Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Төрдегі талқылау (Төр әдеби клубының үшінші отырыс...

21.04.2018 25265

Төрдегі талқылау (Төр әдеби клубының үшінші отырысы)

Төрдегі талқылау (Төр әдеби клубының үшінші отырысы) - adebiportal.kz

"Егемен Қазақстан" газеті мен "Әдебиет порталының" біріккен жобасы "Төр" әдеби клубы оқырмандар мен қаламгерлер қауымы арасында біршама қызығушылыққа ие болып келеді. Қазақ әдебиеті саналы да сапалы, шынайы сынға зәру болып отырғаны белгілі. "Егемен Қазақстан" газетінің мәжіліс залында өткен "Төр" әдеби клубының үшінші реткі отырысына көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Амангелді Кеңшілікұлы, жас жазушы Арман Әлмембет және басқа да әдебиетші қауым өкілдері қатысты.

Мирас Асан: Құрметті достар және ағалар! Біз «Төрдегі» талқылау» бойынша жас жазушылар Қанат Тілеухан мен Жанболат Баймұрыновтың екі әңгімесін талқылайық деп шешкенбіз. Бүгін осы мақсатта жиналып отырмыз.

Екі қаламгердің әңгімелері «Әдебиет порталында» жарияланды. Талдау жасайтын ағаларымыздың қолына мәтін тиді. Осы әңгімелер арқылы әдебиетке, оның ішінде прозаға қадам басқан отыздың төңірегіндегі жазушыларымыздың қазіргі аяқ алыстары қандай, әңгімелерінің көркемдік деңгейі қай шамада, өздерінің жазу машығы қаншалықты қалыптасқан? – деген сияқты сұрақтарға жауап табу мақсатында бас қосып отырмыз. Пікір білдіруді Қажығали аға, өзіңізден бастасақ.

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Екі жазушының қатарластары алдымен пікірлерін айтсын. Содан кейін біртіндеп еске түсіре отырып, кеңінен толғап пікір айтармыз.

Бағашар Тұрсынбайұлы: Онда қатарлас жазушыларымыздың бірі Арман өзің бастасаң. «Қараша» әңгімесінен бастасақ...

Арман Әлменбет: Прозаны талдау дегенді ұмытып та қалғандаймыз. Бір кездері прозалық шығарманы қалай талдау керек, пікір айту тәртібі дегендей із болған шығар. Ал кейінгі кездері жаңадан шыққан әңгімелерді жиналып алып осылай талдап жатқан отырыстарды көп көріп жүрген жоқпыз. Сондықтан да жалпы әңгіме туралы бір мақала жазатын болсақ соның барысында келетін ойлардың форматы сияқты талдап айта берейік.

Ең әуелі, Қанат Тілеуханның «Қараша» әңгімесі мен Жанболат Баймұрыновтың "Құбылыс" туралы айтатын болсақ, Жанболат Баймұрыновтың әңгімесі талғампаз оқырманға арналған. Тілі де, құрылымы да ауыр. Әр түрлі эксперименттік қолданыстар жасаған шығарма. Қанат Тілеухандыкі – жалпы жұртшылыққа арналған, натуралистік сипаттары бар, реалистік туынды. Өмірді барынша шынайы беруге тырысқан әңгіме деп бағаладық.

Оқуды бастаған кезде сөйлемдерінің ықшамдығымен, бірден алып кететін қасиеті бар. Тоқсаныншы жылдарды көрген әрбір адамға таныс, сол заманға тән тағдырлар, сол уақытқа тән мінездер бар. Сөйтіп «соңында бір жеңіс болатын шығар» деп күтіп, ұзақ та болса, әңгімені соңына дейін оқыдық. Бірақ басты кейіпкер лирикалық кейіпкердің өзі, немесе ағасы Ербол деп алатын болсақ та, соңында ешқандай жеңіс болмағанын көрдік. Тек Ерболдың кері кеткенін көреміз. Сол заманға тән жағдай, Ерболдың образы, оның мінезі де, артынан еріп жүретін досы Қайырбектің де образы керемет жақсы ашылған. Қайырбекті пайдалануы да өте әдемі. Мысалы, басында, бала кезіндегісін, күреске шыққанын бір айтып пайдаланып алса, Қайырбекті соңында досының үйінде кездесетін жерінде шығарады. «Тағы бір жаңа кейіпкер шыға ма, бұл қайсысы еді?», - деп зәреміз ұшқан. Сөйтсек, бұл басындағы Қайырбек екен.

Кейіпкер жинақтау тұрғысынан алған кезде, артық кейіпкер қоспай, бір пайдаланған кейіпкерді артынан тағы пайдалана білетін жазушылық шеберлігі оқырманды қуантады. Бірақ басты кейіпкердің ағасын ұрып жатқанда да, отбасында болып жатқанда да жағдайларға еш араласпайтындығы (ол кезде мүмкін кішкентай болғандықтан араласа алмауы заңды да шығар) ойландырады. Бір рет қана ағасының қасына көшіп барады. Ал басқа жағдайларда негізгі болып жатқан оқиғалар оның айналасында жай өрбіп жатады да, ол өзі маңайына, өз тағдырына ешқандай ықпал ете алмайды.

Қанаттың тіліне байланысты көп селкеулік жоқ. Бірақ кейбір тұстарын айта кеткен дұрыс. Кейінгі кездерде әдеби нормаға сай келмейтін бір сөздер бар. «Жалғыз қалып қоятын», «Ерболдан қалып қоймайын деп» деген сияқтыларды «қалып қалмау» деп пайдаланады екен. Сосын «көзіме ши тіреп қойғандай» дейді. Бұл қазақ тілінде бұрын бар тіркес пе, жоқ тіркес пе, оны бірінші рет осы әңгімеден көріп отырмын. «Өзін өзі өлтіргісі келді» дейді. «Өзін өзі өлтіргісі келді» емес, «өз-өзіне қол салды» болуы тиіс қой. Мұны да мен калька ма деп ойладым. Осындай бір редакторлықты қажет ететін тұстар барлығымыздың да шығармамыздан байқалады ғой. Бұл – мінін көрсету емес, сын айтылуы керек болған соң, осындай жерде айтылуы керек.

Тақырыпты «Қараша» деп қойыпты. «Қарашадағы суық өмір» деп келтіруге болатындай. Дегенмен, әңгімеде соны ашатындай ештеңе айтылған жоқ. Мезгіл ме, құлазыған көңіл күй ме – ештеңе айтпайды. «Аядым», - дейді, аяйтыны түсінікті ғой. «Жаным ашып кетті», - дегеннен басқа қамырықты білдіретін ешқандай көңіл-күй жоқ. Соны іздеп-іздеп артынан таппағандай болдым. Бұдан кейін айтайын дегенім – кейіпкердің өсуін күткен едік. Бірақ өсу болмады. Мүмкін сол буын – ештеңе айта алмайтын, шеше алмайтын, енжар, бәрін қабылдағанда, іште сақтап, сыртқа шығара алмайтын буын болар. Мүмкін, сол керек те шығар, дұрыс та шығар. Оны қолдан жасап, бір дүмпу жазса, жасанды болып кетер ме еді. Сондықтан ол дұрыс болған болуы да мүмкін. Қазір сіздердің әңгімелеріңізге байланысты тағы да ойлар келіп жатса, қосымша айтуға дайынмын.

Бағашар Тұрсынбайұлы: Қанат Тілеуханның осы әңгімесінде екі-үш желі бра, екі-үш тағдырды біріктіріп суреттеген. Сондықтан да жазушы үшін композициялық тұтастықты қымтап ұстау өте қиын мәселе де. Осы жағынан алғанда Қанат Тілеухан өзінің әңгімесін мақсатты түрде жазуда таңдап алған линиясын сақтай алған ба?

Амангелді Кеңшілікұлы: Бұл жерде әңгімені әріден бастау керек сияқты. Қарап отырсақ, ХХІ ғасырдың басталғанына да бірер жылдан соң жиырма жыл толады екен. Осы жиырма жылдың өзінде қоғамдық санада, адамның жанында, бір біріне деген қатынаста көп нәрсе өзгерді. Жаңа нәрселер келді. Адам баласы жақсы жағынан да, жаман жағынан да өзгерді.

Кез келген ұлттың әдебиетіндегі жалпы прозаның, поэзияның қандай бағытта дамитынын белгілейтін кесек-кесек таланттар болады. Олар кезінде байқалмауы да мүмкін. Бірақ негізінен кейіннен бүкіл әдебиет сол үрдіспен, сол бағытпен дамып жатады. Әдебиет дамып келе жатады да, басқа жолды іздейді ғой. ХХ ғасырды модернистік бағыт дейміз. Бір өкініштісі, «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті кімнен басталады?», - дегенге әлі күнге дейін жауап берілген жоқ.

Әдебиеттің өзінің заңдылығы бар. Мысал үшін, «ХХ ғасыр әдебиеті 1901 жылдан басталып 2001 жылмен аяқталады», - деуге келмейді. Өйткені, әдебиет жаңа шығармалармен, жаңа дүниелермен, жаңа дүниетанымдармен ерекшеленеді. Осы тұрғыдан алғанда, ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің дамуына ықпал еткен үш ірі жазушы болды деп білеміз. Ол – Марсель Прустің «В поисках утраченнего времени» деген үлкен роман, екіншісі – Джеймс Джойстың «Уйллис» романы, үшіншісі – Франц Кафканың туындылары. Бұл қазіргі әдебиетте болып жатқан пікірталастар. Джон Фаулз деген ағылшынның үлкен жазушысы: «Нағыз ХХ ғасырдың әдебиеті – бұл І дүниежүзілік соғыстан кейін басталды», - дейді. Өйткені, І дүниежүзілік соғысқа дейін әлі күнге шейін, ізгілік, гуманизм деген мәселелерді ХІХ ғасырдың жаңғырығы болып жатты. Бірақ бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін адам өзгерді. Адам өзінің кім екенін түсінді. Құдайға деген сенім, адамға деген көзқарас өзгерді. Тобырлық әдебиеттің өкілдері келді. Осылардың негізінде «ХХ ғасырдың әдебиеті І дүниежүзілік соғыстан кейін басталды», - деген пікір қалыптасты. Менің ойымша, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуы Мұхтар Әуезовтен, Бейімбет Майлиннен, Жүсіпбек Аймауытовтан басталады. Осы ірі үш суреткердің алып келген дүниелері кейіннен алпысыншы жылдардағы, мынау Қажығали Мұханбетқалиұлы, Төлен Әбдікұлы ағаларымыздың прозаларында кеңінен дамытылды. Бұл әдебиетті қалай атаймыз? Бұлардың да анықтамасын әлі күнге дейін берген жоқпыз.

Алпысыншы жылдары әдебиетке келген прозаиктер өздерінің миссиясын адал атқарды, ірі-ірі дүниелер алып келді. Олар әдебиетте өздерінің кәдімгідей қолтаңбасын, ізін қалдырды.

Қазіргі уақыттың, ХХІ ғасырдың жазушылары кім болады? Әрине, олар осы Қанат Тілеухан, Жанболат Баймұрыновтар, Арман Әлменбеттер болмақ. Жақында Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай деген жігіттердің әңгімелерін оқып ұнаттым. Олар жазушылар одағына жаңадан ғана өткен екен. Мәселе онда емес, әрине. Мәселе – осы дәуір суреткерлерінің шығармалары жиырма жыл өтті, бұлар осы қоғамның көрінісін бере алды ма? Қаншалықты терең дүниелер бере алды? - деген сұрақтарға келгенде аузымызды қу шөппен сүртпесек те, санаға қатты әсер еткен қандай ірі-ірі дүниелер туғызды дегенде, көп ештеңе айта алмай қалатын жағдайымыз бар. Әрине, жақсы дүниелер бар. Мысалы, кешегі Дәурен Қуаттың «Тас моншасы» да өз тұрғысында жаман жазылмаған дүние. Әрине, кемшіліктері де бар. Сәкен Сыбанбайдың жазып жүрген әңгімелерінде де ізденістің нышандары бар. Менің ойымша мына Қанат Тілеухан бар, осы буын өздерінің таңғалдыратын ірі дүниелерін алып келуі керек. Өкінішке қарай әдебиетте белес боларлықтай үлкен дүниелер біздің прозада тумаған сияқты. Мүмкін мен көре алмай жүрген жазушылар бар да шығар.

Қанат Тілеуханның жеке өзіне қатысты айтатын болсам, онымен танысқаныма біраз уақыт болды. Ең алдымен оның шығармашылығымен таныстым. «Қазақ әдебиеті» газетінде «Менің шешелерім» деген әңгімесі жарық көрген еді. Шындығын айтсам, мен сол әңгімеге қатты риза болдым. Неге? Өйткені, бұл жігіттің дүниесінде бұрынғы прозаға қанағаттанбай, жаңаша бір ізденістердің нышанын, көрінісін, өмірдің шындығын басқаша берудің бір жолын іздеген талпынысы бар.

Көп жазушылардың шығармаларында міндетті түрде оқиға болады. Бір оқиғаларда неше түрлі ситуациялар жасалып жатады. Кейбір прозалық дүниелерде, мысалы, Чеховтың әңгімелеріне сондай бір ерекше оқиға жоқ. Бірақ адамның ішкі жан дүниесін ашып береді. Қазіргі прозаның ең бір тығырыққа тірелген себебі – оқиғалар арқылы адамның ішкі жан дүниесін көрсету керек, әңгімелердің арасында ситуациялар, символдар арқылы ізденіс жасау аз.

Осы ізденістердің біразы Қанаттың прозасында бар. Мысалы, «Менің шешелерім» әңгімесінде былай қарағанда іштей болып жатпаған сияқты, бірақ кейіпкерлердің характері, мінез-құлқы, ішкі трагедиясы әңгіме барысында қарапайым бір тіршіліктегі түйткілдердің текетіресінде ашылып, көрініп жатады. Міне, осы жағынан келгенде мені қатты таңғалдырды.

Қанатқа қатты риза болғаным – оның бойында ерекше бір қатігездік бар. Адамды аямай, кондициясына жеткізу, оны үлкен бір катаклизмдерден өткізіп, жан дүниесін ақтару, кішкентай детальдер арқылы үлкен дүниелерді көрсете білу ерекшеліктері Қанатта бар.

«Қараштың әңгімелері» деген шығармалар жинағын оқып шықтым. Меніңше, әдебиетіміздің келешегіне үміт күттіретін, әдебиеттің жүгін көтеріп жүрген Қанат сияқты жігіттерге үкімет тарапынан жағдай жасау керек сияқты.

«Менің шешелерім» әңгімесін оқып шыққаннан кейін риза болдым да, өзіне хабарластым. Мұнда «менің шешелерім» деген сөз жоқ. Мінсіз емес, бірақ, өте жақсы, жүйелі жазылған. Бірақ қалған туындыларында журналистикалық лингвистиканың, публицистиканың бір стильдері, прозаға келмейтін бір дүниелер қатты араласып кетеді. «Осы қалай?», - деген кезде Қанаттың:

- Ой аға, бұл «Менің шешелерім» дегенді Жұмабай ағамыз алты-жеті рет қайталап жазғызды, - деп айтқаны бар. Бізде көбінесе қайта жазу жетіспейді. Жастардың бойындағы бір қасиет – әрине танымалдыққа ұмтылған жақсы, бірақ танымалдыққа ұмтылуға қайта-қайта тырысу осылардың шығармашылығына кері әсер етіп жатыр ма деп ойлаймын. Бірден, жаза салысымен газетте шыққанды, әлеуметтік желіге шыққанды жақсы көреді.

Қанатқа стильмен, формамен әлі де біраз жұмыс жасау керек сияқты. "Келешектегі әдебиеттегі проза қандай бағытта дамиды?", -деген кезде бірнеше суреткердің аты аталса, өзінің жазушылық принципіне адал болып қалатын болса, Қанат солардың ортасындағы ірі суреткердің бірі ретінде орын алады ғой деген үлкен үмітім бар.

«Қараша» жақсы, бірақ меніңше осы шығарманы біраз ықшамдау керек. Екшейтін тұстары көп сияқты. Өйткені, адамды жалықтырып жіберетін жерлері көп. Қанаттың әңгімелерін, мысалы «Менің шешелерімді» оқығанда бәрі жақсы: адамдардың бір-біріне деген қатынастары, бір-біріне деген жек көрушіліктері мен өмірдің трагедиясы – бәрі бар. Бірақ, оқып шыққаннан кейін адамның жүрегін жылататын бірдеңелер болуы керек қой. Осы жоқ. Батыстың бір үлкен жазушысының айтқаны бар: «Трагедия дегеніміз – қара сәуленің сөнуі емес, жарық сәуленің сөнуі». Қажеті жоқ адамдардың өлгені – оқырманды жылатпайды. Ал бір керемет сәуле сөнген кезде адамның жүрегі қан жылайды. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» несімен ерекше? Былай қарағанда «Ақ кемеде» баладан басқа жақсы кейіпкер жоқ. Тіпті Момын шалдың өзін сөзі өтпейтін ынжық деп жек көріп отырасың. Шын мәніндегі тұлға болатын бала шығарманың соңында өлген кезде жүрегің қалай қан жылайды! Осындай бір жағдайларды ескеру керек сияқты. Өйткені, мына жерде адам сүйетін бір кейіпкерді таба алмайсың. Шығармаларындағы біркелкі, біртекті образдар - бірінші оқығанда жақсы. Бірін бірі қайталайтын, бір-біріне қатты сіңіп кеткен сол образдарды көп қайталайтын, біркелкі алып шығара беретін сияқты. Образдан шыға алмай жүргендей. Көп шығармаларында бір ғана Қараш деген жігіттің аузымен айта береді, Сондықтан, басқа да дүниелер жазу керек. Жазушы деген – жан жақты болуы керек. Адамдардың бәрі бірдей емес қой, басқа бір адамның да жан дүниесіне кіріп кетіп, соны суреттеудің жолын табуы керек. Мысалы, жақында ғана Морис Метерлинктің пьесаларын оқып шықтым. Сонда риза болғаным – соқырлар туралы оқып отырсаң, шындығында бір қараңғы, терең тұңғиыққа батып кеткендей боласың. Өмір сүргің келмей қалатындай жағдайға душар боласың. Ал керісінше «Синяя птица» («Көк құс» немесе «Бақ құсы» деп оқыған жөн шығар). Мұны оқығанда өмірге деген құштарлығың артады. Қарапайым ғана шағын ертегі арқылы керемет бір философияны жеткізеді. Бұдан кейін адамның өмірге деген құштарлығы еселеніп арта түседі. Өйткені, бақытты біз алыстан іздейміз. Былай қарасаңыз, бақыт дегеніңіз кез келген адамның шаңырағының ішінде жатыр. Соны таба білу керек. Кішкентай балалар сол бақытты іздеуге кетеді. Қарапайым философия.

Сондықтан осы жағынан келгенде Қанатқа біраз ізденістерге баруы керек сияқты. Қайталап айтатын Қанат сияқты жас жазушыларға үкімет тарапынан грант беріп, олардың ірі дүниелер жазуына жағдай туғызса, біздің прозамызды дамытуға үлкен мүмкіндік бар деп есептеймін. Осы туындысын оқу арқылы Қанатта үлкен әлеует барына көзім жеткендей болды.

Бағашар Тұрсынбайұлы: «Қараша» әңгімесінің ішкі құрылысы – бір өмірлік материалдар ғой. Кәдімгі тірі диалогтар. Бірақ маған басы өте нашар басталған сияқты болып көрінді. «Қарашаның» басталуында бір кілтипан бар сияқты. Қажығали аға, осы әңгіме туралы сіз не ойлайсыз?

Қажғали Мұханбетқалиұлы: Қиналып оқыдым. Екі әңгіменің екеуін де қиналып оқыдым. Мойынға жауапкершілік алғаннан кейін адам оқымай пікір айтуға болмайды ғой. Жақсы болсын, жаман болсын, риза бол, әлде жек көр. Оқып шығуың керек. Ертең ол туралы пікір айтқаныңда артық әңгіме болмасын деп ойлайсың.

«Құбылыс» деген әңгімеден бастап едім, оқи алмадым. Сосын артынан: «Бұл неге оқылмайды?» деп ойландым. Оқылмайды. Әңгімені жасай алмаған. Тумаған әңгіменің өзін техникамен жасауға болады. Әңгіменің тумағаны өз алдына – тақырыбының өзі қарапайым нәрсе емес. Адам сенер-сенбес нәрсе. Мұндай тақырыпқа барғаннан кейін оқырманды еріксіз сендіретіндей, көзін жеткізетіндей етіп жазу керек. Олай болмағаннан кейін көңіліңде күдік, күмән қалады.

Әңгіме әлдебір адам тектес маймыл ма, орангутанг па, қар адамы ма, солардан басталады. Бір еркегі, бір ұрғашысы (адам болса ерлі-зайыпты деп айтар едім) құйттай бір нәрестені жұбатудан басталады. Анау ауру ма, ауырып өлейін деп жатыр ма, не екенін адам түсінбейді. Әйтеуір жандары соның үстінде отырады. Ақыр аяғында соны бір жерге тастап кете ме, өліп қала ма? Анығы да белгісіз. «Осының оқиғаға не қатысы бар?», - деп отырсам, ең соңында көріпкел ме тәуіп пе, бір әйел сол босандырып алады. Баланы сол қызыл жүнді адамдар асырап алған сияқты ма? Қалай тірі қалды ол бала? Осы сұрақтарға жауап іздеген уақытта шамамен солардың қолына түсіп, солар тауып алып, бірдеңе қылып жеткізді ме екен?. Себебі, оның өзі туғанда өлі туғаны тірі туғаны белгісіз. Туғызып отырған кісінің өзі білмейді, өлі я тірі туғанын. Әйел өлі туды деп ойлайды да, апарып орап тастайды. Аттың қанжығасына байлап алып келе жатқан кезде, бір уақытта қолымен ұстап қараса, тірі секілді. Сөйтіп қорыққанынан далаға тастап кетеді ғой. Сонда шарана жаңағы даладағы екі байғұстың қолына түсіп, солар асырап алды ма?

Бұл жерде нені айтайын деп отырмын? Бұл жерде сюжеттік линия дұрыс салынбаған. Оқырманды сендірмейді. Оқиғалар алыс бірдеңелердегі бұлдыр елес сияқты болып кетеді. Сонымен не керек, әңгіменің тоқсан ауыз тобықтай түйіні – әңгімеде басынан аяғына дейін осындай адам түсінбейтін жағдайлар көп. Сондықтан мұны өзінің деңгейінде шыққан әңгіме деп айта алмаймын.

Қанат Тілеуханның әңгімесіне келейік. Жалпы біреудің шығармасына пікір айту үшін оның кітабын оқып немесе ең болмағанда бірнеше әңгімесін оқып барып пікір айту керек деп білемін. Амангелдінің оқып жүретіні құптарлық. Менің қолыма бір ғана әңгімесі түсті. «Жұлдызда» болуы керек, бір әңгімелері шыққан сияқты еді. Бірақ олар толық әңгіме емес, шағын-шағын детальді фрескалар, мозаикалар сияқты ма еді?

Амангелді де «болашақта қазақ әдебиетінде жуан ортасынан көрінетін жазушы болады» деп айтып отыр. Менің аңғарғаным да осы – бұл жігіт жалпы жазушы жігіт. Бірақ, көптеген кейінгі буын жазушылар сияқты қолдары қатаймаған. Әлде біз осыларға өте қатты қараймыз ба, білмеймін. Бірақ қатты қарамаса болмайды: біз сылап-сипағанымызбен, әдебиет кешірмейді. Жазуларында үлкен осалдық бар. Ол не нәрсе? Ең алдымен сөз қолданысын білмейді. Істеп отырған жұмысының құрылыс материалы сөз болса, сол сөзбен кірпіш қалауды білмейді. Мысал үшін, бір сөздің үстіне бір сөзді әкеліп қоса береді. Бояуды қалыңдата береді. Одан айқын болмайды, қайта алабажақ болып кетеді. Басқасын былай қойып, алғашқы сөйлемнен бастап оқып көрсеңіз, екі әңгімеде де солай.

Сосын бір айтылатын нәрсе – Қанат Тілеуханның әңгімесі басында расымен де оқылмайды. Өйткені, шығарманы жазып отырған кезде тыныс белгілері өз-өз орында тұруы керек. Бір ой біткен кезде келесі ой жаңа азат жолдан басталуы керек. Тіпті құйттай ауысудың өзі болатын болса, оның өзі қайтадан абзацтан басталуы керек. Немесе ішінде екі адам сөйлесіп қалса, ол диалог ретінде берілуі керек. Мынаныкінде бәрі араласып кеткен. Мипалау. Оқи алмайсың.

Дәл осындай ситуацияны айтайын: бүкіл қазақтың ең үлкен жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетовтың алғашқы әңгімесін оқығанда осылай оқи алмаған едім. Сосын корректор сияқты басынан аяғына дейін түзетіп, абзацын, диалогін, үтір-нүктесі қай жеріне керек, керек емесін түзеп басқаным есімде. Сөйтіп түзетіп қайта оқығанда, сондай жақсы әңгіме болып шықты.

Кейінірек Паустовскийдің «Золотая роза» деген кітабы бар. Соның ішінде елеусіздеу кішірек, бірақ үлгі аларлық бір жақсы әңгімесі бар. «Магазин» деген. Сонда мынадай бір оқиғаны айтады: - Бір кезде Одессада «Біздің табыстарымыз» «Наши достижения» деген журнал болыпты. Сонда Багрецкий тағы басқа сол кездегі күркіреп келе жатқан жазушылардың біразы істеді. Соболь деген бір белгілі жазушы бар еді. Сол бір күні жаңа әңгімесін алып келді. Жаңағы әңгімені оқыдым, оқысам – оқи алмаймын. Бірақ өзімді өзім зорлап оқып шықсам, өте жақсы әңгіме. Бірақ оқылмайды, оқырманға қалай ұсынамыз деп басым қатып отырып, Благов деген корректор бар еді, соған айтып едім, маған берші мен оқып көрейін деді. Благов ертеңінде түзетіп алып келді. Оқысақ – ғажап әңгіме. Бәрі разы болды, келесі күні газетке шығып кетті, түс ауа айқай салып автор келді:

- Кім менің әңгімеме тиіскен? Кім менің әңгімемді құртқан? – деп. Адуындау, тентектеу біреу болса керек. «Бұл шатақ болатын болды», - деп бәрі үндемей отырып қалса керек.

- Егер редакциялық корректура керек болатын болса, әңгімені мен даярлап едім, қол тигізген! - деп Благов айтты. Сонда арқырап тұрған жазушы корректорды келіп құшақтай алып:

- Бауырым, өте жақсы жасаған екенсің! Менің әңгімем осылай болуы керек еді. Сен бүкіл бөлшегін орын-орнына қойған екенсің! – деп ризашылығын білдірген екен. Артынан бәріміз қарасақ, жаңағы корректор әрбір абзацын, үтір-нүктесін орын-орнына қойып, жасаған екен», - дейді.

Мұны неге айтып отырмын? Әрбір жазушы өзінің шығармасындағы әр үтір-нүктеге дейін, тыныс белгілерінің тынатын, тынбайтын жерлеріне – бәріне мұқият мән беруі керек. Ол сабақтас құрмалас сөйлем болып келіп тұр ма, әлде ой осы жерден бітіп тұр ма, соның әрқайсысының интонациясын ұстау керек. Көркем шығармада ең алдымен интонация болуы керек. Интонация поэзияда ғана болмайды, интонация - шынын айтқанда, прозада да болады. Прозадағы интонация өте қиын. Бірақ шығарманың тынысын ұстағаннан кейін, әрі-беріден кейін шығарманы шығарма қылатын да сол. Сол сияқты «Қанаттың әңгімесін оқып отырғанда оқи алмадым», - деген себебім – тыныс белгілерін қараңызшы, қойылмаған! Қаншама диалогтар тұр мына жерде! Мен де бұларды қойып көрдім. Сөйтіп барып қарасам, жақсы әңгіме екенін байқадым.

Әңгіме несімен жақсы? Ең бастысы – оқырманды риза қылатын қатал реалист болатын жазушы бұл. Жетіспейтін нәрсе болса, Амангелді дұрыс айтып отыр, ол – оқырманның жүрегіндегі бір селт еткізетін нәрселерге мән бермей жүргендік шығар. Себебі, өмірдің қитұрқыларының барлығын ашып көрсетем, соны жеткіземін деп, соған ойы ауып кеткен болуы керек. Ал шын мәнінде материалды, адамдардың характерін ұстай білетіндігі анық көрініп тұрады. Менің бұл жігітке риза болғаным – өзге тәуір шығармаларды, классикаларды да оқығаны білінеді.

Біздің қазақ прозасындағы жаңадан бастап жазып жүрген жас жазушылардың ішінде көзқарасы кез келген нәрсеге реалды екенін көрсетті. Оның бір белгісі – адам баласы кез келген адам туралы бір сын-пікір айтуы мүмкін. Бірақ өзінің анасы туралы айтпауы мүмкін, кей жағдайда. Айтқысы келсе де, айтпай қалуы мүмкін. Бірақ өзіңнің ұстап отырған ойың дәлелді болатын болса, оны жасырып қалуға болмайды. Айтқысы келіп отырғанның бәрі айтылуы тиіс. Мұнда өзінің анасына деген балалық көзқарас, сәби кезіндегі көзқарасы сондай реалды берілген. Байқайсыздар ма, ағасы, бірінші әйелдің баласына қатысты жерлерін? Басында түсінбей отырдым, оның себебі – туысқандық қатынастардың арасы бірден ашылмай қалады. Ол – композиция дұрыс құрылмағанның қырсығы. Ә дегенде дәл ұстамағандықтан. Ә дегенде нотаны дәл алу керек қой, әнші болса. Сол сияқты прозада да солай болуы керек. Басында дәл ұстай алмағандықтан ауытқып кеткен жерлері бар. Сәби кезінде «устами младенца, глаголет истина» деген сөзі бар ғой орыста, сол секілді сәби сезімінде анасының әділ емес көзқарасы, яғни бұрынғы әйелдің баласына өз баласындай еместігі, соны бала жүрегімен сезуі – осыны ұстай білуі бұл жігіттің жазушы екендігін көрсетеді.

Бұл әңгіме – жақсы әңгіме. Жетіспейтін жерлері бар. Олардың бәрін ойластыруы керек еді. Біраз өңдеу керек. Бірақ оның бәрі осы бағытта жазып әбден иіріп алғаннан кейін шеберлік мәселесі бірте-бірте келетін болуы керек деп ойлаймын. Жаңағыдай нәзік нәрселерді ұстау, ол – жазушы адамның қолы деген сөз. Бәрін ішкі жан дүниесімен сезініп отырып істейтін болуы керек. Сол кез келеді.

Алдыңғы сөйлеушілер айтқандай, тоқсаныншы жылдардағы ауылдың, қаланың өмірі, өте қиын кездегі адамдардың образын жақсы ұстаған. Бұл да жазушылық, бұл да байқағыштық. Өзінің Ерболға деген, оның істеп жүрген ісіне деген көзқарасы – барлығы айқын. Соның барлығына реалды қарайды. Бұл – риза етпей қоймайды. Осыған байланысты сын да айтуға болар еді. Расымен де жылт еткен үміт сәулесі сияқты бір нәрсе болуы керек еді. Мұндай рухани бишаралық қай-қашанда да болған. Орыс әдебиетінде де болған, Достоевскийдің «Бедные людиі» туралы қаншама жазылды әлемге таралып кетті. Әлемдік әдебиеттегі бишаралар туралы жақсы шығарма деп танылып, соған сын жазылған.

Әңгімеде жаңағыдай жалт еткен бір жарық сәулені ұстап алу керек пе еді. «Ақ кемедегі» баланың өлімін айтып отырғаның – өте дұрыс. Сондай бір жүрегіңді селт еткізетін нәрсе керек. Аяғында осы жетіспей тұр. Сондықтан асыра мақтаудың да қажеті жоқ, әңгімені нашар деп кемсітуге де болмайды. Ең бастысы, қолы қатайса жақсы жазушы жігіт болады деп ойлаймын.

Амангелді Кеңшілікұлы: Бұл жігіт өмірдің күйбеңімен журналистикада қазір. Журналистикаға көп уақыт кетеді. Содан болып материалды әлі игермегендігі, материалмен жұмыс жасамағаны, асығып кеткені байқалады. Ұстауын ұстайды. Өзін қатал ұстаса, түбі жақсы жазушы шығады.

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Қазірдің өзінде жазушы. Бірақ жазушы болғанда, қалыпты дағдыны бұзу керек бұл жігітке. Әдебиеттегі кейінгі жастардың жылт еткен бір жақсы дүниелерін оқыған кезде, біздің көзқарасымыздан олардың көзқарастары бөлектеу екендігін байқаймыз. Бәлкім біз классикалық туындылармен ойлайтын шығармыз, бәлкім бұл біздің кемшілігіміз болар. Бірақ бір есептен бұл біздің жақсы жағымыз да болуы мүмкін. Олардың жақсы жағы – өзінше ойлауы болуы мүмкін. Бірақ әлемдік әдебиетте әрбір классикалық туындылар болады. Солармен есептеген тұрғыда осы үлкен масштабтарға өздері жақындауы керек олар. Осыны ойлау керек.

Бірқыдыру жас қаламгерлер бар, олар жазған кезде осы натуралды жағын жақсы жазады. Мұны мен өздерінің бағыттарын толық айқындап болмағандық деп ойлаймын. Толық айқындап алса, осылардың бәрі жақсы қаламгер болуы мүмкін. Бұлар жаңа замандыкі, бұлар бізге ұқсап жазуы шарт емес. Ендігі жас жазушылардың шығармаларында поэтика аз болуы мүмкін. Бірақ оның есесіне бұларда өмірді таныту жағы терең болып шығары анық.

Амангелді Кеңшілікұлы: Ішкі психологизм болуы керек.

Арман Әлмембет: Бағашардың «құрылымды игерген бе» деген сұрағына қатысты бір ой айтайын деп едім. Негізі, басында былай деп жоспарлаған сияқты: Арман деген бала жоғалып кетеді де, ол қайтадан табылғанға дейін лирикалық шегініс жасап, бұрынғыны ескер түсіруі керек болса керек. Негізгі оқиға сол Арман жоғалып кетті деп уайымдату болған секілді. Бірақ басында Арман айтылады да, одан кейін Арманының басқа тағдыры айтылып кеткеннен кейін оқырман оның басында жоғалғанын ұмытып кетеді. "Арманынның жоғалып кетуі" деген әңгімені ұстап тұрған интрига ұмытылып кетіп, ең соңында барып табылады. Ол автордың өз сөзімен ғана байқалады:

- Неше күн іздедік, сен неге айтпадың? - деген ағасына айтқан жерінде ғана білінеді. Әйтпесе ол ұзына бойына ұстап тұрған арқау ғой. Интрига жоғалып кеткеннен кейін де адамды жалықтырып жіберетін шығар. Бұл шығарманың бізге бергені, менің ойымша Ауған соғысына қатысқандардың мінезі болса керек. Сол әңгімені көп тыңдап, соған қарай бұра беретіні, Қайырбек деген жігіттің өзі соғысқа бармаса да, соғысқа барған сияқты әңгіме айтып кететіні сияқты детальдер жақсы ашылған. Екіншісі, Алматы қаласындағы Рысқұлов көшесінен төменгі, Райымбек көшесі дейміз бе, сол өмірді біраз шынайы берген. Сол жерлерге барып көрген адамдар болса, жақсы біледі ғой, «барахолканың» артындағы, Сүйінбай көшесінің бойындағы барақтарда, ауылдағы қора сияқты жер үйлерде қаншама адамдар тұрып жатыр. Сонда өмір сүріп жатқан шарасыз байғұстардың өмірін мына жерде жақсы салған. Мұның бәрі бағана Бағашар айтқандай бөлек-бөлек, төрт-бес әңгіме болуы керек пе еді мүмкін. Бәрін баттастырып қалың-қалың қылып жаға бермей, бөлек-бөлек жазу керек пе еді? Бірақ қалай болғанда да автор өзі шешеді ғой, қай жерге нені сыйғызамын десе де, өз еркі. Біздікі – анық көрініп тұрған нәрсенің айту. Мүмкін келесі жолы ескерер.

Содан кейін бірінші жақта баяндау қашан да оңай, үшінші жақтан баяндауға қарағанда. Әңгіме бірінші жақтан баяндалып тұр. Екіншіден жаңағы Гуля яғни Гулечка-Гүлбақыт деген әйелдің әңгімесінде де, арасында оны да бірінші жақтан баяндайды, ұзақ қылып. - Мұны оңай болған соң істей ме әлде сұхбат алып қалыптасып қалғандықтан солай жасай ма? Мүмкін бір детальдер арқылы көрсетіп өтіп кету керек пе еді? - дегендей сұрақтар бар. Мұның бәрінің психологиясын ашып отырғанда басындағы Арманның жоғалғанын ұмытып қалып, ең соңында Арманның табылғанына айналып келеді.

Мирас Асан: «Неге «Қараша» деген тақырыпқа тоқталды?», - деген сұраққа жауап та айтылу керек шығар. Қалихан Ысқақов ағамыз мысалы, «Қоңыр күз еді» деп тақырып қояды. Қоңыз күз туралы шығарма соңында айтылады және оны сезінесің. Сол сияқты мезгілді біраз жырлау керек пе еді. Қараша – бұл қараша тірлік, қоңырқай өмір ғой. Мұхтар Мағауин «қарашы» деп қолданады ғой. "Байдың қасына қоңсы қонатындарды "қарашы" деп айтады", - деп анықтайды. Сол тұрғыдан алғанда мүмкін бір-біріне ұқсаса, қоңырқай тірілік деп айтуға болады.

Осы тақырыпты ашу жағынан Жанболат ұтып тұр деп есептеймін. Жанболат әңгімесін «Құбылыс» деп атайды, оны әңгімесінде де атайды. Содан кейін Сарымсақ байдың аулында жазда қар жауады. Сонда айтылады: - Жаз айында тон жамылдырғандай бұл не болып кетті? Не құбылыс? - деп айтып қалып дайындайды. "Таулардың етегіне үйлер сіңіп бара жатқандай, ауыр тұман түсті, аяз", - деп табиғатты да дайындайды. Сонан кейін құбылыстар келе береді. Қар адамына әкеле жатыр ғой. Құбылыс деген жалпы қар адамы мен адам баласының тууы мен адам баласынан құбыжық баласының тууы ғой . Бұл тұрғыда Жанболат өте әдемі қамтыған мезгілді. Табиғатқа қатысты да суреттер бар. Баланы алып кетерде аспаннан бір үлкен жарық табақша пайда болды деген де құбылыс қой. "Тағы не қосып көрсетейін деп тұрсың?" - деп кейіпкерлердің аузына салады. Жалпы негізі адам баласынан құбыжықты, құбыжықтан адамды туғызуды айтып отыр, жазушы ретінде.

Амангелді Кеңшілікұлы: Шығармада қандай тәсілді қолданасың, шығарманың шешемін қалай жақсы шығарасың. Бастауын жақсы жасайсың ба, немесе өзге бір ситуация бойынша шығасың ба? Осы маңызды. Мен ол шығарманы оқыған жоқпын. Мен ойлаймын, егер шығарма әсер ете алмаса, оқырман оны оқи алмаса, алғашқы сөйлемінен-ақ қабылдай алмаса ол - өте қиын жағдай. Яғни, шығарма өзінің миссиясын атқара алмады деген сөз. Ол қалай болғанда да оқырманға әсер етуі керек қой, ең бастысы.

Есбол Нұрахмет: Екі шығарманы да басынан ортасына дейін ғана оқыдым. Одан ары қарай жүрмеді. Сондықтан, сіздердің әңгімелеріңізге қарап оқырман қалай қабылдағанын шамалап біліп отырмын. Менің ойымша, Қанаттың әңгімесіндегі айтылып отырған оқиға, сюжет – піспеген дүние. Мысалы, жаңа бір сөзінде Арман: «Тоқсаныншы жылдарды көрген адамдардың барлығы мұны сезінеді», – деді. Әрине, көрген адам ғана сезінетін деңгейде жеткізіп отыр. Ал көрмеген адам сезінетін деңгейде жеткізе алып отыр ма? Мәселен, Чеховтың «Дұшпандар» деген қысқа ғана әңгімесі бар. Сол әңгімедегі екі кейіпкерге қарап ғана бүкіл патшалық кезеңдегі орыс дүниесінің екі шалғайға кетіп, бір-бірін түсініспейтін екі үлкен тарапқа кеткенін бір сондағы суреттеулер мен диалогтар арқылы бере алады. Ол жерде ешқандай үлкен оқиға да жоқ.

Менің ойымша, әңгіме жазу, жалпы шығарма жазу үшін үлкен оқиғаның ешқандай да керегі жоқ. Ең басты мәселе – ой. Өзінің өмірден қорытқан, оқырманға айтқысы келген бір ойы болса керек-ті. Жазушы болатын адамға керекті мәселе – өмірлік философия, өмірдегі бір ұстаным, өзінің адамзатқа айтқысы келген философиясы. Бүкіл шығармасы сол философияның жасырын түрде тәпсірі болып келеді деп ойлаймын. Мысалы, Достоевский «Сұлулық – әлемді құтқарады», – деді. Толстой ізгілікті мәңгілік жырлайды. Сол секілді Төлен ағамыз адамның ішкі дүниесінің қақтығысын, жауыздық пен ізгілікті айтса, Қажығали ағамыз бен Мұхтар Мағауиндер ұлттың иммунитеті сияқты болды. Дәуірде, ғасырда әркім өз рөлін атқарды, өз дәуіріне әсерін тигізді.

Осындай дәуірге, бүкіл қоғамға әсер ететіндей бір ойды арқалауы керек, әрбір жазушы. Егер ондай ойың болмаса, әншейін жазушы болғым келеді деп жазушы болу – құр жазып қана кету.

Меніңше, мақсат – жазу емес, жеткізу. Жеткізе алмасаң, ол жазған есеп емес. Менің ойымша, солай. Сондықтан бұл жерде Қанаттың шығармасынан стильдік жағынан сөйлемдегі олпы-солпылық байқалады. Ол барлығымызда да болады. Сол дәуірдің суретін көз алдыңа алып келіп отыратын, мысалы, сол кезде адамдар не киді, не ішіп-жеді, нені басты проблема қылды? Осы нәрселер аз да болсын, дәуірдің суреті ретінде берсе, жақсы болар еді. Киноларда да болады ғой, сол дәуірді бере кететін – сегіз секундтық, бес секундтық анонс деген сияқты. Сол сәтте бәрі көз алдыңа бірден келеді. Жаңағы шығарманың басталған сәтінен-ақ айқын. Осы сияқты тәсілдер жоқ. ХХ ғасыр кезіндегі ұлы адамдарымыздың жарлары естелік жазады ғой, ол кісілер өмірден өткен соң. Оған да редактор қол тигізеді. Оқиғаның тізбектеле берген, тізбектеле бергеніне қарасақ, сол стиль байқалғандай. Яғни, оқиғаларды тізбекбеп айта беру, өткен оқиғаларды жазып отырған естелік сияқты болып көрінді маған. Мен басқа шығармалрын оқып көрген жоқпын. Онда көзқарасым басқа болатын шығар.

Әрине, Мұхамбетқали аға мен Амангелді ағалар айтып отырғанындай, реалистік жағынан басым екені байқалады. Аямайтыны, өмірге шынайы қарайтыны, сентиментальді сезімдерге бой бермейтіні байқалады. Бір қарасаңыз жазушы деген өзінің кейіпкерін алақанында ойнатып отырған құдай сияқты. Құдай адамның тағдырын жасағаны сияқты, жазушы өзінің кейіпкерлерінің тағдырын жасап отырады. Сондықтан оған кейде сондай қаталдық, қаһар керек болады. Сондықтан, ол жағынан жазушы ұтып тұр. Меніңше біздегі басты проблема – ХХІ ғасыр адамы ХХ ғасыр аяқталған соң, кеңес отарынаан, одан арғы бірнеше ғасырлық отардан шыққандағы біздің адамдардың жан дүниесі қалай, біздің ауруымыз не дегенге мән беріп, соның емін іздеу керек қой деп ойлаймын. Тұтас болып кеткен комплекстер бар. Сол секілділерді ашу керек қой деп ойлаймын. Сол сияқты жақтарынан тұздық сепкенде бұл шығарма әдемі болар еді деп ойлаймын. Және соншалықты бір күрделі оқиғалардың да қажеті жоқ. Сосын тағы бір айтатын жерім – ондағы диалогы. Диалогтарына көңілім толмаған себебі – реалист болған кезде, менің ойымша, реализм деген – адамның ауызекі сөйлеу стилін жеткізсе болды. Соны жеткізетін жерінде ғана жеткізіп, баттастыра берудің қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Ауылда, интернатта оқып өскен адамға таныс не түрлі әңгімелер, былапыт сөздер, орысша жаргондар қосып сөйлеу, бұлардың барлығы – айналып келген кезде бәірі бірде қоғамның бейнесін бере алмайды. Белгілі деңгейде, диалогта тұздық ретінде арасында сеуіп қойып, ойды жеткізуге ұмтылса деп ойлаймын.

Әбу-Асқар Мекешұлы: Құбылыс туралы бір ауыз айтып өтпекпін. «Құбылыс» шығармасы – өте ауыр, күрделі шығарма. Жалпы, күделі дегенді екі мағынада түсінуге болады ғой. Біріншісі – жақсы, екіншісі – нашар деген мағынада. Мына әңгіменің тілі – сол екіншісіне келіп тұр. Себебі, бірінші сөйлемнен-ақ сүрінеді. Жазушы бір сөзді бірнеше рет қайталайды. Сөйлемдер де шұбалаңқы. Кейбір сөйлемдерін тіпті екі-үш рет оқып барып әзер түсінуге болады. Орыс тілінде деепричастный оборот (көсемшелік оралым) дегендер бар ғой, соны жиі қолданады екен. Әдемі келе жатады да, екі үтірдің ортасына бір сөйлемді тығып жібереді. Сол жерге келсің де, оқи алмай мүдіріп қаласың.

Сосын әңгіменің сюжетін беру жағы, менің ойымша, жақсы ойластырылған. Екі құбыжықтың ұлуы, айғайлауының астарында мән бар. Сол жерді белгілеп қояды да, екінші бөлімнің оқиғасы айғайдан үш күн бұрын басталады. Сосын қоржында жатқан нәрестенің тіріліп кеткен кезде, тәуіп әйелдің қорқып оны лақтырып жіберген кезде әйелдің құлағына дауыс естіледі. Сонда бірінші бөлімнің аяғы мен екінші бөлімнің аяғы түйісіп тұр. Сол мезеттің түйісіп тұруы өте ұтымды берілген. Тілі жағын Амангелді аға айтты ғой, «қарамаған» деп. Расында да бір рет жазған да жібере салған сияқты сезілді, маған. Тілі өте нашар, әлі де жетілдіру керек еді.

Арман Әлменбет: «Құбылысқа» байланысты біраз айтамын ба деп дайындалып келіп едім. Прозадағы интонация деп айтылды ғой. Осы интонацияны Жанболат ұстаған сияқты. Бір артықшылығы сол. Сіздер қабылдай алмағанмен, біз шығарманың тілін, құрылымын қабылдай алдық.

Осыған дейінгі «Құбылысқа» байланысты естіген пікірлерімнің барлығы жағымды болған. Жақсы жағынан бастап жатқаным сондықтан. «Құбылысты» бір оқып түсіну қиын. Әлі толық түсінген жоқпын. Адамнан құбыжық тууы мүмкін емес. Мүлдем келісе алмаймын. Құбыжық туған болса онда екі бала деген сөз. Ол жерде үш нәрсесте болып тұр. Үшінші нәресте ол қалай сонда? Кемпірге неге нәресте түсе береді? Сондай сұрақтар пайда болады.

Әр түрлі стиль бар ғой. Бір еркін стиль жолдары бар. Интонацияны ұстап отырып бір шығарманы тудыру бар. Сол жағынан келгенде ұтымды шыққан сияқты. Жапонның жазушылары жазса, соны қайта-қайта оқып, сынауға дәтіміз бармай, түсінбей қалсақ, түсінбедік деп айтуға қорқамыз ғой. Неге түсінбеді деп жұрт сынайтын сияқты. Өзіміз болғаннан кейін, онда да бір нәрсе бар шығар деп ойладым. Бас жағында кішкене күрделендіріп жібереді. Кіре алмай отырады-ау деймін шығармаға. Соңында қатты шаршап қалғаны көрінеді. Тез аяқтауға тырысып, кемпірдің ауызымен бере салған. Бұл жерде көп қате бар. Мысалы, кемпір: «Бірінші, сіңілім, бұл ертегі емес», – дейді. Сол кездің кемпірлері айтатын сөз емес сияқты. Біріншіден, екіншіден деп қойып сөйлейді. Сосын Сарымсақбайдың баласының: «Бәлкім, өзгерту енгізерсіз», - деген жері бар. «Өзгерту енгізу» деген ол – кейіннен қалыптасқан сөз. «Самайдан сауғалаған терге бұршақ-бұршақ жас қосылып, кермек дәм шайналған ұртындағы қанмен аралас аузына келді», - деген сөз айтады. Қазіргі жастар мұндай сөзді жазбай кетті. Қазақы болмыспен еркін көсілу осы Жанболат ағамызда бар сияқты.

Логикалық қателер байқағандай болдым. «Таң рауаны байқалды» дейді, «таң намазы кірді» дегендей қылып келтіреді. «Содан кейін тұман» дейді дала, «көзін ашса көрінбейді» дейді, «жанындағы үйлер көрінбейді» дейді, содан біреумен сөйлесіп келеді. «Келгеннен кейін ұзағырақ намазын оқыды» дейді. Ол қай намаз? Не деген бітпейтін намаз уақыты? Таң намазы уақыты қысқа кіріп, қысқа шығушы еді. Ол уақытта біраз шаруа істеп тастайды. Және де маңайдағы үйлер көрінбесе де, таң намазының кіргенін «таң рауандап атты» деген қателер кездеседі. «Кімді болмасын» деген сөзді пайдаланады екен. «Кімді болсын», «болмасын» деген – орысшадан «калька» деп мақалалар жазылды. Бірер мәрте «болмасын» дегенді пайдаланады екен. Соңында кемпірге айтқызады да, бәрін тезірек бітіруге тырысады. Сол жерден мүмкін өзі шатасып қалды ма екен? Соңында кемпір отырып алады да, еске түсіреді ғой. Немересін уайымдап отыр ма, келін босанайын деп жатыр анау жақта. Одан хабар бармай жатыр. Сөйтеді де, бала кезіндегі құбыжық туралы айтқаны есіне түседі. Бұл жерді кейіпкерлерді жинақтай алмау деген үлкен проблема бар сияқты. Қаптаған кейіпкер - «Таңат, Марат» не істеп жүр? Олардың арасында не бар? Олар сонда асырап алған Белес дегеннің бауырына салып кеткен кемпірдің немерелері ме? Анау соның келіні ме? Қызы ма әлде? Сексен жылғы бұрынғы адамның балалары ма? "Сол жылы Абай өлді» деп қояды. Уақытын білдіру үшін айтқаны ғой. Сексен жыл бұрын болған деп қояды. Сонда 1904 жылы Абай өлсе, сексен жылдан кейін сексенінші жылдарда болып отырған оқиға сияқты айтады. Күрделеніп кетіп өзі де түсінбей қалған сыңайлы. Бірақ, қалай болғанда да мүмкін біз түсінбей тұрған бір кілтипан бар. Әйтеуір осындай нәрсені өзіміз жаза алмай жүргеннен кейін бе, жастардың арасында осындай бір ерекше жанрда жазылғанын айта кету керек. Бағашар да бекерден-бекер бұл әңгімені таңдап алмасы анық.

Мирас Асан: Жалпы, «Құбылыстағы» қар адамы – қазақ прозасында «Қар қызы» деп Оралхан ағамыз жазады ғой. Содан кейін «Қар адамы» деген образды қазақ прозасына әкелген жақсы бір дүние екен деп қабылдадық. Бұған дейін Шора бектің бүркіті жайлы бір әңгімеде осы қар адамы айтылады. «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерде жүрсем жалайыр Шора алады» деген сөз бар. Сол шығармада Шора бектің бір бүркіті болады. Сол бүркіт екі рет ұшып кетті. Балапан күнінде сол бүркіттің шешесін жылан жұтқан екен. Бір ұшқанда көне молаға барып түседі. Сол моланы айналдырып үлкен жылан жатыр екен. Екінші рет ұшқанда қалың тоғайға барып түседі. Сөйтсе, ол әкесін алған қар адамының мекені екен. Осындай аңыз бар. Содан кейінгі қазаққа қатысты қа адамы осы Жанболаттың шығармасынан көріп отырмыз. Осылай-осылай енді келетін шығар деп ойлаймыз. Мұндай кейіпкерлер қажет .

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Шығарманың тіліне байланысты айтайын. Бір сөздің үстіне бір сөзді әкеліп қоса бергеннен еш уақытта көркем туынды шықпайды. Бір сөз – бір сөзге сәулесін түсіріп тұрмаса, мағынасын көмескі қылып жібереді. Мысалы, осы шығармада: «Қатар-қатар шеп түзеумен алып жер бетін өзінше жеке алаңқайларға айналдырып, бірінің етегін бірі басып, бірінің бойынан бірі асқан едәуір көлемді көп қырат, дөңдер арасынан бір-біріне иық түйістіре көлбей созылған өзінің бірнеше шақырымдарға созылған көлемімен де, төменнен қарағанда пышақ қырындай боп көрінетін шырқау төбесінің қою бұлтқа араласқан зор тұлғалы алыптығымен де алыстан-ақ, мұнар қаптап тұрса да, көзге ерекше сұсты шалынады», – делінген. Қандай қиын қабылданатын сөйлем. Қандай қиын картина.

Біріншіден, басы артық сөзден өте көп. Бар жерде эпитет қолдан, керек емес жерде қолдана беруге бола ма? «Қатар-қатар шеп түзеумен алып жер бетін өзінше жеке алаңқайларға айналдырып», - деген сөз болады ғой. Міндетті түрде «алып» деп айту керек пе еді? Немесе: «Бірінің етегін бірі басып, бірінің бойынан бірі асқан едәуір көлемді көп қырат», - дегеннен кейін оның едәуір көлемді екенін айту керек пе? Ол онсыз да белгілі болып тұр ғой. Сосын: «Дөңдер арасынан бір-біріне иық түйістіре көлбей созылған ақ басты ала таулар», - деген сөйлемде «иық түйістіре» деген соң «көлбей созылған» деудің қажеті қанша? Міне, сөзге мән бермеудің нәтижесі осындай болады. Немесе: «Сырт келбетінің өзімен айбынды басқан осынау таудың мол жықпылы биіктей келе үлкен-үлкен арналы салаларға бірігіп, одан әрі қиялай келе жотаға жалғасып кеткендіктен, орманды мекендеген дала тағылары ол жаққа аяқ баспайды да», – делінген. Ал енді қараңыздар. «Сырт келбетінің өзімен айбынды басқан» емес, «сырт келбетінің өзімен сесін басқан» болу керек еді. Немесе «сұсын» басқан. Неге ол «айбынды басқан» болады? Сосын: «Биіктей келе үлкен-үлкен арналы салаларға бірігіп», - дейді. Арналы сала деген – қолдың саласындай болады. Ондай салаларға қалай «бірігеді»? Картинаны көз алдына елестетпей жазуға болмайды. Сөзге жауап бермеген деген осындай болады. Әр нәрсе айқын болу керек және картинаның барлығы соншалықты дәл болу керек. Сосын барынша қысқа, дәл айту керек. Оқырман көз алдына еш қиындықсыз елестетіп отыру керек.

Әбу-Асқар Мекешұлы: Осы тұрғыда, мысал үшін мына сөйлемді де оқи кетейікші. «Ендігіде салбырап қалған жіңішке білегі ебедейсіз салаңдап келе жатқан балақанның жұмсақ ерніндегі кешегі күндері ғана талмай сорған аналығының көтеріңкі кеудесіне біткен қалың түп ұйыса жапырыла қалыпты», - дейді. Мен осы сөйлемді он рет оқыған шығармын. Бірақ не айтып тұрғанын түсінбедім. Мысалы, нәрестенің білегі деп келе жатады да, кеудесіне шешесінің омырауы туралы айтып кете ме, түсініксіз.

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Мысалы, Қанатта да бар. «Ұялы телефоны жауап берер емес» дегеннің орнына, бұл «ұялы телефонына жауап берер емес» дейді. Солай қолдануға бол ма? Немесе: «Бұл жолы анасы баласына арыз жазатындай не болып қалды деп ойым сан-саққа кетті», - дейді. «Бұл жолы анасы баласының үстінен арыз жазатындай» болу керек, ұғым анық болу үшін. Әдейі оқығанда түсінбей отырасың, оны бажайлап отырып алып оқысаң, анасы баласына арыз жазып отырған жоқ. Анасы баласының үстіне арыз жазып отыр. Әрбір сөзді, әрбір мағынаның айқындығын ұғу керек.

Амангелді Кеңшілікұлы: Ауызекі тілдегі сөзді тура беру деген сөз. Жалпы, қатысушылардың пікіріне рақмет. Және сын айтылып жатыр. Осындай пікірлер болғаны дұрыс. Осы пікірлердің арасынан шынайы шындық шықпаса да, бір проблема барын көреміз. Гетенің: «Екі қайшылықтың арасында шындық жатады», – дегені рас қой. Жаңағыдан бері айтылып жатқан қайшылық пікірлердің арасынан прозаиктеріміздің шығармаларында едәуір проблемалардың бар екенін байқадық.

Қанаттың бір әңгімесін оқыған кезде жақсы әсер етеді. Бірнеше әңгімені оқыған кезде жалыға бастайсың. Өйткені бір кейіпкер, бір образдар қайталана береді. Осы жағынан оған қатты жұмыс жасау керек сияқты. Ол Достоевскийді қатты оқиды. Мен оған: «Достоевскийді көп оқыма!», - деп айтқанмын. Достоевский кейіпкерлерінің барлығы бірінен-бірі асты-үсті көшіре салған дүниеге ұқсаған нәрселер. Өзі қарызынан құтылам деп, романдарды бірінен кейін бірін жазған ғой. Тереңдік керек екендігін білемін, бірақ образдарды қарасаңыз, сол баяғы Настасия Филиповна өзге бір шығармасында жүреді, «Идиот» шығармасында да жүреді. Ал Толстойдың шығармасын көрсең, Толстой қалай әр кейіпкерге мінездеме береді. Жалпы, мен Достоевскийді публицист деп есептеймін, суреткер деп есептемеймін. Ол әрине, терең жазушы, бірақ көркемдік керемет шеберліктері жоқ.

Толстойды оқыған кезде әр детальді жақсы береді. Мысалы, «Соғыс және бейбітшілікті» жазған кезде қандай керемет галерея жасаған. Қаншама рет жазған. Әйелі жиырма төрт рет көшірген ғой, романды. Өзі қаншама рет редакциялады десеңші, сол шығарманы. Бізге осындай қырналған дүниелер керек деп ойлаймын.

Әрине, бәрін жамандай берсең, кез келген адамда кемшілік табылады. Екінші жігіттің әңгімесін оқуға мүмкіндік тумады. Негізінде тағы да айтатын нәрсе – Қажығали ағамыз болсын, Төлен ағамыз болсын бәріміз бастап, осы жастарға әсіре проза саласындағы жас қаламгерлерге көңіл бөлуіміз керек. Қажығали ағаларымыздың, Төлен ағаларымыздың дүниелері неге керемет болып шықты? Бұл үлкен сұрақ.

Өткенде Нұрлан Қабдай деген жігіттің жазғанын оқып қалдым. Тәп-тәуір дүние. Көңілім нұрланып қалды. Бұрындары қазақ жазушылары Алматының жазушылар үйін менсінбей, тіпті Переделкиноға барып жазып келіп жүрген жоқ па еді?

Жазуында кемшілік бар деп бұл жігіттерді де кінәлауға да болмайтын шығар. Бұл жігіттердің көбісін, қайсы қай жерде жұмыс істейді дегенді білемін. Әйтеуір бала-шағасын асырау үшін шығармашылыққа көп мән бермеуге мәжбүр. Оларға мүмкіндік тудырып, жазуына жағдай жасаса деймін. Поэзияда жазуға мүмкіндік болып қалуы мүмкін. Мысалы, Мирас Асан шабыттанып бір өлең жаза салуы ғажап емес. Ол жақсы шығуы мүмкін. Бұл – поэзия. Шындығында, ең ауыр жанр ол – проза. Прозада әр сөзбен, әр интонациямен, әр үтірмен, әр детальмен, әр образбен жұмыс жасау керек. Келешекте осындай бір жағдай туғызса деймін. Қажығали аға, сіз болып, біз болып бастап, жұмыс істеу жағынан ұйымдастыру керек сияқты. Содан кейін ғана барып сынаған дұрыс. Сосын мынау жастардың журналы туралы айтқым келеді. Жастардың журналын ашу керек.

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Жігіттер, мұндай талдауды көптен бері бірінші рет көріп отырмыз, қалай болғанда да. Ағалары сын айтса, бұртиып ренжіп қалатыны, ішіне бір жаман ой сақтап қалатындар болмау керек деп ойлаймын. Түсіністікпен қарау керек. Жақсы айтса тасымау керек, қатты айтса жасымау керек. Әңгіменің түйіні – осы. Бәрін шынайы қабылдауы керек. Кемшіліктер болса, жетілдіпуді ойлау керк. Жігіттер, осыны ұқса, онда бірдеңе күтуге болады.

Бағашар Тұрсынбайұлы: Келіп, пікір бөліскендеріңіз үшін барлықтарыңызға рахмет айтамыз! Бұл екі әңгіме авторлары қазіргі кезеңде жазып, көрініп жүрген жігіттер болғаннан кейін негізінен ағалардың пікірін білейік, бұлар да ағалардың сынын естігені дұрыс қой деген ниетпен таңдалған. Екі әңгімедегі көтерілген проблема да айқын. Мысалы, «Қарашада» қазақ қоғамындағы үлкен отбасылық проблемасы бар. Бәлкім, жазушы қазақ қоғамының отбасын, бала-шағасын қараусыз қалдырып қойған бір күй – қазіргі кездегі әкенің балаға, әйеліне дұрыс қарамай, жауапсыздық танытып кеткені сияқты мәселелерді айтқысы келген шығар.

«Құбылыс» шығармасының басы – бүкіл әңгіменің соңы болып шығатын сияқты. Өйткені, «алып кетіп бара жатқанда бүлк»ете қалды» дейді ғой. Сөйтеді де қанжығадан түсіп қалады. Ең соңында екі құбыжық соны тауып алып, гуілдеп айқайлайды. Бәлкім, ол сол құбыжық шарана түсіп қалғаннан кейін гуілдеп айқайлап тұрған шығар. Бәлкім, әңгіменің бастауы – бүкіл әңгіменің соңы да болуы мүмкін. Ал бір жағынан былай да ойлауға болады: адам баласы – өте күрделі жаратылыс. Бір адам баласының басында – үлкен данышпандық та бар, одан асқан қатігездік те шығады. Адам – данышпан және құбыжық деп қорытуға болады.

"Төр" әдеби клубының төртінші отырысында жас жазушылар Нұрлан Қабдай мен Бақытгүл Сәрмекованың әңгімелері талқыланатын болады. Талқылауға келем деушілерге есігіміз әрқашан ашық!

Келесі кездескенше, аман-сау болыңыздар!

Жазба нұсқасын әзірлеген Асылбек Байтанұлы (фотолар автордыкі)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар