Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Карл Маркс - әлемді дүр сілкіндіруші...

05.05.2018 22587

Карл Маркс - әлемді дүр сілкіндіруші

Карл Маркс - әлемді дүр сілкіндіруші - adebiportal.kz

Бүгін адамзат тарихындағы әйгілі тұлғалардың бірі Карл Маркстің туған күні. Нақтылай айтқанда Карл Генрих Маркстің туғанына 200 жыл толып отыр. Кешегі коммунизм дәуірі болса, бұл күнді аса алаулатып-жалаулатып, дүбірлі тойға айналдырып жіберген болар еді.

1818 жылы 5 мамыр күні Пруссияның Трирь қаласындағы еврей адвокат Генрих Маркстің отбасында Мозес Мордехай Леви атты сәби дүниеге келеді. Мозес өмірге келерден бір жыл бұрын ауазымдық қызметінің қауіпсіздігіне байланысты христиан лютеран болып шоқынғанымен, Маркстер отбасы иудаизмнен бас тартпаған сияқты. Түп бабасы Мозес (Мұса) пайғамбар соңынан халқын ертіп қырық жыл шөл кезсе, екінші Мозес (шоқынды аты Карл) «Капитал» атты еңбегімен жарты әлемді иллюзия сағымның соңына салып қойды.

Таптық күрес пен қосылған құн теориясын ойлап тапқан Карл Маркс жас кезінде өлең жазып, тіпті поэзиялық үйірме ұйымдастырып басқарған кезі де болған екен. «Рейн газеті» басылымында редакторлық қызмет жасап, журналистикада да бағын сынап көріпті.

Пруссиялық ақсүйек тұқымды Женни фон Вестфаленге үйленгені үшін өмір бойы дән риза болып өткен Карл Маркс өзі де ақсүйектер сияқты өмір сүруден кет әрі болмаған екен. Осы әдетінен болып қарызға кіріп кеткен кездері де аз болмапты. Нағашы ағасы яғни анасы Генриеттаның сіңлісі София голландиялық фабрикант Лион Филипске тұрмысқа шыққан еді. Бұл әйгілі «Филипс» концернінің негізін қалаған адам болады.

Карл Маркс Германияда туып-өскен адам болғанымен, өмірден өткен кезде ешқандай отаны жоқ адам екенін айқындалыпты. Себебі, Германиядан саяси көзқарасы үшін қуылған, Франция да соншалықты ұната қоймаған. Ал Ұлыбританияда тұрғанымен, Лондон оған азаматтық бермеген. Міне, осылайша, әлемдік ақыл-ой алыптарының бірі ешбір елге керексіз болып 1883 жылы Лондонда өмірден өтті. Алайда ол негіздеген коммунизмнің елесі өзі өмірден өткеннен кейін Еуропаны кезіп кеткен еді. Карл Маркс болашақта әлемдік капиталдың ағыны Азияға ауатынын, алып трансұлттық корпорациялар құрылатынын, әлемді адам сенгісіз технологиялық дамулар күтіп тұрғанын теориялық тұрғыда дәлелдеп кеткендігінің өзі оның ілімінің өміршеңдігін дәледегендей.

Карл Маркстің ең басты еңбегі «Капитал». Адамзат қоғамның болашағы социалистік құрылымда екендігін теориялық тұрғыда дәлелдеу барысында, Маркс негізінен Швейцария сияқты өз заманында дамыған батыс қоғамына қарап болжамдаса керек. Алайда бұл ілім феодализм дәуірінде өмір сүріп жатқан қазақ секілді көшпелі, жартылай отырықшы халықтардың қоғамына мүлде жат еді. Марксизм ілімімен қаруланған солақай саясаткерлер жүргізген науқандарының зардабын ерекше тартқан халықтың бірі болса, ол қазақ болар.

Қалай болғанда да Маркстің адамзат қоғамының сатылары жайында айтқан ойлары ерекше екенін мойындаған жөн. Капиталист қоғамға «жаппай жезөкшелікке құрылған қоғам» деп сипаттама бергендігін білеміз. Оның себебін «барлық мамандық, кәсіп иелері өзінің бойындағы блімін, дарын-қабілетін, күшін сатады» деген пікірмен дәйектейді. Расымен де, қазіргі жаһандану дәуіріндегі жабайы капиталистік қоғамға қарап, Маркстің айтқаны бекер емес екеніне көз жеткіземіз.

«Құлдың құлы болғаннан артық адамды жер қылатындай жиіркенішті нәрсе жоқ», - дейді Маркс. Бұл ойды экономикалық әлеуеті, саяси-әлеуметтік бостандығы төмен елдің вассалы болумен түсіндіруге болатын сияқты.

Карл Маркс ХІХ-ХХ ғасырдағы эстетиикалық таным мен әдебиет теориясына негіз болған көптеген қағидаттарды белгілеп, көркем әдебиетті қоғамдық сананың айрықша бір түрі ретінде алып қарастырған теоретик. Яғни, Маркс адам – өз қоғамының жемісі. Оның материалдық және рухани қабілеттері, сана-сезімі қоғамның дамуымен тығыз байланысты дегенді дәлелдеген. Осы тұрғыдан алғандағы «кеңес қоғамы», «кеңес адамы» деген ұғымдар мен осы түсінікке ие адамдар мен қазіргі буын арасындағы таным алшақтығы, дүниетаным қайшылығы, әдебиетке, әдеби шығармаларға деген аға буын мен жастардың көзқарасындағы айырмашылықтың заңдылық екенін аңғарамыз.

Маркс пен оның пікірлес серігі Энгельстің көркем шығармашылықтағы мамзұн мен пішін туралы айтқан ойлары күні бүгін де маңызын жойған жоқ. Жоғарғы ойдың жалғасындай, бұл екеуі де ешқандай өзгеріссіз дүние емес, қоғам дамуына сай түрленіп, өзгеріп, ілгері дамып отырады деген ой айтады. Әр дәуірдің эстетикалық идеалы мен көркем шығармашылығы келесі тарихи дәуірлерде қабылданбайтынын айтады.

Маркс көркем әдебиеттегі реализмге ерекше мән береді. Бұл оның материалистік дүниетанымынан туындағандығы анық. Маркс пен Энгельс адамзат қоғамын ғылыми түрде кезеңдерге бөлді. Осыған орай әлемдік әдебиет тарихына да өз ілімдері тұрғысында байыптау жасайды. Маркстің «Капиталистік өндіріс рухани өндірістің белгілі салаларына, соның ішінде поэзияға дұшпан» деген ойымен қазіргі күні жұтаң тартқан ұлттық құндылықтарымыздың, әсіресе әдебиеттің халіне қарап келіспеске амал жоқ. Маркс әдеби шығарманың құндылығы – оқырманды бірден өзіне тартып әкететін көңіл-күйлік жылылығы деген ой айтады.

Маркстің әдебиетке, нақтылай айтқанда әдебиетпен шұғылданушыларға қарата айтқан мына бір пікірі де қай қоғамда болсын, ескерерлік қой: «Жазушы, әрине, тірлік жасау және жазу мүмкіндігіне ие болу үшін табыс табуға тиісті, бірақ ешбір жағдай да табыс табу үшін тірлік жасауына және жазуына болмайды». Жаратқанның мыңнан бірге ғана берген шынайы шығармашылық қабілетін әркімнің-ақ бойында бар табиғи қасиеттің қарадүрсін үрдісінен салып, «туынды» жасап жүрген халтурщик ағайындарға қаратып айтылған тұжырым ғой, бұл. Бұдан жеке адамның өзіне де, ұлтқа да еш пайда жоқ. Себебі, Марксше айтқанда: «Әркімнің еркін өсіп-жетілуі баршаның еркін өсіп-жетілуінің шарты болып табылады». Еркін шығармашылық, шынайы өсіп-жетілу болмаған жағдайда қандай ілгерілеушілік болсын.

Карл Маркстің ұлт өміріндегі тілдің орны мен қызметі туралы айтқан ойлары да тұщымды әрі ешқашан өзінің маңызын жоймақ емес. Солардың бірі: «Өзі тұрып жатқан мемлекетінің тілін қонақ, есуас немесе сол елде өз тілінің үстемдігін орнатқан басқыншылар ғана білмеуі мүмкін», - деген сөзі. Мұны тәпсірлеп жатпадық. Қалай болғанда да Карл Маркс – адамзат тарихындағы ұлы ойшылдардың қатарында өз орнын мәңгілікке иеленген тұлға десек, артық айтқандық емес.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар