Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Біржан Ахмер. Рухани жаңғыру және жыраулар поэзияс...

12.04.2018 9125

Біржан Ахмер. Рухани жаңғыру және жыраулар поэзиясы

Біржан Ахмер. Рухани жаңғыру және жыраулар поэзиясы - adebiportal.kz

Бүгінде ұлы істердің ұйытқысы болған Қазақ елі рухани жаңғыруға бет алды. Бұл жаңғыру – өткенді зерделеп, өшкенді жандандыруға айрықша сеп болары хақ. Саңлақ бабалардан дарыған асыл қасиеттерге жан бітіп, жаһанға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік туды. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың болашағы енді рухани мұралармен тікелей байланысты. Асан қайғы бабамыздың: «Таза мінсіз асыл тас, су түбінде жатады», – дегеніндей, біздің ұлттық кодымыз бен ұлттық санамыз – ақ уыздай таза асыл тегімізде жатыр. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады», – дегені соның айғағы.

Тасында – шежіресі, тауында – тарихы бедерленген тарлан ұлттың ақындары әр заманда парасат биігінен үн қатып, халықты адамшылыққа, ар мен намысқа, туған жердің қасиетін түсінуге шақырды. Міне, осы тұрғыдан қарағанда жыраулар поэзиясындағы рухани құндылықтар қазіргі жаңғыруымызбен сабақтасып жатқандай. Әсіресе, отансүйгіштік, салт-дәстүрді жырлауға келгенде жыраулардың орны бөлек. Мәселен, Доспамбет жыраудың:

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен,

...Тоғынды сарты нар жегіп,

Көш түзедім, өкінбен,

– деген жырында шөбі шүйгінді, баурайы бақытқа толған туған жерге деген ерекше ықылас һәм іңкәрлік аңғарылады. Сонымен қатар, жырауларда ұлттық рухтың асқақ көрінісі кеңінен айшықталған шығармалар да аз емес. Мысалы, қарға бойлы Қазтуған жыраудың ешкімге дес бермей, әз басын имеген өткір мінезін төмендегі шумақтан сезесіз:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,

Айдаса – қойдың көсемі,

Сөйлесе – қызыл тілдің шешені...

Ақын «мен» деп жырласа, ол өзімшілдік емес, керісінше, мен болмағанда халықты кім бастайды деген батыл шешім деп түсіну ләзім. Алмас қылыштай жарқылдап, ұлтты қараңғылықтан құтқару – жыраудың басты борышы. Ал, Елбасы мақаласында осы тақырып туралы былайша айтылады: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұланғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті».

Жыраулардың толғауларында: ата-ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, даналарды дәріптеу, дарақылықтан қашу, ұлтты ынтымақ пен берекеге шақыру, бір тудың астына бірігу, қиындыққа тайсалып қалмау, керісінше, «бұлт болып айды ашып, мұнар болып күнді ашып», кедергілерден сескенбей, алға ұмтылу жан-жақты дәріптелген. Аталған тақырып жайында Н.Назарбаев: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деген болатын.

Қорытындылай келе, «Халқың тозып, кем болмас, Әділ болса ұлығы» деп Ақтамберді Сарыұлы жырлағандай, Елбасының игілікке бағытталған әр бастамасы Ұлы Дала Елі үшін айрықша маңызға ие. Ал, рухани жаңғыру – бұл ел болып, жұрт болып қолдайтын һәм насихаттайтын игі бастамалардың бірі. Осы арқылы сүбелі сөз бен өрнекті өлеңнің, тұмадай тұнық дәстүріміздің бағасы артса, рухани түлеудің шырқау шыңы сонда болары сөзсіз.

Біржан Ахмер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар