Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (соңы)

17.04.2018 730

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (соңы)

Осы «Мұхиттан өткен қайықтың» әсері ме, әлде белгілі бір тұста Есенберлинді қорғай алмағаны, шындығында қорғағысы келмей, қарсыластарын бетімен жібергені қайыра ой салды ма, көп ұзамай-ақ, 80-жылдарға таман Қонаевтың беті бері қараған еді. Ілекең жаңа романымен Димекеңнің өзінің алдына барды һәм бұдан соңғы кезеңде еркін қатынасып тұрды. Кейінірек, Имашевтан соң Үшінші хатшы қызметін атқарған Кәкімжан Қазыбаев өзінің күнделік жазбаларында Есенберлин Қонаевқа жиі келетін және жазушылар төңірегінде әрқилы ақпар беріп тұратын, және көп нәрсені бүлдіріп кететін деп көрсетеді. Одақ төңірегіндегі дау-дамайда Ахтанов, Нұрпейісовтерге бейіл жағдайын ашық айтады. Мұнысы жөн дейік. Бірақ өзінің мұншама биік орынға жетуінде Есенберлинге борыштар екенін білмепті. Осы реттегі және Қонаев пен Есенберлин арасындағы кейінгі қатынасқа байланысты, өзім куә болған, анекдоттық, бірақ нақты хикая.

1982 жыл, февраль айының орта тұсы болса керек. Жазушылар ғимаратының үшінші қабатында орналасқан «Жұлдыз» журналының редакциясына бара жатыр едім. Екінші қабат, кең фойеде Ілекең тұр екен. Тұрған жоқ, өзінде болмаған әдетпен, шиыршық атып, қозғалақтап жүр. Мен бұрылып барып амандастым. «Ілеке, әлденеге қатты кейіп тұрсыз ғой...» – деп едім. Шынында да өте ашулы екен. Маған тіке қарады да: «Мен оған көрсетем, руын жасырып, партияны алдау дегеннің не екенін!» – деді. Мен аңыра күліп, сөз мәнісін сұрап едім. «Анау, сенің ағаң!.. – деді. – Осы заманға дейін руын жасырып, партияны алдап келді. Енді күнінің біткен жері!..» «Кім, кім? – дедім мен Ілекеңнің ашуына кереғар, өзгеше сөзіне күліп. – Менің өзім танымайтын қай ағам?» «Әй сен білмейді екенсің ғой. Сапар Байжанов. Тобықты ғой. Тобықты екеніне мақтану орнына жасырып, мен үйсінмін деп партияны алдап келген. Енді бұрынғыдан да өрлеп, кешегі Имашевтің орнына Үшінші хатшы болмақ! Анау сетік танауы, таз басымен, Димекеңнің қасында, президиумда қалай отырады? Мен көрсетем оған, руын жасырып, үкімет пен партияны қатарынан алдаудың не екенін!..» Мына жаңалыққа қайран қалған едім. Сапар Байжановтың руын жасырғанына емес. Осыншама үлкен қызметке өткелі тұрғанына. Сырттай жақсы білем, талай рет жүздестік. Ол кезде Орталық Партия Комитетінің Үгіт-насихат бөлімінде сектор меңгерушісі. Кейінірек орынбасар болды ғой деймін. Бөлім бастығы – орыс, Плотников деген, бізбен тікелей шаруасы жоқ, бар жұмысымыз – осы Байжановқа барып тірелетін. «Алдаспанның» айқайы кезінде айрықша белсенділік танытып еді. Бұдан соң аспандай көтеріліп, партиялық жетекші баспасөз «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болды, әрі Қазақстан Журналистер одағының бірінші хатшысы. Енді мүлде шырқап, республиканың бүткіл идеология саласын басқармақ. «Тиесілі документтері Димекеңнің алдында жатқан көрінеді, – деді Ілекең. – Мен кешігіңкіреп, осы жаңа ғана естідім. Әнуар әлдебір мыжың әңгімеден босамай жатыр. Енді дәп қазір осы Әнуардың кабинетінен – «кремлевкадан» Димекеңнің өзіне тікелей телефон соғам. Және кеңінен, жеткізіп айту үшін жеке қабылдауына барам. Мынау ана жұмысқа өтіп кетсе, бізге таң атып, күн шықпайды. Бірақ өтпейді. Өткізбеймін. Мен көрсетем оған – партияны алдап, руын жасырған алдамшыға!..» Осы кезде сол қанаттағы үлкен есік ашылып, егде тартқан хатшы әйел көрінді. Алыстан дыбыстамай, майда басып жақындап келіп: «Ілеке, Әнуар босады, сізді күтіп отыр», – деген. Ілекең маған қарап қолын бір сілтеп, асыға басып, ішке кірді. Мен Ілекеңнің өзінде болмаған сабырсыз жағдайына таң қалып, «руын жасырып партияны алдаған» өзгеше тіркеске күліп, әрі жайсыз хабардан секем алып, сол арада азғана кідірдім де, жоғарыға көтерілдім. Журналдағы шаруамды бітіріп, төменге түскен кезімде Ілекең кетіп қалған екен. «Ілекең ашуланып кіріп, көңілді шықты», – деді хатшы Роза апай менің сұраулы жүзімнен аңдап. Арада оншақты күн, әлде екі-үш апта өткен кезде Ілекеңмен тағы да ұшырасып қалған едім. «Менің ағамның жайы не болды?» – деп сұрадым. Ілекең әлденеге айрықша риза болғандағы әдетімен, балаша ыржия күліп: «Ағаң сол беті құрдымға кетті. Қол жетпеске көтерілгені қайда, барынан айрылатын шығар. Осы тақау күндерде естисің...» – деп еді. Көп ұзамай әуелгі хабарын естідім. Орталық Комитеттің идеология тарабындағы хатшысы қызметіне Сапар Байжанов емес, осы кезде ҚазТАГ-та отырған Кәкімжан Қазыбаев бекітіледі. Ресми деректерге қарағанда, 1982, 30 март күнгі Пленумда. Ал Сапар ағам туралы төтенше хабар шыға қоймады. Созылып барып, біржола тыншыған сияқты. Жоқ, ақыры, ширатылған түйін шешілген. Жаңа, 1983 жылдың қаңтар айында. Сөйтсек, мұншама кешігудің ерекше, көлденең себебі бар екен. Димекең өзінің Үшінші хатшысы үлкен қызметіне орныққаннан соң, арада апта өтті, ай өтті – қайткенде көп ұзатпай, Байжановтың мәселесін тапсырады. Әйткенмен, Қазыбаев өзінің құзіретін артығырақ бағалады ма, анығы – бірге өскен, әуелде қызметтес, кейінде етене аралас досын қимаған сияқты, бұл мәртебелі тапсырысты аяқасты қалдырады. «Жұмысын жақсы атқарып отыр, босату – қисынсыз еді», – деп жазған кейінде. Тәрізі, кәрі кісі, ұмытып кетер деп ойласа керек. Сонымен екі-үш ай, бес ай, жеті-сегіз ай өтіп, жыл аяғына жетеді. Міне, осы кезде, әбден төзімі таусылған (бәлкім, өзгеше жағдайды Ілекең қайыра еске түсірген) Қонаев тікелей телефон соғыпты. Кәкімжан Қазыбаевтың өзінің Күнделік жазбалары бойынша: «Әй, Қазыбаев! Сенің анау Байжановың тобықты екен ғой!.. Досың болған соң босатпай жүрсің бе?!» – депті. Зәресі ұшқан Үшінші хатшы зырқырап кетеді. «Партияны алдап руын жасырған», шындығында өзін басқа бір атаның баласы ретінде әйгілеп жүрген Сапар Байжанов мәртебелі екі мансабынан бірдей алынып, республикалық Архив басқармасына айдалған екен. Бұрнада үлкен қызметі болған, енді қаһарға ұшыраған партия қайраткерлерінің ең соңғы аялдамасы есебіндегі уақытша бекет саналатын.

«Сенің анау Байжановың тобықты екен ғой!..» – «Мен мұндай сөзді Димекеңнен күтпеген едім...» – деп жазады Байжановтың жанқияр досы кейінгі естелігінде. (Бар мансабынан біржола қағылған Байжанов үлкен мәртебеге жаңа жеткен айрылмас серігін қоса алып кетті деуге болады; дәп осы жолы емес, бірақ тым көп ұзамай, межелі уақытынан бұрын. «Өзінің жауапты қызметін ойдағыдай атқара алмаған» Қазыбаевқа тағылатын негізгі кінәнің бірі – осы Байжановты сақтап қалу әрекетіне байланысты.) Ескіше айтқанда, бұл Қазыбаевтың өзінің найман екені көпке белгілі. Есебі, Димекеңнің Сапар Байжановты жазаға тартуы – оның тобықты болуында емес, қолайлы карьера жасау үшін «руын жасырғанында» болып шықты. Әйтпесе, арғының не, найманың не. Қонаев аса ұзақ отырған Имашевтан, одан кейінгі келте Кәмәлиденовтен соң бұл араға іскер, білгір адам іздеген. Ақыры, сенімді саналған, бекігелі тұрған кісіден кінәрат табылып, ендігі таңдау басқа бір азаматқа түсті. Ілекеңнің арқасында. Алайда, бұл хатшы да Ілекеңе жайлы болмай шықты. Мәселенің кілтипаны жеке бір кісіде ғана емес, бүткіл советтік қызыл орыстық отаршыл системада жатқан.

26

Таңертеңгі ас үстінде отырғам. Әдетімше, асықпай ет жеп, сораптап қою шай ішіп. Енді бес-он минуттан соң жазу столына байлану керек. Сол сәтінде телефон соғылды. Шылдыр ауыр естіліп еді, хабар – зілді ғана емес, қаралы шықты. Ілекем – менің Ілияс ағам, қазақ халқының ардагер, адал ұлы, қайтпас қаһарман, атақты жазушы Ілияс Есенберлин дүниеден өткен екен. Қамалаған жаудан беті қайтып көрмеген Жеке-батыр, төрт тараптан тынымсыз төпелеген, бітіспес, қаскөй дұшпанның тұтас он бес жыл бойғы тынымсыз соққысынан соң, сексен сегіз жерден жарақат алып, ақыры төңкеріле құлады. Кім, қалай хабарлағаны жадымда жоқ. Есім ауытқымаса да, шайқалақтап келіп орныма отырдым. Көзімнен еріксіз ытқып шыққан жас бетімді жуып кетсе керек.

27

Енді, Ілекеңнің шәйіт қазасынан соң, 2004 – жиырма жылдан астам уақыт озғанда сәтімен таңбаға түскен шағын хикаяны қайыра баяндасам деймін. «Ақыр дүние» аталған, фәнидің баянсызы туралы триптихтың Екінші тармағы. Кезінде «Жұлдыз» журналында жарияланған, ізінше қатардағы жинақта басылған. Кәдімгідей, қиялдан туған, немесе деректі әңгіме емес. Тап-таза, қаз-қалпында дәп осылай болған, ертегілік, ғажайып оқиға. «Ілияс Есенберлинмен кейінгі кездесу» деп аталған. Ләббай, мінекиіңіз.

1983, қоңыр күз еді. Жазушылар одағының алдында Ілияс аға Есенберлинмен ұшырастым. Есімде жоқ, қайсымыз шығып, қайсымыз келе жатқанымыз. Үстінде етегі белдік сыртына жіберілген жеңіл көйлек. Бұл заманда мен үнемі костюм киіп, галстук тағып жүретін едім. Қарсы жолыққан соң көп бөгелмедік, екі-үш ауыз ғана тіл қатыстық. Өңі қоңырайып, бет-аузы тобарсып кеткен екен.

– Жүрегім ауырып жүр... – деді сол қолымен кеуде тұсын ұстап.

Жүрегі ғана емес, тұтас бір жақ қабырғасы ауыратындай, иығы басылып, мыжырайып тұр. Үстіңгі ерні салбырап, оң жақ езуі ыржиып, болмашы күрсінді.

– Демалыңыз, Ілеке... – дедім.

– Демалам. Тек мына “Алтын Орданы” өткізіп алайын...

– Өндіріске әлі кетпеп пе еді?

Ілекең әлсіз қимылмен қолын сілтеді.

Айрылысып жүре бердік. Иә. Ілекең Одаққа келе жатыр екен. Қайтып бара жатса, кері бұрылып, шығарып салар едім. Не шаруа, қанша жұмысы бар, соңынан еріп жүрмейсің ғой. Екеуіміз екі тарапқа айрылып, кете бердік.

Бұл – ең соңғы кездесуіміз болып шықты. Сонымен қатар... ең ақырғы емес. Әйтпесе, бар әңгіме осы арада тәмамдалар еді...

Кейін естідім. Ілекең ертеңіне «Жазушы» баспасына барады. Қаншама кедергіден өткен, бар мәселесі шешілген, бірақ қайткенде де өндіріске жіберілмей жатқан «Алтын Орданың» жайымен. Бұл жерде Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің қазақ рухына, қазақ тарихына қарсы сара жолын нық ұстанған Имашев пен Есенәлиевтің сенімді өкілі – баспа директоры Әбілмәжін Жұмабаев отыр, Советтік биліктің ақ пен адалға қас, айнымас дәстүрін берік сақтап келе жатқан КГБ-ның талай сынынан сүрінбей өткен қырағы чекист – баспаның бас редакторы Есет Әукебаев отыр. Ұзын бұғалық пен тар тұзақ. Араларында қандай сұмдық әңгіме болды – бір Аллаға ғана аян. Немесе, айтпай-ақ белгілі. Ілекең баспадан қажып, түңіліп қайтады. Кешке қарай... көкірегі қақ айрылған. «Жедел жәрдем», емхана. Бірақ... парша-парша жыртылған жүрекке ешқандай шара жоқ. Ғұмыр бойғы көрген бар қиындық – қуғын мен сүргін, жәбір мен жала – үйіріле түйдектеліп келіп, бір нүктеде тоғысыпты. Ышқынған дем, қиналған жан. «Мынау азап қашан бітеді?!..», – депті Ілекең енді алланың ақ өлімін өзі тілеп. Тән азабы тым ұзаққа созылады. Ақыры, төртінші күні, түн ортасында бітіпті. Бар азап.

Мәйіті – күре даңғылдың төменгі жағындағы Жасөспірімдер театрына қойылды. Әдеттегі рәсім жөнімен, өкімет тарабынан атаулы мекеме, дулы оқу орындарына хабарлау, марқұммен қоштасып шығуға міндеттеу болған жоқ. Жалпы жұрт үшін баспасөз, немесе радио арқылы да ешқандай ақпарат берілмеді. Бірақ халық қаптап кетті. Біреуден-біреу естіген. Арлы-берлі өтіп бара жатқандар, қаралы кепті аңдап, бұл кім деп, сұрастырып келген. Қазақ, орыс, тағы қаншама ұлт өкілі, кәрі, жас, әйел, еркек – жапырлаған жұрт...

Табытты шығарарда бірге көтерістім.

Тау басына жеттік. Қалай болғаны, кім не айтқаны есімде жоқ. Бәрі де мәнсіз еді. Өткен жазушы, өлген аруақ үшін.

Көппен бірге топырақ салдым.

Төмпешік үйіліп болды. Енді не қалды?..

Мен Ілекеңнің аяғын ала, құбыла бетте, шылбыр бойындай жерде тұрған екем.

Кенет...

Қабірдің бас жағы, үйінді тасасынан еңселене көтерілді. Ілекең. Әдеттегідей жеңіл киім. Қайдан келдім, қайда тұрмын дегендей, бойын жазып, сәл бөгелді. Бірақ жан-жағына назар салмады. Кеудесін керіп, алға тура қарап, жиналған жұртты қақ жарып, баяу жылжып жүре берді. Топтан шықты. Бет-бағдары – түзу. Алда... Алда, алыста – мұнартқан, саржағал дала. Сол далаға қарай, өзінің әдепкі, маймақ жүрісінен сәл-пәл жедел, еркін басып, ұзап барады. Сәлден соң төбенің етегіне құлап, ғайып болды...

Сол кезде оянып кеттім. Таң аппақ атқан. Бәлкім, күн көтеріліп кеткен. Иә. Төмпешіктен соңғысы – түсім екен. Ол рас. Апта бұрын жерлегеміз. Кеше ғана жетісін өткердік.

Әрине, түстің жоруы – біреу-ақ. Төмпешік қабір – төбе басында қалды. Өзі – туған даласына қайта оралды.

Бірақ мен үшін осымен бітпепті. Тағы да түс көрдім. Ілекеңнің қырқын берер қарсаңда. Екі-үш күн бұрын.

Әлдебір, үлкен, жайсыз, ауыр, әрі жат, сұрықсыз ғимараттың астыңғы, жер қабаты екен. Ұзыннан-ұзақ созылған, құлазыған дәліз. Төбесі аласа, қабырғасы қысыңқы, рабайсыз шұбатылған, басы бітеу туннель сияқты. Екі жақ қапталы қатар-қатар есік, арғы жағында не бары белгісіз, әйтеуір кіруге болмайды. Маған. Сірә, тиым салынған. Тылсым дәліздің екінші ұштығы, сол жақ бүйірде – жоғарыдан тікелей түсетін биік баспалдақ, тар далан – кең дүниемен жалғасатын жалғыз қуыс. Мен осы, шығар ауызда, баспалдақ түбінде тұрмын. Бірақ жоғары көтерілуге, аттап басуға болмайды. Оған да тиым салынған. Біржола торығып, жан-жағыма қараймын. Түгел сары. Сап-сары. Еден де, төбе де, қабырға да, қатар-қатар есіктер де. Әлдеқайдан себездеп тұрған жарық та сарғыш.

Кенет... сырттан осылай қарай Ілекең – Ілияс Есенберлин мені іздеп келе жатқанын білдім. Ұмытқам жоқ, анық, Ілекең өлген. Осы жақында ғана. Тек... бұл да көз алдымда, көрден шығып кеткен. Содан бері мені іздеп жүр. Міне, тапты. Бірақ тіршілікте үзеңгілес жүрген ағам болса да, өлгеннен соң көргім келмейді. Бұл – осы Сары үйдің заңына қайшы. Кетті ғой өзі. Енді несі бар менде. Өзі – өлген кісі. Көргім келмейді. Қорқам.

Қорқам. Мені неге іздеп келе жатыр? Бой тасалау керек, тығылу керек...

Тұра қашсам, анау сары есіктер ашылмайды. Ал дәліз – оқтай түзу, бірден көзге шалынам. Енді қайттім? Сыртқы қақпадан кірді, баспалдақпен, маймақ аюша, жайлап, ауыр басып келеді. Естімесем де, көрмесем де анық сезініп тұрмын. Не істеймін? Жан-дәрмен бұрышқа ұмтылдым. Екі-ақ аттап, тіпе-тік қалпымда, жабысып тұра қалдым. Айттым ғой, жоғарғы баспалдақ – дәліздің сол жақ ұштығына жалғас. Көлденең, тіпе-тік. Мен қарсы бұрыштамын. Әрине, сырт айналып жасырыну қауіпті, бет қарап, тартылып тұрмын. Мүмкін, байқамай, қасымнан өте шығар...

Ілекең асықпай, төмен түсті. Ақырғы тепкішекте тоқтады. Оң жағына – шұбатылған суық дәлізге қарамады. Тура маған...

Ең соңғы көрген... қабірден шыққан қалпында. Тек әдепкіден жүдеу, көз аясы үлкейген, шықшыты шығыңқы. Өңі... сап-сары. Сұлық. Өте көңілсіз. Қайғылы, мұңды емес. Салғырт.

Маған тіке қарап, сәл бөгелді де, тура жүрді.

Менің жүрегімдегі манағы үрей сап болған. Бойымды жинап, жансауға бұрышымнан аулақтап, бір-екі қадам алға бастым.

Ілекең қарсы алдыма келді де, қолын ұсынды.

«Аман ба, Мұхтар!..»

Алақаны салқын екен. Жұмсақ, босаң. Бірақ етінен арылған саусақтары қатаң, менің қолымды берік тұтып тұр.

Басқа ештеңе айтпады. Және бөгелмеді. Болмашы бас изеп, қоштасу ишарасын жасады да, қолын алып, бұрылып жүре берді...

Жүрегім шымырлап, ес пен түстің арасында әжептәуір жатып, әрең ояндым. Түн ортасы екен.

Бас көтеріп, дәлізден түскен алакөлеңкеде құмығып, азғана тыныс таптым да, тұрып, кабинетіме өттім. Шам жағып, жазу столымның басына келдім. Өткен өмір, бірге жағаласқан майдан есіме түсіп, тағы да әжептәуір отырсам керек. Фәни дүние деген осы... Ілекеңнің атына үш қайтара дұға жасадым.

Сәлден соң есікті сығалай ашып, ұйқылы-ояу бәйбішем де көрінді. “Немене, бір жерің ауырды ма?..” – дейді.

– Түсімде Ілекеңді көрдім, – дедім. – Мені іздеп келіпті.

Содан соң қаз-қалпында айтып бердім.

– Өте жақсы, сәуегей түс, – деді. – Ілекең бар аманатын саған жүктеп кетті...

– Онсыз да... – дедім.

– Әйткенмен, ауызба-ауыз айтып, жүзбе-жүз көргісі келген ғой, – деді ақылы ұзын шыққан біздің әйел. – Амандығыңды тіледі. Неше жасында кетіп еді?..

– Жетпіске қарағанда...

– Одан да ұзақ ғұмыр айтты. Ендігінің салмағы сенде деді...

«Түстің шешімі – жоруында» деген қазақ. Солай екен.

Бірақ менің көргенім – әдепкі түс емес. Нақты болмыс.

Ілекеңмен кейінгі, қапияда ұшырасуым – өзге бір өлшем, бөтен уақыт, басқа бір кеңістікте өткен тәрізді. Қиялда, түсте емес, бақимен астас, ғұмырмен қанаттас бұ дүниеде.

Кілтипан – аманатта емес. Өлмейтін, өшпейтін мәңгілік рухтың бар екенін әйгілеуде. Әйтпесе... өзің тілеп алған, онсыз да мойныңа артқан ауыр жүгің. Тумай тұрғанда пешенеңе жазылған міндет-парызың. Қайрылмас, қайта айналмас тағдырың. Қашсаң да құтыла алмайсың. Соны түйсінсең... қалғаны бір Тәңірінің ерік, билігінде. Осылай деп ұқтым.

“Мен өлгем жоқ, өшкем жоқ. Сен де... ештеңеден қорықпа!..”

Бұл кезде «Аласапыран» жазылып бітіп, екі кітабы да жарыққа шыққан. Қорқыныш та, қауіп те артта, алыста қалған. Андағы емес, мұндағы ғұмырымның да өлшеусіз ұзарғанын кәміл таныған кезім. Бірақ алда... не күтіп тұр?

«Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ,

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ!..»

Одан бері де қаншама заман... Әуелде әдепкі сегіз, одан соң өзгеше он үш – қосақтап келгенде жиырма және тағы бір жыл. Тар соқпақтан аман өтіп, иілген жақтың басына тақадық. Жолыңды қалай қарай созу – Хақтың қолында.

Абай атам айтқандай...

28

Кейінгі ғұмырбаяндық анықтамаларда Ілияс Есенберлин 1983 жылы 5 октябрь күні өлді деп жазылған. Кезінде құнттамайсың. Енді аз-маз күмән туған. Осы жолы Алматыдағы көмектес інілерім арқылы жалғасып, Ілекеңнің сол кездегі естияр баласы Қозыкөрпештен сұрастырдым. «5 октябрь, түнгі сағат он бір» депті. Бастапқы некролог «Социалистік Қазақстан» газетінде, 6 октябрь күні шыққан екен. Яғни, айдың 5-інен 6-сына қараған түн емес. Қайткенде үлгермес еді. Сонда, осының алдындағы түн болды. – 4 октябрь, тәуліктің соңғы сағаты қарсаңында. Яғни, Ілияс Есенберлин 1983 жылы, 4 октябрь, айдың 5-іне қараған мезет, түн ортасында бақиға көшті деп білуге тиіспіз. Жерлеу өте асығыс жасалды. Сол, әуелгі некролог шыққан 6 октябрь күні. Республика басшылары – Д.Қонаев, Б.Әшімов бастап, ішінде С.Имашев та бар, Орталық Комитеттің бюро мүшелері түгел қол қойған, бұдан әрі орысша әліпби реті бойынша, Д.Әбілев, Ә.Әбішев, Ә.Әлімжанов, Т.Ахтанов, Қ.Бекхожин, Х.Ерғалиев, М.Қаратаев, Ғ.Мүсрепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов, О.Сүлейменов, Ә.Шәріпов, М.Хакімжанова – жиыны елу бес кісі – Үкімет пен Партия басшылығы түгел, әрқилы қызметтегі, дәрежелі, дәрежесіз қаншама жазушының есімі тізбеленген, алайда, жадағай-шалағай өмірбаяндық деректермен ғана шектелген, марқұмның ұлттық әдебиеттегі орны, қаламгерлік бағасы берілмеген, тіпті, қай күні дүниеден өткені нақты айтылмаған, шағын, әрі қораш некролог тезінен ғана емес, өте үстірт жазылған екен. Рәсімді құжатта аттары аталатын партократтар түгелдей, қаламгер қайраткерлер түгелге жуық, – әуелгілері қашанда қатерлі пәлекеттен, кейінгілері – бәрінің алдына түсіп кеткен бақталастан құтылғандай, еркін тыныс алса керек. Болды, көрге терең көмдік, бәрі бітті деп ойласа керек. Бітпепті. Жер астына түскен күн – Ілияс Есенберлин деген жазушы, қоғам қайраткері, ұлттық батырдың жаңа, мәңгілік ғұмырының басы екен. Әзірше, әзірше ғана емес, тақаудағы отыз бірдеңе жылда мұны пайымдап жатқандары және шамалы.

Атбасардағы І.Есенберлин ескерткіші

Ілекең кеткеннен соң, арада небәрі екі жарым ай өткенде, Жазушылар одағының басшылығына Олжас Сүлейменов келді. Әттегене, Ілекең енді сексен күн тұрғанда, ғұмыр жасы сексенге дейін, бәлкім, одан арыға ұзарар еду-ау дестік, жанашыр іні, көзі ашық ағайын. Шынында да. Қузау біржола тоқталмаса да, қудалау біршама азаяр еді. Кейінгі кесек дүниесі – міне, өлгеннен соң ғана терімге берілген «Алтын Орда» да тоқтаусыз басылар еді. Айтқанымыздай, Ілекеңнің өзі, дүниеден өтерден азғана бұрын, Димекеңнің ғұзырына арнайы барып, он томдық шығармалар жинағын «Жазушы» баспасының алғы бес жылдық жоспарына енгізді. Қайтадан пысықтайық, әдетте, көп томдық басылым, тіпті, екі томдық Таңдамалының өзінің тағдыры Мәскеуде қарастырылар еді. Бұл жолы өз ортамызда, төтесінен шешіліпті. Үлкен кісінің аста-төк шарапаты. Жоғарыдан осындай пәрмен түскен соң, шетінен жеміріліп жатқан 1984 жылдың есебіне әуелгі екі том терімге беріледі. Көп ұзамай, мен «Жазушы» баспасына бас редактор болып қайта оралған кезімде Бірінші том шығып кеткен, Екінші том келіп тұр екен. Және Үшінші, Төртінші томдар терімде жатыр. Арғы, 1986 жылдың жоспарына және екі томын енгіздік. Ілекең көзінің тірісінде осы он томды түгелдей баспаға әзірлеп үлгерген еді. Артық жұмыс жасалмаған, барлық жапсырмасы дайын. Бұл сөздің мәнісі – кез келген шығарманың қайыра басылымы кезінде бұрын жарыққа шыққан кітаптың екі данасы алынып, түбінен сөгіледі де, тақ және жұп беттер алмаса, жаңа, таза қағаздың үстіне жапсырылады. Яғни, он томдықты өндіріске тапсырар алдында ешқандай қосымша жұмыс жасалмаған, бар салмақ – корректорлардың үлесінде. Әйткенмен, мен он томдық аталған әйдік басылымға, академиялық болмаса да, аз-мұз ғылыми сыпат беру үшін жауапты редактор сайлау және әрбір томға шағын анықтама жазу қажет деп білдім. Бұл кезде алғашқы үш том өтіп кеткен, енді Төртінші томнан бастап, көбіне ширек бетке де жетпейтін, ықшам түсініктеме берілетін болды. Бұл абыройға сол кездегі менің ең жақын достарымның бірі – әдебиетші Р.Нұрғалиев ие болған еді. Айтқанымдай, дайын асқа ие және бар жұмысы – жаңағы алақандай анықтама. Кейін Есенберлиннің он томдығын түгелдей баспаға әзірледім деп жазыпты. Ақиқат тарихы жаңағы. Иә, айтпақшы, ең соңғы оныншы томға Ілекеңнің жазушылық қызметі туралы біршама сауатты мақаласын қосты. Бар еңбегі осымен шектелген. Бұл да елеусіз іс емес. Алайда, жалпы жұрт жазып жатқан қатардағы рецензия ғана.

Ілекеңнің он томдығы тоқтаусыз өтіп жатыр. Бәрі де жөппелдеме. Мүмкіндігінше шұғыл. Бесінші, Алтыншы томдар менің көз алдымда, 1986 жылдың басы мен алғашқы жарымында шықты. Ал жетінші, сегізінші томдары 1987 жылдың тақырыптық жоспарына енгізілген. Өз қолыммен, алдыңғы кезекте терімге беріліп еді, мен баспадан кеткеннен кейін жарыққа жетті. Осы екпінмен, Ілекеңнің он томдығы 1988 жылы түгелімен тәмамдалды. Бәрі жақсы. Ең бастысы – Ілекеңнің барлық еңбегі халқына жетіп жатыр. Есенберлин төңірегіндегі, тура он бес жылға созылған жалалы дабыра мен жаппай дүбір тыншыған сияқты. Өткен аруаққа қарсы ешкім атойлап көтерілмеген. Алайда, астыртын күрес тоқталмапты. Ендігісі – ойбай-аттан, арыз-ғұрыз, жала мен жәбір емес. Мүлде атамай қою, елемеу, есептен шығару, үнсіз тылсыммен буып тастау. Бұл жаңа саясат, өңін айналдырған дүлей зұлымдық – Есенберлиннің көркем шығармаларының аяғын тұсап, өрісін тарылта алмады. Керісінше, жазушының Алматыдағы дербес музейі атынан қазақша және орысша үсті-үстіне басылып, таралып жатты. Москвадағы орталық баспалар да бұрынғы райынан қайтқан жоқ. Жазушының негізгі шығармалары енді советтер шегінен де озып, алыс шет жұрттарға жайыла бастаған. Оның есесіне, ресми Қазақстанда Есенберлин дейтін жазушының тынысы тарылмаса да, аяғына қат-қабат тұсау салынғандай. Әуелде Сексен жылдығы атаусыз қалды. Содан соң – Тоқсан жылдық. Егемен өкіметім әу деп үн шығармаған. Тіпті, Жазушылар одағының өзі біржола ұмытқандай. Ақыры... Жүз жылдық. Жақындап келе жатыр. Бұл кезде Олжас Сүлейменов Қазақстан республикасының ЮНЕСКО-дағы ресми өкілі. Болды, бітті. Парижден арнайы сәлем келіп, мәселе көтерілгеннен соң, біздің ұлттық парламентіміздің «кемеңгер» депутаттары, оларға жалғас жалпы жұрт, өкімет пен партия – қабаттаса дауыс көтеріп, ақыры тиесілі қағаздар Парижге жетеді. Қазақтың атақты жазушысы, шығармалары әлемнің қаншама тіліне аударылған, Батыс пен Шығыста бірдей танылған Ілияс Есенберлиннің тойы ЮНЕСКО аясында тойланатын болыпты. Тойланды. Әдетте мұндай атаулы мерекелер белгілі бір ұлт қайраткерлерін дүниеге таныту үшін жасалады. Ал біздің жағдайда ең алдымен өзіміз тануымыз керек екен. Халқымыз емес. Қазақ халқы Ілияс Есенберлинге өзінің ең жоғарғы бағасын баяғыда беріп қойған. Біздің самарқау өкіметіміз бен әлі де көзі қитар, қолы кемтар, қалай айтсаңыз да қаламы түйте «классик» жазармандарымыз үшін.

Бірақ ақыры бұл емес. Бүгінде тәуелсіз республикасының шегінде он екі миллионнан асқан, жер әлемдегі жиын саны он жеті миллионға тақау қазақ халқы ешқашан өлмейді, мәңгі жасайды десек, қысас пен қиянатқа толы отарлық тар заманның өзінде туған жұртының мұңын мұңдаған, тарихын жоқтаған Ілияс Есенберлиннің есімі де ешқашан ұмытылмайды, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады деген сөз.

9.ІІІ. – 24.ІҮ.2017,

Роквилл, Мэриленд, АҚШ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар