзіндік мемлекет құрған шежіресіне тоқтау салу бағдарында болғаны күмәнсіз аңдалған. Бұл кезде бұрнағы қырғын ашаршылық, одан соңғы қанды соғыс, оған жалғас жаппай жоқшылықтан соң ес жиған, ұлттық санасы көтеріліп, төл тарихына сусап отырған, алайда, осыған дейін бұл тарапта ешбір әдебиеттен, зерттеу атаулыдан ел-жұртымыздың ескілікті болмысы туралы тымқұрса үстірт, жадағай мағлұматтар таба алмай келген қалың қазақ аталмыш мақаланы аса бір тітіркенген, ашу-ызаға булыққан сезіммен қарсы алды. Ал ұлттық санасы бар зиялы қауым – Үлкен террор заманы болмаса да, 40–50-жылдар тоғысындағы қазақ руханиятына қарсы зор майданның жаңа бір елесі, аса қатерлі құбылыс ретінде танып еді. Газет тарабын білмейміз, баспаға, Одаққа, оның ішінде Есенберлиннің тікелей өзіне қаншама телефон шалынады, арнап іздеп келушілер көптеп көрінеді. Мұндай даулы, қиыс, қырыс мақаланы Жазушылар одағының өзі жылы жауып қоя алмайтын еді. Ақыры, көп ұзамай-ақ, ағымдағы баспасөз бетінде хабарландыру жасалды: май айының 19-ы күні Жазушылар одағының клубында Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының жалпыға ортақ талқылауы болады деген. «Қазақ әдебиетінде». Тағы да қайда басылған, басылмағаны жадымда жоқ.

Бұл бір айрықша күн, өзгеше оқиға болды. Сағат таңғы тоғыздан өте бере, айналасы бірер сағат ішінде, ұлттық тарихын жоқтаған, лек-лек, топ-тобымен құйылып жатқан қарақұрым жұрт Жазушылар одағын басып кетті. Астаналық зиялылар, саналы студенттер қауымы ғана емес, Алматының тақау төңірегіндегі ауыл, аудандардан, жекелей, немесе арнайы автобус жалдап жеткен ызбарлы жұрт.

Жиын ашылмақ сағат онға таман ол кездегі шағын клуб қана емес, Жазушылар Үйінің асты мен үсті, дәліз бен баспалдақ атаулы лықа толды – иін тіресе, сығылыса тұрған жұрттың арасында ине шаншар жер жоқ, әрлі-берлі қозғалудың өзі мүмкін емес және соншама халық сыртта – Одақ ғимаратының алды мен ірге, төңірегінде жапырлап тұр. Жинақтап келгенде әлденеше жүз емес, кемі бір-екі мың, бәлкім, одан да көп.

Межелі уақытында Одақтың екінші қабаты – Әнуар Әлімжановтың кабинетінен шыққан шыққан бір топ үлкендер, осы деңгейдегі клубқа өту қайда, аралық баспалдаққа әрең жетіп, бар жағдайды көзімен көрді, амалсыз бөгелді. Міне, бүгінгі жиынды басқарушы ретінде белгіленген Ғабит Мүсрепов, сол арада, бірінші хатшы Әнуармен ақылдасты ма, басқа алпауыттарға сөз салды ма, әлде ежелден өкім құрған кісі, табан аузында өзі шешті ме, қапырық, ыстық, айқай-шусыз-ақ ың-жыңда дауыс көтере сөйлеп, мұндай жағдайда ешқандай жиын өткізу мүмкін емесін, сондықтан Есенберлин романы мен ол туралы сыни мақаланың талқысын кейінге қалдыру қажетін мағлұм қылды. Бұл төтенше хабар жоғары мен төмендегі, сырттағы және іштегі көпшілік жұртқа жетпеген еді, ақыры бірінен бірі естіп, ырғала толқынып, бірер сағатқа жуық дабырласып, реніш, кейіс, дағдарған сұрақтармен, үздік-создық әрең тарқады. Міне, осындай да ғажайыпты көрдік. Кейінде, қалың жұрттың мұншама белсенді, жаппай келісін ақылға сыйғыза алмаған ағайындар – осының бәрін Есенберлин мен оның жақтастары қолдан ұйымдастырды деп жариялады, бүгінгі күн болса, кісі басы жүз доллардан ақша үлестірді деп шығар еді. Ақшадан қымбат ар-намыс барын ол кезде де, қазір де бар түйсігімен байыптап жатқан кім бар.

«Алмас қылыш» романын талқылауға арналған жиын келесі аптада Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановтың кабинетінде өткізілген. Манағы одағай жағдаяттан соң идеологиялық көсем Саттар Имашев Әнуармен жекелей сөйлескен екен. Ілекеңе де арнайы телефон шалыпты. «Социалистік Қазақстанға» тікелей тапсырма бергеміз жоқ, редактор Ұзақ Бағаевтың өзі шешкен мәселе. Енді, жағдай осындай болып қалған соң, партиялық ресми органның беделін түсіру жарамас. Айқай-шуды бұдан әрі дауылдатпай, жай ғана талқылай салыңыздар. Біздің Есенберлинге ешқандай қарсылығымыз жоқ. Мына кітапты жоспарға бекітіп, бөгеліссіз басып шығардық, ендігі дабыр артық болады», – депті. Осыған орай, және басқаша амал да жоқ, шектеп ойластырған кеңес екен. Партиялық басшы газеттегі жалаңқы, бықсық мақаладан соң Жазушылар одағында арнайы комиссия құрылған: Ә.Марғұлан, В.Басин, М.Қаратаев, С.Бақбергенов, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, М.Симашко, Н.Ровенский, М.Мағауин және, есімде қалмапты, тағы бір-екі кісі. Орысша, қазақша қорытынды пікір жазылған. Әлбетте, романды жақтап, газетті теріске шығарып. Өтпеген жиында оқылмай қалды. Бұл жолы да ашық жарияланбады, тәрізі, Имашевтің ескертуіне қарай, шешуші дауысы бар үлкендердің ғана қолына берілген. Осы аталған комиссия мүшелеріне қоса, беделді тұлғалардан Ғ.Мүсрепов, Ә.Шәріпов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, тарихшы Б.Сүлейменов, аудармашы І.Жарылғапов және Ілекеңнің өзі, Одақ хатшылары Ә.Әлімжанов пен О.Сүлейменов және И.Шухов қатынасқан. Бұларға қоса баспа мен Одақ төңірегіндегі біраз кісі, көпшілігі жастар – жиыны қырыққа тақау адам жиналды.

Әнуар кеңесті өзіңіз басқарып өткізіңіз деп, Ғабеңе қолқа салған екен. Ақсақал біршама кешігіп келді. Төрден орын алғаннан соң, жұрттың төбесінен асыра қарап, ыңырана қозғалақтап азғана бөгелді де, орнынан тұрып, орысша, қатқыл әрі қысқа сөйледі. «Мен әдебиетке араласқалы елу жыл болды, – деді. – Бірақ мұндай бассыздықты көргем жоқ. Байқап тұрмын, атап белгілеп, арнайы бір кісілер ғана шақырылған екен. Жария және көпшілік талқы жасалуға тиіс еді. Ондай ашық әңгімеден қорықсақ, біздің Одақтың бүгінгі халі мүшкіл болғаны. Мен мұндай, алдынала келісімді мәжілісті басқара алмаймын. Бұл кеңейтілген секретариатты Әлімжанов жолдастың өзі өткізсін!..» – деді де, ешкімге бұрылмастан, кекірейген, тәкаппар қалпында шығып жүре берді. Бірінші хатшымыз мүлде күйзеліп, сасқалақтап қалып еді. Жиналыс тізгінін екінші хатшы – Ілекеңнің өзі алды. Тізгін емес, мына қолайсыз жағдайдан шығаратын алғашқы сөзді. Әлбетте, «Социалистік Қазақстан» газетінің сыны – біржақты, романда кемшілік жоқ емес, бірақ мүлде басқа бір тұрғыдағы. Қазақ тарихы туралы біздің заманға жеткен нақты мағлұматтар тым аз, әрі толымды емес. Алда осы өткен тарихты айқындау, нақтылау бағдарында әлі де көп жұмыс жасалуға тиіс. Біз барды бұрмалағамыз жоқ. Және барлық жағдаятты ескеріп, оң мен солды тең ұстауға тырыстық... Ілекеңнің сөзі тым биязы әрі қысқа болды. Көп созып та қажеті жоқ еді.

Бұдан соң босап кеткен тізгінін қайтадан алған Әнуар Әлкей Марғұланға сөз берді. Әлекең де, бұл жолы өз әдетінен тыс мінез көрсетіп, тым арыға кеткен жоқ. Қазақта бай тарих бар. Сол тарих игерілмей жатыр. Бұл ретте таза ғылыми зерттеулермен қатар, халыққа кеңінен таралатын әдеби шығармалардың қызметі айрықша. Әрине көркем шығарма – нақты тарих емес, оның көлеңкесі ғана. Алайда бұл көлеңке қисық болмауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Есенберлиннің романы маған ұнады. Белгілі тарихи деректер сол қалпында таңбаға түскен, бұрмалау жоқ, ойдан құрау жоқ. Мұндай, бізге дәп бүгінгі күні айрықша қажетті роман мейлінше қолдауға лайық... Менің есімде қалған ұзын-ырғасы осындай.

Әлекеңе жалғаса тарихшы Бек Сүлейменов сөйледі. - Мен түрмеге түсіп, лагерьде отырып шыққан кісімін, – деді. Ұрлық жасап емес, қазынаны тонап емес. Осы тарих үшін. Сондай заман болды, өтті, кетті. Міне, енді баяғы сұмдықтың елесін қайтадан көріп отырмын. Жоқ, өмірден, саясаттан емес. Анау, «Социалистік» аталатын газеттен. Жігіттер, мына сен, жас жігіт, – деп Зейнолла Серікқалиевке қарады. – Және кәрі-жас, барлығың. Мен көрген түрме мен лагерьге асықпаңдар. Егер ондай күн туа қалса, анау ХХ сьезден соң мүмкін де емес, егер дүние төңкеріліп, сондай заман болса, ешқайсың аман қалмайсың. Шырағым, - деді тағы да Серікқалиевке қарата, – шашың қалың, әдемі екен. Мына менің басым тап-тақыр. Әлгі үлгілі мектептен соң. Осы бас жағына барыспайық. Ал тарихқа келсек, Әлекеңнен қалған сөз жоқ. Романда бәрі де орынды, артық-ауысын байқамадым. Енді, анау романда айтылғандай, әйел мәселесі, көлденең мінездер... ол – сіздердің әдебиеттің негізгі тақырыбы болса керек. Талдай беріңдер, өздерің күнәдан пәк болсаңдар сынаңдар, түзетіңдер... Жұрт ду күлген. Осыдан соң жиынымыз байсал қалыпқа көшті.

Рахманқұл Бердібаев сөйледі. Бәрі жөн. Романның образдар жүйесі, көркемдік деңгейі де өз жанрына сай, жақсы дәрежеде. Бұдан кейін, әлде бұрын тарихшы В.Басин. Бәрі орнында. Мырзабек Дүйсенов. Ашыныңқырап, айыптап сөйледі. Мұндай солақайлыққа жол берген газеттікі теріс, осындай ұр да жық мақала жазған автордың бар сөзі қырыс.

Осыдан соң, біз білмейтін, жасы қырықтар шамасындағы бейтаныс жігіт қол көтеріп, сөз алды. Фамилиясы әлде Құспанов, әлде Құтпанов. Кейінде орыс тілді әлдебір газеттен көзім шалғаны бар. ҚазПИ-де сабақ беретіндей. Бұрынғы әскери ұшқыш, әлде авиация механигі. Бұл жолы Зейнолла Серікқалиев ертіп әкелген сияқты. Қатар отырып еді. Тәрізі, ауылдас. Орта бойлы, шомбал қара жігіт екен. Түнере сөйлеген. Бар лепесі манағы мақаланың жалғасы сияқты болды. Үстемесі – қазақты адам қатарына қосқан – ұлы орыс халқы, романда Россияның арыдан бері жалғасқан прогрестік, игі ықпалы атаусыз қалыпты; осындай кітаптың жарыққа шығуының өзі қатерлі құбылыс деген тұрғыда. Жай ғана айып емес, даусын көтеріп, екіленіп сөйледі. «Сіз өз пікіріңізді айтыңыз, бірақ әдеби шығармаға саяси айып тағып, үкім шығармаңыз», – деді Әнуар. Сол мезетте Құспанов жұлқынып орнынан тұрды. Рингтегі боксер сияқты, бір аяғына салмақ салып, жұдырығы түйілген. «Не дейсің? Не деп былжырап тұрсың?» – «Что ты говоришь? Что ты мелешь?» – деген. Әнуар қызарақтай ығысып, жасқанып қалып еді. Беріде отырған Олжас орнынан тұрды: «Гражданин Кутпанов! – деген. – Біз Жазушылар одағының қабырғасында белгілі қаламгердің романын талқылап отырмыз. Өз байыбыңызды білдірдіңіз. Рақмет. Егер басқаша бір ниет, мақсатыңыз болса, кейінірек, басқа бір жерде кездесейік!..» Бәлкім, жүйкесі тозған, бәлкім сырқат Құспанов Олжастың қатқыл сөзінен соң, бар жынынан айрылғандай, сылқ етіп отыра кетті. (Кейінде естуімше, тым көп ұзамай, әлде кісі қолынан өлген, әлде кісі өлтіріп барып қазаға ұшыраған, әйтеуір трагедиялық жағдайда дүниеден өтіпті.)

Осыдан соң сөз кезегін күтпей, Қалихан Ысқақов та екпіндей көтерілген. Жаңағы псих жігітке емес, Нұрпейісов пен Ахтановқа қарата біраз сөз келтірді. Тыныш жиынымыздың тұғыры шайқала бастағандай. Енді Ілекең байыпты ақсақал сөзін айтып, Қалиханды сабырға шақырып, аяғына жеткізбей тоқтатып еді. Бұдан соң Әнуар Ілекеңе ризашылық ишаратын жасап, түстен кейін алғашқы болып сөйлеген Мұхаметжан Қаратаев «Алмас қылыш» романында таза көркемдік тұрғыдан алғанда, бірталай кемшілік бар, деп бастады. Шұбалаңқы композициясында, кейде жайдақталып кететін сөйлем құрылымында. Алайда, Серікқалиев сыны бастан-аяқ дерлік 30-жылдары біз өткерген тұрпайы социологизм ағымының бүгінгі сөлекет көрінісі. Аға газеттің мұндай мақаланы басуының өзі үлкен қателік екен...

Жиынның басында сөзге жазылып, бірақ асықпай артын күткен Нұрпейісов пен Ахтанов түскі астан оралмады. Манағы Құспановтың да қарасы батқан. Серікқалиев жалғыз өзі қалыпты. Үнсіз тұнжырап отыр. Оның атына бұдан соңғы сындар бәсең тартқан. Морис Симашко сөйледі. Николай Ровенский сөйледі. Тағы кім... Бір-екі кісі. Шешілген дау, мен бой көтермедім. Қорытынды сөзді Олжас түйіндеген. Сын болсын. Ашшы болсын, шын болсын. Тек жазушының еңбегін бастан-аяқ мансұқ қылған жойымпаз сын емес. Соның өзінде баяғы культ жылдарындағыдай саяси айыптауларға жол. Осымен, «Алмас қылыштың» дауы шешілгендей болып еді. Шешілмепті. Арада апта өтпей, 1972 жылы 26 май күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде кең көлемді, үлкен кеңес өткеріледі. Талқылы жиын. Есенберлиннің романы ғана емес, жалпы әдеби ахуал, жазушылар арасындағы асқынған жағдаят турасында. Үлкенді-кішілі, атақ-дәрежелі, мансапты жиырма шақты жазушы шақырылады. Белгілі бір топтың Үшінші хатшыға наразылығы себепті, әлде кеңестің дәрежесін көтеру үшін, бұл мәжілісті Орталық Комитеттің Қонаевқа жалғас Екінші хатшысы Б.Месяц басқарыпты. Сонымен қатар, бюро мүшелері С.Имашев пен А.Асқаров қатынасады. Және ЦеКа-ның мәдениет және үгіт-насихат бөлімдерінің қызметкерлері. Аға жазушылар – С.Мұқанов, Ғ.Мүсрепов, Ғ.Мұстафин, оларға тетелес Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, С.Бегалин, Ә.Шәріпов, М.Қаратаев, Д.Снегин, Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов, Одақ басшылары – Ә.Әлімжанов, І.Есенберлин, О.Сүлейменов, Қ.Ыдырысов, бұлармен кермар Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Х.Есенжанов, бейтараптан тағы екі-үш қаламгер. Жазушылар қауымының атаққа шыққан төрт көзі түгел. Бұл келелі һәм Үлкен үйде бұрын-соңды болмаған талас-тартысты жиынның стенографиялық жазбаға тақау толық есебі – Бекежан Тілегеновтың мемуарлық «Тұйық өмірдің құпиясы» кітабында бажайлап жазылған. Бұл кезде Орталық Комитетте нұсқаушы болып істейді және жиынға бастан-аяқ қатысқан. Ол заманда біз үлкен санатта жоқпыз, тізімге ілінбей қалған едік. Сондықтан тікелей куәлік айта алмаймыз, әйткенмен естелік жазбаларымыздың желісі үзілмес үшін, осы нақты деректер негізінде, қажетті, азғана ақпар бермей болмады.

Кеңесті республика Компартиясының екінші басшысы В.Месяц шағын, әрі шымыр кіріспе сөзбен ашады. «Соңғы жылдары еліміздің, республикамыздың өмірінде елеулі оқиғалар болды... Қазақстан жазушылары бірталай құнды шығармалар жазды. Үлкен жетістік. Алайда, қаламгерлер арасында бірлік, ынтымақ жоқ. Қандай тақырыптарға көңіл бөліп, нені жазу керек – осы төңіректе бірталай дау өрбіп жатыр. Бұл жағдайға Орталық Комитет қатты алаңдап отыр. Жиынымыздың себебі – осы мәселелер туралы ақылдасып, кеңесу», – депті. Жазушылар одағының бірінші хатшысы ретінде алдымен сөз тиген Әнуар Әлімжанов қазіргі кезеңде қаламгерлер қауымдастығы атқарып жатқан жұмыстар туралы қысқаша ақпар жасап, бұдан ары, кейінгі уақытта орын ала бастаған кикілжің, алауыздық жөніне тоқталады. Ахтанов пен Нұрпейісовтың атына біраз сын айтыпты. Әдебиетте оппозиция, фракция дегендер болады, бірақ ол – әдеби ортада маңызды, ірі мәселелер жөнінде келіспеушіліктен туындауға тиіс. Ал бізде бәрі басқаша, тіпті, жікшілдік деп айтуға тұрмайды, ұсақ-түйекке негізделген кемтарлық, қораш жағдаят, депті. Бұдан соң сөз алған Ә.Нұрпейісов Ә.Әлімжановтың өзін кінәлай сөйлейді. Бізге осы екеуінің де лепесі – мәні кем, ұсақ-түйектен оза алмаған пендешілік сияқты көрінді. Ә.Әлімжанов белгілі бір жікшіл топ бізге жұмыс істетпей отыр десе, Ә.Нұрпейісов осы Одақтың өзінің бар шаруасы күйкі дегенге меңзейді.

Үлкен дау, шын мәнісіндегі елеулі әңгіме Сәбит Мұқановтың сөзінен соң басталады. Ақсақал, аға қаламгер Жазушылар одағының жаңа басшылығына көңілі толмайтынын айта келе, осы ұйым төңірегіндегі ынтымақсыз жағдаятқа назар аударыпты. «Егер бүгінгі таңда Одақта жікшілдік бар десек, сол топтың бірін, Әнуар, сен басқарып отырсың. Оның жарамайды. Осы халықтың басын біріктіретін сен емессің бе. Бізге әдебиет керек... – Бұдан соң, өзінің көкейкесті тақырыбына көшеді. Кеңінен толғапты. – Сіз бүгінгі сөзіңізде тарихи тақырып жайында ойыңызды білдірмедіңіз... Енді Есенберлин романдары туралы айта кетейін...» Қажай сөйлеген қатқыл лепестің кейбір үзіктері: «Кенесары – Бүкілодақтық масштабта әшкереленген адам... Ол туралы қаулы осы уақытқа дейін бар күшін жойған жоқ осыдан кейін мұндай кітаптың қалай жарық көргеніне қайран қаламын... Кенесарының ісі, әрекеті Россияға жат, қарсы жүргізілді... Жұрт жабылып осы кітапты оқып жатыр. Біраз адамдар, студенттер ұлтшылдық ұрандар көтеріп жүр. Біз хандарды мақтауға неге жол беріп отырмыз?! Тарих әшкерелеген осы бір өлікті қайта тірілтудің қаншалық қажеті болды? Бұл кітап жастарға керісінше әсер етіп, ұлтшылдық сезімін өршіте түседі. Жазушының жалпы тарихқа көзқарасы дұрыс емес. Ал бұл жақсылыққа әкелмейді, зиянын тигізеді... Ендеше, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті бұл кітаптың шығуына неге рұқсат берді?..»

Ғабит Мүсрепов те өз сөзін Жазушылар одағының қазіргі басшылығына кінә артудан бастап, Ілияс Есенберлиннің даулы кітабына көшеді. Байсалды әңгіме орнына дау-жанжал көбейіп кетті, депті. Алайда, аяғын аңдап басады. Сәбең сияқты, «бас жағына» бармапты. «Одақ өткендегі талқылауды менің келісімімсіз белгіледі. Арнайы тізім құрып, өз адамдарын ғана жинады. Бұл – жабайылық дер едім. Күні бұрын белгіленген 40–50 шақты адам ғана жиналды. Мен бұған қатты ренжідім...» Ақсақал содан бір апта бұрын, жалпыға жария негізінде жасалмақ талқыға әлденеше жүз, бәлкім, бір-екі мың кісі келіп, ақыр түбінде бастығырылып, топырлап жатқан Одақ ғимаратынан өзінің әрең шыққанын ұмытып кеткен екен. Оның үстіне, «өз адамдары» деген сөз де ұшқары болатын. Екі ақсақалдың да сөзіндегі қисынды бір лепес – біз Әлімжанов басқарған Одақ басшыларын ғана емес, оларға қарсы беттегі Ахтанов, Нұрпейісовтерді де кінәсіз деп айта алмаймыз, ауыл ішіндегі мұндай алауыздық ешкімге пайда бермейді, яғни ең алдымен әдебиет үшін зиянға шығады деген пікір еді. Осы орайдағы ақылды бір сөзді Әди Шәріпов айтыпты: «Екі жақ та бірін-бірі айыптауды қойып, тіл табыса білулері керек. Ұсақ-түйек өкпені тастап, үлкен мәселелермен айналысуы керек. Сонда ғана жұмыс оңға басады... Кезінде менің сыртымнан да арыз жазып, соңыма түстіңдер. Осыны қойсаңдаршы. Қайтесіңдер. Қоятын уақыт болды ғой...»

Әлбетте, өз кезінде қаншама мәнді көрінгенімен, Одақ төңірегіндегі жікшілдік – ең негізгі проблема емес еді. Адамдар келеді, кетеді, айтысады, тартысады, ауысады. Бұл жиында, керек десеңіз, қазақ тарихи романының болу, болмауы, ол заманда құбыжық саналған қазақ ұлтшылдығына көзқарас мәселесі негізгі назарда тұрған. Мәселен, Сәбит Мұқановтың әсіре-советшіл әуезесінен соң күш алған Тахауи Ахтанов, кешегі пленумда танып кеткен, айтпадым деген сөзін нығырлап қайталайды: «Біз ұлтшылдық сезімді орынсыз қоздыра бермеуіміз керек. Тарих төңірегінде арзан шу көтере берудің қажеті жоқ!..» Ал сол бір тұста аса үлкен жазушы саналған Хамза Есенжанов тарихи тақырыпқа тікелей шабуыл жасамағанымен, Ілияс Есенберлиннің өзінің барлық шығармаларын теріске шығарыпты: «Одақтың екінші хатшысы – беделді, белгілі жазушы болу керек. Есенберлин ондай жазушы емес...» Және Есенберлин романдарынан соң рушылдық әңгіме асқынып кетті, дейді. Бұл жиында Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Ғабиден Мұстафин, Жұбан Молдағалиев, Дмитрий Снегин, Сапарғали Бегалиндер және сөйлепті. Одақ басшылығының жұмысына азды-көпті өкпе бар, екі жаққа да кінә артқан, татулыққа шақырған бітімгерлік бар, түптеп келгенде, бейбіт лепес. Әйткенмен, Сәбит Мұқанов ежіктеп, Тахауи Ахтанов жүгіртпелеп айтқан зиянкес ұлтшылдық, осыған орай, тарихи шығармаларды тежеу туралы қатқыл сөздердің елес-көлеңкесі тарқамай тұрған. Мұндайда дүниенің төңкеріліп түсуі оп-оңай. Мәселен, осы жиынның қорытындысында – алдағы уақытта тарихи шығармаларға тыйым болмаса да, тежеу, шектеу қою туралы шешім шықса несі бар. Кеңесті басқарған орыс текті, қалай дегенмен де әуелгі сөзінен байқалғандай, аса сақ және пайым-парасаты да мол В.Месяцтың өзі қалай тартарын білмей, дағдарып отырса керек. Күтпеген жерде, күрделі мәселенің бар түйінін Асанбай Асқаров шешіп береді:

«Жазушылар одағы дұрыс жолда, дұрыс бағытта деп ойлаймын. Ал әдебиетті тек бір ұрпақ жасамайды, әдебиеттің дамуына барлық ұрпақ, барлық жазушы үлес қосады. Өткен өмірімізге менсінбей қарауға болмайды. Аға жазушыларға да ұлғайған жастарыңды, тәжірибелеріңді бұлдай бермеңдер деп айтар едім. Қазір біздің әдебиетіміз кемелденген, өскен әдебиет. Қаншама құнды шығармалар туды, елеулі істер істелді. Жазушылар одағы маңызды мәселелерге назар аударуы керек. Бүгінгі жиында жекелеген шығармалар туралы әңгіме болған жоқ. Тек Есенберлиннің романы туралы ғана әңгіме қозғалды. Бірақ бұл мәселеге де байыппен қарауымыз керек. Тек кім қай тұрғыдан, қай бағыттан бейнелейді, мәселе осында. Мен кітапты оқып шықтым. Жекелеген кемшіліктері болуы мүмкін. Бірақ негізінен теріс, зиянды кітап деп айта алмаймын. Романнан соншалық үлкен қатені көріп тұрған жоқпын. Кітапта ұлтшылдық сарын бар дегенге қосылмаймын. Бұл қате пікір. Мұндай айып тақсақ, өсіп келе жатқан жастарға қандай тәрбие береміз, қандай үлгі көрсетеміз. Мұндай пікірді абайлап, байқап айту керек. Осының бәрі Одақ басшыларының дұрыс жетекшілік жүргізбей, жұмыста дұрыс тәсіл қолданбауынан туып отыр дер едім. Творчество саласында тек әкімшілікке сүйене беруге болмайды... Бүгінгі әңгімеден тиісті қорытынды шығарып, болашақта мұндай кемшіліктерге жол бермеуіңіз керек.»

Байыпты толғам, әділетті лепес. Біздің ақбас ақылмандардың ой-санасы жетпеген, ұлтшылдық та емес, таза адамгершілік тұрғысындағы ақиқат сөз – партиялық алпауыт қайраткердің аузынан шығыпты. Асанбай Асқаров – аса күрделі тұлға. Рушыл болды, өктем, зорлықшыл болды деген сөздер көп айтылады. Өктем болса, сол замандағы басшысының қалыпты мінезі. Әлдебір жағдайда, көбіне кадр таңдау мәселесінде қиыс, қиғаш істері болса, ол да өрістің тарлығы емес, Қонаевтың өзінен бастау алатын пенделік кінәрат шығар. Қайткенде де шын мәнісіндегі ұлтшыл, әрі парасатты азамат болғанына күмән жоқ. Басқасын білмесек те, осы үлкен жиындағы аталы сөзімен-ақ қазақ руханиятының бір тетігін оңға бұрды дер едік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар