Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе...»...

05.05.2018 5801

«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе...»

«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе...» - adebiportal.kz

Айтыс – ұлт болмысының жарқын көрінісі. Шешендік пен көркемдікті талап ететін киелі өнердің бүгінде бағасы жоғары, беделі биік. Тарихқа зер салсақ, қазақтың жоғын жоқтап, бар дүниесін барынша әсемдеп жырға қосатын ақындар – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір іспетті болды. Сондықтан болар, жыр алыбы Жамбыл мен Сүйінбай бабаларымыздан бастап бүгінгі таңға дейін талантты ақындардың қатары үзілген емес.

Ащы тер шыққан кезде жон арқадан,

Шабыттың тізгінене қол арта алам.

Ойлы халқым, орныңда отырмысың,

Нәр алып айтыс деген омартадан.

деп жырлаған Мұхамеджан Тазабектің сүбелі сөздері ойлы жұрттың көкейінде. Аталған ақынмен үзеңгі қағысып, ұлттық өнердің сахнасына бірге шыққан Балғынбек Имашев, Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Леубаева, Ринат Зайытов секілді от ауыз, орақ тілді айтыскерлер – халық мұрасына адалдықпен қарады. Қарап та келеді.

Міне, осындай атақты ақындардың ізін басып, айтыс аламанына жаңадан қосылған жас өрендер 4 мамырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өз өнерлерін көрсетіп, рухани мұраға сусаған халықтың қошеметіне бөленді.

«Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе...» деген атаумен шымылдығын түрген республикалық айтыс Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл, Халел Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл, Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына орай және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына сәйкес ұйымдастырылды.

Шараның маңыздылығын айта келе Еуразия Ұлттық университеті әлеуметтік және азаматтық департаментінің басшысы Әлібек Мәдібекұлы: «Бүгінгі таңда біз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында төл өнерімізді қолдау, жас таланттарды елге таныту мақсатында жас ақындар арасында республикалық айтыс ұйымдастырып отырмыз. Соған байланысты айтысты өткізу үшін қолдаушылар іздедік. Осы тарапта «Қазақстандық Салалық білім және ғылым» қызметкерлерінің кәсіподағы бізге демеу көрсетіп, жүлде қорын айқындадық. Аталған екі ұйым бірлесіп республикалық деңгейде ақындар айтысын өткізуге бел байладық. Ақындар Ақтөбе, Екібастұз, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Алматы, Семей сынды қалалардан келіп қатысып отыр. Жалпы алты жұп, он екі айтыскер болды», – деді.

Ақындардың өнеріне айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Иранғайып Күзембаев, Мұхтар Ниязов, алаштанушы Сағымбай Ботпайұлы қазылық етіп, жас дарындардың аяқ алысын бақылады. Айтыстың тізгінін алған ақын Серікзат Дүйсенғазы ақындарды барынша демеп отырды.

Жыр додасына республикамыздың түкпір-түкпірінен Әлихан Жақсылық (Ақтөбе қаласы), Бекжан Ержігіт (Қызылорда қаласы), Мәрес Байрон (Павлодар қаласы), Жібек Шахмарданқызы (Алматы қаласы), Бек Шмат (Астана қаласы), Нұрмұхаммед Байсүгір (Қарағанды қаласы), Аян Ниязбек (Шымкент қаласы), Абдрауф Орал (Астана қаласы), Бексұлтан Қайдар (Екібастұз қаласы), Сырым Әділбек (Қызылорда қаласы), Айбек Жеңісқазин (Семей қаласы), Рысгүл Манарбекқызы (Түркістан қаласы) сынды ақындар қатысты.

Айтыстың қорытындысы бойынша басжүлдені (500 000 теңге) – Қызылорда қаласының тумасы, жас ақын Сырым Әділбек қанжығасына байлады. Сондай-ақ, І орынды (300 000 теңге) – ұтқыр ойымен көрермендердің есінде қалған Нұрмұхаммед Байсүгір иеленсе, ІІ орынға (екеу) (200 000 теңге) – Екібастұздық жас өрен Бексұлтан Қайдар мен Ақтөбеден келген ақын Әлихан Жақсылық ие болды. Сонымен қатар, ІІІ орын (үшеу) (100 000 теңге) – Абдрауф Орал, Бекжан Ержігіт, Рысгүл Манарбекқызына бұйырды.

Бақ сынаған ақындардың барлығы арнайы сыйлықпен және алғыс хатпен марапатталды.

Бабалардан аманат болған бұл өнер – қазақ үшін қашан да бағалы. Жыл сайын ақындардың жаңа легі қосылса, сөйтіп ұлттық құндылығымыз арта берсе, нұр үстіне нұр болары белгілі. Жас ақындарды жұртқа танытатын осындай жыр сайыстары жиі болса екен деп тіледік.

Біржан Ахмер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар