Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Айбек Қалмағамбетов. Бұл дүние қандай ғажап!

10.04.2018 321

Айбек Қалмағамбетов. Бұл дүние қандай ғажап!

Бұл дүние қандай ғажап!

Түсінсеңдер,

Мұқият көз қиығын түсірсеңдер.

Қарызсың ата-анаңа мәңгі бақи,

Әкелген осы өмірге үшін СЕНДЕР!

Аллаға бір-ақ тамшы бар керегі,

Тамшыға күш- қуат, һәм, әл береді.

Сұлбасы шеміршектің анықталып,

Шамалы мезгілден соң жан береді.

Содан соң нәрестеге ес кіреді,

Біреуге ерте, біреуге кеш кіреді.

Аппақ әлем жарқ етіп ашылғанда,

Шар еткен ащы дауыс естіледі.

Тойдағы ой

Қалыпты бүгін жастар сәл кешігіп,

Тамақты соғып алдық біз көсіліп.

Қарын тоқ, мал қорада, балдар мұнда,

Билеуге болады енді бізге есіріп.

Кешігу біздің жақта таныс жағдай,

Бәріміз кешігуден жарысқандай.

Жастарға тәрбиеміз өтіп кетіп,

Оларда кешіккен ғой қалыс қалмай.

Біз қазақ кешігуден ұялмаймыз,

-Мінекей кеп қалдық,- деп жиі алдаймыз.

Білімге Абай да қол кеш сермеген,

Әдетті қанға сіңген тия алмаймыз.

Аса алмай біреулерді өсектеуден,

Аса алмай өнбес бақай есептерден.

Қазақтар жайбырақат жүрген кезде,

Көп елдің өтіп кетті көші өткелден.

Тост сөйлеп жарты сағат бөсті ағамыз,

Қызықсыз өткен шақты еске аламыз.

Қарайлап артымызға қайта-қайта,

Қызықты болашақтан кеш қаламыз.

Түйгенім осы менің көп тойлардан,

Босқа өткен уақыттар кетпейді ойдан.

Көшінен өркениет кешікпейік,

Ағайын кешіксек те тек тойлардан.

***

Бұл өзі ауыл еді біраз үйлі,

Қалқыған түзу еді түтіндері.

Бүгінде көшелері құлазиды,

Үйлердің азып-тозып күтімдері.

Балдардың ойлап алда болашағын,

Қалаға мен сияқты көшті ме екен.

Көбейтіп бір шаңырақ қала шамын,

Ауылдың бір түтіні өшті ме екен.

Күн көріс жанқалтасын қаққан кезде,

Ауылдың салтанаты жоғалды ма.

Пайданың көзін іздеп тапқан кезде,

Қалаға қарай жастар жол алдыма.

Күн салып маңдайына алақанмен,

Сүйеніп қара шал тұр таяғына.

Денесі кір-қожалақ балақанмен,

Бұралқы ит оралып аяғына.

Қайран-ай!

Қалмаған соң өзге амалы,

Телміріп қара жолға үңіледі.

Жасаурап оты қашқан көз жанары,

Белдері иінағаштай бүгіледі.

Меңдеген тұла бойын көңіл дерті,

Кәрілік балалықпен жарасар ма.

Баланың ойын болса есіл-дерті,

Сап-сары уайым бар қара шалда!

Қимайды.

Қимаса да немересін,

Сапарға аттанғалы жиналып жүр.

Қай күні ажал келіп терезесін,

Қағарын білмей жаны қиналып жүр.

Айтпаймын.

Айтсам Мен жандырамын,

Өлеңмен айызыңды қандырамын.

Жаныңды жадыратып күлдіремін,

Мұңайтып көзіңе жас алдырамын.

Айтпаймын.

Айтсам Мен бөсіп кетем,

Алатау самалындай есіп кетем.

Қойдырап жылағанын жас баланың,

Көйлегін келіншектің шешіп кетем.

Айтпаймын.

Айтсам Мен шаттанасың,

Түсініп мына өмірдің ақ-қарасын.

Біресе аспан тіреп биіктерсің,

Біресе кіп-кішкентай боп қаласың.

Айтпаймын.

Айтсам Мен шешілемін,

Есілдің толқынындай көсілемін.

Ішімде қайнап жатқан бұл өмірді,

Мен сенің ой-санаңа көшіремін.

Айтпаймын.

Айтқым келед.

Айта алмаймын.

Сондықтан көп ішінде байқалмаймын.

Жарты күн сөздеріме құлақ қойсаң,

Мен сені тебірентпей қайтармаймын.

Жазайын.Оқыған жан сөз ұғар шын,

Артымда сүрген өмір ізі қалсын,

Ұрығын асыл сөздің егіп кетем,

Керегін әркім келіп өзіне алсын.

***

Өмірге дей алмаспын бүгін келдім,

Бұл жайтқа көп жыл бұрын үңілгенмін.

Қыз-қырқын шалбар киіп бастағанда-ақ,

Мен жарқын болашақтан түңілгенмін.

Шалбарға ұнамады қол салғаны,

Ұятсыз қылықтарға жол салғаны.

Заңына Жаратқанның қарсы шықпа,

Өзіңше қанша мықты болсаң дағы.

Жаратты он сегіз мың әлем қылып,

Барлығын бір-біріне тәуелді ғып.

Қыспен жаз, күнменен түн, ақ пен қара,

Жұптады еркек пенен әйел қылып.

Сүйікті Алла бәрін тең бөледі,

Тепе-теңдік болғанын жөн көреді.

Барлығын бүлдіретін тек адамдар.

Біреуді артық, біреуді кем көреді.

***

Атамекен

Біздің жақта асқар тау жоқ,

Жетелейтін армандарға.

Көрінеді тастар тау боп,

Тоғай татып ормандарға.

Тасымайды буырқанып,

Жайлап аққан өзендер де.

Іше алмайсың суын қанып,

Шөлден ернің кезергенде.

Болмаған соң тау мен орман,

Жарымадық ықтасынға.

Адасасың күре жолдан,

Аппақ түтек бұрқасында.

Етігіңді суырады,

Тым бауырмал батпағы да.

Жұмыртқадай қуырады,

Тас қайнатар аптабы да.

Денең қышып басылмайды,

Маса ызылдап жолағанда.

Қысық көзің ашылмайды,

Құмды дауыл борағанда.

Сонда да ол аппақ мекен,

Көрмегендер мұндайды көп.

Баз біреулер даттап кетер,

«Ит байласа тұрмайды» деп.

Тілін салып қара алтынға,

Май сорғыштар айналып тұр.

Сол қазыққа қала артында,

Талай иттер байланып тұр.

Таулар менен орман жоғы,

Болмайды еш уайым маған.

Таусылмайтын арман жолы,

Көз жетпейтін сайын далам.

Таныс төбе, қырлары да,

Көздеріме оттан ыстық.

Арқау етем жырларыма,

Осыларды мақтаныш қып.

Сен дегенде атады екен,

Асқақ жырмен, күй еңселі.

Айналайын, АТАМЕКЕН,

Сүйем сені! Сүйем сені!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар