Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әдебиет жайлы ойлар...

09.05.2018 5058

Әдебиет жайлы ойлар

Әдебиет жайлы ойлар - adebiportal.kz

***

...Алдымда толған мақсат, толған таңдау

Алайын мынасын ба, анасын ба, –

деп арадагер ақын Сұлтанмахмұт толғағандай, кәмелеттік өмірге бет түзеген әрбір жастық, әрбір азаматтың өмір айдынында меже тұтар мақсат-мұраттары, асу биіктері, арман сораптары, өзіндік сүрлеу соқпақтары болады. Біреулер бұл өмірде өз сүрлеу-соқпақтарын жаңылыспай дұрыс табады, кейбіреулер мүлде басқа қиырларға кетіп, өмірбойы өзіне өгей, жат өңірді бос шиырлайды. Біріншілер жұлдызы жанып, өз биіктеріне жетеді, екіншілері не онда емес, не мұнда емес, ілдалдамен өмір өткізеді. Ғұмыры зая кеткендей болады. Мұның өзі өмірдегі орныңды дұрыс таңдамаудан туып жатады. Ежелгі римнің атақты шешені, ұлы ақыны, философ Квинт Флакк Горацийдің мынадай сөздері бар: «Өмірде тігінші, юрист-консультант сияқты әрі тарт бері тарт, ортақолдықты қалайтын мамандықтар болады. Ал ортақол ақынды, адам түгіл ағаш та кешпейді». Әрине, Гораций мұны ақындықты, жалпы поэзиямен өнерді биікке қойып отырғаннан кейін айтқан болар.

Алайда қарап отырсақ қай мамандықты алмасақта оған ортақолды өлшеммен қарауға болмайды. Әр мамандықта өзіне құрметті,сүйіспеншілікті, ықыласты, адалдықты талап етеді. Ондай болмаған жерде сапасыз мамандардың сұрқай легі толастамасы хақ. Мамандардың осындай сұрқай легі қоғамымызда жетіп артылады. Әсіресе білім саласындағы олқылықтар, орайсыздықтар ересен. Сапасыз мамандардың көбейіп кетуі де жасырын емес. Өкінішке қарай, бұл біздің ащы шындығымыз.

***

Қазақстан – полиэтникалық, мультимәдени қоғам. Әр ұлттың өкілдерінің басы қосылған қоғам, ел дегеніміз ғой. Міне осындай монокеңістік емес, поликеңістікте ұлттық мүдде, ұлттық діл, ұлтық рух, ұлттық болмыс-бітімді қаз-қалпында сақтау қиынға соғатыны байқалады. Оған жаһандану үдерісін қосыңыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ұлт мүддесіне қатысты шаралар жасалынбайды емес, жасалынып-ақ жатыр. Бірақ полиэтникалық қоғамда ол шаралардың салмағы аз, елеусіздеу, жартыкеш (эфемерлі, паллиативті).

***

Мен өзім жалпы кітапты көп оқитын, көп жинайтын адамдарға құрметпен қараймын. Біреулер кітапты көп оқыса да, оны жинамайды. Оларды библиоман дейміз. Ал екіншілері кітапты көп оқымаса да оны жинай береді. Оларды библиофил дейміз.

Ал үшінші біреулер осы екі қасиетті де иеленген. Олар әрі библиоман, әрі библиофил. Осындай әрі кітап жинағыш, әрі кітап оқығыш бір жолдасымыз болды. ҚарГУ-дің филология факультетінде бізден бір курс жоғары оқыған Серимов Елеужан деген досымыз осындай жан еді. Ол Теміртау қаласында тұратын. Үйінің бір қабырғасы толған кітап болатын. Әдебиет, тарих, философия, жалпы гуманитарлық ғылымдарға қатысты әдебиеттердің барлығы түгелдей осы Елеужанның жеке кітапханасынан табылатын. Оқымайтыны жоқ, білімдар. Ол кезде студенттер ортасында әдебиет, тарих, философия, поэзия жайындағы әңгімелер көп айтылатын. Әңгіменің арты талас-тартыстарға да ұласатын. Елеужан әсіресе поэзия, түркология төңірегінде алдына жан салғысы келмейді. Бұл тақырыптарда таңға дейін дауласуға бар.

Мен де кітап оқығанды, жинағанды ұнатамын. Сүйікті ісім. Алайда Елеужанмен бәсекелесу мүмкін емес. Қандай да бір жаңа кітап, басылымды сатып алып, Елеужанға мақтанайын десек, ол саспастан бұл кітаптың онда бұрыннан бар екенін, әлдеқашан оқығандығын жайып салады. Амалсыз, дымың құриды. Елеужанда тіпті біздің университеттің оқытушы, профессорларында жоқ кітаптар болды. Мысалға сол кездерде «Восточная литература», «Наука» сияқты Мәскеудегі орталық баспалардан басылып шығатын атақты тарихшы Лев Гумилевтің «Ғұндар» («Гунны»), «Көне түркілер» («Древние тюрки»), Костомаровтың «Русская история» сияқты кітаптары өте қат болатын.

Тіпті мұғалімдердің өзінде болмайтын библиографиялық сирек басылымдар еді. Міне осы кітаптар Елеужанда болатын. Ол бұл кітаптарды оқытушыларға уақытша пайдалануға беретін. Бергенде жай бермей, мұқабасы тозбасын деп газетпен тыстап беретін. Біз өзіміздің талай оқытушы, профессорлардың қолынан Елеужанның осы тыстап берген кітаптарын көретінбіз. Міне, Елеужан деген досымыз осындай еді. Кітапты оқымақ, жинамақ түгілі оны құныдылық деп білдмейтін қазіргі замандастарымызды, әріптестерімізді көргенде амалсыздан баяғы Елеужан досымыз еске түседі.

***

Бұл жолғы әңгімемізді қазақ қыздарының бет бейнесі, пішін тұрпатына арнасақ. Қазақ қыздарының айдай көркі қазақ поэзиясында идеалға айналған. Қол жетпес биікке баланған. Абай аруына көз салайық:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған

Бір жаңа ұқсатамын туған айды

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.

Аузын ашса көрінер кірсіз тісі

Сықылды қолмен тізген іш қайнайды...

Немесе:

Көмірдей оты жанған екі көзің,

Бұраң бел, қырша мұрын, жазық маңдай.

Меруерттей тістеріңді жарқыратып,

Күлгенің нұрын шашып атқан таңдай.

Бұл Сәкенде. Енді Сұлтанмахмұтты тыңдап көрелік:

Ақ сәуле күміс жүзді, құндыз қабақ,

Сән гүлсің иіс шашқан жарып сабақ.

Болғанда көзің−жақұт, етің − торғын,

Қасың−ай, шашың − жібек, мамық тамақ.

Асылы мұндай суреттеулер қазақ поэзиясында жетіп артылады. Ал енді осы қазақ қыздарының бет- әлпеті, түр пішініне сыни тұрғыдан келгенде қазақ ақындарының ішінде Сұлтанмахмұттың тілі шаян, ащы, удай, өткір.

Мысалға:

Сүйдірген сені маған қыли көзің,

Томардай кедір- бұдыр топас сөзің.

Құбыжық қорсылдаған мінездерің,

Арман жоқ пида болсам, саған өзім.

Сымбатты сұлу, тамашам,

Шашыңнан жұлып сабасам!

Сүйдірген сені маған ешкі басың,

Қол жумай обырланып жеген асың.

Қоя ма сүйдірмеске ықтиярға,

Ұйпалақ ит жүніндей желке шашың.

Сымбатты сұлу тамашам

Құсқым келер қарасам.

Немесе:

Қайқы құйрық шұбар қыз, істік мұрын,

Кім білсін, қандай екен ішкі сырын.

Әдепсіз, молда алдында тасыраят,

Біле алмай отыруды әнтек қырын.

Қалай айтқанменде ащы шыққан. Мұндай өлеңдер Мағжанда да бар. Алайда Мағжанның сыны жылылау, өзімсінген, іш тартқан сын. Сүйкімді сын. Мағжанды сөйлетейік:

Шолақ айдар шөп желке,

Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,

Былқ-сылқ етіп жүргенде

Ойламайсың ба үйрек деп?!

Өзім қазақ болған соң,

Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,

Басқа айтпайды, мен айтам:

«Сендей сұлу сирек», - деп.

Мағжандікі жеңіл әзіл, жылы юмор! Сұлу қыз ба, сұлу емес пе Мағжан бәрін жан-тәнімен сүйеді. Қазақтық атаулыға зор сүйіспеншілік, зор құрметі бар Мағжан сөздері шынайы ұлтжандылыққа ұласады!

***

Пушкин қаламына өте сәтті тіркестер, нақыл сөздер, афоризмдер жиі оралған. Солардың бірі: «Друзья мой, прекрасен наш союз» немесе «Мой друг, отчизне посвятим. Души прекрасные порывы». Бұл сөздерден ақынның шабытты сәттері мен бұрқанысты сезімдері көрінеді.

***

... Өкінішті көп өмір, кеткен өтіп

Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік –

деген Абай сөздері еске жиі оралады. Артыңа қарасаң, өткен өмір белестері, өмір соқпақтары сайрап жатыр. Көп нәрседен ұтылғаныңды, көп нәрседен олқы соғып жатқаныңды білгенде ішің қан жылайды...

Уақытты кері айналдырар шығыршық, күш-қайрат бар ма бізде?! Бірақ бәрі далбаса... Уақыт қатал. Уақыт қайырымсыз! Орыстар мұндайда: «О, время, неумолимо!» - деп жатады.

***

Қазақтың ардагер аяулы ақыны, қоғам қайраткері Сәкен Сефуллиннің жұртқа белгілі мынадай өлеңі бар:

Шырқ айналар шіркін тауық

Жемің болса қолыңда

Қайдағысы сені тауып,

Топырлайды жолыңда.

Досыңмын деп ант береді,

Жем іздеген жанама,

Жем таусылса жалт береді,

Сенерлік дос санама...

Осы өлең кімге арналған?! Қай жағдайда шыққан?! Көбіміз біле бермейміз. Өмірдегі жалпы жағдайларға байланысты шығарылған ба? Әлде Сәкен ғұмырының бір үзік сәтіндегі жағдайға қатысты ма? Кезінде бұл туралы сәкентанушы, әдебиеттанушы, лигвист, аудармашы, жазушы, өте білімдар адам Сәйділ Талжанов жақсы жазды. Оқиға былай болған екен.

1923 жылы Сәкен Сейфуллин Қызылжар қаласына келеді. (ол кезде қазіргі Петропавл қаласы Қызылжар аталған) «Совнарком келе жатыр, Совнарком Сәкен Сейфуллин келе жатыр» дегенді естігенде бүкіл Қызылжар халқы теңселеді. Алдынан шықпаған жан қалмады. Пойыз ол уақытта мезгілінде келе бермейді. Иін тірескен халық вокзалда екі күн күзетеді. Әрбір мекеменің, кеңсенің өз тізімі бар, арнаулы адамдары болады, олар алда жүреді. Губерниялық милиция бастығы Шәріпжан Тотаев тәртіпті күзетеді. Осы қарбаласта сол Тотаевтың аяғы сынып та қала жаздайды. Ол Сәкенді шынымен жақсы көрді ме, жоқ совнарком деген атына табынды ма, ол арасы белгісіз.

Арада бір-екі жыл өтеді. 1925 жылы Сәкен совнаркомдағы қызметінен түсіп, Бурабайда демалып, Қызылордаға қайтып бара жатқан жолында Қызылжар қаласындағы Ярулиннің үйінде аялдайды. Бұны естіген баяғы милиция начальнигі Тотаев Есен деген баланы шақырып алып: «Шырағым Есен, сен барып Сәкенді қонаққа шақыршы!» - дейді. Бала оның сөзін екі етпей жүріп кетеді. Бала барып Сәкенге бұйымтайын айтады. Сәкен «барам» деп ештеңе айтпайды. Тек жанындағы Әлімбек деген жігітке: «Былтыр мен келгенде алдымнан шығам деп аяғын қиратқан Шәріпжан, биыл мені шақыртып мына қаршадай баланы жіберіпті. Ендеше, ол былтыр совнаркомды сыйлаған, ал биыл мен совнарком емеспін, бірақ Сәкен екенім өзгерген жоқ. Ендеше, ол ит неге өзгере қалды? Менің ойымша, ол ұлық болсаң шыр айналып алды-артыңды орап жүргізбейтін соқыр тауық», - деді. Содан кейін жоғарыдағы өлеңді шығарып, өлең жазылған қағазды балаға беріп: «Осыны Шәріпжанға апарып бер!» - дейді. Болған біткені осы.

Сәкеннің осы өлеңінің төркіні, негізгі ойы, қазақтың ілгерідегі ардагер ақыны Ақан серінің мына бір өлеңіне ұқсайды.

Дәулетің барда достарың толып жатыр,

Тауық көп, тары-бидай шашқан жерде

Басыңа қиын-қыстау іс келгенін,

Білерсің досың қалмай қашқан жерде.

Тақырып та бір. Бір мәселе, идея да ұқсас. Бірақ мұнда тұрған ештеңе жоқ. Несі бар: «Ырыс – ауыс, сөз – жұғыс», - демей ме?!

***

Шәкәрімнің айтқандарынан: «Әзілде кек жоқ, өсекте шек жоқ. Балаға айтқан сыр байланбаған бұзау».

***

Сәкен Сейфуллин тәкаппар да өр адам ғой. Сәкен мінезі туралы әртүрлі әңгімелер бар. Соның бірі мынадай. 1920 жылы өзінің жек көретін адамы Төлеубай Нұралин Мәскеуге кетіп бара жатқан Сәкенге: «Шалбар әкеп бер», - деп тапсырады. Сонда Сәкен: «Шалбарное место закрыто» - деп Мәскеуден телеграмма соғыпты.

***

Шығыстың классикалық поэзиясы деген ғажап қой! Әлемге аты әйгілі Физули, Шәмси, Сайхали, Қожа Хафиз, Фирдоуси, Низами, Жәми, Науайлардың поэзиясы бір-бір қазына ғой! Осылардың ішінде шығыста аты атала бермейтін Аттар деген ақын болыпты. Ол бір байға жалданған түйеші екен. Күндердің күнінде ол түйе бағып жүргенде, алыстан шахтың сарайын көріп, қызығып, оған арнап қасида (мадақ өлең) шығарыпты. Ол өлеңді шах естіп, дән риза болады да, Аттарды өзінің сарай ақыны етіп алады.

Мұнда келген соң ол шах сарайының ішіндегі сан алуан сұмдық-сұрқияны, шахтың да сұмпайы, сұрқия бейнесін көріп, жаны адал, үлкен талант, дарын иесі Аттар шах сарайының сұмпайы-сұрқиялығын, нағыз бетімен кеткен қулар мен бұзықтар мекені екенін ащы сынап, сықақ өлеңдер шығарады. Өлеңді естіп, ашуланған шах Аттарды қайтадан түйеші етіп жіберіпті. Түйе соңында жүрген Аттар қиялданып, торығып, толғанып әрқилы өлеңдер шығарыпты. Соның біреуінің мазмұны мынадай: «Менің шешемнен туғанда үш жолдасым болды. Соның бірі – «қуаныш», екіншісі «бақыт», үшіншісі «қайғы». Осы төртеуіміз өмірді өрлеп сапарға аттандық, ауылдан шыға бере-ақ «қуаныш» өз бетімен қаңғып кетті, ал «бақыт» деген досым да алыс жолға төзе алмай қалып қойды: дүниеде айнымайтын дос «қайғы» екен, сол ғана үдере тартып, өзімнің қасымда болды, шіркін шын дос деп «қайғыны» айтсаңшы!», - депті.

Осы сөздерде қандай пәлсапа, образдылық жатыр. Жоғарыдағы ақындардың қатарына, санатына кірмеген Аттар ақының да сорлылардың қатарынан емес екен!

***

Стефан Цвейг: «Көбінесе патшалар өздерінің арамза қылықтарына куә болғандарды мейлінше жек көреді, сондықтан жүгенсіз өскен тоғышарлар ақыл бергендерді кешірмейді; өздерінен бір елі болса да, ақылы артық жандарды көре алмайды, сүймейді», - дейді.

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар